20. М. Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» – энциклопедиялық сөздік
Орта ғасырдың ең көрнекті ғалымдарының бірі - Махмұт Қашқари тіл білімі мен әдебиетке қатысты көлемді де күрделі екі ғылыми еңбек жазғаны мәлім. Бірі - «Жавохирун-нахв фи луғотит турк» («Түркі тілдерінің синтаксисі, қағидалары») деп аталады. Өкінішке орай, Махмұт Қашқаридың бұл еңбегі бізге жетпеген. Бұл кітаптың тағдыры әзірше белгісіз күйінде қалып отыр. Ал екінші еңбегі - «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») екені мәлім. Бұл еңбек 1074 жылы жазылған.
«Диуани лұғат ат-түрік» - қазіргі түркі халықтарының бәріне ортақ мұра. Бұл сөздікте орта ғасырдағы түркі ру-тайпаларының бәріне бірдей ортақ алты мыңнан астам төл сөз бен жеке тайпаларға ғана қатысты диалект сөздер бар. Бұл лексикалық жинаққа енген сөздер, мақалдар, өлең жолдары, т. б. түркі тілдерінің сөз тудыру, сөйлем құру жүйелерін, әдеби тіл мен көріктеу құралдарының өмірге келу жолдарын анықтай түсуге мүмкіндік береді.
«Диуани луғат ат-түрік» - тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық түрғыдан құнды түйіндер жасаған еңбек. Көне түркі әдебиет ескерткіштерінің тілін үйренуге бүл зерттеу көп көмек көрсетіп келеді. Мәселен, осы Диуани луғат-ат түрік» табылғаннан кейін ғана Қутты білік» дастанын оқу, аудару және транскрипция жасау кезінде бұрын жіберілген қателіктер түзетілді.
Махмұт Қашқаридың бұл сөздігі шын мәнінде энциклопедиялық туынды деуге болады. Мұнда тек тіл мен әдебиетке ғана емес сондай-ақ сол кездегі ру-тайпалар мен халықтардың қоғамдық- экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет-ғұрпына, салт- санасы мен наным-сеніміне,т. б. қатысты аса бағалы деректер берілген. Махмұт Қашқари еңбегінің осы бір өзіндік ерекшелігі, энциклопедиялық мән-мағынасы жайында айта келіп, белгілі түрколог A. Н. Кононов былай деп жазды: «Мұнда XI ғасырдағы түріктердің өмірі туралы: олардың материалдық мәдениетінің бұйымдары, тұрмыс жайлары туралы…, этнонимдері мен топонимдері, ру-тай- палары туралы, туыстық және жекжаттық терминдері туралы, түркі қызмет адамдарының титулдары мен аттары, тағам-сусындардың аттары туралы, үй жануарлары мен жабайы жануарлар және құстар, мал шаруашылығы терминдері туралы, өсімдіктер мен дәмді дақылдар туралы, астрономиялық терминдер, халықтық календарь, айлардың және аптадағы күндердің аттары туралы, географиялық терминология мен номенклатура туралы, қалалар туралы, аурулар мен дәрілердің аттары, анатомиялық терминология туралы, металдар мен минералдар туралы, әскери, спорт және әкімшілік терминологиясы туралы, түрлі тарихи және мифтік қаһармандардың есімдері туралы, діни және этникалық терминология туралы, балалардың ойындары мен ермектері және тағы басқалар туралы көп жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады».
М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты зерттеуі тек түрікше- арабша түсіндірме сөздік қана емес, сонымен бірге ол ежелгі түркі тілдері мен ауыз әдебиетін зерттеп, танып-білу үшін аса қажетті, теңдесі жоқ ғылыми еңбек болып табылады. Біз үшін ең маңыздысы - біздің жыл санауымыздан бұрынғы қадым замандарда жасаған сақтар мен ғұндар дәуірінде және түрік қағанаты тұсында өмірге келген түрмыс-салт жырларының үлгілерін, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен афоризмдерді М. Қашқари өз «Сөздігіне» мысал ретінде енгізген. Махмұт Қашқаридің «Түрік тілдерінің жинағы» - бүкіл түркі халықтарының тіл мәдениетіне ортақ тілтану энциклопедиясы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |