Типтік оқу бағдарламасынан көшірме: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылыми пән екендігі. Әдебиет пәнінің мектептік пәндер жүйесіндегі орны және өзіндік ерекшеліктері. Теориялық, методологиялық негіздері. Философия, тарих, әдебиеттану, тіл білімі, эстетика, педагогика, психология, т.б. ғылым салаларымен байланыстылығы.
Әдебиетті ғылым және сөз өнері ретінде оқыту әдістемесінің дидактика, әдебиеттану, тарих, музыка, бейнелеу өнері, т.б.мен сабақтастығы. Педагогикалық психология мен оқыту әдістемесінің тоғысар тұстары.
Жоспары: 1. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылыми пән екендігі
2. Әдебиетті оқыту әдістемесінің теориялық және методологиялық негіздері
2. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен байланысы
Лекция мақсаты: Студенттерге қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәнінің мақсаты мен міндеттерін ұғындыру, қазақ әдебиеті пәнінің өзіндік ерекшеліктерін таныту. Пәннің басқа ғылым саларымен байланысына тоқталу.
Лекция мәтіні (қысқаша) Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің қамтитын нысаны мектептегі әдебиет пәні сабақтары мен әдебиетке байланысты сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстар және базистік оқу жоспарының инвариантты бөлігінен берілетін таңдау курстарында жүргізілетін әдебиет сабақтарында мұғалім мен оқушының оқу-тәрбие ісінде өзара қарым-қатынасы болып табылады.
Сөз өнерін, көркем әдебиеттің өзін әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымында белгілі дәрежеде оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім, адамгершілік, ізгілік, имандылық, тәрбие беру мен білім-білік дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарын ашу-оның қарастыратын басты мәселесі.
Әдебиет пәні жеке тұлғаның, адамның рухани әлемін, оның адамгершілігін, ойлауын, көңіл-күй сезімін, тілін, шығармашылық әрекет- бастауларын қалыптастыруда ерекше орын алады.
Әдістеменің даму тарихында, қалыптасу үрдісінде әдеби білім беру негізгі қағида болып табылатын оқу бағдарламалары мен оқулықтар жасау мәселелері, әдебиет сабағын оқытуды жетілдіру сияқты мәселелер әдебиет пәні құрылымын құрайды.
Әдебиет пәні оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытуды, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге, дұрыс бағалауға, әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді, сонымен бірге ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырман мәдениетін қалыптастырады. Әдебиет пәні оқушыны өнер туындысын тануда қажетті біліммен, біліктілік дағдылармен қаруландырып, онда көркем бейнені қабылдауға қажетті сезім сергектігін, шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде, көркемдік тұтастыққа қабылдай білуді; шығармада кескінделген мінездер сырын, шығарма идеясын, жаазушы позициясын шығарма арқауына сүйене отырып ашуды; өзіндік ой толғамында дербестік, идеялық-көркемдік құндылығы жоғары туындыларды ғана қалайтын талғампаздықты, көркем туындыларды салыстыра отырып, қарастыра алу біліктерін қалыптастыруды көздейді.
Осы негізде мектептегі қазақ әдебиеті пәні жеке тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет атқаратын негізгі эстетикалық пән деген тұжырымға келеміз. Қоғамның және мәдениеттің даму өзгерістеріне сай әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулықтармен қатар оны оқыту әдістемелігі де жетілдіріліп отырады және ол қалыптасқан отандық әрі әлемдік тәжірибеге негізделеді.
Әдістеме ең алдымен мұғалімнің шығармашылық әрекетінің жүйелі болуына қызмет ететіндіктен, ол әдебиетші мұғалімге жоғары талаптар да қояды. «Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз сипатын ашатын заңдылықтарды білуі керек. Сондай-ақ көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс»,-дейді белгілі әдіскер мұғалім Қ.Бітібаева.
Әрбір пән өмір құпиясын өзінше бедерлейді. Оның ішінде әдебиет пәні «өміртану құралы» бола отырып, ондағы көкейкеті мәселелерді, адам тіршілгі мен болмысына тән сипаттарды терең ашады. Білім мекемелерінде оқытылатын пәндер жүйесінде әдебиеттің алатын орны айрықша. Әдебиет өмірге деген көзқарасты, зстетикалық талғам мен рухани ізгі мұраттарды қалыптастырады.
Әдебиеттану –көркем әдебиетті, оның түп-төркінін, мән-маңызы мен даму үрдісін зерттейтін ғылым. Яғни, әдебиеттану – көркем әдебиетті, оның пайда болуы мен әлеуметтік байланыстарын, сөздік бейнелілік тұрғыдағы ойлау ерекшеліктерін, көркем шығармашылықтың табиғатын, негізгі қызметін, әдеби әдіс-тәсілдің жалпы және нақты даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
Әдебиет теориясы – әдеби шығармашылықтың болмысын, қызметін, қоғамдық міндетін зерттеп, көркем мәтінді талдаудың әдіснамасы мен әдістемесін анықтайды.
Әдебиет тарихы – әдебиеттану ғылымындағы көркем сөз өнеріні даму жолын, идеялық бағыт-бағдарын, әдеби ағым-тәсілдерді, олардың қоғамдық әлеуметтік ортамен байланысын танып білуге бастайды.
Әдебиет сыны – көркем туындыларды талдап, саралап, баға беретін, олардың көркемдік идеялық мәнін, әдеби үдерісте алатын орнын зерделеп, анықтайтын әдебиеттанудың бір саласы.
Жалпы алғанда филология –адамзаттың рухыни құндылықтарының маңызын, тарихи жазба мәтіндерді тілдік, әдеби және стилистикалық тұрғыдан тануға негізделген әдебиеттану, лингвистика, тарих тағы басқа гуманитарлық пәндердің жиынтығы.
Әдебиеттің мәні осы салаларды қамтып, іргелес тұрған тіл, тарих, музыка, бейнелеу өнері, психология, педагогика пәндерімен үйлесіміне қарай байланыстыра білім берумен анықталады.
Әдебиеттің басқа өнер түрлерінен айырмасын атауға болады: алдымен оның ішкі, сырт пішіні болады. Яғни көркем шығарманың пішіндік (стиль, жанр, композиция, көркем тіл, ырғақ) және мазмұндық (тақырып, фабула, конфликт, характер, идея, ағым) сипаты бір-бірімен байланысты. Мазмұн да пішін де тарихи категория. Әр жаңа дәуір көне мазмұн, тың пішін тауып, жаңғырып, жаңа дәуірге сай, сол қоғам шындығын бойына жиып, жаңа мазмұн тауып отырады+. Ендеше әдебиет өзгермелі, дамып отыратын ғылым. Оның осы қасиетіне сай оны оқытып үйрету бағытындағы әдіс-тәсілдер үнемі жетіліп отырады. Қазіргі әдебиетті оқытуға қойылатын басты талап – жастарға берілетін білімнің нәтижелілігі, шығармашылық түрде әрі қарай жетілдіруге, жастардың санасын ізгілендіруге бағыттап отырады. Осы ретте әдебиетті жастардың санасына серпін әкелетін, адамгершілік ізгі мұраттарға бастайтын, рухани дүние деп қабылдауымыз керек.
Мектепте өтілетін оқу пәндерінің ішінде тіл біліміне тікелей қатысы бар пән әдебиет болып табылады. Бұл көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігнен келіп туады. Себебі тіл көркем шығарманы талдауға жататын құрамды элементтерінің негізгі түрлерінің бірі болып табылады.
Басқа халықтар сияқты қазақ халқының әдебиеті де тарих ғылымымен тығыз байланысты. Өйткені әрбір халықтың көркем әдебиеті сол халықтың көркем шежіресі, көркем тарихы болып табылады.Қазақ әдебиетінің әр дәуір, әр кезеңдегі кейбір әдебиеттік құбылыстарын дұрыс және айқын ұғыну үшін тарих ғылымына, Қазақстан тарихына жүгінеміз.
Мектепте әдебиет пәнін ғылыми жолмен оқытуда психология ғылымы аса маңызды роль атқарады. Мектептегі барлық пән сияқты әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулық пен хрестоматиялары, оқу-тәрбие үрдісі барлығы психологиялық заңдылықтарға негізделеді. Оқушылардың жалпы дамуы, жас ерекшеліктері осы ғылымның жүйелері арқылы ескеріледі.
Әдебиетті оқыту әдістемесі педагогикалық ғылымдар саласына жататын ғылыми пән болғандықтан, ол өзінің теориясын педагогика ғылымына негіздейді.