әрекетінің барысымен байланысты себептер: 1) туу әрекетінің тым
екпінді болуы; 2) туу кезеңінің ұзаққа созылуы. Шарананың төбе сүйектерінің
жігі бітелмеген, сондықтан туу әрекетінің
барысы қалыпты болса, төбе
сүйектерінің жиегі айқасып, нәрестенің басы конфигурациясын (пішінін)
өзгертіп, біртіндеп туу арнасының көлеміне сәйкестенеді. Бастың пішіні
өзгерген кезде ми қабықшаларының синустарындағы қанның ағысы баяулап,
веналық қан іркіліп, толғақ басылған сәттерде қанның ағысы қайта қалпына
келіп отырады. Егер туу әрекеті
тым екпінді болса, қанның ағысы қалпына
келіп үлгермейді, қан іркіле түсіп, кейде веналар жыртылып, қан кетеді.
Шарананың басы жатырдың мойын тұсында ұзақ тұрып қалса, жатырдың
баспен түйіскен белдеуіндегі бұлшықеттер жиырылып қысып, веналық қан
мида ұзақ уақыт іркіледі. Туу әрекеті
тым ұзаққа созылса, бұл өзгерістермен
қатар, әдетте жатыр мен плацентаның арасындағы қанайналымы бұзылып,
шарана гипоксияға ұшырайды.
Патогенезі . Туу жарақатының патогенезі үшін шарананың құрсақта гипоксия
мен аноксияға ұшырауының үлкен әсері бар. Өйткені, бұл үдерістердің
салдарынан веналық қан іркіліп, тіндер су сіңіп ісініп, кейде жыртылып, қан
құйылады. Дегенмен, «құрсақтағы асфиксия» мен «туу жарақаты» деген
ұғымдардың мәнін ажырата білген жөн.
Патологиялық анатомиясы .
Туу кезеңінің ісігі (307-сурет) шарананың
бұрынырақ туылатын жерлерінде, яғни төбе мен шүйде тұсының, беттің,
құйымшақ пен сыртқы жыныстық мүшелердің жұмсақ тіндерінде қалыптасады.
Аталған жерлердің жұмсақ тіндері су сіңіп ісініп, ұсақ дақтар мен қанды
ошақтар пайда болады. Ісік 1–2 тәуліктен соң жойылады.
307-сурет. Туу жарақаттарының қалыптасатын жерлері . 1 — туу кезеңінің жұмсақ тіндегі ісігі; 2 —
кефалогематома; 3 — эпидуралық гематома; 4 — ми қарыншасына құйылған қан; 5 — мидың жұмсақ
қабықшасына құйылған қан; 6 —мишықтың жыртылған жамылғысына құйылған қан; 7 —
жыртылған кеуде-бұғана-үрпітәрізді бұлшықетке құйылған қан: 8 —сынған VI мойын омыртқа; 9 —
сынған бұғана; 10 — эпифизеолиз; 11 — мидың ішіне құйылған қан.