Соңғы жылдары қоғамның саяси-әлеуметтік мәселелерін зерттеген кезде сандық анализ әдісін пайдаланып жүр. Бұл әдісті алғаш рет ХІХ ғасырдың басында француз тарихшысы Ф. Симманпайдаланған болатын. Аз уақытта бұл әдісті басқа да Батыс Еуропа ғалымдары пайдалана бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары тарихшылардың лабораториясында электронды есептеу машиналары пайда болды. 1960 жылдары Америка елінің университеттері мен колледждеріде тарихи мәліметтерді жинайтын «Саяси зерттеулердің концорциумы» құрылды. Осыған байланысты жаңа саяси тарих, жаңа әлеуметтік тарих, жаңа экономикалық тарих деп аталатын тарих ғылымының салалары пайда болды. Осы «жаңа» ғылыми бағытты клиометрия деп атады. Тіпті Д. Норт пен Г. Фогель осы әдіске негізделіп жазылған ғылыми еңбектер үшін Нобель сыйлығын алды. Әлбетте, бұларға дейін де, бұлардан кейін де бірде бір тарихшы мұндай құрметке бөленген емес. Сөйтіп, экономикалық процестерде кездесетін сандық материалдар машинаның көмегімен бір жүйеге келтіріліп, терең талдаудан өтті.
Ресей елінде тарихи зерттеулерде математикалық әдістерді пайдаланған Москва университетінің профессоры И.Д. Ковальченко. Ол өзінің 1987 жылы шыққан «Тарихи зерттеулердің әдісі» атты кітабының екінші тарауын түгелдей тарихи зерттеулердегі сандық әдіске арнады. Академик И.Д.Ковальченко өзі басқарған Москва университетінің Тарихнама және деректану кафедрасын осы әдістің орталығына айналдырды. Кеңес Одағының Ғылым академиясында зертханалар құрылды, осы әдісті насихаттайтын алғашқы қорытындыларын жариялайтын бірнеше конференциялар өтті. 1992 жылға дейін Москва университетінде жоғарыда көрсетілген комиссияның жүзінші отырысы болыпты. Өкінішке орай, бұл әдіс тарихшылар арасында кең қолдау таппады.
Әлбетте, сандық анализ әдісін тарихи процестің барлық тақырыбын зерттеу барысында пайдалану мүмкін емес. Бұл әдісті тек цифрлары көп, экономика тарихын зерттегенде ғана пайдаланамыз.
Енді осы әдіс барысында пайдаланылатын терминдерге тоқтала кетейік. «Өлшеу» объектілердің арасындағы қатынасты анықтау әдісі. Мұның мәні олардың арасындағы қатынастар ақпаратының сандық өлшемі. Өлшеу шкаласы дегеніміз объекті белгілерінің сандық өлшемі. Кез келген объектінің белгілері бар. Ғылымда пайдаланы-латын принциптер мен өлшеу тәсілдерінің төрт түрлі шкаласы бар. Біріншісі – атау шкаласы, екіншісі – рет шкаласы, үшіншісі – интервал шкаласы, төртіншісі – қатынастар шкаласы.