2014 №3 (24)
АСЫЛ СӨЗ
90
2014 №3 (24)
киініп залға келген соң, уәзірлер бас ұрып
амандасып, әрқайсысы өзіне лайық
орындарына отырды да, үлкен уәзірі айтты:
«Асархидон антұрғанның осынша қор
қылғанына шыдауға болмайды, қазір
дайындалайық та, соғысайық», - деді. Өзін-өзі
Лаэли деп біліп отырған Асархидон ол сөзді
мақұл көрмей: «Асархидонға бітім қылайық деп
елші жібер», - деді. Өзі аңға шығып кетті. Ол күні
құлан атып келіп, кешке уәзірлерімен
әңгімелесіп, кәнизәк-қыздарын билетіп, сауық
салып, ертең және аңға шығып, бір ұрғашы
арыстанды өлтіріп, екі баласын тірі ұстап алып
келді. Сүйтіп, күндіз аңға шығып, түнде сауық
салып Асархидонға жіберген елшісін күтіп, неше
жұмалар өтті. Бір айдан соң елшісі құлақ,
мұрнын кестіріп келді және «алым төлеп, сый
бермесең, өзіңді де осындай қыламын» деген
Асархидонның хатын әкеліп берді. Өзін Лаэли
деп отырған Асархидон уәзірлерін жиып,
ақылдасып еді, жау Асархидонға өзінен бұрын
аттанып барып соғысуды ұнатқан соң, әскер
жиып алып аттанды. Жеті күн өтіп, сегізінші
күнібір су
дың бойында екі жақтың әскері
қарсыласып, басында бұлар жеңсе де, аяғында
жау жеңіп, өзін бас қылып, қанша батырларын
кісендеп алып, оныншы күні Нейнува қаласына
апарып, әлігі Лаэлимін деген Асархидонды
абақтыға жапты.
Сонда бұл Лаэли болып отырған
Асархидон ертең өзін жау Асархидон қанша
қатты қинаса да, білдірмей шыдамақшы болып,
көңілін бекітті, сүйтіп жиырма күн абақтыда
жатқанда жақын туысқандарын, батырла¬рын
алып келіп, көз алдында бірінің тірідей терісін
сойып, бірінің қол-аяғын кесіп, бақыртып жатса
да шыдап, пішінін бұзбады. Бір күні екі жендет
келіп, екі қолын артына байлап, қып-қызыл
қанның ортасындағы кісіні артынан шаншып
өлтіретін темір сояу қазықтың қасына алып
келді.
Сол қазыққа артынан шаншып аузынан
шығарған өзінің бір жолдасының денесін алып
тастап, қазықты босатқанын көріп, «енді мені
де соған шаншады-ау» деп тұрғанда, екі жендет
мұның бар киімін шешіп, өзін қазыққа қарай
апара жатқанда: «Апырмай! Мен Асар¬хидон
емес пе едім, Лаэли емес едім ғой! Бұл түсім
болса керек», - деп, қанша тырысып оянайын
десе де болмады. Және «Лаэли де - сен,
Асархидон да - сенсің» деген бір дауыс
естілгендей болды.
Аяғында қаншама жалынса да оған
қарамай жендеттер қазыққа шанышпақ болған
соң шыдай алмай: «Ойбай, өлдім!» - деп
бұлқынып, басын көтеріп алса, баяғы шал
кеседегі суды мұның басына құйып та болған
жоқ екен.
Асархидон:
- Уһ! Қанша көп бейнет тартып
жазаландым! Енді болмаса өліп едім, - дегенде,
щал айтыпты:
- Не айтасың! Мына бір кесе суды құйып
та болғаным жоқ. Бір секундтың ішінде сонша
көп бейнет көруге бола ма? Бірақ осы бір
секундте не көрдің? Бағанағы менің «Лаэли
өзіңсің» деген сөзімнің анық екенін білдің бе?
Ол түгіл, аңда жүріп атып алған құландарың
мен арыстандар да сенің өзің екенін білдің бе?
Сен «тіршілік жалғыз менде ғана, жалғыз маған
ғана керек» деп білесің.
Жоқ, олай емес! Ол ой - өтірік! Алдау. Ол
өтірік, алдауды көзіңнен алып тастап едім,
барша жан иесіне қылған зұлымдығың аяғында
өзіңе келетінін көрдің.
Тіршілік пен рахат жалғыз саған ғана керек
емес, тамам жан иесіне де керек. Бірақ сен
жалғыз бір өзіңе тиген үлесің - тіршілігіңе ғана
иесің. Сол тіршілікті жақсы өткізуге әм соңыра
пайдасын көруге жалғыз-ақ жол бар. Ол жол
жалғыз ғана өзіңді жақсы көріп, өз пай-даңды
ғана ойлаумен табылмайды, барша жан иесіне
шын жаның ашып, шын махаббат етумен
табылады. Енді ұқтың ба? - деді де, шал
көрінбей кетті.
Асархидон түні бойы ойланып,
ұйықтамай, таңертең Лаэлиді қалған
жолдастарымен біржола босатып, достасып,
сый беріп қайтарды да, Сарданипал деген
баласына патсалығын беріп, өзі жаяу ел аралап
жүріп: «Адам басқа біреуге, тіпті, барша жан
иесіне қылған жаманшылығы өз басына істегені
болады екен, оны көзім көрді, - деп зарлап, -
ешкімге зұлымдық ете көрмеңдер», - дейтұғын
болды.
АСЫЛ СӨЗ
91
2. ҮШ САУАЛ
Бір патса: «Үш түрлі нәрсені күні бұрын
білген адам бақытты болар еді, - деп, - соны
тауып берген кісіге көп сый беремін», - деп
жариялапты. Ол үшеуі: бірінші - «Қай істі қандай
уақытта істеген жақсы?» Екінші - «Ең керекті кісі
кім?» Үшіншісі- «Ең керекті іс не?»
Бұл хабармен неше түрлі халық, көп
жандар жиылып, әрқайсысы бір сөз айтты.
Мысалы, кейбірі: «Күн сайын, жұма, ай сайын
қылатын істі күні бұрын реттеп жазып қою
керек», - деді. Кейбірі: «Онан түк пайда жоқ.
Немене кез боларын қайдан білуге болады?
Өйтіп орынсызға әуре болмай, ең керекті іс кез
болғанда алды-артын байқап, әбден ойланып
іс қылу керек», - деді. Кейбіреулері: «Жалғыз
патса қанша ойлағанмен, қате қылуы мүмкін.
Ондай іс кез болғанда, білімділерді жиып кеңесу
керек», - деді. Кейбіреулері: «Кей істе үйтіп
кеңесуге уақыт тар болады. Онан да күні бұрын
ғайыпты білетін сиқыршы, бақсылар айтып,
соның ақылымен болуы керек», - деді.
Патсаның «Ең керекті кісі кім?! дегеніне
де әркім әр түрлі сөз айтты. Мысалы, біреулер
«уәзір» деді. Біреулер «молдалар», біреулер
«доктор», кейбіреуі «солдаттар» деп, әр қайсысы
әр түрлі сөйледі. «Ең керекті іс қай іс?» дегеніне
де әртүрлі айтылып, кейбірі «оқу» деді, кейі
«соғыс үйрету», кейі «Құдайға құлшылық қылу»
деді. Сөз әртүрлі болып, патса ешкімге сый да
бере алмады, ойын да шештіре алмады.
Сол қалаға жақын маңайда бір асқан
ақылды тақуа адам бар еді, тастың үңгірін үй
қылып, уақытымен ғибадатын етіп, ағаш егіп
жатушы еді. Біреу ақыл сұраса, дұрыс айтып
беруші еді. Бірақ аса сәнді киімділерді
жолатпаушы еді. Патса сонан ақыл сұрамақ
болып, құба-төбел киініп, жаяу барса, ағаш
егетін шұқыр қазып жатыр екен. Ақыл сұрай
келген үш сөзін айтып еді, тақуа ханның ол
сөзіне жауап қайырмай, алақанына бір түкіріп
күрекпен топырағын лақтыра берді. Аздан соң
тақуаның шаршағанын біліп:
- Күректі маған беріңіз, мен біраз
болысайын, - деген соң:
- Рахмет, шырағым! - деп күректі берді де,
демін алып отырды. Патса екі шұқыр қазып
шаршаған соң, сұрай келген сөзіне жауап сұрап
еді, тақуа:
- Сен шаршаған шығарсың, енді мен
болысайын, - деп күректі сұраса да бермей,
патса тағы екі сағатқа шейін жер қазады. Күн
батуға таянып, әбден шаршағанда қолындағы
күректі тастады да:
- Ақсақал! Менің сөзіме жауап берілмейтін
болса, мен қайтайын, күн кешкіріп қалды, -
дегенде, тақуа:
- Ана бір кісі жүгіріп келеді. Соның кім
екенін білейік, - деді. Патса қараса - бір қолымен
бүйірін басқан бір жаяу. Патсаның алдына келді
де, жығылып, өлерше болып жатты. Қараса,
бүйірінен қан саулап тұр. Патса жарасын сумен
жуып, белбеуімен таңып, азар дегенде қан
тыйылды. Аздан соң патса мен тақуа көтеріп
үңгірге кіргізіп, төсекке жатқызды. Жаралы
тынымдап ұйықтай бастаған соң, патса әрі төтел
қазып, әрі қан жуып шаршағандықтан, босағаға
сүйеніп тіпті қатты ұйқыға кетті, жаздың қысқа
түнінің өткенін де білмей қалды. Күн шыққанда
оянып, жаралыға қарап еді, ол да патсаға қарап
тұрды да, нашар ғана дауыспен:
- Ей, патша, кешіңіз, - деді.
- Мен сені танымаймын, нені кешейін?
- Сіз менің әкемді өлтіртіп, бар малымды
алғансыз. Сол кегімді алуға сіздің
қайтқаныңызды
тосып
жүргенімде,
солдаттарыңыз жолығып жаралап кетті. Егер сіз
жарамды таңбасаңыз, мен өлі кісі едім. Осыдан
жаным қалса, осы жақсылығыңыз үшін сізге
өмірімше құл боламын, әм балаларыма да солай
бол деп тапсырамын. Бірақ менің өлтірмек
болғанымды кешіңіз! - деп жалынды.
Патса өзін өлтірмек болған дұспанымен
арыздасқанына қатты қуанып:
- Сен де кеш! Не нәрсеңді алған болсам,
2014 №3 (24)
АСЫЛ СӨЗ
92
бәрін қайырам. Және саған қазір доктор-күтуші
жіберіп, қалаға алғызамын, - деді де, тақуаға:
- Менің үш сөзіме не айтасыз? - деп еді,
тақуа:
- Үш сөзіңізге де жауап берілді, - деді.
- Ол қалайша? - дегенде, тақуа айтты:
- Егер сен менің шаршағанымды біліп,
маған болыспасаң, ерте қайтар едің де, мынау
сені өлтіретін еді. Сондықтан ең жақсы мезгілін
тауып істеген ісің - маған болысқан кезің. Онда
саған ең керек кісі мен болдым. Онан соңғы ең
керекті уақыт, ең керекті іс - мына жаралының
жарасын байлап, қанын тыйған уақытың болды.
Неге десең, сен үйтіп жәрдем қылмасаң, тірі қалса
сенен кек алмай қоймайтын еді. Сондықтан ол
кездегі ең жақсы іс - жарасын байлаған болып,
ең керекті кісі - осы жаралы болды. Және ең
керекті уақыт - осы уақыт. Неге десең, бәріміздің
де қолымыз бос, ерік өзімізде. Қазір ең керек кісі
- осы дұспаның болды. Неге десең, мұның
жазылар, жазылмасы әзір неғайбіл. Егер жазылса,
бұл-дағы біреуге жақсылық қылғанды жанындай
жақсы көрер еді. Ең керек іс - қазір осыған қылған
жақсылығың, неге десең, адамның мойнындағы
шын міндеті - біреуге жәрдем ету еді...
Адамшылық іздесең, бүл жолға түс.
Алдау қылма біреуге, қиянат-күш!
Жетілсең де жемтік жеп ел зарлатпа,
Ар-ынсаптың сүйгені - таза жұмыс!
2014 №3 (24)
АСЫЛ СӨЗ
93
3. КРИЗ ПАТША
Баяғы атақты Айса тумай тұрып,
Криз деген хан болған дәурен сүріп.
Өктемдікпен зорайтқан патсалығын,
Маңдағы нашар елдің бәрін қырып.
Байлығы, салтанаты жаннан асқан,
Ешкімнің обалына қарамастан.
Онан артық адам жоқ, өз ойында,
Аспандағы күнменен өр таласқан.
Румда бір есті бар Салон атты,
Данышпан, тура сөзді, инабатты.
Сол келді деп есітіп хан шақыртып,
Біраз ғана сөйлесіп жауап қатты.
Криз хан сұлу еді, жүзі нұрлы,
Кигені тым әдемі неше түрлі.
Салонға айтты: «Дүниені араладың,
Сұлу кісі көрдің бе өзім құрлы?»
Ол айтты: «Сенен артық талай жан бар,
Мәселен: әтеш, тоты, хайуандар.
Қанша әдемі киініп қораздансаң,
Сонан артық болмайсың, мұнымды аңғар!»
Ішінен хан ыза болып ашуланды:
«Есті деп неге айтты бұл есалаңды».
Қазына, әскер, дәулетін аралатып,
«Көрдің бе, - деді, - мендей бақты адамды?»
Салон айтты: «Атнада бір кедей бар,
Не қылсаң да болмайсың сен оған пар.
Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл,
Халқына қиянатсыз қызмет қылар».
Шыдамай Криз айтты қатты ыза боп:
«Кедейді бақты деудің қисыны жоқ.
Қуарған сорлы жақсы бола ма екен?
Онан менің емес пе тамағым тоқ!»
Салон айтты: «Ол кедей балаларын,
Оқытып, зор ғылымды қылды бәрін.
Таза, еңбекшіл кедейден артық емес,
Мақтан үшін мал жиып тойған қарын».
«Ей, Криз, сенен менің ойым бөлек,
Бұл дүние шыр айналған бір дөңгелек.
Өлімнің сағатына кірмей тұрып,
Еш адам «мен - бақыттымын» демеу керек!»
Салонды қоя берді өз жайына,
Өзінің көнбеген соң ыңғайына.
Аздан соң оның сөзін мұтып кетті,
Басында батса-дағы шымбайына...
***
Криздің бір баласы асқан мықты,
Бір күні киік аулай аңға шықты.
Қолындағы мылтығы қапы тиіп,
Қаза жетіп өз оғы өзін жықты.
Сол кезде парсы ханы атақты Кер,
Жаннан беті қайтпаған шын қайратты ер.
Криздің астанасын шабамын деп,
Қамады «не соғыс» деп, «не алым бер!»
Намыс қып соғысқанда әскер сайлап,
Оқ жауды екі жақтан нажағайлап.
Кер жеңіп, талқан қылып үй қазынасын,
Криздің өзін ұстап алды байлап.
«Өлтір!» деп жендеттерге Кер бұйырды,
Қаланың ортасына алып жүрді.
Кризді бәйтерекке байлап қойып,
Астына отын үйіп от қойдырды.
Қарады Криз сонда маңайына,
Құлаған, алтындаған сарайына.
Таланған қазынасы мен өлген әскер
Тағы да көзі түсті талайына...
Сонда айтты: «Қайран, Салон, келмедің ғой!
Сөзіңе бұрын ындын бермедім ғой,
Данышпан, қасиетті жан екенсің,
Аман бол! Енді менің өлгенім ғой!»
Бұл сөзді Кер есітіп аң-таң қалды,
Ағаштан, от сөндіріп, шешіп алды:
«Әлгіде айтқан сөзіңнің жайын ұқтыр!
Не себептен шақырдың Салон шалды?»
Мәнісін Криз айтты бастан-аяқ,
Бір сөзін қалдырмады некен-саяқ
«Мен де осындай болмауым мүмкін бе?!» деп,
Кер отырды ішінен Кризді аяп.
Тыңдап болып Кер түсті терең ойға,
Ұқсаған өлік жатыр қырған қойға.
«Бүтін әлем біз үшін жаралып па?
Бұл лайық емес екен, - деді, - бойға».
Сол ойменен Кризді босаттырды,
2014 №3 (24)
АСЫЛ СӨЗ
94
Екеуі бір-біріне кешу қылды.
«Дос болып, шығыныңды төлеймін» деп,
Амандасып еліне қайта жүрді.
Мінеки! Нәпсіге еріп елді жеген,
Зарлайды қарғыс айтып талай неген.
Өлген кісі тіріліп бір сөзінен,
Салонның күні бүгін аты өлмеген.
Аты қалды деп оны мақтамаймын,
Мен мақтанды артқыға сақтамаймын.
«Өлі түгіл, тіріге мақтан - теріс»,
Оны түзу дегенді жақтамаймын.
Салонның өзі өлсе де, сөзі дұрыс,
Жастарды соны ұғуға қақпалаймын.
Адамның зор кеселі осы мақтан,
Бұл құрғырдан ешкімді ақтамаймын!
2014 №3 (24)
АСЫЛ СӨЗ
95
«ШӘКӘРІМ» ЖУРНАЛЫ
____________________________________________________
Мекенжайы: Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы. Семей қаласының Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университеті, «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығы. Глинка көшесі, №20а.
Бас ғимарат, 209 бөлме. Байланыс телефоны:
8 (7222) 35 48 52;
Е-mail: shakarimtanu.semey@mail.ru
Компьютерде беттеген: Канапиянова А.
Корректоры: Жарылғасынұлы М.
Беттеуге тапсырылған күні - 22.09.2014 ж. Басуға қол қойылған күні - 29.09.2014 ж.
Форматы - 60х84 1/8. Таралымы 500 дана. Бағасы келісімді.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің
баспаханасында басылды
Достарыңызбен бөлісу: |