Астралылар тұқымдасы, көп жылдық шөп тектес өсімдік. Биіктігі 70 см болатын сабағы біреу немесе бірнеше, қатты. Тамыр сабағы көлбеу өседі, оның жоғарғы жағынан бір топ тамыр жапырақтары мен сабағы өсіп шығады. Жапырағы көп ланцет тәрізді, 2-3 қауырсынды салаланған. Әр саласы бірнеше жүздеген сегменттерге бөлінеді, сол себептен „мыңжапырақ“ есімі берілген. Күрделі қылқанды, ұсақ себетті. Тозаңқабы — сары. Жемісі ұсақ тұқымша, жәндіктермен тозаңданады. Тұқым төгілу арқылы таралады.
Шілдеден күзге дейін гүлдейді. Қазақстандағы 12 түрдің арасында кең таралған түрі, орманды дала мен далаларда және құрғақ шабындықтарда өседі. Құрамында ахиллеин алкалоиді, эфир майлары, камфора, туйон және құмырсқа, сірке, валериан, аконит, аскорбин қышқылдары, С,К дәрумендері, фитоцидтер, спориттер бар.Кәдімгі мыңжапырақтың қан тоқтататын, қабынуға, аллергияға қарсы әсер ететін, жарақаттардың жазылуын тездететін, қан тамырларын кеңейтетін, ауырған жерлерді тыныштандыратын қасиеттері бар.
Қаражусан мен Бөрте жусан
Қара жусан мен бөрте жусан қазақстанның оңтүстік, батыс, орталық облыстарының далалы аймақтарында жиі өседі. Кейбір аудандарда ондаған, жүздеген гектар жерді алып жатады. Қара жусан сор және сортаң жерлерде көп кездеседі. Дәрілік шикізат ретінде жусан сабағының жоғары жағы орылып алынып, көлеңке жерде кептіріледі
Қара жусан мен бөрте жусанның құрамында 7 – 8% нәруіз, 4 - 5% май, 26 - 28% клечатка бар. Сондай – ақ жусан шөбінің құрамында абсинтин, анабсантин деп аталатын гликозидтер, флавноидтар, эфир майлары, аскорбин қышқылы, фитонцидтер, каротин және басқа да заттар бар.
Жусан қойға таптырмайтын азық болып саналады. Оны жаздың алғашқы айлары мен күз, қыс айларында қой, жылқы, ешкі өте сүйсініп жейді. Сөйтіп тез семіреді. Мал дәрігерлігі практикасында жусан шөбі малдың тәбетін ашу, асқазан – ішек жұмыстарын жақсарту үшін қолданылады. Сондай – ақ ол ішектегі гельминттік құрттарды да түсіре алады.