Атаулар – тарих айғағы
Батысы Каспий теңізінен, шығысы өр Алатаудан Кенді Алтайға дейін,
солтүстігі Ресей, оңтүстігі Орта Азия елдерімен шектес те шекаралас созыла
жатқан ұлаңғайыр, кең-байтақ жеріміздің көрікті де сұлу жер бедері көз
тұндырады.
Одағымызда жер көлемі жағынан РСФСР-дан кейінгі екінші орын алып
отырған республикамыздың территориясы 2 миллион 717 мың шаршы
километр. Онда 19 облыс, 230 аудан, 284 қала және қалашықтар, 2400
ауылдық және селолық Совет, 21 мыңнан аса елді мекендер мен селолар,
оған қоса 85 мыңдай өзен, 48 мың көл мен көлшіктер, толып жатқан қайнар,
бастаулар мен мөлдір бұлақтар, мыңдаған асқар таулар мен заңғар биік
шындар, көлбей жатқан жоталар мен жондар, қырлар мен қыраттар, төбелер
мен төбешіктер, шоқылар мен дөндер, далалар мен қалың жыныс орман-
тоғайлар бар. Міне, осыншама бай географиялық объектілердің баршасы да
өздеріне лайықты топонимдік атау ларға ие.
Бұл атаулардың ішінде халқымыздың ежелгі тарихынан мағлұмат
берер атаулар саны да аз емес. Бұлардың кейбіреулері біздің жыл санау
дәуірімізден бұрынғы замандарға хас болса, екінші топтары орта ғасырға,
ал үшінші топтары қазіргі заманға тән. Ең көне географиялық атаулар
(топонимдер) санатына жататындар: Каспий, Арал теңіздері, Балқаш көлі,
Ертіс, Сырдария, Іле, Меркі, Талас, Есіл, Тобыл өзендері болса, таулар:
Хан тәңірі, Алтай, Алатау, Қаратау, Ұлытау, т. б.
Каспий теңізінің атауы біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда және біздің
дәуіріміздің IV–VIII ғасырларында Гирхан теңіз деген атпен белгілі болса,
VIII–X ғасырларда оғыздардың үстемдігі кезінде Хазар теңізі аталғаны мәлім.
Тілдік табиғаты жағынан Каспий атауы дербес мағыналы Кас және пий
деген екі сөзден құралған. Тарихшы ғалым С. В. Юшковтың пікірі бойынша:
«біздің дәуірімізге дейінгі VII–IV ғасырларда Каспий теңізінің жағалауы мен
Маңғыстау маңайында каспий тайпасы өмір сүрген. Өзінің мәдениеті мен әдет-
ғұрып, салт-санасы жағынан ол сақтардың (скифтердің) ірі тармағы болу керек»
(Юш ков С. В. Родословная древнейших албанцев, Исторические записки; № 1,
1937). Ал Арал теңізі біздің дәуірімізге дейінгі жазба ескерткіштерде Оксин
теңізі аталған. Оны Рим ғалымдары Страбон мен Птолемей жазбалары да
123
растайды. Бұл біздің дәуіріміздің V–VIII ғасырларында оғұздардың үстемдігі
кезінде Хорезм теңізі аталған.
Сырдария біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда, біздің дәуіріміздің
IV ғасырында сақтар (скиф) тілінде Силис, біздің дәуіріміздің VI–VIII
ғасырларында грекше Яксарт, (түріктің Касарт сөзінен) бұдан кейінгі
VIII–X ғасырларда қарлұқтардың үстемдігі кезінде Сейхун аталғаны, ал
одан бұрын Александр Македонский сыпайыларының оны Танаид атағаны,
бұл атаудың сақтардың (скиф) Дон «өзен» атауының сөзбе-сөз аудармасы
екені де тарихтан мәлім.
Ертіс өзенін Шығыс Қазақстан тұрғындары Қара Ертіс атайды. Бұл
Ертіс атауы VIII ғасырда Күлтегін мен Тоныкөк құрметіне орнатылған
көне түркі ескерткішінде кездеседі. Ертіс Зайсан көліне құяды да, Өскемен,
Семей, Павлодар қалаларын басып өтеді. Осы атау XI ғасырда өмір сүрген
белгілі түркі ғалымы Махмұт Қашқаридін еңбегінде Эртиш тұлғасында
кездеседі. Бұл тарихи дерекке сүйенетін болсақ, оның біздің дәуірімізден
бұрынғы Каспий, Арал теңіздерінің құрдасы екені шүбәсіз. Осы дәуірлерге
Алтай, Хан тәңірі, Талас, Қаратау атаулары да тән сияқты.
Әлемге әйгілі Хан тәңірі деген тау атының, хан және тәңір сөздерінен
қойылғаны ежелден белгілі. Алайда бұл сөздердің негізгі мән-мағыналарын
екінің бірі, әсіресе жастар біле бермейді. Бұл атаудағы хан сөзі жалпы
халыққа белгілі ертедегі ел билеген «хан» мәніндегі сөз емес, ол көне түркі
тіліндегі үлкен, зор деген мәнге ие, ал тәңірі «аспан», «көк», «әуе» деген
мағынаны білдірген.
Алматы облысы Нарынқол ауданының тұрғындары қазіргі кезде
географиялық карталарда Хан тәңірі аталып жүрген атауды Хан теңгір атап
келген. Сондықтан да тарихи тұрғыдан осы Хан теңгір аталуын дұрыс деп
білеміз.
Оңтүстіктегі ерте орта ғасырға тән әйгілі қалалардың бірі – Тараз.
Тарихи жазба ескерткіштерде Тараз аты VI ғасырдан белгілі. Ол VII
ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолындағы атақты қалалардың бірі ретінде
дүние жүзіне белгілі болды. Бұл қала аты кейін 1867 жылдан Әулиеата, ал
1935 жылдан Мирзоян, 1938 жылдан Жамбыл аталып келеді.
Орта ғасырдан (VII–XIII ғ. ғ.) белгілі қала атаулары да аз емес. Олар:
Испиджаб, Сайрам, Отырар, Шавгар, Түркістан, Шымкент, Манкент, Кедір,
Суяб, Ходжент, Алмалық, Баласағұн, Барақ, Барысхан, Бесбалық, Бескент,
Жент, Қарнақ, Қойлық, Құлан, Сауран, Сүткент, Талғар, Алматы, сондай-ақ
тұрақтар мен қалашық, елді мекен аттары: Ақбешім, Ақтөбе, Алтынасар,
Бабаата, Дүнгене, Жол, Құйрықтөбе, Сүмбе, т. б.
Бұл қала, елді мекен атауларының барлығының жасалу үлгісі
де, лексикалық құрамы да (сөз жүйесі) қазіргі тіліміздегі жер-су
124
атауларынан алшақ емес, жалпыхалықтық тілден жасалған, түсінікті
де танымал. Осылар тәрізді орта ғасырға тән қала, елді мекен, өзен,
көл, тау т. б. аттарының ана тіліміздің төл сөзінен жасалып келгенін де
аңғару қиын емес. Мәселен, Алматы, Есік, Тұзқала, Қызылжар, Жайық,
Үйшік, Теке, Ақмола, Ақтау, Ақсу, Нілді, Атасу, Жезді, Теміртау,
Қарағанды, Қазалы, Қарқаралы, т. б. Байыппен бағдарлап қараған
адамға тіліміздің тарихы мен барша заңдылығы осы және басқа да
физика-географиялық атаулардың бойынан анық көрінеді. Ондайлар
республикамыздың барлық облыстарында жүздеп, мыңдап кездеседі.
Рас, өткенге ой жүгіртіп, зер сала қарасақ, қасиетті де қастерлі
жерімізге сонау замандарда парсылар мен арабтардың, моңғолдар мен
жоңғарлардың баса кіріп, лаң салғаны, бірақ олардын халық тегеурініне
шыдай алмай күшті тойтарыс алғаны тарихта тайға таңба басқандай
қаттаулы. Ол кезеңдерде пайда болған араб, парсы, моңғол тілдеріне
қатысты жер-су аттарының, аздап болса да сақталып келуі – сол тарихи
оқиғалардың айғағы. Алайда араб, парсы тілдік атаулар біздің оңтүстік
аймақтарда болмаса, орталық, солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс, батыс
аймақтарында сирек, тіптен мүлдем ұшыраспайды десе де болады. Оның
керісінше, моңғол текті атаулар барлық өңірде бой көрсетіп қалғанмен,
аса көп емес, ана тіліміздің байырғы төл сөздерінен қойылған мыңдаған
атаулардың арасында көп бидай ішіндегі шашыраған тарыдай ғана.
Оның үстіне бұлар тілімізге бейімделіп, дыбыстық өзгеріске ұшырап,
жымдаса қалыптасып, қазақыланып кетті. Себебі ол атаулардың басым
тобының табиғаты негізінен, қазақ, моңғол тілдеріне ортақ сөздер еді.
Жерімізде ерекше етек ала көптеп қойылған орыс тілді атаулар әсіресе
патшалы Россия заманында, одан кейін қазіргі дәуірде кеңінен өріс алып
отыр. Олардың санының көбейіп, жергілікті ұлттық атаулардың жөнсіз
бұрмалана бұзылып айтылуы бұл күнде халық тарапынан наразылык
тудыруда. Бұл ретте, олардың қойып отырған талап-тілегі де орынды.
Өйткені атауды қоюшы да, оны атаушы да халық. Олай болса, халыктың
өзі замандар бойы өмір сүріп келген атамекенінің өзіне тән атауларын
шұбарландырып бұрмалаған, кей ретте адам танығысыз күйге ұшыратқан
тосын құбылысқа наразылық білдіруі занды да.
Біздің бағдарлауымызша, кейінгі екі ғасыр беделінде қазақ
топонимдерінін үштен бірі өзгерген, ауыстырылған, не жаңадан пайда
болған. Олардың көпшілігі – алабажақ «ақтаңдаққа» айналған табиғаты
жасанды, тіліміз бен рухани болмысымызға жат, шығу тегі, қойылу себебі
күмәнді атаулар. Мұның төркіні алыста жатқан құбылыс. Оның басты
себебін XIX ғасырдың екінші жартысынан бері емін-еркін жүзеге асырыла
бастаған патшалық Россияның отаршылдық саясатынан іздегеніміз жөн.
125
Россияның ішкі губернияларынан Қазақстанға көшірілген жерсіз-күйсіз
жүрген миллионнан астам орыстың мұжық-шаруалары өздеріне тартып
әперген ең шұрайлы 47 миллион гектар қазақ жерін ғана иеленіп қойған
жоқ, ол жерлерге өз елінің (хутор, деревня, поместье, т. б.) атауларын да ала
келген еді. Ол атаулар атам заманнан келе жатқан жергілікті ұлт атауларын
ығыстырып, «зорлықпен» қалыптас- ты. Мәселен, Көне Үйшік (Жайық,
қала аты) 1640 жылы орыс көпесі (қазақ балықшыларын аяусыз қанаған)
Гурийдің есімімен Гурьев аталады. Тұзқала Ямишева аталса, Туақала алды-
мен Коряков, содан соң Павлодар болып аталған. Ал Қызылжар болса, онда
алдымен 1752 жылы әскери бекініс салынды, 1807 жылы Петро павловск
болып аталды. Күні бүгінге дейін республика карталарынан орын алып,
күнделікті тұрмыста аталып жүрген Ванновка, Черняевка, Романова,
Николаевка, Корниловка, Балкашин сияқты елді мекен аттары патша
генералдары мен оның шонжарларының есім-фамилиялары екені мәлім.
Бұлар сияқты отаршылдық саясатты білектің күші, кылыштың жүзімен
іске асыра отырып, жергілікті ұлт атауларын сырып тастап, олардың
орнына қойған орыс тілдік атаулар жүздеп кездеседі. Мысалы: Ақкөпір –
Маловодное, Арқабай – Дмитриевка, Бұғымүйіз – Сергеевка, Еренқабырға
– Тянь-Шань, Шыбындысай – Бутаковка, т.б. (Алматы облысында); Ақтасы
– Некрасовка, Баржажан – Кременевка, Көлбастау – Евгеньевка, Көлтоған
– Алексеевка, Құлан – Луговое, Өтеген батыр – Георгиевка, Сарыкемер –
Михайловка, т. б. (Жамбыл облысында); Иінжар – Долинка, Нілді – Успенка,
Көкөзек – Спасск, т. б. (Қарағанды облысында): Қоскөл – Антоновка,
Бурабай – Боровое, Шортанды – Щучье, т. б. (Көкшетау облысында),
Даңғырлақ – Каменка, Қиялық – Антоновка, Нияз – Черкасское, Талды –
Лесновка, Шынжылы – Анд реевка (Талдықорған облысында), Ақжайлау
– Успенка, Ақбұлақ – Горное, Балықтыбұлақ – Владимировка, Ортатеректі
– Алексеевка, т. б. (Шығыс Қазақстан облысында), Жаскешу – Корниловка,
Майлыкент – Ванновка, Машат – Антоновка, Тастұмсық – Вознесеневка,
Шақпақ – Бурное, Шитөбе – Вознесеновка, т. б. (Шымкент облысын да),
Қаракемер – Успенский, Нарынқұм – Рынпески (Орал облысын да), т. т.
Бұл жағдай әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары мен
тоқырау кезеңінде айрықша орын алды. Жаңадан құрылған совхоздар
мен село, аудан, селолық Советтер атаулары басшылардың еркінше
орысшаланды. «Хрущевтің он жылдығы» деп аталған (1954 – 1964 ж. ж.)
жылдары Көкшетау, Қостанай, Целиноград, Павлодар, Солтүстік Қазақстан
облыстарында 302 ауылдық және селолық Советтердін атауы орысша
қойылды. Ал тың игерудің 25 жылдығында бұл өлкедегі «жаңа атаулардың»
саны 3500-ге жеткені аталып өтті. Бұл кезде атам заманнан қазақ халқына
белгілі Ақмола қаласы атының қасқағымда Целиноград аталуы халықтың
126
қалауымен емес, Н. С. Хрущевтің тұқыл әмірімен іске асып тынды. Сол
кездерде белгілі қалаларымыз – Ақтау – Шевченко, Ақсу – Ермак болып
өзгере қалды. Мұндай жаппай орыс шалап ат қою, жергілікті атауларды
өзгертіп жіберудің келеңсіз іс болғанын айта келіп, ССРО Советтік мәдени
қоры Топонимикалық кеңесінің төрағасы, білікті ғалым В.П. Нерознак
бұл «тәсілді»: «Тоқырау заманында ұлттық атауларды өзгерту сол жерді
мекендеген халықтың құқын аяққа басып, дербестігіне қол сұғумен жүзеге
асты...» деп түсіндірді («Неделя», № 31, 1989).
Қазақстан географиялық картасы мен әкімшілік-территориялық
бөлініс жөніндегі анықтағыш та, сондай-ақ республикадағы орыс тіліндегі
баспасөз беттерінде көптеген атауларымыз орысша толық, кейде жартылай
аударылып, немесе орыс тілінің айтылу «ыңғайына» сай өзгертіп қолдану
жайлары басымырақ. Мәселен, Ақсуды – Беловодск, Белые воды, Аққукөлді
– Лебяжье, Кызылсуды – Красноводск, Карасуды – Черноводск, Айрықты –
Двабрата, Нарынқұмды – Рынпески, Шортандыны – Щучинск, Жұмбақтасты
– Сфинкс, Жаңаөзенді – Новый Узень, Ақжарды – Белый яр, Жетісуды –
Семиречье, Көктөбені – Белогорье, Көкшені – Синуха деп сөзбе-сөз немесе
жобалап аударған. Бұлайша атау екі халықты да алдауратып, шатастырып
келеді. Өйткені жер-су аттарын қалай болса солай аударма түрде атау жер
жүзінде ешбір елдің тәжірибесінде жоқ нәрсе. Олай болса, қазақ атауларының
барлығы да ешбір аудармасыз, бұрмаланбай, бастапқы табиғи қалпында
қолданылуға тиіс.
Қазақ географиялық атаулары орысша жазылғанда өзінің бастап-
қы ұлттық аталу тұлғасын толық сақтап отыруы керек. Ол географиялық
атауларды орыс тілінде қатесіз жазып, дұрыс таңбалау туралы тиісті
Нұсқауда дәлелді көрсетілген. Алайда орыс тілінде жазатын журналистер мен
ғалымдар, түрлі мамандықтағы азаматтар ол ереже-нұсқаны өкінішке орай
көбіне басшылыққа алмайды, ескермейді. Сондықтан да қым-киғаш қателікке
ұрынады. Оның көрінісін мынандай мысалдар толық дәлелдей түсері сөзсіз.
Қөкшетауды – Қокчетав, Имантауды – Имантав, Медеу – Медео, Алматы –
Алма-Ата, Кеңөткел – Кинеткуль, Бурабай – Боровое, Шарбақты – Шербакта,
Байжонас – Байчунас, Шалқар – Челкар, Оразай – Рузаев, Алты үй – Ялта,
Қарасері – Карасире, Есіл – Ишим, Ертіс – Иртыш, Жаңақорған – Яныкурган,
Бірлік – Берлик, Брлик, Боралдай – Бурундай, Шиелі – Чиили, Бурылбайтал
– Бурубайтал, Шамалған – Чемолган, Қоңырат – Конурат, Сораң – Саран,
Ерейментау – Ерментау, Бөген – Бугунь, Қызыларай – Қызылрай, Талдықорған
– Талды-Курган, Қызылорда – Кзыл-Орда, Мойынқұм – Муюнкум, Ақтөбе –
Актюбе, Бұқтырма – Бухтарма, Шағырай – Чограй, Қызылой – Кызыл уй, т. б.
Көптеген қазақ атауларына орыс тілінін қосымшасын жамап айту
да кеңінен етек алған. Олардың көбіне халықтың айтуына, күнделікті
127
тұрмыста қолданылуына едәуір қиындық туғызады. Мәселен, Мынбаево,
Жандосово, Маралиха, Мукашево, т. б. Көптеген қала, село аттарына
орыс тілінің косымшалары жалғанып, орыс тілінің әсерімен айтылу да
бар. Мәселен, Актюбинск, Казалинск, Уральск, Каркаралииск, т. б. Осы
атауларды орысша Актобе, Казалы, Урал, Каркаралы деп те айтуға әбден
болады ғой. Мұндай қымқиғаш, ала-құла сауатсыз жазудан арылудың
тура жолы – тез арада «Географиялық атаулардың қазақша-орысша
транскрипциялық сөздігін» жасау.
Бұл күнде халық тарапынан кеңінен көтеріліп отырған күрделі
мәселенің бірі – тарихи атауларды қалпына келтіру. Бұл ретте Одақ
көлемінде батыл іс жүзіне асып отырған РСФСР, Украина, Прибалтика,
Молдова республикаларының іс-тәжірибесі бізге де үлгі боларлықтай.
Мәселен, Андронов қаласы бұрынғы тарихи атымен Рыбинск, Горький
қаласы тарихи атымен Нижний Новгород, Куйбышев қаласы бұрынғы
тарихи атымен Самара, Жданов қаласы бұрынғы Мариуполь атауларымен
аталып отыр. Сондай-ақ Әзірбайжандағы Кировоабад бұрынғы тарихи
атымен Гянджа, Татарстандағы Брежнев атанған қала бұрынғы тарихи аты
Набережные Челны, Тәжікстандағы Ленинабад қаласы 2500 жыл бұрынғы
тарихи атымен қайтадан Ходжент аталып, қалпына келтірілді. Олай болса,
қазіргі Петропавловск өзінің тарихи аты Қызылжар, Павлодар – тарихи
аты Туақала немесе Тұзқала, Шевченко – бұрынғы тарихи аты Ақтау,
Ермак – бұрынғы аты бойынша Ақсу, Пан филов – тарихи атымен Жаркент
аталатын уакыт та алыс болмаса керек.
Біздегі топонимдік «дерттің» тағы бір сипаты қайталама атаулар
сырында жатыр. Оның да шегі, жөнді реті, табиғи заңдылығы болуға тиіс.
Әсіресе ол есім-топонимдерге, яғни кісі есімдерімен байланысты қатаң
сақталуға тиісті. Өйткені республикамыздағы есім-фамилиялар негізінде
пайда болған қала, село, аудан, селолық Совет, аудан орталығы, түрлі
ұйым, мекеме, проспект, алаң, көше аттары да аз емес. Бұларды да құнттап
реттеу, жөнге салу, бір ізге келтіру қажет-ақ. Ал осының есесіне жер
бедері, табиғат кұбылысына байланысты қойылған атаулар әрбір облыста
әлденеше рет қайталана береді. Мәселен, Ақсу, Ақжар, Ақсай, Ақтоғай,
Ұзынбұлақ, Ақтас, Ақшоқы, Талды, Жылысай, Жылыбұлак, Ақтөбе,
Көктөбе, т. б. Мұндай қайталаулар қанша болса да, заңды құбылыс. Белгілі
совет жазушысы К.Паустовскийдің сөзімен айтқанда, «атаулар – ел мен
жерді поэтикалық тұрғыдан суреттеу. Оның негізінде халықтың мінез-
құлқы, оның тарихы, күнделікті тұрмысының әдет-ғұрпы сақталған». Иә,
жер-су атаулары – халық тарихының айнасы. Оларды мәдениет ескерткіші
ретінде қорғау, қамқорлыққа алу – жалпыхалықтық, мемлекеттік мәні бар
күрделі мәселенің бірі. Сондықтан республикамызда жер-су, елді мекен
128
аттарын орынды қою, өзгерту, дұрыс жазу мәселелері Қазақ ССР-інің
«Тіл туралы Заңының» IV тарауының 28-бабында толық та жан-жақты
сипатталған.
Халықтық және әлеуметтік саяси мәні зор бұл мәселе жөнінде соңғы
кезде соны бастама, ауқымды жұмыстар істелді. 1989 жылғы қараша
айында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің ұлт және ұлтаралық қатынастар
жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісінде «Тарихи географиялық
атауларды ретке келтіру, әкімшілік-территориялық бірліктердің, елді
мекендердің, алаңдар мен көшелердің, кісі есімдері мен фамилиялардың
жазылуын (транскрипциясын) түзеу, ретке келтіру» мәселесі жан-
жақты талқыланды. Мәжіліс қорытындысында осы мәселемен тікелей
шұғылданатын мемлекеттік ономастикалық комиссияны құру туралы
шешім қабылданды. Ол комиссияның негізгі міндеті мен қызметі –
елді мекен, қала, село, аудан, селолық Совет, алаң, кісі есімдері мен
фамилияларды реттеу, жөнге салу, өзгертетін немесе жаңадан қойылған
атауларды республикамыздың Жоғарғы Советінің бекітуіне дайындап,
ұсынып отыру. Мұның өзі әсіресе жер-су аттарының орфографиялық ереже
нормасына сай жазылып, қолданылуын, транскрипциясы мәселелерін
жолға қоймақшы.
Міне, осы шешімнің негізінде сәуірдің 20-сы (1990 жылғы) № 156 Қазақ
ССР Министрлер Советінің қаулысымен Қазақ ССР Министрлер Советінің
жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құрылды. Оның атқарар
міңдеті мен көтерер жүгі де аз емес. Комиссия құрамындағы 27 адам –
республикамыздағы мәдени-ағарту, ғылыми және қоғамдық саланың белді
де беделді өкілдері. Бұл комиссия мүшелері өз жұмысын Мемлекеттік
ономастика комиссиясының ережесі мен тұжырымдамасы негізінде
атқарады.
Өзінің алғашқы ұйымдастыру мәжілісін комиссия тамыздың 3
(1990 жылғы), екінші мәжілісін қарашаның 8 (1990) жұлдызында өткізді.
Талдықорған облысындағы Ағарту селосына Қ. Қазыбаевтың атын беру,
Қостанай облысындағы бұрынғы Голощекино поселкесін Уральск поселкесі
деп атау, бұрынғы Свободное селосын Сынтас селосы, Щербаковка селосын
Қыземшек селосы, Репенка селосын Қаракөл селосы, Левобережное селосын
Жарқын селосы, Петровское селосын Қызылбұлақ селосы, Восток селосын
Қайыңды селосы, Михайловка селосын Қызылағаш селосы және Ұлы
Қазанның 70 жылдығы атындағы совхоздың орталығын Бекет деп атау
туралы жергілікті Совет орындары аталған елді мекендердің атын өзгерту
жөнінде қаулы алды.
Ономастикалық комиссия енді республика Жоғарғы Советінің
тапсырмасы бойынша Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Талдықорған,
129
Шымкент халық депутаттары облыстық Советтерінін кейбір село, елді мекен
аттарын өзгерту, жаңадан қою, реттеу туралы ұсыныстарын талқылап, өзінің
дәйекті ұсынысын Жоғарғы Совет Президиумының бекітуіне ұсынбақ. Бұл
материалдарда Көкшетау облысының орысша қате жазылып келген Имантав,
Қокчетав, Челкар, Ундирис, Энбекшильдер, Акчок, Таинча атты елді мекен,
село аттарын бұдан былай қазақша нұсқасына жуықтата орысша Қокшетау
Имантау, Шалқар, Ондирис, Акшок, Тайынша, Енбекшильдер деп жазу
жайлы ұсыныс берсе, Қостанай облысынан түскен ұсыныста Обаған ауданын
Алтынсарин ауданы деп атауды, ал Жезқазған облысы Приозерный атты
поселкені Шашубай деп атау өтінілген. Шымкент облыстық Советі Түркістан
ауданындағы Амангелді селосын белгілі мемлекет қайраткері Н. Оңдасынов
атына беру туралы шешім қабылдаған. Бұл тәрізді материалдардың басқа да
облыстардан бола берері шүбәсіз.
Жоғарыда аталған ономастикалық объектілерді өзгерту, қайтадан
қалпына келтіру немесе жаңадан атау, реттеу, анықтау мәселелері біртіндеп
іске асырылатын саяси-әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызы зор мәселе ретінде
ауылдық, селолық жерлерден басталып, қала, облыс денгейінде құрылған
ынталы топтар мен ономастикалық комиссияларда қаралған соң Мемлекеттік
ономастика комиссиясының ұсынысы негізінде Қазақ ССР Жоғарғы Советі
тарапынан ресми түрде бекітілуі қажет. Қазақстан топырағындағы Россия
патшалығының отарлау саясатына байланысты және коллективтендіру, жеке
адамға табыну, тоқырау мен волюнтаризм кезеңдерінде қойылған жағымсыз,
халықтың ар-намысына тиіп, ұлттық сезімін қорлайтын атауларды ең
алдымен өзгерту керек. Олардың орнына сол тұрғылықты, жергілікті халыққа
бұрыннан белгілі тарихи атаулар қайтадан қойылуға тиіс.
Ғасырлар бойы қалыптасқан физика-географиялық атау лар мен
атақоныс, елді мекен аттарын себепсіз, заңсыз түрде кез келген адам,
мекемелер, ведомстволар тарапынан өзгертуге, ауыстыруға және
әртүрлі сылтаулармен ескерусіз-елеусіз қалдыруға тыйым салынып, ол
объектілер қазақ халқының баға жетпес рухани байлығы ретінде мем-
лекет қамқорлығына алынып, қажетті жағдайда өзгертулер мемлекеттік
ономастика комиссиясының ұсынысына сай шешім қабылдаған соң
Жоғарғы Советтің жарлығымен бекітілуге тиіс.
1917 жылдан кейін пайда болған географиялық, әкімшілік-
территориялық, т. б. объектілер атаулары жоғарыда айтылған жағдайларға
сай жергілікті комиссиялар тарапынан саналы түрде қайтадан қаралып,
тұжырымдамалық негізде реттеліп, жүйеге салыну керек. Ол үшін
алғышарт ретінде ең алдымен жергілікті ұлттық топонимдердің сандық
мөлшері, сапасы мен мән-мағынасы, жиілігі мен қайталануы (тираждануы),
қазақша дұрыс жазылуы мен орысша сауатты транскрипциялануы ескерілуі
130
керек; мекен-жай, жер-су, көше, алаң және мекеме, әкімшілік-территориялық
объектілер аттарын шамадан тыс саясаттандырудан арылту керек, қазақ
топонимдерін орыс, т. б. тілдерге сөзбесөз түрде (жарым-жартылай, түгел
немесе бұзылып) аударылуына, тұлғасының өзгерілуіне тыйым салынуы
қажет. Ал жаңадан қойылатын ұлттық атаулар қазақ халқының тілінде
қойылып, оның грамматикалық заңдары, жазылу, айтылуы әдеби тіл
нормасы бойынша толық сақталуға тиіс. Орысша транскрипциясы осы
нормаға сүйеніп, атаулардың түпнұсқаға сай жазылуын қамтамасыз ету
шарт.
Сонымен бірге әкімшілік-территориялық құрылымдарға кісі есімдерін
қоюда немесе ауыстыруда тұжырымдамалық принцип ретінде мынандай
алғы шарттар сақталуы керек. Республика, облыс және аудандарға қарасты
бірде-бір қала мен қалашыққа кісі есімі мен фамилиясы берілмесін, ал
бұрыннан есім-фамилиямен аталып келе жаткан қала, қалашық аттары осы
шартқа сай қайтадан қаралсын; кісі есімдері мен фамилиялары тек қалалық,
селолық аудандарға, колхоз-совхоздарға, елді мекен, қала, село көшелері
мен алаңдарына, мекеме, оқу орындарына, тағы басқа уақ орындарға ғана
арнайы қаулы арқылы берілуге тиіс. Мұндай орындарға ең алдымен осы
өлкенің тарихына, негізгі халқының мәдени, рухани өміріне тікелей қатысы
бар, сол өлкеде туып-өскен, еңбек еткен тарихи адамдар мен ғылым,
мәдениет пен әдебиет қайраткерлерінің, еңбек ардагерлерінің есімдері
берілуге тиіс. Қайталануға, тираждануға жол бермеу үшін бір адамның
есім-фамилиясы ең көп дегенде екі-үш рет (республика көлемінде – 3 рет,
облыс аймағында екі рет, ауданда, туыс-өскен, білім алған, еңбегі сіңген
жерге бір рет) қайталануын, бір жерге ретсіз шоғырланбауын қадағалау
керек.
Қазақстанға, оның халқына, тарихы мен мәдениетіне қатысы
жоқ адамдардың есім-фамилиясын қоюға тыйым салынсын. Бұрын
қойылып кеткен есім-фамилиялар қайтадан қаралуға тиіс. Ал олардың
орындарына ұсынылатын жаңа атаулар (есім-фамилиялар немесе басқа
да халықтық атаулар) жергілікті ынталы топтар мен комиссиялар
тарапы нан зерттеліп, жергілікті Советтердің қабылдаған шешімі жан-
жақты талқыланып, толық бекуі үшін оны республикалық Мемлекеттік
ономастикалық комиссияға жолдау керек.
Республикада жаңадан құрылған, не кұрылуға тиіс әкімшілік-
территориялық құрылымдардың атаулары бірдей анықталып, бір
қаулы, не жарлықпен бекітілгені оңтайлы. Мәселен, қайта құрылған
Маңғыстау, Торғай облыстарының орталықтары (Ақтау, Арқалық) ғана
емес, сонымен қатар осы облыстардағы бірден түзетуді, реттеуді қажет
ететін қала, қалашықтар, аудан, селолар да бар.
131
Қазақстанның демографиялық жағдайында, негізгі тұрғын халықтар
сан жағынан аз тұрған жерлерде, географиялық атау ларды жаңадан
кою немесе өзгерту, сондай-ақ тарихи атауларды қалпына келтіру
мәселелерін көпшілік дауысқа салып шешу мүмкін емес. Мәселен,
Қостанай облысындағы Голощекино темір жол станциясы мен село атын
өзгертіп, бұрынғы аты Түйелі, одан кейінгі қойылған Медет атын қайта
беруге арналған село тұрғындарының жалпы жиналысына қатысқан 366
тұрғынның ішінде 27-сі қазақ, 18-і неміс екен де, басқалары орыс және
украиндер болған. Олар көпшілік ұсынысымен село атын Приуральск
деп атау туралы ұсыныс жасап, көпшілік дауыспен село Приуральск
болсын деп селолық Совет қаулы алған. Ал Медет болсын деп дауыс
бергендер саны бар-жоғы 27 адам болған. Мемлекеттік ономастика
комиссиясы өз мәжілісінде бұл мәселені талқылап, селоның бұрынғы
ұлттық атымен Медет аталуын дұрыс деп шешті.
Сондықтан мұндай мәселелерді шешуге жергілікті ономастикалық
комиссиялар тікелей атсалысып, олардың ұсыныстарын селолық
Советпен келіскен соң, оның шешімін аудандық Совет бекітіп,
мемлекеттік ономастикалық комиссиясына жолдағаны жөн. Осыдан
соң бұл ұсыныс Қазақ ССР Жоғарғы Советіне жіберіліп, онда тиянақты
шешім қабылдаған соң ғана оның күші заң жүзінде жүзеге асады.
ССРО Министрлер Советінің геодезия және картография Бас басқармасы
дайындап шығаратын карталар мен атластардағы, турис- тер жолының
схемалары және де басқа анықтамалардағы Қазақ ССР географиялық
атауларының орысша транскрипциясы, олардың дұрыс жазылуы Қазақ ССР
Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік комиссиямен міндетті түрде
кеңесіп, оның келісімін алған соң ғана жарияланып отыруы керек.
Республикамыздағы барлық ономастикаға қатысты (географиялық
атаулар, мекеме, ұйым аттары, есім-фамилиялар, т. б.) объектілерді ретке
келтіру шаралары, оның материалдары республикалық баспасөз беттерінде
ономастика, география, геодезия мамандары тарапынан жария болып отыруы
қажет.
Сонымен, қорыта айтқанда, халқымыздың сан ғасырлық тарихына тән
дәйекті деректердің бірі – оның тірлік-болмыс, дүниетаным көзқарасын,
тарихи-әлеуметтік жайы мен ұлттық мәдениетінің нышанын, ана тілінің бәз
қалпындағы табиғи бітім-бейне, халықтық көрінісін замандар бойы сақтап
келе жатқан қазынамыз атамекен, туған жер атаулары. Бұл тараптағы нендей
бір қиғаштықтарды, бұрмалаушылықтарды тезінен түзетіп, қалпына келтіру
– уақыт талабы.
«Қазақстан коммунисі», 1991. № 4. 46-53 б.
(Т.Жанұзақовпен бірге)
132
Достарыңызбен бөлісу: |