Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет20/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26

Алланың нұры

Күн шуағы, Ай сəулесі жайған нұр

Нұры емес пе мейірімді Алланың.

Жарық жұлдыз, жауын суы, жауған қар –

Төгілген нұр шарапатты Алладан.

Ақын жыры, өнерпаздың əн-күйі

Алла нұрын құйса ғана шалқиды.

Өмірдегі мақсат, мұрат, арманың –

Нұрлы жолы қайырымды Алланың.

Тілегімді қабыл қыл!

Бір деген – Жаратушы жалғыз ғана,

Екі – еркек, жəне əйел, ойлап қара.

Үш – ерлердің кезегі сөзге тоқтар,

Төрт деген – төрт құбыла жанға пана.

Бес деген – мұсылманның бес парызы,

Алты – аласы, болмаса еш қарызы.

Жеті тамұқ – мекені имансыздың,

Сегіз жұмақ – мүміннің басқан ізі.

Тоғыз – уақыт құрсақта жатқан бала,

Бісімілладан бақытын тапқан бала.

Он дегенім – екі қол тілек тілер,

Тілегімді қабыл қыл, Хақ-Тағала!

Намаз

Көңілдің толтырғандай тайқазанын,



Намазға тұрған сайын бой жазамын.

Жүзімді құбылаға қаратқанда,

Бес мəрте жайылады жайнамазым.

Беріліп оқығанда таң намазын,

Едəуір жеңілдетем жан азабын.

Намазым қабыл болса бесіндегі,

Алланың көп күнəмді кешіргені.

Парызын орындасам екіндінің,

Жан-жүйем босап кеткен секілдімін.

Намазым оқылатын ақшамдағы,

Жемістей пісіп тұрған бақшамдағы.

Ұққанда қасиетін жасиықтың,

Ұлықтап Бір Алланы, бас иіппін.

Сондықтан қайда жүрсем, маза болмай,

Оқимын бес намазды қаза қылмай.

Көңілдің толтырғандай тайқазанын,

Намазға тұрған сайын бой жазамын.

Жүзімді құбылаға қаратқанда,

Бес мəрте жайылады жайнамазым.

Парыз бен Қарыз

Иман, Намаз, Ораза,

Зекет, Қажы – парыз.

Азан айтсаң тілекпен,

Ниет қылсаң жүрекпен,

Өткен күннен бар із.

Болып жатса еш күнің,

Келісе ме кескінің,

Кімге айтасың арыз?!

Таңда жəне кешқұрым,

Жасамасаң ешбірін,

Толып кетер қарыз.



Ораза

Ауыз берік,

Сенім – көрік,

Жігер, ерік –

Ораза.

Тұнық бұлақ,



Салқын суат,

Дəтке қуат –

Ораза.

Жабық құлақ,



Жасыл құрақ,

Асыл тұрақ –

Ораза.

Тілге – тыйым,



Алған сыйың,

Күнде жиын –

Ораза.

Айтпай өсек,



Атпай кесек,

Қысты жеңу –

Ораза.

Таза жүру,



Көріп, білу,

Хаққа сену –

Ораза.

Қадір түнінде

Періштелер жерге түсіп,

Барлық шайтан қашқанда,

Келешекті кесіп-пішіп,

Телмірген бар аспанға.

Түңілген бар бұл өмірден,

Адасқан бар тұманда.

Дұға оқыса шын көңілден.

Қабыл қылар Бір Алла!

Жамағат көп тілек тілер,

Тартқан тағдыр азабын.

Хаққа сенер, қадір білер,

Көбейсе екен қазағым.

Құмырсқа

Таң атқан соң кетеді өтіп күн қысқа,

Жұрт асығып бара жатыр жұмысқа.

Жол үстінде құмырсқаның илеуі,

Көшірілген сурет емес.

Түпнұсқа.

Қара табан аямастан таптайды-ау,

Неге соны білмейді екен құмырсқа?!



Жаратушы бір Алла!

– Жоқтан бар жасайтын,

Барды жоқ қылатын,

Кеңді тар жасайтын,

Азды көп қылатын

Айтшы!


Кім деп ойлайсың?

– Жаратушы бір Алла!

– Судан мұз жасайтын,

Қарды су қылатын,

Сордан тұз жасайтын,

Суды бу қылатын

Айтшы!


Кім деп ойлайсың?

– Жаратушы бір Алла!

– Соның бəрін қайдан білдің?

– Жазылған ғой Құранда!

* * *

Ия, Алла!



Несібеңнен құр тастама, жаманатқа бастама.

Келіп қалдық еріксіз жер ортасы жасқа да.

Таба қылып дұшпанға, күлкі қылма досқа да,

Ағайынға жұлысқан көрсетерім сес қана.

Түбі тесік кемеден іздемеймін бос пана,

Береке бер алдымда даяр тұрған асқа да.

Екі дүние қызығын көрсін деймін есті аға,

Тартсын тозақ шыжығын жүрген пенде төс қаға.

Мейіріміңді төге көр қайғы көрсе, басқаға,

Жылуыңды бере көр қатқан қара тасқа да.

Ақын едім сайран қып, елді аузына қаратқан,

Қолдан келер қайран жоқ, жарылқай көр, Жаратқан!

* * *

Ауыздан шыққан əр сөздің иесі менмін,



Зардабын сөздің көтерер түйесі менмін.

Сөздердің, бірақ, бастапқы иесі – Алла,

Тіл-көзден сақтап, қорғайтын киесі – Алла!

Ауыздан шыққан сөздердің патшасы менмін,

Семіртер жанды лебіздің жақтасы менмін.

Сөздердің кісі сағынар өзегі менмің,

Күн сайын ашып-жабылар қақпасы менмін.

Ауыздан шыққан сөздердің құлы да менмін,

Кетілген жүзі пышақтың қыры да менмін.

Өзгенің сөзін өзгертіп, өзім деп айтсам,

Ең қымбат затын қымқырған ұры да менмін.

Буынсыз тілім тəтті мен ащыны сүйген,

Татам деп дəмін, кей кезде отқа да күйген.

Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлгендер де бар,

Өзінің тілі басына пəле боп тиген.

Үзіліп түскен кездейсоқ түймеге алаң,

Тозаққа кіріп кетпес пе кимелеп надан.

Жұмақтың, бəлкім, төрінен мекенін табар

Көбірек тыңдап, азырақ сөйлеген адам.

Жалғанға жалпақ жарығын таратқан Алла,

Тіліме тəтті балды да жалатқан Алла,

Құлына мына көз салшы,

Жаратқан Алла,

Аузыма жақсы сөз салшы,

Жаратқан Алла!


* * *

Ең əуелі Сөз келген,

Содан кейін көз берген.

Көзі тоймай бұл пенде

Қалай жылдам өзгерген?!

Көзі көріп тұрса да,

«Көрмедім!» – деп сөз берген.

Сол қылығын тастамай,

Жамандыққа кез келген.

Істі Алладан бастамай,

Ізгілерді қоштамай,

Қалай ғана, ағайын,

Теңесеміз өзге елмен?!

* * *


Құстың соры – тор,

Аңның соры – ор,

Торға, орға түссе,

Адам болар қор.

Бірақ, əлі алда

Қиямет бар зор...

* * *

От шығады тамұқтан,



Нұр келеді жарықтан,

Медет тілер Алладан

Жабыққан мен қамыққан.

Су шығады бұлақтан,

Сөз тарайды құлақтан.

Ел-жұртқа да жағады

Жаратқанды ұнатқан.

Күн шығады шығыстан,

Сыйласады туысқан.

Жаратқанға жақпайды

Жақынымен суысқан.

Бал тамғанда тіліңнен,

Көтерілер бүгілген.

Хақтан жəрдем сұрайды

Жығылған мен сүрінген.

Иланған соң Құранға.

Адаспайсың тұманда.

Жол бастайтын, жөн сілтеп,

Жарылқайтын бір Алла.

* * *


Ісіп-кепкен,

Буға бөккен



Қанша байлық жиса да,

Сана сөнген,

Ұят өлген,

Имансызға не шара?!

Көзі көрген,

Шайтанға ерген

Қалай жейді кісі ақын?!

Басқа төнген

Қасқа көнген,

Бұлқынбайды мүсəпір.

Өрттей қаулап,

Жұртты жалмап,

Арсыздардың атағы,

Ағызған қан,

Шыққанша жан,

Қабырғаңа батады.

Пайда көрген

Құрттай өрген,

Адалдан да арам көп.

Ішің қайнап,

Бармақ шайнап,

Қылар қайрат, амал жоқ.

* * *

Арсыздардың ашылғанда етегі,



Имандылар бетін басып өтеді.

Байқап тұрсаң, бұл қара жер ежелден

Көргенді мен көргенсіздің мекені.

Көзі күліп, тасы жүріп Жаланың,

Арамдық та ашып алса аранын,

Адалдықтың əрекеті əлжуаз,

Қылығындай есеймеген баланың.

Көп бөлігін алып жатқан құрылықтың,

Мысы басым, сұсы қатты Сұмдықтың.

Құлағы үлкен, ұзын тілі Өсектің,

Қолы шолақ, аяғы ақсақ Шындықтың.

* * *


Біреу жүрсе болар іске бекініп,

Біреу жүрер өткен іске өкініп.

Шыңдығыңды сабап жатыр шыңғыртып

Тілі тəтті, беті жылтыр Өтірік.

Ара түспек болғанда оған Мейірім,

Арамзалар ішке бүгіп пейілін,

Өсек келіп айдап кетіп барады

Азынаған ақиқаттың үйірін.

Күннің көзін бүркегендей əңгүдік,


Қара бұлттар қайдан келді қаңғырып?!

Айдалада үйірінен адасқан

Құлын дауысы естіледі жаңғырып.

* * *


Аң мен құсты үйренгендер торда ұстап,

Өздері де кетеді екен аңға ұқсап.

Бұлбұлды əкеп қамап қойсаң қапасқа,

Ауырмай ма жан-жүрегің қан қақсап.

Ермек үшін құс ататын аңшылар

Арамызда əлімсақтан бар шығар.

Қызық көріп, қанын төксе хайуанның,

Бір күні оның өзінен де қан шығар.

Төрт түлікті жер бетіне таратқан,

Азық қылып адам үшін жаратқан.

Қыбырлаған, жыбырлаған жəндікті

Қылғи берме өтеді деп тамақтан.

Əйелдердің толтыруға кемісін,

Ішік қылсаң тышқандардың терісін,

Кесір болма көзі тоймас ешқашан,

«Алла бəрін жаратты! –деп, – мен үшін!»

Тəтті екен деп құйылғанды ыдысқа

Жұта берсең денсаулыққа дұрыс па?!

Жаратқанның несібесі өлшеулі,

Қанағат қыл берген, келген ырысқа...

* * *

Жер бетін жаңартуға бел байлаған



Көп жайға көзі көрмей сенбейді адам.

Кемені қауырсындай көкке ұшырып,

Жаратқан бұлтты қозғап, желді айдаған.

Болмаса көзің соқыр, құлақ керең,

Мəңгі емес жер бетінде тұрақ деген.

Тал-шыбық нөсер құйып, тазаланса,

Тау мен тас бетін шайған бұлақпенен.

Жартастың жатқан сүйіп суық тасын,

Судың да біл Құдайды ұмытпасын.

Жағажай – жайнамазы толқындардың,

Жағаға жатады олар ұрып басын.

Болғанда тау мен орман, дала тыныш,

Тағы да ашылғандай жаңа тыныс,

Аллаға жалбарынып, жақын барған

Жаралған мұсылман боп жаратылыс.

Биік қып көтермесек аласаны,

Елімнің жарқын болар болашағы,

Ендеше жердің бетін бүлдіретін

Жандарды кəпір десек жарасады.


* * *

Жақсылыққа жүргенді үміттеніп,

Жағасынан алады күдік келіп.

Не істер едің тосыннан Əзірейіл

Жалаңдатса қылышын кіріп келіп?!

Дейсің бе оған: «бітпеген ісім қалды...»

Бəлкім, қимай фəниді, ішің жанды.

Жалынсаң да, жазмышқа бағынсаң да,

Ажал аяр деймісің мұсылманды.

Шіренгенмен жетеді кімге күшің,

Сəйкес келмес өңіңмен мүлде түсің.

Жаратқанның құлысың, бірақ-та сен,

Ғалайсалам Мұхамбет үмбетісің.

Адам бар ма, ойласаң, сүйінбеген,

Бастар бар ма ешуақыт иілмеген?!

Өткелдерін өмірдің өтер шақта

Түзу жолда жан бар ма сүрінбеген?!

Көрсетпесек кісілік, кінəліміз,

Əзəзілдің кей кезде құралымыз.

Жаза бастық, жаңылдық, жапа шектік,

Азды-көпті баршамыз күнəліміз.

Ойда намыс, бар болса бойда жігер,

Ақ боз аты арманның алда жүрер.

Адам болып анадан туғаннан соң,

Аз ба, көп пе күнəміз, Алла білер...

Қалады артта сұм жалған – жайма кілем,

Көрген қызық жарқылдап ойға келер.

Жазалай ма, жаныңды тазалай ма,

Алдағы істі тек қана Алла білер...

* * *


Кейбір пенде сыналар жоқшылықта,

Кейбір пенде сыналар тоқшылықта,

Жаратқанның сынағы фəнидегі

Байлық, мансап, ауру, тапшылық та.

Біреуде бар біреуде жоқ болады,

Біреулер аш, біреулер тоқ болады.

Жандайшаптар жабылып жаралыға,

Жазықсыздар жаламен сотталады.

Тез кетпейді күздің де салқыны əлі,

Жүйріктер де көп шапса, алқынады.

Асып-тасып толған да тартылады,

Ағыл-тегіл болған да сарқылады.

Патша болса көп жұрттың бағынары,

Өзгертуге келмейді оның да əлі.

Тірлік кешу, өсу мен өлу, өшу,


Бұл фəнидің сынағы – соның бəрі.

* * *


Егін болып көктесе егілген дəн,

Қуанасың марқайып көңіл бұған.

Туған жерде есіл ер жер жастанса,

Гүл боп шығар сол жерге төгілген қан.

Адамдар да өмірден алғаны көп,

Жүргеннен соң жер басып арманы көп.

Дос-жараны жырақта қаза болса,

Өкінеді: «топырақ салмадым», –деп.

Алуан шөптер өседі атырапта,

Бəрі бидай емес қой соқыр атқа.

Топырақтан жаралдың əуел баста,

Түбі қайтып барасың топыраққа.

* * *

Кісінің ішкі сырын кім біледі,



Түбінде не жатқанын кім көреді?!

Адамдар жол таппаған саңылаудан

Бір күні шайтан кіріп, бүлдіреді.

Жүректің тез табылмай, құрғыр, емі,

Тырнақпен шайтан оны тілгіледі.

Өт, бүйрек, өкпе, бауыр, асқазанның

Барлығын түгел былғап үлгіреді.

Пенделер ажыратып оң мен солын,

Былғамай қи мен күлге аяқ-қолын.

Тəні мен жанын сүттей таза ұстаса,

Табады құтылудың жалғыз жолын.

* * *


Құлшылықтың нəрі болса тіршілік,

Тіршіліктің мəні болған құлшылық.

Алла жар боп, бағы жанған кей кісі

Түлен түртсе, отырады қырсығып.

Құлшылықпен қатар жүрсе тіршілік,

Жапан түзге кетеді екен гүл шығып.

Қатарыңмен ойнап-күлсең – ғанибет,

Пайда бар ма аһ ұрғанмен, күрсініп?!

Гүлге толып тұрмас күнде жан-жағы,

Таусылмайды адамзаттың арманы.

Жолың болса, ден сау болса, бай болсаң,

Бір Алланы есіңе алсаң болғаны.

