Тышқандарды жою үшін уланған алдамшы жем пайдаланылады. Оларды күнбағыс тұқымынан, жүгері, бидай дәнінен өсімдік майына (30-50 г майға 1 кг дән) салып дайындауға болады. Сонда оларға у жақсы жұғады. Сондай-ақ дәнді цинк фосфидіне (40-50 г цинк фосфидіне 1 кг 188 жем) араластырып та жасауға мүмкіндік бар. Қоспа сидам түбіндегі інге салынады, жұқалап топырақпен жабылады.
Қыстыкүнгі «күн күйігі». Ағаштардың қаңқа бөліктерінің камбийі мен қабығының бұлай зақымдануы үсіктен де қауіпті. Ол климаты континенталды аудандарда байқалады. Қазақстан республикасының оңтүстігінде және оңтүстік шығысындағы бақтарға үлкен қауіп төндіреді.
Жаздыгүнгі күйіктен қыстыкүнгі және ерте көктемгі күйіктің айырмашылығы ол күн сәулесінің тікелей түсуінен болмайды, керісінше бір тәулік ішіндегі ауа температурасының күрт өзгеруінен күйеді. Сөйтіп камбий екінші шынығу дәуірін жоғалтып, өледі. Басқа тұқымдардан гөрі күйіктен алма, алхоры, қызыл шие зиянды көп шегеді. Күн сәулесін сейілту, сөйтіп қабық клеткасы температурасының қарама-қайшылығын күндіз және түнде азайту үшін сидам мен негізгі қаңқа бұтақтарды әкпен әктеу және сиыр көңі араласқан батпақ жағу керек.
Олар жаңа немесе бұрын сөндірілген, әкті қоймалжың болғанша суға езіп, 3 % мыс тотияйынын және шайылып кетуге төзімділігін арттыру үшін жабысқақ затты (2%-ды казеинді, 1-2 дана кір сабынды немесе декстринді желімнің 1 литрін бір шелек қоспаға қосып) қосып күздігүні әктейді. Бұрыннан жеміс салып тұрған ағаштардың әктелер алдында сидамдары және бұтақ қосылған ашалары өлген қабықтарынан тазартылады. Әктеу кезінде сидамдар мен негізгі қаңқа біркелкі етіп әктеледі.
Ағаштарды қысқы-күзгі күн сәулесінен қорғау үшін суэмульсиялық ВС-511 бояуынан тиімдісі жоқ. Ол ағаштан екі жыл бойы шайылмайды.
Жеміс салып тұрған ағаштардың діңі мен қаңқа бұтақтары жиі жарақаттанады. Ол әсіресе ірі бұтақтарды дұрыс кеспегенде, сидамдарын дұрыс күтпегенде зақымданады. Сондай-ақ бақ топырағын өңдегенде күрек, кетпен секілді құралдар тиіп зақымдағанда да ағаш жарақаттанады. Солардың салдарынан ағаш қабықтары күйеді. Ондай жарақаттарды дер кезінде емдеп, пайда болған кеуектерді бітеу керек. Ол үшін кеуек мұқият тазартылып, ішкі қабырғалары мыс тотияйынының 5% немесе темір тотияйынының 10%-ды ерітіндісімен залалсыздандырылады. Содан соң кеуек қиыршық таспен, ұсақ таспен, құммен, кірпіш сынықтарымен толтырылып цементтеледі. Цементтеу үшін тиісінше құм, сөндірілген әк және цемент 6:1:2 қатынаста алынады. Цементтелген беттің немесе оның шеттерін, яғни пломбасын майлы сырмен бояу, не болмаса цементтің таза өзін жағу керек. Пломба кеуек шеттерінен шығып тұрмауы қажет.
Көктемгі үсік бақ үшін қауіпті. Жеміс дақылдары өніміне әсіресе климаты күрт континенталды Алматы, Жамбыл облыстарында өте зиян келтіретін көптеген себептердің бірі көктемнің соңында болатын суық, яғни үсік. Көктемгі суық гүл қауызын, гүлді және жас түйіндерді жиі және қатты зақымдайды. Ол өнімді айтарлықтай дәрежеде жоғалтуға, кейде тіпті өнімнің толық жойылуына әкеп соқтырады. Мысалы, 1987 жылы Алматы жеміс аймағында жеміс дақылдарының өнімі мүлде болған жоқ. Оған себеп болған мамыр айының ортасындағы ауа температурасының 7-100 С суытуы еді. 1988 жылғы ерте күзгі суық та (қараша айы) жеміс дақылдарының өнімдерін құртып кетті. Бұл жолы әсіресе сүйекті тұқымдардың, алмұрттың және кейбір алма сорттарының (Голден Делишес, Заря Алатау т.б.) жеміс бүршіктері зиян шекті.
Ашылған гүл бүршіктері 2,2-3,90С температурада, гүл - 1,5-2,50С және одан да төмен, жатындар 0,6-1,00С температурада зақымданады. Сүйекті дақылдар (өрік, шабдалы, қызыл шие, шие т.б.) шекілдеуіктілерге қарағанда тым ерте гүлдейді. Сондықтан да көктемгі суықтан шекілдеуіктілерге қарағанда зардапты көп шегеді. Оның үстіне бұл тұқымдарда ең алдымен гүл бүршіктері ашылады,содан соң ғана вегетативті (өскін) бүршіктері оянады. Бұл гүлдің суықтан өздігінен қорғануын төмендетеді.
Суық адвективті, радияциялы және аралас болып келеді. Адвективті суық - солтүстік облыстардан суық ауа массасының жетуіне негізделген. Ол едәуір ұзақ тұрады. Радияциялы суық - бұлтсыз түндерде топырақ бетінен жылудың бөлінуі негізінде түнгі суытудың салдарынан болады. Сондықтан да ол ұзаққа бармайды. Аралас суық кезінде екі фактор да әсер етеді. Бұл суық жеміс өсімдіктері үшін өте қауіпті.
Суыққа қарсы жүргізілетін күрес, ескерту күресі және активті күрес деп бөлінеді. Ескерту шараларына бақ үшін орын және топырақ дайындау, төзімді тұқымдар мен сорттар сұрыптау, жеміс өсімдіктерін жиі отырғызу, баққа ық үшін орман ағаштарын өсіру, жоғары агротехника жатады. Бұл әдіс бақты жобалау және отырғызу кезінде қолданылады. Активті әдіске бақ суландыру, түтіндету, гүлдеу мезгілін жылжыту, физиологиялық активті заттармен бүрку, бақ ауасын қыздырғыштармен жылыту жатады, т.б.
Түтіндету үшін түрлі материалдар жағып, түтін табақшасын пайдаланады. Түтін пердесі топырақтан жылудың бөлінуіне кедергі жасайды. Соның нәтижесінде суықтың беті қайтады. Түтіндету температура 10-қа дейін төмендегенде басталып, күн шығар уақытта күшейтіледі. Сөйтіп 1,5-2 сағат бойы созылады. Түтіндету үшін күздігүні дайындалған органикалық мате-риалдар – шіріген сабан, бұтақ, шөп, қурай, жапырақ үгіндісі жағылады. Өйткені олардың түтіні қою болады. Бақтың әрбір гектарына жел жағына бірдей етіп 80-100 үйінді үйіледі. Әрбір үйіндінің астыңғы жағына тез жанатын материал салынады. Олардың үстіне аздап топырақ салынып қойылады.
Ірі бақ шаруашылықтарында әр гектарға 20-30 данадан, «Урожай» типті түтін тостағаншалары қолданылады. Сондай-ақ түтін пердесін жасау үшін қызыл фосфор, мұнай, түрлі минералды майлар да пайданылады. Бақты үсіктен сақтау дәрежесі тұмандатқыш қондырғылар АГ-УД-2 аэрозоль генераторларын т.б. қолданып тұмандатса да арта түседі.
Суықтан сақтаудың сенімді де тиімді әдісі бақты суландыру болып табылады. Бұл әдіс жеміс дақылдарының гүлдеуін 5-7 күн кешеулдетеді. Ерте көктемде бақ гүлдер алдында оны тұтас суарады. Кейінгі жылдары жаңбырлатып суарылып жүр. Суару топырақтың жылу өткізгіштігін, ауаның жер бетіндегі қабатының ылғал сақтауын ұлғайтады.
Жаңбырлатудың тағы бір жақсы әсері мынада. Судың тозаңданған тамшылары гүлдің, гүл тозаңының, жатындары мен жапырақтардың үстіне қатады да, жұқа мұз қабаты пайда болады. Осы мұз қабаты үсіктен сақтай алады. Су шығыны - сағатына 2-4 мм. Көп мақсатты тұрақты жаңбырлату жүйесін пайдалану тиімді.
Үсіктің қауіпті салдарынан жеміс ағаштарының гүлдеу мерзімін ауыстыру жолымен де сақтануға болады. Бұл мақсат үшін селекциялық жұмысқа зор мән беріледі, кеш гүлдейтін жеміс дақылдарының сорттары шығарылады. Сүйекті дақылдарға (өрік, шабдалы) арналған агротехникалық шараларда жазғы шырпудың пайдасы зор. Жазда қырыққан соң бұтақтардың екінші толқыны өсіп шығады. Жаңадан шыққан бұтақтарда гүл бүршіктерінің дифференциясы кеш басталады, соған орай генерациялық бүршіктер көктемде 5-7 күн кеш гүлдейді. Қара күзде немесе ерте көктемде бүкіл ағаш бөрікбастары әк ерітіндісін, 2-4,5 үшхлорфенототықсірке қышқылын, ВС-511 су эмульсиялық бояуын шашып, шілде айында ағаштарды КАНУ-дың 0,025-0,05 пайызды ерітіндісімен, реторданттармен-хлорхолинхлоридпен, алармен және этролмен өңдеудің нәтижесі өте жақсы.