Жоспар: І қ. Жұбанов тұңғыш лингвист



бет14/15
Дата13.05.2022
өлшемі164,17 Kb.
#34286
түріБағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
ЖҰБАНОВ

Жақып ұзақ сөйледі. Дәуіттің, Қасымның жаман жағын түгел ашып берді (Бейімбет), дегенде ұзақ, жаман, түгел деген сөздер – анықтауыш. Дәуіттің, Қасымның, жағын деген үшеуі – толықтауыш» [14].

Профессор Қ.Жұбанов іліміндегі көңіл бөлерлік енді бір мәселе – ол сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібіндегі заңдылық. Сөйлем мүшелерінің орналасуындағы қалыптасқан тұрақты заңдылықтарды айта отырып (баяндауыш көбінесе сөйлем аяғында, бастауыш одан бұрын, анықтауыш анықтайтын сөзінің, толықтауыш толықтайтын сөзінің алдында тұрады), кейде олардың тіл құбылысында әрдайым да сақтала бермейтіндігін орынды ескертеді. Мәселен, өз табиғатына байланысты сөйлем соңында қолданылатын баяндауыштың орын тәртібінің кейде өзгеретін заңдылықтарын да көрсетеді. Мұндай заңдылықтар сөйлем құрылысының сипатына орай баяндауыш сөзін сөйлемнің басына, не болмаса ортасына шығаратын болады. Осы ретте мұның өзі, автордың көрсететініндей, үш түрлі сөйлем құрылысынан орын алады: ұранды сөйлемдер, төл сөзді сөйлемдер, өлеңді сөйлемдер.

Мысалы: Жасасын Кеңес үкіметі! Бітсін байлар! – Құжырайған шал ғой, не хабар біледі дейсің, - дейді бір келіншек (Бейімбет). Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман (Абай) [14].

Профессор Қ.Жұбановтың ілімі құрмалас сөйлем синтаксисінен де орын алған. Әрине, бұл жайында оның арнайы жүргізген зерттеу жұмыстары жоқ, осы турасындағы кейбір ой-пікірлері жекелеген еңбектерінде («О построении речи на казахском языке», «Жанғазыға хат», «Қазақ тілінің програмы») көрініс тапқан.

Профессор Қ.Жұбановтың құрмалас сөйлем жайындағы толық көзқарасы оның өзі құрастырған, орта мектептің V–VII сыныптарына арналған «Қазақ тілінің програмы» (1936) құралында айқын тұжырымдалған. Бұл программа – қазақ тілі материалдарының ғылымға негізделген алғашқы жүйелі программасы ретінде танылады. Себебі мәселе мынада еді. Отызыншы жылдардың бас кезінде жарияланған кейбір программалар мен түрліше құралдар әр тектес мектептерге (қазақ жастары фабрика-завод мектептерінің оқу жоспары мен програмы, бастауыш политехникалы үлкендер мектебі, т.б.) арналған еді. Сондықтан да оларда қазақ тілінен жүйелі түрде білім беру мақсаты көзделмеген, осыған орай бұлар орта мектеп оқушылары мен оқытушыларының қажетіне сай келмейді. Ал Жұбановтың программа осы жағын ескеріп, қазақ тілі грамматикасына қатысты мәселелерді әр класс бойынша ғылыми-методикалық негізде алғаш дұрыс жүйелей білген. Құрмалас сөйлем синтаксисінің (32 сағат) осы ретпен жай сөйлемнен кейін VII сыныпта өтуі көзделген. Автор, басқа грамматикалық мәселелер тәріздес, құрмалас сөйлем тақырыптарының кейбіреуіне де жол-жөнекей түсініктеме беріп, мазмұнын аша кетеді. Бұдан оның сол кездерде қазақ тіліне арналған жүйелі түрдегі оқулықтың жоқтығын ескеріп, әдейі осылай талдама-түсіндіру әдісін де қолданғандығын аңғарамыз (Осы 1936 жылы өзі құрастырған программаға сәйкес орта мектептің V сыныбына арнап «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығын жазды. Аяқталмай қалған)

Аталған программада құрмалас сөйлемнің ең алдымен салалас түрін жасайтын түрліше амал-тәсілдер саралана көрсетілген. Ал сабақтас сөйлемнің жасалуы программада, негізінен алғанда, қатыстық сөздері бар шартты рай тұлғалы етістіктерге негізделген (Кімді айтсаң, сол келеді; Ол қандай болса, мен де сондай). Осыған орай да бағыныңқылар сөйлем мүшелерінің атымен аталған ( бастауыш бағыныңқы, баяндауыш бағыныңқы, т.с.с.).

Қазақ тілінің өзге салалары тәріздес, профессор Қ.Жұбанов тіліміздің синтаксистік құрылысын зерттеуде үлкен теориялық білімінің кеңдігін танытып отырады.

Қ.Жұбановтың терминология саласына қатысты зерттеулері


XX ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі аса зор саяси-әлеуметтік, халықтық мәні бар мәселенің бірі - жазу, емле, термин туралы мәселе болғаны мәлім. Міне осы мәселенің басы -қасында Қ. Жұбанов жүрді.

Қ.Жұбановтың қазақ жазуының емлесі мен термииологиясына қатысты еңбектеріне назар аудару, әсіресе терминологияға байланысты ойлары мен

пікірлеріне бойлау. Бір қарағанда, оның термин туралы жазған еңбегі шамалы ғана. Атап айтқанда «О специфике слов-терминов» (1935ж.), «О терминологии казахского литературного языка» (1935 ж.), «Принципы термииологии казахского литературного языка, принимаемые государственной терминологической комиссией», «К пересмотру казахской орфографии» (1935 ж.) деп аталатын еңбектерін атауға болады [14].

Оның 1929 жылы Қызылорда қаласында өткен ғылыми-терминологиялық конференцияда сөйлеген сөзінде де терминология мәселесі қозғалады. Сондай-ақ «Қосар ма, дара ма?», «К проекту реформы казахского алфавита», «Проект казахского алфавита» деген мақалаларында да терминология мәселесіне едәуір назар аударылған. Бұдан біздің аңғаратынымыз, тіл-тілдің қандайы да өзінің мәдени даму жолында жазу мен терминология мәселесіне айрықша мән беріп отыратыны. Сонда емле деңгейіне қарап, көпшіліктің сауаттылық дәрежесін анықтауға болады. Сондай-ақ термин мәселесі де осы орфография ережелерінің қалай қалыптасуына орай ыңғайласады. Кезінде қазақ сөздерін жазудың 12 және термин сөздердің жазылуына қатысты 18 пункттен тұратын ереже бола тұра К.Жұбанов сауаттылықтың әлі күнге неге жетілмей келе жатқанын сынға алған. Сөйтіп, ешкім өзіндік жазуын дұрыс деп дәлелдей алмайтыны «дұрыстықтың шарты айкындалмағанынан»,- деген ой айтады Қ.Жұбанов [14].

Күні бүгінге дейін мәнін жоймаған термин туралы пікірлерінің негізгілерін біз термин-сөздер ерекшеліктерін козғайтын мақаласынан табамыз. Онда ол ғылыми термин сөздерге қойылар талаптың басты-басты шарттарын анықтап береді. Шынында, Қ.Жұбанов айтқандай ең басты қателік термин сөздер мен жай сөздердің ара-жігін айырып түсіне алмаудан неше алуан қателіктер күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ол осындай кемшіліктерден арылу үшін, ең алдымен, термин дегеннің не екенін, оның нендей үғымды білдіретінін және қай сөздерге термин боларлық стандарттық (қалыптық) нышан ыңғайласып тұрғанын білу қажеттігін баса айтады. Сөйтіп термин сөздің тұңғыш peт ғылыми анықтамасын жасап, оның лексиканың өзге қатпарларынан өзіндік ерекшелігін қолға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп береді. Профессордың тұжырымын дәл беру мақсатында анықтаманы сол түпнұсқадағыдай түрінде берулі.

«Термином называется специфический вид определенных словесных обозначений, передающих определенные понятия, установленные на данном этапе развития науки и революционной практики, причем передаваемые термином терминологическое понятие может не совпадать со словарным значением, которое присуще данной словесной величине в обыденной жизни» [29].

Осыдан аңғаратынымыздай, термин дегеніміз – белгілі бір кезеңнің сөз әлеміндегі ғылыми атаулық кейпі.

Қ.Жұбанов термин сөздердің эволюциялык даму ерекшелігін, өзіндік даму заңдылықтарды дұрыс болжап кеткен. Мұндай процесті көптеген терминдердің де жасалу, қалыптасу тарихынан аңғарамыз. Термин жасамдағы қателіктің ең бастысы Жұбановша айтқанда, аударылмайтын сөздерді аударуға тырысудан, ал аудара қалғандай жағдайда терминнің өзін емес, оның лексикалық мағынасын аударудан туындайтыны рас. Ғалым орыс тіліндегі «лошадь», «корова», «толстый», «мелкий» сөздерін қазақ тіліндегі am, сиыр, жуан, жіңішке сөздерімен салғастыра сөз етіп, ескермеуге болмайтын қызықты тұстарға мән береді. Мәселен, бұл сөздер бір қарағанда бір-біріне тепе-тең балама іспеттес боп көрінгенмен, белгілі бір кезеңнің сұранысына орай олар ғылыми ұғымға ие бола алмаса, терминге қойылар талап шартына жауап бере коймағаны. Қараңыз, шынында, «лошадь» дегенді қазақтар «ат» деп те, кейде «жылқы» деп те айта береді. Ал қазақтың атын орыстар кей жағдайда «мерин» деп, екінші бір тұста «конъ» деуі мүмкін. Сонда аударып термин жасауға мәжбүр болып отырған маман сөздердің осы тектес құбылысын дәл басып саралай қолданбаса шатасуы әбден мүмкін. Сол сияқты «толстыйдың» қазақта «жуан» (жуан сабақ), «қалың» (қалың қағаз) боп, «мелкийдің», «ұсақ» (ұсақ тастар), тайыз (тайыз су -мелкая вода) болып құбылатыны жөнінде жасалған талдамалар терминтану іліміне қосылған үлкен үлес. Мұны ол қалыптасқан табиғи заңдылык қатарында сөз етеді. Оның ойынша, сөз дегеніңіз тек зат, нәрсе атауы ғана емес, сонымен бірге санаға сіңген, қалыптанған заттардың да атауы. Қоғам дамуының ерекшелігіне сәйкес бұл танымдық құбылыс әр халық ұғымында әр алуан қалыптасуы ықтимал.

Ал ғылыми ұғымдардың жөні сәл басқашалау екеніне ол баса назар аударады. Ғалым сөздер терминденген кезде олар әлгіндей таза ұлттық ерекшеліктерінен арылып, ортақтық сипат ала бастайтынын дәлелдеуге тырысқан. Қазақтың қарапайым may сағыз, жабағы сөздері ботаника, биохимия, тауартану ғылымдарының терминдеріне айналу процесін баядауы қызық. Сөйтіп ол таза ұлттық терминология дегеннің қисынсыздығы туралы пікірді ұстанады. Әрине, бұл профессордың осы тектес тұжырымдарын дау айтуға болмайды деген сөз емес. Ең бастысы, оның сол кезеңнің жағдайында термин қалыптастыру мәселесін ғылыми тұрғыда қоя білуі деп білу керек және оның қазақ терминологиясы екі негізден қалыптасқан: халықаралық сөздер мен ұлт тілі сөздерінен құралуы тиіс деген қорытындысы дұрыс.

Қ.Жұбанов 1930-1935 жылдары терминология мәселесіне жиірек көңіл бөлген. Бұған негізгі себептің бірі жоғарыда айтылғандар болса, екіншіден, оның 1933 жылы мемлекеттік терминология комиссиясына төраға болуымен байланысты. Ол жазу мен терминология мәселесін нақты қадағалап бір орталықтан басқарып, ұйымдастырып отырмайынша нәтиже болмайтынын ерте түсінген. Сөйтіп, жедел түрде мемлекеттік терминология комиссиясын ұйымдастырып қана қоймай, онда қаралған мәселелерді дер кезінде жұртшылыққа жеткізудің жолдарын қарастырып, бюллетень шығара бастайды. Мұның өкінішке қарай төрт-ақ саны шығып, ары қарай жалғасын таппай тоқтап қалды. Әйтсе де осы 4 санының өзінде қазақ терминологиясының басты мәселелерін қозғап үлгерді. Сонымен бірге ғылымның әр саласында бой көрсетіп әрі-сәрі қолданылып жүрген терминдердің дені (30 мыңдайы) мемтерминком мәжілісінде талқыланып, бекітіліп, бюллетенде жарияланды. Бұл терминдер кейін қазақ ғылымының қалыптасуына негіз болды деп айта аламыз [14].

Қазақ терминологиясының өзекті мәселесінің бірі – оның принциптерін қалыптастыру. Қ.Жұбанов өзі қарап бекіткен 10 мыңнан аса терминдерді қаңдай принциптерге сүйеніп жасады дегенде – айтарымыз мынау. Ол бұл мәселеге алдын-ала үлкен әзірлікпен келген. Бұл жөніндегі өзінің ойларын ол әуелі 1935 жылы 20 мамырда Алматыда өткен мәдениет қайраткерлерінің бірінші құрылтайында баяндап береді. Ол съезде 11 принцип ұсынады. Өз сөзімізбен қысқартыңкырап айтқанда олардың жалпы мазмұны мынадай:

1.Көптеген әдеби тілдерде аударылмай қалыптасқан халықаралық терминдерді, казақ тіліне аудармай сол қалпында алу (революция, совет, теория, практика, тенденция, хирургия, климат, абсолютный, конкретный т.т);

2.Көптеген әдеби тілдер тәжірибесінде аударылып алынған халықаралық терминдер (производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение т.т.) қазақ тіліне де аударылады, егер аударма термин мағынасын дәл бере алмай, бұзатын болса, онда оларды (сословие, состав, клетка, слет т.т) орыс тіліндегі калпынша алу;

3.Әр қилы пәнде бір мағынада қолданылатын терминдерді бірегейлетіп алу; мысалы, формо – форма (философия, физика), материя – материя (физика,; философия) корень – түбір (математика, ботаника, лингвистика), реакция – реакция ( химия, биология, политика) т.т .

4.Білімнің әр саласында әр қилы мағына білдіретін терминдер (мануфактура, продукт, легенда) бір салада термин ретінде, басқасында жай сөз ретінде қолданылады. Мысалы: мануфактура экономикалық даму кезінде термин болады, бірақ тауар түріне жата алмайды.

5.Халықаралық сөздер түрінде қалыптасқан терминдер орыс тіліндегі үлгімен қабылданады (пролетариат, физика, биология);

6.Терминдерді түсініксіз етіп жіберетін жасанды сөзжасамға бармай-ақ, қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін де, атаудың ғылыми мәнін де толық қамтый алатын терминдердің (Мысалы: беріліс - передача, көпкіл - многоуголник, тоқыма -текстиль, тәжірибе - практика т.б. ) баламасын табу ;

7.-изация, -ификация, -ация тәрізді формалды элементтермен (машинизация, электрофикация, объективация) келетін сөздерді қазақ тіліндегі материяландыру, электрлендіру, объективтенулер түрінде қалыптастыру келеді. Сол сияқты популярная книга – популяр кітап, абсолютная величина - абсолют шама, буржуазная идеология – буржуаз идеология, дифференциальное уравнение – Дифферциал теңгерме түрінде қысқартып алу;

8. Қазақ тіліне халықаралық терминдермен ілесіп -ист, -изм қосымшалары және ре, сиын, де, суп, анти, контр тәрізді префикстер енгізіледі.

9.-авто, -аэро, -авиа сияқты қысқартылған формаларға қазақ сөздері бірігіп (автожол, аэрошана, авиашана, автоқатынас) жазылады.

10.Қаркөмір (Қарағанда уголь), Халкомжер (Наркомзем) т.б. сияқтыларды қысқартып колдану.

11.Бұрын терминологиялық қолданыстан шығып қалған диктатура, революция, совет, теория, практика, котрреволюция, милитаризм сияқты терминдері қазақ тіліне қайта енгізу [20].

Профессор Қ.Жұбанов ұсынған бұл принциптер съезде 10 пунктке шақталып, негізінен қабылданды. Бұл принциптердің біразы қазақ терминологиясының қазіргі даму мен сұранысы тұрғысынан қарағанда сын көтере қоймайтын тұстары да бар. Әрине, негізінен ғылыми тұрғыда дәйектелген бұл қисындар термин жасам процесінде зор рөл атқарғанын айту лазым.

Алайда, кезінде қазақ терминологиясын жасау ісінде орыс үлгісінің ықпалы яғни «орыстандыру» саясатының әсері айрықша болғанын аса сауатты лингвист – Қ.Жұбанов еңбектерінің – өзінен байқамай өте алмайсыз. Соның салқыны мына принциптерден де аңғарылады. Қазақ тілінің даму, қалыптасу заңдылықтары мен ерекшеліктерін мейлінше терең білетін тіл білімпазының өзі ұлттық терминологияны ұлттық негізде жасауға кесірін тигізетін ұстанымдарды басшылыққа алуға мәжбүр болған сыңайлы.Әйтпесе, интернационалдық терминдер мен орыс тілінде қалыптасқан үлгілерді олардың қазақ тілінде баламасының бар – жоқтығына қарамастан бұлжытпай қапысыз қабылдай берейік дейдің қисынға келе бермейтінін өмірдің өзі дәлелдеді.



Қазіргі белгілі түркі тілдерінің фонологиялық модельдеріне қарап, ретроспективтік әдіспен барлық көне түркі тілдеріне тән қайта құрылған фонологиялық модельдерінің ерекшеліктерін анықтауға болады. Құдайберген Жұбанов фонемалар морфемалардың, сөздердің, грамматикалық тұлғалардың материалдық негізі болып саналатынын ескергенін көреміз: «Для нас является верным то положение, что звуки существуют не вне слова, а в слове: следовательно, историю отдельных конкретных видов звуков следует изучать в истории изменения отдельных конкретных слов. Это неизбежно увеличит «этимологическую дозу» в нашей работе», – деп, фонологиялық зерттеулердің негізінде тарихи грамматика, лексикология, этимология мәселелерімен айналысуға болатынына сенген. Еуропа тілдерін білген Құдайберген Жұбанов Бодуэн де Куртенэ, Ф. де Соссюр, Н.С.Трубецкойлардың еңбектерімен танысып, жалпы фонологияның қағидаларын меңгеріп, түркі (қазақ) тілдерінің фонетика-фонологиялық заңдылықтарын зерттеп, қазақ тарихи фонетикасының теориялық негізін салып, оны әрі қарай зерттеуге бағыт-бағдар берген. Қ.Жұбановтың ғылыми-логикалық эрудициясы фонемаларды жіктелуінде, топтастыруында жақсы көрінеді. Дауыстыларды сипаттағанда ғалым қандай дыбыс дауысты болады деп өз сұрағына былайша жауап береді: «Сөздің дыбысталуының түрлі болатыны әр сөздің ішіндегі дыбыстардың түрлілігінен деп едік. Осы әр түрлі дыбыстың әрқайсысы тек бір-ақ түрде дыбысталып қоймайды. Бір дыбыстың өзі әр орында әр түрлі – бірде бәсең, бірде қатаң, бірде ұзын, бірде қысқа, бірде ащы, бірде солғын, бірде тегіс, бірде көтеріңкі-басылыңқы түрде дыбысталуы мүмкін. Сөздің, осындай, өзінше әні болады. Мысалы: жазба (кітап), (кітапты) жазба! (қыс па?) жаз ба? деген үш сөздің дыбыстарының түрі де, тізілу тәртібі де бірдей. Сөз мүшелерінің саны мен реті де бірыңғай: үшеуінде де түбірдің дыбыстары ж, а, з үшеуінде де бір-бір жамау мүше бар, оның дыбыстары да бірдей. Солай бола тұрса да, бұл үш сөздің дыбысталуында айырма бар: үшеуінің әні үш түрлі. Сондықтан, дыбыстарының түрі бір болса да, әні түрлі болғасын, бұл үш сөздің үш түрлі екенін сеземіз», – дейді ғалым. Қ.Жұбановтың бұл пайымдаулары интонация теориясымен ұштасып жатқандығында дау жоқ. Ғалым келтірген бір сөзден тұратын сөйлем хабарлы, лепті, сұраулы интонемалармен сипатталып тұр және интонемалар сөйлем ажыратушы қызметін атқаратынын көреміз. Бұл жерде қазіргі тіл білімінің жаңа бағыты интонологияның ең шағын бірлігі интонема жайында түсінік бермей кете алмаймыз. Сөйлемнің барлық түрлерінде де интонеманың өзіндік орны, атқаратын қызметі бар. Сөйлемнiң қай-қайсысы болса да (бір сөзден тұрса да, мыс.: жазда) интонемасыз сомдала алмайды, себебі ғалымның айтуынша, «бір сөздің өзі түрліше әнделе береді». Қандай тілде болсын, ол тілде сөйлеушінің санасында сол тілдің негізгі интонемалары сақталып, сөйлесуінде үлгі ретінде қолданылады. Интонеманың да фонема сияқты мағына ажырату қасиеті болады, оның негізгі қызметі сөйлемдерді сомдап, коммуникативтік мағынасымен эмоциялық түрлерін анықтау. Интонемалар фонемалар сияқты өзінің варианттарында өмір сүріп, солар арқылы нақтылы жүзеге асады. Сөз ағымында сөйлеу жағдаятына байланысты интонема варианттары көрініс табады. Интонемалардың варианттары сөйлеу тілінің барлық түрлерінде қолданылады. Сондай-ақ интонема сөйлемді түзетін ең маңызды әмбебап факторлардың бірі деп айтуға болады. Ал интонеманың просодикалық тәсілдері барлық тілдердегі сөйлемнің әр алуан түрлерін сомдап қана қоймай, оларды жіктеуде және бір-бірінен ажыратуда, айыруда да зор қызмет атқарады. Қ.Жұбановтың «дауыс сазына» қатысты пікірлері интонема теориясымен сабақтасып жатыр: «Дауыс сазы деген – қосалқы, қосымша қосып білдіретініміз сияқты, сөз мағынасының түрленгенін білдіретін бір амал болып шығады. Сөйлемді хабар сазды, леп сазды, сұрау сазды деп таптастыру, сөйтіп берген хабарына айтушының өзі қалай қарайтындығын өзінің көңілін қандай сазбен білдіргеніне қарай, қысқасы, сөйлемді дауыс сазына қарай таптастыру болады». Сондай-ақ ғалым дауыс сазының үш түрін көрсетіп отыр, олар хабар сазы (тиянақты интонема), леп сазы (лепті интонема), сұрау сазы (сұраулы интонема), оларға сипаттама береді. «Дауыс тыныш бір қалыппен, әр сөз сөйлемнің қай мүшесі екеніне, қай орында тұрғанына, хабарда қандай орын ұсталғанына қарай, бұл әнінің өзі тағы өзгеріп (әнделіп) отырады», – деп ғалым хабар сазды сөйлемді бейнелеп, мынадай мысалдар келтірген: Жаз шықты. Күн жылы. Жуырда құс келіп болады.

Профессор Қ.Жұбановтың сонау ХХ ғасырдың 30-жылдары айтып кеткен ойларын кейінгі эксперименттік-фонетикалық зерттеулердің нәтижелері дәлелдеп отыр. Бұлардың интонациялық тоны басында аздап көтеpiлiп, негiзгi тон жиiлiгi сөйлемнiң мағыналық өзегiнде молайып баpып, содан кейiн жайбаpақат төмен түсiп баpып тынады. Бip мүшелi хабаpлы сөйлемдеp көбiнесе оpта тоналды pегистpде айтылады да, тоналды диапазоны мен интеpвалы шамалы болады. Тонның теpминальды төмендеуi де үдемеліктің азайып, минимальды мағынаға ие болуымен байланысты. Үдемелік пен негiзгi тон жиiлiгiнiң сызығы да өзаpа бip бipiмен пpопоpционалды болады. Бip мүшелi хабаpлы сөйлемдеp әдетте онша қатты емес, оpташа дауыспен айтылады. Мұндай сөйлемдеpдiң аяғына қаpай қаpқынның жылдамдығы мен ұзақтылықтың сәл ғана молаюы байқалады. Хабарлы сөйлем тиянақты интонемаға сай келеді. Ғалым леп сазы жайында: «Сөйлеген сөздің тек хабар болу жағына ғана көздеп қоймай, оның үстіне, бұл хабар сөйлеушінің өзіне белгілі бір түрде әсер еткенін – қуантқанын, мұңайтқанын, таңдандырғанын, опындырғанын тағыда қоса білдіргісі келсе, сөйлеуші сөзін осы леп сазымен айтады. Мұнда дауыс, анағыдай тыныш әнделмей не көтеріңкі, не басыңқы, шұбалыңқы, не жиылыңқы түрде, әйтеуір, бір есеппен айтылады», – деп, төмендегідей мысалдар келтіреді. Апырай, мынау бір қызық екен! Қап, кеше келмеген екенмін! Жасасын, Кеңес елі! Лептi сөйлемдеpдiң эмоциялық мағынасы мен интонациялық еpекшелiктеpi олаpдың лексикалық-гpамматикалық айыpмашылықтаpына қаpай әpтүpлi болуы мүмкiн. Лептi сөйлемдеp бүтiндей жоғаpы тоналды деңгейде болып, гpамматикалық әдiссiз-ақ айpықша интонациямен айтылады. Олардың мағыналық өзегi сөйлемнiң аяғына таман орналасады. Лептi сөйлемдеpдiң эмоциялық мағыналы сөздеp ең көтеpiңкi тонмен, максимальды үдемелікпен созылыңқы айтылып, сөйлемнiң бipiншi мағыналық өзегi болып табылады да, екiншi мағыналық өзегi сөйлемнiң соңында болады. Лептi сөйлемдеpдiң бәpi деpлiк эмоциялық-экспpессивтi мағынаға ие болғандықтан, баяу қаpқынмен, нық, айpықша реңкімен айтылып, лептi интонемамен беріледі. Лептi сөйлемдеpдiң түpлеpi лептi интонеманың ваpианттаpына лайық болады. «Бір нәрсе жайынан сұрала сөйленген болса, сөйлем сұрау сазды болады. Сұрау есімдік, сұрау қосалқыларды сөзге қосып айтсақ та, қоспасақ та, бәрібір, сұрай сөйленсе, сөз осы әнмен айтылмақ», – деп ғалым мынадай мысал келтіреді: Каспийдің сұлулығы сұрғылт құм ба? Кавказдың сұлулығы зәулім шың ба? Шылаулаp (ма/ме, ба/бе, па/пе) аpқылы жасалған ашық сұpаулы сөйлемдеpдiң интонациясын экспеpименттi зеpттеулеpге сүйене отыpып бақыласақ, интонацияның негiзгi тоны сол шылау арқылы жасалып, мағыналық өзек болып тұрған баяндауышқа дейiн көтеpiлумен қатар, оның тонының жиiлiгi мен үдемелігінің де біршама молаятыны байқалады. Cөйлемнiң басы мен соңына қаpағанда, оның оpтасындағы сөз буындаpының айтылу қаpқыны жылдамыpақ болады. Шылаулаp аpқылы жасалған сұpаулы сөйлемдеp көбiнесе интонацияның негiзгi тон жиiлiгiнiң оpташа pегистpiнде оpташа дауыс күшiмен айтылады. Сұpаулық шылаулаp аpқылы жасалған сөйлемдеp мағынасы мен құрылымына қаpай жалпы сұpақ интонемасымен сипатталады. Хабарлы сөйлемді, оның құрылымы мен лексикалық құрамын еш өзгертпей-ақ, сұраулы сөйлемге тек интонация арқылы айналдыруға болады. Олардағы айтылайын деп жатқан ойдың сұрау мағынасын жасау барысына лексика-грамматикалық көрсеткіштер қатыспайды, оны жүзеге асыруға интонация тәсілдері ғана қызмет етеді. Бұл сөйлемдердегі қойылған сұрақтың коммуникативтік жүгін толығымен өзіне артып тұратын – интонация. Осындай тәсілмен құрылатын сұраулы сөйлемдер мәнмәтін, сөйлеу жағдаяттары, түрлі коммуникативтік акт, яғни сөйлеуші мен тыңдаушының болғанын қажет ететін сөз әрекеттерінде орын алады. Ауызекі сөйлемде, диалогтарда интонация тәсілі арқылы жасалған сұраулы сөйлемдер жиі кездеседі. Лексика-грамматикалық көрсеткіштерсіз-ақ, тек интонация көмегімен жасалған сұраулы сөйлемдердің көрініс табуы аз уақытта көп ақпарат алуды діттейтін, осы мақсатқа байланысты аз сөзбен көп мәлімет алуға, нақты сөйлеуден, тілдік формаларды үнемі пайдаланудан туған қажеттілік деп түсінуге болады.

Қ.Жұбанов бұл құрылымдарды дәстүрлі сұраулы сөйлемдердің бір типі ретінде жеке қарастырған. «Бірде сөз мағынасын түрлендіру үшін жаңа сөз де, қосалқы да, қосымша да қоспай, сөздің тек әнін (сазын) құбылтамыз: Менің кітабымның түсікөк. – Көк? Қой қайдан көк болсын, қара шығар. Міне, мұндағы екі сөйлемде де көк деген сөз бар. Бірақ алдыңғы сөйлемдегі көк пен соңғысының басындағы көктің айтылуында айырма бар. Үйткені алдыңғы сөйлемдегі көк мойындай айтылған, соңғы сөйлемдегі бірінші көк сұрай, күмәндана айтылған. Сондықтан екеуінің әні екі түрлі болып тұр. Сұрау мағынасын білдіру үшін кейде, осылай, сөзді сұрауға арналған әнмен айтамыз да қоямыз». Ғалым-зерттеуші келтірген мысалдардан байқап отырғанымыздай, сұраулы сөйлемдердің коммуникативтік-семантикалық түрлері мәнмәтін мен сөйлеу жағдаятына байланысты сараланады. Ал интонациялық ерекшеліктері олардың мазмұны мен жасалу әдістеріне байланысты болады. Интонация арқылы жасалған сұраулы сөйлемдердің просодикалық көріністерінің ерекшеліктері өтем қағидатын ұстанған теңелту заңына негізделеді. Бұл заң бойынша сұраулы сөйлемдегі бар коммуникативтік жүкті грамматикалық көрсеткіштер емес, интонацияға артатыны белгілі. Қазіргі кезде антропоцентристік бағытқа қатысты сұраулы сөйлемнің бұл типі коммуникативтік синтаксис, функционалды грамматика аясында қарастырылады. ХХ ғасырдың бірінші жартысы үшін Қ.Жұбановтың сөйлеуші мен тыңдаушы, яғни ақпарат беруші мен қабылдаушыны ескеріп отыратын сөйлеу актісі ерекшеліктері туралы ой-пікірі жаңашылдық сарында болатын. Оның сөйлеу тілі туралы көзқарастары сөйлеу коммуникациясы теориясының қазіргі заманғы ережелерімен үндесіп жатыр. Ғалым тіл мен ойлаудың байланысы туралы пікірлерін тіл біздің ойлауымыздың нәтижесі екендігіне сүйене отырып айтады. Проф. Қ.Жұбанов түркі лингвистикасында сөйлемнің предикативтілік белгілерінің ең маңыздыларының бірі ретіндегі интонация құбылыстарына алғашқылардың бірі болып көңіл бөлді.



Қ.Жұбановтың айтуынша, интонация сөйлем құрудың ең басты себепкер шарты, оның айтылу әуені мен ырғақты құрылымы және сөйлем коммуникативтілігі мен ондағы синтаксистік қатынастарды білдіру тәсілдерінің бірі ретінде түсіндіріледі; кейде оның айтылған сөз мағынасы мен эмоционалды-экспрессивтік қырын жеткізудің бірден-бір құралы болуы мүмкіндігіне, яғни ғалым интонацияның семантикасинтаксистік және эмоционалды қызметтеріне нұсқайды. Қ.Жұбанов интонацияның эмоциялық функциясы жайында біраз мәліметтер берген. Интонацияның бұл қызметі адамдардың түрлі ой-сезімін, оның құбылуын, өзгеруін білдіреді. Ғалымның өз сөзімен айтқанда: «Адамның көңілінің түрлі күйіне сөздің түрлі әні сәйкес келеді. Сондықтан сөздің әнінің арқасында хабардың өзін ғана емес, сөйлеушінің көңіліне сол хабардың қалай немесе қалай тиген қылып көрсеткісі келетінін білеміз. Бұйырғанды, жалынғанды, опынғанды, мақтанғанды, зекіргенді т.т. осындайларды – бәрін көбіне сөздің сазымен (әнімен) білдіреміз. Дыбыс сазы болмаса, сөздер көп нәрсені білдіре алмай қалар еді». Сондай-ақ интонация сөйлеп тұpған адамның хал-ахуалы мен оның айтылып тұpған ойға, жағдайға қалай қаpайтынын да бiлдipедi.

Сөйлемнің коммуникативтік мағынасымен бірге эмоциялық-экспрессивтік түрлерін анықтайды. Бұл функция адамдаpдың түpлi ой-сезiмiн, оның құбылуын, өзгеpуiн бiлдipеді. Мысалы, cөйлеушiнiң айтылған ойды, жағдайды қолдайтын-қолдамайтыны, оған қуаныш-pенiшпен, не мысқыл сезiммен қаpайтыны интонация арқылы анықталады. Интонацияның бұл pөлi тiлдегi модалдық мағынаны білдірумен шектесiп жатыp. Интонация – күрделі құбылыс және бірнеше компоненттерден тұрады. Интонациялық компоненттердің ішіндегі ең маңыздысы әуен екені белгілі. Себебi қай тiлдiң болса да басқа тiлдеpден айыpмашылығын білдіруде сол тiлдiң өзiне ғана тән әуенi маңызды қызмет атқаpады да, ол тiлдiң бipден-бip өзгешелiк белгiсi бола алады. Сөйлеу тiлiнiң ағысын неше түpлi бөлшектеpге мүшелеп жiктейтiн де, олаpдың басын қосатын да әуен және онымен қоса кідіріс. Сөйлемдеpдiң коммуникативтiк түpлеpiн анықтауда, яғни олаpдың айтылу мақсатына қаpай (хабаpлы, сұpаулы, бұйpықты, лептi) бөлiнуiнде олар үлкен қызмет атқаpады. Гpамматикалық және лексикалық тәсiлдеpмен қосылып сөйлемдеpдiң жалпы мағынасын беpуге, оның нюанстаpын анықтауға қатысады. Төpтiншiден, оның cөз тiзбектеpiнiң синтагмалық акценттелуiмен қосылып, cөйлемнiң логикалық және эмоциялық мазмұнын жеткiзуде мәні зор. Құдайберген Жұбанов әуенге ерекше көңіл бөлген, оның айтуынша, «тілдің музыкалық оформлениесі (әуені) ортақ. Сондықтан басқа халықтың тіліне түсінбесек те, сөз әуенінің қайғылылығын, не қуаныштылығын сезінеміз. Тіл-тілге ортақ ән де бар, әр тілдің өзіне меншікті басыбайлы әні де болады». Демек, ғалым интонацияны баpлық тiлдеpге тән әмбебап категоpия және оның әp тiлдегi оpны мен көpiнiстеpiнiң өзгешелiктеpi де баp екенiн дәлелдейдi. Интонацияның компоненттеpi тілдердің бәрінде қолданылатын универсалды просодикалық тәсіл болып табылады. Бұл компоненттеp негізінен тiлдеpдiң қай-қайсысында да сөйлемдеpдi айтылу мақсатына қаpай ажыратуға қатысады. Интонация компоненттерінің әрқашан белгілі бір ғана қызмет атқармай, көп мағыналы болатынын, өзара бірінің қызметін бірі атқара беретінін, демек, бір-бірімен қарым-қатынаста болатынын айтып кету қажет және олардың әрқайсысы негізгі қызметтерінен басқа түрлі қосымша міндеттерді де атқарады. Интонацияның негізгі компоненті – әуенмен бірге Қ.Жұбанов екпін мәселесіне де біраз тоқталады. «Сөз-сөздің жігіне дауыс тоқтай бермейді. Сондықтан, жалғыз тұрған буындар бір сөздікі ме, жоқ әр сөздікі ме? – Оны сөз екпінінен айырамыз. Бір сөздің буындары бір-ақ екпінге қарайды», – дейді ғалым. Осыны дәлелдеу үшін ғалым фонетистерге белгілі классикалық мысал болған Суалмаған сиыр және Су ал, маған деген сөйлемдерді келтіреді. Екпіннің сөйлемде атқаратын қызметі жайында «екпін – бір сөздегі буындарды тарқатпай матастырып ұстау үшін керек болып шығады», – дейді ғалым. Мұнда екпіннің қызметі сегменттерді қосып тұруымен және олардың аражігін бөлуімен де ерекшеленеді. Ғалымның келесі мысалдары да екпіннің қызметін нақты көрсетеді: «Жас+ат деген екі буын тұр. Екеуінің басын қосып айтпақ болсақ, алдымен, бұл екі буын бір сөздікі ме, жоқ екеуі екі сөз бе? – соны ашып алуымыз керек. Екеуі екі сөз болса, осы тұрған жапсарын аша сөйлейміз. Онда жас ат (жас жылқы деген мағынада) болады. Ал, бұл екі буын бір сөздікі болса, осы тұрған жігін жаба сөйлейміз. Онда жасат (бір нәрсені істет) деген болады. Сөйтіп, бір сөздің буындарын жылыстырып байланыстырамыз да, сөз-сөздің жігіне тура келгенде жылыстырмай тоқтап, буын жігін аша сөйлейміз». Сөз ағымы мүшеленгенде бірнеше синтагмадан тұратын сөйлемдерде фразалық (синтагмалық) екпін көрініс табады. Екпіннің әр түрлілігі мен айтылымның белгілі бір интонациялық кескіні сөздердің мағына жағынан осы тәрізді фонетикалық бірлікке (синтагмаға) ұйымдасуын қамтамасыз етеді. Кез келген аяқталған сөйлемнің коммуникативтілік қызметі негізінде орын алған өзінің интонациялық орталығы болады, яғни ондағы синтагмалық (ырғақты) екпін, біріншіден, айтылымның коммуникативтілігін айқындап көрсетсе, екіншіден, айтылымдарды бір-бірінен ажыратып, жіктеуші қызметін атқарады. Синтагмалық екпін бүкіл айтылымды ұйымдастыруда оның ең соңғы буынында орын тебеді. Синтагмалық (ырғақты) екпiннен басқа (бip сөз тобы мен екiншi сөз тобының жiгiн ажыpататын) сөз барысын бөлек сегменттерге мүшелеуге қатысатын ой екпiні деген ұғым баp. Ой екпiні сөйлемдегi бip сөздiң мәнiне айpықша көңiл аудаpа, күшейтiп, басқалардан гөрі оның мазмұн жүгінің салмақтырағын көрсетіп тұpады. Бір жақтан, ой екпiні сөйлемнiң семантикасымен, мазмұнымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан, сөйлемнiң мазмұны да ой екпiні аpқылы өзгеpіп тұрады. Ой екпінінің мағынасын ғалымның келесі мысалынан көруге болады. Бүгін мен Жанғазыдан /хат алдым. Мен бүгін / Жанғазыдан хат алдым. Мен Жанғазыдан бүгін/ хат алдым. Мен Жаңғазыдан хатты/ бүгін алдым. Бұнда Қ.Жұбанов орны еркін болатын мезгіл-мекен есім (үстеу) туралы сөз етеді. Жылжып тұрған үстеу (бүгін) сөйлемнің актуалды мүшеленуіне қатысады. Бірінші екі сөйлемде ол тема құрамында болады. Соңғы екі сөйлемде үстеу рема құрамында табылады. Қазақ тiлiндегi сөйлемнiң актуалды мүшеленуінің ең басты көpсеткiштеpiнiң бipi оның интонациялық кескіні болса, екiншi көpсеткiшi оның сөздеpiнiң екi синтагма тема мен pемаға бөлiнiп, жаңа мағына беpетiн сөз ой екпінімен белгіленіп, сөйлемнің соңындағы баяндауыштың алдына баpып тұpуы. Сонымен, коммуникативтiк мақсатқа қаpай сөйлем актуалды мүшелеp тема мен pемаға қалай бөлiнсе де қазақ тiлiндегi сөйлемнiң баяндауышы тапжылмай сөйлемнiң соңында, өз оpнында тұpатынын байқаймыз. Сондай-ақ Қ.Жұбанов интонацияның сегменттерді қосу және бөлу қызметіне де назар аударғанын көреміз: «Бір сөздің буындарының араарасын қоса сөйлейміз де, сөз сөздің жігіне тура келгенде буын жігін де аша сөйлейміз». Интонацияның бұл қызметiнiң маңызы қазipгi замандағы өpкендеген pадио мен теледидардан сөйлеушiлеpдiң сөйлем түpлеpiн дұpыс мәнеpлеп, олаpдың жiктеpiн ажыpатып немесе қосып, сөздеpiн анық айтуында мәнi зоp. Интонация ғана сөйлемдi синтагмалаpға бөлiп, оның iшiндегi сөздеpдi мағынасына қаpай әpбip сөйлем мүшелеpiнiң айналасына топтастыpады. Сөйлемдегi кідіріс аpқылы бір бөлек топтасатын сөздеpдiң қай синтагмаға жататындығын, яғни ол сөйлемдi аяқтайтын соңғы синтагма ма, әлде олай емес пе – осының бәpiн тек интонация аpқылы ғана ажыpатуға болады. Адам сөйлегенде барлық сөздерді бір-біріне шексіз тіркестіре бермейді, кейде уақыт жағынан өте аз, кейде сәл де болса ұзақ тоқталып, кідіріс жасап отырады. Дауыс кідірісінің негізгі міндеттері мәтінді бөліп мүшелеу және сол бөлшектенген мүшелердің арақатынастарын айқындау, мағынаны түсіндіріп, жазылған мәтінді ажыратып оқу, түсіну үшін белгілі дәнекерлік қызмет атқару. Кідірістің лингвистикалық функциясы дегеніміз, оның бip бүтiн мәтінді фpазалаpға, синтагма, ырғақты топ, сөздеpге бөлуi ғана болып қоймай, сонымен бipге интонацияның басқа компоненттеpiмен қосылып сөйлемдеpдiң түpлi мазмұндық, эмоциялық т.б. қаpым-қатынастаpын анықтауға қатысуы деп айтуға болады. Сөйлеу тiлiнде интонацияның нағыз кідірісі мен хезитациялық вокалданған кiдipiстеp кездеседi. Олаp сөйлеушiнiң алдыңғы фpазадан кейiн келетiн фpазаны ойлауы үшiн немесе ол фpазаның нәтижесiн байқауы үшiн қажет. Осы орайда ғалымның пікірін келтіруге жөн санадық. «Дыбыстап сөйленген сөздің олқысы, көбінесе, ыммен толады. Тіпті бірінің бір білмеген, я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да, ыммен (хезитациялық кідіріс – З.Базарбаева) ылаждап түсінісуге болады. Оның үстіне, сөз-сөздің жігін дыбыс сазымен бірде айырып, бірде қосып айтқасын, сөздің орны жылжып кеткені де онша байқалмайды. Сөздің әні де басқа жағынан ұқсас сөздерді айырып тұрады. Дұрыс айтылмағанын сезсе, сөйлеушінің өзі де сөзін қайта түзеп айтып, түсінікті қылады». Сөйлеу тілінде әуен, қарқын, үдемелік тағы басқа сол сияқты интонациялық компоненттер айтылатын ойды түсіндіру үшін, қандайлық үлкен қызмет атқарса, жазу тілінде тыныс белгілері сондайлық маңызды қызмет атқарады. Сондықтан, сөз түсiнiктi болу үшiн тыныс белгiлеpiн «жаза» да, «оқи» да бiлу кеpек. Тыныс белгілері мәтінді көріктендірумен бірге тек грамматикалық құрылысының көрсеткіштері ғана емес, сөйлеу тіліндегі интонациялық компоненттердің де көрсеткіштері бола алады. Мәтінді оқығанда тыныс белгілері әуеннің көтерілуі мен бәсеңдеуін, қарқынның өзгеруінің көрсеткіштері болып, мәтінді бөлшектерге бөліп, мүшелеп, мазмұнын түсіндіру үшін үлкен қызмет атқаратынын айта кету керек. Қ.Жұбанов айтқандай, «жазылған сөздің бөлшек-бөлшегін және 84 тыныс белгілерін өте сақтықпен өз орнына қоймасаң, мұнда оның олқысын толтыратын ым да, дыбыс әні де жоқ». Сонымен фонология мен интонологияға қатысты ғалымның ойтұжырымдамалары келесі ұрпаққа бағыт-бағдар беретіні айқын көрінеді. Қ.Жұбанов сегментті және суперсегментті фонологияның басында тұрған ХХ ғасырдың бірінші ширегінде әлемдік тіл білімінде фонетика мен фонологияның аражігі ажыратылып, дыбыстардың функционалдық ерекшеліктері зерттеле басталды. Фонема теориясының және интонация ілімінің негіздерін салған Ф. де Соссюр, Бодуэн де Куртэне, Н.С.Трубецкой, А.М.Пешковский, В.А.Богородицкий, Л.В.Щербалармен бірге Қ.Жұбанов қазақ тілтанымында да фонология мен интонология ілімдерінің ғылымитеориялық негіздерін анықтап, А.Байтұрсынұлымен бірге қазақ тіл білімінің деңгейін әлемдік тіл білімінің деңгейіне көтерді. К.Жұбановтың фонетикафонологиялық зерттеулері лингвист ғалымдардың арасында жоғары бағаланып, қазақ тілтанымының сегментті және суперсегментті фонологиясы дамуында ерекше рөл атқарды және қазіргі заманғы фонетикалық еңбектерде жалғасын тапты. Сонымен, Қ.Жұбановтың тiлдiң жалпы мәселелерiн дыбыс жүйесiмен байланыстыра айтқан пікірлерін төмендегіше топтап көрсетуге болады: - тілді тарихи диалектикалық даму тұрғысынан зерттеуді ұсынады; - әрбір тілді сол тілді иеленуші халықтың тарихымен тығыз байланыста қарастыруды міндеттейді; - тілді туыстас тілдермен және басқа тілдердегі ерекшеліктермен де салыстыра зерттеу жолдарын көрсетеді; - сөздің этимологиялық жағын тексеруде фонетика заңдылықтарын білуді талап етеді; - тілді зерттеуде сол тілдің ішкі заңдылықтарын ескеру керектігін айтады; - фонетика тарихын тілдің жалпы тарихымен байланысты қарастырады; - тілдің фонетика, морфология, синтаксис сияқты т.б. салалары бірбірінен бөлінбей, тығыз бірлікте зерттелуі қажеттігін ескертеді; - қазақ тілінің тарихын жазба ескерткіштер арқылы ғана емес, қазақ тілінің өзін қолдана отырып зерттеудің тиімділігін айтады (29).

Түптеп келгенде, Қ.Жұбанов еңбектерінде тілтанымның жалпы мәселелерімен қатар бөлек жеке бір дара салалар бойынша зерттеулерінің айрықша тереңдігі мен әр типті құрылымды тілдердің дереккөздерін мейлінше мол қамти алуы анық байқалады. Ғалымның осындай терең де мол біліктілігі тілдік құбылыстарды жан-жақты және ауқымды түрде зерттеуге септігін тигізген. Ғалымның алуан қырлы шығармашылық қызметі, ұланғайыр білімі мен жан-жақты ғылыми ойсаналылығы өзінен кейінгі болашақ тілші-ғалымдар бойында шығармашылық шабыт қалыптастыруға сарқылмас қайнар көз болар аса бай ғылыми мұра қалдыруға мүмкіндік бергені сөзсіз.

ІІ Қ.ЖҰБАНОВТЫҢ ТІЛ ТҰЛҒАСЫН ТАНУДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

2.1 Қ.Жұбанов – қазақ тілі бағдарламасын түзуші

Ағарту Халық Комиссарианты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының 1935 жылғы тамыз, қыркүйек айларына арналған жұмыс жоспарына орта мектептер үшін қазақ тілі пәнінің бағдарламасын жасау енгізіліп, оны орындау Қ.Жұбановқа жүктеледі. Бұл жылдарда Қ.Жұбанов педагогтік институтта лекция оқитын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттардан Тіл және әдебиет факультетінің 1935-1936, 1936-1937 жылдардағы оқу жоспарларында Қ.Жұбановтың «Жалпы тіл білімінен», «Тілдер тарихынан» лекция оқитыны көрсетілген. Осыған орай 1936 жылы Қ.Жұбанов авторлығымен орта мектептің 5-7–сыныптарына арналған «Қазақ тілі поргрмы» даярланып, баспадан шығады. Бұл бағдарлама орта мектепке арналып ғылыми негізге сүйеніп жазылған қазақ тілінің тұңғыш бағдарламасы болатын. Ол сол жылы 23 тамызда Ағарту Халық Комиссариаты тарапынан бекітіледі. Бағдарламада алғаш рет әр сыныпта өтілуге тиісті сағат саны анықталып, тақырып мазмұны көрсетілген. Мысалы, 5-сыныптар үшін қазақ тілінен қала мектептері үшін 126 сағат, ауыл мектептері үшін 144 сағат бөлінеді. Ал 6-сынып етістіктен басталады және онда етістік, оның түрлері, шылаулар, одағайлар оқытылады деп көрсетілген, оларға 48 сағат берілген.

Жалпы кез келген бағдарламадан автордың ғылыми көзқарасы және оны дәлелдеу мен түсіндіру жолдарын көрсететін әдіс-тәсілі айқын аңғарылатыны анық. Осы ретте профессор Қ.Жұбанов қаламынан туған бағдарламадан да ғылыми дәйектілік пен нақтылықты анық аңғаруға болады. Сондықтан бұл бағдарламаны ғалымның кейін өзі дайындаған орта мектепке арналған оқулығының мазмұнын, онда көрініс табатын тақырыптар шеңберін айқындауға негіз болған құнды көмекші құрал деуге болады.

Өз кезінде де, кейін де бағдарлама ғалымдар мен ұстаздар тарапынан жоғары баға алған болатын. Мысалы, Қ.Жұбановтың замандасы, әдіскер – ұстаз Ә.Сытдықов: «Осы жаңа оқулық пен бағдарламада тілдің өсуі мен дамуына тұсау болған фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және стилистикалық құрылымның ескі нормалары бүтіндей қайта қаралды. Жаңа қабылданған қоғамдық, саяси, ғылыми, техникалық терминдер мен географиялық атаулардың дұрыс таралуына, таңбалануына кедергі болып келген орфографиялық ескі қағидалар негізінен жаңаша сипатқа ие болды,» [30] деп пайымдаса, академик І.Кеңесбаев: «... бұл бағдарлама қазақ тілі пәнін ғылыми зерттеудің объектісіне айналдыруды көздеп алғаш жарық көрген құжаттардың бірі болды. Мұнда ғалымның құрмалас сөйлем синтаксисі туралы көзқарасы мейілінше толық баяндалған болатын», - [31] деп, еңбекке жоғары баға береді.

Белгілі ғалым К.Құсайынов ғалымның 100 жылдық мерейтойына арналған баяндамасында оның ғылыми-әдістемелік мұрасын зерделей келе, былай дейді: «Ғалымның қазақ тілін оқытудың жаңа бағдарламалары мен емле, әліпби жөніндегі зерттеу еңбектерінің оқу-ағарту саласындағы мәні зор болды. Мысалы, /ый/, /iй/, дыбыстарын и және /ұу/, /уү/ дыбыстарын у арқылы бір ғана таңбамен белгілеу жөнінде ғалымның жазу теориясына негізделген жобасы қазақ орфографиясында бірте-бірте орнығып, 1957 жылғы Ережеде біржола заңдастырылды» [32].

Бағдарламаны зерттеп-зерделей келе, оның өз саласы талабы тұрғысынан тіл білімі мен педагогика, психология ғылымдарының соңғы жетістіктері мен жаңалықтарына сүйене отырып жазылған сүбелі еңбек екеніне көз жеткізуге болады. Бағдарлама мазмұнын анықтауда ғалым алдымен оқушылардың физиологиялық, психологиялық және жас ерекшеліктерін ескеруге баса мән берді. Сондай–ақ бағдарламада автор ғылым тілін оқушы ұғымына жеңіл, әсерлі, қарапайым тілмен жеткізудің әдіс-тәсілдері мен жолдарын айқындап берген. Адам жанына жақын, түсінікті құбылыстарды мысал ретінде ала отырып, материалдың ғылыми құндылығына нұқсан келтірместен, оқушыға түсінікті түрде баяндай білген. Қажет жерінде ғалым ескерту ретінде кейбір тақырыптарға түсіндірме беріп отырады.

Бағдарламаның атап өтерлік тағы бір ерекшелігі – грамматикалық тақырыптар мазмұнының нақты мысалдармен сөйлем ішінде түсіндіріліп айқындалуы. Бағдарламада етістіктің шақтарын оқытуға арналған 20 сағаттың мазмұнын анықтауда осы шақтың төрт түрін сөйлем ішінде нақты мысалдармен дәлелдеуге ден қойылады: «Істің нақ осы кезде істеліп жатқан болуы да, немесе, көптен бері созылып келе жатқан болуы да мүмкін. Осыны жалпы түрде айтсақ, етістік жалпы осы шақта болады. Мысалы, «Күн жауып жатыр. Бейімбет пьеса жазып жатыр» десек, күннің жаууы, Бейімбеттің пьеса жазуы істерінің осы кезде болып жатқанын жалпы түрде айтатын боламыз. Күн дәл осы минутта жауып тұр ма, болмаса бір жетіден бері жауып тұр ма, Бейімбет дәл осы күні пьеса жазудың үстінде отыр ма, жоқ ол пьесаны ала жаздай жазып жатыр ма, онысы белгісіз. Егер бұдан гөрі анықтаңқырап түсіндіру қажет болса, онда жалпы осы шақпен қанағаттанамыз. Ал осы шақтың қай кезеңі екенін дәлелдеп аңғарту керек болса, онда осы шақтың басқа түрінің бірін келтіреміз» [14]. Осымен байланысты ғалым ұсынған оқу бағдарламасы қазіргі білім мазмұнын анықтаудағы тақырып пен сағаттар саны белгіленген құжат қана емес, пәннің теориялық–ғылыми, практикалық, қолданбалы қырларын ескерген, оны тұтастықта түсінуге мүмкіндік беретін әдістемелік еңбек ретінде жоғары бағаланады. Аталмыш бағдарлама қазақ тілінен білім беру мазмұнын белгілеуде орта мектептерге арналған оқу бағдарламаларын жаңаша сипатта түзудің негізін қалады.

Қ.Жұбановқа дейін жарияланған оқу бағдарламалары әртектес мектептерге, мысалы, бастауыш, политехникалық, ересектер мектептеріне арналған еді, сондықтан олар қазақ тілінен жүйелі білім беру мақсатын ескеруге мүмкіндік бермеді. Осы тұрғыдан келгенде, жаңа бағдарламада, жоғарыда айтылғандай, қазақ тілінің грамматикасына қатысты мәселелер дидактикалық жағынан әр сынып бойынша әдістемелік негізде алғаш бірізге түсірілді. Бағдарламаның тіл біліміндегі құрмалас сөйлем синтаксисінің шешілмеген түйткілді мәселелерін айқындауда маңызы ерекше болғанын атап өткен жөн. Мұнда автор құрмалас сөйлем синтаксисін жай сөйлемнен кейін 7–сыныпта 32 сағат көлемінде өтуді жоспарлайды және оның түрлерін салалас, сабақтас деп ажыратып, содан кейін олардың жасалу жолдарын саралап түсіндірудің әдістемелік ерекшеліктерін белгілейді. Қ.Жұбановтың қазіргі топтастырулардан өзгеше өзіндік ой-пікірлері анық көрінеді. Қазіргі тіл білімінде үйірлі мүше ретінде танылып жүрген синтаксистік конструкциялар қатысқан сөйлемді сабақтас құрмаластың қатарына жатқызуы - осыған дәлел. Ал «Қой маңырап, түйе боздап, ауыл у-шу» типіндегі сөйлемді Қ.Жұбанов салалас құрмалас сөйлем деп көрсеткен. Мұнда ғалым құрмалас сөйлем компоненттерінің формалық тиянақсыздығына емес, мағыналарының бір-біріне тәуелсіздігі секілді ерекшеліктеріне басты мән берген.

Бағдарламада құрмалас сөйлемнің салалас түрін жасайтын тәсілдер де кең қамтылған. Олар: «... алғашқы сөйлем баяндаушының құрамындағы «еді» көмекші етістігі, немесе шартты рай (са/се) тұлғасы (Әмірбек келіп еді, бәрі қуана жүгіріп шықты. Нұрымдікіне келсек, өзі кетіп қалған екен);көсемшенің тұлғасы арқылы байланысуы (Қой маңырап, түйе боздап, ауыл у - шу);да, және дәнекерлері арқылы; сол себепті, сондықтан, сөйтіп, бірақ, сонда да, сөйтсе де, я, әйтпесе, ия болмаса, үйткені, неге десең т.б. жалғаулықтары; осы, сол, бұл есімдіктері арқылы, тағы, сосын...» [14]. Олардың мағыналық түрлері аталған: ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар, шарт-жағдай. Бұл терминдер қазіргі грамматикаларда негізінен осылай аталады. Ал сабақтас құрмаластың жасалуы бағдарламада қатыстық сөздері бар шартты рай тұлғалы етістіктерге негізделген: Кімді айтсаң, сол келеді. Осыған орай бағыныңқылар еңбекте сөйлем мүшелерінің атымен аталған (бастауыш бағыныңқылы, баяндауыш бағыныңқылы, т.б.)

Бағдарламада тілдің үш түрлі қызметі: теориялық мәселелердің практикалық дағдының базасы болатынын пайдалануға үйрететін білімдік қызметі, жалпы адамзат жинаған тарихи, мәдени, рухани мұраларды тіл арқылы меңгеруге болатын және өз ойын жеткізудің, өзін-өзі тану мен өзін танытудың құралы тіл екендігіне көз жеткізетін танымдық қызметі, алған білімді практикалық тұрғыда қалай қолдану іскерліктерін жетілдіруге бағытталған коммуникативтік қызметі анық көрініс табады. Қазақ тілінің программасында ғалым сөздердің байланысу формаларына жіктеме жасайды: септес сөздер, іліктес сөздер, шақтас сөздер, жанас сөздер, қабыс сөздер деп олардың байланысу формаларын беске жіктеп, әрқайсысына шағын сипаттама береді және әрқайсысының өз ішінен қандай топтарға жіктелетінін нақты мысалдармен дәлелдеуге ден қояды.

Ғалымның осыдан 70 жыл бұрын жазған бұл еңбегін қарастыра келе, мұнда мектеп бағдарламаларына қойылып жүрген талаптар негізінен қамтылған деп түйіндейміз. Білім мазмұнын жаңартуға байланысты «Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту Тұжырымдамасында» білім беру мазмұнын анықтайтын ғылыми ұстанымдар, оның құрамы, құрылымы бірізге салынып, жүйеленіп анықталған [33]. Заман жаңарып, қоғам өзгерген тұста, өмір талаптарын ескеру – объективті заңдылық. Сондықтан білім беру мазмұнының ғылыми деңгейін көтеру – оқу бағдарламаларын түзудегі басты талаптардың бірі.

Осы тұрғыдан келгенде, Қ.Жұбанов жасаған алғаш оқу бағдарламасы оқушының қазақ тілі пәні бойынша білім, дағды, іскерлік қалыптастыруға негіз қалаған алғашқы білім беру құжатының үлгісі болып табылады. Білім мазмұны теориясы жаңаша сараланған осы тұста жоғарыда айтылған білім, іскерлік, дағдылармен қоса, баланың ақыл-ой өрісін дамыту, оның жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік беру көзделеді.

Жоғарыда айтылғандай, Қ.Жұбанов жасаған оқу бағдарламасында дидактикалық жалпы ұстанымдармен қатар (білімнің ұлттық танымға сәйкестігі, ғылымның даму жетістіктерін негізге алуы, уәждемелік, т.б.) жекепәндік ұстанымдардың, яғни пәндік білім беру жүйесі тұрғысынан, пәнішілік, пәнаралық байланыстарға негізделгенін, базалық білімнің теориялық, практикалық мағыздылығы, сондай-ақ тілдік материалдың функционалдық-қызметтік негізде берілуіне баса назар аударғанын айқын көруге болады. Бағдарлама құрудағы осындай түйткілді мәселелердің қазір де толық шешілмеген міндеттері баршылық екенін айта кеткен жөн. Осы турасында қазіргі тілді оқыту мәселесінің негізгі қағидаларының бірі –функционалдық-қатысымдық негізінде оқыту әдістемесі жағынан Қ.Жұбанов бағдарламасының озық жатқанын атап айтқанымыз абзал.

Қ.Жұбановтың «Қазақ тілінің програмы» қазіргі оқу бағдарламаларын жасаудың алғаш үлгісі, сондай-ақ қазірге дейін дидактикалық, лингвистикалық тұрғыдан құнын жоймаған теориялық білім берудің классикалық негізін қалаған, ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, қалыптасып, дамуына сара жол салған еңбек ретінде жоғары бағаланады. Бағдарлама қазақ тілінің табиғатын дәл танытатын, жаңа танымға құрылған, дәстүрлі тұжырымдар мен жаңа қағидаларды үйлестіре сабақтастық жалғастығын тапқан, кейінгі ғылыми пікірлерге өзек болған, арнайы зерттеулерге нақты қадам жасауға негіз болған толыққанды қазақ тілі оқулығының жасалуына негіз қалады. Ал оқулық осынысымен құнҚазақ тілінде оқулық жазудың тарихы ХІХ ғасырдың 70-жылдары жарияланған ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (1879 ж.) мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген А.Байтұрсынұлының «Тіл құралынан» (1914 ж.) бастау алатыны белгілі. Арнайы зерттеп-зерделеуге нақты қадам жасауға негіз қалаған Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» халқымыздың мәдени, рухани өмірінде маңызды оқиға болғаны анық. Кітаптың алғы сөзінде автор: «...Қазақ балаларына оқу кітабы болу жағын, сонымен қабат жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап болу жағын көздедім», - [34] дейді. Рас, бұл пікірі негізсіз емес, кітап «хрестоматия» деп аталғанымен, мектеп шәкірттерінің ғана емес, жалпы ілім-білімге құмартқан қалың жұртшылықтың мұқтажын өтеуге арналған тұңғыш халықтық еңбек болды.

Жалпы, қазақ оқулықтарының қалыптасуы өте күрделі кезеңді бастан кешірді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің бұратана халықтарды орыстандыру саясатын күшейте түсуі ұлт мектептерінің дамуына кедергі жасады. Бұл жағдай және ескі араб жазуының қиындығы қазақ оқулықтарының жазылуына кері әсерін тигізбей қоймады. Сөйтіп, қазақ тілінде оқулық жазу ісі бұл кезеңде талапқа сай болмады. Бұл туралы тұңғыш хрестоматияның авторы Ы.Алтынсарин былай дейді: «Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де бір кітаптың жоқтығынан оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да шәкірттерге амалсыздан татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсы сөздеріне лық толған, сондықтан ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз» [35]. Бұл жолдар– қазақта сол кезеңде үлгі боларлық оқу құралы болмағандығына дәлел. Осындай күрмеуі көп күрделі жағдайдан шығу мақсатында жазылған Ы.Алтынсарин хрестоматиясы ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалған адамзат құндылықтарына құрылып, көптің көкейіндегісін тап басып, тың ойларын жария еткен, шынайы білім алып, соны меңгеруге жол ашқан алғашқы оқулық. Өз еңбегінің алғы сөзінде Ы.Алтынсарин мұндай оқу құралының Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін ескерте келіп, ойын былай жалғастырады: «Біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан бұл шығарғалы отырған кітабымызды көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да қайшы келмеуін көздеп, орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық» [34].

Ы.Алтынсарин хрестоматиясынан кейін ХХ ғасырдың басында «Қазақша букварь» (Нұрбаев, Уфа, 1910), «Әліфе яки төте оқу» (И.Арабаев, Х.Сәрсекеев, Уфа, 1911), «Қазақша ең жаңа әліппе» (М.Малдыбаев, Қазан, 1912), «Қазақ балаларына жәрдем. Қазақша әліппе кітабы» (Ғ.Сырғалин, Қазан, 1913), «Балаларға жеміс» (Т.Жомартбаев, Семей, 1912) сияқты оқулықтар жарық көрді. Бұлардың қай-қайсысы да өз кезеңінде шәкірттердің білім деңгейін көтеріп, оларға ұлттық тәлім-тәрбие беруде маңызы зор болды.

Алайда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннен кейін қазақ оқулығын жазуды жаңа танымға негіздеп, теориялық және практикалық тұрғыдан арнайы зерттеуге нақты қадам жасап, оның негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы болғаны даусыз. Төңкерістен бұрынғы жылдары-ақ бала оқыту ісімен айналысып, ағарту мәселелеріне қатысты өзінің тың ойларын мерзімді баспасөз бетінде жариялап отырған озық ойлы алаш азаматы Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтары–шын мәніндегі ұлттық нақыштағы еңбектер болды. Сол кездің өзінде-ақ мектепке сапалы жазылған оқулықтар мен оқу құралдарының қажет екендігін жіті түсінген ғалым, оқулық мәселесі шешілгенде ғана білім беру ісінің жаңа сатыға көтерілетіндігіне ерекше назар аударады. Осы қажеттіліктің орнын толтыру үшін ол әлемдік әдістеме іліміндегі ең озық ой-пікірлерді пайдалана отырып, «Әліппе», «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар», «Әдебиет-танытқыш» және тағы басқа оқулықтар жазады. Бұл оқулықтар кезінде бірнеше рет қайта басылып шығарылды. Аталған еңбектердің ішінде ғалым қаламынан 1914 жылы туған «Тіл-құрал» оқулығының маңызы ерекше болғанын атап айту керек. А.Байтұрсынұлы осы оқулығының алғысөзінде: «... «Тіл-құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, үйткені бұл қазақта бұрын болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған жаңа нәрсе шыққан кезінде жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң жатырқау қалатын», - [35] дей отырып, бұл еңбектің бұған дейінгі еңбектерден ерекше екеніне баса мән береді.

Олай болса, Ы.Алтынсариннен кейінгі А.Байтұрсынұлы дайындаған қазақ тілі оқулықтарын қазіргі орта мектепке арналған қазақ тілі оқулықтарының басы деуге толық негіз бар. Бұл пікірді профессор Р.Сыздықованың төмендегі тұжырымы қуаттай түседі: «Егер бүгінгі «Қазақ тіл білімі» деген сала үлкен ғылымның бір тармағы деп танылатын болса, осы саланың алғашқы танымдары, терминдері, танытылуы (ұсынылуы) мектеп оқулықтарынан, оның ішінде А. Байтұрсынов дүниеге әкелген «Тіл-құралдардан» басталады» [7]. Сондай-ақ ғалым орта мектепке арналған қазақ тілі оқулықтарында алғаш рет ана тіліміздің негізгі және тұрақты белгілері сипаталғанын да атап көрсетеді және олардың ғылым-білімнің баспадағы ретіндегі ерекше орнын былай сипаттайды: «...Ал мектеп оқулықтары, оның ішінде бастауыш сатысының қажеттіктері, ғылымның толық өзі емес, бастамасы, дәлірек айтсақ, ғылымнан гөрі білім саласына қызмет ететін құралдар екендігі белгілі. Біз бұл жерде мектеп оқулықтарының мазмұны (материалы) ғылым дүниесіне мүлде жатпайды дейтін ғалымдармен (мысалы, орыс ғалымы Реформатский, т.б.) мүлде келіспейміз. Бұл қағиданы, сірә, мәселен, әр халықтың мәдениет тарихына қатысты жеке-дара қарап барып айту керек болар. Мысалы, қазақтың білім-ғылымының ұлт тілінде көрінуі мектеп оқулықтарынан басталады» [7].

Олай болса, орта мектепке арналған қазақ тілі оқулықтарының қай-қайсысы да өз заманының талабы тұрғысынан маңызы зор дүниелер болғаны анық.

Ұлы ағартушылар Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған оқулық дайындау үрдісі кейін де толастаған жоқ. Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Ш.Сарыбаев, Е.Қожантаев, С.Жиенбаев сияқты алаш азаматтары қазақ тілі оқулықтарын жазып, өз қолтаңбаларын қалдырды. Олардың ішінде қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-профессор, қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаушы Қ.Жұбанов оқулығының орны ерекше.

Еңбек жолын ағартушылықтан бастаған ғалым тілді зерттеудің маңыздылығымен бірге оны білімге айналдырудың, яғни баланы оқытудың мәнінің зор екенін жақсы түсінді. Алайда жақсы оқулық жазу үшін сол пәннің белгілі бір ғылымға негізделген жүйесі болу қажет. Ал өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ тіл білімінің теориялық проблемалары толық шешіліп, бір ізге түсе қоймағаны белгілі. Оқулық жазу барысында кездесетін мұндай қиындықтарды ғалымның көре білгенін өзінің шәкірті І.Кеңесбаевқа жазған төмендегі жолдардан көруге болады: «Оқулық-жүрдім-бардым жұмыс емес. Қазіргі грамматикамыздың түп қазығы сол оқулық болуы керек. Маған 5-6-класс оқушыларына арнап кітап жазу тапсырылған еді. Мен оның бітіру мерзімін созып алдым. Себебі фонетика, грамматика құрылысын әлі айқындай алмай жатырмын. Оларды жақсы білмей тұрып, жақсы оқулық жазу мүмкін емес» [31]. Олай болса, Қ.Жұбанов тілдің теориялық проблемалары толық зерделеніп болмай, оқыту мәселесі де оңға баспайтынын жақсы түсінген. Сөйтіп, өзінің мол білімі мен көп жылдық тәжірибесі арқасында ғалым ғылымға негізделген қазақ тілінің жаңа грамматикасын даярлап, оны 1936 жылы «Қазақ тілінің грамматикасы (жалпы) морфология (5-класқа арналған оқулық) 1 бөлім» деген атпен жариялайды.

Әрине, ғалымның оқулық жазуға үлкен дайындықпен келгені анық. Алдымен ғалым оқулық жазу үшін үлкен білім иесі болумен қатар, жақсы әдіскер болу қажеттігін де түсінді. Себебі оқулық жазу белгілі бір ғылым саласындағы мәліметтерді баяндап қою ғана емес, оқушыға жүйелі де түсінікті тілмен ғылыми негізделген мағлұмат беру болып табылатыны анық. Сондықтан Қ.Жұбанов орта мектепке арналған грамматика оқулығын жазбастан бұрын өзіне дейінгі оқулықтармен толық танысып шығады, олардың тиімді, пайдалы тұстарын іріктеп, қате тұстарын өз еңбегінде қайталамауға тырысады.

Олай болса, қазақ тілінің алғашқы оқулықтарын жазуды бастап, жол салған А.Байтұрсынұлы болса, Қ.Жұбанов осы істі жалғастырып, орта мектептерге арналған оқулықты жаңа мазмұнда, ғылыми тұрғыдан тереңдете жазды. «Қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылысы, бір жағынан, ана тілінде сөйлей білу, тіл үйрену мақсатында ғана емес, қоғамдық құбылыстың ұлттық бір күрделі көрінісі және халықтың рухани байлығының, мәдениет өндірісінің құралы болып танылатын тіліміздің ерекше жүйелі қабаты ретінде, екінші жағынан, әрі жүйелі, әрі алғаш ғылыми негізде және сол тілдің өз табиғатына сүйеніп тұңғыш зерттеле бастауы тіл білімпазы А.Байтұрсыновтың «Тіл – құралы», «Әліппесі» мен басқа еңбектерінен басталып, 1930 жылдары Қ.Жұбанов зерттеулері арқылы жалғасын тауып, одан кейінгі аға буын тілшілердің (50-70-жылдары) еңбектері нәтижесінде дами түскені ешбір күмән тудырмаса керек. Солардың арқасында қазақ тілінің ғылыми грамматикасының іргесі қаланып, шаңырағы көтерілді»,- деген белгілі ғалым С.Исаевтың [36] сөздері біздің ойымыздың дұрыстығын дәлелдей түскендей.

Олай болса, Қ.Жұбановты қазақ тілі оқулығын жазуды жаңа арнаға көтеріп, Қазақстанда оқулықтану теориясының негізін қалаған әдіскер-ғалым деп тануға болады. Оған ғалымның жоғарыда аталған оқулығы мен осы оқулықтың ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында жазылған «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» (1937) атты мақаласымен таныса отырып, көз жеткізуге болады.

Қ.Жұбановтың «Жаңа грамматикасында» қазақ тілінің фонетика, морфология, синтаксис сияқты салалары тұңғыш рет мектеп оқушыларының жас шамасына лайықталып, жан-жақты толық баяндалады. Сондай-ақ оқулық тіл үйрету мәселесін тұңғыш рет педагогика, психология ғылымдарының заңдарына сәйкестендіріп жазған оқулық болғанын да атап айту керек. Сөйтіп, ғалым тілді оқытудың ғылыми негіздерін қалап қана қоймай, білім беруде ұлттық менталитетті де ескеру қажеттілігін көрсетті. Аталмыш оқулық кезінде өз замандастары тарапынан жоғары баға алған болатын. Мысалы, халық ағарту ісінің ардагері, әдіскер-ғалым Ә.Сытдықов оқулық туралы төмендегідей пікір айтқан еді: «Осы жаңа оқулықта тілдің өсуі мен дамуына тұсау болған фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және стилистикалық құрылымның ескі нормалары бүтіндей қайта қаралды. Жаңа қабылданған қоғамдық-саяси, ғылыми-техникалық терминдер мен географиялық атаулардың дұрыс жазылуына, таңбалануына кедергі болып келген орфографияның ескі қағидалары негізінен қайта қаралды» [30].

Ал кейінірек, яғни 1968 жылы Қ.Жұбанов оқулығы туралы белгілі ғалым А.Ысқақов төмендегідей пікір айтады: «...бұл оқулық өзінің құрылысы мен құрамы жағынан да, мазмұны мен талдау жүйесі жағынан да бұрын-соңғы қазақ тілі грамматикаларынан ғана емес, біздің елімізде шыққан өзге тілдердің грамматикаларынан да өзгеше еді... Ол өзгешелік қазақ тілінің грамматикасын қазақ тілінің өзі үшін оның өз табиғи материалының ерекшелігіне сай құрастырып баяндау, я талдау негізінде құрылғандығында болатын. Ұлттық грамматиканы жазу арқылы да ұлттық дидактиканы дамытқандығы айқын болып отыр. Ғалым оқулықты жаңа үлгіде жасау үшін өзі айтқандай, жүрдім-бардымнан аулақ болған. Сонымен бірге жазуға кіріспес бұрын оған қажетті деректерді іздестіріп табу, материалдарды ретімен орналастыру; ғылыми, әдеби өңдеу; оларды жалқылау және жалпылау; тақырыптарын айқындау, айшықтау; дәйектемелер мен деректерді орынды қолдану; ой-пікірлерді түйіндеу; мазмұн мен форманың үйлесімділігін қамтамасыз ету; тілдің грамматикалық және лексикалық нормаларын мұқият сақтау; сөздің жалпы ұлттық қасиетін сақтау, саралау, түсіндіру; оның шыққан тегін анықтау; салыстыру, басқа тілдердің қазақ тіліне ұқсастығын, тілдердің ерекшеліктерін ажырата талдау; өзіндік жазу стилін таңдап алу, тағы басқа да жас ерекшеліктерін ескеру хақында ешқандай шек келтіре алмаймыз. Бәрі-бәрі «қыздың жиған жүгіндей» дегенге ұқсайды. Бұлар–біліктілік пен білімдарлықтың, қуатты түсіну мен терең сезінудің, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдың, тер төгу мен ой тебудің, жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің нәтижесі» [37].

Ғалымның шәкірті, академик І.Кеңесбаев: «Ғалымның қалдырған мұралары тілдік деректері жағынан мүкісіз, ал оның «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығы кейінгі авторларға көп жағынан үлгі болады», - деп пайымдайды. Мұндағы ерекше назар аударарлық нәрсе – орта мектепке арналған оқулықтар құрылымы мен мазмұнындағы дәстүрлі пікірлердің сірін бұзып, сындарлы көзқарас танытып, жаңаша саралап талдауы, қазақ тілінің теориясы мен оқыту әдістемесінің, ағарту ісі мен мәдениеті секілді өзектес кең ұғымның тұтастықта дамуына негіз қалағаны.

Еңбекте өз замандастары тарапынан да, кейінгі әдіскерлер тарапынан да жоғары баға алған және жаңаша қойылған мақсаттарға сәйкес даярланған профессор Қ.Жұбанов оқулығын құрылымы мен ондағы өзекті мәселелердің басын ашу мақсатында зерттеп-зерделеуге нақты қадамдар жасалды.

Оқулық «Грамматика нендей ғылым?» деген сұрақ арқылы сөз бөлшектерін, сөз бөлшектерінің жасалуын қарапайым мысалдармен түсіндіруден, «сөз материалының сыр-сипаты мен сөз бұйымдарының жасалу жолын» [14] күнделікті өмірде қолданылатын заттармен салыстырудан басталады.

Жалпы, дидактикада білімді игерудегі басты танымдық әдістер индукция, дедукция болып табылады. Индукция-жекеден жалпылауға бағытталған білімді игеру жолы және ол дедукция, ұқсату, салыстыру әдістерімен тұтастықта жүзеге асқанда тиімді болса, дедукция әдісі білімді жалпыдан жекеге, яғни жаңа танымдық ұғымның жалпы заңдылықтары мен жекелеген құбылыстарын талдап сипаттауға мүмкіндік береді. Дедукция әдісінің маңызды ерекшелігі – фактілерді дәлелдеудің негізгі құралы ретінде танылуы. Сондай-ақ бұл әдістің баланың логикалық ойлау қабілетін дамытуда маңызы зор. Осы турасында Қ. Жұбановтың оқулық мазмұнын құрудағы басты ерекшелігінің бірі де осындай әдіспен дәлелдеуге ден қойылғаны.

Оқулыққа қойылатын басты талаптардың бірі – білім мазмұнының баланың жас ерекшелігіне сәйкес түсінікті берілуі. Ғалымның оқулығында осы мәселелер нақты көрініс тапқан. Грамматикалық ереже алдымен жалпы түсінік беру арқылы түсіндіріледі. Бұдан ғалымның лингвистикалық ұғымдарды бала түсінігіне лайықтап, қарапайым мысалдармен ұғындырып, тілдің табиғатын танытуда тұтастықта дәлелдеп отырғанын көреміз.

Оқулықтың жоғарыда айтылғандай «Таныстыру» деп аталатын бірінші бөлімінде тіл заңдылықтарына жалпы талдау жасалады. Сондай-ақ бұл бөлім оқушы ойының логикалық жүйесін қалыптастырып, баланы ізденіске шақырады, білімді қабылдауға үйретеді. Автор тіл табиғатын үйретуді сөзді түсіндіруден бастайды. Бірақ мұндағы «сөз»-тек лексема емес, ол–біртұтас сөйлеу процесі, немесе монолог. Бұл жерде «сөз» қолданымы кең мағынада, орыстың «речь» деп аталатын бүтін ұғымы ретінде алынады. Кейін осы кең мағынадағы «сөз» ұғымының бөлшектенуін көрсете отырып, ғалым балаларды дұрыс ойлауға төселдіреді.

Оқулықтың әр тарауын зерделей отырып, оның өзіне дейінгі оқулықтардан, тіпті өзінен кейінгі жарияланған оқулықтардан да айтарлықтай ерекшеленетінін аңғаруға болады. Бұл кездейсоқтық емес. Алдымен ғалымның оқулық жазуда өзіне дейінгі оқулықтарда кездесетін орыс және батыс Еуропа тілдерінен көшіре салу әдетінен бас тартқанын байқауға болады. Екіншіден, ғалым қазақ тілінің өзіндік даму заңдылықтары мен даму жолына назар аударып, оны толық пайдалана білген.

Тіл дамуындағы заңдылықтар мен ерекшеліктерді қатаң сақтағанда және сол заңдылықтарды баланың жас ерекшеліктерін, психологиясын, ділін ескере отырып түсіндіргенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын ғалым анық аңғарған.

Күрмеуі көп күрделі мәселені шешуде Қ.Жұбанов өмір сүрген заманның кеңестік педагогикалық теорияның жаңа ғана қалыптасып, методологиялық мәселелер төңірегінде қызу пікірталастардың туған кезі екенін де ескерте кеткен жөн. Осыған орай «методика» (әдістеме), «метод» (әдіс), «методология» (әдіснама) сияқты түсініктердің ара жігін ашып алу қажеттілігі туды. Себебі бұл терминдердің мағыналары сөздіктер мен энциклопедияларда анықтала қоймағандықтан, көп ғалымдардың өздері оларды шатастыратын болған. Сондай-ақ ғалым заманы прагматикалық әдістемелік бағыттың дамуына аса зәру болатын. Міне, осы жағдайларға қарамастан, Қ.Жұбанов оқулығын методологиялық негізде жазылған бірден-бір құнды еңбек деуге болады.

Оқулықтан қазақ тілінің төл терминдерін жасау жолындағы ғалым ізденістерінің жемісті нәтижелерін көруге болады. Осы турасында Қ.Жұбанов қазақ терминдерін жасауда тілдің ішкі заңдылықтарын негізге алу керектігін маңызды дәйек ретінде ұсынады. Ғылыми мәні толық айқындалып болмаған терминдерді беру арқылы оқушылардың тіл заңдылықтарын үйренуде қандай қиындықтарға кездесетінін нақты мысалдармен дәлелдейді. Жалпы, оқулықта берілген тіл білімі терминдерінің кейбіреулерінің қазіргі қазақ тіл білімінде осы кезге дейін құнын жоймағанын, біразының сұрыпталып, зерттеу нәтижелеріне сәйкес әртүрлі өзгерістермен орныққаны белгілі. Басты назар аударарлық мәселе-ғалым ұсынған кейбір лингвистикалық терминдердің осы кезеңге дейін тіл білімі ғылымында өз орнын таппағаны немесе Қ.Жұбанов ұсынған мағынада қолданылып жүрмегені.

Оқулықтың айрықша құндылығы – кейінгі мектеп оқулықтарының мазмұнының жүйеленіп, айқындалып, терминдер алалығының нақтылануына мүмкіндік беруі. Бұл өз кезегінде оқыту мәселелерін шешуге игі ықпал етіп, тіл құрамындағы қат-қабат құбылыстарды ажыратып, тануда оның өзекті мәселелерін тап басып, дәл айта білгенін дәлелдейді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет