2. Қазақстан және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ).
Алғашында «Шанхай бестігі» шекара проблемалары мен қауіпсіздік мәселелерін тиімді шешу үшін құрылған болатын. Өзара сенімділік, теңдік, бір-бірінің мүдделері мен пікірлеріне деген құрмет, мәміле арқылы өзара түсіністікке жету және қол жеткізілген келісімдерді атқарудағы еріктік келісімдері негіз болған «Шанхай рухының» арқасында 2001 жылдың маусым айында Шанхай ынтымақтастығы ұйымы құрылды.
Осы жылдары ШЫҰ әлемдік қоғамдастықта өзін нақты мандаты бар және алдына қойған міндет-мақсаттарды табыспен атқаратын қуатты және перспективалы ұйым ретінде таныта білді. ШЫҰ – біреулерге қарсы бағытталған әскери блок немесе тұйық альянс емес, ол кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған ашық ұйым. Бүгінде қатарына әлемнің айтулы елдері кірген ШЫҰ адамзаттың тең жартысын қамтып отыр.
Шекара жөніндегі келіссөздерде жинақталған тәжірибе Қазақстанға, Ресейге, Қытайға және біздің Орталық Азиядағы көршілерімізге Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға қол жеткізген үдерістерді бастауға мүмкіндік берді. ШЫҰ – жаңа үлгідегі ұйым, оны «қырғи-қабақ соғыстың» салқыны шарпымаған, бұл ұйым саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты үйлестіреді. ШЫҰ-ның жұмысындағы маңызды басымдық өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық тәртібін сақтауға беріледі. Осы мақсатта ұйымның терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес жөніндегі конвенциясы бекітілген. Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылым жасалып, ойдағыдай қызмет етуде. ШЫҰ - әскери-саяси блок емес, үшінші елдерге немесе ұйымдарға қарсы бағытталмаған.
ШЫҰ даму үдерісінің сөзсіз жетістіктерінің қатарына мыналар жатады:
Біріншіден, шекара бойында қауіпсіздік пен сенімділіктің кең аумағы құрылды.
Екіншіден, Ұйым мақсаттарына қол жеткізу жолында, саммиттер мен тұрақты кездесулер барысында берік құқықтық негіздер жасалды.
Үшіншіден, Ұйым органдары – Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымның Хатшылығы мен Атқарушы комитеті құрылды. Экономикалық ынтымақтастық органдарын құру аяқталып келеді.
Қазіргі кезеңде лаңкестікке, сепаратизмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымы мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес – ШЫҰ үшін басымдықты маңызға ие. Оған қоса сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға да баса назар аударылуда.
Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, оны жүзеге асыру жөніндегі алты елдің экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық байланыстарының ең маңызды салаларындағы мәселелер мен бағыттар қамтылған 100-ден астам нақты жобалар бойынша іс-қимылдар жоспары қабылданды.
Қазақстан, арадағы өзара іс-қимылды сыртқы саясаттың басымдықты бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, Шанхай ынтымақтастық ұйымына үлкен мән береді.
ШЫҰ-ға қатысушы елдер, оның ішінде Қытай мен Қазақстан бар, Еуроазиялық құрлықтағы қауіпсіздік проблемаларына, бейбітшілік пен орнықтылықты нығайтуға басты назар аударып отыр. Лаңкестік, сепаратизм, діни экстремизм сияқты құбылыстар ШЫҰ елдерінің халықтарына қауіп төндіруде және аталған «үш зұлымдыққа» қарсы іс-әрекет Ұйым қызметінің негізгі тұғырлы бағыты болып табылады. 2005 жылы Астанада өткен саммитте мемлекет басшылары өзекті жаһандық және аймақтық проблемалары бойынша ШЫҰ-ның бағыт –бағдарын белгілеген Астана Декларациясына қол қойды. Сол жолы лаңкестікке, қарсы маңызды құжат – ШЫҰ елдерінің лаңкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасы бекітілді. ШЫҰ елдері өз аумақтарында лаңкестік әрекеттердің, басқа мемлекеттердің мүддесіне қарсы бағытталған әрекеттердің жолын кесу жөніндегі шаралар қабылдауда. ШЫҰ аясында лаңкестікке қарсы бірлескен жаттығулар, тұрақты консультациялар өткізіледі, ақпарат алмасылады.
2004 жылы Ташкентте Ұйым органы – Лаңкестікке қарсы аймақтық құрылым құрылды. Бұл құрылымның қазіргі қызметінің негізгі бағыттарының бірі – лаңкестікпен, сепаратизммен, экстремизммен күрестегі ШЫҰ елдерінің нормативтік-құқықтық базаларын қалыптастыру.
ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ (ШЫҰ), 2001 ж. маусымда ұйымдастырылды. Ұйымға алғашында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей кіріп, "Шанхай бестігі" деп аталды. Кейінірек Өзбекстан ұйымға қосылғаннан кейін қазіргі атауына ие болды. Ұйым мүшелерінің мақсат-міндеттерін, өзара қатынастарын және идеологиясын анықтайтын негізгі құжат 2002 ж. 7 маусымда қабылданған ШЫҰ Хартиясы. Бұл құжат бойынша ШЫҰ әскери-саяси және экономикалық одақтастық болып табылады. Ұйымның құрылуына негізгі себепші болған Қытайдың мақсаты ШЫҰ арқылы Орталық Азия аймағына және Ресейге өзінің ықпалын арттыру болды. Ал Ресей Қытаймен ынтымақтасу арқылы АҚШ-тың және Еуроодақтың әлемдік экономикалық және саяси диктатына қарсы күресуді көздеді. Қазақстанның мақсаты — өзінің екі ядролық қуаты бар көршілерімен бейбіт өмір сүріп, олардың бай рыногын пайдалану. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан ШЫҰ-нан экономикалық интеграцияға ену арқылы пайда табуды және өздерінің геостратегиялық қауіпсіздіктерін күшейтуді көздейді. Сонымен ШЫҰ оның барлық мүшелері үшін пайдалы болып отыр. Ұйым аймақтағы терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге, заңсыз қару сатуға және наркотрафикке қарсы күрестегі шешуші факторға айналды. 6 мемлекет өзара пайдалы экономикалық және сауда қатынастарына жол ашты. Сөйтіп, ШЫҰ арқылы қатынастар жасау оның мүшелерінің арасындағы қайшылықтарды шешіп, шекара мәселесінің реттелуіне әкелді. Өзара маңызды мәселелерді талқылаудың, қатынастарды тұрақты реттеудің форумы жасалып, ұйым көлемінде антитеррорлық коалиция қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда ұйым көршілес мемлекеттердің бейбіт, өзара қатынаста өмір сүруінің маңызды тетігіне айналды. ШЫҰ-ның құрылуының әлемдік саясатта төмендегідей маңызы бар. Біріншіден, ұйым шеңберінде әлемдік екі держава Қытай мен Ресей өзара қатынастарын жандандырып, бірін-бірі түсінушілігі жақсарды. Аймақгық күшті екі орталықтың Орталық Азияда АҚШ позициясының күшейіп кетпеуіне бағытталған саясаты ШЫҰ-дағы қарым-қатынастарды теңестіріп отырады. Ал Қазақстан ұйым шеңберінде екі державаға өз мүддесін қорғатуға ұмтылып отыр. Екіншіден, мемлекетаралық деңгейде ШЫҰ елдері арасындағы келісімдер аймақтағы қауіпсіз өмірдің және тұрақтылықтың кепілі болып табылады. Үшіншіден, салааралық деңгейлердегі қатынастарды белсенді ете түседі. Олар: антитеррорлық күрес, трансұлттық өзендерді тиімді пайдалану, энергетика, транспорт, коммуникация және сауда қарым-қатынастарын жандандыру. Қазақстанның көмірсутекті потенциалын Қытайға жақсы бағамен сатуға мүмкіндігі бар. Осы өзара пайдалылық екі ел арасындағы сенімділікті және татулықты арттыра түседі. Осындай өзара пайдалы мүдделер Қытай — Ресей қатынастарына да тән. Сол себепті ШЫҰ арасындағы шекаралық жағдай, әскери мәселелер ойдағыдай шешіле бастады. ШЫҰ елдерінің "Терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге қарсы күрес туралы конвенцияға"' сауда-экономикалық қатынастар, инвестициялар, энергетика, т.б. салалардағы нақты және түсінікті келісімшарттарға қол қоюы ұйым беделін және тиімділігін арттырды. ШЫҰ-ның геосаяси және геоэкономикалық мүмкіндігі аса күшті. Оның мүшелері Қытай, Ресей және Қазақстан әлемдгі экономикалық дамуы ең пәрменді елдердің қатарында. ШЫҰ мүшелері әлем халқының бестен бірін, әлемдік құрлықгың төрттен бірін қамтып отыр. Әлемдік геоэкономикалық саясатта ШЫҰ аймақтық қауіпсіздікпен бірге экономикалық тиімділігін көрсетті (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. –Алматы, 2007. 437-б.).
Достарыңызбен бөлісу: |