Дауыс күші. Көркем оқу мен әңгімелеп беру тәсілінің біріне дауыс күші де жатады. Дауыс күшін оның аса қатты шығуы деп ұқпау керек, ол дұрыс емес. Дауыс күші дегеніміз – дауыстың ашықтығы, тазалығы, оны игере білу, яғни ақырын да, орташа да, қатты да сөйлеп, қатты сөйлеуден ақырынға, керісінше ақырыннан қатты сөйлеуге көше білу.
Жалпы дауыстап оқу, әңгіме айту орташа қоңыржай дауыспен орындалады. Тексттің мазмұнына байланысты дауысты бірде көтеріп, бірде төмендетіп отырады. Сөйлеу темпі тәріздес, дауыс күші де интонацияның бір элементі. Дауыс күші көркем сөз орындаушыға кейіпкерлер образын жанды етіп көрсетуге, олардың іс-әрекетін, мінез-құлқын сипаттауға көмектеседі.
Айталық, С.Я.Маршактың «Аңқау тышқан» туралы ертегісін оқығанда, не айтқанда дауыс күшінің түрлі реңктерін келтіруге болады.
Оны жылқының қатты кісінеуінен басталатын:
Енді бие әлдилейді – кісінеп:
-Ұйықтай ғой, құр жатқанша есінеп.
Оң жанбастан жантай-дағы ұйықтап шық.
Саған жаным, арпа берем бір қапшық, - деген жолдарынан немесе шортанның іс-әрекетін ақырын сыбырмен суреттейтін жолдарынан аңғарамыз:
Келіп шортан айтса да өз әлдиін,
Бірақ ешкім ұғынбайды «ән-күйін»!
Шортан қанша ашқанымен аузын...
Тышқан оның естімейді даусын...
Осы сияқты, шығармадағы әр алуан кейіпкерлердің әр түрлі іс-әрекеті, мінез-құлқы дауыс күшін қалай пайдалану керектігіне меңзейді.
Қ.Мырзалиевтың «Күрес» тақпағындағы автор сөзі орташа дауыс күшімен, орташа қарқынмен оқылса, диалог сөздері қатты дауыс күшімен, жылдам қарқынмен оқылады. Автордың соңғы сөзін баяулатып оқып барып бітіру керек.
Күрес Ғайса екеуміз күресіп,
Жүріп алдық тіресіп.
Дуылдайды балалар.
Шуылдайды балалар:
-Бәсе, бәсе!
-О, мықтым!
-Қақ тұсынан тобықтың!
-Жанбасқа ал!
-Жанбасқа!
-Жеп жүріпсің нан босқа!
-Ішінен шал!
-Ішінен!
-Не істейді құр күшімен!?
-Белінен қыс!
-Белінен!
-Жігіт десем сені мен!...
-Көтеріп соқ!
-Болмаса...
-Күрес пе осы?!
-Далбаса!! –
Шіркін, ауыз мықты ғой,
Бәрін сөзбен жықты ғой!
Бұл айтқанға тойдық біз,
Жығыса алмай қойдық біз. (Қ.Мырзалиев.) Ал сағыныш, мұң сияқты көңіл күйін шертетін өлеңдерді оқығанда, дауыс күші бәсең шықпақ:
Жаз өмірін, мыз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей.
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей... (Т.Молдағалиев.) Кейде бір образдың өзін суреттеуде дауыс күшінің әр түрлі реңктері қолданылатын жағдай да болады. Онда орындаушы біресе даусын көтеріп, біресе бәсеңдетіп отырады. Мысалы:
Асау терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып, жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын,
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Қартаң Каспий қалғыған бойыменен,
Терекке көзін ашып үндемейді... (Абай.) Алдыңғы шумақта тау өзенінің буырқанып қатты аққан ағысын суреттеген тұсты орындаушы даусын қатты шығартып оқыса, келесі екі тармақты баяулатып оқимыз.
Осылайша, шығармада суреттелетін түрлі көңіл күйінің реңктері көркем сөз оқушының даусынан үйлесімін табады.
1-тапсырма. Мына шығармаларды дауыстап оқығанда, дауыс күшін дұрыс анықтаңдар да, соған орай оқып беріңдер.
1.Л.Н.Толстой. «Үш аю» («Біздің кітап»), (А – 1974).
2.Ә.Дүйсенбиев. Елка («Біздің кітап»), (А – 1974).
3.Қ.Шаңғытбаев. Күзгі жапырақтар («Біздің кітап»), (А – 1976).
2-тапсырма. Мына шығармаларды қандай дауыс күшімен оқу керектігін айқындап алып, соған орайлас дауыстап дұрыс оқып беріңдер:
1.М.Әлімбаев. «Қайда кеткен қарындаш?» («Біздің кітап». 1976).
2.Ф.Дінисламов. «Күшік пен мысық». («Біздің кітап», 1974).
3.Қ.Ұябаев. «Бөбектер». («Біздің кітап», 1976).
4.Қ.Чуковский «Кір жұқпас». («Біздің кітап», 1974).