Бақ үшін бал арасының маңызы. Жеміс және жидек дақылдарының өздігінен жеміс салмайтын және жеміс салатын сорттары айқас гүлдеу жолымен мол да сапалы жеміс салады. Жеміс-жидек дақылдарының көбісі (жаңғақ жемістілерден басқасы) энтомофильді өсімдіктерге жатады. Оларды негізінен аралар тозаңдандырады. Ара тозаңдандыратын жидек дақылдары өнімін 2-4 есе молайтады. Сондай-ақ ол жеміс дақылдарына да қолайлы әсер етеді. Үй бал араларымен қатар жеміс-жидек өсімдіктері гүлдерінің 90% жуығында үй араларының үлесі бар. Араның тозаңдандыруы көбінесе ауа райына да байланысты. Мәселен жауынды, желді, сондай-ақ салқын немесе суық күндері олардың гүл тозаңдандыруы нашарлайды. Соның салдарынан жеміс дақылдарының өнімі азаяды.
Ауа райы жақсы болса бақ үшін ара 2-3 күнге керек. Гүлдер гүлдеуінің алғашқы 2-3 күндігінде жақсы ұрықтанады. Тағы бір ескеретін жайт – жеміс дақылдары өте көп гүлдегенде гүлдерінің 5-10% тозаңданғанның өзінде қалыпты өнім алуға мүмкіндік береді.
Аралар 50-100м дейінгі радиуста өте жақсы «жұмыс істейді». Жеміс дақылдарын қалыпты тозаңдандыру үшін 2-4 га жас баққа бір ғана мықты ара семьясы, ал 1 га баққа ол толық жеміс салған кезде 2-3 ұя қажет.
Бақ гүлдеп тұрған кезде ағаштарға пестицид себуге болмайды. Ал енді қажеттілік туып қалса ұялар қақпағы алдын ала жабылып, аралар бірнеше күнге бақтан 5-6 км жерге апарып қойылады. Сонда аралар уланбайды. Жеміс өсімдіктері гүлдеп болған соң аралар бақтан алынып кетуге тиіс.
Өнім мол жылдары оны реттеу тәсілдері көп. Мысалы, солардың қатарына шырпу жұмыстарын жүргізу, гүл мен жас түйіндерді қолмен сиректеу, жаппай гүлдеген кезде физиологиялық заттардың ерітіндісімен бүрку т.б.
Бірақ бұл жұмыс өте күрделі, еңбекті көп қажет етеді. Сондықтан да өнімді реттеу соңғы жылдары химиялық заттармен жүргізілуде. Алманың толық гүлдеу фенофазасында бүйір гүлдері жаппай ашылған соң химиялық заттармен өңделеді. Ол үшін ДНОК, ДНФ-ның судағы ерітіндісі шашылады. ДНОК ертіндісі 0,05-0,1%, ДНФ-0,6-1,0% концентрацияда қолданылады. Жеміс салып тұрған бір ағашқа 30 л ертінді жұмсалады.
Жас жатындарды түсіру үшін 0,0001-0,003% АНУ, 0,003-0,004% КАНУ препараттары қолданылады. Олар гүлдеген соң 10-15 күннен соң шашылады. Соның нәтижесінде әлсіз түйіндердің біразы түседі де, ірілері қалады.
Кейбір жеміс тұқымдарында, әсіресе алма мен алмұртта жемістерінің мезгілсіз түсіп қалуы салдарынан тауарлық өнімнің біразының жоғалатыны байқалады. Негізгі себебі - қоректік заттар мен судың жеміске жеткілікті түрде жетпеуі, тұқымның өсуінің әлсіреуі, жемістегі ауксин құрамының азаюы, жемістердің ауруға шалдығып, зиянкестермен зақымдануы т.б.
Жемістердің түсуін, агротехникалық шаралардан басқа ағаштарды өнім жинар алдында (1-1,5 ай бұрын) АНУ, КАНУ, АНУ амидінің 0,001-0,003% ертіндісін, 2-4,5 үшхлорфе-ноксисірке қышқылының (0,001-0,003%) натрий және амин тұздары, 2,4 екіхлорфенокситсірке қышқылының (0,002-0,005%) ертінділерін бүрку жолымен де азайтуға болады.
Бұл заттармен жаздық алма мен алмұрт сорттары жемісін жинаудан 3 апта бұрын өңделеді. Ертінді ертеңгісін және кешкі уақыттарда шашылады. Ол үшін ағаштар аурудан сау және қоректік заттары мен суы жеткілікті болуға тиіс.
Алма ағашы жыл сайын жеміс сала ала ма? Жеміс-жидек дақылдары өз табиғаты бойынша жыл сайын жеміс сала алады. Мәселен, сүйекті тұқымдар мен жидек дақылдарының бәріне жуығы, Қазақстан жағдайында, егер сыртқы жағдай, агротехника кері әсер етпесе, жыл сайын жеміс сала береді. Шекілдеуікті дақылдардан бұл құбылыс тек бекеге ғана тән. Алма тәрізді жетекші тұқымда, сондай-ақ аз да болса алмұртта да, толық жеміс салуға кіріскеннен кейін, кезектілік жеміс салу белгілері байқалады.
Жеміс салу кезектілігі дегеніміз жеміс өсімдіктерінің жеміс бүршіктерін жыл сайын қалыптастырмауы, яғни бұл дақылдар жемісті жыл сайын емес, жыл аралатып салу. Алайда бұл құбылыс барлық жеміс тұқымдары сорттарының биологиялық қасиеті емес. Бәрінен бұрын жеміс салудың кезектілігі жеміс бүршіктерінің, гүлдерінің, жатындарының қыстыгүнгі, көктемгі үсуінен және басқа метеорологиялық қолайсыз жағдайларынан болатын құбылыс. Бақтарда агротехника нашар болса, сондай-ақ ағаштар аурулар мен зиянкестерге ұрынса да осы құбылыс байқалады. Жеміс өсімдіктерінің үзіліспен жеміс сала бастауы, одан осы жағдайдың үйреншікті болып кетуі ағаштың «жүдеуінен» деген болжам бар. Әсіресе, ағаштар мол жеміс салған жылдары қоректік заттарының бүкіл қорын жеміс құрауға жұмсайды да, келер жылы жеміс салуы нашарлайды. Оның есесіне бұтақтары қатты өсіп, сол бұтақтары көптеген жеміс бүршіктерін салады.
Жеміс дақылдарының ішінде алмаға тән бір белгі бар. Ол - көп артық гүлдеген кезде жатындар пайызының көп болуы. Жеміс салып тұрған ірі ағаштар кейде 30 мыңға дейін жеміс бүршігін салады. Одан 80-120 мыңға дейін және одан да көп гүл шығады. Бірақ мол өнімнің өзіне 5-6 мың ғана жатын, яғни түйін жетіп жатыр.
Алманың, алмұрттың кезекті жеміс салуына климат жағдайлары да әсер етеді. Ол әсіресе климаты өте континентальды жерлерде жиі, климаты ылғалды аудандарда сирек байқалады.
Алманың, алмұрттың кезекті жеміс салуы түзетуге келмейтін жағдай емес. Ол үшін алма мен алмұрттың тұрақты жеміс салатын, артық жатын құрамайтын сорттарын шығарып, солар-дан бақ отырғызу керек. Сонымен бірге ағаштардың жыл сайын жеміс салуына агротехникалық шараларды уақтылы дұрыс қолданудың да маңызы зор. Оларға: ағаш шырпудың ғылымға негізделген тәсілдері, жапырақ аппараты мен өнімді реттеуге бағыттау, гүл мен жемісті реттеу, жеміс өсімдіктерін қорекпен және сумен уақтылы қамтамасыз ету, зиянкестерге және ауруларға қарсы күрес, ағаштарды үсіктен, түрлі зақымдалулардан қорғау, ал гүлдері мен жатындарын үсіктен сақтау т.б. жатады.
Алма мен алмұрт жүйелі түрде жеміс салу үшін олардың жақсы өсуі (жылына 30-40 см) керек. Ондай жетістіктерге тек жақсы агротехника және ағаштарды дұрыс шырпу жолымен ғана жетуге болады. Егер ағаш әлгіндей мөлшерде ғана өсетін болса, онда олардың бүкіл тіршілік процесін қалыпты өткізуге керек көмірсутегі өндіретін үлкен жапырақ, ассимициялық бет жасалады. Жыл сайын тұрақты жеміс салып, гүл бүршіктері де қалыпты болуы үшін бір жеміске белгілі бір жапырақ саны керек. Әуесқой жеміс өсіруші, агрономдар алма жыл сайын жеміс алу үшін осы екеуі арасындағы қатынасты реттеуге міндетті. Бір жеміске 50-60 ірі, толық қалыптасқан жапырақтан келсе жақсы деп есептеледі.
Соңғы жылдары жапырақ пен өнім қатынасы, олардың арасында өзара байланыс белгілеу мәселесі реттеле бастады.
1 м2 жапырақ бетіне 1-1,5 кг шамасында жеміс келсе, қалыпты жағдай деп есептеледі. Ал бұдан асып кетсе, жеміс салу қалыптылығы бұзылады.
Ағаштың жақсы өсуін, жапырақтануын және бүршік салуын реттеу шырпу жолымен жүреді. Әуесқой бақ өсірушіге, фермерлерге бұтақтарды реттеп шырпу әдісін қолдануға болады. Ол өте тиімді әдіс. Әр бұтақты бір біріне бағынышты түрде шырпудың тиімділігі, ол ағаштардың жекелеген мүшелерін реттей отырып, жеміс беретін бұтақшаларды да керекті мөлшерде қалдыруға болады. Бұл тәсілде шырпудың өнімділікті реттей отырып, жеміс ағаштарына тигізетін пайдасы өте зор. Жемістердің тауарлық сапасы жоғары келеді. Сондай-ақ өскіндер мен жеміс салатын бұтақшалардың арасындағы тепе теңдікті жақсы реттеп кетіруге әсер тигізеді. Ағаштарды шырпу алдында олардың сорттық ерекшеліктері, жеміс салу заңдылықтары ескерілуге тиіс. Жеміс мол болатын жылдары ағашты шырпу сол жылғы өнім үшін гүл бүршіктерін салуға бағыттау керек. Ол үшін, өнім аз жылдың ерте көктемінде, вегетациялық өскіндер қысқартылып кесіледі.
Жеміс мол болатын жылдың көктемінде гүл бүршіктері көп пайда болу үшін бөрікбастары шырпумен және кейбір ұзын бұтақтарды қысқартумен ғана шектелген дұрыс. Сондай-ақ гүлдер мен жатындарды химиялық жолмен сиректету де өте пайдалы. Әуесқой бақ өсірушілердің өнімді қолмен реттегені жақсы. Ол үшін ескі жеміс бұтақшаларындағы түйінді өте басым сиреткені дұрыс, ал жас жеміс мүшесіндегі түйіндерді қалыпты ғана реттеген жөн.
Жеміс салу кезеңділігін реттеу жолындағы шаралар шырпумен қатар жолдары бақты суландыру және тыңайту болып табылады. Жеміс ағаштарын сумен толық қамтамасыз ету үшін бақтағы топырақ ылғалдылығын толық егістік су сиымды-лығының кемінде 75-80% деңгейінде ұстау қажет. Өсімдікті топырақтың қоректік элементтерімен толық қамтамасыз ету мақсатында топыраққа жүйелі түрде негізгі тыңайтқыштар енгізіп, өркендер жақсы өсіп, жеміс бүршіктерін қалыптастыру кезінде үстем қоректендірудің маңызы зор.
Жеміс салу кезеңділігін жеміс өсімдіктерін жиі отырғызу жолымен де реттеуге болады. Жиі отырғызылған ағаштардағы жеміс мөлшері мол өнімді дегеннің өзінде сирек отырғызылған ағаштарға қарағанда кем болады.
Жеміс дақылдарын, соның ішінде, алма мен алмұртты егер жеміс өсірушілер отырғызу кезінде жерді дұрыс белгілесе орналастыру сұлбасын дұрыс таңдаса, ағаштарды кесу жөнін білсе және дер кезінде агротехникалық шаралар жолдарының (суару, суландыру, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес шаралары, ағаштарды және оларың өнімін күту т.б.) дұрыс уақтылы қолданса жыл сайын жеміс алуға болады.
Жыл сайын жеміс салатын алма сорттарында жеміс бүршіктері бірқалыпты пайда болады, қор жатындары мен гүлдерінің саны салыстырмалы түрде аз, жақсы жапырақтанады, қор гүлдері мен жатындары анағұрлым қарқынды түседі.
Соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік шығыс облыстарына «Спур» типіне жататын алма сорттары кең таралуда. Олар жыл сайын жеміс салады.