1.2 Бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістігін бағалаудың психологиялық аспектілері
Қазіргі таңда психология ғылымының өзекті де, өткір мәселелерінің бірі оқушылардың білім сапасын арттыру, оқыту мәселесін жақсату болып отыр. Соған байланысты оқушылардың білім бағасына және сол білімді бақылау жүйесі жайлы құжат «Жалпы білім және кәсіптік бағдар беретін мектеп реформасының негізгі бағыттарында» бұл мәселеге жоғары мән берілуде. Қазақстан Республикасының білім туралы заңында білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, ақыл-ой, мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған оқыту мен тәрбие берудің үздіксіз процесі деп көрсетілген [4, 101б].
Ж. Ы. Намазбаева өз еңбегінде: «Қоршаған адамдардың берген бағасын оқушының дұрыс қабылдауы – оның білімділігін көтереді, ал баланың өзіне-өзі талап қойып сынмен қарау қабілеттілігі оның ақыл-ой дамуы жағынан жетіліуіне жағдай туғызады. Оқушы өзінің барлық мүмкіндіктерін бөліп алып, өзіне шек қоя білсе, осының барлығы жеке тұлға болуына игі әсер тигізеді» – дейді. [5, 21б]. Көрнекті ғалымдар Ж.Б.Қоянбаев, Р.М. Қоянбаевтардың «Педагогика» атты еңбегінде былай деп көрсетілген: «Мұғалім оқушының білімді, іскерлікті, дағдыны игеру сапасын тексеріп қана қоймайды, ол оқушылардың ойлау тәсіліне, практикалық жұмысқа үйретеді және білімдегі кемшілікті жоюдың жолдарын іздестіреді». Оқушылардың білімін бағалау үшін мынандай жағдайларды ескеру қажет:
Оқушы білімінің жақсы жақтарын және кемшіліктерін дәлелдеу;
ә) Баға әділетті болуы қажет, оқушының бағасын әдейі төмендетуге, оған өте жеңіл-желпі қарауға және ымырашылдыққа салынуға болмайды;
б) Әр бір баға – бұл тек қана білімді есепке алу емес, ол шын тәрбиелік құрал. Сондықтан оқушы білімін бағалауда немқұрайлыққа салынуға болмайды;
в) Оқушының кейбір теріс қылықтары үшін бағаны жазалау құралы ретінде қарастыруға болмайды;
г) Оқушылар білімін тексеруді және бағалауды сабақтардың әрбір кезеңдерінде іске асыру керекте әрі міндетте [6, 150 б].
Білім саласының критерилері мен бағалау әдісіне қатысты қарым-қатынас жүйесін жасау Ресейлік психологиялық диагностика принциптеріне сәйкес жүргізіледі. Л.В.Занков «Түрлі дидактикалық күй бойынша жұмыс істейтін бастауыш сынып мұғалімдерінің психологиялық ерекшеліктері» мақаласында қалыптасқан оқыту жүйесі кіші бастауыш кезеңін оқушының жеке тұлғасының дамуындағы мейлінше жемісті, табысты кезең деп қарайды. Баға, Л.В. Занков жүйесінде қолданылған күнде де бір белгі немесе оқыту нәтижесін сырттай безендіру құралы ретінде болады. Мұғалім өз жұмысының табыстылығын үлгерімнің жалаң көрсеткіші бойынша емес, оқушылардың дамуындағы алға жылжушылыққа қарап бағалап, қорытады.
Баға – оқу әрекетінің маңызды бөлімі және оқушылардың танымдық іс-әрекетін арттыру құралы да болады. Кез-келген адам өз өмірінде заттар мен құбылыстарға, өзге адамдарға, олардың қылықтарына, жағдайлар мен саяси оқиғаларға баға беріп отырады. Әйгілі психолог Ш.А. Амонашвили, педагог Ю.К. Бабанскийлердің пікірінше, педагогика бағаны оқушының білім көлемі мен тәртібіне қойылатын тұрақты өлшем деп түсінеді. Баға туралы психологиядағы мынандай жағдайларды анықтайды. Біріншіден, психикалық дамуды басқару механизімі және адамның өзін-өзі басқарумен бірге бейнелеудің түрлері мен әдістері теориялық тұрғыдан нендей екендігі анықталады; Екіншіден, баға шәкірттердің арнаулы пәндерді меңгеру дәрежесіне сәйкес қойылады; Үшіншіден, бағалау техникасын оқып-үйрену кезінде тәжірибелік міндеттерді қалай алу мәселесі іздестіріліп, оның мән-жайы анықталады; Төртіншіден, психология ғылымының өзіндік әдістемелік сұрақтарына жауап беруде айтарлықтай кедергілерге ұшырайды.
Баға – ауызекі сөйлеу ретінде және ғылыми сөздік ретінде көптеген мазмұнға ие, яғни, мазмұнның өзінде көптеген ерекшеліктері бар. Сөйлеу мен сөз әдетте екі жақты қызмет атқарады:
1. Бағаны әрекет әрі процесс ретінде қарау;
2. Осы процестің нәтижесін шартты түрде бейнелеп, тиісті деңгеймен бағалау [7, 80б]. Зерттеуші Н.А.Батуриннің айтуынша, бағалау негізінен формалды-логикалық нәтиже. Жүйелі бағалау жайындағы психологиялық талдау қазіргі таңдағы жаңашыл психолог-ғалым С.М.Жақыповтың зерттеуінше, оқытушының танымдық іс-әрекеттерінің бірлескен жағдайында ғана жүзеге асады. Б. Г. Ананьев өзінің «педагогикалық бағаның психологиясы» атты монографиясында мынандай мәселелерді қозғайды. Баланың психикалық процестерінің дамуында әсіресе ақыл-ой тек қана оқыту әдіс-тәсілдерінің көмегімен дамып қоймайды, сонымен бірге, баға арқылы да оқушының танымдық процестерін басқаруға болады. Б.Г. Ананьев бағаның рөлін төмендегідей қарайды:
а) Бағыт берушілік рөл, яғни оқушылардың ақыл-ой дамуына, білімді меңгеруіне көмектесетін реттегі қызметі;
ә) Ынталандырушы рөл, яғни баланың табысқа жету жетпеуіне байланысты аффекті – еріктік сапаларының жетілуіне әсер ететін қызметі. Бағаның тікелей әсерінен біз, ақыл-ой жұмысы қарқынының тоқталуы немесе шапшаң өсуін, сапалы өзгерістерге (яғни жұмыс тәсілінің өзгеруін, апперациялық құрылыстағы өзгерісті, ақыл-ой механизмдерінің қайта құрылыуына) ие боламыз [8, 301].
Психологиялық мәні жағынан, педагогикалық бағаның тәрбиелік функциясының маңыздылығын және өзектілігін байқауға болады. Міне, осы әсерлерге байланысты біздер жұмыс тәсілін өзгерте аламыз, ақыл- ой механизмдерін қайта жаңғырту жағынан мән бере аламыз. Педагогикалық бағаның психологиялық маңыздылық идеясын ертеде 1921 жылы ағылшын психологы Джеймс былай деген болатын: «Оқушылардың өздерінің әрекеттерінің соңғы нәтижелерін білуі керек және өз мүмкіндіктерін білуі олардың әрі қарай психологиялық дамуының алғы шарттары болады». Американ психологы Герлок бағаның оқу әрекетінің нәтижесінің әсеріне байланысты жасалған тәжірибесінде 106 баламен Куртис тестін жүргізген, топтағы балалар әрекетіне баға берген, тек соңғы топқа ғана баға бермеген, сол бағалау жүргізілмеген топта ең төменгі, нашар көрсеткіш болған. Осыдан шығатын қорытынды: бағалаудың болмауы көптеген теріс жағдайларға әкеліп соғады. Мысалы: әрекетке бағыт берудің орнына баланы жаңылдырады, ынталандырудың орнына объектіні депрессияға ұшыратады, субъективті түрде ымдау білдіруге жетелейді [9, 108б].
Баланың әсері өзіндік, даралық ерекшеліктерге ие болады және біздің алдағы типалогиялық зерттеу заты бола отырып, бағаның сабақта дифференциалды, жоспарлы сипатта мұғалімнің тәрбиелік жұмысында пайдалануына қажеттілігін көрсетеді. «Оқу әрекетін бағалау», «жұмысты талқылау», «оқушылардың әдеті, ұқыптылығы», жалпы мектеп бағасы төңірегінде пікірталастар 1850 жылдан бастап педагогикалық журналдар бетінде көптеп жарияланып келеді. Оқыту нәтижелерін сапалы бағалау мүмкіндіктерін көптеген шетелдік зерттеушілер Б.С. Блумның «Оқыту мақсатының таксономиясын» қолданумен байланыстырады. Б.С. Блум оқыту мақсаттарының таксономиясының танымдық, эмоционалды, психомоторлық салаларын ерекше бөліп көрсетеді. Танымдық салада келесі категориялар жүйесі ерекше бөлінген:
а) Білім;
б) Интеллектуалды шеберліктер (түсіну, ауысу, қолдану, талдау, біріктіру, баға).
Тиімді дамыту бағалауының барысында баланың жалпы дамуын бағалау арқылы емес, ең алдымен бағалаудың негізі – оқу әрекеті арқылы жүзеге асыратындығын үнемі есте сақтау керек. Ал, бағалау жоқ жерде түзету мен толықтырулар енгізілмегендіктен, оқыту ісі тұңғиыққа тірелері сөзсіз. Қорыта келе жоғарыда айтылғандарды бір сөзбен топшалағанда, дамыту бағалауының түрлерін қысқа түрде мектеп мұғалімдері үшін екі нұсқаушы құрал ретінде беруге болады:
1. Мектеп тәжірибесінде үстемдік құралы ретіндегі жеке тек оқушының оқу әрекетінің нәтижесі болатын бағалаудан аулақ болуы керек. Мұғалім бағасы оқушылардың өзін-өзі бақылауын ауыстыра алмайды.
2. Бағалаудың тиімді жүзеге асуы үшін мұғалімнің оқушы тапқан түзету, әдіс-тәсілдеріне дұрыс қарым-қатынасының болуы шарт. Оқушылардың түрлі, соның ішінде жеке, өзіндік оқу міндеттерін шешуге талаптары, ұжымдық салыстыруларының пайда болуы, өзара талқылау міне мұның барлығы оқу - танымдық мотивтерінің қалыптасуына әкеліп соғатынын есте сақтау керек. Ал, бұл жағдайдың барлығы сөзсіз, мұғалімнен терең кәсіптік дайындықты, шеберлікті, табандылықты, аса терең қабілеттілікті қажет етеді.
Ы.Алтынсарин мұғалімнің жадына мына жәйтті мықтап шегелейді: «Мұғалім кіммен істес болып отырғанын ешуақытта ұмытпауы тиіс. Егерде, балалар бір нәрсені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәламауы тиіс. Балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі және шыдамдылық танытқаны абзал, екі ұшты, астарлы сөз, орынсыз терминдерді қолданбағаны жөн болады», – деп мұғалімнің тәлімгерлік жұмысына үлкен сын айтады [10, 88б].
Зерттеу пәні «баға» болғандықтан, бағамен тек білім тексеріп, сұрау кезінде және жауап алғанда ғана кездестіретінміз рас. Оқушылардың сабақ сұрау кезіндегі ақыл -ой жұмысының сипаты өзіндік эмоционалды және еріктік формадағы синтезі болып есептеледі. Психология ғылымының көзқарасы бойынша, әрекетті анықтайтын, әрекетті тудыратын алғашқы шарттардың бірі – ол бағалау болып табылады. Э.Л.Торндайктың шешімі көпке мәлім: яғни ұзындығы 3 см. сызық жүргізу үшін, оны үнемі өлшеп отырмаса оны сызу мүмкін емес. Адам әрекеті бағалаумен бірізді болып отырады, ал, әрекеттің болуы тек бағалаумен байланысты. Бұл дұрыс, орынды яғни бағалау терең меңгерілген, өте таныс әреккеттер кезінде ғана ескерілмеуі мүмкін. Бағалау кезінде басты екі нәрсеге көңіл бөлуі керек:
1. Білімі жөніндегі нәтижелерді жинақтау.
2. Олардың психологиялық мазмұнын анықтау.
Білім жөніндегі нәтижелерді жинақтағанда, біздер педагогтар, мейлінше әділ, нақты, дұрыс шешімде болуымыз керек, ал психологиялық мазмұнын талдағанда алған нәтижелерді талдап -біріктіріп, белгілі бір дұрыс қорытындыға келуіміз керек. Ал, психологтар бірауыздан бағаның жеке адамның жалпы дамуына кері әсер ететін факторларын айтады. Б.Г.Ананьев, В.А.Сухомлинский, Л.В.Занков, А.И.Липкина, Ш.А.Амонашвили, Д.Б.Эльконин бұл мәселелер бойынша көп жұмыс жасаған. А.В.Захарова бағалауды іс-әрекеттің бір бөлігі деп санайды және оқушылардың өзін – өзі бағалауына маңызды орын береді.
Ференц Ленард және оның қызметкерлері «вариациалық оқыту» – деп аталатын тәжірибесінде оқыту-дамыту кезеңдерін шектеді (білім игеру, қайталау, ол білімді қолдану т.б.) және оқу әрекетіндегі біліктілік кезеңін анықтады. Бұл кезеңдерді түрлі мазмұндағы бағалау қолданылды. Бірінші кезеңде оқушылар өзін-өзі бақылау негізінде өз әрекеттерін ұпай арқылы бағалады. Өзіне-өзі баға беру арқылы мұғаліммен кері байланыс қамтамасыз етілді. Екінші кезеңде мұғалім оқушы жұмысын: бес балдық бағалау жүйесінің көмегімен бағалады. Өзінің оқыту тәжрибесі арқылы Ф. Ленрд оқу әрекет жүйесін қолдана отырып, бүкіл кезеңдерде бағалауды қолданып отырды. Вариациалық оқытуда оқу әрекетінің үш бөлігі де оқу міндеті, оқу әрекеті және мұғалім бағасы мен өзін -өзі бақылау, жаңадан бір – бірімен органикалық байланыста жүзеге асты. Мектеп оқушыларының оқу әрекеті динамикасынын, оқу үлгерімі дәрежесінің ауытқуын талдады. Ол бес балдық бағалау жүйесінің нашар және жақсы оқитын оқушыларда ауытқу туғызбайтынын дәлелдеді. Л.С. Выготский, Д.Б. Эльконин, В.В.Давыдов зерттеулері дамыта отырып, оқыту қағидаларын ұстанады. Қазақстандық психолгтар С.М. Жақыпов, Ж.Ы. Намазбаева, Қ.Б. Жарықбаев, Х.Т. Шерьяздановала еңбектері де осы оқыту процесінде басшылыққа алатын пікірлерді алға тартқан [11, 82 б.].
Қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулерге сүйенсек, бастауыш мектеп оқушыларының үлгерімдері мен оқу қабілеттері жөніндегі ұғымдар арасындағы байланыс өзара әсер ету сипатында болады. Оқудағы табыстар өзіне-өзі баға беруді жеткізеді, ал, өзін-өзі бағалау өз кезегінде күту, талпыныс деңгейі, стандарт, мотивация, өз күшіне сену механизмдері арқылы оқу табыстылық деңгейіне әсер етеді. Өзіне-өзі баға берудің төмендеуі оқушының өз күшіне сенімсіздігін білдіреді, ал нашар үлгерім өзіне-өзі баға беруді төмендетеді. Жалпы, білім беру жүйесіндегі бүгінгі күнгі бағалау (бес балдық жүйе) өз қызметін толық атқарып болған секілді. Жан-жақты ақпараттанған, техникалық құрал жабдықтың тетігін білген икемді және белсенді өсіп келе жатқан кез-келген баланы бүгінгі бағалау дәрежесі қанғаттандырмайды. Бағалау – баланың психикалық дамуымен тығыз байланыста жүретіні рас. Сондықтан, бүгінгі күннің жеткіншектің талабына қазіргі заманға сай жаңа технологиямен қамтамасыз етуді қажет ететін тың идеяларға негізделген бағалау жүйесі өте қажет болып отыр [12,117 б].
Бағалау ісі баланың психологиялық дамуына тікелей әсер етуші фактор. Білімді, іскерлікті және дағдыны тексеру және бағалау танымдық іс-әрекет кезеңдерінің бірі болады. Бұл жердегі негізгі мақсат – оқушылардың оқу жұмысын бақылау, олардың үлгерімін және оқудың кері байланысын есепке алу. Өйткені, оқушының оқу жетістіктері оның тек алған білімдерінің сапасымен өлшенбейді, басты рөлде оқушының жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту және алған білімін күнделікті өмірде қолдана білу екендігі сөзсіз аян.
Достарыңызбен бөлісу: |