Жоспар: І қ. Жұбанов тұңғыш лингвист



бет6/15
Дата13.05.2022
өлшемі164,17 Kb.
#34286
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
ЖҰБАНОВ

Дидактиканың жалпы педагогикадағы орны;

  • Оқулықтану теориясының ғылыми негіздері:

  • Оқытудың технологиялық және физиологиялық негіздері;

  • Оқытудың дидактикалық ұстанымдары;

  • Оқыту әдістері мен ұлттық ерекшеліктер.

    Тіл білімінің теориялық мәселелері ғана емес, білім беру жайы да толық шешіле қоймаған ғалым өмір сүрген заманда бұл мәселелерді нақты көтеріп, халықты жаппай сауаттандыруға, ілім-білімге жұмылдыруы – Қ.Жұбановтың Қазақстан мәдениеті мен ғылымын жаңа сатыға көтеру бағытында жасаған батыл қадамдары еді. Алайда ғалым өзінің тіл білімі мен оны оқытуға қатысты жаңаша саралап пайымдаған құнды ойларын, ғылыми тұжырымдарын толық жүзеге асыра алмай, нағыз кемелденген шағында репрессия құрбаны болды.

    1938 жылы 25 ақпанда 39 жастағы Қ.Жұбанов «халық жауы» ретінде ұсталғанда, оған тағылған айыптардың ішінде 1936 жылы жарық көрген оқулығында «халық жаулары» С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің шығармаларынан үзінді берілген деген жолдар бар. Сондай-ақ Қ.Жұбановтың қазақ орфографиясына қатысты мақаласында А.Байтұрсынұлының пікіріне сүйенуі де ғалымды «халық жауы» деуге негіз болды. Ал, шындығында, тілді оқытуда қандай материалға сүйену керек деген өзекті мәселеде қазақтың белгілі ағарушы-ғалымдары (Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Сарыбаев, Ғ.Бегалиев, т.б.) бірауыздан көркем әдебиет тілі басшылыққа алынатыны туралы ортақ пікір айтады. Олай болса, профессор Қ.Жұбановтың сол кезде қазақ әдебиетінің негізін салушы ірі ақын-жазушылар шығармаларынан тілдік сан алуан құбылыстарды дәлелдеу мақсатында үзінді беруі – өз саласының талабы тұрғысынан маңызды мәселе болғаны анық. Тіл ғылымының өзекті мәселелерінің басын ашуда мұндай ізденістердің тиімділігі ғылымда дәлелденді. Бірақ сол кезеңде күрмеуі көп күрделі мәселені шешуде ақиқаттың басы ашылмай, «саясат» мәнінде үстірт танылды.

    Сонымен, профессор Қ.Жұбанов өмір сүрген замандағы тарихи-әлеуметтік жағдайларға шолу жасай отырып, сол кезеңде қалыптаса бастаған әдістеме ғылымының бастауында тұрған ғалымдардың мұраларымен таныса келе, ғалымның әдістемелік еңбектерінің қайнар көзі Ы. Алтынсарин,
    Ш. Уәлиханов, Абай, А.Байтұрсынұлы т.б. ұлы ағартушыларының еңбектерінен бастау алатынын байқауға болады. Ғалым еңбектеріндегі дидактика мәселелері жоғарыда аталған ұлы тұлғалардың ілімі негізінде ұлттық ерекшеліктерге сәйкес қарастырылған. Сонымен қатар ғалымның әдістемелік ой-пікірінің қалыптасуына оның көп жылдық ағартушылық қызметі мен өз заманындағы әдістемелік ой-пікір де айтарлықтай ықпал еткені анық.

    Қ.Жұбанов 1957 жылы 3 қазанда азаматтық тұрғыдан толық ақталғаннан кейін, оның құндылығы аса жоғары сүбелі мол мұрасын жарыққа шығару мәселесін шешу міндеттелді. Зерттеу-зерделеу барысында ғалымның кейбір еңбектері мұрағаттардан табылса, енді бір топ еңбектері білім алған шәкірттерінен жинақталды. Ғалымның ұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Қ.Жұбанов әкесінің біраз еңбектерін оның шәкірті, кейін қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының жетіліп, дамуына зор еңбек еткен профессор Ш.Х.Сарыбаевтың 50-жылдардың аяғына дейін сақтап, қолжазба күйінде жеткізгенін жазған мақаласы осыған дәлел [25]. Сондай-ақ Е.Жұбанов бұл қолжазбаның жоғарыда айтылған өткен ғасырдың 30-шы жылдары Алматы қаласындағы орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларына арналып оқылған лекциялар топтамасы екенін және мұнда ұлттық дидактика проблемалары да кең қамтылғанын ескертеді. Жалпы Қ.Жұбанов ақталғаннан бергі уақытта оның еңбектері 1966 және 1999 жылдары «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген атпен жарық көргені белгілі. Мұндағы ғалымның қазақ тіл білімі мен оны оқыту әдістемесіне, философия мен тарихқа, әдебиет пен психологияға қатысты мол мұрасын зерделей отырып, аталған ғылым салаларының барлығының сол кездің өзінде жүйелі зерттеле бастағалғанын және бұл жұмыстың бастауында Қ.Жұбанов секілді ірі зерттеушінің болғанын ілтипатпен атағанымыз абзал.

    Қ.Жұбанов – қазақ тілін оқыту туралы сындарлы көзқарас танытып, оның өзекті мәселелері турасында дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, жаңаша саралап, үлкен сын тұрғысынан қарап, жеке ғылым ретінде қалыптасып, дамуына сара жол салған озық ойлы ағартушы ғалым. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, оқыту теориясында ғалым пікірлерінің сабақтастық тауып, үйлесуі- заңды құбылыс.


      1. Морфология, фонетика, синтаксис салаларына қатысты зерттеулері

    А.Байтұрсыновтан кейін Х.Досмұхамедұлы мен Қ.Жұбанов қазақ тілінің дыбыс құрылымын зерттеуді одан әрі жалғастырды. Х.Досмұхамедұлы қазақ тілінің үндесім заңына лайық қазақ сөздерінің айтылым үлгеріміне көп көңіл бөліп, қазақ сөзінің айтылым үлгілерін сақтап сөйлеудің жолдарын ұсынды. Қазақ фонетикасын зерттеуге европалық ғылыми аппарат пайдаланыла бастайды. Сөйтіп «фонема» атауын Қ.Жұбанов өзінің еңбегінде келтіреді. Профессор Қ.Жұбанов қазақ тілінің дыбыс жүйесін түгел қамтып, оның жан-жақты ғылыми сипаттамасын берген, қазақ тілінің фонетикасын пән ретінде қалыптастырған тілші-ғалым. Бұған «Қазақ тілінің грамматикасының» «Сөздің дыбыс құрылысы», «Сөздің буын құрылысы», «Сөз мүшелерінің қиындасуы» сияқты бөлімдері дәлел бола алады. Мұнда белгілі фонетист Ә.Жүнісбековтің пікірінше, «...дыбыс, дыбыстың саны мен сапасы, дауысты дауыссыздар, олардың артикуляциясы мен акустикасы, дыбыстау аппараты, буын, сингармонизм, екпін түгел сөз болады. Сөйтіп, фонетика бөлімі бас-аяғы бүтін жүйелі тарауға айналған» [26]. Қазақ фонетикасының өзіндік ерекшеліктерін зерделеуге арналған оқулықтың бұл тарауларында тіл дыбыстары жан-жақты жіктеліп, олардың фонемалық сипаты көрсетіледі, фонема санының 26 екені айтылады.

    Фонетиканың ең басты мәселесі – тілдің фонемалар жүйесін, фонемалар құрамын айқындау және оларға қатысты заңдылықтарды жүйеге түсіру. Осы талаптар Қ.Жұбанов зерттеулерінде де негізгі нысанаға алынғанын көреміз. Ол қазақ тілі дыбыстарын акустика-артикуляциялық ерекшеліктеріне қарай топтап, дыбыстың саны мен фонологиялық қызметін анықтауға көп көңіл бөлген. Белгілі бір тілдегі дыбыстың фонемалық қасиеті екінші бір тілде өзгеше түрде, басқаша айтқанда, фонема бола алмайтын дәрежеде кездесуі мүмкін. Дауыссыз дыбыстар қазақ және орыс тілінде жуан-жіңішке болып екі топқа бөлінеді. Бірақ олардың жуан-жіңішкелігі функционалды жағынан бірдей емес. Орыс тілінде жуан дауыссыз – бір фонема, жіңішке дауыссыз – екінші фонема. Мысалы: мел – мель; мол – моль сөздерінде [л]дыбыстарының жуан-жіңішкелігі сөздердің мағынасын ажыратып тұр. Қазақ тілінде дауыссыздың жуан-жіңішкелігі сөздердің мағынасын ажырата алмайды, себебі бұл дыбыстардың фонематикалық қасиеті жоқ, олар орайласып бір дыбыс типін құрайды да басқа фонемаларға қарамақарсы қойылады. Мысалы, [bol – b'öl']; [tol –t'öl'] деген сөздер дауыссыздардың жуан-жіңішке айтылуы арқылы ажыратыла алмайды, олар сөз ыңғайына қарай, бірде жуан, бірде жіңішке болып, қасында тұрған дауысты дыбыстар әсерімен ажыратылады, сонымен дауыссызының екі вариацияда көрініс табуы көршілес дауыстыларға байланысты. Бұл дауыссыздардың жуан-жіңішкелігінің фонологиялық мәні жоқ. Орыс тілінде дауыссыздардың жуан-жіңішкелігі сөздердің мағынасын ажыратып, айырым белгі болып саналады, мысалы: [кон] (бір жол ойын), [кон'] (жылқы); және [тест], [тест'] деген сөздің де мағыналары жуан және жіңішке дауыссыздар арқылы ажыратылады. Дауыссыздардың аталған қасиеттері Қ.Жұбановтың назарынан тыс қалмаған, осыған байланысты ғалымның пікірін келтірейік: «Жуанжіңішкелікті пайдалану да түрлі-түрлі болады. Мысалы, бірде жуан, бірде жіңішке болып келетін дыбыстар орыста да, бізде де, шуашта да бар, бірақ солардың өзі әр түрлі: орыстың жуан л дыбысынан біздің жуан л-мыз жуанырақ, орыстың жіңішке л дыбысынан біздің жіңішке л-мыз жіңішкерек. Біз жуан-жіңішкелікті былай белгілеп отырмыз: жуан естілетін л, жіңішке естілетін л». Қырғыз, якут, түрікмен тілдерін алсақ, мұнда дауыстылардың созылыңқылығы мен қысқалығы сөздердің мағынасын ажырататыны белгілі. Мысалы қырғыз тілінде: [mal] сөзі «мал» мағынасында айтылса, [ma:l] «мезгіл», «уақыт» мағынасында қолданылады. Сондай-ақ, якут тілінде: [ta:s] «тас» деген мағынаны білдірсе, [tas] – «сырт», «тыс» деген мағынаны көрсетеді.

    Қазақ тілінде созылыңқы мен қысқалықтың фонологиялық мәні жоқ. Қ.Жұбановтың бұл жөнінде де өз пікірі бар және ұзын-қысқа деген фонологиялық оппозиция жоқ екенін, оның фонеманы ажырата алмайтынын да ғалым баса айтқан: «Біз дауыстының да, дауыссыздың да ұзындығын фонема ретінде пайдаланбаймыз. Бір дыбыстың бір жерде ұзын, екінші жерде қысқа айтылуы кездесе берсе, екі сөзді бір-бірінен айырса фонема дер едік». Жан-жақты ғалым ретінде Құдайберген Жұбанов фонема теориясын, оның негізгі мәселелерін жақсы білген, себебі ол Санкт-Петербург университетінде оқып, Ленинград фонологиялық мектебінің принциптері мен қағидаларын ұстанған. Оны біз ғалымның келесі келтірілген мысалдарынан және теориялық тұжырымдарынан көреміз: «Сөйлегенде дыбыстаймыз. Сөзді естігенде сол дыбыстарды есітеміз. Сөз көп. Бірақ, әр сөздің дыбысталуы әр түрлі. Сондықтан, сөз қаншама көп бола тұрса да, бірінбірінен айыру қиын болмайды. Бір сөзді екінші сөзден айырғанда, екеуінің дыбысталуында бір айырмашылық болғаннан айырамыз. Быж-тыж қып бай-жуанды осы маңда, Кенеледі-ау кедей біткен бүгін таңда! - дегендегі маңда деген мен таңда деген бір емес, екеуі екі басқа сөз. Өйткені, екеуінің дыбысталуы екі басқа, сондықтан, естілуі де екі басқа болып тұр», – дейді ғалым. Құдайберген Жұбанов фонеманың функциональды қасиетін, оның айырым белгілерінің қызметін, дыбыстан айырмашылығы мен таңбалануын терең түсініп, фонеманың сипаттамасы, оның атқаратын қызметі жөнінде ғалым өз пікірін былайша білдіреді: «Фонема бір сөз бен екінші сөзді айыруға жарайды. Бір сөз екінші сөзден өзге болу үшін біреуінің бір-ақ бөлшегінің өзгеше дыбысталуы жеткілікті, түгелімен өзгеше дыбысталуы шарт емес. Жоғарғы таңда деген сөз бен маңда деген сөздің бір-бірінен өзгешелігі бір-ақ бөлшегінде: біреуінің басқы бөлшегі – -т, біреуінікі – -м. Қалған жағынан дыбысталуы екеуінде де бірдей (бұл екі сөздің біріне-бірі ұйқасып тұрғаны да ішіндегі бөлшектерінің көбінің дыбысталуы бірдей болғаннан)», – дейді ғалым. Қазақ тілінде фонема тек мағына ажыратушы қасиеттерімен ерекшеленетіндіктен, Құдайберген Жұбанов фонема дыбыстың жоғары сатысы екенін және әр дыбысты фонема деңгейінде қарастыруға болмайтынын дұрыс түсіндіреді. Сөз ағымындағы кездесетін дыбыстардың көбісі фонологиялық мәні жоқ қасиеттерімен ерекшеленеді және фонема бола алмайды, солардың ішінде тек мағына ажыратушы дыбыстар дербес фонема бола алады. Фонеманың негізгі ерекшелігін ғалым баса білдіріп кеткен және фонеманың варианттары, вариациялары жайында да жазып кеткен: «Бабасөзіндегі соңғы б басқаша естіледі, сонда да бұндағы б – бір фонема. Сондай-ақ қайыр-хайыр дегендегі қ мен х – екі дыбыс болғанымен, бір фонема. Файзолла мен Пайзолла да солай. П мен Ф бір сөзді екінші сөзден айыру үшін тұрмағандықтан, оларды дербес фонема демейміз».

    Ғалымның келтірген мысалдарында фонеманың вариациялары жөнінде сөз болып тұр. Көршілес дыбыстардың ықпалына бағынатын фонемалар перцептивтік әлсіз позицияда тұрып, өзінің дыбысталуын өзгертіп, вариация түрінде көрініс табады. Олар фонологиялық айырым қызметін атқармай, акустика-артикуляциялық жағынан ажыратылады. Сөз легінде естілетін нақты дыбыстар фонемалардың материалдық символы ретінде көрінеді. Тілдің фонологиялық қатарын үздіксіз сөз ағымында кездесетін дыбыстар құрайды. Үздіксіз сөз ағымының кейбір орнында фонологиялық мәнге ие болатын дыбыстар ұшырасады. Олар фонологиялық қатарлардың жеке фонемаларына сәйкес келеді. Дегенмен сөйлеу тілінде мағына түрлендіру қызметтерімен бірге фонологиялық мәні жоқ дыбыстарды да табуға болады. Сондай-ақ сөз ағымының әр дыбысы фонологиялық және фонологиялық емес қасиеттердің жиынтығы ретінде көрінеді. Демек, әрбір дыбыс фонологиялық қасиеттерімен ерекшеленіп, бір фонемаға сәйкес келеді, ал бір фонема бірнеше дыбыстарда көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, профессор Қ.Жұбановтың фонема туралы тұжырымдамалары тіл біліміндегі фонема теориясымен сабақтасып жатыр деуге толық негіз бар.

    Профессор Қ.Жұбанов – қандай мәселені сөз етсе де, табиғатта бар нәрселермен шендестіре түсіндірудің шебері. Фонемалардың сырын дұрыс түсіндіру үшін ғалым оларды атоммен салыстырады және грек оқымыстыларының пікірлерін келтіреді. Олардың көзқарасы бойынша, «дүниедегі барлық нәрселер бөлшектене алады, бөліне-бөліне келіп, ақырында, ең кішкене кесегі атомға келіп тіреледі». ХІХ ғасырдың басында әлемдегі техникалық және жаратылыстану ғылымдары қарқынды дамығаны белгілі. Ғалымның айтуынша, «оларды зерттеуге түрлі метод қолданылады. Объектив әдісімен іс істеу тілшілерге де жұқты». Зерттеу барысында ғалымдар өз пәндерінде ең кіші бірліктерді іздеп, әрекет жасағаны мәлім.

    Құдайберген Жұбанов – өз заманындағы өзгерістерді сезіп, сол уақыттың сұранысына сәйкес тілдің ең кішкене бөлігін танытып, сипаттап берген ғалым. «Дыбыс тілдің атомы болып саналады, атом – заттың бөлінбейтін, өзгермейтін, ең кішкене бөлшегі», – дейді ғалым. Сондай-ақ Құдайберген Жұбанов сөйленімнің мүшелену теориясына да үлес қосқан. Сөйленімнің мүшелену нәтижесінде оның сегментті бірліктері анықталады. Сегменттерге мүшелеуде оның қандай бірліктерге бөлінетінін, олардың өзара қалай байланысатынын, сөз құрамында орналасу ретін, дыбыс бірліктерінің қайсысы айрықша қызмет атқаратынын байқауға болады. Дыбыс бірліктерінің (фонемалардың) бір-бірімен тіркесуі сөз бен морфемалардың құрамында қарастырылады. Фонема дистрибуциясын зерттеу барысында, оның қай позицияда кездесетінін, қандай фонемалар бірбірімен үйлесетінін және олардың өзара орын тәртібі мен санына байланыстылығы анықталады. Фонеманың іске асуына байланысты басым қызмет ететін дистрибуциясы мен әлсіз дистрибуциялар айқындалады. Шағын бірліктердің сөз мағынасын түрлендіру, сөз өзгерту қызметі тіл білімінің функциональды бағытын әрі қарай дамытуға үлес қосты. Фонемалардың үйлесуі мен реттелуі (дистрибуциясы) буынның құрылымдық ерекшеліктерімен, сөздің басы мен аяғының дыбысталу қасиеттерімен және басқа да әр тілдің өзіндік факторларымен байланысты болады.

    Фонемалардың дистрибуциясы мен сөздің мүшеленуіне ғалым тарихи аспектіде қарайды «дыбыс, буын, сөз, сөйлем дегендер тіл тарихында дүниеге келген» және оны бейнелеп сипаттайды: «Кірпіштерден құрап үй саламыз, талдардан құрап шетен тоқимыз. Осыған қарай әр нәрсені тек құрастырудан, ұластырудан барып жарыққа шыққандай көреміз. Дыбыстар да қаланып барып, сөз жарын (қабырғасын) қаңқитқандай көрінеді». Келтірілген сілтемеден ғалымның ғылыми тұжырымды қарапайым түсінікті тілмен түсіндірудің қас шебері екендігін аңғарамыз. Фонеманы үш аспекті бойынша қарастыруға болады: физикалық аспекті, физиологиялық аспекті және лингвистикалық аспекті. Фонеманың физиологиялық және физикалық аспектілері оның акустика-артикуляторлық сипатын қамтиды, ал лингвистикалық аспекті оның функционалды жағын қарастырады.

    Қ.Жұбановтың фонемаларды сипаттауында осы үш аспекті қамтылған. «Қазақ тілінің қазіргі физиологиясын сөз қылмастан бұрын, физика жағынан қарағанда, дыбыстың қозғалудан, толқыннан болатынын еске алу керек және толқын мен қозғалудың да белгілі бір шекте болуының, белгілі бір мөлшерде болуының шарты екендігін ұмытпау керек. Қозғалу үшін қозғау керектігін, ол қозғаушы күштің де түрлі дәрежеде болатындығын ескеру керек», – дейді ғалым. Бұл пікірден қазақ тілінің фонемалық жүйесін сипаттау барысында, ғалым фонемалардың дыбыстау мүшелерінің физикалық және физиологиялық ерекшеліктері мен жасалу жолдарын анықтап бергендігі айқын көрінеді. Артикуляциялық-акустикалық сипаттаулармен қатар фонеманың функционалды ерекшеліктері де көрсетілген. Демек, бұндай ғылыми тұжырымдар қазақ фонологиясын зерттеуде Қ.Жұбановтың елеулі жетістіктерге жеткендігінің бұлтартпас дәлелі деп есептейміз.

    Қ.Жұбанов дыбыстау аппараттары өкпе, ауыз, мұрын және кедергі мүшелер деп, «өкпе, сырнайдың көрігінше, ісініп-басылып, ауаны біресе сыртқа теуіп, біресе ішке тартып тұратынын», ал ауыз, мұрын қуыстары дыбысты зорайтып тұрса, ауа ағыны бірде еріннен, бірде тіс түбі, не таңдай, не көмейден бөгеліп, кедергіленеді де, дыбыс та кедергісіне байланысты әртүрлі шығатынын айтады. Дауысты дыбыстарды шығаруда дыбыстау мүшелеріне, ал дауыссыздарды шығарған кезде ауыз ішіндегі кедергі мүшелерге күш түсетінін дұрыс көрсетіп, олардың қызметін де дәл тани білген. Қ.Жұбанов дауыстыларда үн басым, дауыссыздарда салдыр басым, бірақ екеуіне де үн мен салдырдың қатысты екендігін айтып қана қоймай, осы ерекшеліктеріне қарай екі топқа жіктесе, бұлардан басқа, «үні мен салдыры тең» дыбыстарды сонорлар деп, олардың «дауыстылардай өнделмейтінін, дауыссыздардай егізделмейтінін» айтып, топтастыруында осы басты ерекшеліктерін көрсетеді. Қ.Жұбанов «дыбыстау түріне қарай» дауыстыларды толық дауыстылар а, э, е, о, ө, келте дауыстылар ы, і, у, у және қосынды дауыстылар ұу/үу, ый/ій деп үш топқа бөлген. Қазақ тіліндегі дауыстылар жуан-жіңішкелігінің фонологиялық кезеңі болатынын дұрыс аңғарған ғалым жазуда олардың әрбіреуі бір-бір таңбамен белгіленетінін айтып, ал қосынды дауыстыларда мұндай қасиет жоқ деп есептеп, ұу/үу – бір ғана у, ый/ій қосындылары й әріптерімен таңбалануын ұсынған. Жасалу түріне қарай ерін дауыстылары о, ө, ұ, ү және езу дауыстылары а, ә, е, ы, і деп топтастырған. Қазақ тілі дауысты дыбыстарын алғаш рет үш оппозициялық топқа бөліп жіктеген В.Радлов болса, оның ісі Қ.Жұбановтың ана тіліміздегі зерттеу еңбегінде жалғасын тапты.

    Құдайберген Жұбанов дыбыстардың физикалық ерекшеліктері жөнінде де өз пікірін білдіреді: «дыбыс болғанда (шыққанда) ауа бірде қоюлана, бірде сирекси жан-жаққа толқиды. Бұдан келіп құлақ пердесі әрі-бері қалтырайды. Ауа қоюланса, құлақ пердесі тартылады, ауа сиресе, құлақ пердесі сыртқа тебеді». Міне бұл нағыз ғалымның дыбыс табиғатын эксперименталды фонетика саласы пайда болмастан, заманауи технологиялардың көмегінсіз сезімталдықпен аңғарғандығын айғақтайды. Сондай-ақ дыбыстың күші, амплитудасы, жиілігі жайында да сөз қозғайды. Демек, ғалым дыбыстардың артикуляциялық сипаттамасымен қатар, олардың акустикалық жағын да қарастырған. Қазақ тіл білімі тарихында буын типологиясына сипаттама жасап, оның құрылымы жөнінде алғаш жан-жақты зерттеу жүргізген Қ.Жұбанов деп ауыз толтырып айта аламыз. Ол буын теориясын жасап, буынға анықтама беріп қана қоймай, «Буын жігін қалай табуға болады?» деген мақаласы арқылы ғылыми қауым әлі күнге бір шешімге келе алмай жүрген буын жігін анықтау мәселесі жөнінен де батыл пікір айта білген.

    Ғалым буынның төмендегі белгілерін атап көрсетеді:

    1) дауысты дыбыссыз буын болмайды;

    2) бір буында бірден артық дауысты дыбыс болмайды;

    3) дауысты дыбыс жалғыз өзі де буын бола алады;

    4) бір буында үштен артық дауыссыз дыбыс болмайды;

    5) екі дауыссыз бір буында қатар келетін болса, дауыстының соңынан ғана келеді. Еш уақытта алдында екі дауыссыз қатар келмейді;

    6) сөз ішінде дауыстыдан басталатын буын болмайды. Әр уақытта ортадағы, аяқтағы буын дауыссыздан басталады.

    Профессор Қ.Жұбанов буынның осы белгілерін ескере отырып, «буын жігін оңай механик түрде» табуға болатынын да айтады. Ол үшін жазылған сөздің дыбыстарын аяғынан бастап, дауысты дыбыстан соң келген дауыссызды елемей өте шығып, әрбір дауыстының алдыңғы жағына бір дауыссыз тастап бөле береміз, сонда неше бөлік шықса, сонша буын болады дейді. Оның пікірлері сингармонизмге арқа сүйеп, буын жігін ажырату жөніндегі пікірлермен ұштасып жатқанын байқаймыз. Ғалым «жеке дыбыс жеке бөліп айтуға келе бермейтінін», дауыссыздар мен сонорлар алдынан не артынан бір дауысты дыбыс қоспай, бөлек айтылмайтынын және «дауысты дыбыс өзіне ерген дауыссыздары сонорларымен бірігіп, бір үйір болып, өзге үйірлерден бөлініп тұратынын» айтады. Буын фонологиялық бірлік десек, ал жекелеген фонемаларды бөліп айтуымыз лингвистикалық талдаудың талабынан туындаған. Осы тұрғыдан алғанда, ғалым пікірі буын теориясы заңдылықтарын дұрыс көрсете білгендігін танытады.

    Ғалым: «Сөзді бөліп-бөліп айту керек болғанда үйірі-үйіріменен бөлсе, дыбыстары өзгермейді, үйірін бұзып бөлсе, омыртқаны буынсыз жерден бөлгендегідей болып, сөздің дыбыстарының бірі үзіліп, біріне артық дыбыс қосылып, қалпы бұзылады, сөзді дыбыстарының қалпын бұзбай, бөлшектегенде пайда болатын дыбыс үйірлерін буын дейміз», – деп, фонетикалық бірлік ретіндегі буын категориясына тұщымды да нанымды анықтама берген. Қ.Жұбанов қазақ тілінде буынды құраған дыбыс санына қарай бір дыбысты, екі дыбысты, үш дыбысты, төрт дыбысты буындар болатынын, дауысты дыбыстың бір өзінен тұратын буында дауыссыз да, сонор да болмайтынын, бұл екі дыбыс бір буын құрамында бір-бірден болуы да, екі сонор, бір дауыссыз болуы да мүмкін екендігін айтқан.

    Түркі тілдеріндегі буын бір буынды түбір сөздердің құрылысымен сәйкес келеді десек, академик Ә.Т.Қайдаров қазақ тілінде 1352 бір буынды түбір барын анықтады. Ол қазақ тіліндегі бір буынды сөздердің алты түрлі құрылымын /Г, СГ, ГС, ГСС, СГС, СГСС/ көрсетеді. Қазақ тіліндегі буын жүйесі тіліміздің негізгі заңдылықтарының бірі сингармонизммен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы сингармонизм заңдылығы деп атап айтпаса да: «Қазақта сөз екі түрлі: бір түрі – жуан, екінші түрі – жіңішке. Жуан сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрі жуан болады, жіңішке сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрі де жіңішке болады», – деп (30), тіліміздің өзіндік ерекшелігін атап көрсетсе, Х.Досмұхамедұлы: «Қазақ-қырғыз тіліндегі сөздің түбірі сингармонизм заңына бағынатыны анық», – деп, оған жалғанатын қосымшалар да түбірдің ыңғайына бейім жалғанатынын айтқан болатын (31, 84).

    А.Байтұрсынұлы қазақ тіліндегі сингармонизмге бағынбайтын қосымшаларды алғаш атап өтсе, Қ.Жұбанов оларды жан-жақты талдап, жуанжіңішке түрлерін айырып, жазылу ерекшеліктерін анықтап көрсеткен. Қ.Жұбанов: «Түбір дыбыстары мен қосымша дыбыстарының үндесу бағыты екі түрлі: бірінде – түбірдің соңғы дыбысының, не соңғы буынының ауанына қарай, қосымша дыбыстары өзгереді; екіншісінде – қосымша дыбыстарының ықпалымен түбір дыбыстары өзгереді. Алдыңғысын ұмтыла үндесу дейміз де, соңғысын тартына үндесу дейміз», – дейді. «Қазақ сөзін сөз етіп тұрған сингармонизм құбылысы екенін, ал сингармонизмнің иек артар тілдік бөлшегі буын екенін ескерсек, проф. Қ.Жұбановтың қаншалықты көрегендік танытқанын көреміз», – дейді проф. Ә.Жүнісбеков (28, 193).

    Қ.Жұбанов: «Сөз мүшелерін матастырып ұстайтын арқанның ең күштісі – түбір мүше мен қосымша мүшелердің үндесуі. Бұл заңды сингармонизмдейміз», – дейді. Ол сингармонизм деп түбір мен қосымша аралығындағы дыбыстардың үндесуін қарастырған. Сондықтан түбір сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай қосымшаның да жуан, жіңішке келуін және екі аралықтағы көрші дыбыстардың үндесуін сөз еткен. Жалпы айтқанда, ғалым түбір мен қосымша аралағындағы барлық дыбыстардың да үндесуіне көңіл бөлген. Атап айтқанда, ғалым түбір мен қосымша аралығындағы үндесу түрлері деп төмендегі мәселелерге назар аударған:

    1) түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай;

    2) түбірдің соңғы дыбысының үнді-үнсіз болуына қарай;

    3) түбірдің соңғы дыбысы дауысты болғанда;

    4) түбірдің соңғы дыбысы л-дан басқа ауыз жолды сонор болып, қосымшаның бас дыбысы л мен м-ның бірі болғанда;

    5) түбірдің соңғы дыбысы л болып, қосымшаның бас дыбысы л мен м-ның бірі болғанда;

    6) түбірдің соңғы дыбысы мұрын жолды сонор болып, қосымшаның бас дыбысы да, аяқ дыбысы да мұрын жолды сонор болғанда;

    7) түбірдің соңғы дыбысы к, қ, п дыбыстарының бірі болып, қосымшаның бас дыбысы дауысты болғанда;

    8) түбірдің соңғы дауыссызы сыбыр дыбыстары мен сыбыс дыбыстарының үндісі болып, қосымшаның бас дыбысы үнсіз болғанда;

    9) түбірдің соңғы дыбысы сыбыр болып, қосымшаның бас дыбысы сыбыс болғанда;

    10) түбірдің соңғы дыбысы мұрын жолды езушіл сонор болып, қосымшаның бас дыбысы еріншіл дауыссыз болғанда;

    11) түбірдің соңғы дыбысы н болып, қосымшаның бас дыбысы қ, к, ғ, г дыбыстарының бірі болғанда пайда болатын өзгерістер (8, 209-213.). Мұның өзі сингармонизм сөздің бүкіл өн бойында бірдей тембрдің сақталуын қамтамасыз етіп, сөз құрамындағы дауыстының да, дауыссыздың да бір сазбен айтылып, өзара үндесіп тұруы туралы фонетист-ғалым проф. Ә.Жүнісбековтің тұжырымдарының негізі Қ.Жұбановтың осы сарындас ойларының тамырында жатқандығын аңғартады.

    Қ.Жұбановтың екпін мен үндестік заң туралы ілімдерінің ғылыми тұрғыдағы маңызы өте зор. Лингвистиканың бұл салалары қай кезеңде болмасын ғалымдардың назарынан тыс қалмаған және сан қилы көзқарастар тұрғысынан түсіндіріліп жүрген нысан болып есептеледі. Қ.Жұбанов оларды айтылатын сөзге негіз болып, оның құрамындағы бірліктерді бір-бірімен біріктіріп, туыстас просодикалық құралдар ретіндегі орнын қарастырады. Қ.Жұбанов еңбектерінде буын туралы ілімдер ерекше орын алған. Ғалым қазақ тіліндегі бар буындарды нақты талдап, буын құрылысының бірігу, орын ауысу және т.с.с. өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, олардың сипаттамасын анық береді (29). Қ.Жұбанов қазақ тілін, тек оның қазіргі заманғы жай-күйі тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар, тілдің пайда болу және бірте-бірте дамуы тұрғысынан, оның да, табиғат сияқты, өмір сүріп, үздіксіз қозғалыс пен өзгерісте болатындығына сілтей отырып қарастырады. Тілдің қазіргі заманғы жай-күйі оның ұзақ уақыт даму нәтижесі болып табылады. Тілдің әрбір дамуы кезеңіне қандай да бір жаңалық тән, ол, өз кезегінде, дамудың келесі деңгейіне өтуі кезеңінде аңғарыла бермейтін одан әрі қалыптасып-жетілудің негізін қалайды. Сонымен, Қ.Жұбанов қазақ тілін басқа тілдермен өзара байланысып-әрекеттесу тұрғысынан дамып-қарқындауын «қазақ тілі туралы барлық уақытта да бір сарында айтуға болмайтындығын, ол жөнінде тек белгілі бір кезеңдегі қазақ тілі туралы сөйлеп, сипаттау тиіс екендігіне» сүйене отырып қарастырған. Құдайберген Жұбанов дыбыстардың пайда болуына, фонетикафонологиялық құбылыстар арқылы дамуына ерекше көңіл бөлген. Ғалымның пікірі бойынша, «бір замандарда түркі тілдерінің дауыстыдан басталатын сөздерінің бәрінде де дауыстының алдында дауыссыз, сонор дыбыстардың бірі болған; әр сөзінің басындағы а дыбысы е болып та айтыла беруі мүмкін. Өйткені бұрынғы замандарда дауыстылар бірінің орнына екіншісі қолданыла берген». Ғалымның бұл тұжырымдамалары кейінгі тілшіғалымдардың пікірлерінен сабақтастық тауып жатқандығын көреміз, олардың айтуынша, жалпы түрік тілінде вокализм өте кедей болған және дауыстылар тек буын құрушы қызметін атқарған. Түркітанушылардың пікірлері бойынша, түркі тілдеріндегі фонологиялық құрылым моновокалды типпен ерекшеленіп, басқаша айтқанда, барлық дауыстылар бір-ақ дауысты фонеманың варианттары болған. Алтай дәуіріне дейінгі уақытта дауысты дыбыстар буын түзуші қызметінде ғана жұмсалып, морфонемаға сәйкес келсе, алтай дәуірінде түркі тілдері морфема және қосымшамен бірге агглютинативтік құрылысына жеткен.

    Түркітанушылардың айтуынша, ататүркі тілінде дыбыстардың ұяңқатаң (ғалымның пікірі бойынша, үнді-үнсіз) қасиеттеріне негізделген фонологиялық корреляция болмаған. Оның пайда болуы қатаң дыбыстардың позициялық ұяңдауымен байланыстырылады. Қ.Жұбанов бұл жөнінде: «Үнділерді сыбырлап айтсаң, үнсізге айналады. Үнді-үнсіз парлары бұрын бір болып жүрген. Тіпті алғашқыда қ, к, т дыбыстары бір-бірінен ажыратылмаған. Қазір бізде – үнді бір фонема, үнсіз – бір фонема. Осы күнге шейін осы екеуінің ауыса беретін жерлері де бар, алтайда: пұс – пұзы, кес – кезеді (кеседі)». Консонантизмнің күрделенуі негізгі фонемалардың ұяң аллофондарының фонологизациялануына және туыстас емес көршілес тілдерден келген кірме лексика, терминология жүйесінің дамуына қатысты болады. Қатаң дыбыстардың ұяңдау үдерісі – сөздің барлық позицияларында кездесетін құбылыс.

    Сөздің басында қатаң дыбыстардың айтылуы түркі тілдері тарихындағы өте ескі, ежелгі құбылыс және ұяң-қатаң дауыссыздар бір ғана (р) – архифонемасына ие болып, оның әр кезеңдегі көріністері болып саналған. Қазіргі қазақ тіліндегі сөз ортасында, соңында айтылатын дауыссыз [j](й) дыбысының тағы бір ізін көруге болады Ескі түркі тіліндегі [d](д) дыбысымен айтылған edguw, adyγ, idi сөздері қазақ тілінде [ijgi], [ajuw], [ije] түрінде айтылып дыбысталады. Қазақ тілінің дыбыстары бірден фонологиялық статусын алмағаны белгілі, олар тілдің даму кезеңіне сәйкес өзгеріп, толығып, функциялары кеңейіп, фонемалар деңгейіне көтерілген. Дыбыстардың фонема деңгейінде жұмсалуы, яғни фонологизациялануы тілдің даму барысында конвергенттідивергентті құбылыстар арқылы жүзеге асады. Қазақ дыбыстарының дамуы тілдің жалғамалық (агглютинативтік) құрылысына және үндестік заңына негізделетіні белгілі жайт.



    Тілдегі жаңа фонемалардың пайда болуы адамның ойлау үдерісінің дамуы мен тілдің жаңа ұғымдармен және кірме лексикасының баюымен байланысты. Ғалымның пікірі бойынша, «дыбыс өзгерістерін білу үшін бізбен тілдес елдердің дыбыс заңдарын білу қажет. Қазақша бас, аяқ, әділет; чувашша бұус, атақ, еділ. Бас дегендегі а дыбысы, чувашта ұу; бас – пус, басы – пузи, қаз – қас. Дауыстыдан бұрын с өзгеріп з болады. Қазақтағы кесер дегенді алтайда кезер дейді. Демек, оларда үнді мен үнсіз дыбыстар осы күнге дейін бір фонема болғанын көреміз. Қазақ арасында әлі күнге дейін жұмысты бітір деудің орнына жұмысты пітір деушілер бар. Бұл да б-п дыбыстарының бір фонема екендігін білдіреді», – дейді ғалым. Ғалымның бұл көзқарасы түркі тілдерін зерттеуші еуропа тілшілерінің және түркітанушылардың тұжырымдарымен үндес. Тілдегі бұл тарихи үдерістерді лингвист-ғалым терең аңғарған және тілдің даму барысындағы фонологизация құбылыстарын, яғни дыбыстардың функционалдық ең шағын лингвистикалық бірлікке айналғанын ескерген. Қазақ тілінің фонемалары ұзақ жылдар бойы қалыптасқанын, айырым белгілері сұрыпталып, әртүрлі аллофондарда іске асырылатынын ғалым өз еңбектерінде жан-жақты ашып көрсеткен. Тарихи фонетикалық өзгерістер жайында ғалымның келесі пікірін келтіруге болады: «Қатаң қ мен к әрпінен ң пайда болған; жаздық >йаздығыз // йаздыныз; жалбақта > жалбаңда; қаз. қақпа; тат. қапқа; жалпы түрік. қапағ – қапуғ – қапық; қаз. жап – жасыл; тат. йәм – йәсия. Қазақ тілінде өкпе-өпке болып айтыла береді. Демек, к-п, п-к, болып кездеседі». Бұл мысалдардан «метатеза» құбылысын да байқауға болады. Ғалым бұл терминді атамаса да, сол кездің өзінде мұндай құбылыстың бар екенін көрсетіп, оны әрі қарай арнайы зерттеуге із салып кетті деп айта аламыз. «Еріндік дауыссыз дыбыстардың бірін-бірі ауыстыра беретіндігін жап, жабыл, жамыл, жауып деген мысалдардан да көреміз», – дейді ғалым. Түркітанушылардың пікірлеріне сүйенсек, ескі түркі тілдерінде сөз басында [m] (м)-ның орнына [b] (б) дыбысы сәйкес келіп қолданылған. Мысалы, түрікмен тілінде «mи» [myj] деген сөзге бұрын bejni деген сөз сәйкес келген, әзірбайжан тілінде «бет» деген сөзге bäniz деген сөз сәйкес келеді. Құмық тілінде «мойын» деген сөзге bojun деген сөз сәйкес келген. Кейін ескі түркі тіліндегі [b] дыбысының [m]-ға ауысуы туралы болжамға сүйеніп, оның заңдылығын табу қиын емес сияқты болғанымен, оған қарсы гипотеза төмендегідей заңдылық туралы айтуға мүмкіндік беретін сияқты. Мысалы, әзірбайжан тілінде [b] > [m]-ға көшуі, ауысуы үшін сөздің сол буыны синхрондық деңгейде мұрын жолды дыбыстан басталады: män – «мен», min – «мың» болуы керек, бірақ bäniz – «бет», bejin – «ми» болып тұр. Ал қазіргі қазақ тілінде ескі түркі тіліндегі bojun > mojyn болып өзгерген. Түрікмен тілінде [b] > [m]-ға көшуі үшін түбірде дәл сол дауысты дыбыстан кейін ескі (бұрынғы) мұрын жолды дыбыстың рефлексі men (мен), meniz – бет, maj (ban) болуы қажет, бірақ bejni (ми); moger < moner < byjŋuz (мүйіз). Қазіргі қазақ тілінде mujiz (мүйіз) byjŋuz-дан ауысқан болар. Көне түркі тілінің құрылымы түбір тілдердің типіне жақын тұрғандықтан, сондай фонологиялық құрылым моновокалды тілге тән, себебі ол уақытта грамматикалық қатынастар агглютинативтік қосымшалардан емес, әлі грамматикаланбаған, моновокалды морфемалардан тұрған. Осыған орай ғалым-зерттеуші өзінің пікірін де білдірген. «Бір кезде қосымша деген болмай, тілде өңкей түбір сөздер ғана болғандығы байқалады. Қосымша қолданбайтын, өңкей түбір сөз ғана жұмсайтын тілдер осы күнде де бар». Бұл пікір Құдайберген Жұбановтың салыстырмалы-тарихи әдістерден де хабардар болғандығын растайды және ХІХ ғасырда өмір сүрген Франц Бопптың еңбегімен таныс болғандығын оның мына пікірінен аңғарамыз: «1816 жылы немістің Франц Бопп деген адамы Европа тілі мен үнді тілінің дыбыстарын салыстырып барып, екеуін бір тіл деп білген. Бұл – европа-үнді тіл іліміне негіз салушы адам». Бұл жерде айта кететін жайт – тарихи фонетика салыстырмалы-тарихи тіл білімінің фонетикалық құбылыстар тұжырымдамасына сүйене отырып дамығаны белгілі. Оның нәтижелері классикалық фонетикалық заңдылықтардың құбылыстары мен үдерістеріне негізделген. 1818 жылы дат тілшісі Расмуск Раск дыбыс өзгерістерінің құбылыстарын зерттеп, сипаттап берген болатын. Расктың бұл сипаттаған дыбыс құбылыстары кейін дауыссыздардың алға ілгерілеу заңы деп аталды. Ал неміс тілшісі Якоб Гримм герман тілдерінің материалдарына негізделген Расктың дауыссыздардың алға ілгерілеу үрдісі туралы қағидасын дәлелдеген. Құдайберген Жұбанов дыбыс пен әріптің ажыратылуы экспериментті фонетикалық зерттеулерге байланысты болатынын айтқан.

    Ғалым: «Әрбір жеке дыбыстың қай жерде қандай болып ұшырайтынын анықтау үшін бүгінде ғылым түрлі аппараттар қолданып, эксперимент жолымен мәселенің түйінін шешіп отырады. Бірақ біздің қазақ тілі дыбыстары мұндай эксперимент зерттеу көрген емес», – деп, қазақ тіл білімі тарихында эксперименттік фонетика туралы алғашқы болып пікір қозғады. Рас, ХІХ ғасырдың аяғында пайда болған аспапты фонетиканың алғашқы жетістіктері фонологияның тууына себепші болды. Әртүрлі вариантта іске асырылатын дербес бірлік ретінде фонема деген ұғым сол уақытта пайда болды.



    Фонеманың мазмұны фонетика жүйесіндегі алатын орны мен атқаратын рөлі басқа тіл элементтеріне қатыстылығымен айқындалатын болды. Тарихи фонетикамен бірге диахрондық фонология да қарқынды дами бастады. Ғалым-тілші ретінде Құдайберген Жұбановты дыбыстардың алғаш рет шығуы, пайда болу мәселелері ерекше қызықтырған. Ғалым бұл турасында: «Әнді дыбыстар бір нәрсені атау үшін, сөйлеу, сөйлесу үшін емес, табиғатқа әсер ету үшін қажет. Біз адам болмастан бұрын да дыбысымыз болған. Ол кезде тіл дыбысын шығарайын дегендіктен емес, қорыққанда, шақырғанда шығарғанбыз. Бұрындағы л мен р дыбыстарының бірлігі белгілі. Мысалы, корей ат дегенді мал дейді, малдың дегенді – мари. Ол заманда сөйлеу аппараттары еңбек бөліспеген. Тегінде ауыз – тамақ жеу үшін жасалған ғой. Қурайдың сыбызғы болуы үшін өспейтіні секілді, ауыз да сөйлеу үшін жаратылмаған. Тіл өзіне арналмаған материалды да пайдаланған (Кейбір құстың әзір ұяны пайдаланатындығы сияқты). Ауыздың қазіргі дәрежеге жетуі табиғаттан емес, адамның өзі үшін еңбек етуінен. Тіл дыбыстарының да қазіргі дәрежеге жетуі үшін көп себептер керек болған. Арбау, айқайлау, құс шақыру, аң үркіту, қырман басында жел шақыру, табиғатты балталау», – деген пікір айтады. Дыбыстардың пайда болу мәселесі жөнінде қазіргі тіл білімінде әртүрлі көзқарастар бар. Әйтсе де профессор өзінің ішкі түйсігі арқылы жарыққа шыққан пікірін бүкпесіз айта білген. Демек, Құдайберген Жұбанов дыбыстардың пайда болуын тек тарихи фонетика-фонологиялық құбылыстардың өзгеруімен ғана емес, әлеуметтікқоғамдық және физиологиялық-артикуляциялық себептермен байланыстырады. Байырғы замандарда сөз, сөйлеу әлі қалыптаспаған кезде адамдар бір-бірімен бейвербалды (сигнал, просодикалық тәсілдер) әдістер арқылы қарым-қатынаста болған және фонемалардың пайда болуынан бұрын бірнеше кезең өткен. Қазақ тілінің фонемалары ұзақ жылдар бойы қалыптасып, айырым белгілері сұрыпталып, әртүрлі аллофондарда іске асырылатын функционалдық ең шағын лингвистикалық бірлікке айналған.

    Құдайберген Жұбанов қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуде салыстырмалы-тарихи, типологиялық әдістерді кеңінен пайдаланады және көне ескерткіштермен бірге тілдің синхрондық кесігін зерттеу жолын көрсетеді, себебі құнды ақпаратты тек жазба деректерден емес, тілдің қазіргі қалпынан да алуға болады. Басқаша айтқанда, ататілдің фонетикалық жүйесін түзу үшін – бір тілдің синхронды кесігін немесе бірнеше туыстас, тектес тілдердің әртүрлі синхрондық кесіктерін зерттеп сипаттау керек. Осы жолмен қазіргі түркі тілдерінің белгілі фонологиялық құрылымдарына сүйене отырып, ретроспекция арқылы жалпы түркі тілдерінің ататілдік моделін құруға болады. Осы жөнінде ғалым: «Изучение языка в движении, развитии делает необходимым условием принцип историзма. Поскольку история языка не постигается одним тем, что в состоянии дать письменные памятники, то не остается иного пути, кроме использования материалов, которые поставляет нам сам живой язык, в силу своей природы представляющий собой накопление всей предшествующей историей человечества», – деген пікірі кейінгі зерттеушілер үшін «темірқазық» іспетті. Қазіргі және көне түркі тілдеріндегі фонетикалық материалдарды салыстырғанда байқалған ерекшелік – ол р және з дауыссыздарының алмасуы. Бұл «ротацизм» деген құбылыс қазіргі түркі тілдерінде реликтілік фактілер ретінде сақталған. Қ.Жұбановтың назарынан бұл құбылыс та тыс қалмаған: «Давно известное в турецких языках чередование р-з, наличное и в казахском в таких родственных образованиях, как көр-көз, семір-семіз, сірсіз показывает нам, что некогда наш язык, собственно известный его слой, не знал фонетического различия звуков р-з, хотя эти различия существовали в языке». Ғалымның тілдегі дыбыс алмасу құбылысы туралы бұл пікірлерін кейінгі морфонологиялық құбылыстарды тану мен танытуға ой тастаған тұжырым деп қабылдамауға құқымыз жоқ. Қазақ тілінің фонетикалық жүйесі бірден фонологиялық сипатқа ие болмағаны белгілі, ол тілдің даму кезеңіне сәйкес толығып, функциясы кеңейіп, фонемалық қызметке көтерілді. Кез келген тілдің фонематикалық жүйесінің дамуы – ол сол тілдің дыбыстық қорының үздіксіз дамуының белгісі. Фонеманың бөлінуі және қосылуы әсерінен, тілдің өркендеп дамуының арқасында аллофондар өзінің дара мағынасына ие болады. Бұл үдеріс адамның тілі мен ойлау үдерісінің байланысына қатысты тілдің жаңа мазмұнды лексикамен толығуынан деп білеміз. Алғашында дыбыстар бір фонеманың аллофондары, лексиканың баюымен байланысты пайда болған жаңа мағыналы сөз белгілі бір айырым сапа, белгі үшін бөлініп, жаңа сапалы екі жеке сөзді туғызады немесе қосылып, конвергенция әдісімен екі фонемадан жаңа бір фонеманы түзеді. Тілші-ғалымның тұжырымдамасы бойынша, «каждый отдельный язык, каким бы он ни казался монолитным, представляет собой накопление, состоящее из вкладов множества языков, вкладов, вложенных на разных ступенях развития каждым отдельным «пайщиком» и в различной дозе, с различным правовым положением использованных слов, поэтому они, попадая в общую племенную или национальную мельницу, перемалываясь здесь, стираются, теряют свой первоначальный лингвистический облик, все больше и больше приближаясь к господствующему, так называемому общенациональному стандарту». Сонымен, фонема – ең алдымен үздіксіз өзгеріп отыратын тарихи категория.

    Қ.Жұбанов дыбыстау түріне қарай дыбыстарды жүйелегенде, оларды дауысты, дауыссыз, сонор дыбыстар деп бөлсе, дауыстылардың өзін дыбыстау түріне қарай толық (үнді), келте және қосынды деп үшке, ал жасалуына қарай еріндік, езулік деп екіге бөледі. Тілдің сөйлеген кезде жоғары көтерілу, төмен түсу ыңғайына қарай а/ә,о/ө,е дауыстыларын толық дауысты, ы/і,ұ/ү дауыстыларын келте деп атайды. Ал қосынды дауыстылардың бір дауысты, бір дауыссыз екі дыбыстан құралатынын ескертіп, оларға -ұу; -үу; -ый; -ій -ді жатқызады.

    Дауыссыз дыбыстардың бәрінің егіз болатынын ескерте отырып, ғалым олардың өзін бірнеше түрге бөледі. Үн түріне қарай дауыссыздарды үнсіз-үнді деп айыра отырып, Қ.Жұбанов үнсіз дауыссыздарды екі жікке ажыратады.



    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




    ©emirsaba.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет