Салықтардың мәні және негізгі салық салу қағидалары
Қазақстан Республикасының салық заңнамасы салық салу қағидаларына негізделеді. Салық салу қағидаларына салық салудың міндеттілігі, айқындылығы, әділдігі, салық жүйесінің біртұтастығы және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы қағидалары жатады. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының ережелері осы Кодексте белгіленген салық салу қағидаларына қайшы келмеуге тиіс.
Салық төлеуші – салық міндеттемесін, салық агенті салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндетті Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес толық көлемде және белгіленген мерзімде орындауға міндетті.
Қазақстан Республикасының салықтары және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдері айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің салық міндеттемесі, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндеті туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленуін білдіреді.
Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады.
Жеке-дара сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай жүйе болып табылады.
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының салық жүйесі
Салық жүйесі – бұл, мөлшерлемелері, төлеушілер және салық салу обьектілері, төлеу тәртібі, жағдайы және мерзімдері, есептеу мен тіркеу әдістері көрсетілген, заңдарға сәйкес белгіленген, көрсетілген уақыт аралығында әрекет ететін барлық салықтар тізімі. 1991 жылдың 25 желтоқсанында қабылданған ҚР «ҚР салық жүйесі» туралы Заңында салық жүйесін құрудың жалпы қағидалары ,салықтарды төлеу тәртібі, әр деңгейде бюджетке есепке жатқызылуы, салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттері анықталған. Осы Заңға сәйкес салықтар үлкен үш топқа бөлінді:
Жалпы мемлекеттік салықтар;
Міндетті түрде төленетін жергілікті салықтар мен алымдар;
Жергілікті салықтар мен алымдар.
1995 жылы 24 сәуірде ҚР президентінің заңдық күші бар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер» туралы Жарлығы шықты.
2002 жылдың 1 қаңтарынан ҚР жаңа Салық Кодексі енгізілді.
Салық Кодексі – кең көлемді және жүйелі құжат. Мұнда бюджет пен салық төлеушінің арақатынасы толық реттелген және көптеген салық түрлері бойынша халықаралық стандарттарға мейлінше сәйкестендірілген.
Достарыңызбен бөлісу: |