Инженерлік психология – адам және осы заманғы техника арасындағы өзара ықпалдасты қатынастар үдерісінің заңдылықтарын зерттеп, оларды жобалау тәжірибесінде, автоматтасқан жаңа басқару жүйелерін, техниканың соңы түрлерін жасау мен пайдалануда қолдану жолдарын қарастырады.
Авиация және ғарыштық психология - ұшқыш, ғарышкер іс-әрекетінің психологиялық ерекшеліктерін талдайды. Медициналық психология – дәрігер қызметінің психологиялық ерекшеліктерін және сырқат адамның әрекет – қылығына тән психологиялық көріністерді зерттейді, емдеу мен психотерапияның психологиялық әдістерін орайластырады.
Патопсихология – психика дамуындағы ауытқулар мен әртүрлі ми науқастарына байланысты психика бұзылыстарының заңдылықтарын ашады.
Заңгерлік психология – қылмыс үдерісіне қатысқандардың мінез-құлығындағы психологиялық заңдылықтарды ашып, қылмыскер тұлғасының қалыптасуы мен оның бойына біткен мінез-құлығының психологиялық проблемаларымен айналысады (куәгер психологиясы, сауалнама жүргізудің психологиялық талаптары және т.б.).
Әскери психология - соғысәрекеттері жағдайындағы сарбаздар мінез-құлығының психологиялық ерекшеліктерін зерттейді.
2. Психологияның негізгі зерттеу әдістері «Әдіс» сөзі ғылыми білім жүйесін түзу мен негіздеудің жолын білдіреді, сонымен бірге болмысты тәжірибелік және теориялық тұрғыдан игерудің тәсілдері мен қимыл-әрекеттер тобын танытады.
Психологияға орайластыра әдісті психика жөніндегі деректерді алудың және оларды талдап түсінудің жолы деп білеміз. Кейбір басқа да ғылымдардағыдай, психологиядағы зерттеу әдістерінің негізгілері – бақылау және эксперимент. Бақылау– зерттеудің ғылыми әдісі – деректі суреттеп баяндаудан оның ішкі мәнін түсіндіруге өту үшін қажет. Бақылау әдісінің негізгі тиімділігі – психикалық үдерістерді табиғи жағдайларда зерттеу мүмкіндігінің мол болуы.