ІІ Т А Р А У
НОҒАЙ ОРДАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ
Ноғай Ордасының халықаралық жағдайы мен оның жүргізген сыртқы саясаты туралы ресейлік тарих ғылымында орасан зор деректік материал жинақталған. Олар арқылы Ноғай Ордасының бүтін болмысының тарихын қалпына келтіруге болады. Дегенмен ол деректерді барынша саралап пайдалану, олардың тұжырымдарын аса сақтықпен қарау қажеттілігі туындайды. Өйткені ол деректердің көпшілігінде идеологиялық қасаңдық орын алған. Ол идеология сол дәуірде үстемдік еткен, қоғамдық ойдың іргетасы болған русоцентризм (орысорталық деуге болар) концепциясынан туындаған еді. Бұл жерде мына мәселелер басты назарға алынып отыр; біріншіден, бұл қатынастар тек орыстар жағының мүддесі тұрғысынан қарастырылды; екіншіден, ноғайлар Ресей сыртқы саясатының тек субъектісі ретінде ғана қарастырылып, дербес, тең құқылы әріптестік маңызы назардан тыс қалды. Сонымен бірге Еділ бойындағы көшпелілер көбіне Ресейге жау күштер ретінде бағаланғандықтан олармен қарым-қатынас “күрес, соғыс” категориясы тұрғысында сипатталды.
Мәселені осылай түсіндіру қазіргі заманғы кейбір ғылыми әдебиеттерде де орын алып келеді. “Еділ бойындағы Үлкен Ноғайлы – деп жазады В.А.Осипов, – Ресей үшін ұзақ уақыт бойы дипломатиялық және басқа да құралдармен күресіп келген Алтын Орданың қалдықтары болды” [32, 29].
Бұдан басқа да бірнеше тұжырымды салыстыру мақсатында мына деректерді келтірудің артықшылығы жоқ. Олардың бірінде “Мәскеу сауда капиталының мүддесі үшін қазақтардың қолымен Дон, Еділ, Жайық бойындағы ноғайлар қырылып кетуге аз қалды” деп жазылды. Ендігі бір дереккөздерінде ноғайлар Мәскеу дипломатиясының Қырым, Еділ бойы жұрты, османлылармен қарым-қатынасындағы қолшоқпар болды дегенді айтады. Ал Ш.Лемерсье-Келькеже “ноғайлардың көмегінсіз немесе олардың бейтараптығынсыз орыстардың 1556 жылы Астрахань хандығын жаулап алуы, 1580 жылдары Сібірді бағындыруы, Кавказға жылжуы мүмкін емес еді” [45 600], деп кесіп айтады. Бұл деректердің бәрінде де ноғайлар достық, ынтымақтық, бейтараптық немесе олардың иеліктерін тартып алу актілерінде белсенділігі төмен материал ретінде қарастырылады.
Мәскеудің бұл мақсаттарға қол жеткізуде қолданған тәсілі туралы берілген баға да әркелкі, көбіне кереғар болып келеді. “Ноғайлардың өз арасындағы қарама-қайшылықты пайдаланған орыстар барлық кезде мырзаларды бектерге қарсы айдап салумен болады. Кейде бектермен соғысуы үшін мырзаларға мылтық, зеңбірек, тіпті әскер берді ” [9, 93] деп жазды тарихшы Г.Ғазиз.
Ал Алексеев пен И.М.Аджиев керісінше “орыс үкіметі өз мүдделері үшін Ноғай Ордасындағы өзара феодалдық қырқысты тоқтатуға ұмтылды” [6, 124] деп жазады.
Кең тараған пікірлердің бірі – ноғайлар Мәскеу мемлекетінен өздерінің жеке бастарының мүддесі үшін жақындасқан дегенге саяды. Орыс-ноғай қатынастарында бұл компоненттің болғандығын теріске шығаруға болмайды, өйткені ноғай мырзалары орыс мемлекетінің шегіне тонаушылық шабуылдар жасамағандығы үшін патшадан сыйлық, тіпті тұрақты жалақы да алып тұрған.
Дегенмен екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды осы аталған, сыйлық дәметкен жеке бас мүддесіне әкеліп тіреуге болмас. Өйткені Ресей көшпелілер үшін садақа үлестіруші ғана емес, ол деген ең алдымен үлкен рынок еді. Орасан зор Ресей рыногымен көрші болу Маңғыт ақсүйектерінің сыртқы саясатта Ресеймен жақындасуға бағыт ұстауына негіз болды [14, 83-84].
Кейбір зерттеушілердің ноғай-орыс қатынастарын ХҮІ–ХҮІІ ғасырлардың ортасындағы саяси конъюнктураға тәуелсіз, барынша кең мазмұнда қарастырған ниетін қуаттауға болады. Тарихшы Р.Г.Буканова Ресейдің Ноғай Ордасымен байланысының және Ресейдің Қырыммен байланысының арасындағы айырмашылықтарды сипаттаған салыстырмасы өте қызықты, олар: көшпелілердің тікелей орыс жерімен шекаралас болуы; Мәскеу патшалығының оңтүстік-шығысын славян емес халықтардың мекендеуі және т.б. [5, 12, 13].
Ендігі бір авторлар орыстар мен ноғайлардың Алтын Ордадан қалған идеологиялық мұрасы бір, османлыдан бөлек олардың ортақ дәстүрінің болуы да екі елдің жақындасуына ықпалы болды деп есептейді [45, 600].
Бұндай деректер тиянақты талдап, тарихи-мәтіндік салыстырулар арқылы пайдаланғанда барынша объективті тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Жалпы, ноғай-орыс қарым-қатынастарында ХҮІ ғасырдағы екі кезеңді бөліп атауға болады. Бірінші кезең көшпелілердің тең дәрежелі әріптес ретінде орыстармен саяси және экономикалық байланыстар орната бастауы. Бұл әрекет далалық жағдайда әскери тұрғыдан көшпелілердің орыстардан басымдығына және олардың отырықшы елдерді өздеріне тең санамайтын дәстүріне қарамастан жасалынды. Екінші кезең, Қазан және Астраханьды жаулап алу арқылы экономикалық, саяси және әскери тепе-теңдікті бұза отырып, жүйелі түрде бұрыңғы Алтын Орда иелігіндегі территорияны Мәскеудің өзіне қарата бастауымен ерекшеленеді.
Біз Шығыс Европадағы дипломатиялық және сауда қатынастарына барынша мән беріп, оны мемлекетаралық байланыстың маңызды аспектісіне айналдырғанымызбен әскери бәсекелестік те оның ең маңызды бөлігі болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда ноғай қосындарының Ресейдің шеткі аймақтарына үнемі басып кіргендігі, қырымдықтармен одақтасып, тіпті елдің ішкі аймақтарына да жорық жасап отырғандығы рас. Екі елдің арасындағы қатынастардың қалыптасуы және оның даму бағыттарын айқындауда бұл жағдай ең шешуші ықпал атқарды.
Татарлар мен ноғайлардың Руське басып кіруін орыстардың өзі түріктің сакма сөзімен атайды. Ол сөз тура мағынасында атты әскердің жүріп өткен ізі, кең мағынада көшпелілер жорығының бағыты деген сөз. Далалықтардың жорығы негізінен биік, құрғақ, өзендердің су айрығы арқылы өткен. Өйткені көшпелілер үшін өзеннің өткелі, батпақты жер, қалың орманды кесіп өту стратегиялық тұрғыда барынша тиімсіз болатын.
Көшпелілердің сакмасына, яғни жорық жолдарына тосқауыл қою мақсатында 1586 жылы Воронеж қаласы тұрғызылды. 1630–1650 жылдары Белгород бекіністер жүйесі деп аталатын шеп құрылды. Оның бойында Кавказ, Усмань, Коротояк, Острогожск бекіністері салынды.
Ноғай шапқыншылығының келесі бағыттарына Ряжск, Симбирск, Шацк және т.б. бекіністер салынды. Оңтүстік-шығыс шепті қорғау үшін үкімет бұл жерде 60 мыңға жуық жасақшы ұстады. Қырымдықтардан қорғау үшін күзет топтары Муравский, Изюмский, Кальмиусский бағыттарында күндіз-түні күзетсе, оңтүстік-шығыста тек Ноғай жолына ғана күзет қойылды. Әйтсе де ХҮІ–ХҮІІ ғасырларда Закамский қорғаныс жүйесі деп аталатын бекініс-қамалдардың тұрғызылуы шекараны бекіте түсті.
Орыстар Еділ өзенінің өткелдерін ХҮІ ғасырдың ортасынан бастап бақылауға алды. Оларды 1557 ж. негізі қаланған Каманың оң жағалауындағы Лапшев, 1571 жылы Еділдің оң жағалауында тұрғызылған Тетюшев, 1586 жылы Казаннан төмен Самара, 1589 жылы Царицын, 1590 жылы тұрғызылған Саратов бекіністері іске асырды. Бұл бекініс-қалалардың орнауы Еділдің сол жағалауындағы ноғайлар үшін өзеннен өтуіне тосқауыл болуы тиіс еді. Бұл шара біршама нәтиже бергенімен, қауіп бұлтын толық сейілте алмады.
1630 жылдары Үлкен Ноғай Ордасы халқының көпшілігі Еділдің батысына көшіп алғаннан орыс жеріне шабуыл қырым-ноғай одақтастары түрінде іске аса бастады. Ыдыраған ноғай ордасының бөліктері Қырым ноғайларына қосылып, ХҮІІ ғасырдың ортасында Воронеж, Царицын воеводаларына басты әскери қауіп төндірген күшке айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |