176
Қызыл жебе
– Кел, тамыр, – деді Рысқұл қараңғыда түртінектеп, котелокты
ортаға қойып. Былжыр қара нанды үшке бөліп, алдымен
Бронниковке ұсынды.
– Жоқ, рақмет, – деп Бронников бас тартты.
Рысқұл оның алақанын зорлағандай мытып ашып, нанды
ұстата салды.
– Мә, Тұрар, – деді қараңғыда баласының қолын сипалап
іздеп.
– Мен жемеймін, көке,
әлгінде мырзаның кухнясында
тамақтанғанмын. Аспазшысы жақсы кісі. Өзің жеші, көке.
– Сен сыпайылықты неғыласың. Жұтқан – жұтамас, мә, жеп
ал, қарнын ашады, – деп әкесі жік-жапар болды.
Тұрардың тоқ екені рас еді. Наташа екеуі бір сағаттай отырып,
әліппені ежелеген соң, мырзаның қызы оны ас үйге ертіп барып,
тамақ бергізген. Приходьконың басқа қызметкерлері өсек-аяң,
құқаң-сұқаңмен шаруасы жоқ, тіршілігіне мығым баланы аяп,
жақсы көріп кеткен. Бары болса бөлісіп, жандары қалмайтын.
– Рақмет сендерге, – деді Бронников біртүрлі тебіренгендей,
толқынды үнмен. – Дәм-тұз үшін, қонақжайлылық үшін рақмет.
Әлгі ақымақ та
маған әдейі тамақ бермей, сендер менен асын
қызғансын деп, әдейі сасық саясат істеп отыр. Олардың арам
ойын ойрандағандарың үшін рақмет.
Қараңғыда сипалап, баланы тауып алды. Басын сипалады.
Бронниковтың қимылын байқап, Рысқұл да қолымен баласын
іздеді. Тұрардың басын сипалай беріп,
Бронниковтың қолына
қолы тиді. Бронников көкпаршының еменнің безіндей қатты
қолын қысып-қысып қойды. Мұнысы өз ризалығын, дос пейілін
танытқаны еді.
– Шашы өсіп кетіпті, – деді Рысқұл баласының басын
алақанымен аймалап. – Ұстара жоқ. Ұдайы өзім алып беруші
едім. Енді ұстара жоқ. Түрмеде ұстара ұстатпайды.
Тұрар әкесінің алатынын есіне түсіріп, бойы еріксіз тітіркенді.
Рысқұл Тұрардың шашын сабындап жібітпей-ақ, құрғақтай
қырар еді. Баланың басын жүрелеп отырып
екі тізесінің арасына
қысып алатын. Бала:
– Көке, ауырттың ғой, жібітейінші, – десе:
177
Қызыл жебе
– Шыда! Жігіт те осыны сөз дей ме екен? Баяғыда біз бала
кезімізде шашымызды шалдар қойдың қабырғасымен қыратын.
Соған да шыдаушы едік, – деп қайрайды. Тұрардың көзінен
ытқып-ытқып жас шығады. Бірақ дымын шығармайды. Төзіп
бағады.
–
Әлімбек атасындай батыр ғой, – деп Рысқұл мақтап қояды.
Бала соған мәз.
Әлімбектей болу – баланың ежелгі арманы. Еркелетуге,
мақтауға сараң Рысқұл өзін Әлімбек сынды батыр бабасына
балағанға Тұрардың төбесі көкке жеткендей боп едәуір марқайып
қалды.
Шашының өсіп кеткені де рас еді. Тиын жинап, шөп базардағы
шаштаразға барып алдырайын десе Приходько мырза:
– Алдырма!–деп тыйып тастады. Оның бұл қылығына
Тұрар түсінбеп еді. Ал әкесі қиналып отыр. Баланың
қасарысқан қайратты, киіздей қалың шашын тобылғыдай қатты
саусақтарымен сипалап отыр.
Бронниковты қандала буа түседі. Рысқұл мен Тұрарды да
шағады. Әйткенмен, жаңа келген кісінің қанын таңсық көргендей
талайды. Бронников:
– Тұп-тұтас тас камераның бұл қандала қай жерінен шығады,
– деп таң қалады. Екі қолы тыным таппай үсті-басын қасиды.
– Қансорғыш хайуанды қайдан шығады дерің бар ма, – дейді
Рысқұл Тұрардың аудармасынан кейін. – Әлі үйренесің. Адам
үйренбейтін нәрсе жоқ. Шыда!
Сен өзің Петербордан келсең
ақсүйектің тұқымы шығарсың, қандала көрмеген. Ал мына біз
қандала деген тамырмен жөргегімізден таныспыз.
Бронников күлді.
– Менің кім екенімді айту үшін көп уақыт керек. Үлгірерміз
әлі. Мезгіл мол. Не бітіреміз ақыры. Ал қазір ұйықтайық. Балақай
да таңертең тұрады екен.
Бірақ Бронниковтың көпке дейін көзі ілінбеді. Қандала
үсті-басын ісіндіріп жіберген. Денесі дуылдап, тұлып болып
кеткендей.
Бірақ ұйқы да арсыз, кірпігі айқасып, ұйқы шіркін
оны алыстағы Петербургке әлдилеп алып бара жатады.