Діндер тарихы. Тарих және филология ғылымдарының зерттеу әдісі арқылы діндердің пайда болуы мен дамуындағы сенім, ғибадат, ахлақ т.б. негіздерін қамти тарихи тұрғыдан зерттейтін дінтану ғылымының бір саласы – діндер тарихы. Сондай-ақ діндер тарихы діндер арасындағы байланыстарды, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра отырып зерттейді.
¤лі немесе күнімізде өмір сүріп жатқан діндердің тарихи дамуын, атақты тұлғаларын, принциптерін, ғибадаттарын, ахлақтарын және рәсімдерін, ағымдарын, діни топтарын зерттеу – діндер тарихының негізгі тақырыбы болып табылады. Ал мақсаты - діннің пайда болу себептерін, тарихтағы немесе қоғамдағы орны мен пішімін объективті түрде түсіндіру. Бұл ғылым саласы дін социологиясы, дін психологиясы, дін феноменологиясы сияқты ғылым салаларымен тығыз байланысты.
Дін психологиясы.Дін психологиясы - психология және дінтану ғылымдарына қатысты болғанымен, өзіне қатысты зерттеу алаңы, тақырыптары, мақсаты бар жеке ғылым саласы.
Дін психологиясының қарастыратын мәселесі - адам рухындағы түрлі себептермен пайда болған діни өмір мен діни әрекеттер болғандықтан, діни сенімдер, діннің адам әрекеттеріне әсері, күдік осы ғылым саласының зерттеу алаңына кіреді.
Дін философиясы.Дін философиясы дінді философиялық тұрғыдан қарастырады. Зерттегенде ешбір діни сенім мен идеяға сүйенбей, бәрінен ақылды жоғары қояды. Бұл салада құдай сеніміне ақыл арқылы тұжырым жасап, құдайдың барлығына байланысты дәлелдерді сынайды немесе қабылдайды. Оларға ақыл арқылы анықтама береді.
Дін социологиясы.Дін социологиясы дін мен қоғам қатынастарын, діни топтарды, қоғамдағы діннің рөлін зерттейді. Бұл ғылым саласы діннің мемлекетке, ұлтқа, жанұяға байланысты жақтарын, діни тақырыпта ортаға шыққан әлеуметтік мәселелерді қарастырады.
Дін феноменологиясы. Дін феноменологиясы өзіне керекті мәселелерді діндер тарихынан алады. Бірақ бұл ғылым саласы дінді тарихи тұрғыдан емес, жүйелі қарастырады. Діндегі дұға оқу, құрбандық шалу, құдай түсінігі, діндердің дүниетанымы, о дүние, құлшылық қағидалары, діни символдар сияқты діннің негізгі көрінісін дін феноменологиясы зерттейді.