тілінде!».
Ана тіліміздің табиғи болмысы қадір-қасиеті, алайда бұл келтірілген
қанатты сөздер сипаттамасымен ғана шектелмесе керек. Ана тіліміздің
атқаратын барша қоғамдық-әлеуметтік қызметтерінің ішінде шоқтығы биік
тұрған, аса елеулі тағы бір қызметі – оның ұлттық мәдениетіміздің негізі,
ұйытқысы болу қызметі. Осыған орай, әңгімеміздің негізгі мақсаты «Ел
мәдениеті тілден басталады» деген қанатты сөздің тіл құдіретіне қатысты
мән-жайын айқындай түсуге байланысты.
Әрбір халықтың өз ана тілі бар. Ол – жеке адамның ойлап тапқан
туындысы емес, барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сондықтан да болар,
ана тілінің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы
сол ұлттың әрбір шынайы азаматына танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде
өзіндік мәні бар киелі ұғым.
Ана тілін әркім-ақ қолданады, бірақ ол жеке адамның қарақан басы
үшін жасалған дүние емес. Әдетте, бұл сауалға лингвистика ғылымының:
«ана тілі – этникалық қауымдастық мүшелерінің өзара түсінісіп, байланыс
жасауға қажетті қатынас құралы» - деген жауабы дайын тұратыны белгілі.
Бұл да – шындық. Бірақ ана тілінің атқаратын қызметі тек сол ғана
ма? Тілдің коммуникативтік қызметтерінен басқа ерекше атауға тұрарлық
эстетикалық және коммулятивтік қызметтері тағы бар емес пе? Тілдің
эстетикалық қызметі белгілі этникалық қауымдастықта қалыптасқан
көркемөнердің (сурет, сәулет, бейне, музыка т.б.) небір ғажайып үлгілерін
тіл арқылы бейнелеп жеткізуде, табиғат пен қоғамдық өмірдегі небір
ғажайып құбылыстарды сөздің құдіретті күшімен әсірелеп танытып,
адамның жан дүниесіне эстетикалық ләззәт сыйлаудан айқын байқалса,
87
бұрынғы өткен ата-бабаларымыздан ұрпағына рухани мұра болып қалған
мол қазына – ақыл-парасат, аталы сөз, даналық пен өсиет-тағылымдардың
баршасы тіліміздің коммулятивтік қызметі арқылы үзілмей жалғасып
отырады.
Тіліміздің бұл екі саладағы, өзара астарлас әрі тығыз байланысты
қызметтері ұлттық мәдениетіміздің ғасырлар бойы дамуындағы үзілмес
өзегі, қайнар бұлағы болып саналады. Тілдің осы бір абзал қызметі
тәркіленген қауымда ұлт мәдениетінің сақталуы да мүмкін емес, ол
да жоғалады. Ал, мәдениетсіз қауым – ол есте жоқ ескі замандардағы
жабайылардың бір тобыры ғана.
Осы орайда елдігіміздің негізі – ұлттық мәдениетімізге, ал ұлттық
мәдениетіміздің негізі – ана тілімізге тікелей байланысты екендігіне
ерекше көңіл аударған жөн.
Біз әдетте: «тіл – мәдени мұраның үзілмес өзегі», «тіл – мәдени
қазынаның қайнар бұлағы» деген ұғымдарды жиі қайталаймыз. Сондағы
мақсат: Мемлекеттік тілдің абыройын арттырып, мәртебесін көтере түсу
үшін ғана емес, сонымен қатар «ана тілі» атты сирек кездесетін, тіпті
бір жойылса, қайтып тіріле қоймайтын феноменнің ең алдымен ұлттық
мәдениетімізге тікелей қатыстығын, оның бұл салада атқарып келе
жатқан абзал қызметі бар екенін бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет
болып, айы оңынан, жұлдызы солынан туып отырған қазақ қауымының
есіне салып, оның осы бір ерекше қасиетін, жауапты міндетін дұрыс
бағалай білуге шақыру.
Ана тіліміздің ұлттық мәдениет саласында атқарып келген
қызметтерін ғылымда «оның коммулятивтік міндеттеріне жатқызады»
дедік. Олардың ең бастысы – этникалық қауымдастықтың басып өткен
барша өмірі мен бүгінгі болмысының арасын үзбей жалғастырып, рухани
көпір болуы. Демек, тілдің бұл қызметі - халықтың тарихи санасы мен
жадын білдіреді деген сөз.
Ұлттық мәдениетті, әдетте, «материалдық (заттық) және рухани
мәдениет» деп екіге бөліп қарау дәстүрі бар. Тіл бұлардың екеуіне де
қатысы бар және өзі де ұлттық мәдениеттің үлкен бір саласы болып
саналады. Ұлттық мәдениетке әсіресе тіл негізінде дамитын рухани
мәдениетімізге халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған бай ауыз
әдебиетінің сан алуан үлгілері, небір дүлдүл ақын-жырауларымыз бен
шешен де ділмар дана бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған бай
мұрасы, ертегі, қисса, әңгімелері мен мақал-мәтел, тағылым-тәрбиелі,
аталы сөздері жататыны белгілі.
88
Міне, осыншама мол рухани дүниеміз ана тіліміздің жоғарыда
көрсетілген коммулятивтік қызметі арқасында түгелдей қағазға
хатталмаса да, халқымыздың жадында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп
отыр.
Осыншама мол дүниенің болашақ ұрпаққа қалай және қай қалпында
сақталып, қандай жолдармен жетіп отырғаны бүгінге дейін көп сөз бола
бермейтін. Өйткені кешегі партакратиялық идеологияның ұстанған
принципі бойынша өткендегінің бәрі, әсіресе оның өзекті саласы
саналатын рухани дүниесі бүгінгі күннің талабына сай келе бермейтін
қажетсіз мұра ретінде көбісі беті ашылмай, ашылса да, оқырман қолына
жетпей, архивтердің сөрелерінде жылдар бойы шаң басып жатқаны
баршаға белгілі.
Міне, сол мәдени мұраға деген әділетсіздік енді ғана, тәуелсіздікке
қолымыз жеткен елімізде ғана, оң шешімін тауып отыр. Ұлттық тіл де,
сол тіл арқылы өсіп-өнген ұлттық мәдени мұра мен басқа да өркениет
нышандары тек тәуелсіз елде ғана дамитындығына жұрттың көзі жете
бастады.
Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз бастамасымен
қабылданып, тікелей қамқорлығының арқасында бүгінде жүзеге
аса бастаған «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарламаны қазақ
халқының мәдени өмірінде бұрын-соңды болмаған мәні мен мақсатын
бірден жеткізіп айту қиын ғажайып тарихи оқиға деп қарауға болады.
Осы бағдарламаны өз басым егемендігімізді алғаннан кейінгі бар
болғаны он-он бес жылдың ішінде тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан
Қазақстан экономикасын дамытып, елдігін жер жүзіне танытып, рухани-
мәдени революция іспетті келелі де игілікті өзгерістерге бетбұрыс деп
білемін.
Мені «осы бір ғаламат әрекеттің астарында нендей идея жатыр,
ол рухани-мәдени өмірімізге нендей жақсылық әкелмекші?» деген ой
көп мазалайды. Сонда менің өзіме таныс қазақ қауымының кешегі,
бүгінгі және ертеңгі жағдайын, оның рухани-мәдени өміріндегі шешімі
табылмай шиеленіп жатқан күрделі мәселелерді көз алдыма елестете
отырып, ойланып-толғана келе өзімше көңілге түйгенім мыналар:
Біріншіден, «Мәдени мұра» бағдарламасы, әсіресе оның рухани
мәдениетке қатысты саласы, бүгінде әлем танып отырған және саны
күн сайын көбейе түскен танығысы, білгісі келетіндердің Қазақстан мен
қазақтардың кім болғанын, кім екенін айқындауға байланысты тарихи
сауалға берілер нақтылы жауап.
89
Осы орайда ескерте кетейік: бүгінде барша әлемге таныла бастаған
қазақтар мен Қазақстанды шетел уәкілдерінің ілуде біреуі ғана дұрыс
таныса, не танығысы келсе, қалың көпшілігі, «Жер астынан жік
шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, «Қазақстан» деген тек
географиялық қана ұғым еді, «қазақ» деген халық пен «қазақ тілі»
деген ұғымдар өркениет әлемінде белгісіз еді. Бұлар аяқ астынан
қалай пайда бола қалды? Жоқ тілін барлыққа келтіріп, Ресейдің
бір өлкесін қазаққа айналдырып, ондағыларды өз тілінде сөйлетуге
күштеуі түсініксіз… т.б. осы сияқты қаңқу әңгімелерін көпіртіп
жазып, жариялап жатқандығы сауатты қауымға мәлім.
Бұл бағдарлама, міне, сондайларға да берілер жауаптың бірі.
Екіншіден, бағдарламаның «қазақ халқының тарихи жадында
жинақталып, тілінде сақталған рухани мұрасы бар ма, бар болса,
оның ауқымы, мазмұн-мәні, көркемдік құндылығы қандай?» деген
сауалға толық жауап беруге де мүмкіншілігі бар.
Бұл жүнінде түменде арнайы сөз болады. Дегенмен, қысқаша
айта кетейік: бағдарлама қазақ халқының тарихи жадында сақталып,
бүгінгі ұрпаққа жеткен рухани мұрасы байлығы жағынан ешбір
басқа түркі халықтар мұрасымен салыстыруға болмайтын мол дүние
екендігін аңғартады.
Үшіншіден, бағдарлама «қазақ халқының рухани байлығы өзін
қалыптастырған ана тілінің қабілеті мен мүмкіншілігінен мағлұмат
бере ала ма?» дегенге тура жауап бере ала ма?
Бағдарлама бойынша жинақталып, жариялана бастаған ұлан-
ғайыр материал рухани байлықтың өзін ғана емес, сонша дүниені
қалыптастырған барша көркемдік бояу-нақыштарымен бейнелеген
қазақ тілінің жеке басының (өйткені басқа тіл элементтері көп
араласпаған) құдіретті қуатын, зор мүмкіншілігінің айқын айғағы.
Төртіншіден, бағдарлама жоспарланып, жинақталып, қызу
жариялана бастаған мол рухани мұра ғасырлар бойы халқымыздың
атына таңба, бетіне шіркеу болып келген «надан халық, сауатсыз
ел» деп күстаналаудан оны біретола арылта ала ма? деген сауалға да
жауап бере алады.
Егер халықтың бар дүниесіне барынша әділеттікпен қарап,
бағалайтын адам болса, онда түгел жиналып, жаңғырып халқына
қайта оралған соншама мол дүниені көре тұра, ондай жаңсақ пікірді
қайталамауы тиіс.
90
Бесіншіден, халқымыздың барша рухани байлығын түгел қағазға
түсіріп, хаттап, қолына ұстатудан ана тілімізге келер пайда мен тигізер
шарапаты қандай болмақ? деген сауалдың жауабын да жұртшылық осы
бағдарламадан күтуі орынды. Міне, бұл сауалға біз төменде кеңірек
жауап бермекшіміз.
«Мемлекетік мәдени мұра» бағдарламасынан, әсіресе оның рухани
байлығымызға, тіл құдіретіне қатысты үлкен саласынан біздің де, қалың
жұрттың да күтетін жақсылығы осы бес сауал төңірегінен өрбитіні
даусыз.
Ескерте кетейік, «Мәдени мұра» деген өте кең ұғым. Оның құзырына
жататын құндылықтарды бір мақалада талдап-тарату тұрмақ, санамалап
шығудың өзі оңай іс емес. Сондықтан да біз, жалпы мәдени мұраның
ауқымында ана тіліміздің қасиеттері мен қуатына тікелей қатысы бар осы бес
мәселе төңірегіндегі бірер пікірімізді ортаға салмақпыз.
1. Ұлттық рухани мәдениетіміздің айдын шалқар элементі – тіл дедік.
Сондықтан да, әр ұлттың өз тілі ғана «қазақ мәдениеті», «өзбек мәдениеті»,
«орыс мәдениеті», «қытай мәдениеті» т.т. деп жіліктеп, даралап айтуға
мүмкіндік береді. Мәдени мұра, әсіресе рухани мұра, белгілі этникалық
қауымда ғана барлыққа келіп, қалыптасады. Мұндайда оған бір ғана этнос
тілі ұйытқы бола алады. Демек, «қазақ халқының ұлттық мәдениеті» дегенді
тек қазақ тілінің негізінде, қазақы болмысы мен дүниетаным, салт-дәстүр
аумағында ғана қалыптасқан мәдениет деп қабылдаған жөн. Басқаша
айтқанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қамтылған ұлан-ғайыр
мол дүниенің баршасы басқанікі емес, тек осы Қазақстан топырағында
барлыққа келіп, ел болып, еңсесін көтеріп отырған қазақ халқының ғана
құндылықтары болып саналады.
Ол құндылықтарды зиялы қауым мен мамандардың бас-аяғын түгел
көріп, сараптап, бағасын берер кезең әлі алда. Дегенмен, ол бағаның қандай
болуына қарамай-ақ бұл дүниенің қазаққа тән екендігін мойындаған жөн.
Сонда «Мәдени мұра» бағдарламасының анықтауды мақсат етіп отырған
бірінші сауалдың жауабына орай өз басым: «Орта Азияның кең байтақ даласын
жайлаған қазақтар өзінше дамып, өркендеген көшпенділер мәдениетінің
Қара шаңырағы (Мағжан) іспетті бірегей мәдениеттің иесі болғандығын
аңғартады» - деп ойлаймын. Бұл – «қазақ халқының қандай халық?» екенін
толық анықтап, дұрыс бағасын бере алмай келе жатқан зерттеуші қауымның
«тарихи сауалына» берілер нақтылы жауабы болмақшы.
2. «Мәдени мұра» бағдарламасының алдына қойған екінші бір мақсатын
өз басым қазақ халқының ұзақ тарихы бар, өзекті де өзіндік ерекшелігі мол
91
мәдениетінің өткені мен дами келе бүгінгі жеткенін түгел қамтып,
жариялап, жас ұрпаққа құнды мұра, мәңгі-бақи солармен бірге жасап
біте қайнайтын рухани азық ретінде сиға тарту деп түсіндім. Ол ғана
емес, біле білсек, бұл бағдарламадан түркі әлемінде елден ерекше
бай мәдени мұраға ие халықтардың бірегейі – қазақтар екенін айдай
әлемге паш ету ниетін аңғарамыз.
Бұл бағдарлама бойынша рухани мұра саласында айқындалып,
біртіндеп жарияланудың жоспарына енген дүниелердің ішінде 100
томдық ауыз әдебиет үлгілері бар. Бірақ бұл 100 том ауыз әдебиетінің
барша үлгілерін түгел қамтып тұр дегенді білдірмейді. Бұл томдар
халық ауыз әдебиетінің ең таңдаулы үлгілерін (лиро-эпикалық
жырларды, батырлар жырларын, қиссаларды, ақындар айтысын,
өлең-жырларын, ертек т.б.) ғана қамтып отыр. Бұлардың сыртында
100 томға енбей қалған қаншама дүниелер жатыр.
Бұл 100 томдықты баспаға М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты дайындап отырса, оның сыртында Қазақстанның әр
облысында да осы тәрізді ауыз әдебиет үлгілері өз алдына дайындалып
жатыр. Мысалы, аталған бағдарлама ауқымында Павлодар қаласында
әйгілі ақын, фольклор жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 28 томдық
материалының 6 томы жарияланып, оқырман қолына тиіп отыр. Сол
сияқты, Алматыда айбынды батыр ақын Махамбет Өтемісұлының өз
туындылары мен оның өмірбаянына бағышталған шығармалардың 20
томдық жинағын «Арыс» баспасы жарыққа шығарып отыр, т.т.
Бұл тәрізді игілікті істер әр жерде-ақ жүзеге асып жатыр.
Елбасының инициативасымен басталып кеткен «Мәдени мұра»
бағдарламасы құзырында нәтижесінде бірер жылдың ішінде
халқымыздың рухани байлығы түгелдей жинақталып, кітап сүйер
қауымның қолына тиіп, кітап сөрелерінде тұратыны айқын.
Бұл – қазақ өмірінде ғана емес, барша түркі дүниесінде бұрын-
соңды бола қоймаған бұл оқиға барша әлемді осы халықтың
рухани байлығымен бетпе-бет ұшырастырып, жақыннан танысуына
мүмкіндік береді деген сөз. Ол дүниеміздің өркениет өрінен көрініп
жүрген кейбір елдермен тайталасуы да, терезесі тең түсіп жатуы да
ықтимал. Бұлардың бәрі, сайып келгенде, тіл құдіретіне байланысты
дүниеге келген рухани байлық үлгілері екендігін ескертеді.
3. Мәдени мұра – атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып
ауысып отыратын көне дүние. Ол тек халықтың тілі мен жадында
ғана сақталады. Ал, осыншама мол дүниені бойында сақтап, келешек
92
ұрпаққа төкпей-шашпай, өзінің бояу-нақышымен жеткізу үшін тілдің
қазына-байлығымен қатар, құдіретті күші де, көркемдік қуаты да қажет.
Басқаша айтқанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымында халық
жадынан жаңғырып-жаңаланып шығып, өзінің қолына қайта оралғалы
отырған жүздеген томдық өткендегі бабаларымыздың асыл мұрасы,
екінші жағынан – «қазақ тілі» атты көне де байырғы мәдениеттің де төл
ескерткіші.
Бұл объективті фактор «қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды, ол
- қойшы-қолаңның тілі» деп оны өзінше күстаналаушыларға, өз тілінен
жеріген кейбіреулерге нақтылы жауап болып саналса керек.
Дүниедегі барша құндылықтың парқы, әдетте, салыстыру арқылы
ғана байқалады. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жаңғырып,
жарық көруге тиісті барша материалдық, рухани құндылықтарымызды,
атап айтқанда: сәулет-құрылыс, көркем сурет, музыка, ән-күй, қолөнер
т.б. сан алуан ұлттық мәдениет нысандардың парқын, әдетте, басқа
халықтардың сондай құндылықтарымен салыстыра-салғастыра
қарағанда ғана айқын көре аламыз. Ондай мүмкіншілік енді ғана туайын
деп отыр. Қазақ жерінің асты да, үсті де көне қазына-байлық, мұраға
толы. Сол мол да бай мұраларымыздың үлкен бір саласы – біз сөз етіп
отырған – тіл құзырынан туындаған рухани мұраларымызды жан-жақты
дамытуды елбасымыз экономикалық дамуымыздың заңды жалғасы деп
қарап отыр.
Міне, осы тұста, көптен бері дұрыс шешімі табылмай, қоғамдағы
көптеген проблеманың бірегейіне айналып отырған тіл проблемасы
табиғи түрде алдымыздан көлденеңдеп шығатыны сөзсіз.
Кезінде, желтоқсан оқиғасының дүмпуінен кейін, ел болып, жұрт
болып, қоғам құрып, үлкен дау-дамаймен жүргізілген күрес нәтижесінде
ана тілімізге биік мемлекеттік мәртебе берілгені белгілі. Бұл мәртебе
ғасырлар бойы қағажу көріп, қоғамдық өмірден тәркілене бастаған ана
тіліміздің беделін көтеру үшін ғана емес, ендігі жерде сол тілді қоғам
болып қорғап қалу үшін даму үрдісін жалғастырып заңды құқығын
сақтап қалу үшін қажет болды. Егер сол кезде, яғни бұдан 15 жылдай
бұрын, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілмей, мәселе басқаша (қос
мемлекеттік тіл түрінде т.б.) шешілген болса, бүгінгі дау-дамайдың, тіл
туралы талас-тартыстардың біреуі де болмаған болар еді. Сондықтан
да бүгінгі күрес – тіліміздің мәртебесін сақтап қалу үшін күрес. Бұл
күрестің бұрынғы күрестерден айырмашылығы - ол демократия мен
тәуелсіздіктің, сөз бостандығының дами бастаған жағдайында өтіп отыр.
93
Олай дейтін себебіміз: қазақ тілі үшін күрес бүгін ғана басталып
отырған әрекет емес. Жігер-күші тасып, қазақ тілі үшін күреске бүгін ғана
араласып отырған кейбір тіл сүйер қауым мүшелеріне бұл тәрізді әрекеттің
бүгін ғана басталғандай болып көрінуі еріксіз езу тартқызады. Ал, біле
білген адамға бұл дерттің ұлт бойына жұғып, қасаң болып қалғаны қашан.
Ол дертпен қазақтың саналы азаматтары шама-шарқына қарай үзбей
күресіп келе жатқандығына да, міне, 100 жылдан астам уақыт өтіп кетіпті.
Сөзіміз дәйекті болу үшін ескерте кетейік: бұдан тура 100 жыл бұрын,
яғни 1905 ж. Қоянды жәрмеңкесінде жазылған «Қарқаралы петициясында»:
ұлттық мүдденің бірі ретінде:
«Ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін
мектептер ашу, мемлекеттік апаратта, сот орындарында, іс қағаздарын
қазақ тілінде жазу, олардың жұмысында қос тілділікті жолға қою… т.т.»
деген талап қойылады (Әлихан Бөкейханов. Шығ., 1994, 13 б.).
Ойлап тұрсақ, бұл қай заман еді?
Тіл қасіретіне ұшыраған халықтың мұң-зары одан кейін тоқтап па
еді? Жоқ, ешбір тоқтаған емес. Ал қоғамда бізге дейін де тіліміз үшін
талай күрес болған жоқ па еді? Халықымыздың саналы азаматтары
(Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхаметов, Әлихан
Бөкейханов т.б.) замана райына қарай қазақ тілінің тағдыры үшін күресін
ешқашан тоқтатқан емес еді ғой. Тек, Сәкен Сейфуллиннің бір өзі ғана 1923
ж. үкімет қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мүшкіл
жағдайына байланысты баспа бетінде арнайы 50-дей сын мақала жазғаны
бар емес пе еді? Бір ғажабы, сол кезде айтылған әңгімелердің көбісі бүгін
де қайталанып отыр. Советтік партократия кезінде де тіл саясатындағы
бұра тартып, белінен басушылық кейбір саналы зиялылардың (мыс.,
Р.Бердібаев т.б.) қолына қалам алғызып пікірін ашық айтуға мәжбүр еткені
де белгілі. Бірақ ол заман мен бұл заман бір емес қой. Ол кезде мәселе
қалай көтерілсе, сол сәтте-ақ басылатын.
Ал тіліміз үшін бүгінгі күрес демократия, егемендік, сөз бостандығы
жағдайында өтіп жатыр емес пе? Әркім ойға келген пікірін ашық айтуға
құқылы, ол пікір сол сәтте-ақ қалың жұртшылықтың да, үкіметтің де
құлағына жетіп жатады. Тыңдайтын құлақ болса, айтылатын сөздің біразы
айтылды-ау, әлі де айтыла бермекші. Тіпті, бүгінгі таңдағы тіл туралы
әңгімелер кешегі 80-90 жылдардағы әңгімелерден де басқашалау…
ендігі күресіміз әйтеуір күрес емес, Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін
(статусын) өз деңгейіне көтеру үшін оны мемлекетті басқаруға
жарайтынына дейін өсіру үшін күрес. Өткен замандардай емес, қазіргі
94
жағдаятта барлық заңды құқық күресушілер жағында, оларды ел-жұрт
қолдайды, бірақ бұл күресті қызу науқанға айналдырып, ұрандатып,
басын жарып, көзін шығармай өркениетті, мәденеитті тәсілдермен
жүргізу қажет деп білемін. Бүгінгі күресіміз ерекше бір белсенділікпен,
қызуқандылықпен өтіп жатқаны рас. Бірақ ол қалың жұрт, қарапайым
халық арасында емес, парламент пен үкіметтің биік-биік мінберлерінде
көбірек көзге түседі. Қалай болғанда да, мемлекеттік тіліміздің баяғыша
жетім баладай есіктен сығалап, өз төріне емін-еркін өте алмай, әлі де
аяғына қан түскен аттай кібіртіктей басуы, әрине, өкінішті-ақ.
Дегенмен, баршамыздың есімізде болатын жағдай: ана тіліміздің
тағдыры үшін күрес әрқашан да қажет, оның қандай түрі болса да діттеген
мақсатқа толық қолымыз жетпегенше тоқтамауы қажет. Бірақ күрес үшін
ғана күресудің немесе тіл тағдырын бір сәтте шеше салам деп күресудің
қажеті жоқ. Қашаннан бері тоқтамай де, толастамай да келе жатқан тіл
үшін күресімізді, ендігі жерде не үшін күресетін түпкі мақсат-міндетін
айқындап алуы керек. Солардың бірі – ұлт бойына дарып, «батпандап
кіріп, мысқылдап шығатын» кәрі дерттің 3-4 ұрпақтың табиғатына сіңіп,
болмысын жаулап алған тарихи-әлеуметтік, психологиялық, дәстүрлік
фактордың себептерін айқындап, соның салдарын жоюға күш салуы қажет.
Тіліміздің еркін дамуына әлі де, бүгінгі тәуелсіз мемлекет жағдайында
да тосалғы, өсіп-өркендеуіне кедергі болып келе жатқан факторларды
толық айқындап алып, ең алдымен солардың тамырына балта шабу қажет
сияқты. Өйткені әрбір дерттің бетін қайтарып, емдеу үшін алдымен оның
пайда болу себеп-салдарын, аурудың түрін (диагнозын) айқындап алу
қажет екені белгілі. Күрестің алғы шарты да сол күрестің себеп-салдарын,
түпкі мақсаттың негізгі мүддесін, нысанаға жетудің нақтылы әдіс-тәсілін
айқындап алу. Онсыз жүргізілген күрестің бәрі – қарбалас науқан, жалаң
үгіт-насихат, ұран.
Мемлекет тіліміздің аяғына тұсау болып келе жатқан ірі-ірі
факторлардың бірнешеуін және оларды шешудің (өз көзқарасым бойынша)
кейбір жолдарын атап өтейін.
1. Мемлекеттік тіліміздің малтығып, кең жолға шыға алмай жатуының
көп себептерінің бірегейі – оң жақтағы ұлы көршімізге байланысты. Оның
ғасырларға созылған отаршылдық және совет дәуіріндегі тотолитарлық
саясаты бар, көршілес, достық қарым-қатынасы, демографиялық,
мәдени, салт-дәстүр т.б. бар факторлар. Оны таратып, талдап айтпаса да
түсінікті. Осы факторлардың тым тереңдеп, халқымыздың салт-санасын
билеп алған әсерін біртіндеп болса да шектемесе, жағдай көп уақытқа
95
дейін өзгермейтіні мәлім. Осы мәселені тіл саясаты арқылы, бейбіт
жолмен шешуге болатын сияқты. Оған үкімет те, қазақ халқы да
және Қазақстандағы барша ұлт өкілдері де саналы түрде атсалысуы
қажет деп білемін. Қазақстан сияқты ұлттық, зайырлы мемлекет үшін
мемлекеттік тілдің аяқасты болуы да оның халықаралық беделіне
нұқсан келтіруі сөзсіз. Ал бұл мәселені көп созбай шешу ел арасында
дау-дамай, дүрдараз тудыра қоймайды деп ойлаймын. Өйткені біздің
елде тұрақтылық, тыныштық орнатқан ұлттық саясаттың шынайы
түзулігі, құдайға шүкір, достарға да, дұшпандарға да мәлім.
2. Тіл тағдыры да, тіл саясаты да демография мәселесіне тікелей
байланысты. Қазақтың демографиялық жағдайы негізінен үш
саладан тұрады. Оның біріншісі – Қазақстанда жасаушы қазақтардың
жан санына байланысты. Өткен 15 жылдың ішінде қалыптасып
қалған және күн сайын деформацияға ұшырап, мүшкілдене
бастаған демографиялық жағдаят оң сипатқа ие бола бастады: қазір
Қазақстандағы қазақтардың жалпы саны кешегі 37 пайыздан 54-55
пайызға (цифрды тексеру керек!) өсіп отыр.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 1992 ж. өткен
2-құрылтайына қатысқан елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының төралқа
басында отырып, Қазақстандағы сол кездегі демографиялық
жағдайды айта келіп, төралқа басында отырған біздерге: «Қазақтың
саны Қазақстанда 50 пайызға жетіп, 51-ге ауғанда тіл саясатында
менің ұстанған көзқарасым да өзгере бастайды» дегені бар еді.
Құдайға шүкір, демографиялық фактор да мемлекеттік тілдің
пайдасына өзгеріп отыр. Айтқан сөзінде тұратын, берген уәдесіне
берік елбасының бұл мәселе бойынша да нақтылы іс-шаралар
белгілеуіне сенеміз.
Демографиялық фактордың тілге қатысты екінші саласына
Қазақстанда жасайтын қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің сан-сапа
жағынан өсіп-өркендеуі және ара салмағының сәйкестігі жатады.
Осыған орай қазақстандықтардың жақын жылдардың ішінде 20
миллионға жетуі де бағдарлануда. Бұл идеяның орындалуы көптеген
басқа атап айтқанда, тіл, оқу-білім, педагогика, тәрбие, экономикалық,
әлеуметтік, т.б. проблемаларға байланысты екені белгілі.
Этно-лингво-демографиялық дамудың тағы бір, тарихи мәні зор
саласына жер бетінде бытырап жүрген қазақ диаспорасының басын
қосып, өз Отанының құзырына жинақтау. Төрт көзі түгел емес
халықтың тілі де тұтас емес. Ал бүгінгі қазақтардың жалпы санының
96
3/1 (үштен бірі) Қазақстаннан тыс жерлерде жасайды. Бұл – бірден
шешілуі қиын, бірақ түбінде бір шешілуге тиісті тарихи маңызы зор
мәселе. Бірақ оны бүгіннен бастап дұрыс жолға қою қажет.
3. Тарихи бір тағылым. Түркі әлеміндегі ірі мемлекеттердің бірі
– Түркия. Ол кезінде Осман империясы болып, 7 ғасыр бойы дәуірлеп
келді. Түркия да көп ұлтты мемлекеттердің біріне жатады. Көп тілдің
(Рим, Алмания, Франция, Византия т.б.) әсері түрік тілінің ұлттық
қасиетін, нақышын кетіре бастайды.
Міне, сондықтан болу керек, 1277 жылы Қараман, Кониа
уалаяттарының әкімі Қараманоғлу Меһмет бей:
Достарыңызбен бөлісу: |