«Бүгіннен бастап, үйде де, түзде де аулада да, кеңседе де,
мәжілісте де, сайранда да (жұрт) түрік тілінен басқа тілді
қолданбасын!» деген жарлық шығарады және бұл жарлықты
орындамағандарға қатал жаза қолданылады (дүре соғылады).
Міне, осындай қатал шараның нәтижесінде Түрік елінде бір
тұтас түрік мемлекеттік тілі қалыптасады. Содан бері, 700 жылдан
астам уақыт бойы Қараман, Кониа т.б. қалаларда мемлекеттік түрік
тіліне бағышталған «Діл бәйрамы» атты жалпытүркиялық мейрам
өткізіліп тұрады (осы мақаланың авторы да сол мейрамның біріне,
1992 жылдағысына қатысқан еді).
Біз мұны айтып, сол Түрік мемлекетінің тәжірибесін, іс-
шараларын қайталайық деп отырғанымыз жоқ. Бірақ ол кімге
болса да, әсіресе көпұлтты мемлекеттерге тіл проблемасын шешуге
қажетті көп тәсілдердің біріне жатады және бүгінде ірі-ірі өркениетті
елдердің (ҚХР, АҚШ, Франция, Алмания, Ресей, Иран т.б.) көбісі
оны толық та жартылай қолданып келеді. Мемлекеттің негізгі халқы
сөйлеген тілде сөйлемеген бірде-бір адамның бұл елдерде күн көруі,
өмір сүруі мүмкін емес.
Бұл іс-шараларды тіл саясаты құзырында жүргізудің сатыланып
орындалуға тиісті жоспары, стратегия ретінде жүзеге асырылуға
тиісті ерекше бағдарламасы болуы қажет.
Айта кетейік, осы бағыттағы игілікті іс-шаралардың бастамасын
кезінде елбасының өзі көрсеткені бізге жақсы белгілі. Бұдан
бұрынғы өткен (1999) президенттік сайлау қарсаңында бұл мәртебелі
қызметке (президенттікке) үміткер болған 8 үміткерден мемлекеттік
тіл бойынша емтихан алған комиссияның төрағасы ретінде менің
байқағаным: бүгінгі президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы сол 8 үміткер
ішіндегі ана тілін ең жетік игерген, оның құдіретті күші мен көркемдік
97
қасиетін барлық үміткерлерден де артықша сезінетін ерекшелігімен
көзге түскен болатын. Бұл өнерін ол өмірде де асқан бір шеберлікпен
көрсетіп келе жатқаны белгілі.
Ертеңгі сайлауда сол президенттікке мемлекеттік тілді білмейтін,
не шала-шарпы білетін біреу сайланып кететін жағдай болса, тілім деп
күңіреніп отырған мына қалың жұртшылықтың күрес ашып, күтіп отырған
үміті асыл арманы қалай орындалмақ?
Мемлекеттік тілді ең алдымен елбасы жетік меңгеруі керек. Өйткені
оның ең басты қызметтерінің бірі – мемлекетті басқару құралы болу. Ана
тілін дәл сол деңгейде меңгеру тек ол ана сүтімен бойына дарыған адамның
қолынан келеді.
Енді тіл тағдырына байланысты «Мәдени мұра»бағдарламасына
қайта оралайық. Бұл бағдарламаның табысты орындалуы тіл
проблемасының кейбір мәселелеріне қатысты және нақтылы жауап бере
алады.
Біріншіден, «Мәдени мұра» бағдарлама бойынша қайтадан
жаңғырып, жинақталып, ұлан-ғайыр мол дүние, рухани байлықтарымыз
қалың жұрттың қолына тимекші. Оның дүниеге келуі қарапайым жұртқа
игілікті әсерін тигізсе де, «қазақ – надан халы», «қазақ тілі – қойшы-
қолаңның тілі» деп күстаналайтын қағынан жеріген нигилистер мен қазақ
тілін «өлтіріп», жаназасын шығарып қойғандар (М.Сытник, А.Тажутов,
Н.Масанов т.б.) үшін күтпеген пәрменді соққы болуы даусыз. Бұл да тіл
үшін күрестің бір түрі.
Рас, қазақ тілі қойшы-қолаңның тілі болғанын жасыра алмаймыз.
Өйткені бабаларымыз өмір-бақи мал соңында жүріп, көшіп-қонып
ғұмыр кешті. Көшпенді ел атанды, көшпенділердің өзіне тән мәдениетін
қалыптастырды, көшіп жүріп-ақ қала-қорғандарын, кесене-мешіттерін
дамытты.
Алайда, сол бабаларымыз қойды ғана емес, ойды да баққан екен.
Атар таңға көз ілмей қой күзеткен малшы аспан әлеміндегі жұлдыздардың
қозғалысын бақылаумен болады, ол жайылымдағы малдың жүрген
жүрісін, өрген өрісін, жеген шөбіне дейін қадағалап отырады. Төрт түлік
малдың тіршілік-тірлігін, табиғи ортаның тылсым сырларын зерттеп,
зерделеп зерікпеген. Сол бір зеректіліктің нәтижесінде аспан әлеміне,
табиғат құбылыстарына, мал жағдайына, қоғамдық қарым-қатынастарға
байланысты тіліміз мыңдаған көне де байырғы атаулар мен бейнелі
оралым, мақал-мәтелдермен толассыз толығып, кемелденіп, көркейіп
отырады. Кейбір жетесіздердің «қойшы-қолаң» деп, кемсітіп отырғандары
98
– міне, сол артында қазақ тіліндей бай да құнарлы, таза да тағылымы мол
тіл қалдырған қазақтың дана да дарынды дала академиктері.
Көркем сөздің зергері Ғабең (Ғабит Мүсірепов) өзінің бір сөзінде:
«Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай,
құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық
жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де
қымбатты мұра, бай қазына» деп, түйгені бар.
Шынында да, қазақ халқының бүгінгі ұрпағы мақтанғысы келсе,
артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана
алады.
Мағжан ақынның:
«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бар, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың,
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың» - деуі осыны айғақтай түседі.
Екіншіден, «Мәдени мұра» құндылықтарын, әсіресе жүздеген том
болып шығып жатқан және шығатын тіл құдіретіне қатысты дүниелерді
кітап сөрелеріне тізіп қою ғана бағдарламаның мақсатына жатпаса керек.
Біздің пайымдауымыз бойынша бұл іс-шаралардың түпкі мақсаты, бір
жағынан – халқымыздың рухын көтеру де, екінші жағынан - ана тіліміздің
рухани дәрежесін көтеру.
Осыншама мол рухани-мәдени мұра қолына тигенде ол кімді болса
да, әсіресе ұлтын сүйер зиялы қауым, білімді жас ұрпақ пен қарапайым
жұртшылықты бейжай қалдырмауы тиіс. Өйткені бұл ұлттық, патриоттық
сезімді қоздыратын қоғамда бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс.
Егер бұл іс-шаралар дұрыс жолға қойылып, бағдарлама жүзеге асып,
пайымдаған мәреден шығып жатса, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қалың
жұрт бұл игі мақсатты науқанға жаппай қатысып, белсене араласса, қазақ
тілінің жағдайы күрт өзгеруі ықтимал.
Бұл іс-шаралардан ешкім де шет қалмауға тиіс. Әсіресе, тіл сүйер
қауым мен тіл үшін күресті бір міндетім деп жүрген, ұйым құрып, өзінше
күрес ашып жүрген көптеген тіл жанашырларының төл ісінің бірі – тіл
құдіретімен дүниеге келіп, рухани-мәдени қазынамыздың ұйытқысы
болып қалыптасқан ауыз әдебиетіміздің баға жетпес құндылықтарын
уағыздау болса керек.
Үшіншіден, «Ұлттық тіл де – ұлт мәдениетінің бір саласы» дедік.
Демек, тіл байлығы да – мәдени мұра. Тіл байлығы, әдетте, тіл құдіретінен
99
туындаған рухани-мәдени құндылықтарымыздың саны мен сапасына
сәйкес келеді. Тек ауыз әдебиетінің таңдамалары үлгілерінің өзі жүздеген
том болып жатқанда, сөз қорымыздың да аз болмайтындығы ғой. Бұл
дүниелерімізді лексикографиялық еңбектерден анық көре аламыз.
«Мәдени мұра» бағдарламасының ауқымында жоспарланып,
орындалып жатқан ірі-ірі еңбектер көп-ақ. Мысалы, солардың ішінде 15
томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігін (шамамен 150 мың реестр сөзді
қамтиды), Қазақ тілінің аймақтық сөздігін (22 мың реестр сөзді қамтиды),
31 томдық терминологиялық сөздікті, сондай-ақ қос сөздер сөздігін,
синонимдік, фразеологиялық, паремиологиялық т.б. сөздіктерді атауға
болады.
Тіл байлығы тек сөз санымен ғана емес, сөздің сапасымен де, яғни
мағына санымен де өлшенеді. Егер осы тұрғыдан қарастыратын болсақ,
қазақ тілі сөз қорының сапалық (мағыналық) байлығы 150 мың емес, 1
миллион мағыналық бірліктен (семантикалық единицадан) тұрады деп
жобалай аламыз. Бұл – жер бетіндегі өркениетті елдердің (ағылшын,
орыс, қытай т.б.) тілдерімен шамалас көрсеткіш.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүзеге асырыла бастаған
және жақын жылдарда оқырман қауымының қолына тигелі отырған
рухани мұраның жүздеген том болып шығатын, әрқайсысы бір құнан
қойдың бағасымен барабар құндылықтарға, міне, осылар жатады.
Күтіп ұстай білген, қолдана білген, бағалай білген тіл қауымы үшін
бұл қазына-байлықтан артық құндылық болмаса керек. Өйткені ол -
өзінше өркендеп, дамыған ұлттық мәдениетіміздің ұйытқысы, қайнар
бұлағы. «Ел мәдениеті тілден басталады» дейтініміз де, міне, содан
болса керек.
Тіл саясатына байланысты Елбасының тікелей өзі араласып
жөн сілтеп, көрсетіп отырған бағыт-бағдары (мыс.. «Қазақстанның
болашағы – қазақ тілінде»; «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халықтарын
ұйымдастырушы ұйытқы» т.б.), мемлекет тарапынан қабылданып
жатқан қаулы-қарарлары мен нақтылы іс-шаралары – бәрі де, сайып
келгенде, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге бағышталып
отыр.
Солайы солай, бірақ Елбасының, өкіметіміздің тәуелсіз мемлекет
болғаннан бергі ұстанған саясаты көп ұлт өкілдері тоғысқан
мемлекетте ел тыныштығын сақтау, халықтар бірлестігін нығайту
және елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту болып
келгендігі айдай әлемге белгілі. Бүгінде еліміз бұл салаларда да
100
дұшпандарымыз күйініп, достарымыз сүйінетін зор табысқа қолы
жетіп отыр. Бұл табысымыз да барша әлемге аян.
Әлеуметтік-экономикалық проблемалардан кейінгі кезекте
шешілуге тиісті проблемаға халқымыздың рухани-мәдени даму
үрдісін анықтап, соны жан-жақты қолдау іс-шаралары жатса керек.
Елбасының өзі бас болып, қолдаушысы көптеген ұлтжанды
азаматтар болып, қабылданып, жүзеге асырыла бастаған «Мәдени
мұра» атты мемлекеттік бағдарлама, міне, осы бір қоғамдық-
әлеуметтік даму үрдісінің өз ретімен басталып, заңды түрде жалғасып
келе жатқан ғажайып көрінісі болып отыр.
Бұл бағдарламаға қоғамдық өмірдің әрбір саласы өз мақсат-
мүддесін жүктеп отырғаны белгілі. Міне, солардың ішінде бұл мемлекеттік
бағдарламадан тіліміздің күтері мол. Өйткені рухани-мәдени мұра ең
алдымен ана тіліміздің құдіретіне тікелей байланысты.
Біздің ойымызша, «Мәдени мұра» бағдарламасы, әсіресе оның
рухани-мәдени саласындағы айқындалатын құндылықтар, біріншіден, өз
тілін сүймейтін, «қазақ тілі – қойшы-қолаң тілі, мемлекеттік тіл болуға
жарамайды» деп күстаналаушылар үшін, қағынан жеріген нигилистер
мен қазақ тілінің «жаназасын шығаруға» асығушылар үшін күтпеген
жерден келіп тиген пәрменді соққы болуы ықтимал. Қоғамдағы мұндай
топ – қазақ тілінің кең өріс алуына ашық та жасырын қарсы, аяғына тұсау
болып келе жатқан қауіпті топ.
Халық та, оның тілі де мәңгілікті қалайды
Заманымыздың екі ұлы ойшыл жазушысы – бірі қырғыз Шыңғыс
Айтматов: «Жер бетінде уақытша жасағысы келетін халық болмайды, ол
әрдайым мәңгілікті қалайды», – десе, енді бірі – қазақ Ғабит Мүсірепов:
«Тіл – мәңгіліктің мәңгілігі, ол жасаған сайын жасара береді», – деп
топшылайды.
Рухани үндестігімен бірін-бірі толықтырып, қанаттандырып тұрған
осы бір ой-толғаныстың тұңғиық-терең мәніне зерделеп қараған зейінді
ұрпақ одан көп нәрсені аңғара алатын сияқты. Шынында да, неге халық
өзіне де, тіліне де мәңгілікті қалайды, осында бір заңдылық бар ма?
Осыған орай, адамзат тарихы мәңгі-бақи жасаған этностар мен тілдерді
біле ме?
Бүгінде мемлекеттік мәртебе алып, Заң жүзінде марқайып отырған
қазақ тілінің тағдыр-тауқыметін сөз етуден бұрын, міне, осы сұраққа
қысқаша болса да жауап іздегіміз келеді.
101
Адамзат қауымында қашан, қалай және қай жерде пайда болғаны
өзіне де белгісіз әрбір этнос, бүгінде қандай жағдайды басынан
кешірмесін, ол өзгеге ұқсамайтын өзіндік болмысымен ғана феномен
тақылетті сирек құбылыс санатына жатады. Ал дүниеге осылайша келуі
сирек құбылыстардың одан із-түзсіз жоғалып кетуі де оңай болмаса
керек. Шыңғыс Айтматов пен Ғабит Мүсіреповтердің «мәңгілік» туралы
топшылауы тіл дамуының осы бір үрдісіне байланысты айтылған сияқты.
Этностың өзінің де, оның о бастағы төл тілінің де шығу тегін тап
басып айта алмаса да, бірақ азаматтық тарихымыз феномен ретінде
дүниеге келерін келсе де, алайда біразының сиыркұйымшақтап барып,
біртіндеп жойылып жатқанын айта алады. Өйткені олардың тарихи-
әлеуметтік себептері белгілі, әрі олар әр алуан. Қоғамдық өмірден этнос
кеткен жағдайда оның тілі де жойылады. «Өлдің Барақ – өштің Барақ»
дегеннің кері осы ғой. Егер сөйлеушісі кетіп, тілінің жазба үлгілері
сақталса, ол «өлі тіл» санатына жатады. Мұндай тілдер де өмірде
баршылық. Егер этнос түгелдей өз тілін ұмытып, сол тілде сөйлейтін
бір-ақ абызы қалған болса да, ғылым үшін ол тірі тіл болып саналады.
(Мұндай жағдай тарихта бар). Ғабит Мүсіреповтың «Тіл – мәңгіліктің
мәңгілігі» деуінің философиялық мәні де осында болса керек. Өйткені
этнос, әртүрлі әлеуметтік әсерлерге, заман үрдісіне байланысты, өз тілі
үшін әрқашан да жанұшара күресе алмауы мүмкін, кейде пендешілік
жасап, тоғышарлық білдіріп, өз тілінің тағдырына немқұрайдылықпен
қарауы мүмкін. Алайда оның тілі өзіне деген адалдығын сақтап, оған
мәңгі-бақи қызмет етуге дайын.
Алайда, тілдің өзі қызмет етіп отырған қоғамға қояр талабы өте
зор. Оның орындалмауы этностың өзі үшін де, тілі үшін де өте кауіпті.
Осы жерде халық пен тілдің еркін де үйлесімді дамуына қажетті
жағдайлардың, өкінішке қарай, барлық дәуірде, барша қоғамда бола
бермейтіндігін ескерген жөн. Оған дәлел болатын нақтылы деректерді
алыстан іздемей-ақ, үш ғасырлық өз тарихымыздан табуға да болады.
Бұл бұрын көп сөз бола бермейтін, болса да үстірт, сипап қана
өтілетін қаны шыққан ащы шындық қой. Мәселен, үлкен халықтың
қарамағындағы кіші-гірім бодан халықтарды ассимиляциялап,
«түгел меңгеріп», өзіне сіңіріп жібергісі келетін әдетін бала елдің
бәрі біледі. Алайда, бұл жымысқы саясаттың әр елде, әр мемлекетте
іске асырылуы әр алуан, айла-шарғылары да басқа-басқа. Бірақ бұл
саясатқа ортақ нәрсе: ең алдымен сол кішігірім этностың (халықтың)
тілі мен дінін (бұл рухани фактор) аяқ асты етуге, одан соң атамекен
102
атауларын ауыстырып, азаматтарының аты-жөнін өзгертуге, ұлттық
салт-дәстүрінен адастырып, жазу-сызуын тұрақтандырмауға (бұлар
модальдық факторлар) тырысу.
Міне, бұлардың бәрі – біз жақсы білетін Ресейдің отаршылдық
саясатына тән жымысқы әрекеттері. Бұл әрекеттер, әдетте, «бұратана
надан халықтарды мәдениетті етеміз» деген даурықпа ұрандармен
іске асырылып, өздерін рухани жағынан тұралатып кеткендігін бұл
халықтардың өздері тым кеш түсіне бастағаны өкінішті-ақ.
Кеңес дәуіріне басқаша бір саяси «реңкпен» жалғасып кеткен
Ресей отаршыл саясатының зардабын шеккен аз санды халықтардың
бір қатары тілінен айырылып, басқа дінге шоқынып, біржола мәңгүрт болып
үлгірсе, енді біреулері бұл қасіретке жартылай шарпылып, дүбәра болып
қалды. Міне, солардың бірі – қазақтар. Әрине, қазақтар христиан дініне
шоқынып, аты-жөнін өзгерткен, атамекенін, салт-дәстүрін аяқ асты етіп,
елдігінен айырыла бастаған кейбір түркі (саха, хакас, тува, шор, алтай т.б.)
халықтары мен ұлыстарындай емес. Қазақ халқының табиғатына, дәстүр-
салтына, демографиялық, географиялық т.б. ерекшеліктеріне байанысты
тілін ұмыта бастаса да, атамекен атауларын өзгертіп үлгірсе де, христиан
дініне шоқыну (Алтайдағы Хатын өзенінің бойында жасайтын қазақтар)
факторы болса да, саны азайса да, тағдырдың тауқыметін көріп келе жатса
да, құдайға шүкір, елдігін, ұлттық қасиетін, тілін, дінін жоғалта қойған жоқ.
Бірақ қаншама ащы болса да, бір шындықты елден де, өзімізден де
жасыруға болмайды. Басқа қасиеттерімізді айтпағанда, қазақтардың өзінің
де, тілінің де мәнгі-бақилығын ұмыта бастағандығын жасыруға болмайды.
Ана тіліміз іштей дамуын тоқтатпаса да, қоғамдық өмірден алыстап, оның
қажетін атқарудан қалып, болашағына қатер туғаны да рас қой. Жоғарыда
аталған отаршылдық саясаттың жалғасы іспетті кеңестік идеологияның
жымысқы іс-әрекеттерін көріп, біліп, өз «денесімен» сезініп отырған саналы
ұрпақ ана тілінің мүшкіл халін тым кеш болса да, ұға бастады, жағдайды
күрт өзгертпесе, енді бір 25-30 жылдан кейін тіліміздің тағдыры мүшкіл
болатындығын түсіне білді. Өйткені кейінгі 70 жыл ішінде кеңестік империяда
кейбір «ұсақ» тілдердің бірден, не біртіндеп жойылып жатқанынан сауатты
жұрт хабардар. Мәселен, 1920 жылғы халықтар санағында 190 ұлт пен
ұлыстың тілі бар деп жарияланса, содан бері ол екі есе кеміп кетіпті. Олар
қайда кетті? Із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін бе? Мүмкін болғаны ғой. Өйткені
бұл экологиялық жағдайларға байланысты сирек кездесетін хайуандар мен
құстар, жәндіктер мен өсімдіктер жер бетінен біржолата жойылып кетпеу
үшін «Қызыл кітапқа» тіркеп, оларға қоғам қамқорлық жасап жатқанда,
103
мәні мен маңызы олардан мың есе артық болмаса, кем емес феномен – ұлыс
тілдеріне қоғам тарапынан қол ұшын бермеудің салдары. Әлемдегі 4 мыңдай
тілдің азайып, 3,5 мыңға түсуі, сайып келгенде, бұл фактордың жержүзілік
сипат алып, күндердің күнінде адам баласының табиғатпен бірге экологиялық
апатқа ұшырап, өзін де біржолата жерлеуге беттегені ғой.
Алайда, бәріміз де мойындауға тиіс бір шындық бар: жалпы адам
баласы, жеке ұлттар мен ұлыстар жер бетінде қанша жасамасын, оның
тілсіз көрген күні – тұл. Бұл – көп сөз болып жүрген өте кең тақырып.
Мәселе бұл жерде ұлт пен ұлыстың әйтеуір бір тілде, не бірнеше тілде
қарым-қатынас жасап, тіршілік етуінде емес, мәселе ұлт пен ұлыстың өзінің
төл тілінде еркін сөйлеп, өзінің барша ұлттық қасиетін сақтап қалуда болып
отыр ғой. Өйткені ана тілі – жай қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар
ол – әрбір адамның бойына ана сүтімен дарыған ұлттық қасиеті, рухани
нәрі, өмірлік азық, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа толассыз ауыса беретін
«мәңгілігіміздің» (Ғ.Мүсірепов) кепілі.
Бұлардың бәрі – әсіре қызыл сөз емес. Белгілі жағдайларға байланысты
адамның түрі де, түсі де, әдебі мен әдеті де, мәдениеті де, ішер тамағы мен
киер киімі де өзгере береді. Оның өзгермейтін ұлттық белгісі біреу-ақ, ол –
тіл. Демек, ұлтты ұлт етіп тұрған классикалық бес фактордың бірегейі – тіл
деген сөз. Бұдан туындайтын ұғымдар көп, тіл – халықтың басты белгісі.
«Ана тілін білмеген адамды мәдениетті деуге болмайды» (М.Әуезов). «Өз
тілін өгей баласы ғана сыйламайды» (Ғ.Мүсірепов). Тіл – ұлттың жаны, тіл
білмеу – ұлттық дәстүрден, ұлттық қасиеттен жұрдай болу деген сөз, т.т.
Халық даналығының тілге соншама мән беріп, марапаттауының себебі, міне,
осы себептерге байланысты. Шынында да, әрбір халықтың ой-өрісін, парасат-
парқын, сезім-түйсігін, дүниетанымы мен болмыс-тірлігін танытатын – оның
тілі. Айта берсек, сөйлеу, ойлау, қатынасу ғана емес, сонымен қатар түс көру,
сүйсіну, еркелеу, алғыс айту, мейірлену, жек көру, ашулану, қарғап-сілеу,
жылап-сықтау т.б. осы сияқты толып жатқан ұлттық қасиеттердің бәрі басқа
тілде емес, тек төл тілінде ғана әсерлі де әдемі, ерекше көрініс.
Тілдің қоғамдық өмірдегі атқаратын қызметі де ұшан-теңіз. Әсіресе,
тілді жетік білу, шешен сейлеу, ойын ұтымды қорыту, сөз күш-қуатын әсерлі
де әсем түрде пайдалана білу – бұлардың бәрі адамның адамдық қасиетін
ғана емес, қоғамдағы орнын да анықтайтын фактор.
Сондықтан да болар, ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер,
қол бастаған батырлар көбіне-көп ердің құнын екі ауыз сөзбен тындыратын
тапқыр да ауызы дуалы адамдар болған. Тіл – саясат, идеология, айтыс-
тартыс, күрес құралы. Сондықтан ел басқарып, абырой-атаққа ие болу да,
104
жақсы ақын-жазушы, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, мәдениет, мемлекет
қайраткері болу да – бәрі-бәрі, сайып келгенде, тілге байланысты. «Аузынан
сөзі, қойынан безі түскен адамның» басшы болғанын көрмейтініміз содан.
Міне, дәл осы арада айтылатын тағы бір шындық: көкжиектен
көрінер тіл болашағын былай қойғанда, тіпті, бүгінгі мемлекеттік
тіліміздің бойына күш-қуат жинап, қоғамдық өмірдегі қызметін дұрыс
атқаруына ауадай қажетті тілдік орта жасауына басқадан гөрі қаракөз
өз туыстарымыздың, кейбір зиялы азаматтардың іштей наразылығы
мен парықсыз іс-әрекеттерін көргенде, қарның ашады. Олар өз
халқын, өз тілін сүймейді дегенге өз басым сенбейді. Мұндағы ең
басты себеп: бала кезінен жетік білген орыс тілінде көсіле сөйлеп,
көсем болған, шешіле сөйлеп, шешен атанған, абырой-атаққа да,
лауызымды биік мәнсапқа да орыс тілі арқылы жеткен туыстарым
ендігі жерде білмейтін, не шала-шарпы білетін қазақ тілінде көсіле
де, шешіле де сөйлей алмай «дүбәра» атанғысы келмегендіктен,
өз тілінен жерінуінде. Бүгінгі қайнаған өмірдің тай қазанында бір
тілмен-ақ балықша еркін жүзу мүмкіншілігін олардың іштей құптауы
содан болса керек.
«Тіл мәңгілігіне» қарсы заңды да заңсыз әрекеттер тек бұл ғана
емес. Ел-жұрт болып күресу нәтижесінде кеше ғана халі мүшкіл
қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына да, міне, 5 жыл толып
отыр. Бұл мәртебені алу үшін болған күресті біз кезінде ашық
теңізде апатқа ұшырап, бағдарынан ауытқып, су түбіне кете бастаған
«жарақатты» кеменің «SOS» дабылын беріп, жанұшыра жәрдем
сұраған жанайқайына балаған едік. «Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе
беру кімге жорық!» деген сыңар езу сыншылар да бұл күрес кезінде
аз болған жоқ. Алдымен «Тіл заңы» арқылы қабылданып, кейіннен
Конституциямен бекітілсе де, мемлекеттік тілдің етегінен басып,
шаужайына жармасушылар күні бүгінге дейін бар. Бірақ ондайлар,
кім болса, ол болсын және қандай әрекет істемесін, мемлекеттік
қазақ тіліне байланысты мызғымас бір ақиқатты мойындағаны жөн:
әрдайым мәңгілікті қалайтын халық пен тілін жою ендігі жерде
мүмкін емес. Оның көп кепілінің біреуі – халық санасының қайта
оянып («Қайта қалғып кетпесе игі еді!» деп тілейік), ана тілінің
болашағы – мыңдаған, миллиондаған жас ұрпақтың балабақша,
мектеп, институт қабырғасына сыймай кетуі. Бұлар XXI ғасырда
өмір сүріп отырған Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз
мемлекеттің белсенді де белді азаматтары. Ана тілімен ауызданған
105
бұл ұрпақ, қасаң заманда өмір кешкен өз ата-бабаларынан әлдеқайда
саналы болмақшы, өз жерінде, өз елінде ана тілін енді аяқ асты
қылуға олар көне қоймас деп сенеміз.
Әлеуметтік негізі де, болашағы да, бізден басқа ешбір елде
заңдастырылмаған статусы (мәртебесі) да жоқ қостілділік өзінің
тарихи инерциясын біраз жалғастыруы сөзсіз. Жаңа Конституцияда
қабылданған орыс тілінің статусы – мемлекет орындарында ресми
түрде колдану – осының айғағы болса керек. Бүгінгі демографиялық
жағдайда онсыз болмайды. Бірақ бір жақты қостілділік бір қанатты кұс,
бір ескекті қайық сияқты (яғни қазақша-орысша қостілділік түрінде), сол
қалпында қала бермейтін сияқты. Бүгінгі нарықтық экономикаға байланысты
қазақ жастары мен іскерлер қауымының өкілдері орыс тілімен қатар жаппай
шет тілдерін үйрене бастады. Осыған байланысты: егер қостілділік күні
бүгінге дейін қазақ тілінің және республикада жасайтын басқа ұлыстар
тілдерінің де еркін дамуына мүмкіншілік бермей, билеп-төстеп келген
болса, бұдан кейінгі жерде олай бола бермейді. Бұл объективті процестің
түбегейлі шешімі республикамызда дұрыс жүргізіліп отырған ұлт саясатына,
экономикамыздың жөнделуіне, демографиялық процестін реттелуіне және
халқымыздың жақын көршілерімен ғана шектелген томаға-түйықтықтан
шығып, жер жүзіндегі өркениетті елдермен терезесі тең тұрып еркін қарым-
қатынас жасауына да байланысты.
Алайда, мемлекеттік тіл – қабырғасына іліп қойып, қызыға қарап
отыратын әсем киім емес. Ол – тек мемлекеттік рәміздердің (жалау, әнұран,
елтаңба т.б.) бірі ғана емес, ұлттың, мемлекеттің бірегей негізі де. Бірақ ол
өзінің сонау бір мәртебе атағын сол мемлекетке толыққанды қызмет еткенде
ғана ақтай алады. Бүгінге дейінгі тәжірибемізден байқалғандай, мемлекет
өзінше, мемлекеттік тіл өзінше болуы бұдан кейін де жалғаса беретін болса,
бұл тілдің болашағы туралы біздің жоғарыдағы оптимистік (эйфориялық)
пікіріміз сол қалпында қалуы да мүмкін.
Оны болдыру, болдырмау – бәрі де мемлекет пен коғамның өз қолында.
Екінші рет қабылданған Тіл заңына өз басым көп үміт артамын, өйткені
оларда көп мәселелер жаңаша шешімін тауып отыр. Әсіресе, құжаттарда
көрсетілген мемлекеттік шаралардың мемлекет қамқорлығына алынуы,
оларға идеологиялық тұғыр белгіленуі және қаржы қарастырылуы бұл
үмітімізді арттыра түседі.
Мемлекеттік тіліміздің көп айтыла бермейтін бір игі міндеті бар. Ол
– республикадағы ұлт тілдеріне өктемдік жасамай, олардың емін-еркін
дамуына толық жағдай туғыза білу. Бірақ мемлекеттік тілдің өзі береке
106
таппай, қоғамдық қызметінің (өте кең мағынада...) шеңбері кеңейе алмай,
баяғысынша шөре-шөре болып жатса, бірде-бір ұлт тілінің еркін дамуы
мүмкін емес. Демек, ұлт тілдерінің, яғни Қазақстандағы көп ұлтты қауымның
мемлекеттік тілге ерекше ілтипатпен қарауы керек. Ұлтаралық үйлесімдік,
татулық міне, осыдан басталса керек.
Әрбір ұлт, әрбір ұлыс, санының аз-көптігінен биқатер, өзін
де, өзінің тілін де жер бетінде ғайыптан пайда болған, екінші рет
қайталанбайтын өте сирек кездесетін феномен деп қарағанда ғана,
олардың мәңгі-бақи жасауға жаралғанын, жасаған сайын жасара
түсетін қасиетін сезінгенде ғана өзін де, тілін де аман сақтап қала
алады. Сол үшін жүргізген азаматтық борышты ақтау, сол үшін
шыққан биік – азаматтық тұғыр.
Ұлт пен тіл фономеніне мәңгілікке жол болғай!
«Шетелдегі қазақ диаспорасы және ана тілді сақтау мәселелері»
атты ғылыми практикалық конференция материалдары.
– Алматы, 2000. 10-16 б.
Достарыңызбен бөлісу: |