126 Ы. Алтынсарин өлеңдері мен әңгімелеріндегі тақырыптық, көркемдік шешім тұрғысындағы үндестік. Өлеңдері: оқу-білім, ағарту («Сөз басы», «Өнер-білім бар жұрттар»), адамгершілік тәрбиесі («Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым», «Арыз бол кедей болсаң ұрлықпенен», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», озбырлықты, әлеуметтік теңсіздікті сынау, заман зары («Азған елдің хандары», «Азған елдің қожасы», «Азған елдің молдасы», «Береке кеткен елдерде», «Әділдік көрмеген үш төреге айтылған сөз»), табиғат («Жаз», «Өзен») тақырыптары. Ыбырай өлеңдеріндегі реализм – қазақ халқының тұрмыстық халін, өмір мазмұнын көркем тілмен бейнеленуі.
Ы.Алтынсарин әңгімелері – ұстаздық тәлім-тәрбие құралы, қазақ жазба прозасы қалыптасуының бастау негізі. Әңгімелерінің еңбексүйгіштікке, адамгершілікке баулудағы ықпалды қуаттылығы. «Әке мен бала», «Бақша ағаштары», «Жан-жануарлардың жылға дауласқаны», «Бай мен жарлы баласы», «Ұлықпан әкім», «малды пайдаға жарату», «Қыпшақ Сейітқұл», «Таза бұлақ», «Сараңдық пен жинақылық», т.б. әңгімелеріндегі адам тәрбиесіне қатысты философиялық, психологиялық мәселелер. Әңгімелерінде адамның мінез-құлқындағы сан-алуан сапаларды бейнелеу арқылы өмірді мағыналы, саналы мазмұнда өткізуге шақыру.
127. Ы. Алтынсарин – халық әдебиеті мұраларын жинаушы, олардың ұстаздық жұмысына пайдалануы. («Қобыланды батыр мен Тайбурыл», «Орақ батырдың баласы Әлібек мырзаның бір ханға айтқан сөзі», «Нұрхан бидің бір сөзі» т.б.). 128. Ы. Алтынсарин – қазақтың ұлттық даму тарихының ұлы тұлғасы. Қазақ ұлтының ұлағатты ұстазына айналған Ыбырай Алтынсарин жайында көп жазылғаны, еңбектерінің егжей-тегжейлі зерттелгені рас. Алайда көп жайт Кеңес дәуірінің саясатына орай бұрмаланып көрсетілді. Ол үшін кітап, мақала авторларына кінә артып айыптай қарағаннан гөрі түсіністікпен байыптай қараған жөн деп ойлаймын. Өйткені, олар солай жазуға мәжбүр болды, заманы соны талап етті.
Ыбырай ата өмір сүрген заманда Ислам дінін ұстанған халыққа одан алшақтау, оған қайшы келетін дүниелерді ұсыну киынның қиыны болатын. Басқа елдің салт-дәстүрін, өмір сүру әдетін, әдебін балалар түгілі, үлкендер де ол кезде біле бермейтін. Сондықтан да ұлы ұстаз басқа тілдерден аударған шығармаларын қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, діні мен діліне жақындатып, мақал-мәтелдер, «Құдай Тағала», «Алла жар болсын», «Шүкір» деген сияқты халықтың күнделікті қолданып жүрген, өздеріне етене жақын сөздерін қосып, қарапайым қазақы ұғымға лайықтады. Мұны Ыбырай мұраларын зерттеуші ғалымдар білгенімен де түбін қазып «Алла», «Құдай Тағала» деп қазақыландырған, діннің тәрбиелік жағын алған дегенді айта алмаған. Айтқандардың жазғаны жарыққа шықпай, қапасқа қамалған. Мұхтар ата Әуезовтің 1927 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет тарихы» сондай «қапасқа қамалған» кітаптардың бірі еді. Араға 64 жыл салып 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан қайта жарық көрді. Осы жинағында автор «кейде дін өсиетін үлгі қылып ұстайды. Зар заман ақындарының ішінде дін сарынын шығарып, дін мейманалығын көп ұсынатын ақын Алтынсарин»,- деп жазған болатын. Сол «дін мейманалығын көп ұстанатын» ақын атаны кеше Кеңес дәуірінде атеист етіп көрсеткеніміз шындық.
Педагогикалық, діни, т.б. көзқарастары жайында сөз қозғағанда да орыс, Батыс, Еуропа педагогтарының бала тәрбиелеу, оқыту жөніндегі ой- мақсаттарын қазақтың ұлттық педагогикасымен қалай ұштастырды, мұны да айту оңайға соқпады. Өйткені халық педагогикасының негізі - Ислам, түркілік дүниетаным. Бала тәрбиесінде ол кезеңде, әсіресе, мұсылман діні қағидаларының атқарған рөлі зор болатын. Ол әрқашанда бірінші орында тұрды. Мұны кеше айта алмағанымыз рас. Егемендігімізді алдық, ақтаңдақтардың орнын толтыру енді бізге міндет. Ыбырай ата шығармашылығын, педагогикалық қызметін зерттеуде кеткен басты кемшілік - сол Ислам дінін айтқызбаудан туындағаны қазір айдан анық көрініп отыр.
Ыбырай Алтынсариннің Ақтөбенің «Фатима принт» баспаханасынан 2013 жылы жарық көрген «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабының алғы сөзінде «Бір Алланың атымен, Кел, балалар, оқылық» деп жазылыпты. Енді бір басылымдарда «Бір Аллаға сыйынып» делінеді. Дұрысы - «Бір құдайға сыйынып». Ыбырай ата осылай жазған. Арада ғасыр өтті. Біраз жайт халық жадынан өше бастады. Бүгінгі менің жазған осы шығармам сол бір ақтаңдақтардың орнын сәл де болса толтырар, ұлы тұлғаның ұмытыла бастаған кейбір ұлы істерін қайта еске түсірер деген ниетпен жазылып отыр. Шығармамда айтылғандардың бәрі жаңалық дей алмаймыз, дегенмен, жаңалықсыз да емес. Өйткені осы дүниені жазарда оқушы ретінде әртүрлі газеттер мен журналдарда әр кезеңде жарық көрген мақалалардың басын қосып, бір арнаға тоғыстырдым. Сондықтан да бірінде айтылған оқиғалар мен ойлар екіншісінде қайталанып жүруі әбден мүмкін.