Диплом жұмысының ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы: профессор Қ.Жұбановтың ғылыми-әдістемелік мұрасының жалпы қазақ тілін, тіл салаларының негіздерін және қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымын дамуытудағы орны, ғалымның тілдік және әдістемелік ой-тұжырымдарының қазақ тілі және әдістеме ғылымының қазіргі дамуына ықпалы, ғалымның пайымдауларының қазіргі қазақ тілі және әдістеме ғылымының негізгі қағидаларымен сабақтастығы.
Диплом жұмысының құрылымы: диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І Қ.Жұбанов – тұңғыш лингвист
1.1 Қ.Жұбановтың тілдік мұра негіздері.
Профессор Қ.Жұбанов – тіл біліміндегі аса зор талантты тұлға, көсемсөзші, қоғамдық және мемлекет қайраткері. Оның озық көзқарасы мен терең идеяларының тамыры – қазақ ұлтының мемлекеттік, қоғамдық-саяси және мәдени құрылымына негіз болып қаланды. Қазақтан шыққан ерекше дарын иесі, феномен, тұңғыш профессор есімі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті үшін ерекше қадірлі.
Ұлтымыздың мақтанышына айналған энциклопедиялық білім иесі, қазақтың тұңғыш профессоры, лингвист ғалым Қ.Жұбанов – тіл біліміндегі аса зор талантты тұлға, қоғамдық және мемлекеттік қызметпен белсене айналысқан қайраткер. Оның озық көзқарасы мен терең идеяларының тамыры – қазақ ұлтының мемлекеттік, қоғамдық-саяси және мәдени құрылымына негіз болып қаланды. 1938 жылы жазықсыз жала жабылып, сталиндік репрессия зұлматының құрбанына айналған профессордың есімі негізінен ғылыми және педагогикалық қызметімен байланысты.
Қарт тарихтың қай бетін ашсақ та, ұрпақ санасына ұлағат ұялатар сара жолдарға ұласқан соқпақтар сайрап жатыр. Елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етіп, жанқиярлық ерлік көрсеткен тұлғалардың маңдай тері мен төгілген қанының табы айғызданған сүрлеулер. УАҚЫТ. АДАМ. ҚОҒАМ. ХХ ғасырдың басы... Қазақ елі... Тарих пен халық... Ұлан-байтақ жерде мамыражай өмір сүрген ұлы елдің ұлан-асыр өзгерістермен бетпе-бет келген кезі... Тарих қазаққа рухани әлемімізді асқақтатып, дүниеге танытқан таланттар беруден тарынбаған. Қараңыз, XX ғасырдың алғашқы ширегіне көз салсақ, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов, Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермеков, Құдайберген Жұбанов, Әміржан Сытдықов, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Қошке Кемеңгерұлы, Елдес Омаров, Телжан Шонанов, Нәзір Төреқұлұлы, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Санжар Аспандияров, Темірбек Жүргенов, Ахмет Бірімжанов, Бақтыгерей Құлманов, Әли Көтібаров, Серәлі Лапин, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Бақытжан Қаратаев, Мәннан Тұрғанбаев, Ғұмар Қарашев, Мұхаметжан Сералин, Абдолла Байтасов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Исаев, Сүлеймен Есқараев, Жанайдар Сәдуақасов, Мұхамеджан Тынышбаев, Қоңырқожа Қожықов, Сейітқали Меңдешев, Қабылбек Сарымолдаев, Қайсар Тәштитов, Жұмат Шанин, Рақым Сүгіров, Зарап Темірбеков, Тел Жаманмұрынов, Қажым Қасымұлы және т.б. сынды алыптар шоғырын түйдек-түйдегімен сыйлағаны – бір бақыт қазағыма. Ғылым мен өнерге, мәдениет пен білімнің өркендеп өсуіне өлшеусіз зор үлес қосқан бұдан басқа да тұлғалардың еңбегі мен мирас еткен мұрасы ұшан-теңіз.
Қазақ халқына өзгерістер әкелген жаңалықтарға жанталаса ұмтылған ұлт көсемдері мен сұңғыла саңлақтары құйтұрқы саясаттың құрбаны болды. Бір ғажабы – алаш зиялыларының қай-қайсысы да халқына қалтқысыз қызмет ете жүріп, ұлт мерейін асқақтатуға ұмтылған рухы биік жандар болатын. Сондағы сүйенері де, тірегі де – қазақтың тілі мен тарихы, мәдениеті мен өнері-тін. Бұл турасында бүгінгі егемендік тұсында тарихи да, саяси да баға беріліп жатыр, ақиқаттың ашылмаған, аршылмаған қабаттары әлі де қазыла бермек. Ал біздің әңгімемізге тұздық болар мәселе – халқымыздың заманалар дүрбелеңіне төтеп берер бірден-бір қаруы – тілі деп жанұшырған ғалымдар, олардың мәңгілік мұралары. 1937 жылдың күзінен 1957 жылдың күзіне дейін жиырма жыл бойы нақақтан-нақақ қараланып, аталмай келген, қазақ аспанында «құйрықты жұлдыздай жарқ етіп жоғалған» ұлт марқасқаларының ішінен қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановты қайта тану 60-70 жылдардың тұсында көзкөргендердің естеліктерін жинаудан, өмірбаянын тереңдей зерттеуден басталды. Бұрын жарияланған еңбектері әуелі жеке мақалалар түрінде, 60-жылдардың соңында академиялық жинақ болып жарыққа шықты. Ғалымның жоғын іздеуге, халқына қайта табыстыруға мұрындық болған елеулі бір үндеу академиктер – М.Әуезов пен І.Кеңесбаевтың «Қазақстан мұғалімі – Учитель Казахстана» атты республикалық газетте 1957 жылы 5 желтоқсанында орыс-қазақ тілдерінде жарияланған «Қазақ лингвистикасының негізгі салушы» – «Основоположник казахской лингвистики» (1) атты мақаласы болды. Ұлтымыздың данышпан жазушысы, адамзаттық гуманистік идеяны паш еткен өкілдерінің бірегейі – ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезов профессор Қ.Жұбановқа арнаған «Ірі оқымысты» атты мақаласында: «...Құдайберген Қуанұлы Жұбанов – туған жер, өскен еліне шынайы ой-арманымен, қалтқысыз көңілі, ақаусыз білімімен танылған адал азамат, ардақты ғалым еді...», – деген болатын [2, 358]. Кемеңгер ойшылдың бұл сөздері Қ.Жұбановтың көзін көрген үзеңгілестері мен шәкірттері ғана емес, ғалым бейнесімен оның еңбектері арқылы ғана танысқан кейінгі ұрпақ өкілдерін де бей-жай қалдырмасы хақ. Ғалымның атына жағылған ақтаңдақ аршылып, қалдырған қазынасы халқына қауышқанда ұлт зиялылары, замандастары, шәкірттері еңбектерін екшелей отырып, баға беріп жатты. Солардың бірі – академик Әбдуәли Қайдардың: «Профессор Құдайберген Жұбанов – өзінің қысқа ғұмырында бір өзі бір академиялық институттың атқаратын жүгін көтерген майталман ғалым» (3, 6), – деген ойы ғалымның биік мәртебесін айғақтап тұр. Шынында да, Қ.Жұбановтың сонау өткен ғасырдың 20-жылдардың ортасынан бастап, 30-жылдардың соңғы ширегіне дейін тындырып кеткен істері бұл күнде терең де өрісті ғылыми ойларға өзек болып отыр. Құдайберген Жұбановтың өмірбаянын сөз еткенде өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ зиялыларының қоғам өміріне белсене араласып, әлеуметтік жүктерді қоса арқалағанын айтпай кетуге болмас, әрине. Өйткені ар-ұжданы биік, көкірек көзі ашық алдыңғы саптағы зиялылар тобы әрдайым әлеуметтік істердің басынан табылуды, қоғамның мәдениеті мен рухани өмірінің барлық саласына аянбай қызмет етуді өздерінің азаматтық борышы санады. Қ.Жұбанов ағартушы, мәдениет және қоғам қайраткері, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі атанып, ғылым кенін еңсерді, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры атанды. Ғалымның ҚазПИ-де лекция оқып, кафедра меңгерушісі, кейін декан қызметтерін атқара жүріп, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының лингвистика секторының меңгерушісі (қазіргі Тіл білімі институты), «Қазақ тілінің академиялық сөздігінің» бас редакторы, Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Методика, программа, оқу құралдары секторының меңгерушісі, Мемлекеттік термин комиссиясының төрағасы, термин комиссиясы бюллетенінің редакторы, «Ауыл мұғалімі» журналының бас редакторы, Халық ағарту комиссариаты коллегиясының мүшесі, Ұлттар мәдениеті институты Ғылыми кеңесінің мүшесі болып, бірнеше жұмысты бірдей атқарғаны ет пен сүйектен жаралған адам баласының қолынан келер іс дегенге қайран қалмасқа шара жоқ. Бірнеше ғылыми-зерттеу институтының басшылары атқаратын міндетті Қ.Жұбановтың бір өзінің арқалауы ғалымның өз халқы үшін жанын аямай еңбек етуі болса, екінші жағынан, ол кезде Қ.Жұбановтай оқыған әрі тума таланттардың тапшылығынан деуге болар. 1930 жылдардың бас кезінде жергілікті түркі тілдес республикаларда тіл білімін көтеру, ұлт кадрларын даярлау мақсатында сол республикаларға жұмыс істеуге орталықтан (Мәскеуден) түркітанушы ғалымдарды жіберу дәстүрі болған. Мысалы, Өзбекстанға В.В.Решетов пен И.А.Батмановты, Қырғызстанға К.К.Юдахинді, Қарақалпақстанға Н.А.Баскаковты, Түрікменстанға А.П.Поцелуевскийді жіберген. Бірде профессор Н.А.Баскаковтан жас зерттеушілердің бірі: «Сіз өзіңіздің ғылыми жолыңыздың басында неге қазақ, қырғыз тілдерінен гөрі қарақалпақ тіліне көбірек көңіл бөлдіңіз? Былай қарағанда, тілдер өзара өте жақын ғой, бәлендей қиындық тудырмайтын еді ғой», – деп сұрағанда, ол кісі: «…Сіздерде А.Байтұрсынов, Н.Төреқұлов, Қ.Жұбанов сияқты алыптары бар бүкіл әлем мойындаған керемет лингвистикалық мектеп тұрды ғой…», – деп жауап беріпті. Атақты түркітанушының Қ.Жұбановты «әлем мойындаған лингвистикалық мектептің» маңдайында тұрған алыптардың қатарында атауы сол кездегі түркологияда ғалымның қандай рөл атқарғанын, оны түркология әлемінің қаншалықты мойындағанын көрсетсе керек. Қ.Жұбановты қайта тану ісін туған інісі, академик Ахмет Жұбанов, академик М.Қаратаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Р.Сыздық, Ә.Қайдар т.б. бастап, ғылымдағы жас буын одан әрі жалғастырды. Алғашында «қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі» деп аталған Қ.Жұбановтың кейіннен сол ғылымның теориялық негізін салған бірегей оқымысты екені анықталды. Одан әрі Қ.Жұбановтың қазақ тілінің аясымен ғана шектелмей, ана тіліміздің тарихын зерделеу арқылы түркология әлеміне қалам сілтеген ғалым екені де мойындалды. Зерттеу жұмыстары одан әрі тереңдей түскенде Қ.Жұбановтың тек түркология аясында ғана қалып қойған зерттеуші емес, әлемдік тіл біліміне де құлаш жайып, үндіеуропа тіл білімі мен шығыстануды, яғни ориенталистиканы ұштастыра білген ғалым екендігі дәлелденді. «Қ.Жұбанов ғылым айдынының қай бағытын ұстанды?» дегенде, оның дәстүрлі лингвистиканың барлық салаларын қамти зерттегені, көне мәдениет көздерін этнолингвистикалық таным тұрғысынан зерделегені, сандық ұғымдарды мол пайдаланатын математикалық лингвистиканың алғышарттарын белгілеп кеткені, тіл тарихын халық тарихының терең қойнауларынан іздестіру үшін ескі орхон, араб, латын жазуларын қамти отырып, жапон тілінің иероглиф жазуын игеру арқылы қытай иероглифін зерттеуге, сөйтіп, тарихтың өне бойында жатқан деректерге жол салуға ұмтылған майталман екендігі де мәлім болды.
Біздің дипломдық жұмысымызда Жұбанов тұлғасын тануда оның тілдік мұраларына шолу жасап, қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен теориялық тұрғыда қалыптасуы жолында адал еңбек еткен абзал жандардың бірегейі ретінде ғалымның ғылыми жолына қатысты жазылған барлық еңбектер қарастырылды. Тарауларды жазу барысында алғашқы жұбановтанушы, академик Р.Сыздықтың «Ғалым-азамат» және К.Кенжебаев пен Ә.Оралбайдың «Құдайберген Жұбанов» еңбектері пайдаланылды. Ғалым тұлғасын жасақтауда Қ.Жұбановтың әке жолын қуып, тіл ғылымын таңдаған кенже ұлы, филол.ғ.д., проф. Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов, жұбановтанушы, филол.ғ.к. Ж.Сұлтан, филол.ғ.к., доцент С.Құлманов. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген мақала авторы, «Қ.Жұбанов – ғылым көгінің жарық жұлдызы» атты монографиялық еңбектер негізге алынды. Қазақ тіл білімінің ғалым негізін қалаған салаларға (филол.ғ.к., доцент С.Құлманов), фонетика («Бірде бәсең, бірде қатаң», филол.ғ.д., проф. З.М.Базарбаева), морфология («Сөз материалының түр сипаты», филол.ғ.д., проф. Ж.Манкеева, филол.ғ.д. А.Ә.Жаңабекова, филол.ғ.д. О.Жұбаева), синтаксис («Қиынын тауып қаламасаң...», филол.ғ.к., доцент С.Құлманов), жалпы тіл теориясы («Тілтаным теориясы туралы тұжырымдар», филол.ғ.д., проф. Б.Хасанұлы), терминология («Толғауы тоқсан термин сөз», академик Ө.Айтбай, филол.ғ.д., проф. Т.Жанұзақ, филол.ғ.д. Қ.Айдарбек, филол.ғ.к. Б.Жонкешов), орфография және әліпби («Әліпби деп алаңдап, емле деп елеңдеген», филол.ғ.д., проф. Н.Уәли, филол.ғ.д. Қ.Күдеринова, филол.ғ.к. Н.Әміржанова), ономастика («Атаулардың астары», филол.ғ.д., проф. Т.Жанұзақ, филол.ғ.д., проф. Қ.Рысберген) салаларына қатысты еңбектеріне ғылыми талдаулар жасалады.
Профессор Қ.Жұбановтың қазақ тіл біліміне қатысты зерттеулері көп уақыт бойы құрылымдық лингвистика тұрғысынан қарастырылып келгендігі белгілі. Алайда ғалымның қамшының сабындай қысқа ғұмырында қалдырып кеткен мұраларына тереңірек үңіле қарап, қазіргі тіл білімінің даму бағытбағдары, ұстанып отырған концепциялары тұрғысынан көз тастасақ, бүгінгі ғылыми ой-тұжырымдардың «мен мұндалап» жатқандығын аңғарамыз. Осы орайда «Соны сүрлеу» тарауы (филол.ғ.д., проф. А.Жұбанов, филол.ғ.д., проф. Ж.Манкеева, филол.ғ.д., проф. Қ.Рысберген, филол.ғ.д. А.Жаңабекова, филол.ғ.к. С.Құлманов, филол.ғ.к. Ж.Сұлтан, филол.ғ.к. Ғ.Ермекбай) Құдайберген Қуанұлының ғылыми мұрасының қазіргі ғылымдағы маңызы мен жалғастығына, сабақтастық сарынына арналды. Қ.Жұбановтың көрнекті лингвист-ғалым бола отырып, көркем әдебиет мұхитына сүңгіп («Көркемдікті көздеген көреген көз», академик Ө.Айтбаев, филол.ғ.д., проф. Т.Жанұзақ, филол.ғ.д., проф. Ж.Манкеева), публицистика айдынында жүзгені («Қараңғыға «Ай» туғызған қаламгер», Ә.Оралбайдың «Құдайберген Жұбановтың публицистикасы» атты кандидаттық диссертациясы негізінде дайындаған – кіші ғылыми қызметкер А.Барменқұлова), оқыту әлемінде шарықтағандығы («Ұстаз-ғалымның ұшқыр тағылымы», педагогика ғ.д., проф. Ф.Оразбаева), аудармашылық өнері («Тәлімгер тілмаш», академик Ө.Айтбай, филол.ғ.д. Қ.Айдарбек, филол.ғ.к. Б.Жонкешов, кіші ғылыми қызметкер Е.Бесіров), драматургтік, ақындық, суретшілік, оюшылық қабілеті туралы («Құдай берсе, құлай береді», Р.Сыздықтың «Ғалым азамат» және К.Кенжебав пен Ә.Оралбайдың «Құдайберген Жұбанов» атты еңбектерінің негізінде дайындаған – филол.ғ.к., доцент С.Құлманов) «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты тарау кеңінен сыр шертеді. Әрине, Қ.Жұбановтың ғалымдық, әдіскерлік, көсемсөздік және т.б. қырларын біздің дипломдық жұмыс толық ашып береді деуден аулақпыз. Өйткені ғалымның ғылымдағы ғұмыры әрі қарай зерттеле бермек, жұбановтану ісі жалғаса бермек.
Қ.Жұбанов – қазақ филологиясы мен түркітану ғылымы саласында өзіндік орнын қалдырды. Алғашқылардың бірі болып, тіл білімі, фольклор деректері мен қазақ мәдениетінің феномендері туралы құрылымдық жүйені тарихи көзқарас тұрғысынан зерделеуде тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде ерекше еңбек етті. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ тілі қағазға түсіп таңбаланбаған тілдердің қатарында деп үстемдік құрған шовинистік көзқарасқа қарамастан, бұл тілдердің тарихын білуге болатындығын, сонымен қатар ежелгі агглюнитивті тілдердің шығу төркіні мен олардың ерекшеліктерін де дәлелдеп шығарды. Оның ғылым-білімінің мықтылығы рухани дәуірлеудің, ұлттық сана-сезім мен халықтық мәдениетінің байлығын шын сезінуден туындағанын байқаймыз. Сондықтан да Құдайберген Жұбановтың ғылыми тағлымдық маңызы мықты идеялары баға жетпестей аса құнды.
Қ.Жұбановтың тіл біліміндегі ізденістері сан қырынан талданды. Қ.Жұбанов ғылымдағы орны мен оның шығармашылығы және әдебиетті зерттеуі жайында Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Маулен Балақаев, Ғайнетдин Мұсабаев, Ахмеди Ысқақов, Ахмет Жұбанов, Мұхамеджан Қаратаев, Хамза Есенжанов, Ғали Орманов, Әнуар Дербісалин, Рабиға Сыздықова, Бүркітәлі Уахатов, Ақселеу Сейдембек, Мекемтас Мырзахметов, Мырзатай Серғалиев, Әрсен Ибатов, Нұржамал Оралбаева, Әбдуали Қайдар, Есет Жұбанов, Бабаш Әбілқасымов, Телқожа Жанұзақов, Серік Негимов, Бақытжан Хасанұлы, Зейнол-Ғабиден Бисенғали, Әдебиет Молдаханов, Серікқали Байменше, Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, Амангелді Мектепов және басқа да ғалымдар іргелі ғылыми еңбектер жазды. Зерттеуші-ғалымдар Жанна Тектіғұл, Нұрбол Садуақас, Әмір Оралбай, Ардақ Жұбанова, Мұхтар Миров, Жайық Сұлтан, А.Омарова, Мақпал Жазықова, Ақсауле Қарабалина, Әлия Ұлықпановалар Құдайберген Жұбановтың тілі білімі мен әдебиетану, публицистикалық мұрасын, әдіснамалық еңбектерін арнайы зерттеді. Қ.Жұбановтың әдеби зерттеушілік мұрасы осы оқу құралында арнайы пән ретінде зерттеліп, оқытылады. Пәнді оқыту барысында басты дереккөзі ретінде профессор Қ.Жұбановтың әр жылдары жарыққа шыққан шығармалар жинақтары мен зерттеу еңбектері алынады.
Қ.Жұбанов қазақ өркениетінде Абай Құнанбайұлы, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалардың рухани қазынасының сақталуына өзіндік үлесін қосты, оң көзқарастың қалыптасуына күш салды. 1930-жылдары таптық әдебиет тұрғысынан Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасына үстем тап өкілінің шығармашылығы ретінде қараған кейбір теріс ықпалды көзқарас туған уақытта алғашқылардың бірі болып, «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуін жазды, сөйтіп, классик ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы орнын тұғырлы түрде танытып берді. Ал Қожа Ахмет Яссауидің сопылық идеясының рухтық бастауын жан-жақты талдап көрсетті. Қ.Жұбанов – бірнеше тілді меңгерген полиглот ғалым болғандықтан, өз зерттеулерінде тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде Абай Құнанбайұлы мен Қожа Ахмет Яссауиді шығыс пен түркі тілдес халықтардың ең мықты ақындарының шығармашалығына да талдау жасады, баға берді. Оларды әлемдік деңгейдегі ойшыл ақындармен салыстыра отырып, Абай мен Яссауидің ешкімді қайталамайтын ақындық ерекшеліктерін дәлелдеп шықты.
Қ.Жұбанов жаңа ұлттық лексикамызға жаңадан келіп қосылған, мағынасы келсін, келмесін, еш сұрыптаусыз енген кірме сөздерден арылту үшін еңбектенді.
Тәржімалауда кірме сөздердің грамматикалық және фонетикалық ерекшеліктерін ескере отырып, әсіресе, интернациональды сөздерді аударуда, ол сөздің шыққан төркінін, ментальды, жағдайлық және өзге контекстеріне назар аудару қажеттігін ескертті.
Профессордың аударма саласына қатысты айтқан тұжырымды ойлары бүгінгі таңда жаңа зерттеулерде жалғасын табуда. Күні бүгінге дейінгі кірме сөздердің аударылуында өрескел жайттардың орын алып, әдеби тілдің қатарына еніп келгендігіне байланысты тіл біліміндегі заң жүзінде қабылданған шешімдер, қазақтың әдеби тілін дамытудағы Жұбанов идеяларының жаңғыруы деп бағалауға болады.
Шебер ұйымдастырушылығымен жастайынан жетілген Қ.Жұбанов Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы оқу-әдістемелік секторға жетекшілік еткен қызметінде өз ортасына аса сыйлы болды. Оның өз тарапынан шешкен ең маңызды қызметінің бірі – қазақ тілінің грамматикасының ең алғашқы оқулығын шығару үшін дайындық жүргізуімен байланысты. Қ.Жұбанов – халықтың білімін көтеріп, сауаттандырумен байланысты қабылданған қаулы-қарарларды жүзеге асыруға белсене кірісті. Жаңа алфавитті қабылдауға, латындандыруға қатысты Бүкілодақтық орталық комитеттің белсенді мүшесі болды. Ол қазақ алфавитін латынға көшіру жобасына байланысты көптеген ғылыми бағдарламаларды дайындайды, латындандыруға қатысты бұрын ұсынылған нұсқаларға нақты сын-ескертелер береді және бұл жобада мақсатқа жету жолындағы ұсыныстарын енгізді. Қ.Жұбановтың қазақ елін латындандыруға көшіруге байланысты айтып кеткен озық идеялары әлі де құнды болып отыр.
Қ.Жұбанов Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезовтердің өмірлерінің қиын-қыстау кезінде моральдық тұрғыда қолдау көрсетеді. «Социалистік қоғам – қазақ жұртына бақыт әкеледі» деген шын сеніммен қараған Қ.Жұбанов, кейіннен елдің аштық пен сталиндік репрессия кесірінен жаппай қырылғанын көзбен көргеннен соң, социалистік қоғамның жүйесінен түңіледі. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған еңбектерінде қазақ халқының тағдырына бей-жай қарай алмай, күйіне отырып, қазақтардың этностық және мәдени құндылығын сақтап қалуға жол ашатын тәуелсіз мемлекеттің қажеттілігі туралы ойын ашық айтады.
Қ.Жұбанов 1937-1938 жылдары Алматы облысының Жаңалық ауылында көшпелі үштіктің шешімімен ату жазасына бұйырылған үзеңгілестері Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, т.б. қазақ зиялылары секілді саяси зұлматтың құрбаны болды.
Ғылыми-зерттеушілік еңбек жолында туған жұртын оқу-білімге, өркениет пен мәдениетке тартуға ұмтылған абзал азамат Қ.Жұбанов, қазақ халқын қай уақытта да тек қана биіктен көруді арман етті. Осы арманын құр орындалмас іс, құр қиял түрінде қалдырған жоқ. Ажал құрығына түскен ақтық демі шыққанға дейін де орындап кетті. «Халық жауы», «жапон тыңшысы» деген жаланы арқалатқан зұлмат қоғам үшін емес, қазақ халқы, елі мен жері үшін өмірінің соңғы сағатына шейін тынбастан еңбек еткен тарихи тұлғаның, ағартушы ұстаздың, ғылым әлемінің дарабозы, ұшқыны сөнбес жарық жұлдызы Құдайберген Жұбановтың есімі қазақ тарихында мәңгілікке алтын әріптермен жазылып қылды.
Жалпы, Қ.Жұбановтың ағартушы ретінде еңбек жолын бастаған шағы мен танымал ғалым, қоғам қайраткері атанған кемелдену кезі ел өміріндегі үлкен тарихи-әлеуметтік оқиғаларға толы ХХ ғасырдың басымен тұспа-тұс келді. Бұл кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдай, ғылым мен мәдениеттің даму деңгейі Қ. Жұбановты ірі тіл маманы – ғалым, қоғам қайраткері ғана емес, тілді оқыту әдістемесінің ғылыми негізде қалыптасып, жан-жақты дамуына үлкен үлес қосқан әдіскер- ғалым ретінде де танытады.
Жалпы, ХХ ғасырдың басы қазақ даласына үлкен өзгерістер әкелгені белгілі. Бұл өзгерістердің халық үшін тиімді тұстарымен қатар жағымсыз жақтары болғаны анық. Алдымен ХІХ ғасырдың аяғындағы патша үкіметінің отарлау саясатының күшейе түсуі, қазақтардың өз ата-мекендерінен күштеп қуылып, құнарлы жерлерге ішкі Ресейден қоныс аударушылар мен казак әскерлерінің орналастырылуы қазақ қоғамындағы аграрлық және ұлттық мәселелердің шиеленісе түсуіне әкелді. Алайда қазақ халқы отарлық езгіні тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана емес, рухани жағынан да бірдей көрді. Мұның бәрі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына ұласқаны тарихтан белгілі. Осындай күрделі кезеңде қазақ қоғамының демократтық-ағартушылық бағыттағы зиялы қауым өкілдері елде өрістей бастаған жаңа қоғамдық-саяси қозғалыстың көшбасшысы ретінде ұлттық-демократиялық мақсат-мүдделерді алдыңғы орынға қоя бастады. Олардың ішінде, әсіресе, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев және тағы басқа қайраткерлердің рөлі ерекше болды. Олар сол кезде шығып тұрған қазақ ұлттық басылымдары төңірегіне жиналып, бірлесе қимылдау, қосылып іс-әрекет ету мәселелерін жиі қозғай бастады. Мұның өзі кездейсоқтық емес еді. Ғасыр басында шығып тұрған қазақ басылымдары сол кездегі қоғамдық хал-ахуалдың айнасы ретінде қалың көпшілікке жол сілтеп, ұлттық сана-сезімді оятуға үлес қосты, болашаққа бағыт-бағдар берді. Мұндай басылымдар қатарында «Серке», «Айқап», «Қазақ», «Сана», «Еңбекші қазақ» сияқты газет-журналдар болды. Солардың ең ірісі де, өмірлісі де 1911-15 жылдары белгілі ақын, журналист М.Сералиннің редакторлығымен шығып тұрған «Айқап» журналы еді. Бұл журнал халықтың рухани ағарып, оң-солын тануына, өнер-білімге ден қойып, ғылымға ұмтылуына жағдай жасады. Журнал бетінде қазақ оқығандары заманалық мәселелерді көтеріп, өз ой-пікірлерін ортаға салып отырды. Халық арасында өнер-білімді таратып, рухын ұштауда, санасын тәрбиелеуде аталған демократиялық баспасөздің ықпалы күшті болды.
1913 жылдан бастап шыға бастаған «Қазақ» газеті оның редакторы А.Байтұрсынұлының анықтағанындай, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді [1, 146 б.]. Аталмыш басылымның халық өміріндегі ерекше орны туралы белгілі ғалымдар Б.Әбілқасымов пен А.Мектептегі былай тұжырымдайды: « Газет төңірегіне топтасқан білімпаз азаматтар жер мен ұлт тағдыры, оқу-ағарту ісі, мемлекеттік құрылыс сияқты маңызды мәселелер туралы өз пікірлерін ашық жазып, патша үкіметінің отарлау саясатын қатты сынға алып отырды. Үкіметке демократиялық бағыттағы талаптар қоюмен қатар қазақ зиялылары халықтың саяси сана-сезіміне әсер етуге ұмтылды. М.Дулатовтың «Оян, қазағындағы», А.Байтұрсыновтың «Масасындағы» ұлттық намысты қайрау, халық санасын ояту идеялары «Қазақтың» беттерінде нақтылана, өткірлене түсті. «Қазақ» газеті ұлт мүддесіне байланысты қай мәселені болмасын батыл көтеріп, ой-пікірлерін өткір айтуға машықтанды. Әсіресе, ана тілінде білім беру мен оқыту әдістері, бағдарлама, әліпби және емле мәселелері туралы ұсыныстары күні бүгін де өзінің мән-маңызын жойған жоқ деуге болады. «Қазақ» газеті ұлт ақыл-ойының қайнар көзі бола білді» [2].
Заңғар жазушы М.Әуезов А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнап жасаған баяндамасында бұл газет туралы төмендегідей пікір айтқан: «Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын.
Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ал басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіріп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын»[3].
Бұл пікірдің дұрыстығын газеттің 1913 жылғы санында жарияланған А.Байтұрсынұлының «Оқу жайы» атты мақаласы дәлелдей түседі. Мұнда ғалым мәдениетті елдер мен мәдениетсіз елдерді салыстыра келіп: «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның бар байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі бұл заманда не нәрсе болмасын машинаға айналды. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ – бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат... Қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Осы заманғы жан таңқаларлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген - ғылым. Дүниенің бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алдырған да ғылым», - [1] деп, өнер мен ғылымның ұлт мәдениеті мен экономикасын өркендетудегі маңызын атап көрсетті. Мұнан әрі ғалым: «Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қоятын жұмыс»,- [1] деп қорытады.
Міне, осындай тарихи-әлеуметтік тартысқа толы жағдайда қазақ даласында 1917 жылғы төңкерістің нәтижесінде жер-жерде кеңес үкіметі орнады. Кеңес үкіметі езілген халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысатындығын бірінші күннен-ақ жариялағанымен, қазақ қоғамының зиялы өкілдері бұл сөздерге сене қоймады. Сондықтан 1917 жылы Орынбор қаласында қазақ даласындағы шиеленіскен мәселелерді шешу үшін «Алаш» партиясы құрылды. Бұл қазан төңкерісі нәтижесінде орнаған большевиктік билікке қарсы тосқауылдың бір түрі еді.
Қазақ қоғамындағы осындай шиеленіскен тарихи жағдай туралы белгілі тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев былай пайымдайды: «Алашордашылардың бағдарламасында ұлт қамы, мемлекеттік құрылыс, жер, дін, сот, оқу-білім мәселелері толық қамтылды. Алайда 1919 жылы қазақ жерінде жаппай кеңес үкіметінің орнап, күш алуына байланысты «Алаш» партиясы өз жұмысын тоқтатты. Ал оның кейбір белсенді мүшелері кеңес үкіметі жағына шығып, жұмыс істей бастады. Олар кеңес үкіметінің білімді, оқыған ұлт кадрларына аса зәру екенін жақсы түсіне отырып, сауатты қазақ азаматтарын мемлекет басқару жүйесіне енгізу арқылы халыққа идеялық ықпал жасауды көздеді. Сөйтіп, кеңес үкіметі ескермей отырған ұлттық мүдделерді қорғау үшін оқу-ағарту, мерзімді баспасөз, ғылыми орталықтарды кеңінен пайдалану бағытында ауқымды шараларды қолға алды. Кеңестік билікке ұлттық мүддені жоғары қойып, ол үшін күресе алатын сауатты ұлт кадрлары қажет емес еді, оларға керегі орталықтың түрлі директиваларын бұлжытпай орындап отыратын «басқарушы кадрлар» еді. Осындай кадрлардың «басшылығымен» 1932-33 жылдардағы жалпы ұлттық трагедияға алып барған байлардың мүлкін тәркілеу, көшпелі қазақтарды отырықшыландыру, ұжымдастыру сияқты күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар іске асырылды. Ұлттық кадрларды жүйелі түрде ылғи да саяси қудалауға алып, жазалап отыру, әсіресе, 1937-38 жылдардағы оның ең белсенді және кемел бөлігін репрессиялау саясаты элитаның азып-тозуына алып келді»[4].
Әйтсе де, қазан төңкерісі нәтижесінде дүниеге келген кеңес мемлекеті бастапқы кезде халықты феодалдық езгіден құтқару, жер және тағы басқа табиғат байлықтарын бөліп беру, халықты жаппай сауаттандыру сияқты ізгі мақсат-мүдделерді де алға тартқаны белгілі. Осыған орай халықты жаппай сауаттандыру, қоғам өмірінде қолданысқа еніп жатқан жаңа ұғымдарды қалың жұртшылыққа түсіндіру сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді шешу қажет болды. Жаппай ілім-білімге ден қойған қалың жұртшылықтың сұранысын өтеу үшін қазақ зиялылары ғылымның әр түрлі салаларына арналған оқу құралдарын, сөздіктерді, әдістемелік және ғылыми-танымдық әдебиеттерді көптеп шығара бастады. Олардың қатарында сол жылдары жарық көрген Қ.Жаленовтің «Есептану», Е.Омарұлының «Пішіндеме», Қ.Сәтбаевтың «Алгебра», А.Байтұрсынұлының «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш», Т.Шонанұлының «Қазақтың жер мәселесі тарихы», Қ.Кемеңгерұлының «Қазақ халқының тарихы», М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы», М.Жұмабаевтың «Педагогика» және тағы басқа көптеген еңбектер болды. Бұл еңбектер өз заманындағы ілім-білімге ұмтылған қалың көпшіліктің игілігіне айналды.
Осы тұста қоғамдағы жаңа қатынастар мен жаңа ұғымдарды халық санасында қалыптастыруда қазақ тілінің бар мүмкіндігін пайдалану мәселесі алдыңғы орынға шықты. Сонымен қатар қазақ тілін ғылыми негізде зерттеу мәселесі де күн тәртібіне қойылып, бұл міндетті әдістемелік тұрғыда шешу туралы талап-тілектер қойыла бастады. Қазақ зиялылары ұлттық тілдің ерекшеліктеріне, оның қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәніне назар аударумен қатар, тілді оқыту туралы құнды ой-пікірлерін «Айқап», «Қазақ», «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Ауыл мектебі» сияқты басылымдарда жариялап отырды. Бұдан қазақ тілінің сол кездерде қоғам өмірінде айтарлықтай орын ала бастағанын көреміз. Сондай-ақ өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ зиялылары ана тіліміздің болашақтағы орнын анықтауға ұмтылды. Сондықтан халқымыздың зиялы қауым өкілдерінің еңбектерінде Ыбырай Алтынсарин негізін салған ағартушылық бағыт жалғасын тапты. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ зиялыларының заман жүктеген абыройлы міндетті үлкен қажырлылықпен, табандылықпен орындап шыққанын айта отырып, белгілі ғалым М.Мырзахметов былай дейді: «...бодандық езгісіне түскен Ресей империясындағы барлық түрік халықтарынан шыққан зиялы топ, әсіресе, ең артта қалды деген көшпелі қазақ қауымының дарынды ұлдары таудан атылған вулкандай от бүркіп, саясат пен ғылым саласында айрықша көзге түсті. Саясат арбасын одақ көлемінде ұршықша үйіріп, дөңгелете жөнелген Тұрар Рысқұлов, ғылым мен өнер саласында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, тағы басқалар, ал тіл ғылымы саласында Құдайберген Жұбанов жаңа туған шолпан жұлдыздай жарқырап, туған халқының ой-санасына нұр сәулесін шаша түсті» [5].
Қоғамның саяси өміріндегі қарама-қайшылық, әсіресе, 30-жылдардың аяғында өрши түсті. Бұл кезде кеңес мемлекетінің басшылары қуғын-сүргін саясатын тереңдету әрекетін жүзеге асырды. Бұл туралы белгілі тарихшы, профессор Н.Абдоллаев былай деп жазады: «Билеуші партияның мемлекеттегі ұйымдастырушылық, саяси-көпшілік бағыты кеңес халықтарының дәстүрлі қарым-қатынасын, этникалық ерекшелігін шектеуші сипат алды. Рухани қазына иелері, яғни ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдерінің көзқарастары мен еңбектерінен мемлекеттік саясатқа қарсы ұмтылыстар ізделіп, зиялылары қуғын-сүргінге ұшырады...» [6]. Осы заманда мемлекеттік жүйенің нығая түсуімен қатар бірте-бірте бұрынғы «Алаш» партиясына қатысқандарды, сондай-ақ өлкедегі әлеуметтік-экономикалық қайта құрылыстардың қарқыны мен әдістері туралы мәселеде өзіндік ой-пікірлері бар республиканың басшы қызметкерлерін саяси қудалау мақсатты түрде жүзеге асырыла бастады. 1937-38 жылдары Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов, О.Жандосов, Ә.Досов, А.Асылбеков, Л.Мирзоян, Ж.Сұлтанбеков, Т.Жүргенов және тағы басқалар өтірік жаламен жазаланды. Сонымен қатар қазақтың ғылымы мен мәдениеті де орны толмас шығынға ұшырады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Қ.Жұбанов, Ж.Шанин, Т.Шонанов, Қ. Кемеңгеров және тағы басқалар кінәсіз жазалаудың құрбаны болды.
Сөйтіп, 20-жылдардың соңы мен 30-жылдары терең бой алған мемлекеттік саяси ахуал қоғамдық-саяси өмірдің барлық салаларында бекіді. Олар күшпен ұжымдастыру мен 1937-38 жылдардағы саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасып жатты. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар тоталитарлық жүйенің қатаң идеологиялық қыспағында өтті. Осының бәрі Қазақстанның КСРО құрамындағы болашақ даму жолын айқындап берді» [6].
Міне, қазақтың тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың ғалым, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры ретінде танылып, кемелдене түскен шағындағы мемлекеттік саясат осындай сипат алған болатын. Туған халқының қамын жеп, қазақ елінің Кеңес Одағы құрамында ұлттық бояуын сақтай білген демократиялық мемлекет ретіндегі құрылымын жақтаған, қалың жұртшылықты білім-ғылым жолына бастаған алаш азаматтары репрессия құрбаны болып, көп жыл арамыздан алыстатылды. Олардың еңбектерін оқып-зерделеу түгілі, аттарын айтуға да тыйым салынды. Тек өткен ғасырдың 80-жылдары соңындағы демократия мен жариялылық, 90-жылдардағы еліміздің егемендік алуы ғана 30-жылдары опат болған арыстарымыздың мол мұрасымен сусындап, оларды зерттеп-зерделеуге мүмкіндік берді. Олардың арасында қазақтан шыққан тұңғыш профессор, ұлы лингвист-ғалым Қ. Қ. Жұбанов та бар еді.
Басқа да өз заманының озық ойлы қайраткерлері сияқты Құдайберген Қуанұлы Жұбанов та өзінің жарық жұлдыздай қысқа өмірінде қазақ қоғамында болып жатқан әртүрлі жаңалықтардан хабардар болып қана қоймай, оларды талдап, түсіндіріп отырды. Білгір ғалым, білікті әдіскер, дарынды публицист, қоғам қайраткері ретіндегі сан-салалы қызметі бірін-бірі толықтыра келе, халқының мұң-мұқтажын өтеуге мүмкіндік берді. Сол сан-салалы міндеттердің бірі – халықты жаппай сауаттандырып, ілім-ғылым негіздерімен сусындату және осы жолда ана тілінің бар мүмкіндігін пайдалану болса, бұл міндет қазақ тілін ғылыми пән ретінде бастауыш мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін оқытудың әдістемесін ғылыми негізде жасау арқылы ғана шешілетінін профессор Қ.Жұбанов терең түсінді. Сондықтан өзінің әдістемелік еңбектерінде өзіне дейінгі және өз заманындағы әдістемеге қатысты әдебиеттермен (әлемдік және отандық) танысып қана қоймай, оларды қазақ халқының ұлттық дүниетанымына сәйкестендіріп беруге ұмтылды. Қ.Жұбанов өмір сүрген кездегі тілді оқытудың жай-күйі мен осы салада сол кездері еңбек еткен ағартушы-әдіскерлердің мұрасына шолу жасау ғалымның әдістемелік еңбектерінің қайнар көздерін анықтауға, оның ғылыми-әдістемелік еңбектерінде басшылыққа алған ұстанымдары мен әдіс-тәсілдеріне талдауға мүмкіндік береді. Осы ретте қазақ даласына ағартушылық идеясын таратып, алғаш мектеп ашқан, қазақ балаларының өз ана тілдерінде сауат ашуы үшін аянбай тер төккен тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсариннің жаңашыл бағытын өткен ғасырдың 10-жылдары ірі ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының жалғастырғанын атап айту қажет. Ол қазақ тіл білімінің барлық салаларында өз қолтаңбасын қалдырумен қатар бұл салада ірі жаңалықтар да енгізген ғалым. Оның көп жылдық ағартушылық еңбегі негізінде жинақталған тәжірибесі мен өз заманындағы алдыңғы қатарлы әдістемелік ой-пікірлерді басшылыққа алуы нәтижесінде туған «Сауат ашқыш», «Тіл –құрал», «Оқу құралы», «Баяншы», «Нұсқаушы» және тағы басқа оқулықтары мен әдістемелік еңбектерінде тілді оқытудың өз заманындағы озық әдіс-тәсілдері айтылып қана қоймай, бұл әдіс-тәсілдерді қалай пайдалану қажеттілігі туралы нұсқау да беріледі. Себебі ғалым оқулықтарды қалай пайдалану керектігін көрсетпейінше, олардың пайдасы жоқ екенін терең түсінді. Ғалымның бұл еңбектері өзінің әдістемелік мәнін күні бүгінге дейін жойған жоқ.
Көрнекті ғалым, Ахметтану ілімінің негізін қалаушы, академик Р.Сыздықова А.Байтұрсынұлының тілді оқытудың өзекті мәселелеріне қатысты еңбектерін зерделей келе, төмендегідей қорытынды жасайды: «Ахмет Байтұрсынов қазақ тілін оқыту методикасының ірге тасын қалаушы болып табылады. Ол – қазақ тілінде дыбыс негізінде сауаттандыру әдісінің негізін салушы» [7, 36 б.]. Кейін А.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының негізін салушы ғалым екенін Н.Оралбаева [8], А.Сейдімбек, С.Қалиев [9], Ә. Қайдари, Ө.Айтбайұлы [10], Қ.Есенов [11], Н.Құрманова [12] т. б. ғалымдар да атап көрсетеді.
Қазақ тіл білімі және оны оқыту әдістемесі ілімі салаларының ғылыми негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сияқты ғұламалардың орны ерекше. Олардың еңбектерін зерттеп, зерделеп, салыстырып, анықтауда көптеген сындарлы пікірлер айтылып жүр. Осы ретте белгілі ғалым, академик Ә.Қайдаров қос ғұламаның қазақ ғылымы мен мәдениетіндегі орнын былай пайымдайды: «Қ.Жұбановты А.Байтұрсыновпен салыстыра келіп, айырмашылық олар өмір сүрген уақытта; ағарту ісі мен тіл біліміне қосқан үлесі мен шешпек, шешілмек проблемаларында; әр ғалымның өзіне ғана тән қайталанбас тамаша ерекшеліктерінде деген болар едім. Мәселен, А.Байтұрсынов тіл табиғатын терең түсінуі арқылы халық ағартуға қажетті мәнді де маңызды еңбектерімен танылған ғұлама. Ал Қ.Жұбанов болса, сол кездегі Европаша жан-жақты білім алған, бүкіл отандық түркологияның классикалық тамаша дәстүрінде тәрбиеленген, ғылыми даярлығының молдығымен де, өресінің биіктігімен де өз ортасынан оқшау тұрған бірден-бір дарынды ғалым еді. Біз бұл ғалымдардың екеуін де қазақ тілінің іргетасын қалаушылар деп айтуға праволымыз. Бірақ Қ.Жұбанов басқалардан ерекше, қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаушы деп аталуға тиісті» [13].
Сондай-ақ қос алыптың қазақ ғылымы мен мәдениетін дамытудағы ерекше орындары туралы сүбелі пікірді профессор Р.Сыздықованың төмендегі пайымдауларынан да анық аңғаруға болады: «...осыған дейін тарихи бір шындықты айта алмай келдік. Ол – қазақ тілін белгілі бір жүйемен зерттеп, ана тілімізді талдап-таныту ісі үстіміздегі (20-шы – М.Ж.) ғасырдың 10-жылдарында басталғандығы, оны қолға алған А.Байтұрсынов екендігі еді. Тілді зерттеудің мақсаты мен сипаты әр түрлі болады. Солардың бірі – тілдің фонетикалық-грамматикалық құрылымын мектепте оқытып-үйрету қажеттілігінен туған зерттеу, яғни мектеп оқулықтарында талдап баяндау. Бұл орайдағы ізденістер тіл білімінің алғашқы нышандары болмақ. Міне, А.Байтұрсыновты қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ретінде танығанда, ғылымның бұл саласының практикалық мақсат көздей басталған кезеңін сөз етеміз. Іргелі ғылымның алдында сол ғылым саласының қаңқасы тұрғызылып, обьектілері айқындалып, терминдері жасалып, негізі салынуы керек. Осындай негізді салған А. Байтұрсынов болса, қазақ тіл білімінің таза ғылыми, теориялық сипат ала дамуының өрісі Қ. Жұбановтан басталады. Сондықтан қазақ тілін зерттеу тарихында бұл екі асқардың әрқайсысы өз орнында, өз биігінде танылады» [7].
Олай болса, ХІХ ғасырдың аяғында қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин негізін салған ағартушылық идеясы ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Көбеев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы еңбектерінде жалғасып, халықтық сипат алды деуге толық негіз бар. Қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-профессор Қ.Жұбанов та сол кезде дәл осы қатардан табылды. 1929 жылға дейін ағарту саласында, атап айтсақ, уездік, губерниялық, республикалық оқу-ағарту бөлімдерінде инспектор, әдіскер (методист), педтехникум мұғалімі бола жүріп, ол мектеп мұғалімдерінің жол сілтейтін басшысы бола білді. Ғалымды кейін мектеп бағдарламалары мен оқулықтарымен айналысуға түрткі болған осы ағартушылықтан басталған іс-тәжірибесі болатын. Сондықтан Қ.Жұбановты тек ірі ғалым деп қана танып қоймай, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының негізін салушылар қатарындағы ірі ағартушы ретінде танығанымыз абзал.
Қ.Жұбановтың ірі ағартушы, білгір ғалым ретінде танылып, құнды ғылыми-әдістемелік ой-пікірлерінің қалыптасуына сол жылдары осы салада қызмет еткен жоғарыда аттары аталған қазақ зиялыларының ықпалы орасан зор болды. Ғалымның өзі қазақ тілін зерттеушілердің алдыңғы қатарында қазақтан шыққан ірісі Ш.Уәлиханов екенін айта келе: «Беріде қазақтың өз ішінен шығып, қазақ тілін зерттегендер қазақтың ескі оқығандары болды. Олар – Байтұрсынұлы Ахмет, Кемеңгерұлы Қошке, Омарұлы Елдес, Шонанұлы Телжан, Досмұхамбетұлы Халел...», - [14] дейді. Мұнан кейін Т.Шонанұлы мен А.Байтұрсынұлының қазақ тілін зерттеуге арналған еңбектеріне тоқтап кетеді. Сөйтіп, Қ.Жұбанов өзіне дейінгі ғалымдар еңбегін байыпты қарап, лайықты бағасын береді.
ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ қоғамындағы түрлі мәдени, қоғамдық, ғылыми ізеністердің басы-қасында болған қазақ зиялыларының қай-қайсысы да өздеріне заман жүктеген міндеттерді үлкен азаматтық парыз ретінде абыроймен атқарып, кейінгі ұрпаққа жеткізе білгені анық. Бұған халқымыздың көрнекті тұлғаларының бірі Ә.Бөкейхановтың А.Байтұрсынұлына жазған хатындағы төмендегі сөздер дәлел бола алады: «Аса қадірлі Ахмет! Егер Ыбырай заманында сен туған болсаң, оның жасағанын - сен, бүгінгі сенің жасап отырғаныңды – ол жасаған болар еді» [15]. Бұл сөздерді қазақ зиялыларының қай-қайсысы да өзінен кейінгі ізбасарларына айтары анық. Бұл сөздер қазақ зиялылары үшін туған халқын сауаттандырып, ілім-білімге жол сілтеудің қай кезде де үлкен қоғамдық мәні бар мәселе болғанын аңғартады. Сондықтан қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының бастауында тұрған қазақ зиялыларының шығармашылығына талдау жасау олардың еңбектерінің маңыздылығын айқындауға, жалпы ғылым дамуындағы терең сабақтастықтың сырын түсінуге мүмкіндік береді деп есептейміз.
Әдістемелік мұрасы зерттеліп-зерделеніп отырған қазақтың тұңғыш профессоры, көрнекті ғалым Қ.Жұбанов – өз алдына үркердей боп тұрған ерекше тұлға. Ол қазақ тілінің теориялық өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеп, зерделеп, оның ғылым мен техника тілі ретінде қалыптасып, ілгері дамуына сара жол салды. Оған ғалымның сол кездері қазақ тілінде шығарылған математика, химия, физика, жаратылыстану оқулықтарының жалпы редакциясын басқарғаны дәлел бола алады. Ғалым қазақ тілінің бастауыш мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін оқыту жүйесін талдап, мұғалімдерге арналған әдістемелік еңбектер жариялады. Көрнекті қазақ жазушысы Ғ.Орманов өткен ғасырдың 30-жылдары республикалық баспасөз беттерінің бірінде жас ғалым Қ.Жұбанов туралы төмендегідей пікір айтады: «Астанамыздың орта, жоғары дәрежелі мектептерінің отыз оқушысы осыдан үйреніп, енді біраз уақытта тіл ғылымы жөнінде жоғарғы дәрежелі білім иесі боламыз деп қуанып отырған жоқ па? Талай институттарымыздың тіл кафедраларында қаншама жастарымыз ұйып,осы жігіттің ғылыми сабағын тыңдап отырғанын көресің. Ол - оқу істері халық комиссариатының председателі, жаңа әліп комитетінің секретары, ғылым Академиясы қазақ бөлімшесі Тіл ғылымы секторының бастығы. Ол қазақтың әдебиет тілі мен басқа ғылымдар жөніндегі терминдерін жасасты. Орта мектептердегі қазақ тілінің ғылыми грамматикасын жасап беріп отыр. Мұғалімдерге орта мектеп грамматикасының жайын түсіндіретін «Емле, термин мәселелері» деген кітап жазып жатыр. «Қазақ тілі жайын зерттеу» деген тақырыпта орыс тілінде он кітапша жазып алды, баспадан шықты. «Қазақ тілі мәселелері» деген ғылыми жинақтың редакциясын басқарды. Қазақтың ғылыми /академиялық/ сөздігі жасалып жатыр. Бұл жұмыс 1942 жылы бітеді. Соны да бұл басқарады» [16].
Қай салада еңбек етсе де, ғылымның қай тармағына қалам тартса да, Қ.Жұбанов өзінің өзгелерден ерекше дарын иесі екенін көрсете білді.
Достарыңызбен бөлісу: |