Әдеби тіл – көркем сөзбен көмкерілген сөздерден ғана тұрмайды. Бұл туралы қазақ тілі білімінің көрнекті өкілі М. Балақаев «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» атты еңбегінде, кейбір ғалымдарымыз ақын-жазушылардың өздеріне тән сөз қолданыстарын болатынын да әдеби тілдің басты белгісінің бірі деп қарайды, дей келе ойын былай тұжырымдайды: «Көркем сөз, образды тіл өрнектері көркем әдебиет тіліне тән. Олардың негізін көркем әдебиет ауызекі тілден, фольклор тілінен алды да, жазушының творчестволық лабораториясында олар одан әрі дамытылады, қыруар түрлі жаңа образдар, көркем сөз орамдары жасалады. Алайда көркем әдебиет тілі – әдеби тілдің бір бұтағы болғанымен, оның бойында болатын жоғары қасиеттер жалпы «әдеби тіл» ұғымының сипаттамасы бола алмайды» [7, 26].
Әдеби тілдің мазмұны өте кең. Профессор Мәулен Балақаевша айтқанда, әдеби тіл дегеніміз – жазба әдебиет арқылы жалпыға бірдей ортақ нормалары қалыптасқан, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі әр алуан халық тілінің жоғары формасы [7, 29].
Ал, академик Н.Сауранбаев болса, әдеби тіл табиғатын: «Әдеби тілдің де жалпыхалықтық сипаты бар, бірақ әдеби тілдің жалпыхалықтық сипаты халық, қоғам өмірінің барлық салаларында қолданылуында, халықтың сан алуан тілегін қанағаттандыруға қызмет етуінде. Яғни әдеби тіл – қоғам өмірінің барлық деңгейіне қызмет етіп, қажеттілікті өтейтін сапасы да, салмағы да жалпыхалықтық тілден де, тілдің басқа түрлерінен де бөлек тіл» [8, 11] деп жеткізеді.
Осындай анықтамалар легіне қарап, «әдеби тіл» немесе «қазақ әдеби тілі» ұғымдарының арнасы кең екендігі, олардың уақыт пен кеңістік жағдайына бейімділігі, тұрақты логикалық аксиомасының түрлілік қасиетіне ие екендігін аңғара түсеміз.
Қазақ әдеби тілін «өміршеңдік» өлшемі негізінде талдаудың бірнеше ғылыми-теориялық жетістіктері бар:
Қазақ әдеби тілі жаңа ізденістер нәтижесінде тың тұжырымдармен толықтырылды;
Әдеби тілдің функционалды стильдік тармақтарындағы жанрлық өзгерістер арқылы тілдің қоғамдағы коммуникативтік-танымдық рөлі айқындалды.
Жаһандану процесінің тілге әсері және ғылыми тілдегі сапалық өзгерістер анықталды;
Дәуірдің жағдаяттық талабына сай, білімғылым саласындағы бәсекелестік тің сапа белгісін арттыруға өз мүмкіндігінше үлес қосады [9, 4].
Қазақ әдеби тілінің өміршеңдігі қазақтың тілімен, ділімен, салтымен, болмыс-бітімімен, табиғаты мен талғамымен бірге, ұлт пен сол тілде сөйлейтін ұлттық код тасымалдаушыларымен ғана өзінің «қазақтың әдеби тіліне» лайықты сипатын жоғалтпақ емес.