Оқытудың әдістемелік жүйесі дегеніміз – оқушыны оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған, оқу процесінің өзара байланысқан және бір-біріне себепші болатын оқыту түрлерінің, формаларының және жоспарлау мен өткізу құралдарының, бақылау мен сараптаудың, түзетулерінің реттелген жиынтығы.
Информатиканы оқытудың әдістемелік жүйесі оқыту тәсілдерін алгоритмдеу, жүйелеу, мақсатты анық тұжырымдау негізінде мұғалім мен оқушылардың өзара әр алуан әрекеттестіктерін қамтиды. Сондықтан жүйеде үйретуші (мұғалім) – сабақтардың жетекшісі, ал, үйренуші (оқушы) – оқу объектісі болып табылады.
Информатиканы оқыту әдістемесі - информатика пәнін оқытудың мақсатын (не үшін оқытамыз?), мазмұнын (нені оқытамыз?), әдістерін (қалай оқытамыз?) анықтаумен қатар, қалай тиімді оқытуға болады? - деген мәселені қарастырады.
Информатика курсын оқытудағы «не үшін оқытамыз?» сұрағы қоғам талабына сай қойылып отыр. Қоғамдық процестер, техника мен жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, тиісті ақпаратты өз уақытында алуға деген қажеттілік, алынған ақпаратты өңдей білу осы сұрақтың көлемінде зерттеледі.
«Не үшін оқытамыз?» сұрағынан «нені оқытамыз?» деген маңызды мәселе туындайды. Осы мәселеге байланысты теориялық материалдардың мазмұны мен оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар анықталады. Соған сәйкес оқу жоспары дайындалады. Өкімдер, бұйрықтар, ережелер, әдістемелік хаттарарқылы оку жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұйрықтар мен өкімдер, ережелер орындалуы міндетті құжаттар болып табылады, ал әдістемелік хаттар ұсыныс ретінде беріледі.
«Қалай оқытамыз?» - деген сұраққа жауап беруде мұғалімнің іс-әрекетіне ерекше мән беріледі. Себебі, мұғалім оқу процесіндегі жетекші тұлға. Ол оқу бағдарламасын таңдайды, осы бағдарламаға сәйкес күнтізбектік-тақырыптық жоспар және оған сәйкес сабақ жоспарын жасайды.
Информатиканы оқыту әдістемесінің мазмұны ғылым мен техниканың дамуына тікелей байланысты. Ол өзінің дамуында философия, психология, педагогика, информатика, т.б. ғылымдарының мәселеріне сүйенетіндігін жоғарыда айттық. Жаңа ақпараттық технологияға сәйкес информатика пәнінің мазмұнында жаңа салалар пайда болды. Оларды оқыту теориялық жағынан зерттеліп, іс-тәжірибеден өткізілуде. Информатиканы оқыту әдістемесінің әлі де зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер бар. Атап айтқанда, информатиканың мектепке дейінгі, бастауыш сыныптардағы, төменгі, орта, жоғары буындарда оқыту жағдайларын зерттеу, өз бетінше оқитындарға әдістемелік көмектер ұйымдастыру; қолданбалы программаларды пайдалану; ашық программаларды өңдеу секілді көптеген мәселелер жан-жақты зерттеуді қажет етеді.