ТЕКШЕ– тау жотасының жоғарылау тұсындағы қия бетте болатын
көлемі шағын, тегістеу алаңқай.
ТОҒАЙ – 1. Аумағы біраз жерге дейін жайылып, қорыс болып
өскен қалың ағашты алап; 2. Өзен жағалаулары мен өзектерді бойлай
өсіп тұратын бұталы қопа. Бұл ұғымды түркі және моңғол тілдерін
айтпағанда, славян тілдес халықтар атауларынан да орын алған өте
көне форма деуге болады. Білдіретін мәні – шамалап айтқанда: «қисық
– қыңыр, сайлы – салалы жер» деген мағынада қолданылатын сөз.
ТӨБЕ – жан – жағы жазық, тегіс жер бетінен шошайыңқырап
көтеріліп тұратын жер бедері. Төбе қазақ өмірінде географиялық бағыт
– бағдар болатын, жауынгершілік уақытында үстіне сақшы шығып
қарауыл қарайтын (Қарауылтөбе деп аталуы осыдан), жау көзінен
жасырынатын бекініс, қорғаныс(Қорғантөбе) және ауыл қарияларының,
ел жақсыларының бас қосып, мәслихат өткізетін, ертелі – кеш әңгіме
– дүкен құратын орны болып саналған. («Күлтөбенің басында күнде
жиын» деген осының айғағы) өзіндік мәні болса керек. Ең алдымен
төбе басында отыру – айналаны шолуға қолайлы болған, құпия әңгімені
біреудің бұқпантайлап тұрып тыңдауынан сақтандырған.
ТӨБЕШІК – тегістіктен сәл ғана көтеріліп, дөңестеніп жататын,
аумағы шағын, аласалау жер бедері.
ТӨМПЕШ – көлемі төбешіктен шағындау, кішкене ғана келген
жер үсті бедері.
ТӨМПЕШІК – көлемі шағын, кішкене ғана дөңес жер.
ТӨСКЕЙ – тау беткейінің етекке таман жақындап келіп, табанға
жалғасатын жоғарылау тұсы.
ТҰМСЫҚ – таулы жерлер мен қырат – жондардың араласып келген
бір белесінің жазыққа қарай сүйірлене еніп жататын ең шеткі тұсы.
Ұқсастыру жолымен қалыптасқан атау.
ТҰРҒЫ – тау қырқасының биік бір тұсынан еңіске қарай көз
жібергенде айнала маңай алақандағыдай боп ашық көрінетін ұрымтал
жер.
ТҮБЕК – бір жақ шеті үлкен жермен жалғасып, үш жағын су айдыны
алып жататын құрлық бөлігі.