Тарихи шежірелер. Захириддин Мұхаммед Бабыр (1483-1530) «Бабыр-наме» Захириддин Мұхаммед Бабыр - көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, сонымен бірге ғажайып өлең-жырлар жазып қалдырған лирик ақын, дарынды жазушы, ғұлама-ғалым, атақты тарихшы. Ол 1483 жылы 14 ақпанда Әндіжан қаласында туған. Бабырдың әкесі Омар Шейх-әйгілі Әмір Темірге туажат болып келеді. Шешесі – шағатай әулетінен шыққан Жүніс ханның бәйбішесінен туған екінші қыз -Құтлық Нигар ханым болған. Жүніс ханның тұңғыш қызы – Михр Нигар ханым, ал кенже қызы - Хуб Нигар ханым қазақтың белгілі тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің анасы екені мәлім. Қазақ ханы Сұлтан Ахмет, яғни Алаша хан осы Жүніс ханның екінші әйелі - Шаһ бегімнен туған. Жастайынан өнерге, білімге құштар болған Бабыр түркі тілдерімен қатар, араб және парсы тілдерін жете меңгеріп, Шығыстың классика- лық поэзиясынан еркін сусындаған, тарих, философия, табиғаттану ғылымдары бойынша, сондай-ақ сәулетшілік (архитектура) және соғыс өнері бойынша өз заманына лайықты едәуір білім алған жан. Ер- жүрек батырлығы үшін оны бала кезден-ақ Бабыр (арабша «бабур» -арыстан деген сөз) деп атап кеткен. Әкесі қайтыс болғаннан кейін он екі жасар Бабыр Ферғана уәлаятының әмірі болып, таққа отырды. Бұл - қылыштың күшімен Әмір Темір құрған мемлекеттің іштей әбден ыдырап, әмірші ұрпақтарының билік үшін күнде өзара қырық пышақ болып соғысып жатқан кезі еді. Бабырдың мақсаты - Әмудария мен Сырдария аралығында, яғни Мауераннахрда бір орталыққа бағынатын қуатты мемлекет құру болды. Сол арманына жету үшін көп жылдар бойы әрекет жасап, талай суыт жорықтарға аттанады. Бірақ онысынан нәтиже шықпайды.
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) «Тарих-и Рашиди» Мұхаммед Хайдар Дулати - қазақтың есімі әлемге мәшһүр тұңғыш тарихшы ғалымы, кемеңгер ойшылы, аса дарынды қаламгері, әдебиет зерттеушісі, этнограф. Ұлы ғалымның әкесі Мұхаммед Хусейн кезінде Моғолстан мемлекетінің билеушісі болған Сұлтан Махмұд ханның туған қарындасы Хуб Нигар ханымға үйленген. Дәлірек айтсақ, Хайдар Дулатидің анасы Хуб Нигар ханым - Моғолстанның әміршісі Жүніс ханның кенже қызы. Ал Жүніс ханның тұңғыш қызы Михр Нигар ханым - аты әлемге әйгілі Захириддин Мұхаммед Бабырдың анасы. Сонымен, Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд өзінің күйеу баласы Мұхаммед Хусейнге Ташкент маңайындағы Оратөбе өңірін сыйға тартады. Міне, сонда Ташкент шаһарында 1499 жылы (хижра жылсанауы бойынша - 905 жылы) Хайдар Дулати өмірге келеді.