* * *

Көптен бері астан, судан тыйылған,



Тамағынан өтпей қалған түйір дəн,

Сырқаттар да ақтық демін аларда



Жаратқанға жалбарынып, сыйынған.

Сараңдар да тиын салған дорбаға,

Дінсіздер де бұрылмаған Қағбаға,

Ұшақтары жанып бара жатқанда,

Кешу сұрап, жалбарынған Аллаға.

Елді ойлаған əділетті патша да,

Жомарттар да табынбаған ақшаға,

Бар парызын орындаған сопы да

Раббым деген жүрсе, тұрса, жатса да.

Тіршілікте дəмін татып бұйырған,

Құр қалмаған Бір Аллаға сыйынған.

Алла деген тілек тұрсын жүректе,

Алла деген сөз шықпасын миыңнан.

* * *


Ақ ниетпен бастағанда жол басын,

Таза жүру болған кезде арға сын,

Өрістерде көбейгенде мал басы,

Диқандардың толған кезде қамбасы,

Шабандоздар сүріндірмей жорғасын,

Тізгіншілер бүліндірмей арбасын,

Игі істердің жалғай біліп жалғасын,

Азаматтар жүдетпесе жолдасын,

Бұл жалғанға қонақ болып келгенде,

Жаратушы адалдарды қолдасын!

* * *

Адам аз тура сөзге тоқтайтұғын,



Адам көп ала жіптен аттайтұғын.

Адамның жараспайтын қылығы көп,

Аллаға ешқашан да жақпайтұғын.

Адам көп жолдағыны таптайтұғын,

Адам көп жазықсызды соттайтұғын.

Көбірек ішсем, жесем, байысам деп,

Жүреді тіршілікте таппай тыным.

Аз емес адамдар да мақтайтұғын,

Ақ сүтін анасының ақтайтұғын.

Сөзі шын, ісі түзу пенделерді

Алланың білсең болды жақтайтынын...

* * *


Жеткізсін жақсылыққа Алла десем,

Əруақтар қолда десем, қорға десем,

Əруаққа емес менің табынғаным,

Тағзым қып Жаратқанға, жалынғаным,

Келгенім осы күнге аман-есен.

Істеген ісімді Алла білсін десем,



Əруақтар желеп-жебеп жүрсін десем,

Əруаққа емес менің табынғаным,

Тағзым қып Жаратқанға, жалынғаным,

Шер кетпес, Алланы айтып, күрсінбесем.

Барғанда ата-анамның қабіріне,

Шүкірлік қылған болсам өміріме,

Əруаққа емес менің табынғаным,

Тағзым қып Жаратқанға, жалынғаным,

Алланың бойсұнғаным əміріне.

Жалғанның шыдай біліп қорлығына,

Құдайдың шəк келтірме барлығына.

Құранды оқығанда ұйығаным,

Əруаққа емес менің сиынғаным,

Алланың көнгендігім жарлығына.

Қаз басқан керегі не еліме егес,

Жік түссе жүректерге, сенім емес.

Сарқылғаның,

кем болмақ, бар болмағың,

Артылмағың,

тең болмақ, қор болмағың –

Бір Алладан басқаға мəлім емес.

* * *


Сұрағанда Алладан тілек кісі,

«Болсам дейді адамның жүректісі».

Кейбіреуі көрсетсе білек күшін,

Аяр тілге сенеді кіл ептісі.

Атқарылып жатса да қанша зор іс,

Ағыл-тегіл төбеден жауса да ырыс,

Жүректі деп пендені мақтағанмен,

Жүрек іші тап-таза болса дұрыс.

Жүрегінің дүрсілін кім тыңдаса,

Озбырлардай болам деп ұмтылмаса.

Жер бетінде қиянат болмас па еді,

Іштің кірін тазалау мүмкін болса...

* * *

Алла деген Абай сөзі – жан-сырым,



АллаҺ десе қазақ, оған қарсымын.

Алла атынан қашқандарға таң қалам,

Алла деген есімі деп əншінің.

Алланы айтып соғады екен жүрегім,

Алла есімін барлық жерден көремін.

Алла – сенің жарылқаушың, сүйеуің,

Алло десең – ол да Алла дегенің.

Алла десең, елжірейді ел іші,

Алма жесең – ол жұмақтың жемісі.


Адам ата – ең алғашқы пайғамбар,

Адам болсаң – болмас сөздің терісі.

Қарсы алғанда тамылжыған таңымды,

Ана тілден бар қасиет танылды.

Адам ата дəуірінен басталған

Қазақ сөзі Құдайға да жағымды.

* * *

Оңнан солға оқысам Алла деймін,



Солдан оңға оқысам Алла деймін,

Араб əрпін сол сөзге қосып алған

Не қылған «оқымысты» молда деймін?!

* * *


Көріп тұрсың күн батып, таң атқанын,

Өтіп жатыр тоқтамай сағаттарың.

Өлшеулі өмір қолынд а Бір Алланың,

Мін болмайд ы ісінд е Жаратқанның.

* * *

Қалып жүрсең тағы д а, сірə, д ауға,



Сүрінсең д а, болад ы құламауға.

Аллаға емес, өзіңе байланысты,

Біреуге ұнап, біреуге ұнамау д а.

* * *


Барлық сөздер айтылған,

Қайталанған сан рет,

Айтса-дағы қай тұлғаң,

Айтқыздырған Құдірет.

Барлық əндер айтылған,

Қайталанған сан рет,

Айнымасаң қалпыңнан,

Айнытпаған Құдырет.

Барлық күйлер шертілген,

Қайталанған сан рет,

Айыға алсаң дертіңнен,

Айықтырған Құдірет.

Таза болса болғаны

Денедегі жұмыр ет,

Сенің берік қорғаның

Жаратушы Құдірет!

* * *

Тұңғиықта – тұма сыр,



Тым биікте – шын асыл,

Көзі жетіп тұрса да,

Кім айтады расын?!

Ат көтермес кінəсін,



Нар көтермес күнəсін

Көтере алған пендесін

Алла тағы сынасын...

* * *


Таласқандар тəж бен таққа

Оранады майдан-отқа,

Былғанады дүние-боққа,

Болады ақыр ойран-ботқа,

Жауап берер күн келеді

Қияметте болған сотта.

* * *

Өмірдің жалғасына иланбаған



Пендені көзім көрді қиналмаған.

Барлығын түгел жұмсап үлгермейді,

Байлығын бұл фəнидің жиғанда адам.

Мұнафиқ – екі жүзді қазақтағы

Білер ме алар орнын тозақтағы.

«Кісіден нені естісем, соны айттым!» – деп,

Өзіне шақыра ма азап тағы?!

Сенгендер көп болған соң уəсуасқа,

Рəсуа болды сөзім есуасқа.

Əйтеуір, ырзалықпен берсем дедім,

Өкінбей шығын болған есіл асқа.

Жер көрдім ат үстінде желіп жүріп,

Дос жидым ағайынға беріп жүріп.

Дəн ексем көктің нұры – жауын болсын,

Жайқалып көктеп шығар егінді күт.

Көп болса дос-жараным менде қимас,

Бола алса өлең-жырым елге мирас,

Кетпесе ғұмыр-зайғы өтіп босқа,

«Нені ексең – соны орасың!» деген рас!

Жетім қабір

Болса болды деп ойлаған бас аман,

Дінін сатқан, тілін сатқан осы адам.

Бұралқы иттей ел соңына ілескен,

Көш бастаса кəдімгі Иван-есалаң.

Мақұрым боп салт пен дəстүр, ғұрыптан,

Анасын да əлдеқашан ұмытқан.

Беріш болып қатып қалған кеудесін

Анда-санда жүз граммен жылытқан.

Көріспеген көптен туған елменен,

Туыс қылған көк аттыны көлдеңең.

Баланың да естілмеген у-шуы,

Үйіне бір мейман кіріп көрмеген.

Сыпыра алмай мойындағы ноқтасын,



Ауылына бұрғыза алмай ат басын,

Азат болған мына құлдық тірліктен,

Табытының тарс жапқанда қақпасын.

Жетпеген соң тəубасы мен сабыры,

Мұсылманға болмаған соң қадірі,

Жел өтінде жетімсіреп тұр енді

Христиандар бейітінде қабірі.

Біреулерге ұнамасын, ұнасын,

Бұл фəниден кетті талай шын асыл.

Марқұм жайлы ғайбат айтып тұрмын ба,

Кешір, Алла, тəуба қылса, күнəсін!

Бұл жалғанда бола алмадым шыдамды,

Міңезім де талай-талай сыналды.

Таудан үлкен, тастан ауыр болса да,

Кешір, Алла, жалбарынам, күнəмді!

* * *


Ерінбестен еңбек етіп жиған бал,

Алған білім саналыға құйған нəр

Жақсылыққа, жаңалыққа жұмсалса,

Соның бəрі – иманнан.

Аман шықсаң қанды қырғын – майданнан,

Орындалса армандарың ойға алған,

Жарылқаса Жаратушы жар болып,

Соның бəрі – иманнан.

Тез тозады киген тон да сыйға алған,

Ұмыт болар кездерің де қиналған.

Тəуба қылсаң аман жүрген күніңе,

Соның бəрі – иманнан.

* * *

Жауын жауса бір жерде,



Жай түседі бір жерге.

Жайбарақат жүргенде,

Жау жатады іргеңде.

Жатырқамай жатты онша,

Жаңаны айтсаң, жақ талмас.

Жақсылығың жоқ болса,

Жақының да көп болмас.

Жалған бетін жапқасын,

Жатар жерің – тастай көр.

Жаратушым – жақтасым,

Жақсылыққа бастай көр!

* * *


* * *

Адамның алдауы –

Шайтанның арбауы.

Арамды қолдауы –

Шайтанның шырмауы.

Шаттаққа шырмалсаң,

Тұтқындай тордағы,

Жақсыны құп алар

Сенімнің болмауы.

Ұшпаққа бастаса

Үмітің алдағы,

Шырмаудан шығарар

Алланың қолдауы.

* * *


Шыққан бала жарыққа төңірегін қармайды,

Нұр түспесе санаға қара түнек орнайды.

Есі кірмей ер жетсе – ата-анаға сол қайғы,

Ар-ұятын сақтаған намысын да қорғайды.

Жетем десе тілекке – жаман іске бармайды,

Иман болса жүректе – биіктерге самғайды.

Жүрген болса жан сақтап, оты лаулап жанбайды,

Қолы жетсе мансапқа, өзін өзі алдайды.

Түк көрмеген наданның жақсы аты да қалмайды,

Сенімі жоқ адамның мақсаты да болмайды.

* * *

Таусылған күні талқаны,



Адамның жоқ қой жаманы.

Төнгенде бұлттай сор тағы,

Жаман сөз мүлде айтылмас,

Жиындар өтсе қаралы.

Жатқандар қазып қабірін,

Жер жұмсақ болса, қуанар.

Кім білген тірлік қадірін,

Арада жылдар өткен соң,

Сол жерді, бəлкім, су алар.

Көңіліне қарап тірінің,

Өлінің қайта қамын жеп.

Ұшында тұрған тілінің

Үйренген сөзді айтамыз:

«Жəннатта болсын жаны!» – деп.

Тілектер қандай тамаша,

Күнəсі болса, кешірген.

Сұрамай, бірақ, араша,

«Кешірер бəрін Алла!» – деп,



Пенделер аз ба есірген?

«Көтерген бəрін жер» – деген,

Молдалар дұға оқырда,

Құдайдан қорқып көрмеген,

Жақсылық жасай білмеген,

Жатар ма тыныш ақырда?!

* * *

Тұрақ таппай елінен,



Тартқан болса құл азап,

Жүйке жеген жегіден

Құтқарады мінəжат.

Қанша айтсақ та жақсыны,

Ауыр ойдан кім азат?!

Жауыздық пен нəпсіні

Тойтарады мінəжат.

Бастан бағы ауғалы,

Болғандарға жүре жат.

Мейірім мен тəубаны

Қайтарады мінəжат.

Таба алмаса жарасым,

Кеткен болса кім ағат.

Жүректегі наласын

Айта алады мінəжат.

Сақтамасаң арыңды,

Кімге керек құр атақ?!

Жабырқаған жаныңды

Жадыратар мінəжат.

* * *


Өмір бойы қасыңда емес

Əке-шешең болған қорған.

Тура жүріп, алсаң кеңес,

Алла ғана бірге болған.

Шаңыраққа бақ па, сор ма,

Қыдыр дарып, кімге қонған?!

Түспей торға, шықсаң ордан,

Алла ғана бірге болған.

Қастықты ойлап жатса-тұрса,

Жатқан жері түрме болған,

Қарақшы да иман қылса,

Алла ғана бірге болған.

Кім көнбейді, басқа салса,

Тартылған су, күйген орман...

Жүрегіңде қорқу болса,

Алла ғана бірге болған.



* * *

Білмейсің ғой, білмейсің,

Шайтан деген кім дейсің.

Ол жаныңда жүргенін

Қалай ғана көрмейсің?

Шашы сары, көзі көк,

Былжыраған сөзі көп,

Айтқандары өтірік,

Аузы тұрған көпіріп.

Өнері жоқ, ұлты жоқ,

Дəстүрі жоқ, ғұрпы жоқ,

Тұқымы жоқ, тегі жоқ,

Туып-өскен елі жоқ,

Батпан құйрық бөксесі,

Ешкітұяқ өкшесі,

Ана сүтін ембеген,

Ата сыйлап көрмеген,

Жау іздеген маңайдан,

Жүректері қарайған,

Өріп кетті шайтандар,

Ағайындар, байқаңдар!

* * *


Бұлақтан мөлдір бас алып,

Қаншама ғұмыр жасадық?!

Қазы мен қарта кертіп жеп,

Жал менен жая асадық.

Құбылып заман райы,

Ұмытып адам Құдайын,

Беделдер қолдан жасалып,

Көбік сөз тасқа қашалып,

Бітпеген істі доғардық,

Көрінбей жатып басы анық.

Жесірді демей алмадық,

Жетімді жебей алмадық,

Отырған көзге жас алып.

Жүргенде жүдеп аш-арық,

Шайтанды қумай тас алып,

Кемпірлер қыздай жасанып,

Жасамыс жігіт жасарып,

Жүруін бұлай қоймаса,

Міңезін жеңіл жоймаса,

Кемпірбет шалдар бір күні

Қалуы мүмкін «босанып»...

* * *


Дайындап сынаққа,

Жан салған құр етке,

Алла аты – құлақта,

Алла аты – жүректе.

Ашқалы көзімді,

Үйреткен ілімге,

Бол деген төзімді,

Алла аты – тілімде.

Шыдасам ауырға,

Тазарса жаным да,

Алла аты – тамырда,

Алла аты – қанымда.

Туғалы, расында,

Көрсеткен сыйын да,

Алла аты – басымда,

Алла аты – миымда.

* * *

Сабыры көп,



Өсегі жоқ,

Көңілі тоқ –

Көрдім абзал пендені.

Сырты діншіл,

Іші күншіл,

Сөзі былшыл –

Жаратпадым езбені.

Кең пейілді,

Мол мейірлі,

Нық түйінді –

Пиғылдарға шөлдедім.

Арды білсең,

Тура жүрсең,

Хаққа сенсең –

Зая кетпес еңбегің.

* * *


«Барлығы Алланың қолында!» –

Дегенді естиміз жиі біз.

Ол сонда ұқсай ма Адамға? –

Ойлауға жетпейді миымыз.

Құдайдың жаусын деп рақымы,

«Шалынсын құлаққа!» – деседі ел.

Сол сөзді айтуға батылы

Жеткенді, Жаратқан, кеше көр!

Үкімін жүргізген əлемге,

Көктегі Күн менен Айға да.

«Бір Алла көріп тұр!» – дегенде,


Көзімен көрді деп ойлама.

Бастан көп тауқімет өткенде,

Дін азған, жер тозған елденбіз,

«Көрмеді, білмеді...» – деп кейде

Асылық айтқанды көргенбіз.

Иманды адамдар сенетін,

Заңдары жазылған Құранда,

Жасайтын, Еститін, Көретін

Баршаға жар болған – Бір Алла!

* * *


Əппақ жағаға

Жұққан қара дақ

Жанды тағы да

Кетті жаралап.

Борсып, бүлінген,

Қатқан лай ма,

Жердің түбінде

Жатқан мұнай ма?!

Шілдің боғы ма,

Көмір шоғы ма,

Күлдің табы ма

Тиген қолыма.

Келдім тобаға,

Ақ қой күллі арман.

Жалғыз жаға ма,

Жең де былғанған.

Жүрек тазармас,

Кетпей толған шаң.

Құрыс жазылмас,

Кірге қор болсаң.

Қара ағару

Соқпас жеңілге.

Ақты қарайту

Оңай бүгінде.

Қалай болса да,

Қонған күйені

Жаурап-тонса да,

Күйіп-жанса да,

Жуған киелі.

* * *


Сөздің басы – бісімілла,

Бісімілласыз іс қылма!

Бір Аллаға сиынып,

Ыбырай: «Білім ал!» –деген.

Алла ісіне сүйініп,


Абай: «Адам бол!» – деген.

«Хаққа мойын бұр!» –деген,

«Ғалам сырын біл!» –деген.

Тура жүрсек болғаны

Солар салған жолменен.

* * *


Шуағын төгіп Жаратқан,

Күлімдеп талай таң атқан.

Қаншама ғасыр өтсе де,

Оралмай дəурен кетсе де,

Адамдар болған даурығып,

Қабаққа қырау қондырып,

Айтаққа ерген далақтап,

Қалса да тамақ қарлығып,

Өсегін қардай боратқан.

Ішпеген тойып тамақтан,

Ит тартып жатса балақтан,

Ит көрген ешкікөзденіп,

Күндегі қалпы өзгеріп,

Жалғанның көзі алақтап,

Қарасаң байқап, кетіпті

Шындықтың тілі салақтап.

Барын да біреу тонатқан,

Арын да біреу жоғалтқан,

Жаралы қылып кеткен бе

Тасадан көздеп оқ атқан.

Сенбейді келер көктемге

Санда бар, шыққан санаттан.

Бас алмай біреу арақтан,

Аса алмай біреу жолақтан,

Жанбай да қалған шырпы көп,

Шыға алмай титтей қораптан.

Ғалымның жаққан май шамы

Жарығын алыс таратқан.

Жетем деп көкке секіріп,

Жығылып, тізе қанатқан,

Абайсыз алып екілік,

Баладай келген сабақтан,

Аузымды басып, кекіріп,

«Бардым деп неге?!» – өкініп,

Келемін қайтып қонақтан...

* * *


Төрге асығып не қылады,

Ар жағында көр жатыр.

Күні бітсе жығылады


Босағада сол пақыр.

Қандай жазмыш тосады алдан,

Ғалым ба, əлде ақын ба?!

Алып шығып босағадан,

Жөнелтеді ақырға.

Соқпайды енді өлі жүрек,

Бермейді ешкім түстік ас.

Босаға жоқ, төрі де жоқ,

Жатқан жерде үш құлаш.

Айналғанда күн де түнге,

Төңірегің жым-жылас.

Төмпешік көп жер бетінде,

Көбінде жоқ құлпытас.

Ертең жоқсың...

Бүгін барсың!

Келдің бе ас қорытуға?!

Сөз түсінер ұрпақ қалсын,

Дұға оқитын артыңда.

* * *

Ырзалығы үшін Құдайдың,



Қадірін біліп күн, айдың,

Бес күндік мына жалғанда

Не көрсем де шыдаймын.

Он екі мүшем сау болып,

Құт пенен ырыс бар болып,

Жаратқан жалғыз жар болып,

Мінажат етіп тұрайын.

Жоғалмай жұртқа сенімім,

Жеткендей көкке көңілім,

Мағыналы өтсін өмірім,

Алла, соны сұраймын!

* * *


Өсірдік қанша жəннаттың малын,

Құрбандық шалдық қаншама?!

Ұмытпау керек тозақтың барын,

Жанымыз таза болса да.

Қанша рет ауыз ашқызып елге,

Ұстасақ-дағы ораза,

Қақпасын тірлік жапқызып демде,

Болары анық жаназа.

Солардың бірін жасамай тіпті,

Адасып жүрген пенде көп.

Босамай кірден көңілі күпті,

Оларға қылар ем де жоқ.

Біреулер бекер өкпелеп сөзге,


Не демес сырттан дұшпаным?!

Толтыру қиын ортайған кезде

Көңілдің олқы тұстарын.

Бергендей сусын келгенге шөлдеп,

Жазылар жанның жарасы.

«Өмірді дұрыс сүрдім бе мен?» – деп

Артыңа бір сəт қарашы.

* * *


Бұл дүнияға келген кезде,

Ақыл-есім кірген кезде,

Тұрсам, жүрсем,

Ойнап, күлсем,

Білсем, көрсем деп едім.

Кидім, сүйдім,

Іштім, жедім,

Бұл жалғанның қызығына

Əлі тоймай келемін.

Бəрін білу,

Бəрін көру

Мүмкін емес...

Сенемін!

Сондықтан да арманда боп,

Сабыр қылып жалғанға көп,

Жер қойнына кіремін.

* * *

Сүйдім-күйдім, өлдім-өштім,



Жетемін деп арманға.

Мен де жұмақ-ғұмыр кештім,

Мына алдамшы жалғанда.

Арасында екі кештің

Дұшпан қастық қылғанда,

Мен де тозақ-ғұмыр кештім,

Мына алдамшы жалғанда.

Өмір осы – құралатын

Қуаныш пен азаптан,

Өмір осы – сынға алатын,

Құтқара ма тозақтан...

* * *


Ауырған соң жүрегім,

Өзіңді ойлап жүдедім.

Сенсіз маған өмірдің

Мəні жоғын білемін.

Жүрегімнің біл емін,

Жалғыз қалай жүремін?!



Сені көрсем қуанып,

Сені көрсем, күлемін.

Жайнап тұрса гүл-өңің,

Арайланып реңім.

Тіл мен көзден сақтасын

Бір Алладан тілерім!

* * *

Құбылаға қарап құбылған



Сəждеге түбі жығылған.

Сөз басқа, ісі бір басқа,

Шошимын заман сұрынан.

Абайды қатты қынжылтқан,

Толстойды да алжытқан,

Түбіттей жұмсақ бұл жалған

Арылып бітпес қылшықтан.

Санамыз кірден тазармай,

Қайнайды ішім қазандай.

Бозарып атқан ақ таңнан

Отырмын тағы көз алмай.

* * *


Жер бетінде өліден де тірі көп,

Тірінің де өлмей қалған күні жоқ.

Тірі адам деп айта алмайсың, алайда,

Пенделерді құны жоқ.

Жүргендер бар көкке қарап, шіреніп,

Жүргендер бар төмен қарап, түнеріп,

«Өлі көп пе, тірі көп пе?» – деймісің,

Тірілердің көбі – өлік.

Арттағыға қалдыратын сыры көп,

Саналмайтын кеткен көптің бірі деп,

Үлгісі де, күллі ісі де өнеге,

Өліде де тірі көп.

Жақсылық пен жамандығы арбасып,

Фəни-тірлік жатары анық жалғасып.

Айырмасы тірі менен өлінің

Жүргенде емес жер басып...

* * *

Жалғыз қалсаң,



Жаяу болсаң,

Жетемін деп арманға,

Жабықпағын, қамықпағын

Жеткізбейтін жалғанда.

Жүдегенің, шаршағаның – бəрі-бəрі басылар,

Жауабың тек дайын болсын ана жаққа барғанда...



* * *

Біреу саған жəбір етсе,

Оған, жаным, сабыр ет!

Есте сақта, жылдар өтсе,

Жеңіп шығар Əділет.

Түзу жолға білгеннен соң

Түскені жөн пенденің.

Көзі құрғыр көргеннен соң,

Айтпай ма тіл көргенін.

Біреу сені ғайбаттаса,

Қой құлақты тығындап.

Көрсетсең де қайрат қанша,

Керек пе сөз шығындап?!

Елді түзеу қолыңнан да,

Тіліңнен де келмесе,

Көріп тұр ғой бəрін Алла,

Ақырын күт ендеше...

* * *


Жыға алмаса бақыттың туын қайғы,

Адал адам арамға ұрынбайды.

Оңнан солға оқылса Құран сөзі

Қаламым да сол ізден бұрылмайды.

Күйбең тірлік бос өткен жырымдайды,

Күн суытса, қос өкпем сырылдайды.

Оңға қарай жүретін сағатым да

«Уақытқа қара!» –деп шырылдайды.

Неге аспаннан қара бұлт арылмайды,

Қандай құса денеге уын жайды?!

Күйінішті басады сүйінішің,

Қуаныштан жүрегің жарылмайды.

Өлең жазсам өмір мен өлім жайлы,

Түсіп жатса аузыма сөз ыңғайлы.

«Ақын болсаң, айнытпай жаз!» – дегендей,

Құлағыма періште сыбырлайды.

* * *

Дінсіз халық – судағы үнсіз балық,



Ұят болып жүрмесе тілсіз қалып.

Мəн бермейді шындыққа шырылдаған,

Əрекеті жатса да мың сыналып.

Жері тозып, жатса да елі жүдеп,

Сайраны мен жетіскен желігі көп.

Ойран болып жатса да тайраңдаған,

Діні жоқтың жұртқа да сенімі жоқ.

Дəмететін түссе деп түсім көптен,



Пайда ойлайтын аярды түсінбеп пе ең?!

Ішкен-жеген малдан жоқ айырмасы,

Діні жоққа қараймын мүсіркеп мен.

* * *


Қиратып қаласын,

Қаздырған моласын,

Адамның есіне

Алдырған тобасын.

Бір Алла əлемге

Кең жайған құлашын.

Бірде мұң, бірде бақ

Алмасып шертілген,

Өліні тірілтіп,

Тіріні өлтірген,

Бір Алла пендені

Тəубаға келтірген.

* * *

Жоқты бар қылған,



Барды жоқ қылған,

Тоқты аш қылған,

Ашты тоқ қылған,

Көпті аз қылған,

Азды көп қылған,

Қорды зор қылған,

Зорды қор қылған,

Бірде тоңдырып,

Бірде жандырған,

Асқа тойғызып,

Шөлді қандырған,

Əкелген өмірге

Жаратқан Бір Алла,

Қиямет күнінде

Тосады алдыңнан.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет