Құрылыста Шілденің іші, Әндетіп сүрегі,
Күн ыстық. Тарсылдап балға,
Көшеде шу жоқ, Ойнағандай күйсандық
Тыныштық, Колхозшылар
Алыста араның ызыңы Жатыр мұнда үй салын...
Осында жұмыстың қызығы. (Ә.Дүйсенбиев.) Ескертетін бір жайт, ерікті ұйқаспен жазылған өлеңді ырғағына келтіріп оқуға аса мұқият қарау керек, дұрыс оқылмаса қара сөзге айналып кетуі ықтимал.
Сонымен, өлең сөздің қара сөзден құрылыс жағынан айырып тұратын белгілер: ырғақ, оның тұрақты буын өлшемі, бунағы, тармағы, шумағы, ұйқасы екенін мысалдар келтіріп, шолып өттік. Мұндағы мақсатымыз – өлеңді мәнеріне келтіріп оқу үшін, орындаушы оның құрылысынан да хабардар болсын деген ой.
Ал бунақ, тармақ, шумақ кідірістерін өз өлшемімен мұқият сақтап оқу өлең сөздің ырғағына, ұйқасын нәшіне келтіріп, оның ерекше қасиетін аша түспек.
Өлең оқу тәсіліне кейінірек тоқталамыз.
Сөйлеу қарқыны (темп)
Сөйлеу қарқыны да сөздің нақышты шығуының әсерлі тәсілінің бірі. Дауыс қарқынының түрлі реңктерін пайдалану сөзге ерекше бір өріс, ойнақылық, нақыш береді. Егер сөз бір қалыпты солғын үнмен қарқынсыз сөйленсе, ол өңі қашып сүреңсіз шықпақ.
Мәнерлегіш тәсілдердің басқалары (негізгі дауыс сарыны, сөз сазы, екпін, кідіріс) сияқты сөз қарқыны да шығарма мазмұнына байланысты шықпақ. Ол орындаушының айтқысы келген ойымен тығыз байланысты болады. Мысалы, Тұманбай Молдағалиевтың «Қаздар қайтқанда» деген лирикалық өлеңін алсақ, оны оқығанда дауыс қарқыны баяу, мұңды үнмен шығады:
Жайнап тұрған кешегі гүл ескіріп,
Қара суық хабары тұр естіліп,
Қаздар қайтып барады, оралмайтын
Қанатына көктемді ілестіріп.
Керісінше, А.С. Пушкиннің «Қысқы кеш» өлеңінің басқы жолдары сергек, шат көңілді білдіреді. Оның жылдам қарқынмен оқу керек:
Әрі аяз, әрі шуақ күн тамаша!
Маужырап жатпақшысың достым қанша?..
Алайда, бұдан текстті басынан аяғына дейін бір ғана талғап алынған дауыс қарқынымен оқылады деген ой тумаса керек. Тіпті қысқа тексттің өзіңді де дауыс қарқыны өзгеріп отырады, бірақ олар бір-бірінен жігі бөлінбей үйлесіп, бірегей болып естілмек. Суретшінің өз картинасына бояу реңктерін бір-біріне үйлестіре өрнектеуі тәрізді, көркем сөз орындаушы да дауыс өрнегін құрауды қарастырады.
Дауыс қарқынын пайдалану ережесі мынадай:
Текстті баяу қарқынмен оқу (бұлай оқу мектеп жасына дейінгі балаларға, қабылдауы шабан балаларға тиімді). Шығарма баяу қарқынмен орындалса, оның түрлі реңктері ерекше айқындалып, сөз мәнерлі шығады.
Сөз қарқыны мәнерлеп сөйлеудің бір элементі бола тұрып, сөз сазының реңк бітімін түзуге себін тигізеді. Айталық, көркем сөз орындаушы Абайдың «Қыс» деген өлеңін баяу оқып не жатқа айтып, қыстың бейнесін зор денелі, ақ сақалды, демінен аяз бен үскірік бұрқыраған қарттың аяғын сықыр-сықыр нық , байсалды басып, үлкен салмақ сала-келе жатқанын беймаза, сұсты, ежелгі жегжатқа теңеп көз алдыңа елестетеді. Керісінше, І. Жансүгіровтың мына өлең жолдары лепті қарқынмен тез оқылмақ:
Тас домалай, Қырда жарқ-жұрқ
Тау тулай, Найзағай
Құз құлай, Түссін жай,
Жер сілкінсін! Көк күрсінсін!
Кетсін тұман, Мұз құласын,
Бұлт көшсін, Қар кетсін!...
Арырасын,
Соқсын жел!
Егер біз ертегілердегі икемсіз, қорбаң аюдың образын оқып беретін болсақ, онда баяу қарқынды пайдаланамыз. Мысалы, «Маша және маймақ» деген орыс ертегісіндегі аюдың:
-Отырып алып түбірге,
Самсаның жейін бірін мен! –
Деген сөзі баяу оқылады. Немесе «Сараң аю» ертегісін оқығанда, дауыс қарқыны аю сөзінде баяу, күшік сөзінде тез, мысық сөзінде созылыңқылау жіңішке шығады. «Лақтар мен қасқыр» ертегісіндегі кішкене лақтардың сөзі тез қарқынмен оқылады:
-Біз саған есік ашпаймыз. Сен бізді алдап тұрсың, біздің шешеміздің даусы сенің даусыңдай жуан емес. Алайда шығармадағы бір кейіпкердің образы ылғи бір ғана сөйлеу қарқынымен беріледі деген ұғым тумаса керек. Өйткені дауыс қарқыны кейіпкердің іс-әрекетіне қарай өзгермелі болады. Сондықтан шығармадағы бір кейіпкерді суреттегенде, сөйлеу қарқынының бірнеше реңкін пайдалануға болады. Мысалы, С.Я. Маршактың «Шұбар тауық және үйректің он балапаны» ертегісінен үзінді келтірейік:
...Жер шоқып, сейілдеуге аңсары ауып,
Шұбыртып балапанын шықты тауық...
Бұл жолдар жай қарқынмен оқылады да, кейінгі жолдарында қарқын үдей түседі, өйткені тауықтың іс-әрекеті жылдамдай бастайды:
Тез аршып өзі жүрген жердің бәрін,
Іздейді дәм қиқымын, астық дәнін.
Тауып ап шөжелері жейтін асын,
Шақырды дегендей-ақ тамақтансын.
Ертегінің соңында шөжелердің мұртты мысыққа кездескен жерін оқығанда, дауыс қарқынын біртіндеп жеделдетіп, әрекеттің өрбуіне орай тездету керек:
Шұбар да сонда сезіп мысығыңды,
Шыр етіп арасына түсе қалды.
Үрпитіп қауырсынын қатуланып,
Қапыда қаршығадай атылды анық!
Жиып бар балапанын панасына,
Мысыққа тиісті кеп аласұра...
Ал, жай әрекетті суреттейтін текстегі жолдар баяу үнмен әндетіп оқылады:
Қаз, қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам!..
Сондай-ақ, «Кір қоймас» тексінен:
Жасқансам да, ысқыш өктем,
Қояр емес жанымды.
Шыдай алмай мен дедектеп
Қаштым салып барымды... (К.Чуковский.) Деген жолдарынан оқиғаның өрбуіне лайық тез оқу керек.
Сөйлеу қарқыны көңіл күйін білдіруге де себебін тигізеді. Қуаныш, шаттық, жай-күйлер дауыстың жылдам қарқынымен беріледі:
Жаз жайнатып, күн күлдіріп, Асыл жібек гүл үстінде
Біз лагерьге барамыз, Аунап ойнақ саламыз. (Ж.Саин.) Бұл тақпақта жазда шат-шадыман болған балалардың көңіл күйін жедел қарқынмен оқып жеткізуді қажет етеді.
Мұң мен күдік сияқты көңіл күйді білдіру үшін, баяу қарқынмен оқылуға тиіс:
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулағыш мінезің бар жүрек сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын
Осы өлең дұғам менің оқитұғын. (Абай.) Бір нәрсені құптау, білгірлікпен жауап беру, иландыру сияқты жайттар да баяу қарқынмен хабарлауды қажет етеді:
Өмір – жұмбақ,
Іздемеппін шешуін.
Содан екен,
Көп қиындың кешуім.
Өмір – сабақ,
Нені үйрендім?
Не білдім?
Ақ,
Қарасын
Ажыратпай көңілдің,
Сөз естімес адамдардан сөз естіп,
Жеңілмейтін жерде талай жеңілдім.
Ұмтылдырып
Бізді алға
Ілгері,
Өтіп жатыр қызықты өмір күндері.
Біздер білдік,
Біздер ұқтық дегенмен,
Екен өмір әлдеқайда күрделі. (Ш. Садықанов. «Өмір толғаныстары») Кей жағдайда сөйлемдегі сөздердің өзі-ақ қандай қарқынмен оқуды білдіріп тұрады, «жай», «жайбарақат», «әрең», «зорға» сияқты баяу қимылды білдіретін сөздер қатынасқан тіркестер баяу қарқынмен айтылса, «тез», «жылдам», «әп-сәтте» сияқты жылдамдықты білдіретін сөздер қатынасқан тіркестер жылдам оқуды талап етеді. Көркем тексттің аяғы, өлең түйдегінің соңы немесе қара сөзбен жазылған шығарманың соңғы сөйлемі баяу қатқынмен бітуі керек.
Мысалы:
Кемпір отыр екен босағада,
Қаусаған ескі астауға көзін сүзіп... (А.С.Пушкин.) Бұл жолдардың сөздері біртіндеп барып баяулап тынады. Сөйтіп, тыңдаушыға шығарманың аяқталғанын білдіруге болады.
Сонымен шығарманың мазмұнына орай сөйлеу қарқынының әр түрлі реңктерде пайдалану дауысқа ерекше дыбысталу, үн, нақыш береді. Бірақ тексттің мазмұнына байланыссыз қарқынды түрлендіре беру орындаушы сөзінің табиғилығын бұзады. Сондай-ақ, ешбір реңсіз бірсыдырғы қарқын сөзді жансыз етеді де тыңдаушыларын жалықтырып жібереді. Көркем сөз оқушы сөйлеу дағдысына машықтануы қажет: ол – сөзді бірде жай, берде тез, жеңіл, ашық, айқын дыбыстау деген мәнде болмақ. Әдеби текстті дауыстап оқуға не әңгімелеп беруге дайындалғанда ескеретін бір жайт, ауызекі сөйлегенде қарқын мен ырғақ құбылғыш келеді, тіпті бір сөйлемді аяқтағанша сөйлеу қарқыны көптеген себептердің салдарынан құбылуы ықтимал. Егер тыңдап отырған адам айтылған сөзге түсінбей қалса, толас жасап, әңгімені қайта бастау, жайлап түсіндіріп, негізгі ойды не кейбір жерлерін нақты етіп баса айту қажет.
Тәжірибелі көркем сөз орындаушы сөйлеу қарқынын тез алмастырып отырады. Эмоциялық толғау жырын орындағанда, баяу қарқынмен оқыса, жеңіл әңгімелерді ауызша айтып бергенде кідірістерді көп жасамай, кей жерінде логикалық екпінді алып тастап, тек мәнді, мағыналы жерінде ғана дауысты көтеріңкіреп, баяулатып барып логикалық, психологиялық кідіріс жасайды. Мысалы:
1.Түлкі мен қоян.
Қарқын құбылысы:
Орташа: Бір күні болдырып келе жатқан түлкі жортып жүрген қоянды көреді. Өтірік ауырған болып қоянды шақырыпты.
Мүләйімсіп, бәсең: Қоянжан-ау, қоянжан, неге сонша жортасың? Менен неге қорқасың? Бала жастан бірге өскен тоғайдың дәмін бір жеекеп. Көрші емес пе едік? Мен ауырып жатырмын, жақынырақ келсеңші. Қоштасайық.
Жедел (тез:): Сонда қоян:
-Екі құлағым сөзіңде тұр, екі көзім өзіңде тұр. Сіз етті жақсы көреді дейді жұрт. Сол рас па? – депті.
Баяу: - Рас болғанда қандай. Ет жемесем басым ауырады.
Тез: - Сіз оны өлтірмей тұрып, ойланып көрдіңіз бе? Сонда түлкі:
Баяу: - Мен дәл сол жерін ойлауды ұмытыппын. Жаныма батып, ауырып жатқаным да соның өкініші.
Тез, үдетіп: - Ұмытшақ деген: Жаман ғой, мен де содан қорқамын. Сондықтан да жортамын, - деп тұра жөнеліпті.
Түлкі мен қасқыр.