189
Қызыл жебе
– Атын ата сол адамның!
– Мен жеткенше кетіп қалыпты.
Құлаққа бастырып кеткен
жерінен өзім суырып алдым ғой ағамды. Түн қараңғысы еді.
Ауруды тастап, арттарынан қуа алмадым. Бір құдай көріп тұр
ғой, сіздің төбеттерден басқа ешкім талаған жоқ Бердіқұлды.
Дауылбай кенет оязға бар денесімен бұрылып, бүгіліңкіреп
тұрып:
– Мырза, бұл бұзықтың сандырағын тыңдап, күнде
тұрып
қалдыңыз-ау. Үйге кірсек қайтеді? – деді.
Ояз ойланды. «Кісі өлімінің дауы болса, оған араласып бас
қатырып жатудың керегі де шамалы. Бұл киргиздардың өздерінің
билер соты бар. Сол шеше жатар...».
Болыс ояздың жауабын күтіп тұрмай, орданың оқалы есігін
бір шетінен түре берді. Ояз Рысқұлға қарап пақырсынып, менен
кінә жоқ, міне, мынау болмай тұрған дегендей пішін танытып,
болысқа қарады. Сөйтті де еңкейіп үйге кіре берді.
– Ояз мырза, мен сізге арыздандым ғой! – деп Рысқұл ентелей
беріп еді, алдын Дауылбай, екі казак-орыс, тілмаш, бұл кезде
ауылға шойнаңдап жаяу жеткен Сақан бәрі кес-кестей қалды.
– Жаның барда жоғал! – деді Дауылбай ысылдап. –
Жақсылықпен кетпесең,
қазір қаматып, басыңды итжеккенде
шіріттіремін. Кімді басынып келдің мұнда? Оязбен тілдескішін
мұның. Немене, ұлық сенің ермегің бе? Арыз айтсаң осы елдің
биі құрып қалып па?!
– Оу, болыс, мен адамым өліп, құзым құлап, тауым жығылып
келіп тұрған жоқпын ба?! Оу, болыстығыңды былай қойғанда,
бір елдің, бір атаның баласы емес пе едік? Сен де Сәлік, сен
өлтірткен Бердіқұл да Сәлік.
Мен қайғырсам, сенін де қайғың
емес пе? Не деп тұрсың!
– Атама Сәліктің атын! – деді болыс шегір көзін ежірейтіп.
–Сен Сәліктің шіріген жұмыртқасы. Сәліктің басқа баласының
бәле-жаласы сендермен бірге кетсін!
Рысқұл тізгінді тартып қалса керек, торы аттың басы кегжең-
кегжең етіп кетті.
– Е, білдім, болыс. Бұл Алсайдың балалары малымды
бақпады, егінімді екпеді,
отыммен кіріп, күліммен шықпады,