Жоспар: І қ. Жұбанов тұңғыш лингвист



бет15/15
Дата13.05.2022
өлшемі164,17 Kb.
#34286
түріБағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
ЖҰБАНОВ

«Грамматика» жарық көргеннен кейін бір жылдан соң, яғни 1937 жылы, «Ауыл мұғалімі» журналында ғалымның «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» атты мақаласы жарияланады. Мақаланың басты мақсаты – 1936 жылы жарық көрген 5-сыныпқа арналған оқулықты пайдалану жолдарын түсіндіру болды. Аталған мақала тек мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал ғана емес, тілдің теориялық және практикалық мәселелерін қатар қамтыған ғылыми еңбек болып табылады. Мақалада автор грамматика оқулығын жазудың тарихын, грамматика терминдерінің бір тілден екінші тілге ауысу жолдарын, грамматика ғылымының зерттеу обьектісін зерттеп- зерделеуге ден қойған.

Қ.Жұбанов алдымен «Жаңа заман талаптарына сәйкес келетін мектеп оқулығы, оның ішінде қазақ тілі оқулығы қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап ретінде жазылған өз оқулығының бұған дейінгі оқулықтардан ерекшелігін елеп-екшейді. Бұл ерекшеліктерді атап айтқанда:

-грамматиканың жаңа терминдерінің жасалып, қолданылуы;

-жаңа терминдердің қазақ тілінің заңдылықтарын ескере жасалып, жаңаша саралануы;

-грамматиканың кейбір тақырыптарының ғылыми негізделуі;

-мектеп бағдарламасына сай тіл материалдарының лингводидактикалық жағынан бірізге түсіп, жүйеленіп берілуі.

Сонымен қатар ғалым өзіне дейін жазылған грамматика оқулықтарының жетістіктері мен кемшіліктерін көрсетіп, өзекті мәселелердің басын ашуда оларды тұтастай талдап-таразылайды. Қазақ тілі оқулығының Қ.Жұбановқа дейінгі авторлары А.Байтұрсынов, Т.Шонанұлы болғаны белгілі. Осымен байланысты ғалым аталған авторлар оқулығына кеңірек тоқталып, сындарлы көзқарас танытады.

Қ.Жұбанов өзіне дейінгі оқулықтарда кездесетін екінші кемшілік авторлардың грамматика ғылымы салаларының нені зерттейтіндігін жете білмеуі деп есептейді. Тілдің формасы мен мазмұнының байланыста зерттелмеуін, яғни бір автордың тек форма қуаласа, екіншісінің мазмұнға жүгінетіндігін Қ.Жұбанов оқулық жазудағы үшінші кемшілік деп атап көрсетеді.

Ғалымның өзіне дейін қалыптасқан дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, маңызды дәйек ретінде ұстанған ғылыми негізде талдау-сипаттамаларының нәтижесінде түйген сом ойы:

-мұндай кемшіліктер тек қазақ грамматикасына ғана тән емес, сонымен қатар әлемдік грамматиканың даму тарихында болғандығы;

-оқулық мазмұнын құруда бұған дейінгі тәжірибелердің жетістіктері мен кемшіліктерін толық зерттеп-зерделеу қажеттігі;

-жаңа үлгідегі қазақ грамматикасын кешенді зерттеп, ғылыми негіздеу қажеттігі.

Ғалым өзіне дейінгі оқулықтардың кемшіліктерін көрсетіп, талдағанымен, олардың әдістеме тарихындағы, жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, дамытудағы маңызды рөлін жоққа шығармайды. А.Байтұрсынұлы сияқты ірі ғалым-ағартушының ғылыми-әдістемелік мұраларын талдау, ол туралы ой-пікір білдіру ғана емес, атын атауға тыйым салынған сол жылдары Қ.Жұбанов өз мақаласында оның қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған бірден-бір автор екендігін және қазақ тіл білімін дамытудағы орнының ерекшелігін атап көрсетеді. Мұның өзі – сол заман үшін батыл қадам және Қ.Жұбановтың үлкен ғалым, азамат ретіндегі биік тұлғасын асқақтата түседі. Осы тұрғыдан алғанда Қ.Жұбанов қазақ тілі оқулықтарының негізін қалаушы ғана емес, өткені туралы оң пікір білдіріп, сындарлы көзқарас танытқан, оның жалғастығы негізінде дәстүрлер сабақтастығын сақтай білген көреген ғалым ретінде бағаланады.

Қорыта келе, Қ.Жұбановтың «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» атты мақаласы тіл ғылымы мен дидактиканың өзекті мәселелері қатар тұтастықта талданып, зерттелген, соны ғылыми тұжырымдармен дәлелденген құнды еңбек ретінде жоғары бағаланады. Мақаладағы ғалымның жаңаша сараланған дәлелді ғылыми-әдістемелік талдау-сипаттамалары оқулық жасау ісіндегі маңызды мәселелерді шешуде келешек арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нысанына айналуына негіз қалады.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында профессор Қ.Жұбановтың оқулық жазудың барлық элементтерін қамтыған аралас оқулық дайындап, оқулық даярлау ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарағанын атап айту керек. Оқулық дайындау мен оны тәжірибелік сынақтан өткізудің ұзақ та күрделі үдеріс екені белгілі. Алайда профессор Қ.Жұбановтың өз еңбегін тәжірибеде сынақтан өткізіп, қалың көпшіліктің игілігіне айналдыруға мүмкіндігі болмады. Сол заманның саясаты оның оқулығын ғалымға тағылған «халық жауы» деген жала негізінде қолдануға тыйым салды. Мұнан кейінгі жылдары жазылған қазақ тілі оқулықтары бағдарламаға сай, теориялық және дидактикалық тұрғыдан өңделген оқулықтар болды десек те, оларда профессор Қ.Жұбанов оқулығындағы соны ізденістер мен жаңалықтар ескерілмеді, соның салдарынан орта мектепке арналған қазақ тілі оқулығын даярлау ісіндегі дәстүрлер сабақтастығы жалғастығын таппады. Соңғы жылдары қоғам өзгеріп, заман жаңарған тұста бүгінгі күн талабына сай жаңа оқулық жазу сияқты өзекті мәселелердің басын ашуда А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сияқты әдіскер-ғалымдардың тәжірибесі ескеріліп, тиімділігін дәлелдеуге ден қойыла бастады.

Сөз жоқ, ХХ ғасырдың басында мектеп оқулықтарына қойылған маңызды талаптар бүгінгі күн тұрғысынан да мәні мен маңызын жойған жоқ. Оқулық – білім берудің қайнар көзі, негізі. Ол өз кезегінде соңғы зерттеу нәтижелеріне сәйкес құрылған бағдарламаға сай теориялық және дидактикалық жақтан өңделіп, жетілдіріліп отырылады. Соның нәтижесінде оқушы игеретін ғылыми ұғымдар кеңейтіліп, ережелер нақтыланады, ғылымдағы жаңа танымдар негізінде қалыптасқан материалдар енгізіліп, толықтырылады.

Мектепке арналған оқулықтың маңызды атқаратын қызметі – алдымен грамматиканың белгілі бір саласынан ғылыми-теориялық мәлімет береді, екіншіден, оқушының тілін, логикалық-шығармашылық ойлау қабілетін дамытуды көздейді, оның таным шеңберінің аясын кеңейтеді, тәрбиелейді, сондай-ақ өзіндік ойлануын, оның ішінде теориялық ойлау қызметін қалыптастырады.

Ғалым Е.Жұматаева оқулықтың білім мазмұны мен құрылымының ғылыми тұрғыдан дұрыс бағытта болуын айқындайтын әдістемелік және педагогикалық талаптарды талдай келе, былай пайымдайды:

«оқулық мазмұнының бағдарламаға және оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкестігі;

оқулық мазмұнының мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкестігі;

оқулықтың теориялық және практикалық жақтарының бір-бірімен тығыз байланыста болуы;

оқулық мазмұнының логикалық тұрғыда түсінікті болып, проблемалық ситуациялардың қамтылуы;

оқулық тілінің жатық, түсінікті болуы» [38].

Аталған талаптарға сай дайындалған оқулық қана оқушыларды ізденіске баулып, дүниетанымын арттыруға мүмкіндік береді. Оқулықтағы білім мазмұнының бірізді жүйеде күрделене түсуі, толықтырылуы оқушының оқу-танымдық белсенділігін арттырады, даму қарқынын күшейтеді.

Сонымен, «Оқулық жазуды – теориялық тұжырымдамаға, ғылыми-әдістемелік принциптерге, оқушылар мен мұғалімдердің талап-тілектерін талдау және дүниежүзілік әдістемедегі оқулық дайындау тәжірибесіне негізделіп жүзеге асырылатын ғылыми-әдістемелік үрдіс» [38] ретінде түйіндесек, өткен ғасырдың 30-жылдары профессор Қ.Жұбанов дайындаған «Қазақ тілінің грамматикасы» жоғарыда аталған талаптарға толық сәйкес келетін оқулық ретінде жоғары бағаланады.

Оқулықта білім оқушыға дайын күйінде берілмеген, мұндағы тілдік материалдар баланы өз бетімен ізденуге жетелеп, танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Оқулықтағы тілдік құбылыстарды меңгертуге арналған ережелер күні бүгінге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ.

Олай болса, профессор Қ.Жұбанов жүйелеген «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығында көрініс тапқан негізгі ғылыми құндылықтар оқулық даярлауда ескерілуі тиіс.

Қ.Жұбанов оқулығын құрылымдық тұрғыдан қазіргі орта мектептерге арналған қазақ тілі оқулықтарымен салыстыратын болсақ, айтарлықтай айырмашылық жоқ екені байқалады. Ғалым өмір сүріп, өз еңбегін жазған заманда оқушы мектепке 8 жастан қабылданса, қазіргі білім беру жүйесінде оқушылар 1-сыныпқа 6 жастан барады. Қ.Жұбанов оқулығында 5-сынып материалдары морфологиядан басталса, қазіргі оқулықтарда да оның негізі 5-сыныптан бастап игерілетіні белгілі. Олай болса, сол кезеңде жазылған Қ.Жұбанов оқулығында баланың жас, психикалық ерекшелігі ескерілген, оған баса мән берілген.

Бұдан профессор Қ.Жұбановтың өз заманындағы тіл білімі мен оқыту әдістемесі ғылымының даму деңгейінен алға кетіп, болашақты болжай білген дарын екені айқындалады. Оны ғалымның оқулық дайындауды кешенді түрде жүзеге асыру идеясын ұстануынан да айқын аңғаруға болады. Ғалым оқулығын зерттей келе, оның қарапайым мысалдар арқылы қазақ тілінің грамматикасына қатысты теориялық мәліметтерді шебер сыйғыза білгені көрінеді. Теориялық мәліметтерді іс жүзінде қолдана білуге дағдыландыруға арналған әдістемелік құрал сол жылы Сейіл Жиенбайұлының авторлығымен «Грамматика талдауыш» деген атпен жарияланады. Профессор Қ.Жұбанов өз оқулығының соңында «Бұл грамматиканың жаттығу материалдары С.Жиенбайұлының «Грамматика талдауыш» кітабынан алынсын» деген сілтеме жасайды, яғни ғалымның теориялық ережелер мен түсініктемелерден тұратын оқулығына оны жете түсіну мақсатында қосымша С.Жиенбайұлының жаттығулар жинағы ұсынылады. Өз оқулығының алғысөзінде С. Жиенбайұлы былай деп атап көрсетеді: «Бұл кітап профессор Қ.Жұбановтың грамматика оқулығына дағдыландыру материалдары есебінде қолдануға арналған. Көрсетілген параграфтар грамматикадағы параграфтар, оқушыларға жеңілдік жасау үшін талдау материалының алдына грамматикалық ережелерді қысқаша жазып отырдық» [39]. С.Жиенбайұлының авторлығымен шыққан аталған жаттығулар жинағының жалпы редакциясын басқарған профессор Қ.Жұбанов болатын. Мұндай тәжірибе тек сол заман үшін ғана емес, қазіргі кезде де өте маңызды. Мұндай кешенді оқу құралдарының мұғалімге оқыту жүйесін, формаларын түрлендіре отырып, оқушылардың білімді берік ұғынуына қажетті материалдарды өз бетінше таңдап алуына беретін мүмкіндіктері мол. Осы ретте профессор Қ.Жұбановтың кешенді оқулық дайындаудағы тәжірибесінің қазіргі оқыту әдістемесінде білім мазмұнын игертуді технологияландыру ретінде танылып жүрген кешенді оқыту әдістері жүйесімен сабақтастығы зерттеудің кейінгі тарауларында кеңірек талданып, сипатталады.

Қ.Жұбанов оқулығының негізгі ерекшелігі тілдік ұғымдар мен грамматикалық ережелердің берілу жолдары. Қазақ тіліне қатысты теориялық материалдарды бала түсінігіне лайықтап жеткізуге баса мән берген ғалым оқушы алдына өзекті мәселе қояды және оны шешу жолдары мен әдістерін ұсынады, баланы ой қорытындысын жасап, талдап, салыстыруға үйретеді. Сөйтіп, ғалым балаларды ғылыми-зерттеудің әдіс-тәсілдері мен жолдарын игеруге дағдыландырады. Ғылымды игерудегі мұндай әрекеттер оқушының ойлау қызметінің қалыптасқан дәстүрлі құрылымын өзгертуге бағытталады, оқытудың ғылыми деңгейін арттырады, болашақ теориялық ойлау қабілетін қалыптастырады.

Еліміз егемендік алып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейін ғана әдіскер-ғалымдар мен жаңашыл ұстаздар қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми- теориялық қағидаларын одан әрі жетілдіріп қана қоймай, оның практикалық тұрғыда жоғары деңгейде жүзеге асуына өз үлестерін қоса бастады. Жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру міндеттерін шешуде жаңашыл ұстаздар аға буын өкілдерінің көп жылдық тәжірибелеріне сүйенетіні анық. Осы жолда профессор Қ.Жұбанов ғылыми негізін қалаған оқулық жасаудағы ізгі дәстүрлер жаңа заман талабына сай жаңғыртылып, кейінг ұрпақ өкілдерінің игілігіне айналып отыр. Мұны соңғы жылдары әртүрлі дәрісханаларда (қазақ мектептерінде, орыс тілінде оқытылатын мектептерде, орта арнаулы оқу орындарында, жоғары оқу орындарында, бала бақшаларда, ересектерге, т. б.) қазақ тілін үйретуге арналған Г.Қосымова, Ж.Дәулетбекова, Т.Артықова, Қ.Қадашева, Ә.Жүнісбек, Ф.Оразбаева, Т.Сайранбаев, Н.Оралбаева және тағы басқа ғалымдар дайындаған оқулықтармен жан-жақты таныса отырып, анық аңғаруға болады. Олардың оқулықтарын қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымында Қ.Жұбанов негізін қалаған оқулық теориясын әрі қарай жетілдіру жолындағы ғылыми-практикалық ізденістердің заңды жалғасы деуге болады. Бұл өз кезегінде қазақ тілін оқыту әдістемесі мен оқулық жасау ісіндегі ізгі дәстүрлердің сабақтастығын көрсетеді. Бұл мәселе еңбегіміздің кейінгі тарауларында кеңірек сөз болады.

Қ.Жұбанов оқулығының өзекті мәселелерінің басын ашуда басты назар аударарлық мәселе – оның оқулық жасаудың өзіне дейінгі дәстүрлі пікірлер ауқымынан шығып, күні бүгінге дейін құнын жоймаған ғылыми негіздерін қалыптастыру тұрғысынан заман талабына сай жүзеге асырғаны.

Ғалымның оқулығы – алғаш мектепке арналған, ғылыми негізге құрылған, кейінгі грамматикалардың түзілуіне өзек болған, оның қалыптасып, дамуына сара жол салған өміршең, сүбелі еңбек.

Оқулық мазмұны мен құрылымын зерттеп-зерделеу нәтижесінде оның шын мәнінде кейінгіге үлгі болған грамматика екендігіне көз жеткізуге болады:



  • оқулық қазіргі заманғы дидактиканың ғылыми ұстанымдарына негізделген;

  • тілді жалаң, жаттанды игермей, оны әлеуметтік, функциональдық-мазмұндық тұрғыдан меңгеруге алғаш қадам жасалған;

  • оқулықтағы лингвистикалық терминдердің күні бүгінге дейін грамматикада бірізді, жүйелі қолданылуы;

  • пәнаралық байланыстың жүзеге асуы;

  • оқу материалын түсіндіруде салыстыру, айыру, талдау, жалпылау секілді тәсілдердің тиімді қолданылуы;

  • баланың өзіндік ойлау қабілетінің жетілуіне мүмкіндік тудыру;

2.3 Фонетиканы оқыту мәселесі

Профессор Қ.Жұбанов қазақ тілінің дыбыс жүйесін түгел қамтып, оның жан-жақты ғылыми сипаттамасын берген, қазақ тілінің фонетикасын пән ретінде қалыптастырған тілші-ғалым. Бұған «Қазақ тілінің грамматикасының» «Сөздің дыбыс құрылысы», «Сөздің буын құрылысы», «Сөз мүшелерінің қиындасуы» сияқты бөлімдері дәлел бола алады. Мұнда белгілі фонетист Ә.Жүнісбековтің пікірінше, «...дыбыс, дыбыстың саны мен сапасы, дауысты дауыссыздар, олардың артикуляциясы мен акустикасы, дыбыстау аппараты, буын, сингармонизм, екпін түгел сөз болады. Сөйтіп, фонетика бөлімі бас-аяғы бүтін жүйелі тарауға айналған» [40].

Шынында да, оқулықтың фонетикаға қатысты бөлімдерінде ғалым «Бір сөзді бір сөзден қалай айыруға болады?», «Дыбыс деген не?» деген сұрақтарға нақты жауап берумен қатар, тілдің дыбыстық жүйесін жан-жақты түсінуге мүмкіндік беретін «Дыбыс пен мағына», «Дыбыстардың саны мен сапасы», «Қазақ тілінің дыбыстары», «Дауыстылар», «Дауыссыздар», «Дыбыстаушы аппарат», «Буынның түр-түрі» және т. б. тақырыптар арқылы 5-сынып оқушыларына толық ғылыми дәлелденген мәлімет береді.

Оқулықтағы «Буынның күші», «Сөз екпіні», «Сингармонизм, «Үндестік заңы» деген тақырыптар қазақ буынының табиғатын білу, тілдегі сингармонизм заңының атқаратын қызметін меңгеруге арналған.

Қазақ фонетикасының өзіндік ерекшеліктерін зерделеуге арналған оқулықтың бұл тарауларында тіл дыбыстары жан-жақты жіктеліп, олардың фонемалық сипаты көрсетіледі, фонема санының 26 екені айтылады. Қ.Жұбанов дыбыстау түріне қарай дыбыстарды жүйелегенде, оларды дауысты, дауыссыз, сонор дыбыстар деп бөлсе, дауыстылардың өзін дыбыстау түріне қарай толық (үнді), келте және қосынды деп үшке, ал жасалуына қарай еріндік, езулік деп екіге бөледі. Тілдің сөйлеген кезде жоғары көтерілу, төмен түсу ыңғайына қарай а/ә,о/ө,е дауыстыларын толық дауысты, ы/і,ұ/ү дауыстыларын келте деп атайды. Ал қосынды дауыстылардың бір дауысты, бір дауыссыз екі дыбыстан құралатынын ескертіп, оларға -ұу; -үу; -ый; -ій -ді жатқызады.

Дауыссыз дыбыстардың бәрінің егіз болатынын ескерте отырып, ғалым олардың өзін бірнеше түрге бөледі. Үн түріне қарай дауыссыздарды үнсіз-үнді деп айыра отырып, Қ.Жұбанов үнсіз дауыссыздарды екі жікке ажыратады. Б, д, ж, з, ғ дауыссыздарын ұяңдар тобына, п, т, ж, с, қ, к дауыссыздарын қатаңдар тобына жатқызады. Жасалу жолына қарай п-б, т-д, қ-ғ, к-г дегендерді үздікті дауыссыз, с-з, ш-ж дегендерді үздіксіз дауыссыз деп бөлген.

Үнсіз дауыссыздар жасалу орнына қарай көмей, тіс, ерін дауыссыздары деп аталатын үш топқа ажыратылады. Оқушылардың түсінуіне жеңіл болу үшін дыбыстардың өзара жіктелісін қарапайым үлгіде тұжырымдап бергенін байқауға болады.

Сонор (үнді) дауыссыздарды Қ. Жұбанов алдымен тура жолды сонорлар және айналма жолды сонорлар деп екі топқа бөліп, оның алғашқысына ү, й, кейінгісіне р, л, н, ң, м дауыссыздарын жатқызады. Соңғы топтағы сонорларды ауыз жолды, мұрын жолды деп екіге айырып көрсетеді. Сөйтіп, Қ.Жұбанов дыбыстардың жасалу жолдарын жан-жақты қарастыра келе, олардың толық топтастыру жүйесін жасап берумен қатар фонеманың өзіндік қасиеттерін оқушылар ұғымына түсінікті етіп баяндайды.

Профессор Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасында» тілдің дыбыстау мүшелерінің қызметі туралы жан-жақты толымды пікір айтылады. Бұл оқулыққа дейін сөйлеу органдары артикуляциясының талданбауы да ғалым оқулығының маңызын арттыра түседі.

Сондай-ақ оқулықта сөз екпіні үндестік заңымен байланысты қаралады. Ал екпіннің қызметін ғалым «Бір сөз ішіндегі буындарды тарқатпай, матастырып ұстау үшін керек», - [14] дейді. Жұбановтанушы-ғалым Н.Сәдуақас профессор Қ.Жұбановтың орта мектепке арналған аталмыш оқулығының фонетикаға қатысты бөлімі туралы былай пайымдайды: «Ғалым жазған «Қазақ тілінің грамматикасы» еңбегінің фонетика бөлімі ғылыми жалғастығын тапқан бүгінгі күнгі фонетика саласындағы жетістіктеріміздің бастауы болып саналады».

Қ.Жұбанов грамматикасының фонетикаға қатысты терминдері мен қазіргі орта мектеп оқулықтарында қолданылып жүрген терминдер арасындағы ерекшеліктер арнайы қарастыруды қажет ететін мәселе. Жоғарыда айтылғандай, 1936 жылғы грамматикада дауысты дыбыстарды автор дыбысталу түріне қарай толық дауыстылар (а,ә,е,о,ө), келте дауыстылар (ы,і,ұ,ү), қосынды дауыстылар (ұу, үу, ый, ій) деп үшке бөледі. Сол сияқты «Жаңа грамматикада» дауыстылар жасалу түріне қарай ерін дауыстылар және езу дауыстылар деп бөлінген. Бұдан Қ.Жұбановтың дауыстыларды жіктеуде қазақ тілінің табиғатына орайластыра, түсініктірек етіп, яғни қай дыбыс неліктен солай аталатынын дидактикалық тұрғыдан талдап, түсіндіргенін аңғаруға болады. Дыбыстарды Қ.Жұбановша жіктеу әрі түсініктірек, әрі қазақ ұғымына жақындау келеді. Қ.Жұбанов оқулығы мен қазіргі оқулықтардағы дыбыстарды жіктегенде де айтарлықтай айырмашылықтар бар екені байқалады. Егер Қ.Жұбанов оларды дауыстың қатысына қарай үнді ,үнсіз деп бөлсе, қазіргі оқулықтарда оларды үздіктілер мен үздіксіздер деп, жуысыңқы дыбыстарды «сыбыр», «сыбыс» деп атаған. Ал бұл атаулар қазіргі оқулықтарда дауыссыз дыбыстардың сипаттамасы ретінде кездеседі. Сонымен қатар ғалым сонор дауыссыздарды «тура жолды», «айналма жолды» деп атайды.

Ғалым дыбыстау мүшелерінің физиологиясын түсіндіруге де баса мән берген. Қазіргі мектеп оқулықтарының «Фонетика» бөлімінде: «Ауа өкпеден кедергісіз шығып, үннен ғана тұратын дыбыстарды дауысты дыбыстар», ал «Өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырап шығуынан пайда болатын дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз»,- [41] деп берілген. Қ.Жұбановтың пайымдауынша, дыбыс физиологиясын талдамас бұрын физикалық тұрғысы жағынан қарағанда, дыбыстың қозғалуын толқыннан болатынын еске алу және толқын мен қозғалудың да белгілі бір шекте және мөлшерде болуының шартты екендігін ұмытпау керек. Сөйтіп, ғалым әр дыбыстың табиғатын дидактикалық тұрғыдан пайымдайды.

Балаға лингвистикалық білімді игертуде тілдің функциональдық-мазмұндық жағына баса мән беру оның табиғатын жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді. Қ.Жұбановтың осы мәселелерді түсіндіруде оларды бала ұғымы тұрғысынан нақты дәлелдеуге ден қойғанын байқауға болады.

Ғалым оқулығының «Сөздің буын құрылысы», «Сөз мүшелерінің қиындасуы» деп аталатын бөлімдерінде буын мен оның түрлері, сондай-ақ буын күші, сөз екпіні, сингармонизм мәселелері де жан-жақты түсіндіріледі.

«Сөзді дыбыстарының қалпын бұзбай, бөлшектегенде пайда болатын дыбыс үйірлерін буын дейміз», - [14] дей келе, фонетикалық бірлік ретіндегі буын категориясының анықтамасын тұжырымдай келе, профессор Қ.Жұбанов алғаш рет дыбыстардың тізілу тәртібіне қарай қазақ тілінде буындардың алты түрі бар екенін көрсетеді: «Жалаң буын (Ды), ашық буын (Дз/Ср+Ды); жеңіл тұйық буын (Ды+Дз/Ср); жеңіл бітеу буын (Дз/Ср+Ды+Дз/Ср; ауыр тұйық буын (Ды+Ср+Дз), ауыр бітеу буын (Дз/Ср+Ды+Ср+Дз») [14, 199 б.]. Қазіргі мектеп оқулықтарында буындар дауыстылар мен дауыссыздардың өзара алмасуына қарай ашық, тұйық бітеу буын деп үшке бөлініп қарастырылады. Қ.Жұбанов буындарды баяндауда «дыбыс үйірлері» деген терминді сәтті пайдалана отырып, оларды ең алдымен дыбыстардың санына қарай бір дыбысты, екі дыбысты, үш дыбысты, төрт дыбысты буын деп бөліп қарастырады. Жалпы, Қ.Жұбановтың қазақ тілінің фонетикасын, оның ішінде буын табиғатын меңгертуге арналған ғылыми- теориялық тұжырымдарының сауат ашу ісінде және жалпы оқушыларға тілдің фонетика саласын меңгертуде тиімділігі жоғары екенін қазіргі әдістемеші-ғалымдар да атап көрсетеді. Соңғы жылдары авторлық «Әліппе» оқулығын ұсынып жүрген әдіскер-ғалым А.Кенжеғұлова 1-сынып оқушыларының сауатын аштыруда алдымен дауысты дыбыс әріптері жұпталып, бір аптада үйретілетінін айтады (а-ә, о-ө, ы-і, ұ-ү). Осымен байланысты оқушылардың дауысты дыбыстарды тез үйренетінін айта отырып, А.Кенжеғұлова оның себебі, біріншіден, әдістеме бойынша салыстыру тәсілінде десе, екіншіден, фонетикалық тұрғыдан ол жұп дауыстылардың Қ.Жұбанов айтқандай, бір дыбыс екендігінде деп дәлелдейді. Профессор Қ.Жұбановтың О мен Ө, Ы мен І дыбыстарын бір дыбыс деп қараған фонологиялық қағидасын негізг ала отырып, А.Кенжеғұлова дауыстыларды салыстыруда олардың дыбысталу ұқсастықтарының басымдылығына сүйенеді. Сөйтіп, «Әліппе» авторы әріп түзілісі бойынша тез сауаттандырудың негізгі себебі тіліміздің дыбысшыл қасиетінде, яғни ана тіліміздің табиғатына сүйенгендігімізде деп атап көрсетеді.

Авторлық «Әліппе» жүйесінде дауыстылар меңгертілгеннен кейін, дауыссыздар жұпталып танытылады, сонымен қатар оқушылар бұрын өтілген дауыстылар арқылы буындар құрап үйренеді. Сөйтіп, Қ.Жұбанов пайымдауларын негізге алып тәжірибе жүргізген А.Кенжеғұлова әріптерді қосып, тұтас сөз оқытуда қазақ тілінің табиғатына негізделіп алынған, алдымен екі дыбыстан құралған жеңіл тұйық буыннан сөздер құрап оқыту (мысалы, аш, ал, ас, т.б.) оқушыларға жеңіл болатынын анықтайды. Оқушы буын арқылы тілдің ерекше өзіндік құбылыстарын сезініп, мағыналы сөздер жасауға үйренеді. Бұл шынында да, Қ.Жұбанов дәлелдеген қазақ тілінің буыншылдық қасиетін практикалық тұрғыдан танып-білуге көмектеседі. А.Кенжеғұлова оқыту тәжірибесінде осы тәсілді қолдану үдерісінде оқушы бірнеше сауаттанатынын тұжырымдай келе, мұның негізінде қазақ тілін тереңдетіп оқытуды бастауыштан бастауды және оқушылардың Қ.Жұбанов есімімен алғаш 2-сыныпта танысатынын атап айтады: «Авторлық «Әліппе» жүйесінде дауыстыларды жұптап өткен соң дауыссыздар жұпталып танытылады, сонымен қатар оқушылар сол дауыссыздардың алдында өтіп кеткен дауыстылар арқылы буындар құрастырады. Міне, осы оқушы буын құрастыру әрекетінде тамаша тіл құбылысын сезінеді: ол түсінетін мағыналы сөздер (буындар) туындай береді, туындай береді... Ал бұл дегеніңіз профессор Қ.Жұбанов айтқан қазақ тілінің буыншылдық қасиетінің күштілігі. Оқушы 2,5 айда тез сауаттанады». Бұл пікірдің дұрыстығын Мүслима Жұбанованың төмендегі сөздері де қуаттай түседі: «...Тіліміздің фонологиялық құрамының фонологиялық тұрғыдан дұрыс айқындалмағандығы тек балаларға әріп таныту ісінде ғана емес, тіл дыбыстарын дұрыс меңгертуге де үлкен зиянын тигізіп келеді. Іс жүзінде оқушылардың фонеманы есту қабілеті әліппе кезінде дамуы керек болса, ондай қабілеті жоқ балалар ана тілінің «сапалы дыбыстарын ести алмай, оқуда да, жазуда да қате жібереді. Сауат ашу ісінің тетігін буын ерекшелігінен іздейік, сондай-ақ жаңа дыбыстарды таныстыру ісін де буынның түріне, яғни оқытылатын дыбыстың сөз ішінде тұрған орнына (позициясына) қарай, соған сәйкестеп өткізу қажет».

Қ.Жұбанов сингармонизм заңын тілдегі түбір мен қосымшаны жымдастыратын цемент деп қарайды және оны тең түбірге ғана қатысты заң деп ұғудың теріс екенін елеп-екшеген. Сондай-ақ ғалым қазақ тіліндегі түбірлердің бірыңғай әрқашан жуан не жіңішке болып келе бермейтіндігін тілдік фактілермен дәлелдей отырып, үндесу заңын түбір мен қосымшаға қатысты заң деп түйіндейді.

Осы ретте белгілі фонетист-ғалым Ә.Жүнісбектің профессор Қ.Жұбановтың қазақ буыны мен дыбыстарының табиғатын тани білген көрегендігі туралы төмендегі пікіріне назар аударалық: «Қазақ тілі дыбыстарының буын ішінде үндесіп барып сөз құрайтынын аңғарған ғалым Қ. Жұбанов «Қазақ тілі буыншыл тіл», - деп, соны жаңалық айтқан» [41].

Сонымен, Қ.Жұбановтың тілдің фонтика саласы бойынша жаңаша саралап көрсеткен тұжырымдарын былай қорытуға болады:

-ғалым қазақ тілінің дыбыстық жүйесін алғаш арнайы ғылыми-зерттеу жұмысының нысанына айналдырып, шынайы ғылыми мәнге, жаңа танымға негіздеді;

- қазақ тіліндегі дыбыстардың фонологиялық ерекшеліктері туралы соны ғылыми пікір қалыптастырды;

- қазақ тілі фонетикасына жаңа терминдер енгізді.

2.2 Жұбанов тілдік танымын зерттеуші ғалымдар пікірі


Кешеуілдеп өссе де бірден күрт көтерілген ғылым саласында халықтың қақ ортасынан шыққан аса талантты адамдарымыз аз болған жоқ. Баланың булығып өсіп бір жыл ішінде-ақ ер жеткен бойшаңдар тобына қосыла кететін бақытты шағы сияқты. Отызыншы жылдардың бас кезінде ҚазПИ-де тарих, тілтану, әдебиеттану, педагогика, экономика кафедраларын қолға алған жас профессорлар лекция оқуға кірісті. Бұлар бұрын басы құралған кафедралардың оқыту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа сатыға көтере бастады. Бұл жаңа дәуірдегі жаңа мазмұнды ұлттық ғылымның ілгерілей беруіндегі сүйсінерлік көрініс еді. Осы жас ғалымдардың ішіндегі аса таланттыларының бірі дерлік көзге ерекше түскені Құдайберген Жұбанов болатын. Ол аз өмір сүрген бірақ аз өмірінің ішінде терең білімдік, талапты ғалымдық, сүйікті ұстаздық, ірі мәдени қайраткерлік сапында үлкен із, жарқын бейне қалдырып кеткен жан.

Ол – тіл ұстазы. Тілтану ғылымының мұхиты дерлік Ленинградтағы Шығыс институты мен бұрынғы академик Марр атындағы «Тіл мен ой» (Тіл және ойлау) академиясының игі төрінде білім құшақтаған адам. Жас шағының ең ажарлы кезін тек қана білім алуға, ол алған білімін еліне аямай сарп етуге арнаған адам. Тіл тағдыры халық тағдырымен байланысты. Ендеше, оны ұғыну үшін жалпы теориялық жайларды бес саусағындай білумен қатар халықтың тарихын, оның тарихи көшіндегі өтетін өткелдері мен кешетін тайғағы мол азапты жолын: шарықтауын, құлдырауын, қайта өрлеу талабын тасқа таңба басқандай көз алдыңа келтірмеске бола ма! Ол үшін ой көркемдігін бейнелеген тіл құралдарымен, тілін өркендеткен ой өрісімен, яки көркем сөзімен, көркем өнерімен, көркем үнімен, бұлардың әріден келе жатқан мұралық түрлерімен жете таныс болу бірінші шарт сияқты шындықтар. Осы шарттарға Құдайберген Жұбанов төрт жағы түгел сай келген ұстаз-ды. Бұл жөнінде өзімен қатарлас өмір сүрген, өз саласында айқын із салған тарих ғалымы проф. Санжар Асфендияров, әдебиеттің қос алыбы Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезов барабарлы ұстаз еді деуге болар еді. Құдайберген Жұбановтың ғылымдағы құлашының кеңдігі мен ойының тереңдігін оның қазақ тілі грамматикасы мен фонетикасын зерттеуді қолға алғанынан шамалайсыз, «Из истории порядка слов в казахском предложении» мен «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» деген еңбектерінен байқайсыз: «Терминология, орфография, тіл сабағын берудің әдістері» дейтін жұмыстарынан болжайсыз. Ал «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» және «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жайлы» дейтін ғылыми очерктерінде тіл тарихымен ұштастырып көркем әдебиет пен көркемөнер тарихын қамтыған тереңдікті көресіз.

Құдайберген Жұбановтың лекцияларындағы ой өрістілігі, материал байлығы, ғылыми жүйелілігі тыңдаушы шәкірттеріне тарих дүниесінің бұдан бұрын тас жабық жатқан есігін шалқасынан салғандай әсер ететін. Түркі тілдерінің түп-тамырын зерттеуге арнаған дәрістерінде орхон-енисей жазуларының сыр-сипаты жоғарыда айтқанымызды дәлелдейді. Өйткені, Орхон бойын жайлаған тайпаның құлпытастарға жазып кеткен жазуы: түркі елдерінің қағанаты (хандығы) тарихы, міне – осы деп тұрғандай. Онда: бір елдің салты, ғұрпы, жауласуы, жеңуі, жеңілісі, аңшылық саяхаты, тағы басқасы әміршінің құдіреттілігін паш ету арқылы хикаяланған ғой.

Бұл дәстүр – ертеден келе жатқан көне Мысыр патшаларының (перғауындарының) тірі кезінде де, өлгеннен кейін де ұлылығын дәріптей беру салты сияқты. Сонымен бірге бұл – сол кезде өмір сүрген тайпаның мәдениеті де ер жетіп қалғанының айғағы. Өйткені, жазу-сызу, оны тасқа түсіру (таңбалау, қашау, әдемілеу) өнері көркемдік өнерге ең кемі тастан таспа тілерлік шеберлікке байланысты... Жеке баяндамалары мен мақалаларында Құдайберген Жұбановтың қазақ тілі тарихын зерттеуді терең және жан-жақты жүргізгенін көреміз; бір тектес тілдердің тарихымен, тарихи мұраларды талдау әдісімен әлеуметтік құбылыстардың өзгеру жолымен тығыз байланыстырғанын байқаймыз. Осының бәрі тіл тануды тар шеңберден шығарып ғылыми кең арнаға салудың басы сияқты көрінеді. Сөйтіп, жалпы тілтану ғылымының теориялық мәселелері, қазақ тілі тарихын зерттеу ісі, тіл құралын дайындау жұмысы және де толып жатқан ғылымимәдени істер жас профессордың батыл түрде қолға алған игі бастамалары болатын. Жас демекші. Орта жастан әрі өрлеп, өмірдің биік қырқасына көтерілген жандарға отыздың о жақ, бұл жағындағылар бала тәрізді көрінеді. Алоқу жасындағы балғын жігіттер мен бала қыздарға отызға келгендер де сақа тіпті көрі адамдай. Бұл табиғи да нәрсе. Ленинградтан келген біздің ғалым ұстазымыз Құдайберген Жұбанов отыз екінші жылы өмір биігінің талай белдерінен асқан, ақыл-ой кәмелетінің бар тұтқасын бір өзі ұстаған қияпатты, байсалды, жасы да толысқан, аса үлкен адам сияқты еді. Сонда ажарлы дөңгелек жүзді, ақылы сыймай тұрған сұлу көзді қалың қара бурыл шашты, тіп-тік мүсін денелі, орта бойлы, келісті қара торы профессор. Отыздың үшеуіне жаңа ғана иек сүйеген, қазіргі біз тұрған биіктен бұл «өте жас». Алайда, тап осындай жаста білім шыңына шығып үлгерген, ірі ғылыми атаққа ие болған, қоғам өмірінің барлық саласында да үздік өрлеген даңқты адамдар сол кезде де аз емес-ті. Кейбір ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің талантты еңбектерімен қатар жеке басының ерекше қасиеттері болады. Бұл қасиеттер алдымен өзгеге аямай көрсеткен ақылгөй ағалық, ұстаздық сияқты адамгершілік жомарттығынан көрінеді. Осының басты белгісі: сол кезде Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов жөне Мухтар Әуезовтердің соңынан шұбырған жастардан, қаумалай отырысып ұлағатты әңгіме тыңдаушы оқушылардан көз жерге түспейді дерлік еді. Біз бұл шағын сөзімізде тілтану ғылымында көрнекті із қалдырған ғалым, кафедра басқарған коммунист, профессор Құдайберген Жұбановтың аса құнды еңбектеріне ғылыми шолу жасау, талдап беру міндетін алға қоймадық. Тек оның ерекше бейнесін көз алдына келтіруге тырыстық.

Дарынды ғалым, түрколог, педагог Құдайберген Жұбанов 39 жасында 1938 жылы 25 декабрьде жалған жаланың құрбаны болды. Оның көз жұмғандағы бейнесін бала-шағалары да, шәкірттері де; жора-жолдастары да көрген жоқ. Сол кездегі қан түкірген қаһарлы күндердің соққысына душар болмағанда, Қ.Жұбанов бүгінгі дамыған тіл білімінің төрінде отырар еді! Оның жарқын бейнесі біздің көз алдымызда: байсалды, қажырлы, көз жанарынан ақыл-ой байлығының нышандары белгі беріп тұрғандай келбетті адам ретінде қалыпты. Оның ұшқыр ойлы, байыпты мінезді, ұстамдылығы сөзінен де, ісінен де айқын көрінетін. Адамның ондай қасиеттерін бағалайтын кісіге оның кемел жасынан гөрі даналығы бұрын байқалады.

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов Ленинград аспирантурасын бітіріп, ҚазПИ-дің Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, студенттерге лекция оқитын профессор бола жүріп, осы негізгі қызметін қаладағы Қазақ тілі пәнінің оқытушылары, ғылыми қызметкерлері үшін өзі ұйымдастырған лингвистикалық үйірме жұмысымен ұштастырады. Лингвистикадан білімі таяз мамандарға ол оқыған лекциялар тындаушыларын қызықтыра түсті. «Қазақ тілінің жоғары курсы» бойынша үздіксіз лекция тыңдағандар: Ш.Сарыбаев, Ғ.Бегалиев, Ы.Маманов, Қ.Басымов, Ә.Ермеков, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтардан басқа қала мектептеріндегі Қазақ тілінің оқытушылары болатын. Профессор Қ.Қ.Жұбановтың жоғары курста оқыған лекциялары тіл білімінің, әсіресе Қазақ тілінің актуалды проблемаларына арналған зерттеу жұмыстарының нақты қорытындылары еді. Олар Қазақ тілінің фонетикалық, морфологиялық, грамматикалық жүйелері мен алфавит, орфография, терминология мәселелері лекцияға қатысушылардың пікір таласы – талқысына да салынып, олардың назарын Қазақ тілінің өмірлік те, теориялық та мәселелеріне аударатын. Қ.Жұбановтың осындай және басқа да еңбектері арқылы қазіргі Қазақ тіл білімінің іргетасы қалана бастады. Сондықтан оны біз қазақ тілін ғылыми жолмен зерттеу жұмысының негізін қалаушы деп танимыз.

Қазақ тілі ертеден ғалымдардың зерттеу объектісі болғанымен, оның шарықтап дами бастаған кезеңіңде ұлт тілдерінің қызметі де арта түсті. Жаңа замандағы өмір талаптары Қазақ тілінің де халық мүддесін өтеуге қызмет ету мүмкіншілігін күшейтті. Сол бағыт әдебиеттің, музыка, театр өнерінің, әсіресе жалпы бұқараның тіл мәдениетінің, ғылымның дами түсу, көркею өрісін кеңейтті. Солар үшін маман кадрлар даярлана бастады. Ненің де болмасын басталуы қиын да, жетілуі одан гөрі оңай сияқты. Бұлардың ара салмағы көш бастаушының әрекетімен байланысты. Қазақ тіл білімінің де жоспарлы түрде белгілі талаптарға сәйкес зерттеле басталған қыруар жұмыстарының басында ерекше дарынды білімді ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың болуы – ғылымымыздың жұлдызы оңынан туғандығының белгісі еді.

20-30 жылдары осы ғалымның басшылығымен тіл біліміне жүктелген ірі жұмыстар қолға алынды. Тіл білімі мамандарын даярлау, қазақ жазу мәдениетін, терминология принциптерін дұрыс жолға қойып, ілгері дамыту, фонетикалык, грамматикалық, лексикалык, зерттеулердің негізін қалау, студенттерге, қазақ тілін оқытушыларға, жас мұғалімдерге білім беру т.т. бәрі де сол бір шарапатты адамның ықыласының арқасында жас ғылымның беймаза қомқоршысы болуы нәтижесінде басталды. Қ.Қ.Жұбанов өзінің әр алуан зерттеу жұмыстары арқылы өнегелі ірі-ірі еңбектерге бас-көз әрі зерттеушісі болғандығынан біз оны қазіргі тіл білімінің аса әйгілі құрметті ғалымы деп танитынбыз.

М.О.Әуезов пен I.Кеңесбаев 1957 жылы «Профессор Қ.Жұбанов – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы» деген мақаласында, Рәбиға Сыздықованың «Ғалым – азамат» атты Қ.Жұбанов туралы кітапшасында және басқа да мақалаларда Қ.Жұбановтың еңбегіне осындай дұрыс баға беріліп келген болатын. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегенде, ғалымның жақсылығы басынан асып жатса, оның мерейі де үстем болсын деуге болады. Қ.Жұбанов өзімшілдікті білмеген, өзгелердің де өзі сияқты өсіп-жетілуіне қамқоршы болған, көмектескен ақ ниет, адал пейіл, аға тұтатын ғалым. Осы қасиеттер бір адамның басына шоғырланса, оны қалайша мақтан етпессің? Профессор Қ.Жұбанов сондай адам еді. Ғылымда жеке адамның қызғаншақ, монополист болғаны жаман нәрсе. Бізде қолы тиіпкеткен белгілі проблемаларды қызғыштай қорғайтындар бар. Ғалымның дамуына кеселді кесірін тигізетін ондай келеңсізқылықтар ғылымда тоқырау туғызады, маңына өзгелерді (әсіресеғалымдарды) ұйыстыра алмайтын, даму бағдары айқындалған тақырып маңына басқаларды тартуды ұнатпайтын ғалым ғылымсалаларын жан-жақты дамыту мектебін құра алмайды.

Қ.Жұбанов тілдік білім деңгейін өте жақсы білді. Өкініші – игілігі мол әрекеттерге енді-енді бастағанда, қаһарлы зұлматтың қырсығына душар болып, алға қойған үмітті кілт үзілгендей болды. Бірақ одан сабақ алған, еңбектерін пайдаланған адал шәкірттері, қазақ тілін зерттеушілерөздерін Қ.Жұбанов бастаған ғылымды әрі қарай дамытушыларымыз деп біледі. 30-шы жылдар Қ.Қ.Жұбанов үшін қажымай-талмай істейтін уақыт болды. Жұмыс көп, міндет ауыр. Кезек күттірмейтін, жедел істеп бітіруге тиісті міндеттер алфавит, орфография, терминология жасау, оқулықтар жазу жұмыстары – бәрі де өмір талабына лайық істелуге тиісті қауырт жұмыстар. Бұл жұмыстарға Қ.Жұбанов сол кездегі жас ғалымдар I.Кеңесбаев, С.Аманжолов, С.Жиенбаевты тартып көрді. Сол кездегі оқу құралдарының сапасы нашар болу себептері туралы Халық ағарту комиссары Т.Жүргенов арнайы мақала жазып (Мектептің оқу-тәрбие жұмысы және «дүмше молдалар». «Социалистік Қазақстан», 28. II. І937 ж.), онда II класқа арналған окулықтың авторы I. Кеңесбаевты сынады. 30-жылдарда бастауыш мектептің 3-класына арналған Аманжоловтың оқулығы да сынға ілініп, жарамсыз деп табылды. Т.Шонановтың сол кезде шыққан мектеп оқулығы жөнінде «тіл білдіру емес, тіл бүлдіру» деген сын мақаласы жарияланды. Енді оқулықтар сапасын жақсарту, жаңа оқулықтар жазу міндеті ең алдымен Қ.Жұбановқа міндеттелді. Мектептерге оқулық жазудың жағдаяты осылай болған соң Қ.Жұбанов бұл жайында өзіне жүктелген міндеттерге барынша үлкен жауапкершілікпен қарады. Онымен бір кездескенімде: «Оқулық – жүрдім-бардымның жұмысы емес, өте жауапты жұмыс. Қазіргі ғылымымыздың түп қазығы сол оқулық болу керек.

Оның ғылыми назарын жастар жақсы білу үшін тіліміздің қалыптасқан заңдылықтарын айқындап алуға тиіспіз. Орыс оқулықтарынан, одан-бұдан көшірілген ережелер жастардыңбілім жұмырына жүк болмайды. Маған 5-6 класс оқушыларынаарнап кітап жазу тапсырылып еді. Мен оны бітіру мерзімін созып алдым. Себебі, фонетика, грамматика құрылыстарының заңдылықтарын әлі айқындай алмай жатырмын.

Оларды жақсы білмей, жақсы оқулық жазу мүмкін емес», – деген еді. Қ.Жұбановтың сол айтқан оқулығы 1936 жылы бітіп, баспадан шығып, мектептерде енді-енді қолданыла бастап, мұғалімдерден жақсы бағасын алып жатқан кездерде жалақорлар оқулықтың авторын «халық жауы» деп қамауға алдырды. Әлі есімде, 1934-1938 жылдары біз Ленинградта оқып жатқан аспирантпыз. Алматыдан келген хабарға құлақ түреміз, келген таныстар болса, шүйіркелесе кетеміз.



Бір күні Ленинградта Қ.Жұбанов келді. Ол Невскийдегі үлкен қонақ үйінің люкс бөлмесіне орналасыпты. Біз барып едік, кәдімгі қадірмен қонақтары келгендей, құшақ жайып қарсы алды. Әңгімеге кірісе беріп едік: –Мен де аспирант болғанмын. Олар әңгімеден бұрын, тойып тамақ ішіп алмаса, көңілдері көншімейтінін білемін, – деп даяршыны шақыртып, тамақ-шарап заказын берді. Аспиранттың бір тойғаны – шала байығаны демекші, әбден көңілденіп алып, ұзақ әңгімеге кірістік. Біз оқуымыз, тұрмыс-халімізтуралы сұрақтарға жауап бердік. Құдайберген ағай әрқайсымыздың бетімізге бір-бір қарап алып, оқу бітіріп, Алматыға барғанда Қазақ тіл білімі бізден қандай үміт күтетінін, алдағы уақытта ғылым-білімге аңсаған Қазақстанда бізге жүктелетін нелер екенін, тіл білімінің қазіргі хал-жайын, өзінің, өзгелердің істеп жатқан еңбектерін айтты. –Қазақ тілінің мәселелерін зерттеу деген сөз дайын схемаға, ережелерге сай келетін жаңа мысалдар теріп жазу емес, материалдарды ұқыпты түрде жинап, соларды салыстырып, салғастырып отырып, содан қорытынды шығара білу. Олай етпегенде зерттеуші көп қойға шағын қора салып, оған қамалатын қойлары сыймай қалатындай, немесе дайын қораға азын-аулақ қойды қамай салғандай болмауы керек. Сөз таптарын сөз етушілер де сол сияқты ертеден үйреншікгі болған түр-түрін қайталамайды да, солардың әрқайсысына мысалдар іздейді. Ол схемаға енбейтін сөздер сөз таптары жүйесіне ене алмай, сыртта қалып қояды. Ненің де болмасын қандай-қандай түрі (тобы) бар екенін әрбір тілдің өз материалын айтып тұратын болғаны жөн. Сондай материал-фактілерді сөйлете білу – бұл зерттеушінің қабілетімен, шеберлігімен байланысты, – деді профессор Қ.Жұбанов. –Біздер, аспиранттар, диссертация тақырыптарына қатысты материалдарды қарастырғанымыз болмаса, Қазақ тілі курсын өтпейміз, – деді аспиранттардың бірі Ордабай Ағыбаев. –Бұл жерде Қазақ тілінің маманы жоқ. Қазір сендерге оның керегі де жоқ. Алматыға барған соң өздерің-ақ ондай курсты оқып, оқытып біліп аласыңдар. Сендер бұл жерде жалпы тіл білімінің мәселелеріне арналған әдебиеттерді оқып, лекциялар тыңдаңдар. Младограмматиктер мектебі сияқты шетел оқымыстыларының жазғандарын біліп алыңдар», – деген сияқты ақыл-кеңестерінің үстінде Құдайберген ағай біздің білімімізді сынағандай болып, оны-мұны сұрап қояды. Қысқасы, қарнымыз тойып, ақыл-кеңеске қанығып, бүгін бір жасап қалғандай, Невскийге шыққанымызда, Ордабай Кәрім Бекеновке (ол да аспирант) қарап: –Міне, ғалым да, кішіпейіл адам да осындай болу керек, – дейді. Мен Алматыға аспирантураны бітіріп келгеннен кейін де Құдайберген ағаймен көп кездесіп жүрдім. Сонын, бәрінде тіл білімі жайындағы жанға жағымды, көңілге қонымды ой-пікірін айтатын. Алдағы жоспарларының нелер екендігін, біздерге жүктелген міндеттердің нелер екендігін дәлелдеп түсіндіретін. Сондай ұстаздардың, ардагер ғалымның ойламаған жерден арамыздан ерте кетуі өкінішті-ақ. Бір жақсысы – оның жазып қалдырған қолда бар еңбектеріне сүйеніп, тіл білімі мамандарының әр түрлі тақырыпқа әралуан кітап, мақалалар жазып, диссертациялар қорғалып, ілгері аяқ басып жатқаны сол проф. Қ.Жұбанов сияқты ғалымның игілікті істері деп білемін.

Қорытынды

Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың әдістемелік мұрасы туралы төмендегідей тұжырымдар жасалды:

Қ.Жұбановтың қазақ тіл білімі ғылымының білгір маманы, қоғам және мемлекет қайраткері, танымал әдіскер, ірі көсемсөз шебері ретінде қазақ ғылымы мен мәдениеті төрінен орын алуына алдымен ғалым өмір сүрген заман, сол замандағы тарихи-саяси жағдайдың ықпалы зор болғаны анық. Сондай-ақ бұл кезең ғалымның заманынан озық туған ғылыми-әдістемелік көзқарастарының қалыптасуына да игі ықпал етті. Жалпы, Қ.Жұбановтың әдістемелік еңбектерінің қайнар көзі Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов сынды ұлы ағартушылар еңбектерінен бастау алса, оның еңбектеріндегі дидактика мәселелері жоғарыда аталған ұлы тұлғалар ілімі негізінде қарастырылып, дамытылған.

Қ.Жұбановтың әдістемелік мұрасы әлемдік әдістеме ілімінің маңызды бір бөлігі болып табылады. Қазақ халқының оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі өз тәжірибесімен қатар, әлемдік ғылым мен мәдениеттің озық үлгілерін бойына сіңіре білген ғалым бұл құндылықтардың ең негізгілерін қазақ лингвистикасының өзекті мәселелерімен сабақтастырып қана қоймай, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының жаңаша сараланып, оның шешімін таппаған мәселелерінің сын тұрғысынан зерделеніп, ғылымның жеке саласы ретінде қалыптасып, дамуына сара жол салды. Олай болса, ғалымның әдістемелік мұрасы қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының қалыптасу, даму және жетілу деңгейін терең түсінуге, оның әдістемелік пайымдауларын қазіргі ғылымдағы ізденістермен салыстыра отырып зерттеуге мүмкіндік береді.

Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің програмы» – қазіргі оқу бағдарламаларын жасаудың алғашқы үлгісі. Ол – қазірге дейін дидактикалық, әдістемелік тұрғыдан құнын жоймаған, теориялық білім берудің классикалық негізін қалаған, ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, дамуына жол салған еңбек ретінде жоғары бағаланады. әдістемелік мақалаларында, оқулығы мен бағдарламасында көрініс тапқан оқыту ұстанымдары мен әдістері бүгінгі әдістеме ғылымында берік орын алған. Бұл өз кезегінде ғалымның әдістемелік пайымдауларының бүгінгі күнмен сабақтастығын дәлелдейді.



Ғалымның 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығы – дидактиканың ғылыми ұстанымдарына негізделген, тілді әлеуметтік, функциональдық-мазмұндық тұрғыдан меңгертуге алғаш қадам жасалған, тіл білімі салалары мен оның терминдерінің алғаш сараланып, жүйелі қолданылуына негіз болған, қазақ халқының өз салт-дәстүріне сүйеніп жазылған, мазмұндық-құрылымдық жағынан бұған дейінгі оқулықтардан ерекшеленетін, ғылыми негізде дәйектеліп, кешенді түрде дайындалған бірден-бір оқулық. Сондықтан Қ.Жұбановты оқулық жасау теориясының ғылыми негізін жан-жақты айқындап, оқулықтану теориясының іргетасын қалаған ғалым деп танимыз.

Пайдалынылған әдебиеттер тізімі

    1. Байтұрсынов А. «Қазақ» газеті.- Алматы, 1998. -5 б.

    2. Әбілқасымов Б. Ахмет Байтұрсынұлы һәм «Қазақ» газеті. // Ұлттық тілдің ұлы тіні - 1999.- Б. 494-505.

    3. Әуезов М. Ахаңның 50 жылдық тойы. // Ұлттық рухтың ұлы тіні. - 1999. - Б. 8–15

    4. Қойгелдиев М. Саяси элита және ұлт мүддесі // Ұлттық тілдің ұлы тіні - 1999. - Б. 195-210.

    5. Мырзахметов М. Қ. Жұбанов – қайраткер, ойшыл ғалым // Республикалық ғылыми–практикалық конференциясының материалдары. -Ақтөбе, 2002. – Б. 15-20.

    6. Абдоллаев Н. Құдайберген Жұбанов заманындағы мемлекеттік саясат ерекшелігі // «Жұбанов тағылымы–6» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. -Ақтөбе, 2005. – Б. 403–406.

    7. Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов. –Алматы. 1990. -288 б.

    8. Оралбаева Н. Ахмет Байтұрсынұлы–тұңғыш әдістемеші–ғалым // Ұлттық рухтың ұлы тіні. -1999.- Б. 506–519.

    9. Сейдімбек А., Қалиев С. Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарастары мен ағарту істері // Ұлттық рухтың ұлы тіні. - 1999. –Б. 519–530

    10. Қайдари Ә., Айтбаев Ө. Ұлт мәдениетінің Хантәңірі // Егемен Қазақстан.-1993. - №23. 28- қаңтар.

    11. Есенов Қ. Тіл тағылымы толғантады // Ана тілі. - 1993. - №4. 28–қаңтар.

    12. Құрманова Н. Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасындағы синтаксисті оқыту туралы ой-пікірлерінің ерекшеліктері. // Ұлттық рухтың ұлы тіні. / – Б. 1999. –530-541.

    13. Қайдаров Ә. Ел мақтаны // Профессор Қ. Жұбановтың 90 жылдығына арналған ғылыми конференция материалдары. - Алматы, 1990. – Б.5-11.

    14. Жұбанов Қ .Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы: Ғылым, 1999. -581 б.

    15. Имахамбетова Р., А.Байтұрсынов пен Қ. Жұбанов арасындағы байланыс // «Жұбанов тағылымы–6» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. - Ақтөбе, 2005. – Б. 197–200.

    16. Орманов Ғ. Профессор // Социалистік Қазақстан -1937. 21 наурыз.

    17. Ниязова Ғ. Темір-Орқаштан шыққан қос ағартушы. // «Жұбанов тағылымы»-4 атты Республикалық ғылыми–теориялық конференция материалдары. -Ақтөбе, 2004. –Б. 218- 226.

    18. Беркінов А. Зейінді шәкірт еді ол // Қ. Жұбанов және қазақ совет тіл білімі. (ғылыми еңбектер жинағы). –Алматы, 1990. – Б. 30-302.

    19. Алимбаева Б. Б. Құдайберген Қуанұлы Жұбанов и медресе «Хусайния» // «Жұбанов тағылымы–6» атты Халықаралық ғылыми–практикалық конференциясының материалдары. - Ақтөбе, 2005. –Б. 411-413.

    20. Ниязова Ғ. Қ. Жұбанов халық ағарту майданында // «Жұбанов тағылымы» 5- атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Ақтөбе, 2002. –Б. 101- 104.

    21. Решетняк В. Ұмытылмас дос // Қазақстан мұғалімі. -1957. 5-желтоқсан.

    22. ҚазССР тарихы /социализм дәуірі /. – Алматы, 1963.

    23. Жубанов Х. Исследования по казахскому языку. -Алма-Ата, 1966. –256 с.

    24. Жұбанов Е. Қ. Қ. Жұбановтың басылым көрмеген еңбектері хақында. // «Жұбанов тағылымы» конференцияларының материалдары. –Ақтөбе, 1998. –Б. 64-71.

    25. Жүнісбеков Ә. Профессор Қ. Жұбанов қазақ фонетикасының ғылыми курсын жасаушы // «Жұбанов тағылымы» Республикалық ғылыми-теориялық конференцияларының материалдары. – Ақтөбе, 1998. – Б. 34-37.

    26. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі (лексика, фонетика). -Алматы, 1975. – Б. 302.

    27. Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. -Алматы, 1988. -143 б.

    28. Жұбанов Қ. Исследования no казахскому языку. –Алматы: Ғылым, 1966, 273 б.

    29. Сыздықов Ә. Ғалым-педагог // Қазақстан мұғалімі.-1957. 5-желтоқсан.

    30. Кеңесбаев І. Ұстаздардың ұстазы // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. –Алматы, 990. – Б. 105-115.

    31. Құсайынов К. Қ. Жұбанов және қазақ тіл білімі // «Жұбанов тағылымы-4» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. – Ақтөбе, 2004. –Б. 23-30.

    32. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. –Алматы: Ғылым, 1994. - 284 б.

    33. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). – Алматы: Ана тілі, 1992. - 485 б.

    34. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі нольдік форма туралы. // Ұлттық рухтың ұлы тіні. 1999. –Б. 332–344.

    35. Ысқақов А. Қ.Жұбанов және қазақ тіл білімі // Қазақстан мектебі. -1965. - №3. – Б. 71-77.

    36. Жұматаева Е. Жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық жүйесі.- Алматы: Ғылым, 2001. -208 б.

    37. Жиенбайұлы С. Грамматика талдауыш. Орта мектептің 5-класына арналған. –Алматы, 1936 б.

    38. Жүнісбеков Ә. Профессор Қ. Жұбанов қазақ фонетикасының ғылыми курсын жасаушы // «Жұбанов тағылымы» Республикалық ғылыми-теориялық конференцияларының материалдары. – Ақтөбе, 1998. – Б. 34-37.

    39. Қосымова Г., Дәулетбекова Ж. Қазақ тілі /орта мектептің 5-сыныбына арналған оқулық/.- Алматы: Атамұра, 2005. -288 б.

    40. Жүнісбек Ә. Қазақ тілі. -Алматы, 1999. -385 б.

    41. Шалабай Б. Қ.Жұбановтың синтаксиске қатысты еңбектері // Республикалық «Жұбанов тағылымы-4» атты конференциясының материалдары.- Ақтөбе, 2004. – Б. 106-109.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет