Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов



жүктеу 4.57 Mb.

бет18/32
Дата22.12.2016
өлшемі4.57 Mb.
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   32

МӘДеНи МұРА – ұЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТіРегі

Адам  баласы  ес  біліп,  қауым  құрып,  саналы  ғұмыр  кеше 

бастағаннан бері тек күнкөріс үшін ғана қорек іздеп, тамақ табу-

мен шектелмеген. ол өзінің жұпыны тіршілігін рухани жағынан 

да көріктендіру мақсатын көздеген, сөйтіп өз түсінік-пайымына 

сәйкес өнер, әдебиет жасаған, алуан түрлі ғұрыптар мен наным-

сенімдер туғызып, тұрмыста қолданған. Ежелгі замандағы тасқа 

салынған суреттер мен қашалып жазылған мәтіндер, қилы-қилы 

мифтер  мен  әпсаналар,  қыш  пен  қолжазба  түріндегі  кітаптар, 

т.б. – бұлардың бәрі адамзат тарихының әр дәуірлеріндегі руха-

ният екені белгілі. Өмірде қандай өзгерістер, небір төңкерістер, 

қырғын соғыстар, сұрапыл апаттар болса да мұндай жәдігерліктер 

үшті-күйлі жоғалып кеткен емес. оларды бірінен кейін бірі ауы-

сып отырған ұрпақ та, қоғам да, мемлекет те жинап-теріп, зерде-

леп, өз қажетіне жаратып отырған. осындай істерді біздің арғы 

бабаларымыз да, түркілер заманындағы, одан кейінгі аталарымыз 

да назардан тыс қалдырмай, шама-шарқынша атқара білген.

Қазақ  халқы  өзінің  ұзақ  тарихында  небір  қиын-

қыстау  кезеңдерді  басынан  кешірді,  бірақ  ол  өзінің  ұлттық 

құндылықтарын жоғалтқан жоқ. Шексіз де шетсіз сайын далада, 

ашық  табиғат  аясында  ғұмыр  кешкен  бабаларымыз  қоршаған 

ортасына  үйлесімді  материалдық  әрі  рухани  мәдениет  жасаған, 

көшпелілікпен бірге шаһарлар тұрғызып, қалалық та өмір салтын 

орнықтырған,  неше  түрлі  қауым  ұйымдастырып,  мемлекеттер 

құрған.  осының  бәрі  бүгінде  тарих  көмбесінде  жатыр,  біразы 

ашық  мұра  түрінде,  біразы  жер  астында  жатқан  жұмбақ  болып 

бізге жетіп отыр. «Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?» 

–  деп,  Мұқағали  орынды  сұрақ  қойып  еді  кезінде.  Енді,  міне, 

тәуелсіздіктің  арқасында  сол  сансыз  мұрамызды  анықтауға, 

реттеуге,  зерттеуге  мүмкіндік  туып,  Президентіміз  нұрсұлтан 

назарбаев  өзінің  2003  жылғы  Қазақстан  халқына  Жолдауында 

«Мәдени мұра» атты Мемлекеттік бағдарлама жасап, іске асыру-

ды тапсырған еді. Бағдарламаның алдына мынадай нақты мақсат 

пен міндеттерді жүктеген болатын.

«Біріншіден,  халықтың  мол  мәдени  мұрасын,  соның  ішінде 

осы  заманғы  ұлттық  мәдениетін,  фольклорын,  дәстүрлері  мен 

салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау.

Екіншіден,  ұлттық  тарих  үшін  ерекше  маңызы  бар  елеулі 



305

мәдени-тарихи  және  сәулет  ескерткіштерін  қалпына  келтіруді 

қамтамасыз ету.

Үшіншіден,  ұлттық  әдебиет  пен  жазудың  санғасырлық 

тәжірибесін  қорыту  және  кеңейтілген  көркем,  ғылыми, 

өмірбаяндық дестелер жасау.

төртіншіден, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәде-

ниет  пен  әдебиеттің  үздік  жетістіктері  негізінде  гуманитарлық 

білім берудің толымды қорын жасау». («Егемен Қазақстан» газеті, 

2003, 5 сәуір).

Мемлекет  басшысының  өзі  мәдени  мұраға  мұншалықты 

көңіл  бөліп,  оған  қамқорлық  көрсетуі  –  арғы-бергі  тарихта  бо-

лып көрмеген оқиға. осының өзі мәдени мұраның мемлекетіміз 

бен халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.

«Мәдени  мұра»  бағдарламасы  не  үшін  керек  болды?  оның 

себептері  көп  еді.  Жалпы  тарихқа  көз  салсақ,  отарлықтан 

құтылған елдердің көбісі өз мемлекетін құру барысында алғашқы 

20-25  жылында  халықты  құлдық  санадан  құтқаруға  күш  сала-

ды екен де ол үшін тарихқа, мәдени мұраға айрықша мән береді 

екен.  отарлықтың  кесірін  біз  де  аз  көргеміз  жоқ.  «Сендер 

көшпелі  елсіңдер,  ешқандай  мәдениет  жасаған  жоқсыңдар,  өз 

әдебиеттерің  мен  жазуларың  болған  емес,  адамзат  өркениетіне 

ешқандай үлес қосқан жоқсыңдар. Жазуды-сызуды біз үйреттік, 

бізге дейін сендерде тарих та, өнер де болған емес, бәрі Ресейдің, 

Кеңес  Өкіметінің  арқасы»  деген  сияқты  қағидалар  –  ресми 

мемлекеттік  саясат  болды  да  орасан  идеологиялық  үгіт-насихат 

жүргізіліп,  адамдардың  санасына  ықпал  етілді,  олардың  ойы, 

пікірі қатаң қадағалау астында болды. Мұның бәрі өз «жемісін» 

берді  де.  Халқымыздың  біраз  бөлігі  сол  үгіт-насихатқа  иланды, 

ұлтсыздануға  бой  алдырды.  Міне,  осының  бәрін  бұзып,  нақты 

дәлелдермен  жоққа  шығару,  сөйтіп  тарихи  әділеттілікті  орнату 

қажет болды. Бірақ бұл – бірер жылда ғана орындала қоятын іс 

емес еді, сол себепті жүйелі бағдарлама жасалып, оны орындауда 

асығыстыққа жол берілген жоқ, бұл іс 2020 жылға дейін жүргізіле 

бермек.

Мәдени  мұраның  маңызы  тек  тарихи  әділеттілікті  орнату-



мен шектелмейді. Сонымен қатар мәдени мұра халықтың тарихи 

жадын  қалпына  келтіру,  халықтың  бұрынғы  замандарда  қандай 

мәдениеті,  әдебиеті  болғанын,  қандай  құндылықтарды  ұстанып, 

әспеттегенін көрсету, сөйтіп халық санасына өзінің өткені үшін 



306

ұялып-қысылатын емес, мақтана алатын сезім мен сенім ұялатып, 

сіңіру  тәрізді  аса  мәнді  істерді  атқарады.  Ал,  егер  анықталған, 

жинақталған  мұраны  ғылыми  түрде  зерделеп,  ғылымның 

қорытындыларын білім-ғылым жүйесіне, күнделікті өтіп жататын 

әртүрлі  мәдени  іс-шараларға  енгізе  білсек,  одан  қоғамға,  оның 

жаңғырып, өсіп-өркендеуіне орасан көмек болары сөзсіз.

«Мәдени  мұра»  бағдарламасын  жүзеге  асыру  әр  бағытта 

жүріп, мұраның бірнеше түрін қамтып жатқанын айрықша атау 

қажет. тарих, археология, этнография, тіл, әдебиет, өнер, фило-

софия,  экономика,  деректану,  педагогика,  психология,  саясат-

тану,  аударма,  шығыстану  сияқты  салаларда  қыруар  жұмыстар 

атқарылып,  еліміз  үшін  маңызды  мыңдаған  құжаттар  мен 

жәдігерліктер, деректер мен мәтіндер алыс-жақын шетелдерден 

жиналып,  жарияланып  жатқаны  баршаға  аян.  ортағасырлық 

бірнеше қала ашылып, сәулет ескерткіштері қалпына келтірілді, 

Әзірет Сұлтан кесенесі мен таңбалы тас кешені ЮнЕСКо-ның 

тізіміне кірді, «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы ЮнЕСКо-

ның  2008  жылғы  күнтізбесіне  енді,  әлем  көркем  әдебиетінің 

үздік  шығармалары,  ондаған  ғылыми  еңбектер  қазақ  тіліне  ау-

дарылды, т.т. Мәселен, археологтар Қазақстан жерінде бірнеше 

ортағасырлық қалаларды ашты: Жетісудағы Қойлық, Арқадағы – 

Бозоқ қалалары Х–ХІІІ жататыны анықталды. Сондай-ақ архео-

логтар тағы да 2 алтын адамды тапты. Бірі – Шығыс Қазақстанда, 

екіншісі  –  Батыс  Қазақстанда.  Сарматтар  мен  сақтардың  өкілі 

болып  табылатын  олар  біздің  жыл  санауымыздан  бұрынғы  1-ші 

мыңжылдықта ғұмыр кешкен деп есептеледі.

Археографиялық  экспедицияларда  да  өте  құнды  дүниелер 

табылып  жатыр.  Атап  айтқанда,  біздің  шығыстанушы  ғалымда-

рымыз Еуропаға, Ресейге, түркияға, Қытайға, Моңғолияға, Қыр-

ғызстанға сапар шегіп, олардың архивтерінен қазақ тарихы мен 

мәдениетіне  қатысты  көптеген  жазба  ескерткіштерді  анықтап, 

біразының көшірмесін елге алып келді. Айталық, Ыстамбулдағы 

мұражайлар мен кітапханаларда Шыңғыс хан мен баласы Жошы 

ханның суреттері бар Алтын орда дәуірінің жәдігерлері табылды. 

Моңғолияның  тарихи  мұрағатында  манжур,  моңғол  тілдерінде 

жазылған  ХVІІІ–ХІХ  ғғ.  Қазақ  хандығына  қатысты  қажетті 

құжаттардың  көшірмелері  алынды.  Ал,  Қытайда  300-ден  астам 

шағатай,  қытай  тілдерінде  жазылған  көптеген  құжат  табылған 

және  ойрат,  моңғол  тілдерінде  жазылған  біраз  құжат  зерттелді. 



307

Соның нәтижесінде Абылай ханның, Әбілмәмбет ханның, Сәнияз 

төренің, Әділ сұлтанның, т.б. Цинь империясының басшыларына 

жазған 115 хаты табылды.

осылай табылып жатқан тарихи маңызды құжаттар мәдени 

мұра  ретінде  том-том  болып  жарыққа  шығып  жатыр.  Кейбірін 

атап  кетейін:  «Қазақстан  тарихы  туралы  түркі  деректемелері», 

«Қазақстан  тарихы  туралы  моңғол  деректемелері»,  «Қазақстан 

тарихы  туралы  қытай  деректемелері»,  «История  Казахстана  в 

русских источниках», т.б.

орындалған  және  атқарылып  жатқан  істерді  түгел  санама-

лап шығу мүмкін емес, сондықтан халқымыздың төл, өзі жасаған 

мұрасы  –  фольклор  мен  әдебиет,  өнер  салалары  бойынша 

жүзеге  асқан  және  істелетін  еңбектерге  тоқталған  жөн  секілді. 

осы  салаларға  Президент  ерекше  мән  беріп,  «Халықтың  осы 

заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын және ұлттық әдбиеттің 

санғасырлық  тәжірибесін  қорыту»  қажет  екенін  айтқан  бола-

тын.  Бұл  дегеніңіз  –  қазақ  халқының  рухани  байлығын,  оның 

түрлерін барынша толық күйінде өзімізге ғана емес, әлемге, басқа 

жұрттарға таныту керек деген сөз еді. демек, ұлтымыздың фоль-

клорын,  әдебиетін,  өнерін  жариялап  қана  қоймай,  оларды  жан-

жақты  зерделеу,  зерттеу  міндеті  алға  қойылған  болатын.  осы 

арқылы  өзіміздің  кім  екендігімізді  білуге,  біздің  рухымыздың 

қайнар көзі қандай екенін тануға, сөйтіп бүгінгі мәдениетіміздің 

төркінін айқындауға тиіс болдық. Ал, мұның бәрі түптеп келгенде 

отарлық санадан құтылуға қызмет ететіні белгілі болатын.

Кеңес  өкіметі  тұсында  «қазақ  халқының  жазуы,  әдебиеті 

болмаған,  тек  октябрь  революциясынан  кейін  туып,  дамыған, 

сол себепті қазақ әдебиеті «младописьменная литература» – деп 

бағаланып келгені баршаға аян. «Жоқ, олай емес, бізде ежелден 

әдебиет, мәдениет болған» – деп, қазақ фольклорын, әдебиет та-

рихын, өнерін зерттеген оқымыстылар қуғын-сүргінге ұшырағаны 

да елге мәлім. осындай жағдайдан кейін «младописьменная лите-

ратура» деген анықтамаға намыстанып жүрсек те, іштен тынып, 

«жуасыған» күй кешкеніміз де жасырын емес. Құдай жарылқап, 

ата-бабаларымыздың,  бәріміздің  тілегіміз  қабыл  болып,  аңсаған 

тәуелсіздікке  қол  жетті.  Енді  бұрын  тұмшаланып  келген,  айта 

алмай  жүрген  ойларымыз  бен  проблемаларымызды  қолға  алып, 

іске  асыру  мүмкіндігі  туды.  Ә-дегенннен  Елбасы  бастап,  бүкіл 

зиялы қауым қостап, Алаш ардақтыларын ақтау, тарихымыздағы 



308

ақтаңдақтарды  жою,  ұлттық  құндылықтарымызды  зерттеу 

жұмыстарына  аянбай  кіріскенімізді  жұртшылық  біледі.  Еліміз 

үшін  аса  маңызды  бұл  шаруаларды  тындыруда  М.о.  Әуезов 

атындағы Әдебиет және өнер институты қыруар жұмыс атқарды. 

Шәкәрім  Құдайбердиевтің,  Ахмет  Байтұрсыновтың,  Мағжан 

Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып дулатовтың, 

т.б.  арыстарымыздың  Қазақстанда  жоғалып-жойылып  кеткен 

шығармаларын  Москва,  ленинград,  Қазан,  ташкент,  орын-

бор  мұрағаттарынан,  жекелеген  адамдардан  іздестіріп,  жинап, 

жүйелеп,  жариялау,  содан  соң  ғылыми  талдап-зерттеу  істері  – 

тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ойдағыдай орындалды.

Бұдан кейін кезек күттірмейтін нәрсе – қазақ әдебиеті мен 

өнерінің  тарихын  жазу  еді.  Біріншіден,  бізді  қорлайтын  «мла-

дописьменный»  деген  тұжырымға  тойтарыс  беру  қажет  бол-

ды.  Екіншіден,  біздің  көне  мәдениетіміз  болғанын  көрсетіп, 

халқымыздың  еңсесін  көтеру  және  жас  ұрпаққа  өз  ұлты  үшін 

мақтаныш  сезімін  ұялату,  сөйтіп  отансүйгіштік,  патриоттық 

тәрбие  ісіне  нақты  үлес  қосу  екені  актуалды  еді.  Үшіншіден, 

әдебиетіміз  бен  өнеріміздің  тарихын  тәуелсіздік  тұрғысынан 

жазып, ақтаңдақты толтырып, бұрын кеткен қателіктерді түзеп, 

болған  үрдістерді  сипаттап,  шынайы  баяндау  қажеттігі  туды. 

төртіншіден,  ХХІ  ғасырға  дейінгі  әдебиет  пен  өнердің  жеткен 

жетістіктерін  қорытып,  кемшіліктерін  анықтап,  жаңа  дәуірдегі 

әдебиет пен өнерді зерттеуге жол ашу керек болды. Бесіншіден, 

әлемді  қамтыған  жаһандану  үрдісінде  қазақтың  өзіндік 

мәдениетін, салт-дәстүрін жоғалтып алу қаупі туды. оған қарсы 

тұрудың  ең  басты  құралы  –  ұлттық  мұрамызды  насихаттап, 

бүгінгі  заман  талабына  сай  етіп  пайдалану  болды.  Президенттің 

тапсырмасынан  туындаған  осы  міндеттерді  орындау  үшін  

М.о.  Әуезов  атындағы  Әдебиет  және  өнер  институтының 

ғалымдары  мен  университеттердің  профессорлары  10  томнан 

тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихын», 3 томнан тұратын «Қазақ 

өнерінің  тарихын»  жазып  бітіріп,  2008  жылы  бәрін  жарыққа 

шығарды.

осы орайда ерекше мән беріп айтатын нәрсе – біріншіден, 

тМд аумағында ұлттық әдебиеттің тарихын 10 том көлемінде жа-

зып жариялау – бізде ғана жүзеге асып отыр. Өнер тарихын да 3 

том етіп біз бірінші шығардық. Екіншіден, әдебиеттің де, өнердің 

де  тарихы  жаңаша  жүйеленіп,  гуманитарлық  ғылымдағы  соны 



309

нәтижелердің негізінде жазылды. нақтылап айтар болсақ, қазақ 

әдебиетінің тарихы осыдан 40-45 жыл бұрын (1960–1964) 3 том 

болып жарыққа шыққан-ды. Әлбетте, ол тарих Кеңес өкіметі мен 

Компартияның саясаты мен идеологиясына сәйкес жазылған бо-

латын. Және әдебиет тарихын ХVІІІ ғасырдан ғана бастаған еді. 

Ал, біз шығарған 10 томдық Әдебиет тарихы қазақ сөз өнерінің 

фольклорлық кезеңін қоса есептегенде 4-5 мың жылды қамтиды, 

соның  ішінде  таза  жазба  әдебиет  тарихы  2-2,5  мың  жылды 

құрайды.  он  томның  1-шісі  қазақ  фольклорының  тарихына 

арналған. осы уақытқа дейін фольклор тарихи тұрғыдан зерттел-

ген емес-ті. Бұл томда тұңғыш рет ұлттық фолькорымыздың ұзақ 

даму жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, ежелгі замандағы 

фольклордың  сипаты,  орта  ғасырларда  фолькордың  көркем  ру-

ханиятқа айналғаны және жаңа дәуірде фольклор жанрларының 

өзгеріп,  соны  формалардың  пайда  болғаны  зерттелген.  Соның 

нәтижесінде  фольклордың  көне  түрлері  есте  жоқ  ескі  заманда 

туып,  алғашқы  синкреттіліктен  арылғаны,  көп  ғасырлар  бойы 

дамудың  арқасында  қарапайымдылықтан  көркемдікке  жеткені, 

сөйтіп қазіргі көп жанрлы кәсіби әдебиетімізге, өнерімізге негіз 

болғаны дәлелденген.

«Қазақ әдебиеті тарихының» 2-ші томында ежелгі дәуір мен 

орта  ғасырдағы  көркем  шығармалар  талданады.  олар  тұңғыш 

рет үлкен екі дәуірге бөлініп, «түркі дәуіріне дейінгі әдеби жәді-

герлер»  және  «түркі  дәуіріндегі  әдебиет»  деп  қарастырылды. 

Бірінші  дәуірдің  туындылары  ретінде  сақтардың  «Алып  Ер 

тоңға»,  «Шу»  атты  қаһармандық  дастандары,  сондай-ақ 

ғұндардың  «Аттилла»,  «Көк  бөрі»,  «Ергенекон»  деген  батырлық 

жырлары  зерттелді.  Екінші  дәуірдегі  әдебиет  қатарында  түркі 

қағанаты тұсындағы «Күлтегін» мен «тоныкөк» жырлары, оғыз-

қыпшақ заманында туған «оғыз-нама», «Қорқыт ата» кітаптары, 

Қарахандықтар  тұсында  жазылған  Баласағұнның,  Қашқаридің, 

Иассауидің, Бақырғанидың, Йугінекидің шығармалары талданды. 

Сондай-ақ  Әл-Фарабидің  мұрасы  мен  «Хуастуанифт»  жәдігері 

әдебиет тұрғысынан бағаланды.

Келесі,  3-ші  том  Алтын  орда  дәуірі  мен  Қазақ  хандығы 

тұсындағы әдебиетке арналған. Мұнда ХІІІ–ХV ғасырларда өмір 

сүрген  Хорезми,  Құтб,  Сайф  Сараи,  дүрбек,  Құл  Ғали  туынды-

лары,  сондай-ақ  ХVІ  ғасырда  жазылған  Әбілғазы  Баһадүрдің, 

Қадырғали  Жалайырдың,  Бабырдың,  дулатидің  тарихи-



310

шежірелік шығармалары қарастырылды. Қазақ хандығы кезіндегі 

атақты Сыпыра, Асан, Қазтуған, доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, 

Марғасқа,  Бұқар,  Ақтамберді,  Үмбетей,  тәтіқара  жыраулардың 

толғаулары  талданды.  Бұл  томда  тұңғыш  рет  би-шешендердің 

шығармашылығы  әдебиет  тарихы  тұрғысынан  зерделенді.  Атап 

айтар болсақ, төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Сырым 

шешен, Ақтайлақ би, Бөлтірік шешен.

он  томдық  әдебиет  тарихының  4-5-ші  томдарында  ХІХ 

ғасырда жасаған ақын-жазушылардың шығармашылығына талдау 

жасалып,  сол  кездегі  рухани,  әдеби  үрдістерге,  қоғамдық-саяси 

жағдайларға  сипаттама  берілді.  Көркем  әдебиет  пен  қоғамдық-

әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы тұңғыш рет ғылыми де-

ректемелермен негізделіп, тарихи шындық тұрғысынан саралан-

ды.  Махамбет,  Ыбырай,  Абай  сияқты  классиктермен  қатар  осы 

уақытқа дейін әдебиет тарихында өз орнын ала алмай келген Шал 

Құлекеұлы,  Көтеш  Райымбекұлы,  дулат  Бабатайұлы,  Шортан-

бай Қанайұлы, Ақмолла Мұхамедияұлы, Шаңгерей Бөкеев, Шәді 

Жәңгірұлы сынды көрнекті қаламгерлердің шығармашылығы ар-

найы қарастырылды.

Қомақты-қомақты  он  томнан  тұратын  «Қазақ  әдебиетінің 

тарихының» бақандай төрт томы ХХ ғасыр әдебиетіне арналды, 

яғни 6, 7, 8, 9 томдарда ұлттық әдебиеттің бір ғасырда өткен жолы, 

сол  кездегі  қоғамдық-саяси,  идеологиялық-мәдени  үдерістер 

зерделеніп,  аса  көрнекті  ақын-жазушылардың  туындылары 

талданып,  зерттелді.  нақтылап  айтар  болсақ,  6-томда  ХХ  ғасыр 

басындағы,  социалистік  реализм  орныққанға  дейінгі  әдебиетке 

орын берілді. Мұнда сол кезеңдегі әдебиеттің даму ерекшеліктері 

сарапталып,  әсіресе  Алаш  қайраткерлері  қалыптастырған  жаңа 

әдебиеттің  сол  шақтағы  жай-күйі  және  өркендеу  жолы,  ұласу 

заңдылықтары  жан-жақты  баяндалды.  Ұлттық  әдебиеттің  ұлы 

тұлғалары Әлихан Бөкейхановтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, 

Ахмет 

Байтұрсынұлының, 



Міржақып 

дулатұлының 

шығармашылығы  арнайы  талданды.  Бұлармен  бірге  тәуелсіздік 

алғанға дейін әдебиет тарихындағы орны жете сараланбай келген 

Мәшһүр-Жүсіп  Көпейұлы,  Ғұмар  Қараш,  Бернияз  Күлеев,  нар-

манбет орманбетұлы сынды көрнекті ақындарымыздың мұрасы 

да зерттеу нысанасы болды.

Әдебиетіміздің  Кеңес  өкіметі  кезіндегі  даму  жолдары  7-ші 

(1917–1940),  8-ші  (1941–1955),  9-шы  (1956–1990)  томдар-


311

да  қарастырылды.  осы  үш  томның  алғашқысы,  7-том  өткен 

ғасырдағы  әдебиетіміздің  ең  күрделі  кезеңін  қамтиды.  Бұл 

тұстағы  ымырасыз  саяси-идеологиялық  күрес  әдебиет  қайрат-

керлерін  екі  қарама-қарсы  топқа  бөліп,  көркем  сөздің  даму-

ын  екі  жолға  түсірді  де  ақыр  аяғында  социалистік  реализм 

әдісінің  орнығуына  әкелді.  оның  қарсыластары  қуғындалды, 

репрессияға  ұшырады,  түрмеге  жабылды,  атылды.  Міне,  осын-

дай  жағдайда  әдебиетте  ұлт  мәселесін  бірінші  орынға  қойған 

Ж.  Аймауытов  пен  М.  Жұмабаев  шығармашылығы  алғаш  рет 

әдебиет  тарихы  тұрғысынан  зерделеніп,  өзінің  әділетті  бағасын 

алды, олардың әдебиетімізді дамытудағы рөлі айқындалды. Жал-

пы, бұл томда аса көрнекті 8 қаламгерге арнайы тараулар берілді 

(Жүсіпбек  Аймауытов,  Мағжан  Жұмабаев,  Сәкен  Сейфуллин, 

Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жамбыл Жабаев, нұрпейіс 

Байғанин, Иса Байзақов). 8-ші томда 1941–1955 жылдары әдебиет 

дамуының  жолдары  қарастырылды.  Бұл  кезеңдегі  әдеби  про-

цесте  жетекші  рөл  атқарған  ақын-жазушылардың  (М.  Әуезов,  

С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, т. Жароков, Ә. тәжібаев, 

Ғ.  орманов,  Қ.  Аманжолов,  Қ.  Бекхожин)  шығармашылығына 

баға  берілді.  Сол  шақтағы  әдеби  ағымдар  мен  үдерістер, 

кейбір  туындылар  жаңаша  бағамдалды,  партиялық  саясат  пен 

идеологияның зиянды болғаны әшкереленіп, сынға алынды. 1956 

жылы жеке адамға табынушылық зардабы ашылып, мемлекетте 

«жылымық» кезеңі басталды. Міне, осы кезеңнен тәуелсіздікке 

дейінгі әдебиетіміздің жай-күйі 9-томда кең көлемде баяндалады. 

Шынын айту керек, цензура мен таптық идеологияның қыспағы 

мықты  болғанмен,  бұл  жылдар  –  әдебиетіміздің  өркендеген 

дәуірі болды. Жазушыларымыз бен драматургтеріміз партияның 

талабы  бойынша  Кеңестік  өмірді,  оның  күнгейлі  жағын  бей-

нелеуге  мәжбүр  болса  да,  әдебиеттің  бұл  шақтағы  ең  басты 

бағыты  –  тарихи  тақырып  болды,  қаламгерлер  ел  тарихынынң 

ертеректегі,  орта  ғасырдағы,  бертінгі  ХІХ  ғасырдағы  жағдайын, 

халықтың  басына  түскен  қасіретті  оқиғаларын,  ұлт-азаттық 

күресін  ұйымдастырып,  басқарған  ұлы  қайраткерлеріміздің 

тағдырын,  ерен  іс-қимылын  барынша  көркем  суреттей  білді, 

сөйтіп қазақ халқының ұлттық сезімін оятып, намысын қайрап, ел 

санасына тарихи жадын қайтаруға мол еңбек сіңірді. Бұл тұрғыда 

қоғам  назарына  айрықша  ілінген  Ілияс  Есенберлиннің,  тахауи 

Ахтановтың,  Әбдіжәміл  нүрпейісовтің,  Әбіш  Кекілбаевтың, 



312

Мұхтар  Мағауиннің,  т.б.  авторлардың  тарихи  шығармаларына 

терең талдау жасалғанын айту керек.

«Қазақ әдебиеті тарихының» ең соңғы 10-томы тәуелсіздіктің 

алғашқы  он  жылында  (1991–2001)  жазылып,  жарияланған  аса 

мәнді,  көркем  шығармаларды  талдауға  арналған.  Басқа  томдар-

дан  бұл  кітаптың  айырмашылығы  бар.  Біріншіден,  құрылымы 

өзгеше,  яғни  мұнда  жекелеген  жазушылардың  шығармашылық 

өмір жолы мен негізгі туындылары туралы арнайы тараулар жоқ. 

Есесіне  томда  он  жылдағы  әр  жанрдың  даму  барысын,  негізгі 

ағымдар  мен  бағыттарын  анықтау  мақсат  етілді.  Екіншіден, 

небәрі он жыл ішінде жаңа әдебиет толық қалыптаса қойған жоқ, 

яғни  оның  өзіндік  эстетикалық,  идеялық,  тақырыптық,  стильдік 

жаңалықтары әлі толық айқындалған жоқ, жаңа көркемдік жүйе 

де  туып,  орнығуға  үлгере  алмады.  Үшіншіден,  қаламгерлеріміз 

нарықтық  өмірдің  тереңіне  сүңгіп,  оның  ішкі  бұралаңдарын, 

адамдардың жаңа психологиясын ашуға әлі бара қойған жоқ еді. 

осы  себептерге  байланысты  10-том  әдебиеттің  барлық  дерлік 

жанрының  1991–2001  жылдар  аралығындағы  жай-күйін,  жеке-

леген  авторлардың  шығармаларын  талдау  арқылы  жан-жақты 

сипаттаған  кітап  болды.  Қорыта  айтқанда,  10  томнан  тұратын 

«Қазақ әдебиетінің тарихы» – Президентіміз айтқан «әдебиеттің 

санғасырлық  тәжірибесін  қорыту»  қажеттігін  жүзеге  асырған 

қомақты да іргелі еңбек деп толық сеніммен айтуға болады.

«Мәдени  мұра»  бағдарламасы  аясында  Президенттің  жол- 

дауынан  туындаған  тағы  да  бірнеше  жоба  жасалып,  істер 

атқарылды.  Солардың  рухани  мұраға  қатыстылары  100  томнан 

тұратын  «Бабалар  сөзі»  атты  фольклорлық  топтама,  8  томдық 

«Қазақ  музыкасының  антологиясы»,  «Қазақ  өнерінің  тарихы» 

атты  3  томдық  зерттеу,  «Әдеби  жәдігерлер»  деп  аталатын  20 

томдық жинақ т.б.

Кеңес  өкіметі  тұсында  ұлттық  өнеріміздің  тарихы  кешенді 

түрде толық зерттелген емес-ті. Өнердің әр түріне арналған же-

келеген  еңбектер  болды.  Айталық,  театр  тарихы,  кино  тарихы, 

кеңестік музыка, т.т. олар очерк түрінде болды да, әр өнердің та-

рихы 1917 жылдан басталып, келте жазылды және компартияның 

идеологиясы тұрғысынан баяндалып, бағаланды. Біздің жаңадан 

жазған еңбегіміз қазақ өнерінің тарихын көне заманнан бүгінгі 

күнге  дейін  қамтып,  өнердің  түрлерін  бірлікте  алып,  кешенді 

түрде, біртұтас жүйе ретінде қарастырып, олардың әр дәуірдегі, 



313

дәлірек  айтқанда,  ежелгі  замандағы,  орта  ғасырлардағы  және 

жаңа  дәуірдегі  жай-күйін,  сипатын,  өзгеру,  даму  жолдарын 

зерделеді.

Қазақтың  төл  мәдени  мұрасының  ішінде  фольклоры  мен 

ән-күйінің,  ақын-жыраулар  мен  би-шешендер  толғауларының 

орны ерекше, себебі олар – тек мұра емес, халқымыздың бүгінгі 

рухани  қажетін  де  өтеуде  және  сонысымен  қоғамның  мәдени 

сұранысына жауап беріп отырған әрі қазіргі мәдениеттің қайнар 

көзі  болып,  тәуелсіздік  тұсындағы  мәдениетіміздің  ажырамас 

бөлігіне  айналған  рухани  құндылық.  осыны  түсінген  Прези-

дент  «Біз  фольклорымыз  бай  дейміз.  Қайда  соның  бәрі,  неге 

көрсетпейміз?»  –  деп  екі-үш  мәрте  сұрақ  қойып,  айтқан  еді. 

тіпті  өзінің  Жолдауына  да  енгізген  болатын.  Бұл  талап  орынды 

еді,  сондықтан  аса  мол  фольклорымызды  100  том  етіп  жарыққа 

шығаруды қолға алдық. Бүкіл топтамаға «Бабалар сөзі» деген атау 

бердік. Бұлай атауымыздың себебі – бұрын, Кеңес кезінде «Халық 

әдебиеті»,  «Халық  мұрасы»  тәрізді  атаулармен  шығаратынбыз, 

сөйтіп таптық ұстаным шартын орындайтынбыз. Енді тәуелсіздік 

тұсында  фольклор  –  тұтас  халықтікі,  жеке  бір  таптың  емес, 

түгелімен бір ұлттың дүниесі екенін, яғни, «халықтық», «халыққа 

жат»  деп  бөлмей,  бабаларымыздың  бәрі  тудырған  руханият 

екенін көрсету үшін осылай аталды.

«Бабалар сөзі» – таза ғылыми принципке негізделген басы-

лым.  оған  енген  туындылар  жанрлар  бойынша  топталып,  әрбір 

мәтін  еш  өзгеріссіз,  түзетусіз,  түпнұсқа  күйінде  жариялануда. 

Шығармалардың барлығына толық паспорт, ғылыми түсініктеме, 

сондай-ақ  жинаушылар  мен  орындаушылар  жөнінде  де  мәлімет 

беріледі. Әр томда ескі араб, парсы, түрік сөздері мен діни ұғымдар, 

жер-су  атауларын  түсіндіретін  сөздіктер  және  орыс,  ағылшын 

тілдерінде қысқаша резюме бар. 2004 жылдан бері 60 том жарық 

көрді.  олардың  алғашқы  25  томына  Кеңес  уақытында  тыйым 

салынған, тағы 10 томына Қытайдағы қазақ фольклорының үлгі-

лері  енді.  Классикалық  жырлар  мен  дастандардың,  ертегілердің 

варианттары  да  жарияланды.  Қалыптасқан  тәжірибеге  сүйеніп, 

жылына 10 том шықса, 2014 жылы 100 том түгел аяқталады.

Мұрамыздың  ең  маңызды  саласының  бәрі  –  қазақтың  әні 

мен күйі. 5 том болып шыққан «Қазақ музыкасының антология-

сы»  жүздеген  шығарманы  қамтиды.  Жиырмасыншы  ғасырда 

өкімет  пен  партия  тыйым  салған  көптеген  әндер  мен  күйлер 



314

тұңғыш  рет  жарыққа  шықты.  Мәселен,  бақсы  сарыны,  жарапа-

зан, арбау, жалбарыну, сыңсу, беташар, жоқтау сияқты әндердің 

нотасы  ғана  емес,  мәтіндері  де  варианттарымен  жарияланды. 

Әрбір  әннің,  күйдің  орындаушылары,  жинаушылары  жайында, 

сондай-ақ әр шығарманың қайдан табылғаны, кім қашан жазып 

алғаны  туралы  толық  мәлімет  бар.  Әр  томның  соңында  қажетті 

түсініктеме,  сөздік,  ағылшын,  орыс  тілдерінде  резюме  берілген. 

Бұл ғылыми басылым 8 том болып ары қарай жалғаспақ.

Рухани  мұрамыздың  өте  құнды  бір  парасы  –  әр  заман-

да  тасқа  қашалып,  жазба  хатқа  түскен  мәтіндер.  олар  әлі  күнге  

дейін  жүйелі  түрде,  тұтас  болып  жарыққа  шыққан  жоқ-ты.  Бұл 

топқа  біздің  дәуірімізге  дейін  жазбаға  ілінген  сюжеттер  мен 

Күлтегін,  тоныкөк  жырларынан  бастап,  Құрбан  Халидтің  «та-

уарихына»  дейінгі  жазба  мәтіндер  түгел  енеді.  осындай  мол 

дүниені  «Әдеби  жәдігерлер»  деген  атаумен  2007  жылдан  бері 

жариялап  келеміз.  Барлығы  –  20  том  болмақ.  Әзірге  8  томы 

жарық  көрді.  Бұл  да  –  ғылыми  басылым,  әр  мәтінге  толық  па-

спорт  пен  қажетті  түсініктеме  берілді.  Аса  көңіл  бөліп  айтатын 

нәрсе – топтаманың 1-томында көптеген түркі ескерткіштерінің 

тұңғыш  рет  жинақталып,  бірге  басылуы,  сондай-ақ  Сүлеймен 

Бақырғанидың  «Ақырзаман»,  Рабғұзидің  «Қисса-сүл  әнбия» 

атты шығармаларының алғаш рет қазақ тіліне толық аударылып, 

ғылыми  негізде  жариялануы.  Өкінішке  қарай,  2009  жылы  бұл 

басылым дағдарыстың кесірінен тоқтап қалды. 2010 жылдан ары 

қарай «Әдеби жәдігерлер» өзінің жалғасын табады деп ойлаймыз.

Мәдени  мұраның  түрлері  көп.  Солардың  ішінде  рухани 

мұра айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені бұл мұра бізге, 

негізінен, ауызша формада, қолжазба күйінде және кітап түрінде 

жеткен. олардың сақталуы – өте қиын, әрі күрделі іс. Ел аузын-

да  айтылып,  бірден-бірге  ауысып  жүретін  шежіре,  аңыз,  жыр, 

өлең,  терме,  мақал-мәтел,  т.б.  дүниелер  көне  көз  қариялармен 

бірге  өмірден  көшіп,  жоққа  кетіп  барады.  Ал  қолжазбалар 

ескіріп,  тозып  жатыр.  Сондықтан  ең  зәру,  кезек  күттірмейтін 

мәселе  –  жоғарыда  аталған  мұра  түрлерін  тездетіп  жинау  мен 

тиісті  жағдайда  сақтау.  Бізге  бабаларымыздан  жеткен  мұраны 

аман-есен  келер  ұрпаққа  аманат  етіп  беру  –  тарих  пен  халық 

алдындағы басты парыз.

  Екінші  мәселе,  рухани  мұраны  қайта  тану,  жаңаша  игеру. 

тану  дегеніміз  –  үш  процестен  тұрады.  Бірі  –  мұраны  сақтап 



315

қана  қоймай,  халықтың  арасына  тарату,  яғни  халық  мүлкін 

халықтың өзіне қайтару. оны жүзеге асырудың жолдары – жи-

налып,  сақталып  жатқан  мәтіндерді  кітап  етіп  жарыққа  шығару 

және ежелгі ән мен күйді, биді, қолөнерді жас буынға үйрету. Ру-

хани мұраны танудағы екінші процесс – оны ғылыми түрде зерт-

теу. Сөйтіп, халыққа мұра болып жеткен рухани мәдениетіміздің 

мағынасын, мәнін, маңызын ашып беру, рухани мұраның ел өмірі 

мен  тарихында  атқарған  рөлін,  бүгінгі  болмыстағы  қызметін 

көрсету. Процестің үшінші түрі – жарыққа шыққан мәтіндердің 

ең үздік үлгілерін және мәдени мұра туралы жаңа зерттеулердің 

нәтижелерін  оқу-білім  жүйесіне  енгізу.  Сондай-ақ,  біздің  мұра-

мыз  –  күллі  адамзат  мәдениетінің  ажырамас  бір  бөлігі  екенін 

дәлелдеу міндет. ол үшін фольклор мен әдебиеттің классикалық 

шығармаларын әлемдік тілдерге аудару қажет, сөйтіп біздің руха-

ни мұрамызды басқа елдерге танытуға болады.

Үшінші мәселе, мәдени мұрамызды бүгінгі рухани өміріміздің 

игілігіне  жарату,  яғни  мұраны  қазіргі  мәдениеттің  қайнар  көзі 

екенін ескере отырып, оны шығармашылық жолмен пайдалану. 

Бұл – бүгінгі жаһандану жағдайында ерекше маңызға ие болып 

тұрған проблема.

осы тұста мына мәселеге көңіл аудартқым келеді. Жаһандану 

– бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Жаһандану – Америка 

мемлекеті ойлап шығарған нәрсе де емес. Жаһандану – ерте за-

мандарда  басталған  үрдіс.  Сонау  антика  дәуіріндегі  Грекия  мен 

Персияның,  Египет  пен  Рим  империясының  уақытындағы  мем-

лекеттер  мен  халықтардың  кейде  соғысып,  кейде  бейбіт  өмір 

сүріп, бір-бірімен карым-қатынаста болғаны, соның нәтижесінде 

біріне-бірі  әсер  етіп,  бірінен-бірі  үйренгені  белгілі.  Сондай-ақ 

христиан мен буддизмнің, исламның дүние жүзіне тарауы – көп 

халықтардың жаһандану процесінде болғанын дәлелдейді. демек, 

қай заманда да жаһандану жүріп жатқан.

Қазақ  халқы  да  жаһандану  процесіне  ерте  түскен.  Ежелгі 

және  орта  ғасырларды  айтпай-ақ,  кеше  ғана  өткен  XX  ғасырды 

еске алайықшы. Қазақтар өзінің үйреншікті көшпелі өмір салты-

мен қоштасып, отырықшылыққа үйренді, өндірістік технология-

ны меңгерді. тіпті үй-тұрмысымыз да жаһаңдануға түсті: киіз үйді 

тастап, ағаш үйге, кірпіш тамға қоныстандық, киіміміз еуропалық 

үлгіге ауысты, тамағымызға да басқа дәмдер араласты. Сол сияқты 

рухани  салада  да  өзгерістер  болды:  театр,  опера,  балет,  симфо-



316

ния, кино, теледидар, радио – осының бәрі жаһаңданудың нағыз 

өзі.  демек,  жаһанданудан  қашып  құтылу  мүмкін  емес.  Қазіргі 

біртұтас ақпараттық әлем кеңістігінде – бұл өте қиын іс.

Басты  мәселе  –  жаһанданудың  ұлттық  рухқа  зардабын 

тигізбеуінде.  ол  үшін  не  керек?  Біздің  ойымызша,  мәдени 

мұрамыз  қазіргі  өмірге,  бүгінгі  қоғамға  жұмыс  істеуі  қажет.  Ру-

хани  саладағы  жаһандану  екі  жақты  жүріп  жатқаны  мәлім.  Бір 

жағынан  –  әлем  мәдениетінің  классикалық  туындылары  тарап 

жатса,  екінші  жағынан,  «көше  мәдениетінің»  азғын  үлгілері  на-

сихатталуда.  Соңғысының  әсерін  азайту  мақсатында  рухани 

мұраны  пайдаланып,  мәдениет  нарқына,  яғни  мәдени  бәсекеге, 

таласқа түсу керек. Рухани мұрамызды музей экспонаты құсатып 

сақтап  қана  қою  жеткіліксіз.  оны  бүгінгі  өмірдің  талабына,  ең 

әуелі  жастардың  талғамына  сай  етіп  жаңғырту,  жаңарту  қажет. 

Ежелгі ән мен күйді, биді, зергер бұйымдарын, т.б. мұрамызды сол 

дәстүрлі қалпында орындаумен ғана шектелуге әсте болмайды.

Әр  дәуір,  әр  ұрпақ  өз  талап-талғамына  сәйкес  мәдениетті 

қажет  етеді  және  сондай  мәдениетті  жасайды.  Ендеше  біз 

бүгінгі  жастарға  тек  бұрынғы  дүниені  ғана  орында  деп  талап 

қоймауымыз  керек.  Жастарға  –  мәдени  мұраны  жақсы  біл, 

меңгер  және  оны  өз  дәуіріңе  сай  етіп  пайдалана  біл,  жетілдір, 

алға дамыт деп талап қойған жөн сияқты. Егер жас буын мәдени 

мұрамызды жетік білсе, оны игерсе және мұраны сақтаумен бірге 

оны шығармашылықпен пайдаланып, жаңа ұлттық мәдениет жа-

саса, қазақ халқының рухы да, мәдениеті де жаһанданудың шы-

лауында кетпесі анық.



1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   32


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал