2.1 «Абай шығармашылығын оқыту» Оның «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі мен технологиясы» атты оқулығында лириканы, эпикалық шығармаларды, драмалық шығармаларды жаңа технологиялармен оқыту жолдары баяндалған. Абай, Мұқағали лирикаларын меңгерудің жолдары тақырыпқа қатысты сабақ еткізудің технологиялық картасы, поэтикалық талдаулардың үлгілері, шығармашылық жұмыстар берілген. Мысалы, жыраулар поэзиясына 40 түрлі тапсырма түрінің берілуі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытады. Эпикалық жанрды меңгертуге қатысты әңгіме, хикаят, роман, жанрларын оқытудың ғылыми - теориялық негізі және сабақ үлгілері бірге ұсынылған. Сонымен қатар, «Абай жолы» эпопеясын оқыту технологиясы мен әдістемесі де жан - жақты сөз болады. Батырлар жырын публицистикалық шығармаларды, эпистолярлық жанрды оқыту әдістері берілген. «Абай шығармашылығын оқыту» атты іргелі еңбегінде автор «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» тақырыбымен 5 сыныптан бастап 8 сыныпқа дейін Абай шығармашылығынан оқылатын шығармалардың тақырыбын ұсынады. Төменгі сыныптарда лирикалық шығармаларды оқытудың өзіндік күрделілігін айта келіп, оқытудың әдіс-тәсілдерін береді. Ұстаз 5-8 сынып арасындағы ақын шығармашылығын оқытудың бағдарламасын бере отырып, оны танытудың тың технологиясын, жолдарын саралап көрсетеді. Еңбектің сүбелі бір маңызы – бұрын оқуға ұсынылмаған ақын өлеңдеріне назар аударуы әр сыныпқа кемінде 6-7 өлең (қарасөзі бар) шығармаларды бере отырып, оны оқытудың тиімді жолдарын, поэтикалық талдау үлгілерін беруі. Әр өлеңнің негізінде жатқан ең негізгі, түйінді дәндерін (даралап, саралап оқыту технологиясы негізінде) саралап ала отырып, оны меңгертудің инновациялық жолдарын нақты көрсетеді. Әр өлеңге берілетін көмек-нұсқаулар проблемалық, дамыта оқытуға негізделген талдау сұрақтары да ғылыми түрде сөз болады.
Қазіргі білім беруде дарын тәрбиелеу, жан-жақты дамыған дара тұлға қалыптастыру басты мақсат болса, осы мақсаттарға жетудің бір жолы – іздендіру бағытындағы шығармашылық жұмыстар болып табылады. Еңбекте шығармашылық жұмыстардың әр түрлі жүйесі берілген.
1. Танымды іздендіруші, өз беттерімен орындайтын тапсырмалар.
2. Ғылыми материалдармен іздендіруге бағытталған жұмыстар жүйесі (реферат, рецензия т.б.)
3. Поэтикалық талдау түрлері: салыстырмалы жұмыстар, ақын проблематикасы, кейіпкерлерге микро-мінездеме, дәйексөзді талдау, топтық, жұптық, жұмыстар түрлері, интервью-сұхбат, реплика-диалог, т.б.
Талдау түрлері тікелей ұстаздың өзіне ғана тән, өз ізденісінің жемісі екені түсінікті. Бір тақырыптың өзіне бірнеше шығармашылық жұмыстар жүйесінің жасалуы – тың мәселе. Ал жазба жұмыстарының инновациялық түрлері де еңбекте кеңінен орын алған. Мысалы, шығарма-толғау, шығарма-сезім, сыр-толғау, жыр-толғау, жыр-толғау, ой-толғаулар — барлығы да шығармашылық жұмыстардың тиімді түрлері.
Еңбекте көркем мәтінді оқудың үш түрі ұсынылады.
1. Сыныпта оқып талдауға арналған;
2. Сыныптан тыс оқып, талдауға бағытталған;
3. Өз беттерімен, өз қалауларымен оқып, талдауға арналған.Соның ішінде, 5 сыныптағы Абайдың Әбіш туралы өлеңдерін оқытудың кейбір тиімді жақтарын атайды. Әбіш туралы абайтанушы ғалымдар еңбектерінен шолу жасалады, «Абай жолы» эпопеясының «Қарашығын», «Қапада» тарауларындағы Әбішке сипаттама беріліп, салыстырылады. Әбіштің бейнесін шәкірттерге үлгі ете отырып, білімділік, тәрбиелік жағынан оның маңызды екенін түсіндіреді. Әке мен бала проблемасы айналасында оқушыларға пікір талас ұйымдастырады. Оқушыларды Әбішке дәйектемелі шағын мінездеме беруге баулиды. Оған талдаудың мынадай үлгісін береді:
«Тұла бойың ұят, ар»
Тәуекелге нар
Ерлікке де нар
Талапты
Арлы, намысты,
талапты, батыл, ер,
тәуекелшіл, жалтақ емес.
5-8 сыныптарда Абай шығармаларын оқытудың тиімді әдістемесіне ұстаз мынадай мақсатты көздейді. Өтілетін жаңа сабаққа байланысты мәтінді алдын ала оқыту арқылы көркем шығарманы қалай қабылдағанын білу, өз беттерімен көркем мәтінді талдау дағдыларын қалыптастыру; білімді өз еңбектері, ізденістерімен алу машықтарын жетілдіру керектігін айтады. Осы мақсатына орай ұстаз сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс, түсініктемені оқу әдістемесін ұсынады. Талдау кезінде мұғалім үнемі оқушыны қозғап, ой тастап, өзімен бірге еңбектендіріп, олардың пікірлерін назарға алып отырып қадағалайды. Жұптық жұмыс пен шағын пікір талас ұйымдастырылуы үшін проблемалық сұрақтар береді.
1) Ақын өлеңді кімдерге арнап айтады? («Бір естіге», «өзіне», «бір әрі мың наданға»)
2) «Неше түрлі жан», «даладағы аңдар кімдер?» Ақын неге оларды осындай ауыр сөзбен сынайды?
Әдіскер ұстаз оқушыларды ойлантып қана қоймайды, оларды ақын сезіміне, сонымен бірге өздерінің сезімдерін бақылауға арналған практикалық жұмыс түрін береді. Мысалы:
Бұндай жұмыстар лирикалық шығармаларды сезіммен талдауға үйретеді. Оқушыларды адам сезімі мен жанын түсінуге баулиды.
Үй тапсырмасы ретінде оқушыларға шығармашылық жұмыстар беруді ұйғарады. Яғни ол жұмыстарға ұстаз көмек-карточкалардың «Болашаққа хат», «Арыз» атты үлгілерін дайындайды.
Абайдың поэмаларын, қарасөздерін оқытуда тиімді оңтайлы тәсілдер арқылы оқушылардың түсінігіне сай берілгенін көруге болады. Қарасөздерді оқытуда ұстаз мәнерлеп оқу, түсініктемелі оқу, сарамандық жұмыстарды пайдалануды жөн көреді. Ақынның әр қарасөзін оқытуда оқушыларға берілетін білім мазмұнымен таныстырады, оған талдаудың үлгісін кестелер арқылы көрсетеді. Пікірлесу сұрақтары мен оқушылардың білім-білік дағдыларын жетілдіру бағытындағы жұмыстар мен талаптарға көп көңіл бөледі. Сонымен қорыта келгенде, Абай шығармашылығын оқушыларға жан-жақты тереңдетіп оқытуда бұл еңбектің ғылыми әрі әдістемелік жағынан маңызы зор. Себебі адамзаттың Абайдай ірі тұлғасының шығармашылығын жасөспірімдерге оқытып меңгертудің жан-жақты жолдарын іздеп, оның түйінді дәнін тауып оқушылардың бойына дарытып, адамдық қасиеттерге баулыған инновациялық технологияның талаптарына сай нағыз гуманистік тұрғыдан жазылған ғылыми әдістемелік еңбек демекпіз.Қанипа Омарғалиқызының қай еңбегі болсын ұстаздардың бағдар шамындай. Сол себептен болар, ұстаздың еңбектеріне деген сұраныс та ерекше.