Информатиканы оқыту әдістемесі (ИОӘ) – білім беру мен оқыту теориясын зерттейтін педагогиканың дидактика деп аталатын саласына жатады. Дидактиканың талабына сәйкес информатиканы оқыту тек білім берумен шектеліп қалмай, тәрбиелеу мақсатын да қамтиды. Себебі, оқыту теориясы оқушыларда білім, іскерлік пен дағды (құзіреттілік) қалыптастырумен бірге олардың шығармашылық қабілетін дамытуды қамтамасыз ететін тәрбиенің біртұтас бөлігі және жеке тұлғаны қалыптастырудың, оқушының ақыл-ойы мен білімін дамытудың маңызды құралы (1-суретте).
(1-сурет)
Информатиканы оқыту әдістемесі педагогикалық ғылым ретінде. ИОӘ жеке ғылыми пән бола тұра, қалыптасу кезеңінде басқа ғылымдардан білім жинақтап, өз дамуында осы білімдерден алынған нәтижелерге сүйенеді. Ол ғылымдар – философия, педагогика, психология, жас ерекшелік физиологиясы, информатика, сондай-ақ орта мектептің басқа да жалпы білім беру пәндерінің жалпыланған практикалық тәжірибесін атауға болады
ИОӘ пәнінің мазмұны екі негізгі бөлімді қамтиды:
- жалпы әдістемелік бөлім – мұнда информатиканы оқыту әдістемесінің жалпы теориялық негіздері, бағдарламалық және техникалық жабдықтары қарастырылады;
- жеке (нақты) әдістемелік бөлімінде мектептегі информатика курсының пропедевтикалық, негізгі және бағдарлы оқу кезеңдеріндегі басты тақырыптарды оқыту әдістемесі қарастырылады. Мұнда қоғамның алға қойған мақсатына байланысты информатиканы оқытудың заңдылықтары анықталып, информатика дамуының нақты кезеңіне сай зерттеледі. Пропедевтика – қандай да бір ғылымның және оның мазмұнының кіріспе ретінде қысқаша баяндалуын білдіретін дидактикалық термин.
Оқу процесінде оқушыларды оқыту нәтижелерінің тиімділігі көбінесе мұғалімдердің кәсіптік дайындығына, педагогикалық шеберлігіне байланысты болғандықтан пәнді меңгеру нәтижесінде болашақ информатика пәні мұғалімі білім беруді ақпараттандыру жағдайындағы мектептің жұмысына толық дайындалып шығуы тиіс.
Қазіргі уақытта информатиканы оқыту әдістемесі қарқынды даму үстінде, оның көптеген мәселелері теориялық жағынан әлі де зерттеуді талап етеді.
Педагогика ғылымының осы саласы тұтас, әрі толық бір мәнді болу үшін информатиканың барлық деңгейде оқытылуы зерттелуі керек: мектепке дейінгі кезеңде, мектепте, орта оқу буындарының барлық типтерінде, жоғары мектепте, информатиканы өзінше оқитындар үшін. Жалпы оқытудың негізгі мақсаты оқушыны дамыту десек, осы мақсатқа сәйкес жас ерекшелік және педагогикалық психологияда, сондай-ақ оқыту теориясында негізгі орын алған мәселе - дамыта отырып оқытуды зерттейтін бағыт болып табылады.
Педагогикалық білім жүйесінде информатика курсын оқытудың әдістемелік жүйесі бес түрлі өзара иерархиалық түрде байланысқан компоненттерден тұрады. Олар: пәнді оқыту мақсаты, мазмұны, әдістері, түрлері мен құралдары. Олар бір-бірімен өте тығыз байланыста (2-суретте).