Парламенттік республика – мемлекеттік билікті ұйымдастырудағы саяси жүйеде парламент жетекші орынды алатын республикалық билік формасы. Парламенттік республикада атқарушы және сот билігінің органдары парламентпен сайланады немесе бекітіледі. Парламенттің үкіметті бақылау өкілеттілігі бар, парламенттік республиканың айрықша белгісі парламент алдындағы үкіметтің ұжымдық жауапкершілігінің болуы болып табылады. Мұндай республикаларда президент мемлекеттің басшысы, оның биліктері өте аз болады. Парламенттік республикаға Монғолия, Италия жатады.
Президенттік республика. Президенттік институт пен президенттік республиканың даму тарихы 18 ғ. аяғынан АҚШ-тың басқару формасының пайда болуынан басталады. Президенттік республикада билік үшке бөлінеді: заң шығару - парламенттің қолында, атқару билік - президент пен үкіметтің қолында, ал сот билігі – тәуелсіз сот органдарында.
Президенттік басқару формасында мемлекеттік билік органдары маңызды орын алғанымен, басыңқы рольде болмайды (АҚШ, Сирия, Зимбабве, Бразилия, Мексика, Уругвай).
Президенттіктің үш негізгі элементі бар:
– президент мемлекет басшысы да, үкімет басшысы да болып табылады;
– президент халықпен сайланады;
– президент республика бірлігінің тұтастығының символы.
Президенттік республикалардың нұсқалары көп, олардың біріне жартылай президенттік республика (аралас) жатады (мысалы, Франция, Түркия). Аралас республиканың келесі нысандары бар:
– президент мемлекет басшысы, алайда ол үкімет басшысы емес;
– премьер-министр институтының болуы;
– үкімет президент алдында да, парламент алдында да жауапты;
– мемлекет басшысының парламенттің бір палатасын мерзімінен бұрын тарату мүмкіндігі;
– мемлекет басшысы жалпы халықтық сайлау арқылы сайланады.
2. Мемлекеттің әкімшілік-құрылым формасы – мемлекеттің территориялық-саяси ұйымдастырылу тәсілі. Мемлекеттік құрылым – ұлттық мемлекеттік қатынастарды, әкімшілік-территориялық жүйені, олардың ерекшеліктерін бейнелейді. Мемлекеттік құрылымның үш түрлі негізгі формасы бар: унитарлық мемлекет, федеративтік мемлекет (федерация) және конфедерация. Кейде мемлекеттік құрылымның мынадай формаларын бөліп көрсетеді:одақ, достастық, бірлестіктер.