Дидактикада сабақты жіктеуді анықтауға айрықша маңыз беріледі. Сол себептен әрбір педагог сабақтың жіктелуін ойдағыдай білуі шарт.
Дидактикалық міндеттерге қарай сабақтың типтері:
білім алушылардың жаңа білімді меңгеру сабағы;
іскерлікті және дағдыны қалыптастыру сабағы;
білімді жалпылау және жүйелеу сабағы;
қайталау, бекіту немесе білімді, іскерлікті, дағдыны кешенді қолдану сабағы;
бақылау-тексеру сабағы;
аралас сабақ.
Сабақтың құрылымы – оқу міндеттерін орындауға септігін тигізетін сабақтың бөліктерінің, кезеңдерінің өткізілуінің арақатынасы және бірізділігі. Оқу сабағының типіне қарай оның белгілі бір құрылымы жасақталды.
Сабақтың негізгі элементтері: Сабақтың басталуын ұйымдастыру бір минуттан бірнеше минутқа созылды және оның дербес бөлігі ретінде өткізіледі. Сабақтың басында іскер және дұрыс талап қою бүкіл сабақтың сәтті өтуіне септігін тигізеді. Ұйымдастырушылық бөлімінде бәрі маңызды: педагог сабаққа қалай кіреді, өзіне деген сенімі, сөйлеуі, өзін ұстау қалпы, талаптарды орынды қоюы және білім алушыларға деген шынайы ықыласы, сыйластығы.
Оқыған материалдың меңгеруін тексеру (әдетте үй тапсырмасы), оның мәнін тексеру және қадағалау, сонымен бірге жаңа материалды меңгеруге даярлау болып табылады. Педагог білім алушылардың зейінін үй тапсырмасын орындауға негіз болған басты идеяларға, ережелерге, т.б. аударады. Үй тапсырмасын бәрі орындаған, орындамағанын анықтайды, қандай қиыншылықтар кездескенін біледі.
Сабақтың мақсаттарын және міндеттерін қою. Сабақтың нақты міндеттерін және оны жүзеге асырудың жолдарын ұғыну педагог пен білім алушылардың іс-әрекетін анықтығын, жүйелілігін және бірізділігін қамтамасыз етеді. Мақсат пен міндеттерді қою әдетте көп уақыт алмайды, бірақ ол оқу іс-әрекетіне бағытталғандық береді және үлкен тәрбиелік әсері болады.
Түсіндіру – оқу материалының мазмұнын ғылыми баяндау. Білім алушыларға жаңа материал түсінікті болу үшін педагог ғылыми дәлелдерді, білім алушыларда бар білімге сүйенуді, анық және түсінікті баяндауды жүзеге асыруы керек.
Бекіту жаңа материалды түсіндіріп болғаннан кейін жаттығулардың, дербес жұмыстардың, арнайы тапсырмалардың жүйесі арқылы оқылған материалдың бастысына, сүйенетін идеясына білім алушылардың назарын аудартады, теориялық қағидаларды оқу іс-әрекетінің практикасымен байланыстырады. Бекіту арқылы педагог білім алушылардың материалды меңгергені туралы ақпарат алады.
Қайталау. Оқу материалын тақырып, бөлімдер, курс бойынша жүйелеу, жалпылау, қайта айту. Мұнда оқу материалындағы күрделісі негізгі идеяларды бөліп шығару және жаттығулар мен тапсырмаларды таңдау болады.
Сабақтың нәтижесін шығару, қорытындылау. Сабақтың өтілу барысына, білім алушылардың жұмысына қысқаша баға беру, оқығанның басты идеясын еске салу.
Үй тапсырмасы. Педагог үй тапсырмасын хабарлайды, қысқаша орындалу жолын түсіндіреді. Үй тапсырмасын орындау туралы нұсқау анық, қысқа, бірізділікпен берілуі қажет.
Оқу міндетіне және мазмұнына қарай сабақтың бөліктерінің ара-қатынасы ауысып отырады. Сабақтардың әртүрлі типтерінің құрылуында ерекшеліктер пайда болады.
Жаңа білімді меңгеру сабақтарының құрылымы мынадай элементтерден тұрады: сабақтың басталуын ұйымдастыру; сабақтың мақсаттары және міндеттері; жаңаны түсіндіруге даярлық жұмыс (үй тапсырмасын тексеру, бұрыннан оқығанды қайтадан айту, т.б.); түсіндіру; сабақты қорытындылау және үй тапсырмасы. Басты бөлімі – түсіндіру, бекіту қосымша роль атқарады және диагностикалық мақсатты жүзеге асырады. Педагог білім алушылардың жаңа білімді қалай меңгергендігі туралы ақпарат алады.