2. Психология ғылымының дамуы XIX ғасырда позитивизм бағытындағы философияның негізін қалаған О. Канттың (1798-1857) ғылымдарды топтастыру жүйесі кең қолданымда болды. Дегенмен осы жүйеде психологияға орын табылмады. Ғалым пайымдауынша, психология әлі (үш кезең заңына орай) метафизикалық сатыда, ғылым ретінде пісіп жетілмеген. XIX ғасырдың бірінші жартысы үшін мұндай тұжырым, әрине, әділ болатын.
Ол заманнан бері ұланғайыр өзгерістер болды: психология дербес ғылымға айналды, адамзатқа қажет табыстарымен көзге еленді. Екі ортада ғылымдарды жүйесімен топтастырудың талай амалдары талдау, талқыдан өтті. Солар арасында аса танымал болғаны орыс философы және ғылымтанушысы Е.М.Кедров (1903-1985) ұсынған топтастыру амалы еді. Кедров пікірінше, ғылымдарды бір беткей түзулік (линейный метод) сипатымен топтастыруға болмайды. Ол барша ғылымдарды үш топқа: жаратылыстану, әлеуметтік және философиялық – бөлуді ұсынады да, олардың бастарын бір түзу бойында емес, үшбұрыш шыңдарына орналастыра қосады. Сонда, үшбұрыштың жоғары шыңында жаратылыстану ғылымдары, төменгі сол жақта – әлеуметтану, ал төменгі оң тарапта – философиялық пәндер жайғасады. Психология осы ғылымдардың бәрімен бірдей тығыз байланыста, сондықтан ол үшбұрыштың ішінен кең орынға ие болады. Себебі адам ойы, ойлауы (психологияның маңызды бөлімдерінің бірі) тек психология тұрғысынан зерттеліп қалмастан, олармен философия да, логика да айналысады. Психология, сонымен, барша ғылыми білімдермен өзара байланысқа келеді.
Психологияның аса маңызды мәселелерінің қандайы болмасын, басқа ғылымдармен байланыспай шешілуі мүмкін емес. Психиканың пайда болуы мен дамуын зерттеу үшін биология, генетика, антропология, білімдері мен әдістерін қолдану қажет; психофизиологиялық проблемаларды шешу үшін нейрофизиология, нейроанатомия, нейрохимия, медицина әдістерін тартуды талап етеді; психикаға орай биологиялық және әлеуметтік жағдаяттар байланысы проблемасы әлеуметтік, биологиялық, психологиялық білімдердің басын қоспай мүлде шешілмейді. Осылайша, психологияның басқа ғылымдармен, ғылым салаларымен ара қатынас түрлерін шексіз жалғастыра беруге болады. ¤з кезегінде, психологиялық зерттеулер нәтижесінде алынған деректер психологиямен сыбайлас пәндер үшін өте қажет.
Психология және логика байланысы ойлау жөніндегі психологиялық білімдер тарихында анық көрінеді. Осы ғылыми білімдердің әрбірі ойлау құбылыстарын ашуда өз зерттеу аймақтарына ие. Логиканың шұғылданатыны ақиқат жөніндегі мәселе, ойлаудың болмысқа деген танымдық қатынасы туралы проблема. Ал психологияның айналысатыны – ойлау үдерісінің жүрісі, жеке адамның ойлау іс-әрекеті, ойлау құбылысының сананың басқа да тараптарымен аралық нақты байланыс, қатынастары.
Психология және әлеуметтану байланысы әлеуметтік психологияныжарыққа келтірді. Әлеуметтік психологияны қызықтыратын екі өзекті проблема: тұлға және топ арасындағы өзара ықпалдасты қатынас; тұлғааралық байланыстар. Шағын социологиялық зерттеулер деңгейінде (кіші топ зерттеулері: отбасы, еңбек ұжымы) әлеуметтік бағыт пен әлеуметтік-психологиялық бағыт айырмашылықтарын ажырату қиынға соғады. Дегенмен, әлеуметтанудың (социологиялық) әлеуметтік психологиядан бөліне көрінетін тұсы – ондағы зерттеулердің ірі де ауқымды, макроәлеуметтік деңгейде жүргізілуі, зерттеуге түскен құбылыстарды қоғам және оның құрылымдық бөлшектерінің жасауы мен әрекетке түсу заңдары тұрғысынан түсіндіруге ұмтылыстың болуы.
Психология және педагогика байланысы ежелден келе жатқан, дәстүрлі қалыптасқан құбылыс. Барша ғұлама педагогтар адамның табиғи қасиеттерін, оның тума қажеттері мен мүмкіндіктерін түсіну керектігін, тұлғаның психикалық іс-әрекеттері және дамуына орай тетіктер мен заңдарды ескеруді, солар негізінде оқыту, білім беру, тәрбиелеу маңыздылығын алға тартты.
Психология және биология байланысы. Адам дамуының табиғи және әлеуметтік жағдаяттарының ара қатынасы жөніндегі проблема- психология үшін аса маңызды мәселелердің бірі, ол биология үшін де ізденіс азығы. Екі ғылыми білімдердің қосыла зерттеулері нәтижесінде әрбір жеке адамның даралықты дамуындағы тума берілген және өмір барысында қалыптасатын сапа-қасиеттерінің сыры ашылады.
Психология және медицина байланысы медициналық психологияның туындауына әсер етті. Бұл сала дәрігер қызметінің психологиялық ерекшеліктерін және сырқат адамның әрекет-қылығындағы психологиялық көріністерді зерттейді, емдеу мен психотерапия, сондай-ақ психика дамуындағы ауытқулар мен әртүрлі ми науқастарына байланысты психика бұзылысын зерттеуші медициналық білім саласы патопсихологияның психологиялық әдістерін орайластырады.
Психология және саясаттану байланысынан саясатқа орай қалыптасатын әрекеттердің субъектив тетіктерін, оларға ықпал жасаушы сана, астар сана, адам көңіл күйі, еркі, оның нанымдары, құндылықты бағыт-бағдарлары және ұстанымдарын зерттеуші саясат психологиясы пайда болды. Бұл ғылым адам әрекет-қылығын процесс ретінде танып, оны жеке тұлғаның қоршаған ортамен өзара ықпалдастық қатынасының нәтижесі деп біледі. Себебі тұлға әрекеттері сыртқы ықпалдар мен психологиялық талдаудың тікелей нысаны болған субъекттің оларды қабылдау және түсіну ерекшеліктерімен анықталады.