Жас және жемiс салып тұрған бақтарды баптау ережелерi



бет11/18
Дата25.04.2023
өлшемі157,21 Kb.
#86657
түріҚұрамы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18
Күрделi тыңайтқыштардың iшiнде анағұрлым кең тарағандары төмендегiдей.
Аммофос - ұнтақ фосфорлы-азотты тыңайтқыш. Құрамында 12% азот және 46%-ға жуық фосфор бар. Аммофос әдетте азотты тыңайтқыштармен толықтырылады. Фосфорға кедей топырақтарда (Солтүстiк Қазақстан) тиiмдiлiгi жақсы.
Нитроаммофостың құрамында 23% азот және сонша сiңiмдi фосфор бар. Түйiршiктелген күйiнде шығарылады. Суда жақсы еридi. Тыңайтқыштың бұл түрi азотты-фосфорлы тыңайтқыш ретiнде ғана тең мөлшерде пайдаланылады.
Органикалық тыңайтқыштар. Көң - анағұрлым құнды да, пайдалы тыңайтқыш. Оның құрамында өсiмдiктiң өсуiне қажет барлық заттар, соның iшiнде микроэлементтер де бар. Көң сапасына сақтау жағдайлары қатты әсер етедi. Оларды сақтаудың тығыз, суық әдiстерi ең жақсысы болып табылады. Өйткенi бұлай сақтағанда қоректiк заттар аздау жойылады. Жас көң жемiс-жидек дақылдарға тыңайтуға жарамайды. Егер жақсы сақталса жартылай, толық күйген қара шiрiк дайындауға болады. Олардың жақсы әсерi енгiзгеннен кейiн 3-4 жылдың iшiнде бiлiне бастайды.
Құрамындағы қоректiк элементтерi бойынша құс саңғы-рығы, содан соң қой, жылқы және iрi қара көңдерi тиiмдi.
Құс саңғырығы – тез әсер ететiн, жақсы органикалық тыңайтқыш. Құрамында 3,5% азот бар. Ол көң азотына қарағанда жақсы сiңiмдi. Сондықтан да бақтың бiр гектарына бұл тыңайтқыштың шамамен 5 тоннасы жетiп жатыр. Көбiнесе үстеп қоректендiру үшiн пайдаланылады. Топыраққа енгiзер алдында оны ерiтiп, содан соң 10-12 есе мөлшерде су қосылады.
Садыра. Құрамында көп азот, калий бар, бiрақ фосфоры аз. Сондықтан да садырамен бiрге фосфор тыңайтқыштары енгiзiледi. Бұл тез әсер ететiн қоректiк тыңайтқыш ретiнде үстеп қоректендiру үшiн пайдаланылады.
Шiрiндi - ұзақ уақыт әсер ететiн негiзгi органикалық тыңайтқыш. Ол түрлi қалдықтардан, түскен жапырақтардан, өсiмдiк пәлектерiнен, түрлi органикалық қоқыстардан, саңылтырдан, құс саңғырығынан дайындалады. Осылардың бәрi шұңқырға салынып, үстiнен су немесе садыра құйылады. Сөйтiп топырақпен көмiп бiр жылға қалдырылады. Шiрiгеннен кейiн топыраққа енгiзiледi. Шiрiмеген шiрiндiнi қолдануға болмайды, өйткенi онда арам шөптердiң тiршiлiкке бейiм тұқымдары қалып қоюы мүмкiн.
Шым тезек - тез әсер ететiн тыңайтқыш. Құрамындағы азот көңдегi азоттан екi есе көп болады. Оны тек терең енгiзу қажет. Тезектi зарарсыздандыру үшiн, оларды шiрiндi түрiнде қолданған дұрыс. Ол үшiн оны топырақпен көмiп, шiрiгеннен кейiн топыраққа күзде немесе ерте көктемде енгiзу керек.

2.4 Тыңайтқыштарды енгiзу мөлшерлерi, мерзiмдерi мен әдiстерi.


Тыңайтқыштар енгiзу мөлшерлерi түрлi факторларға: өсiмдiк ерекшелiктерiне (сорты, жасы, отырғызу тығыздығы т.б.), топырақтың құнарлылық дәрежесiне, суармалы немесе суармалы еместiгiне, топырақты ұстау жүйесiне байланысты.
Қазақ жемiс және жүзiм шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары жасаған ұсыныстары бойынша бақтарда қатар аралық дақылдар (сұлы, картоп, бүлдiрген) өсiргенде жыл сайын бүкiл вегетациялық кезеңiнде тыңайтқыштар 1 гектарына 60-90 кг ә.з. азотты, фосфорлы, калийлi енгiзiледi, сондай-ақ отырғызар немесе себер алында топыраққа 30-40 т/га есебiнен көң шашылады.
Көпжылдық шөптер егiлген болса тек фосфорлы және калийлi тыңайтқыштар (1 гектарға 60 кг-нан ә.з.) енгiзiп, жаздыгүнi азотты тыңайтқышпен (1 гектарға 60 кг ә.з.) үстеп қоректендiрсе жетiп жатыр. Келесi вегетациялық кезеңдерде жас баққа егiлген көпжылдық шөптер үстiнен 1 гектарға 60-90 кг ә.з. азотты, фосфорлы, калийлi тыңайтқыштар енгiзiледi. Республикамыздың оңтүстiк шығысында топырақтың құрамында фосфор жеткiлiктi, сондықтан да ол жерлерде бұл тыңайтқышты 2-3 жылда бiр рет енгiзсе де болады.
Жемiс дақылдарының жасы ұлғайған сайын минералды тыңайтқыштарды енгiзу мөлшерi, олардың салған өнiмге жұмсалатынын ескере отырып, ұлғайтылады. Мысалы, алма орта есеппен 40-60 ц/га өнiм берсе 60 кг ә.з. азотты тыңайтқыштар, ал өнiмдiлiгi 100-150 ц/га болған кезде тиiсiнше 120-180 кг ә.з. енгiзiледi. Калийлi тыңайтқыштарды енгiзу мөлшерi 1 гектарға 120 кг дейiн, ал фосфорлы тыңайтқыштарды енгiзу мөлшерi 60-90 кг ә.з. Тығыз отырғызылған ағаштар мол өнiм берген кезде минералды тыңайтқыштар мөлшерi екi есе арттырылады.
Тыңайтқыштардың (ц) қай түрiне болса да нақты қажеттiлiктi анықтау үшiн мынандай формула қолданылады:
К Мх Т 100
мұндағы: Т – тыңайтқыш мөлшерi; М - әсерлi заты бойынша (ә.з.) тыңайтқыштарды енгiзу мөлшерi, кг: К– тыңайтқыштағы әсерлi зат құрамы, %
Мысалы, 1 гектар баққа әсерлi заттар 90 кг азотты тыңайтқыштар енгiзу қажет дейiк. Тыңайтқыштар ретiнде 46% азоты бар мочевина пайдаланайық. Ол былай шығарылады:
6 ,19546100 90хТ
Сөйтiп бақтың 1 гектарына 195,6 кг азот тыңайтқышын енгiзу керек.
Жемiс дақылдарын отырғызу кезiнде тыңайтқыштарды шұңқырға мынандай есеппен: қарашiрiк – 20-30 кг, суперфосфат 0,5-1 кг, хлорлы калий – 100-150г жидек бұталарының түбiне қара шiрiк – 6-10 кг, суперфосфат 20 г, хлорлы калий - 25-35г, енгiзiледi.
Үй маңындағы және коллективтiк бақтарда тыңайтқыштар мөлшерi 1 шаршы метрге есептеледi. Мәселен, 1 га баққа жылына әсерлi заты бойынша 120 кг азот, 60 кг фосфор және 90 кг калий енгiзiлсе, 1 м2 үшiн бұл тиiсiнше 12,6 және 9 г немесе тыңайтқыш түрiнде 35 г аммиак селитрасы, 30 г қарапайым суперфосфат, хлорлы калий 17 г-ды құрайды.
Бақта және жидектерде микротыңайтқыштарды вегетация кезiнде тамырдан тыс үстеп қоректендiру (жапырақтарға шашу) түрiнде қолданған пайдалы. Алайда темiр жетiспегендiктен айқын байқалатын хлороз кезiнде, күзде немесе ерте көктемде, әрбiр ағаштың түбiне 40-60 кг қара шiрiк пен 1-1,5 кг темiр тотияйының 50-100 л суға езiлген қоспасы енгiзiледi. Бұл ерiтiндi-быламық шұңқырға немесе 15-20 см тереңдiктегi қарықтарға құйылады.
Жемiс-жидек өсiмдiктерiне органикалық тыңайтқыштар ретiнде негiзiнен жартылай шiрiген көң (80-100 т/га) садыра (10-30 т/га), құс саңғырығы (1-5 т/га) пайдаланылады.
Органикалық фосфорлы және калийлi тыңайтқыштар өсiмдiктерге сiңiмдi түрге жай айналады, сөйтiп бiрнеше жылға дейiн әсер етедi. Сондықтан да фосфорлы-калийлi тыңайтқыштар күзде, 30-40 см тереңдiкке, тамыр жатқан аймаққа енгiзiледi. Жемiс берiп тұрған бақтарда бұл тыңайтқыштар жерге 18-22 см тереңдiкте сүдiгер жыртқанда енгiзiлуге тиiс.
Азотты тыңайтқыштарды жемiс дақылдары вегетациясының фазалары бойынша (гүлдей бастағанда, гүлдеп болғанда, маусым айында жатындар (түйiндер) түскенде, жемiс бүршiктерi дифференциацияланғанда) гектарына 20-40 кг ә.з. мөлшерiнде үстеп қоректендiру кезiнде, ерте көктемде берiледi. Қазақ жемiс және жүзiм шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Алматы облысы үшiн үстеп қоректендiрудiң келесiдей мерзiмдерiн ұсынады: бiрiншiсi - жаппай гүлдеудiң аяғында, жемiс байлау кезеңiнде, екiншiсi - жемiс бүршiктерiнiң дифференциациясы алдында, үшiншiсi - жемiстерiнiң барынша өсу кезеңiнде. Үстеп қоректендiрудi құрғақ тыңайтқыштармен де, сұйық тыңайтқыштармен де болады. Вегетация кезеңiнiң бiрiншi жартысында негiзiнен азотпен, ал екiншi жартысында - фосфор және калиймен үстеп қоректендiрiледi. Тыңайтқыштар ерiтiндiлерiмен үстеп қоректендiру тиiмдiрек. Ол үшiн сиыр көңi тұнбасын, сұйылтылған құс саңғырығы, садыра немесе минералды тыңайтқыштар ерiтiндiсi пайдаланылады. Кейiнгi жылдарда азот тыңайтқыштарын күзде енгiзу қолданылып жүр.
Ол өсiмдiктiң қоректiк режимiн күрт жақсартады, өсiмдiктiң суыққа төзiмдiлiгiне, келер жылғы өнiмiне әсер ететiн қоректiк заттардың қосымша қоры жинала бастағанда тамыр жүйесiнiң өсу кезеңiндегi қызметiн күшейтедi. Қысқы кезеңде де, топырақ тамырлардың негiзгi көлемi орналасқан тереңдiкте әлi тоңазымай тұрғанда, өсiмдiк тамырларының өсетiндiгi дәлелденген. Сондықтан да, күзде енгiзiлген тыңайтқыштарды ағаш күзде де, қыста да пайдаланады.
Кейбiр жағдайларда топырақтан нитраттардың едәуiр түрде шайылу мүмкiндiгiн ескере отырып, күзде енгiзу үшiн азоттың амидтi (мочевина), аммиакты түрлерi азот деп есептеу керек. Алайда азот тыңайтқыштарын күзде енгiзгенде ол ағаштардың дер кезiнде шынығуын және олардың қысқа дайындалуын тежейтiндiктен абай болу қажет.
Топыраққа тыңайтқыштарды енгiзудiң негiзгi екi әдiсi бар: жер бетiне шашып, артынан топырақ өңдейтiн құралдармен жырту арқылы және арнайы құралдармен тереңдете (ошақты немесе қатарлы) енгiзу. Енгiзу әдiстерiн тыңайтқыштардың қозғалысы ескерiле отырып таңдалынады.
Қатты органикалық тыңайтқыштарды бақ қатараралықтарының бетiне РПТУ-2А, РСШ-6, РУС-4, РПН-4, РУН-15А т.б. шашқыштарымен шашып, соңынан жыртады. Түйiршiк және ұнтақ минералды тыңайтқыштарды тереңдете енгiзу үшiн бақтарда тыңайтқыш сеппе қондырғысы бар ПРВН-2,5, ПРВН-1,7А және УОМ-1100 тетiгi бар УОМ-50 техникаларын пайдалануға болады. Құс саңғырығын, езiлген садыраны ЗЖВ-1,8, ЗУ-3,6 құйып шашатын шашқыштарымен және РЖТ-4, РЖТ-8, РЖТ-16, ПОУ, МГС-50 цистерна-шашқыштарымен енгiзедi. Тыңайтқыштарды ошақты енгiзу үшiн қазiргi кезде ПСИ-2, ФУП, РРЖ-2 гидробұрғылары қолданылады. Бұл машиналармен сұйық тыңайтқыштар тамырларға зақым келтiрiлмей, 15-40 см тереңдiкке енгiзiледi.
Тыңайтқыштарды енгiзу мөлшерлерi, мерзiмдерi мен әдiстерi агрохимлабораторясының нұсқауларына сай дифференциацияланады.

2.5 Жеміс бақтарын суару жүйесi


Бақты сумен қалыпты түрде қамтамасыз ету – ағаш өнiмдiлiгi мен оның жақсы өсуiнiң кепiлi.
Республикамыздың бақ өсiрiлетiн территориясының едәуiр бөлiгi ылғал жетiспейтiн, ал оңтүстiгi қуаңшылық аудан болып табылады. Сондықтан мол өнiмдi, мардымды жемiс шаруашылығымен айналысу үшiн суландыру мәселесiн шешу керек. Алайда республикамызда суармалы бақтардың үлес салмағы 30 мың гектар шамасында.
Суармалы бақтардың үлес салмағын көтеру, бұл саланың өнiмдiлiгi мен экономикалық тиiмдiлiгiн едәуiр өсiрудi қамтамасыз етедi.
Қазақстанның оңтүстiк және оңтүстiк-шығысындағы облыстардағы бақтарға, әлгiнде айтқандай ылғал жетiспейдi. Бұл жағдайларда дер кезiнде суару, басқа да агротехникалық жұмыстарды дер кезiнде қолдану жемiс егiстерiнiң өнiмдiлiгiн 2-2,5 есе арттырады.
Суландыру-жергiлiктi жердiң микроклиматына қолайлы агротехникалық шаралармен қосылып жемiс ағаштарының жақсы өсуiне, ұзақ тiршiлiк етуiне, қысқы суыққа төзiмдiлiгiне, жыл сайын мол өнiм беруiне мүмкiндiк жасайтын маңызды факторлардың бiрi.
Су биохимиялық процестерге қатыса отырып, өсiмдiк тiршiлiгiнiң бүкiл процесстерiне әсер етедi, және фотосинтез кезiнде көмiрқышқылы секiлдi маңызды зат болып табылады. Су - әмбебап ерiткiш. Соның арқасында тұздар, газдар тағы басқа заттар жемiс ағашының бiр мүшесiнен басқа мүшесiне өтiп отырады.
Суармалы жерде су ауаның температурасын 5-60 төмендетедi. Ол республикамыздың ыстық оңтүстiк облыстары үшiн аса маңызды мәселе.
Жемiс дақылдары көпжылдық өсiмдiктер. Соған орай, оларға ылғал жетiспеуiнiң әсерi бiр жылмен ғана шектелмейдi, оның әсерi көптеген жылдарға кетедi. Соның салдарынан тұқымның, сорттың қысқы суықтарға төзiмдiлiгi нашарлайды, онша қатаң емес қыстың өзiнде тамыр мен ағаш сүрегi үсидi, гүл бүршiктерi өледi, сондай-ақ әлсiз ағаштар зиянкестер мен ауруларға төзiмсiз болады. Жемiс дақылдарының суарылатын суға деген жылдық қажеттiлiгi жауын-шашын мөлшерiне, оның жыл маусымдар бойынша бiркелкiлiгiне, топырақ қасиеттерiне, тұқымның биологиялық ерекшелiктерiне, тағы басқа жағдайларға байланысты. Жемiс шаруашылығында дұрыс мөлшерде суарудың маңызы зор, өйткенi ылғалдың жетiспеуi секiлдi оның артықтығы да өсiмдiктерге керi әсер етедi.
Ылғалдың бүкiл вегетация кезең бойында жетiспеуi жапырақтарда хлорофилл құрылуын төмендетедi, фотосинтездi нашарлатады, заттар синтезiн әлсiретедi. Ол ағаш қабығы мен сүрегi ұлпаларындағы көмiрсутегi құрамын кемiтедi, зақымдалған тамырлардың қайта қалпына келу процесiн нашарлатады, терең тынығу дәуiрiн қысқартады, ағаштардың қысқы суыққа төзiмдiлiгiн және аурулар мен зиянкестерге деген қарсылығын күрт төмендетедi, жемiстердiң тауарлық сапасын және сақталғыштығын нашарлатады, т.с.с.
Шамадан тыс артық ылғал топырақ құрамын нашарлатады, қышқылдану процестерiн өршiтедi, жылжымалы қоректiк заттарды шайып кетедi немесе олардың сiңуiн тежейдi, жас ағаштардың вегетациясын ұзартады, беткейлерде су эрозиясына жол ашады, топырақ аэрациясын, фотосинтез өнiмдiлiгiн төмендетедi, жемiс түсiне керi әсер етiп, жемiстiң пiсу сәтi келгенде ағып кетуiне әкеп соқтырады.
Жемiс дақылдарының тамырлары топырақтағы бүкiл iрi қуыстарын толтыратын гравитациялық және жiңiшке шағын саңылауларын толтыратын суды ғана оңай сiңiредi. Топырақ ылғалының басқа түрлерiн (химиялық байланысты, пленкалық, бу тәрiздi, гигроскопиялық) өсiмдiк тамырлары iс жүзiнде сiңiре алмайды.
Бақты суландыру жүйесi өндiрiстiк мiндетi бойынша ылғал толықтырушы және вегетациялық болып бөлiнетiн суарулардан тұрады.
Қазақстан жағдайында ылғал толықтырушы суаруды жемiс-жидек дақылдарының тынығуы кезеңiнде, яғни қыста және ерте көктемде жүргiзедi. Бұл суарудың негiзгi мақсаты бақтағы тамыр жататын топырақ қабаты 1,5-2 метрге дейiнгi тереңдiкте ең ақырғы ылғал сиымдылығына дейiн ылғалдау. Қысқы кезеңде топырақты осылай ылғалдағанда тамыр жүйесiнiң үсу мүмкiндiгi азаяды, сондай-ақ ағаштардың жер бетi бөлiгiнiң қысқы қурауға төзiмдiлiгi күшейедi. Ал ерте көктемгi ылғал толықтырушы суаруда көктемгi үсiк онша ұрмайды, мұндай жағдайлар Қазақстан жемiс шаруашы-лығының оңтүстiк-шығысында жиi болып тұрады, сондай-ақ ол 1-2 вегетациялық суаруға тең келедi. Ылғал толықтурышы суаруды жүргiзбес бұрын ыза суының деңгейiне көңiл аудару керек. Егер ол жақын, яғни таяз жатса, онда ылғалдау тереңдiгiн 1,5-1,8 метрден асырмау қажет. Әйтпесе, топырақ екiншi рет тұзданады.
Вегетациялық суарулардың мақсаты - жемiс дақылдарын олардың вегетация кезеңiнде, яғни көктем мен жазда сумен қамтамасыз ету. Бұл суарудың мiндетi - активтi тамырлардың негiзгi көлемi жатқан топырақ қабатын ылғалдандыру. Ондай қабат тереңдiгi жемiс дақылдары үшiн - 0,5-1 м, жидек дақылдары үшiн - 20-60 см.
Суландырудың агротәсiл ретiне белгiленуi, негiзiнен топырақтың активтi қабатында су және ауа режимiн жүйеге келтiруден, өсiмдiктiң жер астындағы қабатын ылғалданырудан туындайды.
Суару әдiсiн таңдағанда өсiмдiктiң тұқымдық-сорттық құрамы, сумен қамтамасыз етiлуi, суландырылатын алқаптың мелиорациялық жағдайлары, жергiлiктi жердiң су-физикалық қасиеттерi мен жер бедерлерi, жұмыс қолы және электр энергиясы секiлдi факторларды ескеру қажет.
Нақты бiр жерде қолданылатын суару тәсiлдерi мен техникасы келесiдей талаптарға жауап беруге тиiс: топырақ құрамын (су эрозиясы мүмкiндiгiн есепке алмай) сақтау, суды аз жұмсай отырып суару (жер бетiндегi ағып кететiн және тереңде сүзiлетiн су шығынын есепке алмай), топырақ ылғалдылығын тамыр жүйесiнiң активтi бөлiгi жатқан аймақта берiлген шамада реттеу, бақтағы барлық жұмыстарды механикаландыру үшiн қолайлы жағдайлар жасау, қол жұмыстарын барынша қысқарту үшiн суару процесстерiн механикаландыру және автоматтандыру, топырақ құрамын жүйелi түрде көтерiп отыру, минералды тыңайтқыштарды сумен қоса енгiзуге мүмкiндiк туғызу, суармалы бақ топырағын жақсы мелиорациялық жағдайда (оның тұздануы мен батпақтануын есепке алмай) ұстау т.с.с.
Суару техникасына қойылатын негiзгi агроталаптарды сақтау, көбiне суландыру жүйесiн салуға және пайдалануға кететiн шығындарды, олардың конструкциялық ерекшелiктерiн жақсартуға, жемiс-жидек дақылдарының өнiмдiлiгiн жоғарлатуға, алынған өнiмнiң өзiндiк құнын төмендетiп, қосымша шығындардың өтелуiне септiгiн тигiзедi.
Бақ шаруашылығында суарудың келесiдей тәсiлдерi қолданылады: жер бетiмен суару (жүйектеп, тостағаншалап және суыртпақтап суару), микросуару (топырақ астымен және тамшылатып суару), жаңбырлатып суару (импульстi, бөрiкбас астынан, құрама суландыру т.б.).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет