Түбір сөз, үстеулі сөз, жалғаулы сөздердің емлесі. Түбір сөз, үстеулі сөз, жалғаулы сөздердің әрқайсысы бір-бір тұтас сөз саналады да, өзге сөзден бөлек, әр түбір өзінің қосымшаларымен қосылып жазылады. Мысалы: ор, орақшы, орақшының, көл, көлшік, көлшіктерде.
Өлі қосымша. Қосымшалардың осы күнде де үстеулі сөз жасай алатынын, немесе, бір сөзбен екінші сөзді осы күні де байланыстыруға жарайтынын тірі қосымша дейміз.
Мысалы: Темір-ші, ойн-а, колхоз-дың, ауыл-да деген сөздегі-шы,-а, -дың, -да қосымшалары, осындай, тірі қосымшалар.
Бірқатар сөздердің түбір қанаты анық көрініп тұрса да, қосымша қанаты сол сөзден айырылып, басқа сөзге жалғауға келмейтін болады. Мысалы: ертең деген сөзде – ерте, соңыра деген сөзде – соң, жоңқа деген сөзде – жон түбірлері бөлек шығып-ақ тұр. Өйткені, ерте, жон, соң деген түбірлер жеке тұрып та қолданыла береді. Бірақ, ертең-дегі -ң, соңыра-дағы -ра, жоңқа-дағы –қа ана сөздерден бөлініп, басқа сөзге жалғанбайды. Олар бір кезде тірі қосымша болып жүрген де, бүгінде қосымша болуды қойып, түбірмен бірігіп қатып қалған.
Осындай, бүгінде қолданылудан шығып қалған қосымшаларды өлі қосымша дейміз.
Өлі түбір. Түбірдің де өлісі, тірісі болады. Мысалы: күрес, жарыс деген түбірлердің соңғы –с, -ыс дыбысы осы күні де тірі қосымша. Мұны соқ деген түбірге қоссақ, соғ-ыс, айт деген түбірге қоссақ, айтыс болады. Соңындағы –с үстеу болған соң, оның алдыңғысы – түбір болмақ.
Сонда, күрес, жарыс деген сөздердің түбірі күре, жар болып шығады. Бірақ, қазақ тілі бүгінде күресу, жарысу мағынасындағы күре, жар деген түбірлерді білмейді. Сондықтан: бұларды өлі түбірлер дейміз.
Үстеулі сөз бен жалғаулы сөздің түбірі өлісі де, үстеулі я жалғаулы өлісі де қосымшаларымен қосылып барып бір түбірге есептеледі.
Кіріккен түбірлер. Өлі түбірлі, не өлі қосымшалы сөздер сияқты, ішкі жігін бүгінде жоғалтып, бірігіп кеткен сөздердің бірсыпырасы, түбір мен жалғаудан құралмай, өңшей түбірлерден құралған:
Мысалы: ашудас сөзі – ашу+тас деген екі түбірден,
күндіз – күн+дүз (жүз, бет) деген екі түбірден,
айаз – ай+юз деген екі түбірден,
белбеу – бел+бау деген екі түбірден,
қаралат – қара+ала+ат деген үш түбірден құралған.
Осындай екі түбір, үш түбірден құралып тұрып, бір түбір болып кеткен сөздерді кіріккен түбірлер дейміз.
Қиюлы сөз. Еңбеккүн, белбеу, қолғап, ашудас, жермай сияқты сөздердің әрқайсысы екі сөзден құралып бір нәрсенің атын көрсетіп тұрғанын, сондықтан мұндайлардың әрқайсысы о басба екі сөз болғанмен, бүгінде бір сөз болып кеткенін білуші едік. Мұндай кіріккен сөздердің құрылысы осы күнгі қазақ тілінде екі түрлі. Бірін – жалғасулы кіріккен, екіншісін – қиюлы кіріккен сөз дейміз.
Жалғасулы кіріккен сөз тұтас күйінде тұрып-ақ тек жалғасып кірігеді. Ол – ана қол+ғап, ашу+дас сияқтылар. Мұнда қол сөзі мен қап сөзі, ашу (ащы) сөзі мен тас сөзі бұзылмай-жарылмай ғана жалғасып барып кіріккен.
Қиюлы кіріккен сөздер, ондай, тұтас тұрып жалғаспайды, жарықшақталып, қиюы келтіріліп барып кірігеді. Ауатком, аухалтер, партком сөздері, осындай, қиюлы сөздер ау+ат+ком сөзі аудандық атқару комитеті деген үш сөзді қиюлап барып жасалған. Ау+хал+тер сөзі аудандық халық тергеушісі деген үш сөзді қиюлап барып жасалған. Парт+ком сөзі партия комитеті деген екі сөздің қиюын келтіріп жасалған.
Қиюлы сөздердің құрылысы үш түрлі болады:
а) буын қиюлылар,
в) әріп қиюлылар,
с) аралас қиюлылар.
Қосар сөздер. Түбір сөзден туынды сөз жасаудың жалғыз амалы түбірге қосымша жалғау ғана емес, түбір сөздің я туынды сөздің өзді-өзін қосақтап та сөзге үстеме мағына беруге болады. Мысалы: бала-шаға, үлкен-кіші, үлкенді-кішілі, ұзын-қысқа, сатыр-сатыр, көзбе-көз, шай-пай, қап-қара, сап-сары. Мұндай, қосарынан айтылатын сөздерді қосар сөздер дейміз.
Құрылысына қарай, қосар сөздер мынадай бес арыс болады: теңдес қосар, сөздес қосар, матаулы қосар, тіркеулі қосар, қосақты қосар.
Достарыңызбен бөлісу: |