Май ұлпасы арасында борпылдақ жалғаушы ұлпасымен бөлінген май жасушаларынан тұрады. Ағзада май ұлпасының жалпы мөлшері 0,6–40% аралығында ауытқиды (ең көп мөлшері шошқа етінде). Ірі қара малда май ұлпасы негізінен тері астында, қарын аймағында және бұлшықтар арасында жинақталады. Шошқалардың тері асты майы шпик деп аталады. Қарын аймағындағы май ішкі май шикізаты деп аталады, ол өз ішінде орналасуына қарай сальник (асқазан үстіндегі май ұлпасы), бүйрек айналасындағы және ішек түйіндерінің арасындағы болып бөлінеді.
Шеміршек ұлпасы – домалақ пішінді жасушалардан және өте жақсы дамыған жасушааралық заттан тұрады. жасушаралық заттың қасиетіне қарай шеміршек ұлпасының үш түрі бар: гиалинді, эластикалық және талшықты. Гиалинді шеміршек қатты болады, біртекті ақ немесе көк жасушааралық заттан тұрады, оның құрамында мал есейген сайын кальций тұздары жиналады. Бұл шеміршек барлық сүйек буындарының бетін жабады, одан қабырға шеміршектері және трахея шеміршектері құралған.
Эластикалық шеміршек ұлпасы сары түсті. Құрамында хондринді талшықтармен қатар эластикалық талшықтар бар. Одан құлақ жарғағы және көмей үстіндегі шеміршек құрылады.
Талшықты шеміршек гиалинді шеміршекке қарағанда құрамында аморфты заттар мен коллагенді талшықтар азырақ. Талшықты шеміршек омыртқа арасында дөңгелек желбезектерде, сіңірлер мен сүйектердің жалғасқан жерінде болады.
Сүйек ұлпасы көп өскіндері бар жасушалар мен фосфор қышқылды және көмірқышқылды кальций мен басқа минералды тұздармен сіңген сүйек коллагенінен тұрады. Бұл ең берік ұлпа және одан малдың қаңқасы құрылған. Сүйек құрылымы мен пішіні бойынша түтікшелі (сирақтардың сүйегі), жазық (бас, жауырын, қабырға сүйектері) және қысқа (омыртқа) болып бөлінеді. Сонымен қатар сүйек құрамына май (24% дейін) және экстрактивті заттар кіреді, ол сорпаға жағымды иіс пен дәм береді.
Сүйектердің мөлшері малдың түрі, күйлілігі және басқа факторларға байланысты. Ірі қара малда ол орта есеппен 18–20%, қой ұшасында – 15–22%, шошқа ұшасында – 8–15%.
Сойылған мал сүйегін сорпа жасауда, сонымен қатар сүйек майы, желім, ұн желатин өндірісінде қолданады.
Қан қан элементтері мен сұйық қан плазмасынан тұрады.
Қанның элементтері эритроциттер (қызыл денелер), лейкоциттер (ақ қан түйіршіктері) және тромбоциттер (қан пластинкалары) болып бөлінеді. Эритроциттер оттегіні тасымалдаушы болып табылады. Оның құрамына гемоглобин кіреді де, қанға түс береді. Лейкоциттер әртүрлі функцияларды атқарады, ең маңыздысы – микробтарды өлтіру және бактериалды уды залалсыздандыру. Тромбоциттер қанның ұюына қатысады.
Қан плазмасы – сарғыш түсті сұйықтық, қан сарысуы мен онда еріген фибриоген ақуызынан тұрады. Қан плазмасының құрамына ақуыз (16–19%), су (79–82%), ақуыз емес органикалық заттар, минералды қосылыстар, ферменттер, гормондар, дәрумендер кіреді.
Сойылған мал қаны тағамдық, емдік және техникалық өнімдерді өндіруде құнды шикізат ретінде қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |