181
келген тіркестерде бұл сөз «өте, аса, тым» деген мағынаны анық
көрсетеді: шым батып кетті, шым толы, шым-шытырық бірақ шым
тұлғасы осы қызметте кез келген сөзбен тіркесе алмайды, мысалы,
өте үлкен, аса қызық, тым мықты деген тіркестерді шым үлкен, шым
қызық, шым мықты деп ауыстыра алмаймыз. Осы күнгі тым сөзі,
сірә, дыбыс алмасуының нәтижесінде шым тұлғасынан пайда болған
болуы мүмкін. Демек, шым тұлғасының тым варианты бұл күнде ак-
тив: тым үлкен, тым қызық, тым мықты деп айта беруге болады
Шым сөзі үстеу ретінде (
тым, өте, аса) сияқты бүгінгі сөздіктерде
тіркелмеген. Бұл да шым тұлғасының көнелігін, актив қолданыстан
шығып, тек фразеологизмдер мен қос сөздер құрамында сақталып
қалғанын көрсетеді.
ШЫР БІТУ. Бұл тіркестің беретін мағынасы түсінікті: ол –
«семірді, ет алды, қоңданды». Түсіндірме сөздікте шыр сөзінің үш
түрлі мағынасы көрсетілген, солардың бірі – «нәр, маңыз» және «әл,
қуат, күш» деп берілген. Шыр сөзінің түптөркінін қуаласақ, ол көне
түркілерде «май, еттің майы» дегенді білдірген екен (ДС, 146). Сонда
шыр біту «май біту» дегеннің көне варианты болып шығады. Майды
шыр сөзімен атаудың өзі ұмыт болғанмен, бұл сөз өз мағынасында
тіркес құрамында сақталып қалған. Бұл іспеттес құбылыс қазіргі
қазақ тілінде аз кездеспейді.
ІРКЕС-ТІРКЕС. Бұл қос сөздің соңғы сыңары әбден түсінікті,
ол – тірке- етістігімен түбірлес сөз. Бұл етістіктен жасалған тіркес
тұлғасы «қатарласқан тізбек» мағынасында және «жалғас, қатар»
деген есім ұғымында қолданылады. Ал іркес-тіркес дегендегі іркес
сөзінің түбірін ірік- «бөгеу, тежеу, тоқтату, ішіне бүгу, жасыру» етістігі
деп тануға келмейді. Сірә, бұл көне түркі тілдерінде қолданылған
«керуен» мағынасындағы арқыш-теркіш сөзінің «қазақшасы» болу
керек. Арқыш сөзінің жеке тұрғандағы бір мағынасы – «керуен» (ол
да «қатарланған көліктер тізбегі»). Осы «керуен» мағынасындағы
арқыш-теркіш тұлғасы қазақ тіліне іркес-тіркес болып көшкен болар
деп топшылаймыз.