Пигментті клеткалар. Бұл клеткалар жоғарғы сатыдағы омыртқалы жануарлар мен адам терісінің кейбір бөлімдерінде болады. Аналь тесігінің айналасында, емшекте, көздің тамыры мен мөлдір қабығында көп мөлшерде кездеседі.
Жоғарыда айтылған клеткалардан басқа болбыр дәнекер ұлпасында қан тамырларынан ауысатын көптеген лейкоциттер кездеседі. Бұл лейкоциттердің ішінде лимфоциттер және нейтрофилдер басым болады.
Тығыз дәнекер ұлпаның механикалық маңызы бар. Оның басым бөлігі талшықтар, клеткалары өте аз болады. Борпылдақ дәнекер ұлпадан айырмашылығы сол, талшықтары белгілі бір тәртіппен орналасады. Тығыз дәнекер ұлпа терінің негізін, тарамыстарды және сіңірлерді құрайды.
Терінің негізі дұрыс шумақталған коллаген шоғырларынан тұрады. Тері өндірісінде жануарлар терісінің осы бөлімі пайдаланылады. Шумақталған торлардың арасында бұл ұлпаның негізгі клеткалары фиброциттер және гистиоциттер орналасады.
Тарамыстар - организмде етті сүйекке байланыстырып тұрады. Олардың басым бөлігі коллаген талшықтар, ал эластикалық талшықтар аз мөлшерде кеэдеседі. Коллаген талшықтары созылу бағытына қарай көлденеңінен ретпен орналасып, шоғырлар түзеді. Шоғырлардың арасында фиброциттер жатады. Олар аморфты заттармен қоршалып, дұрыс қатарлар түзеді. Коллаген талшықтарының шоғырлары фиброциттермен бөлініп, бірінші реттік шоғырлар түзеді. Бұл шоғырлардың тобы борпылдақ дәнекер ұлпамен қоршалып, екінші реттік шоғырлар түзеді. Ал олар үшінші реттік және тағы басқа шоғырларға жинақталады. Жалпы тарамыстың өзі дәнекер ұлпалы қабықпен қоршалады. Тарамыстың дұрыс шоғырлы құрылысының физиологиялық зор маңызы бар, өйткені ондай құрылыс беріктілік береді. Талшықтардың шоғырларын бөліп тұратын дәнекер ұлпалары қан тамырларына бай болып, тарамысты қоректендіріп тұрады. Сонымен қатар онда көптеген камбиальды элементтер орналасып, тарамыс бұзылғанда оны қалпына келтіріп отырады.
Серпімді сіңірлер - негізінен серпімді талшықтардан тұрады. Бұлардың талшықтары да тарамыстардыкі сияқты ұзына бойына орналасады, бірақ шоғырлар түзбейді. Талшықтар арасындағы болбыр дәнекер ұлпа сіңірлерді біртұтас ұлпаларға біріктіріп тұрады. Сіңірлердің серпімділігі күшті. Организмде олар тек жиырылуға ұшырайтын мүшелерде кездеседі. Мысалға ортан жіліктің жамбаспен жалғасатын жеріндегі дөңгелек сіңірді келтіруге болады. Серпімді талшықтардың түсі сары. Сондықтан сіңірлерді кейде сары сіңірлер деп айтады. Тығыз дәнекер ұлпасы құрамындағы талшықты заттарының орналасу тәртібіне қарай тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпасы және тығыз қалыптасқан дәнекер ұлпасы болып бөлінеді. Ретикулярлы ұлпа дегеніміз жағдайға байланысты әртүрлі клетка элементін беретін борпылдақ дәнекер ұлпаның бір түрі. Ол өзінің тармақтарымен протоплазматикалық синцитийге ұйымдасқан клеткалардан тұрады (синцитий – жануарлар мен өсімдіктер ұлпалары құрылымының бір типі. Бұл типте клеткалардың шекарасы жойылады, протоплазманың оңашаланған бөлігі ядромен протоплазмалық қосқыш арқылы байланыста болады). Синцитийде клеткалық құрылыс жойылады. Бірақ ядросы бар протоплазма бөлімдері сақталып, қажетті жағдайда олар синцитийден бөлініп, клеткаға ауысады. Осындай учаскелерді ретикулярлы элементтер деп атайды.