Он үшінші тақырып


Әдеп – жақсылық пен жамандықты айыра білу



бет6/21
Дата04.03.2023
өлшемі0,97 Mb.
#71537
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
2.2.Әдеп – жақсылық пен жамандықты айыра білу

Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымына кіреді. Адам жақсылық атаумен өзінің арман-мұраттарын, болашақтан үміттенуін, адамзатқа деген игі тілек, сенімін білдіреді. Жақсылық арқылы жеке адамдардың іс-әрекеттеріне, қоғамдық қатынастарға баға беріледі, тұлғаның ізгілігі айқындалады.


Жамандық – керісінше, адам күнкөрісіндегі жағымсыз көріністерінің жалпылама аталуы. Оған негізінен қоғамдық пікірмен айыпталатын теріс қылықтар мен пиғылдар жатады. Жамандыққа арамдық біртабан жақын. Кісіге әдейі қастандық жасау, оған нақақтан ұрыну, ата-ананы сыйламау, олардың тілін алмау, жетімнің ақысын жеу, адамды орынсыз келемеждеу, жәбірлеу, жалған куәлік беру, ғайбат сөйлеу, ұрлық қылу секілді жамандықтың әртүрлі көріністері өкінішке орай, қазір де кездеседі.
Жақсылық пен жамандыққа қатысты бізді толғандырып жүрген бір мәселе: «Адам туысынан жаман ба, зұлымдыққа бейім бе?» деген сұрақ. Ғұламалар бұл сұраққа әртүрлі жауап беріп келеді. Олардың кейбірі-адам жануардан жаралған, сондықтан одан мұра болып қалған соқыр сезімдер (инстинктер) адамды жарға соқтырмай қоймайды дейді. Енді біреулері: «туғаннан адам сәби сияқты пәк, тек оны бүлдіретін қоғам» деген пікірді жақтайды. Шынтуайтқа келгенде, адам міндетті түрде зұлымдыққа әуес емес, ол жақсылықтың адам өмірінің барлық жақтарын қамти алмағандығынан туындайды. Жақсылық пен жамандық туралы жалпы түсінікті қарастырып өткен соң, олардың қазақилық баламалары мен дәстүрлі көшпелі қоғамдағы реттеушілік тетіктеріне тоқталып өтейік. Дәстүрлі қазақ қоғамында жақсылық, имандылық ұғымымен түйісе қолданылып келді. Имандылық тек таза діни ұстаным емес. Абай айтқандай, иманжүзді адам дегеніміз өз бойына кісілік қасиеттерді толық қондыра білген тұлға. Өзінің 12 және 13 сөздерінде ақын иманның діни және халықтық түсініктеріне талдау береді. Соңғысын Абай адам болудың шарты жақсылық пен жамандықты айыра білу қабілеті деп түсіндіреді.
«Кімде-кім жақсы дүр, жаман дүр ғибадат қылып жүрсе, оны ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуел – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе екен. Кімді-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» [9, 30 б.].
Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.
Жоғарыда аталып өткендей, дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі жақсылық пен имандылық құндылықтары, негізінен халықтың ауызекі шығармашылығында көрініс тапқан. Сөзіміз дәлелді болу үшін Жұпар Ақтомпышқызы термесінен бір үзінді келтірейік:
Жақсылық қайдан шығады,
Жамандық көзін жұмбаса.
Жамандық қайдан шығады,
Жалғандық төсін ұрмаса.
Дархандық қайдан шығады,
Мейірім жүзін бұрмаса,
Іштарлық қайдан шығады,
Қызғаныш ешкім қылмаса.
Имандылық қайдан шығады,
Тәрбие, ұят болмаса.
Абырой қайдан шығады,
Талап пен еңбек болмаса.
Өркениет қайдан шығады,
Мәдениет, өріс болмаса [10, 129 б.].
Жақсылық, жамандық, имандылық ұғымдары ауызекі мәдениет жағдайында мақал-мәтелдерде, нақыл сөздерде, үлкендердің бата беру дәстүрінде, салт пен дәстүрде, ырымдарда ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Мысалы, төменгі бата түрінде жақсылық пен жамандықты айыра білу тілегі айтылған:
Адамзат туы – ар болар,
Әділдік – соған нәр болар.
Жадыңа тұтсаң осыны
Жақсылық саған жар болар.
Қасыңның жолы тар болар,
Тілектен қазына жиғанның
Туысыңа тұнық бол,
Татулыққа – тамаша бол
Ықыласқа – иық бол.
Ошағы, орны бар болар.
Ошақта отың маздасын,
Орныңнан ор қазбасын.
Құрдасыңа – қуаныш бол,
Сырласыңа – сынық бол
Жылағанға жұбаныш бол,
Ана алдында аласа бол,
Ар алдында биік бол [10, 20 б.].
Қорыта айтқанда, қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде этиканың маңызды ұғымдары «жақсылық» пен «жамандық» өзіндік мазмұнға ие болып, тұлғаралық қатынастарды реттеуде маңызды рөл атқарған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет