Филология факультеті қазақстан республикасындағы тіл саясаты және ономастикалық кеңістік


ҚАЗАҚТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ОНОМАСТИКАЛЫҚ



Pdf көрінісі
бет10/13
Дата26.01.2017
өлшемі1,91 Mb.
#2756
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ҚАЗАҚТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ОНОМАСТИКАЛЫҚ 
САЯСАТТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ 
НАУРЫЗБАЕВ Ж.Б.
Қостанай облысы әкімдігі тілдерді 
дамыту басқармасы ономастика және 
көрнекі ақпараттар мониторингі бөлімі
Қостанай қаласы
Аннотация:  В  статье  представлены  сведения  о 
направлениях ономастической работы в Костанайской области. 
В  настоящее  время  одними  из  главных  направлений  языковой 
политики в проблемах ономастики являются научно-практическая, 
культурно-историческая и общественно-политическая.
Abstract: This paper contains data of onomastic directions in 
Kostanai region. The author determines one of the main aspects of the 
language policy. He thinks that scintific-practical, cultural-historical, 
social-political aspects are the leading aspects in onomastics. 

138
Мемлекеттік  тіл  Қазақстан  халқының  ұлттық  идеясына, 
бүкіл  қоғамды  біріктіруші  күшке  айналғаны  шындық. 
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп, Президентіміздің 
тілдік даму көкжиектерін анықтап айтқаны да белгілі. Қазақ тілі 
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі дегенді қайталай 
бергеннен де, қазақ тілі – қазақтардың ана тілі деген қарапайым 
ойды санаға сіңірудің мәні маңыздырақ деп өз басым ойлаймын. 
   Ана тіліміз, ең бастысы, осы мемлекеттің түп иесі – қазақтар 
үшін  керек.  Осы  ойымыз,  облыстық  деңгейдегі  мемлекеттік 
органдардағы қызметшілердің жоқ дегенде жартысынан астамы 
– қазақтар, егер ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге, қазақ 
тілін толыққанды жұмыс тіліне айналдыруға осы құрам атсалысар 
болса, іс оңтайлы жолға түсер еді. Бірақ іс жүзінде, олар штаттық 
кестедегі  аудармашы  қызметшілеріне  иек  артып  алғандықтан, 
тілді  біліп  тұрса  да  білімін  «білдірмеуге»  тырысады.  Солай 
жүргенде,  білгенін  ұмытып,  өз  тілінде  сауатсызданғандарын 
да  ескермей  қалады.  Осы  жағдайдан  шығу  жолын  2  мәрте 
мемлекеттік бағдарламалық мерзім бойы іздеудеміз. 
Мемлекеттік тіл мемлекеттік деген мәртебесіне сай болуы 
үшін келесі мәселелер нақты шешілуі қажет:
1.  Мемлекеттік  органда  атқаратын  қызметіне  сәйкес 
мемлекеттік  тілді  тиісінше  дәрежеде  білудің  мемлекеттік 
қызметкерге қойылатын біліктілік талаптарында көрініс табуы;
2. Жергілікті тілдерді дамыту басқармаларына өкілеттіктер 
бере  отырып,  олардың  да  жауапкершілігін  белгілеу,  олардың 
өз  міндеттерін  атқаруына  бақылау  жүргізуді  орталық  уәкілетті 
органға жүктеу;
3.  Тілді  дамытуға  байланысты  атқарылып  жатқан 
шараларды нақты шешу жолдарын қарастыру;
4. Көрнекі ақпарат мәтіндерінің тіл заңнамасы нормасына 
әрдайым  сәйкес  әзірленуі  мен  орналастырылуына  үнемі 
қатаң  бақылау  жүргізу  мен  заң  бұзушылықтар  бойынша 
жауапкершілікке  тарту  құзырлығын  арнайы  заңмен  тілдерді 
дамыту басқармаларына жүктеу;
Қазіргі  таңда  ономастика  мәселелерін  реттейтін  заңдар, 
нормативтік-құқықтық 
құжаттар 
қабылданып, 
олардың 

139
талаптары  жүзеге  асырылуда.  Бірақ  осы  «үзік»  саланы 
біріздендіретін нақты бір Заң ауадай қажет.
   Заң,  бір  жағынан,  «ауылдың  аты  –  атама,  көшенің  аты-
көкеме» деген өз ағайындарымыздың арасында орын алған теріс 
үрдісті  тоқтатуға  негіз  болса,  екіншіден,  патшалық  Ресейдің 
отаршыл саясаты мен тоталитарлық кезеңді еске салып, халықтың 
намысына тиетін  сарқыншақ атаулардан дау-дамайсыз құтылып, 
халықтың көне атауларын қайтаруға құқықтық кепілдік болары 
сөзсіз.
Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалымы 
Мұхтар Әуезовтің «Біздің қазақ – жер атын, тау атын әманда сол 
ортаның  сыр-сипатына  қарай  қоя  білген  жұрт.  Қайда,  қандай 
өлкеге барсаң да жер, су, жаһан түзде кездескен кішкентай бұлақ 
атының  өзінде  қаншама  мән-мағына,  шешілмеген  құпия  сыр 
жатады», - деп жазған еді. Жер-су атаулары – халықтың жады, 
оларда үлкен таным бар, рух бар, мағына бар. Халық тарапынан 
қойылған атауларды сол өңірдің табиғи да, тарихи құжаты деу 
ләзім. 
Бұл салада әлі де болса шешімін күткен жұмыстар толып 
жатыр,  бірақ  бәрін  сабырлылықпен,  ақылмен,  «асықпай-
тездетіп» деген тәсілмен жүзеге асырсақ ұтылмаймыз. Ең басты 
мәселе – қоғамдағы бірлік-берекені бұзып алмай, өзара түсіністік 
қарым-қатынасты сақтай білу.
Қазіргі  таңда  ономастика  тіл  саясатының  басым 
бағыттарының  бірі  ретінде  ғылыми-тәжірибелік  және  мәдени-
тарихи маңызбен қатар қоғамдық-саяси маңызға ие болып отыр.
«Туған  жер»,  «Кіндік  қаным  тамған  жер...».  Бұл  сөздер 
әр адамның жүрегіне жылу ұялатады, адамның өмір жолы осы 
жерлерден  бастау  алады.  Еліміз  тәуелсіздік  алған  алғашқы 
жылдары  оянып,  ойлана  бастаған  алаш  жұрты  алды-артын 
бағамдап,  солақай  саясаткердің  тәлкегіне  түскен  тарихтың  ақ-
қарасын  айырып,  әділеттілікті  ту  етіп  көтерді.  Топонимика 
мәселелеріне қатысты зерттеулер қолға алынды. Қазақстандағы 
облыс, аудан аттарының тарихи атауларын қайтару жұмыстары  
алғашқы  серпінде  жақсы  қарқынмен  жүргізілді.  Мысалы, 
1997  жылғы  маусымның  17-сінде  Елбасы  Н.  Назарбаевтың 

140
Жарлығымен  Ақтөбе,  Қызылорда,  Қостанай  облыстарының 
орыс  тіліндегі  транскрипциясы  қазақша  өзгертілді  және 
аталмыш облыстардағы көптеген аудандардың тарихи атаулары 
қайтарылды. Атап айтқанда, Қостанай облысында Камышнин – 
Қамысты, Комсомол – Қарабалық, Ленин – Ұзынкөл, Семиозер - 
Әулиекөл, Урицкий – Сарыкөл, Орджоникидзе – Денисов ауданы 
болып  аталды.  Қостанай  қаласы  мен  Қостанай  облысының 
атауларының  транскрипциясы  өзгертілді.  Қалалар  мен  елді 
мекендердің  көптеген  көшелерінің  атаулары  өзгертілді.  Бірақ  
аталған  шаралар  көп  жағдайда  ғылыми-тарихи  негіздемесіз 
жүргізілген. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жағдай ономастикалық 
жұмыстың  ғылыми-фактологиялық  базасының  жоқтығынан 
туындап  отыр.  Ол  үшін  нақты  ғылыми  зерттеулер  жүргізілуі 
керектігі айтпаса да белгілі жағдай. 
  Сондықтан  жоғарыда  аталған  топонимикалық  карта 
облыстағы  ономастикалық  жұмысты  ғылыми-фактологиялық 
база негізінде бір жүйеге келтіруге және үйлестіруге мүмкіндік 
береді. 
Бұл  шараны  жүзеге  асыру  үшін  облыстың  жоғары  оқу 
орындарының  тарихшы  ғалымдарының  қатысуымен  құрылған 
топонимикалық  экспедиция  өз  жұмысын  облыстың  Ұзынкөл 
және  Меңдіқара  аудандарынан  бастады.  Ғылыми-іздестіру 
жұмыстары  басталар  алдында  этнографиялық  материалдарды 
жинастыру, зерттелетін аумақтың этимологиясын, қажетті зерттеу 
әдістемесін    анықтау,  сол  маңайдың  тарихын  білетін  көнекөз 
қарияларды іздестіру бойынша көп жұмыстар атқарылады.   
Бұл экспедиция облыстың барлық аудандары мен қалаларын 
аралап болып, олардың бірнеше жылғы жұмыс қорытындылары 
бойынша  5  жинақ  баспадан  шығарылды.  Ғылыми  экспедиция 
мүшелері  жергілікті  жердің  байырғы  тұрғындармен,  алғашқы 
қоныс  аударушыларымен  әңгімелесіп,  олардың  сөзін  жазып 
алды.  Мұрағат  материалдарын,  саяхатшылардың  жазғандарын 
іздеп тауып оқыды. Солардың бәрін елеп-екшеп келгенде, жер-
су, елді мекендерге орысша айдар тағудың бірнеше себептеріне 
көз жеткізілді.
 Біріншіден, Ресейдің жерінен келген қоныс аударушылар 
жердің  бұрынғы  қазақша  атауын  айтуға  қиынсынып,  өздерінің 

141
келген  жағының  атының  алдына  «ново»  деген  сөзді  қосып 
айтқан. Мысалы, Николаевкадан келген болса Новониколаевка, 
Александровка болса Новоалександровка деген. 
Екіншіден,  сол  жердің  бұрынғы  қазақша  атын  орысшаға 
аударған. Мәселен, Қарағайлы дегенді Боровское деген. 
Үшіншіден,  қазақша  атауды  бұрмалап  атаған.  Мысалы, 
Ұзынкөл  ауданындағы  Баба-көлді  –  Озеро  Бабье,  Өзен-көлді  – 
Ұзынкөл деп айтқан. 
Төртіншіден, ең алдымен қай отбасы көшіп келіп орналасса 
соның  фамилиясымен  атаған.  Мысалы,  Павловка,  Романовка, 
Александровка т.б. Атап айтар болсақ, 1888 жылы Орынбордың 
вице-губернаторы  И.П.  Кереев  қазіргі  Меңдіғара  ауданындағы 
Михайловка деген село тұрған жерге келеді. Сол кезде ауылдың 
аты сол жердегі Қараңғылық деген өзеннің атымен аталған екен. 
И.П.  Кереев  болса  жергілікті  халықты  жинап  алып,  «Орыстар 
тұратын жерге неге орысша ат қоймағансыңдар?» дейді де, елді 
мекенді  «Михайловка»  деп  өзгертіп  кетеді.  Сонымен  бұл  атау 
«Қараңғылыққа»  Ресейден  алғаш  келген  қоныс  аударушының 
аты-жөні екен.
Бесіншіден,  қоныс  аударып  келушілер  келген  жерін 
өздерінің  арасындағы  белгілі  адамдардың  қыздарының  не 
әйелдерінің  есімімен  атаған.  Мысалы,  Ұзынкөл  ауданында 
Варваровка деген ауыл бар. Оның тарихына үңілсеңіз, бұрынғы 
аты Қарамойыл болған, бірақ XIX ғасырдың 90-шы жылдарында 
Украинадан  қоныс  аударып  келген  Варвара  деген  әйел  Тойсай 
деген  жерде  тоған  салады  да,  соған  байланысты  бүкіл  ауылға 
сол  әйелдің  ныспысы  беріледі.  Ал  Меңдіғара  ауданындағы 
«Татьяновка» деген жер 1903 жылы Қалыбай деп аталған екен. 
Оған орыстар Қазақстан жеріне қоныс аударушыларға жер өлшеп 
берушінің  Татьяна  деген  қызының  есімін  берген.  Сол  сияқты 
Алешин деген ауыл да сол кездегі жер өлшеушінің есімі болған. 
Мұндай мысалдарды басқа аудандардан да көптеп кездестіруге 
болады.   
Бір анығы – жер атауларының осылай өзгертілуіне патша 
өкіметі  бірден  жарлық  шығарып  отырған.  Ал,  Кеңес  өкіметі 
орнағаннан кейін көптеген жерлерімізге партия қайраткерлерінің, 

142
съездерінің  реттік  саны  берілген.  Онан  кейін  тың  көтерілген 
жылдары  құрылған  ұжымшарлар  облысымызға  жұмысқа  кім 
қайдан келсе, солардың келген жағының атымен аталды. Мысалы, 
Меңдіқара  ауданындағы  Красно-Пресненский,  Минский, 
Харьковский т.б. елді мекендер сол бір солақай саясаттың айқын 
куәсі.
Қостанай  облысы  республикамыздың  солтүстігінде 
орналасқан,  8  бірдей  ауданы  Ресеймен  шектеседі.  Жер  көлемі 
–  196,0  мың  шаршы  километр,  халқының  саны  миллионнан 
артық.  Халық  санағының  мәліметіне  қарағанда  XX  ғасырдың 
басында жергілікті ұлт бүкіл халықтың 89 %, 40-жылдары 50 %, 
ал енді 70-жылдары тек 17 %-ті құраған. Өткен жылғы санақтың 
қорытындысына  қарағанда,  облыс  бойынша  жергілікті  ұлттың 
үлес салмағы 38,4 пайызға дейін әрең өскен.  
Қостанай  облысында  бүгінгі  таңда  5  қала  (Қостанай, 
Арқалық, Рудный, Лисаковск, Жітіқара), 16 аудан бар. Ресеймен 
шекаралас аудандардағы жер атауларының көпшілігі әлі де орыс 
тілінде.  
Жоғарыда  айтылғандай,  Қостанай  облысында  да 
ономастикалық  жұмыстар  бірнеше  бағыттар  бойынша 
жүргізілуде. Жұмыстың негізгі бағыты – географиялық атауларды 
жинақтау,  оларды  бір  жүйеге  келтіру,  ғылыми  негіздерін 
анықтау.  Сөйтіп,  ономастикалық  сөздіктер  құрастыру.  Сондай-
ақ  өкінішке  орай  Қостанай  облысының  тарихи  корпусы  өте 
кедей – ол екі-үш монографиялық зерттеулер мен компилятивті 
сипаттағы шағын кітаптардан тұрады. Барлық әдебиетті бірнеше 
топқа бөлуге болады. Бірінші топқа ғылыми дәреже қорғайтын 
диссертациялар,  ғылыми  басылымдар,  мақалалар  және 
тарихшылар коференцияларындағы баяндамалар жатады. Келесі 
топ жергілікті өлкетанушылар – тарих пәнінің мұғалімдері мен 
жергілікті  мұражайлар  қызметкерлерінің  еңбектерінен  тұрады. 
Олардың  кейбіреулерінің арнайы тарихи білімдері болғанымен 
көпшілігі  энтузиасттар,  сондықтан  олардың  зерттеулері  көп 
жағдайда  шындықтан  алыс.  Үшінші  топқа  мерейтойлық 
даталарға арналған жарияланымдар жатады, мысалы аудандаық 
және облыстық газеттер беттерінде кеңшарлардың, ауылдардың, 

143
аудандардың,  газеттердің,  кейбір  ұстаздардың,  дәрігерлердің 
партия қызметкерлерінің мерейтойлары қарсаңында олар туралы 
материалдар  жарық  көріп  отырған.  Бұл    деректердің  біз  үшін 
ғылыми құндылығы бар.
Қостанай  өлкесінің  топонимикасы  туралы  мәліметтер 
бар  ресейлік  еңбектердің  алғашқыларының  бірі  -  бүлікші 
еділ  қалмақтарын  қуып  барған  фон  Траубенбергтің  әскери 
экспедициясы  нәтижесі  бойынша  Н.  Рычковтың  1772  жылы 
жарияланған  «Дневные  записки»  еңбегі.  Автор  аймақтың 
географиясы туралы қызықты деректер қалдырған, оның атаған 
топонимдерінің ішінде Абуга (Обаған), Тобол (Тобыл) өзендері, 
Дениз-куль (Теңіз), Кундыз-куль, Кара-кундыз көлдері және т.б. 
кездеседі.
Қостанай  өңірін  шаруа  отарлау  тарихын  зерттеуде 
орыстың  экономисі  және  статистигі  Александр  Аркадьевич 
Кауфманның  (1864-1919)  Санкт-Петербургте  1897  жылы 
шыққан  «Переселенцы-арендаторы  Тургайской  области»  атты 
кітабы. 1880 жылдардың соңынан бастап ол байырғы шаруалар 
мен Сібір және Орта Азиядан қоныс аударғандардың жер өңдеу 
және шаруашылығын зерттеумен айналысып өз жұмыстарында 
орыстың  қоныс  аударған  шаруаларының  әлеуметтік-
экономикалық,  шаруашылық  тұрмыстық  жағдайларының 
шынайы ахуалын көрсеткен. Көп жағдайларда оның көзқарастары 
қоныс аудару саясаты мен тәжірибесі мәселелері бойынша ресми 
жарияланымдардан  айтарлықтай  алыс  болды.  А.  Кауфманның 
еңбегінде  біз  үшін  құнды  болып  табылатын  деректер  –  елді 
мекендердің  пайда  болу  тарихы,  әрбір  ойконимнің  туындау 
себептері.
Қостанай  облысының  өткенін  зерттеуді  өзіндік  ғылыми  
негіздеген  алғашқы  тарихшылардың  бірі  Манаш  Қабашұлы 
Қозыбаев  болды.  Өткен  ғасырдың  50-ші  жылдары  оның 
өлкеміздің ХХ ғасырдың басындағы тарихын зерттееуге арналған 
бірқатар  мақалалары  мен  жекелеген  еңбектері  жарық  көрді. 
Бұл жұмыстарда топонимика мәселелері де көрініс тапты, атап 
айтсақ, «Қостанай» сөзінің этимологиясы талданды.
Кеңес  дәуірінде  аймақтың  тарихын  барынша  толық 
баяндауға  талпыныс  білдірген  1979  жылы  шыққан  «Кустанай 

144
вчера,  сегодня,  завтра»  кітабы  болды.  Оны  сол  кездегі 
педагогикалық  институттың  тарихшы  ғалымдары  В.С. 
Макотченко, А.С. Елагин, Я.К. Духин, И.К. Терновой, облыстық 
мұрағаттың  мұражайдың  бірқатар  қызметкерлері  жазды.  Бірақ 
аталған  кітапта  Тобыл  өңірінің  орыс  қоныс  аударушыларына 
дейінгі  тарихы  қамтылмаған,  тек  Қостанай  уезінің  қаласының 
және алғашқы қоныс аударушылардың тұрғылықты жерлерінің 
пайда  болуы,  «еуропалық»  тұрғындардың  шаруашылық  және 
әлеуметтік-саяси өмірі ғана толық көрініс тапқан. 
  Сонымен,  Қостанай  облысы  тарихының  ХІХ  ғасырдың 
аяғынан  осы  күндерге  дейінгі  кезеңі  ғана  анағұрлым  толық 
зерттелген.  Орта  ғасырлық  кезең  толық  зерттелмеген, 
жоңғарлармен    соғыс  кезеңі  ішінара,  ал  ХVI-XVII  ғасырлар 
мүлде қамтылмаған.
Ал,  қазақстандық  ономастиканың  тағы  да  басқа 
көптеген  маңызды  аспектілері  өз  кезегін  күтуде.  Қазақстан 
ономастикасының  мәселелерін  тақырыптық    және  тарихи-
салыстырмалы  түрде  зерттеу  ғана  бұл  қызықты  саланы  нағыз 
қазіргі кезеңдегі лингвистикалық деңгейіне көтере алады. 
Жасыратыны  жоқ,  еліміздің  басқа  да  өңірлері  сияқты 
Қостанай облысында да елді мекендер, көшелер атаулары кеңестік 
кезеңінің идеологиясымен бұрмаланып кеткен болатын. Тарихи 
атауларды  қалпына  келтіру,  елді  мекен  атауларын  қайта  атау, 
көшелерге  заман  талабына  сай  атау  беру  –  мүмкіндік  берілген 
аздаған  ғана  уақыт  ішінде  (мораторий  сипатында  бітпейтін 
бір  тыйым  салу)  жүзеге  асырылады.  Бірақ  қолданыстағы  заң 
нормалары  осы  мәселелерді  шешуді  тым  қиындатып  жіберіп 
отыр  деп  ойлаймын.  Соңғы  уақытта  адам  аттарын  оңды-
солды  тықпалай  беруден  аулақ  жүрейік  деген  пікірлер  әртүрлі 
мінбелерден  айтылып  келеді.  Шет  ел  тәжірибесіне  сәйкес  ұлы 
тұлғалардың атында мектептер, көше атаулары аталмайды. Бұл 
дұрыс  мәселе.  Бірақ  бұл  жағдай  –  біздің  менталитетке  жақын 
болмағанымен,  тәлім  алатындай  өнеге.  Біздің  пікірімізше, 
Қазақстан  Республикасы  Үкіметі  жанындағы  ономастика 
комиссиясы бір жинақ қор кітабын шығарып, онда идеологиялық 
тұрғыдан  ескірген,  мағынасы  түсініксіз,  тәуелсіз  Қазақстанға 

145
ешбір қатынасы жоқ атаулар тізімін бір жаққа, екінші бір бөліміне 
зиялы  қауым,  ономаст  ғалымдар,  сарапшылар  сүзгісінен  өткен 
тәуелсіз еліміздің тарихына, өткеніне және қазіргі жетістіктеріне 
негізделген  жаңа  атаулар  тізімін  арнайы  Үкімет  қаулысымен 
бекітіп, облыстарға нақты жұмыс жүргізу үшін тапсырма беріп 
оның  орындалу  барысын  қадағалау  қажет.  Осылай  ғана  сол 
елді  мекендердегі  көптің  пікірімен  санасу  немесе  тиісті  аумақ 
халқының пікірін ескеру... және тағы да басқа іс-әрекеттер қажет 
етілмейді. Өйткені, атау беруде және қайта атауда барлық елді 
мекендер  тұрғындары  бұрынғы  атауды  құп  алып  отырған  жоқ. 
Негізгі себебі көптеген жерлерде әлі күнге дейін кері тартатын 
өз қандастарымыз бар, өзге ұлт өкілдері де көп. Ал, соңғылары 
баяғы қоныстанушылардың атынан айырылғысы келмейді.
Атам қазақ жер-су атауларын қазақтың кең-байтақ даласына 
мөр  ғып  басқан.  Тілімізге  оралымды,  көкейге  қона  кететіндей 
етіп  көркем  кестелеген.  Қазақтың  ұлы  даласындағы  жер-су 
атауларының  бәрі  бедерлі  поэтикамен  өрілген.  Желмая  мініп, 
жер шолған Асан Қайғы бабамыз өзі тоқтаған жерінің аты мен 
затын салмақтап тұрып саралап бермеп пе еді! Ата-бабаларымыз 
Хан Тәңірі мен Алатауды, Бетпақдала мен Қаратауды, Арал мен 
Ұлытауды,  Сығанақ  пен  Сарайшықты,  Қарасаз  бен  Қараойды, 
Шалкөде  мен  Көлсайды,  Бақанас  пен  Кербұлақты,  Ақши  мен 
Қапалды, Желтораңғы мен Балатоптарды ешбір ономастикалық 
комиссиясынсыз-ақ  сәтімен  атап,  санамызға  сіндіріп  жіберген 
жоқ па еді?! 
Бұл атаулар тек географиялық белгі ғана емес, мәдениетіміз 
бен  сан  ғасырлық  тұрмысымыздың,  тіліміздің  барша  тарихы 
мен  заңдылықтары  да  осы  атаулардан  табылады.  Қазақстан 
мемлекеттігін нығайтудың қазіргі кезеңінде ономастика мәселесі 
тек  қазақ  тілінің  аясымен  ғана  шектелмей,  саяси-әлеуметтік, 
тарихи,  мәдени  мәні  зор,  ұлттық,  құқықтық,  идеологиялық, 
моральдық  шешімді  талап  ететін  өте  күрделі  құбылыс  болып 
саналады.  Сондықтан  да,  ономастика  проблемаларына 
мемлекеттік маңыз беріліп отыр.   
Жер-су атауларына зер сала қараған адам сол атаулардың 
астарындағы ғажайып сырларды танып, қайран қалар еді. Әрбір 

146
халықтың санасында бұл атаулар ғасырлар қойнауындағы қазына 
ретінде  бағаланады.  Қазақ  халқы  ежелден  елді  мекендердің, 
жер,  су,  өзен,  көл  атауларының  мән-мағынасына,  тарихына 
ерекше  көңіл  бөлген.  Әр  дәуірдің  ескерткіші  ретінде  халық 
тарихының, ұғым нанымның дерегі саналып, ұрпақтан-ұрпаққа 
ауысып отыратын тарихи жәдігерлерді құрметтеп, аялап сақтау 
– азаматтық борышымыз. 
Қостанай  облысының  ономастикалық  кеңістігі  жөніндегі 
қосымша мәлеметтер:
1.  Өңірдегі  халықтың  тілдік  құрамы  –  Жалпы  облыс 
бойынша  мемлекеттік  органдарда  қазақ  тіліндегі  құжаттардың 
үлесі  2015  жылдың  ІІІ  тоқсанында  97,2  пайызды  құрады. 
Қостанай  облысы  тұрғындарының  тілдерді  менгеру  деңгей 
респонденттердің  жауабы  бойынша  төмендегідей:  2015  жылы 
– қазақ тілін үйреніп еркін жаза алатындар – 28,7 пайыз, орыс 
тілін үйреніп еркін жаза алатындар – 91,2 пайыз, ағылшын тілін 
үйреніп еркін жаза алатындар – 203 пайыз. Осы көрсеткіш 2014 
жылы төмендегідей болды:  қазақ тілі – 40 пайыз, орыс тілі – 77 
пайыз, ағылшын тілі – 9 пайызды құрайды.
2.  Соңғы  бес  жылда  ономастикалық  атауларды  өзгерту 
көрсеткіштері  –  Соңғы  5  жыл  ішінде  Қостанай  қаласында  2 
көше  ,  2  әлеуметтік  маңызы  бар  2  объекті,  Рудный  қаласында 
1  көше,  Арқалық  қаласында  әлеуметтік  маңызы  бар  1  объект, 
Алтынсарин  ауданында  1  көше,  Әулиекөл  ауданында  7  көше, 
Жанкелдин  ауданында  1  көше,  Жітіқара  қаласында  әлеуметтік 
маңызы  бар  1  объект,  Сарыкөл  ауданында  4  көше,  Федоров 
ауданында 2 көше атаулары өзгертілді. Осындай қайта атаулар 
Ұлы Отан Соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығының өзектілігі 
мен  маңыздылығына,  Қазақ  хандығының  550  жылдығы  мен 
Қазақстан  халқы  ассамблеясының  20  жылдығына  орай  жүзеге 
асырылған болатын. 
3.  Атауларды  өзгерту  принциптері,  яғни  жаңа  атау 
қандай  талап  пен  сұраныстың  негізінде  берілгені  және  оның 
құқықтық – нормативтік реттелуі туралы – Жоғарыда аталған 
атауларды  өзгертіу  21.01.2013  жылғы  қабылданған  «Қазақстан 
Республикасының  кейбір  заңнамалық  актілеріне  ономастика 

147
мәселелері  бойынша  өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізу 
туралы»  ҚР  Заңы  осы  заңға  сәйкес  бірқатар  ҚР  Заңдарына 
енгізілген  заңдарға,  Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің  2014 
жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысымен бекітілген «Әкімшілік 
– аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне 
атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының 
транскрипциясын  нақтылау  мен  өзгерту  кезінде  тиісті  аумақ 
халқының  пікірін  ескеру  қағидалары»  талаптарына  сәйкес 
жүзеге  асырылуда.  Осы  жұмысты  жүзе  асыру  барысында 
жеке  кәсіпкерлік  объектілеріне,  қонақ  үй,  асхана,  дүкендер, 
шаштараз  т.б.  нысандар  атауларына  ұлы  тұлғаларымыз  бен 
батырларымыздың  (Абай,  Абылай,  Кенесары,  Шәкәрім  т.б.) 
есімдерін  берілмеуіне  аса  назар  аударылады.  Сонымен  қатар, 
жаңа атау беруде тәуелсіз қазақстанның жетістіктерін дәріптеуге 
аса мән беріледі.  
4. Өңірлердегі атаулардың тілдік құрамы және пайыздық 
көрсеткіштері – жалпы алғанда, облыс аумағында белгілі тарихи 
және саяси жағдайларға байланысты көптеген елді-мекендердің, 
көшелердің  атауларын  былай  қойғанның  өзінде  бұрмаланып 
мүлдем қайта аталып кетті. Мысалы: Қостанай ауданы бойынша 
барлығы 20 ауылдық округтердің 2-і, осы округтерде орналасқан 
58 ауылдың 16 ғана қазақ тілінде, Меңдіқара ауданы бойынша 
барлығы  13  ауылдық  округтің  2-і,  осы  округтерде  орналасқан 
51  ауылдың  17-і  ғана  қазақ  тілінде,  Сарыкөл  ауданы  бойынша 
барлығы 14 ауылдық округтің 1-і, осы округтерде орналасқан 40 
ауылдың 11 ғана қазақ тілінде. 
5.  Қазіргі  кезде  өңірде  туындап  отырған  ономастикаға 
қатысты мәселелер – Ономастика саласын реттейтін нормативтік-
құқықтық актілерге терең таклдау жасап, соларды басшылыққа 
алып есімдері ономастикалық объектілерге берілетін тұлғаларға 
қатысты  нақты  критерийлерді  әзірлеп,  арнайы  қаулымен  оның 
тізімін  бекіту.  Ешбір  жасыратыны  жоқ  республика  бойынша 
елімізге  еңбектерімен  танылмаған,  істері  ұлттық  биіктіктен 
көрінбеген адамдарды жалаң ұлықтау науқаны көптеп кездесіп 
отырады.  Осындай  жағдайлар  қоғамға,  өскелең  ұрпаққа  еш 
тәлім-тәрбие  бере  алмайтыны  туралы  көптеген  сын-пікірлер 

148
айтылып  келетіні  сөзсіз.  Осылардың  негізінде  ономастика 
саласын  реттейтін  заң  нормалары  білікті  заңгерлер,  ономаст 
ғалымдар мен лауазымды тұлғалардың отырыстарында тағы да 
бір талқыланып, тиісті толықтырулар енгізілуге тиісті. Жоғарыда 
аталғандарды басшылыққа ала отырып заң нормаларын тағы да 
бір пысықтап, өңірлерге ономастика мәселесін шешу жолдарын 
жеңілдету бойынша нақты шараларды қарастыру қажет. Сонымен 
қатар ономастика саласы ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи, 
сонымен қоса қоғамдық-саяси маңызға ие болуын ескере отырып 
осыған орай жұмыстарды қолданыстағы заң нормаларына сәйкес 
шешуге үнемі жарияланатын тоқтату яғни бітпейтін мораторий 
жариялауды  тек  заң  билігі  (иерархиясы)  арқылы  ғана  жүзеге 
асырылуын қатаң қадағалауды қолға алу қажет.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет