Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет19/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26

* * *

Қайтқан күннің соңынан

Қажеті не жүгіріп?

Қайтып келер таңертең.

Келген түннің қойнына

Қажеті не тығылып,

Не болады күні ертең?!

Барлығы өз орнында,

Ақиқатқа жүгініп,

Үмітпенен күнелтем.



* * *

Қадірін біліп босаға, төрдің,

Алқынып жүріп алпысқа келдім.

Алланың берген ырзығын жедім,

Алланың берген қызығын көрдім.

Үстінен қарғып қазылған ордың,

Ыстықта күйдім, суықта тондым,

Арасын жалғап бақ пенен сордың

Қап-қара шаңын шығардым жолдың.


Басыма түскен бейнетке көндім,

Қастасып жүрген дұшпанды жеңдім.

Қуатын көрдім ұйтқыған желдің,

Астында қалдым қозғалған сеңнің.

Маңызын білдім шөл менен көлдің,

Қарызын білдім бір менен нөлдің,

Ағаштың өскен жемісін тердім,

Тағдырдың берген олжасын бөлдім.

Сөйлеген сөзін қиналған елдің,

Айтқаны дауа жақсыға ердім.

Бойымда барды аямай бердім,

Үмітімді үзбей, Аллаға сендім.

Аллаға сендім!

Қалтқысыз сендім!



* * *

Тіріден де өлі көп,

Өліден де тірі көп.

Жер бетінде солардың

Мəңгі қалған бірі жоқ.

Арам шөптің гүлі көп,

Жаман шөптің күлі көп.

Жалғыз ғана ғаламда

Жаратқанның міні жоқ.

* * *

Қауызға сап тарыны,

Киіз қылып қалыны,

Кесіп-пішіп қоятын

Бір Алланың қалыбы.

Көп болса оттың жалыны,

Алыс кетер жарығы.

Тазалайды сананы

Айтқан сөздің анығы.

* * *

Бұзбақ болып мұз-қамалды,

Жасайды адам ізгі амалды.

Оған сауап жазылады

Тойдыра алса ашыққанды,

Жылыта алса мұздағанды.

Қорек қылып адал асты,

Киіндірсе жалаңашты,

Өсек-аяң соңына ермес,

Кездейсоқта пəле келмес,

Жала жұқпас аяқ асты.

Мойныңа ілмей еш қарызды,

Орындасаң бес парызды,


Түсінерсің сөз парқына,

Қарайларсың алды-артыңа,

Абайларсың басқан ізді.

* * *

Ғалым менен дүмшенің

Айырмасын білсе елім,

Көлеңкені қуалар

Көкіректен нұр-сенім.

Сөзді созбай сағыздай,

Тыйым болса ауызға,

Тұсау салып жебірге,

Ноқта түсер жауызға.

* * *

Мезгілден озған,

Даналар жазған,

Ғасырлар сырын

Тереңнен қазған

Кітаптар қазір көп дейді.

Алтынмен аптап,

Күміспен күптеп,

Өрнектеп, беттеп,

Қойса да түптеп,

Құран-кəрімге жетпейді.

* * *

Қан жүректе қайнаса,

Тамырларда ойнаса,

Нағыз адам – сол адам,

Берген серттен таймаса,

Адам атын жоймаса.

Үміт күтіп күн, айдан,

Тілек қылып шын ойдан,

Нағыз адам – сол адам,

Қайта білсе райдан,

Қорқып жүрсе Құдайдан.

* * *

«Алла!»дейді

Жолы болып, озып келген жарыстан,

«Алла!»дейді

Бастан бір кез бағы ұшқан.

«Алла!»дейді

Күркіреген найзағай,

«Алла!»дейді

Ашынғанда арыстан.

«Алла!»дейді

Келіншектер босана алмай толғатқан,


«Алла!»дейді

Бөбектер де анасына тіл қатқан.

Абай айтқан

Алла деген сөз жеңіл,

Пенделерге ауырлығы зіл-батпан.

* * *

Аспаннан шұғыла төгілді,

Қуаныш кернеді көңілді,

Шыбықтай жас өскін бүр жардым.

Жап-жасыл жапырақ жайқалып,

Жүзімнен шаттығым байқалып,

Нұрландым.

Ақиқат қазыққа байланып,

Өтірік шындыққа айналып,

Шындықты өтірік қылған кім?

Құнсызды қымбатқа бағалап,

Тазаны жатқанда қаралап,

Сұрландым.

Еліңді еріксіз қор қылып,

Жеріңді жүретін ор қылып,

Тураны бұрмалап тұрған кім?

Жылытып алам деп салқынды,

Қоқыстан табам деп алтынды,

Былғандым.

Тас атып алыстан үргенге,

Жаманмен керісіп жүргенде

Құр қалдым.

Сұрақ көп:

Кім кепті?

Не депті?

Бөгетті туғызған себепті

Қалайша байқамай қалғанмын?!

* * *


Хақ Тағала!

Азаймайтын,

Көбеймейтін,

Қосылмайтын,

Бөлінбейтін,

Мейірімі көп,

Теңдесі жоқ,

Қандай ғажап

Сенің кейпің?!

* * *


Өскен гүлдің, шыққан шөптің,

Қанат қаққан көбелектің



Түрі, түсі əртүрлі.

Нұр жайнаған жүздердің де,

Саусақтағы іздердің де

Қыры, сыры əртүрлі.

Жауған қардың,

Қатқан мұздың

Түйіршігі əртүрлі.

Тамған жастың,

Аққан судың

Тамшылары əртүрлі.

Бірақ, Алла жаратқан соң,

Жер бетіне таратқан соң,

Барлығы да тартымды.

* * *

Қойдың тілін қасқыр неге ұқпайды,

Алма ағашқа өрік неге шықпайды,

Алма дейді неге оны?

Əдемі алма неге жылдам құрттайды,

Залымды əділ неге жылдам құртпайды,

Кімде, қайда дерегі?

Кейбір шөптің тамырында қорегі,

Кей өсімдік жемістерін төгеді,

Неге бұлай?

Қалай, қандай себебі?

Алла ғана біледі...



* * *

Бұзған кісі шариғат,

Жеткен болса қазасы,

Берілуі ақиқат

Сыбағасы – жазасы.

Ал кімде-кім жалғанды

Таныса Алла арқылы,

Күтіп оны алады

Сүйіншісі – тартуы.

* * *

Таңның атуы,

Күннің батуы

Бір біріне ұқсайды айнымастан.

Адамның келуі,

Қартайып өлуі –

Қуанышқа секілді қайғы ұласқан.

Күнді тұрған ашық,

Кетеді бұлт басып,

Куə соның бəріне мөлдір аспан.

Кейде асып-тасып,


Кейде белден басып,

Арпалысып туған тіл мен жат ұғым,

Айым күнді көрмей,

Күнім айды білмей,

Өтіп жатыр күндер жылжып ақырын.

Аспан асты тар ма,

Көктің шегі бар ма?

Көп нəрсеге жетпей қойды ақылым.

Төрт аяқтап кіріп,

Екі аяқтап жүріп,

Үйрендік қой бұл өмірде тік тұрып.

Тілде болмай сүйек,

Күйге қойып тиек,

Кейінгіге елдік сырын ұқтырып.

Артта қалып ізің,

Жұртқа жетсе сөзің,

Шүкірлік қыл...

Міне


нағыз мықтылық !



* * *

«Алла!»


деп басса үрейді

Қорғанып, бұққан қауым ел.

Алладан жəрдем тілейді

Шабуылға шыққан жауынгер.

Қырық жыл қырғын болса да

Аман-сау қайтқан соғыстан,

Өтіпті ерлер қаншама

Азаттық үшін алысқан.

«Иманды қыл!» – деп жылайды

Жетім мен жесір қаралы.

Алладан медет сұрайды

Қаңсырап жатқан жаралы.

Сыйынар басқа кімі бар,

Өкініп, бəлкім, аҺ ұрды.

«Алла!» – деп ерін қыбырлар

Біткенше демі ақырғы.

* * *

Сарғайған таңның атымен,

Қарайған түннің атымен

Серт берсе де пайғамбар,

Сенбегендер болыпты.

Жүрегінің оты кем,

Мың құбылып, жайраңдар,

Сауық құрып сайрандар,

Санасыздар жолықты.

Өзіне өзі қас қылған,



Əбден дерті асқынған,

Су орнына у ішкен,

Тіліңді алмас сырқаттай,

Үзілердей жіңішке,

Əсер болмай миға анық,

Отырамын қиналып,

Дауасызға ем таппай.

* * *

Сыйынсақ та Жаратқанға,

Құтылдық па тас құдайдан?

Адам қылып жаратқанда

Қарауылды қасқа қойған.

Іздесеңіз теңеу сіздер,

Ескерткіштер – ел есінде.

Тас мүсіннің елеусіздеу

Торғай отыр төбесінде.

Ат шығарып, атақ іздеп,

Орнатсақ та ескерткішті,

Тасқа айналған пенде кез кеп,

Тұрғаны да жиіркенішті.

Кісі көп пе келбетінде

Иман тұрса, басқаны ойлар.

Қаптап кеткен жер бетінде

Астамсынған тас құдайлар.

Көп тұра ма жерге қонып,

Ашылмайды сыры қалай?

Сынар бір күн быт-шыт болып,

Жамап қойған құмырадай.

* * *

Шайтан қымтап көрпемізді,

Оятпады ерте бізді,

Көз жасаурап, тез жұмылып,

Былшық басты көркем жүзді.

Ұйықтап қаппын...

Тал түс болды.

Бітіргенім жарты іс болды.

Қыл үстінде тұрған шаруа

Түске жетпей қайтыс болды.

Амалым не?

Қара басып,

Жатқанымда жағаласып,

Үлгермедім шығаруға

Қайтқан күннің жаназасын.

* * *

Салынғаны сəтті күні



Қасиеті Қағбаның.

Зəмзəм судың тəттілігі –

Махаббаты Алланың.

Жақсылықты Хақтан тілеп,

Күйіп-жанып, елжіреп,

Деген сөзді қара жүрек

Айтты ма екен ақ жүрек?!

Қалай, қайтіп жаза басты,

Аз түсінген, сірə, адам?!

Қағбадағы қара тастың

Қарайғаны – күнəдан.

* * *

Көрген кезде жанатын іш,

Батқан күн мен таң атқан.

Неткен ғажап жаратылыс,

Авторы оның – Жаратқан.

Жылтыраққа болған құмар,

Надан ғана ұқпайды.

Жасанды гүл əсем шығар,

Бірақ, иісі шықпайды.

Тұрған жерге табан тіреп,

Таң қалса да көп, мейлі,

Суретшілер салған сурет

Түпнұсқаға жетпейді.

* * *

Ерінбейтін жұмысқа

Илеуіне құмырсқа

Жинағанын үйеді.

Дəметпейтін сый бөлек

Жібек құрт та сүйкімсіз

Жіптен түйін түйеді.

Жарыққа ұшқан көбелек

Алға қарай кимелеп,

Қанаты отқа күйеді.

Батыр, ғалым, ақын да,

Жəбір көрсе жақыннан –

Жүрегіне тиеді.

Қатып жатқан қара тас

Тамыры жоқ болса да,

Туған жерде киелі.

Қаңғып жүрген бишара

Қадірі жоқ болса да,

Өскен елін сүйеді.

Шаттығың ба, мұңың ба?

Мұның бəрі, шынында,


Жаратқанның сыйы еді.

* * *

Жаттауға тəуір,

Айтуға жеңіл,

Салмағы ауыр

Сөздер бар не бір.

Кей сөздер алтын,

Кей сөздер көмір.

Көкейге қонса,

Толқиды көңіл.

От болып жанса

Балқиды темір,

Тек күлі қалса,

Былғанар өмір.

Көрсең де жəбір,

Қыла алсаң сабыр,

Естіген сөзде

Болады қадір.

Келгендей көктен

Бұлжымай əмір.

Тұрады демеп

Сенімің кəміл,

Періште жебеп,

Қолдайды Тəңір.

* * *


Бұл жалғанның түр-түсі,

Жықпылы мен қыртысы,

Көзге түскен əр ісі,

Қойылған əр кірпіші –

Тұрған болса танып кім?

Қой жүні, аң терісі,

Ағаштардың жемісі,

Қауырсыны тауықтың,

Қабыршағы балықтың –

Сырт келбеті анықтың.

Көкжиектен атқан таң,

Қараңғыда жаққан шам –

Белгісі ғой жарықтың.

Көкке шапшып жанған от,

Қоламтада қалған шоқ,

Қураған гүл, солған шөп –

Нышанындай тамұқтың,

Тағылым қыл, ұғын да,

Мұның бəрі, шынында

Көз алдында халықтың.



* * *

Жария қылма əр үйге,

Бас жарылса, шеке ісіп,

Қорланасың, əрине,

Басқа шапса текешік.

Шықса сенен зор мықты,

Кішірейіп өтесің.

Жаттан көрген қорлықты

Тез ұмытып кетесің.

Алды-артыңа қарашы,

Адам неге жасиды?

Достың салған жарасы

Ұзақ уақыт ашиды.

Көпе-көрінеу даттаса,

Жын жайлайды бос үйді.

Ішке қулық сақтаса,

Содан жаным шошиды.

* * *

Тура жолға түсем деген

Пенде деме лепірген.

Кəусар суын ішем деген

Өтер Сират-көпірден.

Тек жұмақта болам деген

Пенделер да бар шығар.

Тамұқ-отқа жанам деген

Қара терге малшынар.

Шыбын жаны шырқыраса,

Кешу тілер жақсылар.

Шын сұраса, шын жыласа,

Соқыр көзден жас шығар.

* * *


Қорланғандар ақталса да,

Сол қалпында қорлаған.

Көңілдегі дық қаншама?

Қатты батты сол маған!

Орнында бар оңалса да,

Сол қалпында онбаған.

Көзі күліп, қол алса да,

Қатты батты сол маған!

Елдің көзі ашылса да,

Сол қалпында көр-надан.

Көкірегі басылса да,

Қатты батты сол маған!

Азайды ма қылмыс, күнə,

Сол қалпында тор-қамал.



Қоям енді кімге кінə?

Қатты батты сол маған!

Алға сүйреп сағым-арман,

Еліктіріп, арбаған.

Бұл өткелсіз дария-жалған

Кімнен кейін қалмаған?!

* * *

Қылып жүрген ғибадат



Көлеңкесі иманның.

Жеткен болса мағрифат,

Жүрегіңмен иланғын.

Жүрсе ниетін тұмшалап,

Адам да бір бейшара.

Берілгенін ишарат

Ұға алмаса не шара?!

Дүмше молда айтқан сөз

Емес таза шариғат.

Дінің үшін жаннан без,

Ең ауыр жол – тариқат.

* * *


Білім деген – біл дегені,

Құлағыңа іл дегені.

Мақұрым қалса бар оқудан,

Ол – кісінің білмегені.

Құлшылықты қыл дегені,

Пенде – Аллаға құл дегені.

Бес парызды еске алмаса,

Ол – кісінің білмегені.

* * *

Адамдар қалқиған мүсіндей



Отырған төрін де өр дейді.

Ақиқат шындықты түсінбей,

Кеудесі қысылып, терлейді.

Көп затты өзі ұстап көрмесе

Өмірде бар деп те сенбейді.

Ыстықты суықпен емдесе,

Суықты ыстықпен емдейді.

Бесік пен моланың арасы

Шамасы – бірталай жер дейді.

Тұрақты қай жерден табасың,

Қалайша көздерің көрмейді?

Ақылмен толтырса кем жерін,

Құлашты қияға сермейді,

Аллаға шын сенген пенденің

Көңілі биікке өрлейді.


* * *

Ардан аттап кіл бұзық,

Болмас істі қылғызып,

Тоқтамайтын жерге де

Аттың басын бұрғызып.

Алдап табыс кіргізіп,

Жалған куə жүргізіп,

Ит жоқ жерде шошқаны

Қойғандар бар үргізіп.

Жаңа қазақ тіл бұзып,

Шала ақындар жыр бұзып,

Дүмше молда дін бұзып,

Болып жатыр шын «қызық».

* * *


Құдай басқа салған соң,

Келін деген келген жан

Судай сіңіп алған соң,

Үрім-бұтақ жалғанған.

Елге елді қоса алған,

Үлкендерден бата алған,

Келіншектер босанған

От анасы атанған.

Көп мұңы бар басында,

Кемпір деген – кем кісі.

Олай деуі, расында,

Кемелділік белгісі.

Алып көптен алғысты,

Тоғысқанда жол талай,

Сен де түбі сар тісті

Əже болғын, қалқам-ай!

* * *

Жолың түссе сүйікті елге,



Дұға қылғын бейіттерде.

Мұндай кезде кетеді екен

Көңіл босап, иіп кеуде.

Көзіңді сал ана бетке,

Қала көп пе, мола көп пе?

Кеткен күндер қайта келмес,

Жазу түсер жаңа бетке.

Саналы жан ойланбай ма,

Өлмей қалар айлаң қайда,

Өлгеннен соң тəнің шіріп,

Топыраққа айналмай ма?!

Жоқтаса да ел күрсініп,

Кетпейміз бе жерге сіңіп.


Бас-басына мазар салу

Пендешілік, əурешілік.

Кез болмаса сұрапылға,

Тыныш жатпас кім ақырда?

Құлпытаста қалған жазу

Керек жалғыз дұға оқырда.

* * *

Қайран басың қалса-дағы қамытта,



Көрген күнің ұқсаса да тамұққа,

Қамықпа!


Жол таба алмай қалған болсаң жарықта,

Көңіл көзі ашылғанша жанықпа,

Қорықпа!

Аунасаң да тəнге жұмсақ мамықта,

Айналмасын десең төсек табытқа,

Зорықпа!


Шыдап жүрген алым менен салыққа

Пайдаң бар ма тигізетін халыққа?

Анықта!

Жəбір бермей діні бөтен сан ұлтқа,



Елге қайыр көрсетуден жалықпа,

Торықпа!


* * *

Шайтан кірсе қан-тамырға,

Жүректерді қарайтпай ма,

Құрт ойнаса əр тамырда,

Қасіретті молайтпай ма?

Жатса да ағып қызыл қаны,

Сырын ашып айта алмайды.

Пенделердің бұзылғаны

Сырт келбеттен байқалмайды.

Сөзі сəнді, өзі мығым

Адамдардың жын жайлаған,

Аңғармадым қалай бұрын,

Сол туралы күнде ойланам...

* * *


Жылуын төгетін,

Шуағын себетін,

Шипалы сəулесін

Аямай беретін

Нұрлы күн киелі.

Шалғыны шығатын,

Жемісі тұнатын,

Кім басып жүрсе де,

Тапжылмай тұратын


Қара жер киелі.

Жаз күні ағатын,

Қыс күні қататын,

Бу болып ұшатын,

Қайтадан таматын

Ағын су киелі.

Күнді де, жерді де,

Суды да, желді де,

Тауды да, көлді де

Жаратқан Раббым!

Өзіңді сүйемін!

* * *


Мен Адаммын!

Əлемде шетсіз, шексіз,

Тарыдай боп қауызға сыйып тұрмын.

Барлық хайуан, жануар, аң мен құстан,

Ібілістен, шайтан мен мақұлықтан

Ақылым асып, ой озып...

Биік тұрмын.

Ия, Раббым!

Шыққанша жан-дауысым,

Бір өзінсің қолдаушым, қорғанышым,

«Құлыңмын!» – деп басымды иіп тұрмын.

* * *


Əрбір істің «нормасы» бар,

Белгіленген кестелер де мəңгі емес.

Үстерінде «формасы» бар

Полиция жасап жатыр жолда егес.

Бидің бəрі елдің сөзін сөйлемес,

Құрып жатса хан кеңес,

Жүйрік емес жүлде алғанның біразы,

Кейбір дүмше сəлде ораған молда емес.

* * *

Түркінің Тəңірі,



Парсының Құдайы,

Арабтың Алласы –

Келген соң сай тілге,

Айтылсын қай тілде,

Бір Алла – Һəммасы.

Жар болып жүр деген,

Жаратқан бір деген,

Жер басқан тірі адам.

Тəңірден тілеген,

Құдайдан қалаған,

Алладан сұраған.


Келген соң сай тілге,

Айтылсын қай тілде,

Бір Алла – Һəммасы.

Түркінің Тəңірі,

Парсының Құдайы,

Арабтың Алласы.

* * *

Таққа отырсақ тақсырмыз,



Бай, сұлтанбыз, ханбыз.

Күні түссе жақсының,

Қатып қалған жармыз.

Болып тұрса ішім-жем,

Бұл жалғанда бармыз.

Тірі жанбыз дейміз-ау,

Жегенге мəз малмыз.

Не деп жатыр жүрегің,

Ұқпай соны далмыз.

Құпияны біледі

Алла ғана жалғыз.

* * *


Гүлдің сырын білемісің,

Судың сырын білемісің,

Гүл иіскемей, суға түспей,

Жер қойнына кіремісің?

Құмның сырын білемісің,

Тастың сырын білемісің,

Құмды шашпай, тасты баспай

Жер қойнына кіремісің?

Сүрінсең – кім сүйенішің?

Айтпасам да біледі ішің.

Хақ дидарын көрерің хақ

Шыққан болса тілегің шын.

* * *

Аң мен құстың тілінде,



Хайуанаттар үнінде

Бар ғой десем сыр қандай,

Күнде жүрген көріп сіз,

Бүгілмей ме еріксіз

Болса да алып піл қандай.

Түскен тоты торға да,

Қарқылдаған қарға да

«Хақ сөйле!» – деп тұрғандай,

Дірілдеген көжек те,

Абалаған төбет те

«Ақ сөйле!» – деп тұрғандай.


Жаңа келген фəниге

Уілдеген сəби де

«Нақ сөйле!» – деп тұрғандай,

Кім болып ең сен кеше?

Тағзым қылып ендеше

Жайнамазға ұр маңдай!

* * *

Фəниде су, бақида отпен



Тазалайды пендені.

Су жоқ болса дəретіңді ал,

Топырақпен жердегі.

Белгілі ғой не заттың да

Қара жерден өңбегі.

Сол топырақ торқа болар

Қайтқан жанға көрдегі.

* * *


Дей алмаймын: азығым көп,

Дей алмаймын: жазығым жоқ,

Өзіме өзім келе берем

Ат секілді жем жегенде

Айналатын қазығын көп.

Адамдарға қарызым жоқ,

Алла алдында қарызым көп...

* * *


Ия, Алла!

Тағдырға ара кім тұрар,

Бас ауырып, балтыр сыздап,

Қабырғамыз сырқырар.

Пенде болсаң жақсылыққа ұмтылар,

Күн көзінен жердің беті құлпырар,

Тартқан азап, көрген бейнет ұмытылар,

Жаратқанның нұры жауар күн туар...

* * *

Жұлдыздар жанады



Түндерді жарық қылып,

Тұрады жоғары

Көркімен қарық қылып,

Биіктен ағады

Көздерді қарықтырып.

Содан соң сөнеді

Көңілді қамықтырып,

Адамдар келеді

Бір бірін зарықтырып,

Ақыры өледі

Үлгермей танып-біліп...


* * *

Табылып бар керегім,

Киімім мен қорегім,

Қуат болса бойыма

Ішкенім мен жегенім,

Нұрын құйып ойыма,

Жақсы шықса өлеңім,

Сұрамаңдар себебін,

Іздемеңдер дерегін,

Емес менің беделім,

Алла, сенің көмегің!

* * *


Теріс сөйлеп, теріс жүріп,

Жара шықса ерінге,

Көрсететін теріс қылық

Көбейіп тұр елімде.

Тұрып сөйлеу, тұрып ішу

Дағды болған халқыма,

Сол ішкенді қайта құсу

Ата-баба салты ма?

Оң қолыңа пышақ беріп,

«Сол қолыңмен же!»



деген,


Бұзатұғын дінді берік

Малғұн еді не деген.

Барлық істе адал боп қал,

«Бісімілла!»



деп кіріссең,

Ас жесең де

оң қолмен ал,

Оң қолмен іш

су ішсең.

Жаман əдет елге мін боп,

Түскен құрттай егінге,

Арамдардан жұққан індет

Көбейіп тұр жерімде.

* * *

Адам қайтты



Тоқтағанмен басқа амал,

Ізгі іс қалды артында.

Адам қайтты

Бұзылмайтын бас қамал



Білім қалды артында.

Адам қайтты

Оқып дұға, еске алар

Ұрпақ қалды артында.

* * *


«Тағы Алладан бастады!» – деп,

«Басқаларды қоспады!» – деп,



«Жұмаққа жол нұсқады!» – деп,

Келемеждеп қарайтын кім молдаға?

«Алма, түс!» – деп жата беру,

Қол жайғанда бата беру,

Тілек айту, арманға еру,

Мұның бəрі – жалбарыну Аллаға.

Қағып-соғып көз көргенді,

Кекеп-мұқап сөз бергенді,

Алдап-сулап өзгелерді,

Көзді сүзбе елде есірген ептіге.

Мыңға бермес жүз күніңді,

Жемісіңді күзді күнгі,

Теріп жеген ырыздығыңды

Адам емес,

Алла берсін деп тіле!

* * *


Əкем қайтты...

Шешем қайтты...

«Құдай қайтып алды» – дедік.

Қайғы-мұңым жанға батты,

«Құдай басқа салды» – дедік.

Қыршын жаста қайтып ұлым,

Бір қанатым солды, семіп.

Құрдастарым кетіп бұрын,

Барар жерім қалды кеміп.

Биіктесем төбені асып,

Аласардым тауды көріп.

Достың көбі кетіп қашық,

Қуанбадым жауды жеңіп.

Көңіл талай отқа күйген

Барлығынан болды жеріп.

Құтылармын бұл фəниден

Əзірейілге жанды беріп.

* * *


Көрінгенді көзіңе,

Аламын деп көздеме.

Не қаласаң өзіңе,

Соны тіле өзгеге.

Келіспесе пішіні,

Дүния талай бүлінген.

Жəбірлеме кісіні

Қолыңмен не тіліңмен.

Қолданбағын мың айла,

Ие болсаң малға да,

Табын жалғыз Аллаға,


Сыйын жалғыз Аллаға!

* * *


Тіл ұшына Алла келді,

Аузымды ашып тіл қатып ем.

Əр шумақты, əрбір жолды

Бастап жүрдім Алла атымен.

Тəсбих тасын санағаным

Мың мəртебе Алла десем.

Болар ма екен қалағаным,

Өмірімді жалға десем.

Жүрегімді жарып шыққан

Өлеңдерден құралатын,

Қиындықтан алып шыққан

Осы менің мінажатым.

* * *

Ия, Раббым!



Мың бір мəрте тəуба саған!

Рақым қыл!

Жарылқай көр,

Ия, Жасаған!

Төбем көкке тисе де – құлмын саған,

Денем отқа күйсе де – құлмын саған,

Сақтай көр деп пəледен жолымдағы,

Жалбарынып, жалынып жүрмін саған.

Сенің құлың шіреніп жүргендер де,

Алтындатқан сарайға кіргендер де,

Астамсынбай соншама тұрса қайтер,

Өлетінін түбінде білген пенде.

Ас ұсынса көңілмен шынайы жар,

Болып жүрем жегендей ұдайы бал.

Майдай жақса қайғысыз ішкен сусын,

«Жыртық үйдің, – демей ме, – Құдайы бар!»

Рақым қыл!

Жарылқай көр,

Ия,Жасаған!

Ия, Раббым!

Мың бір мəрте тəуба саған!

* * *


Заманның мынау қалпына қарап,

Аһ ұрдым, тағы түңілдім.

Кетсе де барлық салтымды тонап,

Келмейді бордай үгілгім.

Қаңғыбас иттер көшеде толған

Қоқыстың маңын аңдыған.

Қақаған қыста қалтырап, тоңған


Кісілер де бар қаңғыған.

«Боласың, дейді, халыққа тіреу»

Сығанның қызы бал ашып.

Мүсіркеп жатыр сүт беріп біреу

Мысыққа жүрген жаны ашып.

Таланттар нағыз болғанда ғаріп,

Жан бағып тойда əншілер,

Жүретін бұрын көңілді тауып,

Бас сұқпай кетті көршілер.

Көтеріп көкке көрсетер өзін,

Даңғаза мақтан керек пе?!

Көбейіп кетті шайтанның сөзін

Сөйлейтін ақын желөкпе.

Айтқанға көніп, «Жарайды!» дейді,

Қазақтың көңілі көл-көсір.

Сол шайтан кейде орайды дейді

Молданың тартқан сəлдесін.

Ашқалы жастан көзімді тырнап,

Шындықты деп ем жазамын.

Шайтанның сөзі кетті ғой былғап

Алланың əппақ қағазын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет