Панда жылаған жаз жанарбек Әшімжан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сериясы «Сөздік-Словарь»



Pdf көрінісі
бет11/32
Дата26.02.2017
өлшемі1,78 Mb.
#4999
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   32

тАПсЫрЫстЫ ӨЛІМ кІМДерДІң
тАЛқАНЫН тАуЫстЫ?
Айдың-күннiң аманында арыстай азамат ажал жастығына бас қоюда. 
Тарландарымызға  тасадан  тас  атып,  тал  түсте  талқанын  тауысып 
жүргендерге  қашан  тоқтам  болады?  Қармақты  құйрығымен  қағып 
ойнап жүрген жайындардың жолын кесуге құқық қорғау қызметкерлерi 
неге  дәрменсiз?  Тапсырысты  орындаушы  қандықол  қақпанда  жатса 
да, неге тапсырыс берушi беймәлiм болып кете барады? Кiсi қолынан 
тағдыры күл-күмiрә болып кеткен бейкүнә жандар соңдарына осындай 
бiтеужара қалдырып кетiп жатыр.
Iргемiздегi  Ресейде  тапсырыспен  кiсi  өлтiру  оқиғасы  күн  сайын 
көбейiп  барады.  Билiктегi  шенеунiктер,  дума  депутаттары  қарауылға 
iлiнiп жатыр. Тiптi, нысанаға журналистер іліне бастады. Бiрi подъезде, 
бiрi көлiгiнде, ендi бiрi саяжайында... әйтеуiр, естiсең төбе шашың тiк 
тұрады. Жүйкемiздi жүн етiп, тiлiмiздi безеп мұны неге айтып отырмыз? 
Соңғы  уақыттарда  Қазақстанға  Ресейдiң  ықпалы  күшейiп  бара 
жатқаны анық аңғарылуда. «Ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей... 
Тақырыпты аздап саясатпен тұздықтасақ, бiраз мәселенiң шетi көрiнедi. 
Ортақ валюта сыбысын ақырына дейiн саумалап, сыналағысы келетiн 
топтар  жоқ  емес.  Осындай  қалаймақанда  Қазақстан  шикiзатын  өз 
пайдаларына асырғысы кеп жүрген Ресей олигархтарының айла-амалы 
да  аз  күмән  туғызбайды.  Нарықтық  алашапқында  нан  табуды  басты 
нысана еткендер сол жолда барын асынып, бақанын алып, барлық iс-
әрекетке баратынын уақыт көрсетiп отыр. Бүған дәлел – Мәскеу мен 
Петербор көшелерiндегi теңкиiп-теңкиiп жатқан тапсырысты өлiмнiң 
құрбандары.  Сол  қанға  мелдектеген  өлi  денелерден  ақшаның  иiсi 
шығады. Адал ақша жөнiнде сөз жоқ. Әңгiме соңы адам өлiмiне әкелiп 
тiрейтiн  айналымдағы  қан  атқақтап  тұрған  арам  ақша  төңiрегiнде 
болып  тұр.  Мәселен,  «Қазақстанға  АЭС  салып  беремiз»  деп,  бүтiн 
бiр  мемлекет  атынан  сөйлеп  жүрген  орыс  олигархтары  көздеген 
мүдделерiне жету жолында бар күштерiн жұмсайды.
Қазақстан  өз  азаттығын  жариялаған  осы  азғана  жылдар  ішінде 
елiмiзде  қаншама  тұлғалар  қорғасын  «жұтып»  кетті?  Қазақстанның 
қауiпсiздiк саласы мен iшкi iстер қызметкерлерiнiң құс ұйқылы болғаны 
абзал. Өйткенi, «батпандап кiрiп, мысқалдап шығатын» бұл дерт кiрпiк 
қақсаң болды, қара жамылдырып кетедi.
Жұмыр  жердi  жетi  айналсаң  да  таба  алмайтын  тұлғаларымызға 
жасалған  қастандықтар  осы  күдiктi  ұлғайтып,  қауiп  бұлтын  зорайта 
түсуде.  Ал,  ертең  Колумбиядағы  наркобаронның  һәм  Гонконгтағы 
гангстердiң  тәжiн  киген  тажалдар  өз  арамыздан  шығып,  Қазақстан 
аумағын  шеңгелiне  алып,  шемен  болып  қатса  ше?!  Мiне,  осындай 

114
үрейлер үрпиiп-үрпиiп iнiнде жатқан жалдамалылар жайлы ой қозғауға 
жетелейдi.
Қазiр  қастандық  атаулы  Қазақстанның  әр  аймағынан  бой  көрсете 
бастады, әсiресе Ресеймен шекаралас облыстардағы топтардың мүдде 
қайшылықтарының ақыры ақым қазуға әкелiп тiреуде.
Әлеуметтiк  сананың  шылауында  кеткен  өз  орынбасары  Кимнiң 
тапсырысымен  талқаны  таусылған  бiр  кездегi  құрылыс  алпауыты 
Мильграмның қазасы тоқсаныншы жылдардың ортасында қала жұрт- 
шылығының үрейiн алған. Осы тапсырысты орындаған Салахатдиновтiң 
қарақшылық тобы одан кейiн де Ресей мен Қазақстанда неше адамның 
қанын  мойнына  жүктедi.  Араға  үш-төрт  жыл  салып  барып  қолға 
түскенмен, Салахатдинов салған лаң Алматыны қорқыныш апанының 
аузына апарып тiреп қойды. Себебi, халық «тапсырыспен кiсi өлтiру» 
деген пәленi алғаш сол кезде естiген...
Одан кейiн ұлттың уықтары бiр-бiрден пырт-пырт сына бастады... 
Соңғы уақыттардағы ақыры құмға сiңген судай сұйылып кете беретiн 
қылмыстық оқиғалар қапыда көз жазып қалған жайсаңдарға қайта бiр 
оралудың ретiн келтiрiп тұрғандай. 
Түбi  бiр  түрiк  елiнен  туған  жерге  келiп,  қазан  көтерген  Мұстафа 
Өзтүрiк едi. Мәрмәр теңiзiне кiндiгiн жуғанмен, туған Отанға қарай-
қарай ержеткен перзент жат елде шығыс жекпе-жегi өнерiмен қазақтың 
атын  сан  мәрте  аспандатқан.  Әйгiлi  Брюс  Лимен  қанаттасып  өнер 
көрсеткен  ұл  елге  оралғанда,  таэквондо  өнерiне  иман  құйылғандай 
әсерде қалып едiк. Туған жерде қазақтың қарадомалақтарының басын 
қосып, мектеп ашты. Қайрат, Бексейiт секiлдi тектi жiгiттердi маңына 
жиды.  Мұстафа  көтерген  көк  байрақтың  астында  қазақ  ұландары 
талай рет ұлт абыройын асқақтатып қайтты. Тiптi, шығыс жекпе-жегiн 
құрсақтан меңгерiп шыққан елдiң ерлерiн татамидiң бесiншi бұрышына 
қаңғыртып  жiберген  қазақтың  бiлектi  жiгiттерi  аз  емес.  Халық 
«Мұстафадай серкесi бар спорт ешқашан сергелдеңге түспейдi» деген 
сенiмге әбден бой үйреткен. Түрiк халқының данагөй басшысы Тұрғыт 
Өзал мырза да Өзтүрiктiң өнерiн бас бармақпен бағалағаны тегiн емес. 
Мұстафамен  табақтас  болғандар  да  Өзтүрiктiң  мәдениет  пен  саясат 
төңiрегiнде  тым  тәуiр  әңгiме  өрбiтетiн  шешендiгiн  жырдай  қылып 
айтады.  Сол  ұлдың  қазасын  естiгенде  анасы  Нұрилә:  «Отанға  барып 
опық жейдi» деп үш ұйықтасам түсiме кiрген бе едi? Ұлымның сүйегiн 
Түркияға алдырыңдар», – деп қатты кейiпті. Iле-шала атпал азаматтың 
өлiмiне «астан уланған» деген сараптама жасалды. Бойын у жайлаған 
сүйектiң құнын кiмнен сұрағандайсың? Сол күнi киiз үйде Мұстафаны 
айнала қоршап, тамақтанып отырған тоғыз адамның бүгiнде қазақтың 
аты мәшһүр ұлдары екенiн әркiм-ақ бiледi...

115
Өзтүрiктiң жанарынан дүние дөңгелеп бара жатқанда сол киiз үйде- 
гi арыстың аузына иман су ала жүгіргендер өмiрiне араша түсе алма- 
ды-ау...
Мұстафаның  осы  өлiмi  сұраусыз,  күдiктi  өлiмдей  көрiнедi  де 
тұрады...
Сол күдiктi Бексейiт Түлкиевтiң қазасы да қоюландыра түстi.
Шығыс  жекпе-жегiн  бiлегiне,  қылқаламын  жүрегiне  жасырған 
бiртуар  перзент  Бексейiт  Түлкиевтiң  қазасы  да  қазақ  халқының  аза 
бойын қаза қылды. Мұстафадай мәрт жандардың жанында Бексейiттей 
белдi  жiгiттер  ғана  жүре  алса  керек  едi.  Мұстафаның  қисаймаған 
жалауын кейiндерi шетелдерге Бексейiт көтерiп барып жүрдi. Самдағай 
қазақ балаларының шапшаң қимылына сүйсiнген белгiлi қытай кино 
жұлдызы  Джеки  Чанның  да  Бексейiттей  ұстазға  ризашылығын 
бiлдiргенiн естiгенбiз.
Бейнелеу  өнерiнде  «Сүрбойдақтың  арманы»,  «Күнге  бет  алған 
керуен»,  «Сәйгүлiктер»,  «Жекпе-жек»,  «Шыбын  жан»,  «Әке»,  «Қас- 
қасу»,  «Ұйықтап  жатқан  бала»  атты  тамаша  картиналар  мен  «Ұлы 
көш»  атты  әйгiлi  эпопеялық  туынды  қалдырған  қылқалам  шеберiнiң 
әлi де берер дүниесi мол едi. Палитра бетiне жағылған сансыз бояудың 
iшiндегi қара ноқат өмiрiне нүкте болып таматынын сездi ме екен, есiл 
ер? Өкiнiшке қарай, 1998 жылдың 14 сәуiрiнде қандықол қарақшылар 
сұп-сұр кенептiң бетiне өмiр бедерiн қондырған жүректiң ту сыртынан 
пышақ  ұрды.  Осы  орайда  мынандай  ой  келедi:  он  адамға  оңай 
берiспейтiн жекпе-жек шеберi көлденең көк аттылардың құрған торына 
қалай түсiп қалды? Әсiлі, сол оқиға қалай болып едi? Аңыз-ақиқаты 
аралас Бексейiттiң бұлдыр-бұлдыр қазасы туралы бiзге емiс-емiс талып 
жеткен  деректер  бүй  дейдi:  Бексейiт  сол  күнi  өз  көлiгiмен  қасына 
қарындасын ертiп, ықшамаудандардағы бiр танысының үйiне барған. 
Алтыншы, әлде жетiншi қабат... Қарындасын көлiкке қалдырып: «Мен 
бес-жетi минутта шығуға тиiспiн», – деп ескертiп кеткен кеткен-мыс. 
Бұған қоса, Бексейiт қарындасына: «Егер айтқан уақытта шықпасам, 
тиiстi  орындарға  жедел  хабар»,  –  дегенге  саятын  сөз  айтқан-мыс. 
Алайда,  бiртуар  суретшi  ол  үйден  айтқан  уақытында  аман-есен 
оралған. Қарындасын үйiне апарып тастап, одан соң өз пәтерiне жол 
тартқан. Оқиға сол өз үйiнiң тұсында, көлiк қоятын гараждың iшiнде 
болған. Оқиғаның қайғылы жағдайда аяқталғаны – қылмыскерлердiң 
Түлкиевтi  өлтiруге  арнайы  дайындалып  келгенiнен  хабар  бередi. 
Сонымен бiрге, Бексейiтке өзiнiң жақсы танитын адамдары қастандық 
жасағаны туралы аңыз-шыны аралас әңгiмелер ел iшiнде жиi айтылады.
Бексейiт  пышаққа  түскеннен  кейiн  гараждың  iшiнде  әлденеге 
айналып, бiраз аласұрып жүрiп қалғанға ұқсайды. Осы тұста томпақтау 
бiр  нәрселер  бар.  Кейiндерi  оқиғаға  қаныққандар  «Бексейiтке  қол 

116
салғандар – өзiнiң жанында жүргендер» деп жүрдi, сол болжам тегiн 
емес-ау... Бұл қылмыс та «жабулы қазан...» күйiнде қала бердi.
Ай-күннiң  аманында  тағы  бiр  суретшi  Алматының  кақ  ортасында 
көзден  ғайып  болды.  Көрнектi  суретшi  Мағауия  Аманжолов  өз 
шеберханасынан шығып, қайтып оралмады. Осы күнге дейiн не өлi, не 
тiрi екенi белгiсiз. Бұл жерде бiз «Мағауия Аманжоловқа да әлдекiмдер 
тапсырыс бердi» дегендi айтқымыз келiп отырған жоқ. Бiрақ, ел аман, 
жұрт тынышта бiлдей бiр азамат неге iзiм-қайым жоқ болып кетедi? Бұл 
суретшiнiң әлеуметтiк тағдырынан да ептеп хабарымыз бар. Өмiрiнiң 
соңында  өз  шеберханасында  тағдыр  кешкенi  де  мәлiм.  Тұрғылықты 
жайы – Суретшiлер одағының жертөлесіндегі шеберхана. Соңғы жүрiп 
өткен көшесi – Фурманов және Әйтеке би көшелерiнiң қиылысы. Одан 
кейiнгiсi мүлде белгiсiз.
Бiр  танысым  бiрде:  «Осы  Аманжоловты  әлдекiмдер  ұрлап  әкетiп, 
полотнолар жазғызып, өз пайдаларына асырып жүрген жоқ па?» дегенi 
бар едi. Астапыралла! Солай болуы да мүмкiн бе?
Өткен  жылдың  14  шiлдесiндегi  Алаштың  арда  азаматы,  қазақ 
боксының  алып  дiңгегi  Әбдiсалан  Нұрмахановтың  қазасы  қалың 
қазақты қара жамылдырып кеттi. Қазақ боксының жас қаһармандарын 
шетел ареналарында атой салдырған Әбдiсалан өз босағасында фәни 
дүниемен қош айтысты.
Кейiнгi  олимптiк  һәм  әлемдiк  биiктiктерге  ту  тiккен  жетiстiктердi 
Нұрмаханов мектебiнiң тәлiмi деген абзал.
Аркадий Топаев, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмәдiлов, Нұржан 
Сманов, Болат Ниязымбетов, Василий Жиров секiлдi былғары қолғап 
шеберлерiн  шыңға  сүйреген  шарболаттың  да  қалай  сынғанын  көрдi 
халық.  Жел  шайқаса  да  шайқалмайтын  алып  ағаштың  құлағаны  да 
ауыр болады екен. «Батыр – бiр оқтық» дегенге амалсыз сенеді екенсiң. 
Оқиғаға алдын ала тыңғылықты дайындалған қылмыстық топ нысанаға 
алған адамын күн ұзаққа торуылдап жүрiп, ақыры алып тынды. Талай 
сананы  есеңгiретiп  кеткен  Нұрмаханов  басындағы  оқиғаны  ақпарат 
құралдары  сол  мезетiнде-ақ  егжей-тегжейлi  жазды.  Жылға  созылған 
қылмыстық оқиға ақыры ашылды. Қылмысты 1977 жылы туған шибөрi, 
бессайыс спортымен айналысқан, бұрын сотталған Владимир Коневтiң 
жетекшiлiгiндегi  қарақшылық  топ  жүзеге  асырғандығын  құқық 
қорғау  қызметкерлерi  дәлелдеп  шықты.  Iс  барысында  5-7  адамнан 
тұратын  бұл  қылмыстық  топтың  бұрын  да  талай  тонаушылық  iспен 
айналысқаны белгiлi болды. Нәтижесiнде, Әбдiсалан Нұрмахановтың 
өлiмi  бойынша  iс  қозғаған  сот  өкiлдерi  айыпкер  орындығында 
отырған қылмыскерлерге мынадай үкiм шығарған: қылмыстық топқа 
жетекшiлiк  еткен  Владимир  Коневтi  25  жылға  бас  бостандығынан 
айырды,  оқиғаға  қатысы  бар  Тұмаровқа  20  жыл,  Малдыбековке  10 

117
жыл, ал, Нұрмаханов иелiк ететiн уақытша автотұрақтың қызметкерi 
Ермұханбет Сейiтовтi (Әбдiсаланның үй-жайын көрсетiп берген осы) 
7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, Сейiтовке шығарылған 
үкiмге Нұрмахановтар отбасы риза еместiгiн ашық бiлдiрген. Сөйтiп, 
сөмкедегi 200 мың теңге үшiн ұлттың маңдайына бiткен асыл азаматтың 
алтын  басы  сұлқ  құлады.  Ал,  тергеу  нәтижесi  көрсеткенiндей, 
«қарақшылар қандай адамға қастандық жасағанын өздерi де бiлмейдi-
мiс».  Осы  оқиға  орын  алғаннан  кейiн  «Нұрмаханов  тапсырыспен 
өлтiрiлдi» деген сөз бұқара арасында желдей есiп жүре бердi. Алайда, 
сот  барысында  тергеушiлер  «тапсырыспен  жүзеге  асқан  өлiм»  деген 
күдiк тергеу барысында дәлелденген жоқ» деп мәлiмдедi.
Арыстай  азаматынан  айырылған  Нұрмахановтар  отбасы  –  жесiрi 
–  Күлпаш,  ұлдары  –  Әбдiлдә,  Асқар,  қызы  –  Данара  өң  мен  түстей 
оқиғаға әлi сенбейді...
Жоғарыда Алматы қаласында болған оқиғалардың бiр парасын ғана 
оқырман назарына ұсындық. Бұдан өзге де сыр берген тұстарымыз аз 
емес. ҚР Орталық мұрағатының директоры Марат Хасанаевқа жасалған 
қастандық  күнi  бүгiнге  дейiн  демiн  iшiне  алып  жатыр.  Тергеушiлер 
қанша  түртiншектегенiмен  мұрағат  басшысын  бақиға  аттандыру  ар- 
қылы «бай болып, барша мұратына» жеткендер туралы сезiк келтiрер 
таңба да таба алмады.
Батыс  Қазақстан  облысының  оза  шапқан  бiр  ұлы  Асқар  Шайхиев 
едi. Самбо күресiнен әлем бiрiншiлiгiнiң төрiне қазақ туын алқынбай 
жеткiзiп  чемпион  атанған  Асқардың  да  рухын  аспанға  ұшырып 
жiбердiк. Әлi талай шыңды бағыңдыратын батырдың да өлiмiнен еш 
дерек жоқ.
Осы өңiрге аты мәлiм азамат Оралбек Қожагелдиевтiң адам айтса 
нанғысыз азапты өлiмiн кейiнгi ұрпақ естiмесе екен...
Ақтөбе  облысынан  да  адамға  кезенген  мылтықтың  дауысы  ара-
тұра естiлiп қалып жатады. Тағдыры қақпақылға түсiп, ақыры кұпия 
жағдайда көз жұмған журналистен де ел-жұрт хабардар.
Жалпы, Ресеймен шекаралас өңiрлерде тапсырыспен өлтiрiлгендер 
жайлы жиi айтылып қалып жатады. Себебi, осы аймақта екi елдiң iрi 
қылмыстық топтарының мүдделерi тоғыса алмай, аяғы қаруға жүгiнiп 
жататынға  ұқсайды.  Әлгiндей  қылмыстық  топтар  кейде  көздеген 
мақсаттарына  жету  жолында  белгiлi  спортшылардың  беделiне  иек 
артатын көрiнедi. Сондай-ақ, батыс облыстарға Ресей жақтан арнайы 
тапсырыс орындайтын құралайды көзге ататын мерген «гастролерлер» 
жиi  келетiн  көрiнедi...  Таяуда  ғана  Маңқыстауда  «Ойл  констракшн» 
мұнай компаниясының басшысы Хайролла Оспановты жалдамалылар 
өз подьезiнде атып кеттi. Бұған дейiн президенттiк аппаратта жауапты 
қызмет атқарған Оспанов ауруханада көз жұмды. «Маңқыстаумұнайгаз» 

118
компаниясының  жетекшiлерi  қылмыскерлердi  тауып  берген  адамға 
аса жоғары көлемде сыйақы беретiндерiн айтты. Сонда да шағын ғана 
қалада  орын  алған  ауыр  оқиғаның  шегiне  ешкiм  жете  алмай  жатыр. 
Ендi, осы қастандықтан мұнайдың иiсi шықпай ма?
«Адам аулау» ойынынан оңтүстiк өңiр аман-есен деп тiптi де айта 
алмаймыз.  Ырың-жырыңы  көп  бұл  облыстағы  ел  білетін  тұлға,  дене 
шынықтыру  колледжiнiң  директоры  Мардан  Сапарбаев  едi.  Аймаққа 
аты  мәшһүр  Марданның  да  жанын  жол  торығандар  жаһаннамға 
жiбердi. Артына ауыр сызат салып кеткен бұл оқиғаның да сайда саны, 
құмда iзi жоқ. Осыдан бiраз ғана уақыт бұрын Шымкент қаласындағы 
арақ-шарап шығаратын бiрнеше зауытқа иелiк ететiн Юрий Ким деген 
кәсiпкердi жалдамалылар тапа-тал түсте атып кеттi. Әйтеуiр, абырой 
болғанда  –  Оңтүстiк  Қазақстан  облыстық  iшкi  iстер  басқармасының 
қызметкерлерi Кимдi өлтiрген киллердi қолға түсiрдi. Жанына қысым 
келген  жандайшап  кәсiпкердi  өлтiруге  тапсырыс  берген  адамның 
да  атын  айтып  бердi.  Киллер  тапсырысты  «сәттi»  орындағаны  үшiн 
1000 АҚШ долларын алған. Мыңдаған адамдарға жұмыс тауып беріп 
отырған адамдардың өмірі осылай кенеттен үзілуде.
ҚР Парламентiнiң депутаты, белгiлi қаржыгер Қаратай Тұрысовтың 
басындағы жағдайды дұшпанның да басына бермесiн. ҚР Мемстандарт 
төрағасының  орынбасары  қызметiн  атқаратын  ұлы  Нұрлан  Тұрысов 
пен келiнi, Энергетика және минерадцы ресурстар министрлiгiнiң бас 
маманы  Баян  Атабаеваны  қылмыскерлер  пәтерiнде  жайратып,  халық 
қалаулысының отбасына қара жамылдырып кеттi. Жарты жыл болды, 
қару асынған алаяқтардан бiр хабар жоқ.
«Әй, әлгi жауыздардан еш хабар жоқ па?» деп ақырғы күніне дейін 
Қаратай  Тұрысов  ақсақал  алаңдаумен  өзі  жалғаннан  көшті.  Қандай 
ауыр!  Тағдыр  тауқыметi  Қаратайдай  ұлт  қайраткерiнiң  қабырғасын 
қаусатып, жанын мұқалтқан соң, кiмге барып, не дегендейсiң?
Алды-артыңа қаратпай, алдына салып алып қуып келе жатқан уақыт-
ағзамның  қалтарыс-бұлтарысында  қаншама  тағдыр  қанға  мелдектеп 
кетті десеңізші...

119
«МеНІң суретІМДІ ПАрЛАМеНтке ІЛМеңДер...»
(Жолсапар)
Бес сағатқа жуық әуе кеңiстiгiн тiлiп өткен алып лайнер Ыстамбұл- 
дағы  «Ататүрiк»  әуежайына  Анкара  уақытымен  таңғы  сағат  7.30-да 
келiп  қонды.  Астана  мен  Анкара  арасындағы  уақыт  айырмашылығы 
небәрi төрт сағат қана.
Қазақстаннан  келген  журналистер  делегациясын  әуежайдан  Қа- 
зақстанның Түркиядағы елшiлігiнiң бас консулы А.Әбутәлiпов мырза 
қарсы алды. Елшiлiк Анкарада болғанымен, консулдық әзiрше Ыстам- 
бұлдағы  кеңседе  екен.  Әуежайдан  шыққан  көлiк  керуенi  министр 
ҚР  Ақпарат  министрі  Сауытбек  Абдрахманов  бастаған  журналистер 
тобын  Ыстамбұлдың  оңтүстiк  шығысында  орналасқан  «Дедеман» 
қонақүйiне  алып  келді.  Аз-кем  дем  басқаннан  кейiн  бағдарламамен 
таныстық. Тарихы осман арғымақтарының тұяғымен жазылған тарихи 
орындардың  бағдарламада  молдығы  бiздiң  көңiлiмiздi  қуантты. 
Жалпы,  Ыстамбұлдың  әр  тасын  түртiп  қалсаңыз,  тарихтан  сыр 
ақтарып салатындай. Сан жорықты басынан өткерген, тарихы тағдырға 
шыланған  осынау  көне  шаһарда  бүгiнгi  күнi  15  миллионға  жақын 
халық тұрады. Бүтiн Қазақстанның халқы бiр ғана қалада орналасқан. 
Бiр Ыстамбұлдың өзiнде төрт мың мешiт бар.
«Долма бақша» сарайы, әйгiлi Аясофия жане Сұлтан Ахмет мешiтi, 
«Доп қапы» сарайы, Османның етегiн әркiм бiр жұлмалап, ит талағандай 
еткен  жаугершiлiк  заманда  әлеуметтiң  таңдайына  су  тамызған 
жерасты  бассейнi,  патшалар  шатырын  тiккен  Малта  шөкi  төбесi  мен 
«Жұлдыз» саябағы, қыл аяғы «Бешикташ» пен «Галатасарай» футбол 
командаларының  стадиондарына  дейiн  Ыстамбұлда  киелi  орындар 
болып  саналады.  Осы  тарихи  орындарға  түрiктiң  еңкейген  кәрісiнен 
еңбектеген  баласына  дейiн  күн  сайын  келiп  тәу  етедi.  Ат  жалын 
тартып мiнген әрбiр түрiк баласы түрiк болып туғанын керемет мақтан 
тұтады. Дүкендерде, ғимараттарда, үйлердiң балкондарында, көлiктiң 
маңдайшаларында,  көше  қиылыстарында,  зат  салатын  дорбаңыздың 
сыртында  жиі  көзге  ұшырайтын  бiр  нәрсе  бар,  ол  –  түрiк  халқының 
жалауы. Түрiк жастары жалаудың астында осылай тәрбиеленiп жатыр. 
Кез  келген  түрiк  азаматы  сiздi,  мейлi  ол  алпауыт  кәсiпкер  болсын, 
қарапайым  жүргiзушi  болсын,  күтушi  болсын,  өз  елiне  деген  шексiз 
патриоттығымен таңқалдырған болар едi.
Бұл  жөнiнде  кейiнiрек  айтатын  боламыз.  Ендi  аз-кем  алған  әсер- 
лермен де бөлiсе отырайық.

120
«Долма бақша» сарайы
Бұл  алып  сарай  (бүгiнгi  күнгi  тiлмен  айтқанда,  президент 
резиденциясы)  Осман  империясының  соңғы  патшаларының  бiрi 
–  сұлтан  Әбдiлмәжиттiң  уақытында  салынған.  Осман  тарихын 
атшаптырым  сарайға  алтын  әрiптермен  жазып  кеткен  Әбдiлмәжит 
20  жасында  патша  болып,  38  жасында  дүниеден  өткен.  Өз  қолымен 
тұрғызған  сарайда  бес  жыл  ғұмыр  кешiптi.  Осман  тарихында  бүтін 
Еуропа құрлығын түгел аралап шыққан патша да осы – Әбдiлмәжит. 
Өзі өте алып тұлғалы болған көрiнедi, бойы 2 метр 30 сантиметр.
Сарай құрылысы 1843 жылы басталып, 1856 жылы аяқталған. Сарай 
орналасқан  аймақтың  жалпы  аумағы  110  мың  шаршы  метр  болса, 
ғимарат  45  мың  шаршы  метр  жердi  алып  жатыр.  Оны  тамашалауға 
күнiне 2000 адам келiп-кетедi екен. Туристер үшiн кiру құны – 50 АҚШ 
доллары.  Негiзiнен  «Долма  бақша»  сарайы  Түркия  парламентiнiң 
қадағалауында.
Әбдiлмәжиттен  кейiн  сарайда  өмiр  сүрген  екiншi  патша  –  сұлтан 
Абдулазиз. Бұрын бұл сарайдың орнында II Махмұт патшаның ағашпен 
салған сарайы болған. Долма бақша сарайы XIX ғасырдың орта тұсында 
салынғандықтан, пiшiнi еуропалық сәулет үлгiсiне көп жақын. Ондағы 
285  бөлме,  43  зал  және  6  түрiк  моншасы  күнi  бүгiнге  дейiн  мұрты 
бұзылмастан, қаз-қалпында сақталған. Түрiк халқы үшiн аса киелі болып 
саналатын  бұл  сарай  екi  ғимараттан  тұрады.  Бiр  бөлiгiнде  патшалар 
сырттан келген қонақтарды қабылдап отырса, екінші бөлiгiнде сарайда 
қызмет атқарған адамдардың отбасылары тұрған. Сырттан келген аса 
мәртебелi қонақтар ресми сапармен келгенде, патшаға сыйлық ретiнде 
түрлi суреттер берiп отырған. Қазiргi күнi онда сол суреттердiң 600-i 
сақтаулы.  Бейнелеу  өнерiнiң  жауһарлары  саналатын  бұл  мұралардың 
ең көлемдiсi – жиырма төрт шаршы метр. Бір түнде бүкiл кемелердi 
таудан  асырып  әкелiп,  Ыстамбұл  шаһарын  бағындырған  21  жастағы 
Фатық Сұлтан Мехмет патшаны бейнелеген ғажайып туынды да осы 
сарайда сақталған.
Мәрмәр теңізiнiң жағалауына орналасқан ғажайып сарайдың шығыс 
жақ бөлiгiндегi ғимаратта үкiмет адамдары мен мүфтият кеңсесi қатар 
орналасқан.
Сондай-ақ, сарай iшiндегi айрықша маңызы бар бөлме – патшадан 
қалған кiтапхана. Кiтапханада қазiргi күнi 10 000-нан астам кiтап қоры 
сақталған.  Iлгерiде  бұл  кiтапхана  жергiлiктi  халық  пен  алыс-жақын 
шетелдерден  келген  туристерге  қызмет  жасамаған  көрiнедi.  Осыдан 
үш  ай  бұрын  Әбдiлмәжит  патшаның  ұрпағы  бар  кiтаптың  бас-аяғын 
жинастырып,  сарай  игiлiгiне  жаратыпты.  Сарай  кiтапханасында 

121
сақталған кiтаптардың басым бөлiгi – әдеби туындылар. Олар негiзiнен 
немiс, француз және түрік тiлiнде жазылған шығармалар.
Жалпы,  Осман  тарихынан  ойып  тұрып  орын  алған  патшалардың 
өмiрiнен мол мағлұмат беретiн тарихи ғимаратты аз уақыт iшiнде танып-
білу мүмкiн емес. Сарайдағы экспонаттардың 95 пайызы – түпнұсқалар. 
Дегенмен,  ерiксiз  мойын  бұрғызып  қарататын  экспонаттарға  назар 
аударуға тырыстық. Сондай сыйға тартылған бағалы мүлiктердiң бiрi 
– Наполеон патшаның роялi мен Александр патша сыйға тартқан аю 
терiсi. Бұдан да өзге алтынмен апталып, күмiспен күптелген, әлемнiң 
әр  тарапынан  келген  түрлi  құнды  сыйлықтарды  көруге  болады. 
Осы  сыйлықтардың  өзi-ақ  Осман  империясының  атынан  ат  үркетiн 
беделiнен аз хабар бермесе керек.
«Долма бақша» сарайында төрт патшалықтың ғұмыры өткен.
Құрбан  айт  пен  Ораза  айт  мерекелерi  осында  аталып  өтiлетiн 
болған.  Соңғы  рет  мұнда  түркi  мемлекеттерi  басшылары  саммитiнiң 
салтанатты кешi болған, одан кейiн қолданылған емес.
НАТО-ға  мүше  елдердiң  айтулы  басқосулары  да  осы  сарайда 
өткізіліп тұрады.
Түрiк  халқының  келешегiн  кемелдендiрiп  кеткен  Мұстафа  Кемал 
Ататүрiк  «Долма  бақша»  сарайына  1927  жылы  келiптi.  Негiзгi 
астана  Анкараға  көшiрiлгендiктен,  Ататүрiк  бұл  сарайдағы  кеңсесiн 
Ыстамбұлға  келген  кезiнде  ғана  пайдаланып  отырған.  Ататүрiк 
өмiрiнiң  көбiн  Анкарада  өткiзген,  алайда  ақтық  демi  1938  жылдың 
10  қазанында,  таңғы  сағат  тоғыздан  бес  минут  өткенде  осы  сарайда 
таусылған. Сондықтан, сарайдағы сағат тiлдерiнiң бәрi 9 сағат 5 минут 
уақытты  көрсетiп  тұр.  Ататүрiк  «Долма  бақша»  сарайына  қайтыс 
боларынан апта бұрын ғана келiп жатқан екен. 
Бiздiң елдегi тұтынушыларға «Рамстор» супермаркеті етене таныс. 
Осы  «Рамстор»  сауда  үйi  әлемнiң  барлық  елдерiнде  жұмыс  iстейдi. 
Сол «Рамстордың» қожасы – түрiк халқының Коч династиясы. «Метро 
сити»  –  Түркиядағы  ең  iрi  сауда  орталығы.  Мұның  да  иесi  алпауыт 
Коч  отбасы.  Оның  жылдық  табысының  өзi  Қазақстанның  жылдық 
бюджетiнен  екi  жарым  есе  көп,  яғни  6  миллиард  АҚШ  доллары. 
Бiр  ғана  «Коч  холдинг»  бiр  жылдық  табысымен  Ресей  халқын  үш 
жыл  асырай  алады  екен.  Осы  сауда  орталықтарын  алғаш  үйлестiрiп, 
әлемдiк деңгейде қанат жаюына ықпал еткен негiзгi қожасы үлкен Коч 
бiраз уақыт бұрын бақилық болыпты. Ол әлемдегi байлардың iшiнде 
47-орында тұр. Қазiр барлық шаруаны үйлестiрiп отырған немересi.
Түркияда  ұлттық  басылым  ретiнде  саналатын  13  газет  бар. 
Солардың iшiнде таралымы жөнiнен екiншi орында тұрған – «Заман» 
газетi. Күнделiктi шығатын басылымның қазiргi таралымы – 420 мың 
дана. Әрине, 70 миллион халқы бар Түркия үшiн бұл таралым аз болуы 

122
да мүмкiн. Алайда, Түркияда газеттер арасындағы бәсекелестiк қатты 
дамыған. Басылымдәр негiзiнен нарыққа бейiмделген.
«Заман»  газетi  өз  пiкiрiн  еркiн  бiлдiретiн  басылымдар  қатарына 
жатады. Ең бастысы, газет саяси-экономикалық тұрғыдан тәуелсiз. Дәл 
қазiргі уақытта «Заман» Алмания, Испания, Грекия, Америка, Англия, 
Австралия,  Румыния,  Македония  және  Болгария  елдерiне  тарайды. 
Басылым негiзiнен экономикалық бағытқа көп көңiл бөледi. Күніне бiр 
нөмiрде түрлi бағытты қамтитын 500 жаңалық жарияланады. Оның 150-
i суретке құрылған мәлiметтер. Сондай-ақ, «Заман» газетiнiң жанында 
бiрнеше  ақпараттық-сараптамалық  агенттiк  бар.  Бұл  агенттiктер 
күнiне  11  жергiлiктi  телеарнаны  48  аймақтық  телеарнаны  тосын 
һәм  тың  ақпараттармен  қамтамасыз  етiп  отырады.  25  елде  тiлшiлер 
қосыны  жұмыс  істейді.  Жалпы,  газеттiң  Ыстамбұлдағы  штабында 
750  журналист  жұмыс  iстейдi,  шетелдерде  100-ден  астам  меншiктi 
тiлшiлері бар, 6 баспаханасы бар.
Ақпаратпен қамтамасыз ететiн агенттiк жетекшiсi бiзге: «Сiздердiң 
Иракта әскери контингенттерiңiз бар емес пе? Бiздiң ол жерде арнаулы 
тiлшiлерiмiз  бар.  Қаласаңыздар,  солар  туралы  толық  мағлұматтарды 
бейнетаспа  түрiнде  де,  басылымдық  нұсқасын  да  дайындап  бере 
аламыз», – дедi. Мәселен, түрiк журналистерi Парсы шығанағындағы 
бiздiң әскери контингентiмiз туралы бiр суреттi 100 АҚШ долларына 
бағалады.
*  *  *
«Антанталықтар» әр тұстан анталап, осман империясына шабуылға 
шыға бастаған шақта, Жаратқан түрiк халқына бiр ұл сыйлаған. Ол – 
осы  Ататүрiк  болатын.  Әсiлi,  әңгiме  Анадолы  туралы  болғанда,  сөз 
Мұстафа  Кемал  Ататүрiктен  басталуға  тиiс  едi.  Ататүрiк  –  Түркия 
парламенттiк республикасының тұңғыш президентi. 1923 жыл, 29 қазан 
– түрiк тарихында алтын әрiппен әдiптелген күн. Еуропаның iргесiне 
барып қазық қаққан түрiк халқының саяси сахнадағы салтанатты шеруi 
де Ататүрiктен басталады. Еңсесi еңкейiңкiреп кеткен елдiң шекарасын 
«жетi өлшеп, бiр кесiп» берген де Ататүрiк. Этникалық жағынан ала-
құлалығы бар елдi таза түрiктiк құрылымға иiп әкелген де осы тұлға. 
Алғаш  Ататүрiк  қалыптастырып  берген  Ата  заң  да  жарты  ғасырдан 
астам түрiк халқының тамырына су құйып берiп келдi. Соның айқын 
дәлелi шығар, Қара теңiз бен Мәрмәр теңiзiне жағалай малдас құрған 
бүтiн түрiк халқы үшiн Ататүрiк есiмi жалаумен егiздес ұғым секiлдi 
әсер қалдырады. Қай кеңсеге барыңыз, мейлi ол үкiмет үйi, аумақтық 
уәлилiктер болсын, яки алпауыт кәсiпкердiң мекемесi болсын, зауыт, 
фабрика  болсын,  төрiнде  тек  Ататүрiктiң  суретi  iлiнiп  тұрады.  Тiптi, 

123
етiкшiнiң дүңгiршегiнен де көзiмiз шалып қалды. Ел президентi Сезер 
мырзаның әйдiк суретiн емге таппайсыз.
Қай  елде  болсын  парламенттiң  орны  ала-бөтен.  Бiздiң  Түркия 
парламентi  орналасқан  үйге  жолымыз  түстi.  Түркиядағы  соңғы 
парламент  сайлауы  2002  жылдын  3  қарашасында  болған.  Парламент 
спикерi  жолсапарда  екен.  Министр  Сауытбек  Абдрахманов  бастаған 
журналистер  тобын  спикердiң  орынбасары  Салих  Қапусуз  мырза 
қабылдады.  Қапусуз  Түркияның  саяси  элитасының  диiрменiн  айнал- 
дырып  отырған  Ақ  партияның  өкiлi  екен.  Парламенттегi  Әдiлеттi 
даму партиясы фракциясының жетекшiсi де – спикердiң орынбасары. 
Фракция жетекшiсi Осман империясының өте әдiлеттi және гуманистiк 
бағыттағы  басқарылымын  мақтан  тұтатынын  айтты.  Түркияда  бiр 
палаталы  парламент.  Парламентте  бес  жүз  елу  бес  депутат  бар. 
Екi  партиялық  фракцияға  бөлiнедi.  Олар  –  Түркияның  премьер-
министрi Ережеп Тайып Ердоғанның басшылығындағы Әдiлеттi даму 
партиясы (Ақ партия) мен республикалық халықтық партия. Соңғысы 
–  оппозициялық  партия.  Парламенттегi  басымдыққа  ие  –  Ақ  партия, 
олардың құрамында 368 депутат бар. Оппозициялық партияның өкiл- 
дерi  –  172  адам.  Парламент  орналасқан  ғимараттың  құрылысы  1939 
жылы басталып, 1961 жылы аяқталған. Ғимарат аустриялық сәулетшi 
Хольц Майстер Клеменстiң басшылығымен салынған. Екiншi дүние- 
жүзiлiк соғыстың салдарынан ғимарат құрылысы 22 жылға созылған. 
1996  жылы  мәжiлiс  залы  толықтай  жаңартылған  екен.  Мәжiлiс 
залының төбесiне үлкен-үлкен 16 люстра iлiнген. Бұл түркi тiлдес 16 
халықтың символдық белгiсi үшiн әдейi таңдап алынған. Парламентте 
билiк партиясы сол жақта, оппозициялық партия оң қапталда отырады. 
Ара-тұра депутаттар арасында төбелес те болып қояды. Сонымен бiрге, 
парламентте халыққа арналған арнайы ауқымды лоджия бар. 300-ден 
астам адам сыяды. Әрбiр түрiк азаматы парламенттегi саяси-әлеуметтік 
маңызы басым заң жобаларының талқылауларына қатысып, өз үндерiн 
бiлдiре  алады.  Соңғы  рет  халыққа  арналған  мiнбе  Кипр  мәселесiне 
қатысты талқылауда лық толған.
Әлгiнде Ататүрiктiң суретi туралы әңгiме қозғап қалғанбыз. Бүтiн 
Анадолыда тек Түркия парламентiнде ғана Ататүрiктiң суретi iлiнбеген. 
Парламент тарихымен таныстырып жүрген маман бiзден: «Осы жерден 
нендей  айырмашылық  көрiп  тұрсыздар?»  –  деп  сұраған.  Бiз  ештеңе 
аңғара  алмадық.  Аңдасақ,  парламентте  бүкiл  Түркия  халқы  төрiне 
қойып жүрген Ататүрiктiн суретi жоқ екен, және парламентке суретiн 
iлгiзуге Ататүрiктiң өзi қарсы болып: «Егер парламентте менiң суретiм 
iлiнiп тұратын болса менің мысым басып кетуі мүмкін. Ал бұл жағдай 
депутаттардың  халық  үшін  аса  маңызды  құжаттарды  қабылдауына 

124
да  кедергі  келтiреді.  Сондықтан,  менiң  суретiмдi  парламентке  iлмеу- 
лерiңiздi өтiнемiн», – деп өсиет қалдырыпты.
Аясофия  –  Түркияның  ұлттық  құндылықтарының  бiрегейi.  Осы 
елге  келген  жолаушылар  мен  туристер  Аясофия  мешітіне  соқпай 
кетпейдi.  Мешіттің  салынғанына  шамамен  1500  жыл  болған.  Әйгiлi 
«Топ қапы» сарайы да осы Аясофиямен жапсарлас орналасқан. Жалпы, 
«Топ  қапының»  iшiнде  сұлтандардың  өмiрiнен  ақпар  беретiн  500-
ге  жуық  бөлме  және  15  монша  бар.  Таныстырушылар  ол  бөлмелер 
сұлтандардың әйелдерiне арналып салынғанын айтты. 500 бөлмеде – 
500 әйел. Бұл сарайда нешеме сұлтандардың дәуiрi өткен. Сондықтан, 
таныстырушы әр сұлтанның өмiр сүрген дәуiрiне жеке-жеке тоқталған 
жоқ. Сұлтанға әйел болғысы келетiн қыз балаларды жас күнiнен бастап 
осы сарайға әкелiп, дайындайтыны жөнiнде қызық дерек естiдiк. Бiр 
сұлтанға – 500 әйел. Алайда, сұлтанның соншама әйелi болғанымен, 
сұлтан  көбiсiн  жүзбе-жүз  көрмеген  де  сияқты.  Негiзiнен  сұлтанға 
әйелдердi  жанарларының  әдемiлiгiне  қарап  таңдап  отырған  деседi. 
Болашақ  әйелдер  бүлдiршiн  күнiнен  бастап  сарайда  тәрбиеленген. 
Соншама әйелдiң iшiнен сұлтанға ұнағаны – Роксалана есiмдi қыз екен. 
Ал өзге аймақтардан әкелінген, алайда Сұлтан әйелдікке қабылдамаған 
қыздар оның көмекшiлерiне немесе жоғары лауазымды қызметкерлерге 
үйлендiрiлiп отырған. Сарайдағы жоғары лауазымды қызметкерлердің 
балалары он екiден он алты жасқа дейiн осы сарайда тәрбиеленiп, кейiн 
облыстарға,  аймақтарға  басшы  болып  кетiп  отырған.  Төрт-бес  жыл 
әкiмдiк қызметте болған олар кейiн қайтадан сарайға келiп, министрлiк 
қызмет атқарады.
Бiз  «Топ  қапы»  сарайымен  жапсарлас  орналасқан  Аясофия 
мешiтiмен де түгел танысып шықтық. 537 жылы ашылған мешiт кемi 
екi-үш рет күрделi жөндеуден өткiзiлiптi. Негiзi, Аясофия – Византия 
империясының әйгiлi шiркеулерiнiң бiрi болған. Кейiн Осман империя- 
сы жаулап алғаннан кейiн қайта жасақталып, мешiтке айналдырылған. 
Ұзындығы 100 метр, енi 70 метр, биiктiгi мен мешiт күмбезiнiң диаметрi 
56  метр.  Төбесiнiң  басым  көпшiлiгi  алтынмен  апталған.  Сұлтан 
Мехмет  алғаш  Византияны  жаулап  алған  шақта  ең  бiрiншi  намазын 
дәл осы Аясофияға келiп оқыған екен. Және бұрынғы шiркеудi мешiтке 
айналдырған кезде көп өзгерiстерге жол бермеген. Қазiр христиандық 
қолтаңбалар  айқын  бiлiнiп  тұр.  Тек  намазға  шақыратын  мiнбенi 
ғана  салдырған.  Түркия  мешiттерiнiң  iшiнде  қабырғаларға  негiзiнен 
пайғамбардың аты көп жазылады. Күллi мұсылман қауымының iшiнде 
ең үлкен жазу да осы Аясофия. Бұл жазудын биiктiгi жетi метр. Аясофия 
Осман империясының қолына өткеннен кейiнгi iстеген шаруасы – он 
алтыншы  ғасырда  Мимар  Синан  есiмдi  түрiк  сәулетшiсi  бiр  жанына 
қарай  қисайып  бара  жатқан  алып  ғимаратты  тоқтатқан.  Ол  –  түрiк 

125
халқының  тарихындағы  ең  ұлы  сәулетшi  болған.  Негiзi  Леонардо  да 
Винчи мен Мимар Синан екеуi бiр дәуiрде өмiр сүрген көрiнедi. Елдегi 
аңыз-әңгiмелерге қарағанда екеуi бiр-бiрiн таныған секiлдi. Сол Мимар 
Синан  салған  ғимараттар  Түркияда  жетiп  артылады.  Өткен  жылы 
Түркияда болған жер сiлкiнiсi кезiнде сол ғимараттардың бiрде-бiрiнiң 
қылпығы қисаймапты. XX ғасырдың сәулетшiлерi жеткен жетiстiктер 
мен  қолданған  тәсiлдердi  Мимар  Синан  өз  дәуiрiнде  айтып  кеткен 
екен. Аясофияның тап iргесiнде жерасты бассейнi бар. Бұл бассейннен 
халық  жаугершiлiк  кезеңдерде  су  iшiп  отырған.  Бассейндi  салуға 
уақытында 40 мың құл жұмылдырылған екен. Сол 40 мың құлдың көбi 
осы бассейннiң құрылысы кезiнде жан тапсырыпты. Жерасты бассейнi 
1609 жылы басталып, 1617 жылы бiткен.
*  *  *
Еуропаны кезiп жүрген Ер түрiктiң бөрi ұлдарының бiрi – Түркия 
Республикасының  премьер-министрi  Ережеп  Тайып  Ердоған.  Бұл 
елде президенттен гөрi премьерiңiздiң беделi жоғары. Президенттi де, 
премьердi де парламент сайлайды. Соған қармастан, түрiк халқы өте 
саясатшыл. Кез келген жерде саясат пен спорт тақырыбының көрiгiн 
қыздырып отырғаны.
Ердоған  билiкке  келген  тұста  әлемдiк  саясаттың  кәрi  құлақтары 
кәдiмгiдей  әбіржіп  қалған  едi.  Себебi,  Ердоғанның  жетекшiлiгiндегi 
жеңiске жеткен партия исламдық бағыттағы құрылым болатын. Алайда, 
айқын басымдықпен жеңiске жеткен партия жетекшiсi Түркияның iшкi-
сыртқы  саясатын  мүлде  түрлендiрiп  жiбердi.  Еуропаға  қадам  басты. 
Алпауыт  елдермен  әмпәй-жәмпәй.  Әскери  қорғанысын  одан  сайын 
күшейтiп алды. НАТО-ның құрамындағы елдердiң iшiндегi ең әскерi 
көп ел де осы Түркия. Жалпы, әскери күшi 1,5 миллион болса, оның 
600-i НАТО-ның қарамағында.
Ердоғанның  елдегi  беделi  өте  жоғары.  Айналдырған  екi  жылдың 
iшiнде бiрнеше ірі реформа жасап үлгердi. Сол реформалардың жетiстiгi 
шығар,  аз  ғана  мезгiлде  Ердоған  ықпалды  мемлекет  басшыларының 
iшiнде ондыққа кiрдi. Дәл қазiр бүтiн Түркия «Ердоған бiздiң әкемiз» 
деп отыр. Еуропалық Одаққа мүше болудың алғышарттарын жасап та 
үлгердi. Кипр мәселесiнде де аз абырой жиған жоқ. Қысқасы, тек түрiк 
халқының ғана мүддесi үстемдiк құрып тұр.
Түрiк лирасының құны онша адам қызығарлықтай болмай тұрғаны 
жасырын  емес.  I  АҚШ  доллары  –  I  миллион  400  мың  түрiк  лирасы. 
Сондықтан,  Түркияда  миллионер  болу  онша  қиын  шаруа  емес. 
Мәселен,  «Егемен  Қазақстан»  газетiнiң  бас  редакторы  Жанболат 
Аупбай  ағамыз  100  АҚШ  долларын  ауыстырып,  140  миллион  400 
мың түрiк лирасымен демде-ақ «миллионер» болып шыға келдi. Ендi 

126
Ердоған  ақша  айналымында  реформа  жасамақ  ниетте.  Яғни,  түрiк 
банкнотындағы  алты  нөл  алынып  тасталмақшы.  Айналымға  жаңа 
банкноттар енгiзiлгенiмен, ескi ақша бiр жыл бойы айналымда жүредi. 
Бұл  халық  қолындағы  ескi  банкноттарды  айналымнан  шығару  үшiн 
және  халыққа  қолайлы  болу  үшiн  жасалмақшы  екен.  Түрiк  тiзгiнiн 
қолына  берiк  ұстаған  Ердоған  өз  ұлты  үшiн  жатпай-тұрмай  еңбек 
етiп жатыр. Мұны халық та сезiнiп отыр. Әлгiндей iскерлiгiн жоғары 
бағалаған кейбiр электорат Ердоғанды «екiншi Ататүрiк» деп те атап 
қояды. Жалпы, түрiк халқының әлеуметтiк жағдайы жаман емес сияқ- 
ты. Түрiк қоғамында тұрғын-үй мәселесi де шешiлген. «Екi қолында 
бiр күрегi» бар түрiк халқы Түркияның келешегi үшiн жұмыс iстеуде.
Ердоғандай  көсемi  бар  түрiк  халқының  бақыттан  басы  айналып 
отыр.
Түбi бiр туысқан елдiң Еуропада үстемдiк құрып отырғанын көрiп, 
бiз де тәубә дестiк.
Алматы – Ыстамбұл – 
Бұрса – Анкара – 
Ыстамбұл – Алматы.

127
І І І - б ө л і м

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет