Байланысты: Кіріспе т ркі халы тары дебиетіні мазм ны мен рылысы
Түгелбай Сыдықбеков (1912-1973) – әдебиет майданына ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап араласқан Қырғызстанның халық жазушысы. Ол 1912 жылы Ыстықкөл өлкесіндегі Кеңсу деген қыстақта дүниеге келген. Қарақолдағы (Пржевалыскі) 5 жылдық орыс мектебін аяқтап, Фрунзедегі (Бішкек) малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Қырғыздың ауыз әдебиетінен мол рухани азық алған Т.Сыдықбеков алғышқы әңгімелерін ертегі, аңыздар сюжетіне негіздеп жазады. «Қалпақбай», «Шабуыл», атты поэмаларында малдан басқа мұңы жоқ, сараң, пасық жандардың сатиралық образын сомдайды. Халықтық аңызға негізделген «Қобызшы» дастанында күйдің адамзат өміріндегі алатын орнын нанымды бейнелеген. Сол тұста Т.Сыдықбековтің өлең, очерқ поэма, әңгімелерден тұратын «Күрес», «Батырлар», атты жинақтары «Мың бір жан» өлеңі және «Ақын бұлбұл» атты поэмасы жарық көреді. XX ғасырдың 30-шы жылдарының орта кезінен бастап ол қалам қарымын «Кең су» атты романы арқылы таныта бастайды. Бұл романның негізгі идеясы сол кезеңнің ең өзекті тақырыбы - ауыл шарушылығын ұжымдастыру мәселелері еді. «Кең су» романының бірінші кітабы 1936 жылы, екінші кітабы 1938 жылы жарық көреді. Жазушы кейін бұл романды өңдеп, «Тау арасында» (1959) деген атпен қайта бастырады. Роман реалистік шеберлікпен жазылған қырғыз әдебиетіндегі алғашқы кең тынысты туынды болып саналады.
Т.Сыдықбеков 1945 жылы «Тау арасында» романының жалғасы болып есептелетін «Темір» романын жарыққа шығарған Жазушының «Тау арасында» романында ұжымдастыру кезеңі бейнеленсе, «Темір» романында қырғыз халқының ұжымдастырудан кейінгі кезеңдегі өмірі суреттеледі. Сонымен қатар қаламгердің 1948 жылы Отан соғысы тұсындағы халықтың тылдағы қажырлы еңбегін көрсететін «Біздің заманның адамдары» романы жарияланып, 1949 жылы авторға осы шығармасы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Сонымен қатар 1966 жылы жазушының қырғыз әйелінің басынан кешкен ауыр тағдырын суреттейтін, екі кітаптан тұратын («Бәтина) және «Асу»), «Әйелдер» атты романы басылып шығады.
Жазушы өзінің «Тау балалары» повесі мен аңыз желісіне кұрылған «Жер баласы Жанболат пен күннің қызы Нұрай» атты әңгімесі арқылы қырғыз балалар әдебиетіне де қомақты үлес косқан.
Т.Сыдықбеков Кеңестік дәуірдегі қырғыз әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі, белгілі қоғам қайраткері. Ол тек кана поэзия проза салаларында ғана емес, драматургия жанрында да қарымды қалам тербеген. Оның «Манас пен Әлмембет» драмасы соның айғағы.