Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет93/123
Дата28.07.2023
өлшемі1,34 Mb.
#104870
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   123
Байланысты:
1. Қызыл жебе - I кітап Шерхан Мұртаза (8 сынып)

Қызыл жебе 
еркіме жүрмеді, – деп тұрсың ғой. Сенің дегенің болмаса – ол 
шіріген жұмыртқа екен ғой. Сол үшін де Бердіқұлдың қанын 
төктің, қапыда қалдырдың. Мұныңды екі дүниеде кеше алмаспын, 
Дауылбай! Қанға қан. Кек алмасам, ағамның шейіт кеткен жаны 
ана дүниеде жай таба алмас. Ендігі қалған өмірім сенен кек 
алумен болсын!
– О, найсап... – деп Сақан палуан тұра ұмтылған. Бет-аузы 
топырақ, ыза буған. – Болысқа тіл тигізуін.
Рысқұл оның қолын қағып жіберді. Көз ілеспей торы атқа 
қарғып мінді.
– Е, сорлы малай, – деді енді аттың үстінде тұрып. – Сен 
өлгенде мына болыс басыңа көк тас қояр. Асыранды төбет. 
Әупілдетіп қойғаны-ай сені Дауылбайдың. Өз ұяласын өзі қапқан 
сорлы. Көзің бір ашылмады ғой!
Бұл кезде Ахат бастаған алсайлар келіп жеткен. Болыс олардың 
сәлемін алмады. Сақанға:
– Аласта ауылдан! – деді де ордаға кіріп кетті.
Рысқұл шыдай алмай қайың сойылмен ақ орданың маңдай 
тұсын құлаштап тұрып бір салып қалды. Құба талдан қиылған 
уықтар сықырлап барып сынып түсті.
Іште ояз санап отыр екен:
– Бір ұрғаннан төртеуін сындырды, – деді сүйсінгендей 
болып. – Сірә, ағасының төрт қабырғасы үшін шығар.
Казак-орыстар мылтық көтерді. Аспанға қарай атып-атып 
жіберді. Іштен ояз айқайлады:
– Атпаңдар, оңбағандар!
– Әшейін, қорықсын деп аспанға аттық, – деді солдаттар.
Айтса айтқандай, алсайлар сескеніп, шегіншектей берді. Ат 
үстінде Рысқұл білтелі мылтығын тақымынан суырды. «Әттең, 
ана солдаттың қолындағы мылтық менде болар ма еді», – деп 
армандады. Қапелімде ойында бір сотқар от лап ете қалды. 
Тәуекел деп торыны тебініп те жіберді. Торы сонда шегірткедей 
ыршып түсті. Рысқұл солдаттардың тұсынан жұлдыздай ағып 
өтіп, мылтықтарын жұлып-жұлып алып, жүре берді.
Орданы үрей қалшылдатты. Дауылбай енді шындап қорықты. 
Зәресі зәр түбіне кетті. Съездің алдында дәл мынандай сойқанға 


191
Қызыл жебе
соқтығарын кім білген?! Мылтық атаулы Рысқұлдың тақымында. 
Ояздың жалғыз бесатары бар. Бірақ бір қорықпаған кісі сол 
болды. Ол жақсы ойын көрген адамдай көңілді. Бесатарын қабына 
салып қойды. Ұлықтың бұл сабырлылығы болысқа ұнайды. 
Бірақ көкірегі құрғырдан сайлау кетпейді. Ауылында мәртебелі 
мейман болып жатқанымда бұзықтарына басындырып қойды 
деп ертең Дауылбайды саз балшыққа отырғызбаса қайтсін. Ояз 
болса:
– Әй, көзсіз тентек. Ұнатамын осындайларды. Егер 
киргиздардың бәрі осындай келсе, сіз бен біздің халіміз мүшкіл 
болар еді, управитель мырза, – деп Дауылбайға қарады. – Бірақ 
сіз бен біздің бағымызға, ол жалғыз.
Қайдан жалғыз, мырза, Рысқұл сияқты бұзықтар толып 
жатыр. Ахат деген, Үсіп, Қорған, Махан, Шыныбек, Жуаныш 
деген қызылкөз құдай атқандар бар. Әлгі жауыз алып кеткен 
мылтықтар олардың қолына тисе, біздің ордаға қауіп көп. 
Біріншіден, мырза, мұндай бейбастақтың болғанын кешіріңіз. 
Екіншіден, бізге әскер жіберіңіз. Әлгі басбұзарларды ұстатып, 
ауыздықтамаса, бұл жаман халық.
Ояз қарқылдап күліп, болыстың арқасынан қақты. Ішінен: 
«Империя үшін Дауылбайлар болғаны қандай бақыт! Шен үшін, 
өз қарабасының қамы үшін, қаны бір туысын құрбандыққа шалып 
жібереді. Жоқ, Дауылбайды болыстықтан түсіруге болмайды», – 
деп қойды. 
Ал дауыстап тұрып айтқаны:
– Сіз өте сақсыз, Дауэльбай Тайтелиевич. Ол дұрыс. Сақ 
болу керек. Ал дәл қазір Шымкенттен әскер шақырып, әбігер 
болатындай ойран оқиға жоқ. Әскер шақырып, соғыс жүргізіпті 
деген дақбырты қандай жаман. Сайлау алдында ондай дабыра 
сізге тиімді емес. Дауэльбай Тайтелиевич. Сіздің өз жігіттеріңіз-
ақ тындыратын шаруа. Келісіңіздер, келісіңіздер, туысқансыздар. 
Әлбетте, әлгі батыр киргиздың әрекетін ақ патшаға, оның 
жергілікті әкімдеріне қарсы қимыл деп танып, жаза қолдануға 
әбден болады...


192


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет