Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



Pdf көрінісі
бет38/43
Дата15.02.2017
өлшемі3,08 Mb.
#4165
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   43

 

Үлкен дарын иесі 

 


399 

 

Құдайберген  Қуанұлы  Жұбанов  тек  ірі  лингвист  ғалым  ғана  емес,  ол 



педагог-ғалым,  халық  ағарту  ісінің  көрнекті  қайраткері  еді.  Ол  өзінің  бар 

өмірін бүтіндей мектеп, халық ағарту ісіне арнады. Темірдегі бастауыш, орта 

мектептерде  сабақ  берген  және  уездік  оқу  бөлімінде  инспектор-методист 

болып  қызмет  істеген.  Кейін  Ақтөбе  губерниялық  оқу  бөлімінің  методисіне 

жоғарылатылып,  Ақтөбе  педагогтік  училищесінде  әр  түрлі  пәндерден  сабақ 

берген.  Сөйтіп,  ол  ұстаздардың  ұстазы  болды.  Ақтөбе  губерниялық  оқу 

бөлімінде жүргенде ол қазақ мектептері емес, орыс мектептерінің де методисі 

қызметін атқарды. 

Ол  Ақтөбе  губерниялық  оқу  бөлімінің  методисі  жұмысымен  бірге, 

арнаулы оқу орны Ақтөбе қазақ педагогтік техникумда (қазіргі педучилище) 

үш  жыл  педагогика,  психология  және  логикадан  сабақ  береді.  Бұл  туралы 

республикаға  еңбегі  сіңген  қарт  ұстаз  (педучилище  оқытушысы)  Жанғазы 

Жолаев былай дейді: «Мен Құдайберген Жұбановпен Ақтөбе педагогикалық 

училищесінде  таныстым.  Ол  кезде  Құдайбергеннің  өз  кітапханасындағы 

кітаптардың көбі педагогика, психология жөніндегі әдебиеттер болатын. Ол 

әсіресе психология туралы еңбектерді бас алмай оқитын». 

Ұстаздардың  ұстазы  Қ.Жұбанов  губерниялық  оқу  бөлімінің 

методикалық  кеңесінің  бір  мәжілісінде  педучилище  оқушыларын  жазғы 

демалыс  кезінде  фольклор  мен  қазақ  тілі  тарихын  жинауға  пайдалануға 

болатынын  айтады.  Қ.Жұбанов  тек  оқыту  ісімен  ғана  болып  қоймай,  оны 

жетілдіру,  жақсарту  жағына  да  баса  көңіл  аударады.  Бұған  уездік, 

губерниялық, республикалық оқу  бөлімдеріндегі инспекторлық  міндеті  ғана 

емес,  оның  ауылдық  мұғалімдерге  ауызша  да,  хат  арқылы  да  ақыл-кеңес 

беруі дәлел бола алады. 

Ағартушылық саласындағы Қ.Жұбановтың әлеуметтік-тарихи мәні бар 

үлкен  еңбегі  –  оның  мектепке  арналған  қазақ  тілі  программасын  жасап, 

оқулықтарын жазуы. Бұлардың құндылығы сонда – олар тұңғыш қазақ совет 

оқулығы мен программасы болды. 

Қ.Жұбановтың  ағартушылық  қызметі  оның  нағыз-ғалым,  профессор 

болған  кезінде  де  тоқталған  жоқ.  Ол  Оқу-ағарту  халық  комиссариаты 

жанындағы  оқу-методика  секторының  меңгерушісі  болып  қызмет  атқарып 

жүрді. Сол кезде оқулық-программаларды өзі ғана жазып қоймай, басқаларға 

жаздыруды  ұйымдастырып,  оларға  ақыл-кеңес  беріп,  мұғалімдердің  білімін 

жетілдіру  курстарында,  семинарларында  сабақ  өткізіп,  көп  еңбек  етеді. 

Қ.Жұбанов  орта  мектепке  оқулықтар  аударуға  да  көп  еңбек  сіңірді.  Ол  бұл 

маңызды іске тікелей басшылық етумен қатар, ғылыми ұғымдарға ана тілінен 

балама тауып беруге көмектесті. 

«Қазақ  тіліндегі  зерттеулер»  деген  енбегінде  Қ.Жұбанов  екінші  бір 

үлкен  пікір  қозғайды.  Көркем  әдебиетті  білмейінше,  тілдің  заңдылығын, 

табиғатын  білу  мүмкін  емес  деген  тұжырым  жасайды.  Демек,  бұл  жерде 

ғалым  пәнаралық  байланысты  ескере  отыруға  меңзейді.  Тіл  мен  әдебиет  – 

етене  пәндер.  Тіл  заңдылығын  білу  көркем  әдебиет  бітімін,  жаратылысын 

тануға  қолғабысын  тигізсе  ғана  оқыту  өз  мақсатына  жетпек.  Профессор 


400 

 

Қ.Жұбановтың Абай поэтикасын зерттеу еңбегінің қазақ әдебиетін мектепте 



оқытуға  тигізген  шарапаты  өз  алдына  бір  бөлек.  Педагог-ғалымның  бұл 

еңбегі  қазақ  әдебиеттану,  абайтану  ғылымының  іргетасын  қаласқан  еңбек 

болуымен қатар, әдебиетті оқытудың ғылыми методикасының негізін салуға 

себін тигізген құнды зерттеу еді. 

Профессор Қ.Жұбанов түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетіміз, 

соның  ішінде  халық  ағарту  ісі  тек  жоғары  дәрежелі  оқу  орындары  мен 

ғылыми-зерттеу  мекемелері өркен  жайғанда  ғана өрге  баса  алады  деп білді. 

«Мұнсыз,  әрине,  ұлттық  мәдениеттің  дамуы  мүмкін  емес»,  –  деп  түйді.  Ол 

Қазакстанда  ғылымның,  соның  ішінде  педагогикалық  ғылымның  дамуына, 

өркендеуіне, мұғалімдер мен ғылыми кадрлар дайындауға айтарлықтай үлес 

қосты.  Оның  талантты  көптеген  шәкірттері  қазір  халық-ағарту  саласында, 

ғылым  жолында  еңбек  етіп  жүр.  Педагогика  саласындағы  ірі  ғалым 

Т.Ақшолақов: «Профессор Қ.Жұбанов 36 жасында бізге егде адам сияқты еді. 

Алпыстың асқарынан асқандай көрінетін. Шашы бұп-бурыл: кейін бақсақ сол 

қылаң тартқан әр тал шаш елі үшін тебіренткен, толғанған жүрек, жігер, ой 

көрінісі  екен.  Мазасыз  ізденіс  үстінде  өткізген  әр  күн,  әр  түн  іздері  екен. 

Байқасақ  ол  жасымен  емес,  жасағанымен,  жасамағанымен  де  егде  екен.  Ол 

білгенімен  де,  білмекке  ұмтылуымен  де  биік  екен»,  –  дейді.  Шынында  да 

солай. 

 

 



Д.Байқадамова 

 

Жарқын жүзің жадымызда, жақсы аға... 

 

«Қазақ стенографистері» деген сөз қазақ лексиконына бірінші рет 1935 



жылы енсе  керек. Сол мамандық иелерінің бірі болып жолдама алған менің 

де  Республика  Халық  ағарту  комиссариатының  есігін  ашуыма  тура  келді. 

Жүзі  айбарлы  қара  сұр  нарком  Темірбек  Жүргенов:  «қазақта  мынадай  да 

мамандық  пайда  болды-ау»  дегендей,  екі  көзін  тілдей  қағаздан  алмай 

отырып, алдындағы қоңырауды басты. Есіктен кірген референтіне: 

 

–Мына баланы Құдайбергенге тапсыр, қарамағына бер!—деп, мәселені 



тез-ақ шешті. 

Референті  мені  ертіп  маңдайында  «Терминком»  деген  жазуы  бар 

есіктен  енді  де,  бөлменің  төр  жағында  отырған  дудар  шашы  буырылдана 

бастаған ықшам денелі кісіні нұсқап: 

–Құдайберген ағаңыз осы, профессор Жұбанов деген кісі, анау отырған 

–  Әмина  Мәметова  апаңыз,  –  деп,  қарсы  столдағы  ұзын  бұрымды,  жүзі 

ашаңдау келіншекті таныстырды. 

Мен  бұл  үйдің  ішіндегі  адамдарды  шолып  шыққанша,  референт  пен 

профессор  Жұбанов  бірдеңелерді  сөйлесіп  жатты.  Менің  құлағыма  тигені 

«әзірше  термин  тере  тұрар»  деген  келте  қайырым  болды.  Маған  жат 

«терминком»,  «термин  теру»  деген  сөздер  бұрын  есітіп  көрмегендіктен, 


401 

 

жаныма жайсыздау тиді. Мен жыл жарым уақыт бойы сөзді шапшаң жазуға 



әбден  кәніккен  стенографист  едім,  енді  оны  тастай  салып,  басқа  бірдеңе 

істейтін  болсам,  «бүкіл  бейнетімнің  далаға  кеткені  ғой»  деп  уайымдай 

бастадым.  Оның  үстіне  мына  өңшең  сақа  адамдардың  ішінде  «тұншығып» 

күн  ұзын  отыру  да  бір  азап  қой.  Олар маған  ілтифаты  да аз,  сөзге  де  сараң 

стол  басына  сіресіп  қалған  кіл  тәкаппар  жандар  сияқты  көрінді.  Менің  осы 

ойым жүзіме ойнап шыққанын аңғара қалған Әмина апай: 

 

–Құдайберген, мына баланы ұмытып кеттіңіз ғой, – деп ескертті. 



Маған көңіл бөлудің орнына ағай: 

 

–Әлгі Ғайнетдин қайда жүр? – деп үшінші біреуді сұрады. 



Сонан соң біреудің «келіп кеткен» деген жауабына қанағаттанды да, өз 

ісімен  шұғылдана  берді.  Түрлі  жұмыспен  келгендер  кіріп-шығып,  оның 

үстіне өзін әлсін-әлі наркомға шақырып мұршасы болмады ма, әйтеуір, мен 

ескерусіз қалып, есінеумен отыра бердім. 

Содан  түскі  үзілістің  қоңырауы  соғылғанда  мен  орнымнан  тұрдым. 

Ойым:  «Күнде  бұлай  бос  отыратын  болсам,  өмірім  еш  кетер,  одан  да  өзім 

білетін  есеп-қисап  жұмысына-ақ  орналасайын»  болды.  Менің  осы 

қобалжуымды  сезгендей-ақ  Құдайберген  ағай  қағаздарын  тез  ғана  стол 

тартпасына салды да, «Жүр, қалқам», деп мені ертіп алды. 

Біз  Красин  көшесі  мен  Совет  көшесінің  қиылысқан  жеріндегі  ҚазПИ-

дің  мұғалімдері  тұратын  қарағай  үйдің  екінші  қабатына  көтеріліп, 

Құдайберген  ағайдың  үш  бөлмелі  пәтеріне  келіп  кірдік.  Қара  көлеңкелеу 

үйдің  ең  үлкен  бөлмесіне  қалың  кілем  жайылып,  бір  салар  көрпешелер 

төселіп,  дастарқан  әзірленген.  Ауылдағы  үйлердің  салтымен  ақ  самаурын 

бұжылдап  тұр.  Шай  дастарқаны  үстінде  жұмсақ  нан,  сарымай,  құмшекер, 

тәттілердің ортасында қазақша шыжыта қуырған қызыл қуырдақ бізді күтіп 

тұр  екен.  Құдайберген  ағай  мені  Раушан  жеңгеймен  таныстырды.  Жеңгей 

мені  бұрыннан  білетін  адамша:  «Төрлет,  төрлет!»  –  деп  жатыр.  Үйде  бөгде 

кісі  жоқ  дастарқан  басында  үйелмелі-сүйелмелі  төрт  бала.  Мен  солардың 

жоғарғы  жағынан  барып  орналастым.  Жеңгей  емшектегі  бесінші  қызын 

құшақтай отырып шай құя бастады. 

Шайдан  кейін  кеңсеге  қайта  оралып,  ағай  мені  кабинетіне  ертіп  кірді 

де: 

 

–Алдағы уақытта біз оқулық жазамыз, ал әзірге Ғайнетдинмен бірге сөз 



тере  тұрасың.  Бүгін  үйіңе  қайта  бер,  ертең  тағы  біраз  ағаларыңмен 

таныстырам.  Олар  саған  келешегің  үшін  керек.  Мамандығың  сирек 

мамандық, оның тәсілін өзің құнттап пысытпасаң болмайды. Қазір мәдениет 

қызметкерлерінің  бірінші  съезін  шақыруға  әзірленіп  жатырмыз.  Соның 

стенограммасын сен жазатын боласың, – деді. 

Үйдегілердің:  «Қандай  жұмысқа  орналастың?»  дегендеріне  «Сөз 

терем» деп едім, шешем қорқып кетті. 

 

–Құдай сақтай гөр, «сөз тереді» деген атының жаманын! – деп, жағасын 



ұстады. 

402 

 

Басқалары  да:  «оныңды  қой,  саған  қол  емес  екен»  десіп  жатыр.  Мен 



болсам, өзімнің қандай жұмысқа тұратынымды білмейтіндігімді байқатпауға 

тырысып: 

 

–Наркомпрос  деген  оқу-ағарту  орны,  онда  тек  жақсы  сөздерді  ғана 



тереді, – деп, өзімше «қатырып» жауап бердім. 

Ертеңіне  тағы  да  ағаның  үйінің  ертеңгі  шайының  үстінен  шықтым. 

Ағай шайды жастыққа шынтақтап ішіп жатыр, бірақ көзі алдындағы ашулы 

кітапта. Мен кіргеннен кейін басын көтеріп, жастығын былай қойып, тұрып 

отырды  да:  «Былай,  шайға  шық!  –  деді.  Мен  сыпайышылық  жасап,  «Ішіп 

келдім»  деп  едім,  оныма  қаратпай  жеңгейдің  жоғары  жағынан  отырғызды. 

Сол  кезде  есіктен  ыржия  күліп  бір  қара  божалақ  жігіт  кірді.  Оның  түрінің 

қораштығына  қараған  ағай  жоқ  «Былай  шық,  былай  шық!»  деп  төрдегі 

көрпені нұсқады. Өзіне көрсетілген қошеметтің салмағы батып кеткендей-ақ 

қара  қожыр  жігіт  көрпеге  шығуын  шықса  да,  ыңғайсызданып  қозғалақтай 

берді. Күлген кезде аузынан сарғайып кеткен тістері сойдиып көрінеді... 

 

–Ғайнетдиніміз  осы,  –  деп,  ағай  маған  бір  қарап  қойды  да,  –  мына 



қарындасыңды  өзіңе  тапсырдым,  –  деп,  мені  бейне  бір  бұйымдай-ақ  әлгі 

ұсқынсыздау  жігіттің  билігіне  ұсына  салды.  «Бұл  жігітте  тегін  болмады» 

дедім  ішімнен.  Ағай  оған  әлі  тапсырма  беріп  жатыр:  –Біз  қазір  ҚазЦИК-ке, 

Асылбековке барып  шығамыз,  сен  қарындасыңды  Наркомпроста  күт,  –  деді 

Ғайнетдинге. 

Ағай  Абдолла  Асылбековпен  жұмыстарын  реттеген  соң  біз  Халық 

ағарту  комиссариатына  қарай  беттедік.  Онда  кірген  жерде  мен  ағайдан  көз 

жазып қалдым. Бір картотеканың басында кітапқа қарап шұқынып Ғайнетдин 

отыр екен. Одан: «Не істейміз?» деп сұрап едім, сөз теретініміз шын болып 

шықты. Бірақ тегін емес, әр сөз басына төленетін тиыны болса керек. Мына 

үшінші курс студенті стипендиясына қосымша қаржы табу үшін «сөз тереді» 

екен.  


Тағы бір ретте ағайдың үйіне келсем, үй-іші абыр-сабыр болып жатыр. 

Ленинградтан оқу бітірген екі жігіт келмекші екен. Ағай мен жеңгей сыйлы 

қонақтарын тік тұрып қарсы алды. Екеудің бірі – архитектор екен де, екіншісі 

–  инженер-энергетик  көрінеді.  Таныса  келе  білсем,  архитекторымыз  Төлеу 

Бәсенов екен де, инженер-энергетик Ыбырай Тәжиев болып шықты. Кезінде 

аға  бұларды  Ленинградқа  ертіп  кетіп,  тиісті  оқу  орындарына  түсіріскені 

болмаса, ешқандай туыстық жақындықтары жоқ екен... 

Ағай  жазда  оқулық  жазам  деп  «Каменское  плато»  курортының 

жанында  тау  баурайына  киіз  үй  тіктіріп,  семьясымен  сонда  жаз  жайлауға 

шықты. Жалғыз үй болмадық. Бейімбет Майлин де қатар қонып, екі үй көрші 

болды.  Маған  Халық  ағарту  комиссариаты  сол  курорттың  көпшілік 

палатасына  жолдама  берген  еді.  Сонда  жатып  жұмыс  істеу  үшін 

машинкамды, ақ қағаз, көшіргіш қара қағаздарымды алып, мен де дайындала 

бастадым.  Ағайдың  бала-шағасын  мінгізіп,  төсек-орын,  қазан-аяғын  артып 

бір  машина  кеткенде,  екінші  машина  кітап,  қағаз,  жазу  столы  тағы  басқа 


403 

 

мүліктерді  тиеп  соның  ізімен  жөнелді.  Мен  келген  бетте  курорттың  бас 



корпусына орналасып алдым. Бірақ ағай: 

–Жұмысты  түнде  істейміз,  сенің  бізге  қатынап  тұруың  қиын  болар, 

бізбен  бірге  киіз  үйде  жат,  –  деп  ертіп  әкетті.  Мен  өзімше  жағдай  айтқан 

болып,  «жолдамам  бар  ғой»,  деп  едім,  ағай:  «Е,  оны  қойшы,  жолдаманың 

тамағын басқалар-ақ ішсін, біз мал соямыз, азықты қоймадан алып тұрамыз, 

ішім-жем жетеді ғой», – деп мені курортқа жуытпады. 

Киіз үйде жатқан қаншама еркін болғанымен, бес қанат үйдің төрінен 

босағасына шейін он адам: бес бала, ерлі-зайыпты аға мен жеңгей, жеңгейдің 

шешесі,  солардың  үстіне  мен  және  Ленинградтан  келген  аспирант  Хамза 

Есенжанов  –  бәріміз  иін  тіресіп  жатамыз.  Оны  да  ағай  оқулық  жазуыма 

көмектеседі деп өзі шақырып әкелген. Жас жігіт жазғы демалысында осылай 

жұмыс  істеп,  күз  оқуға  кеткенінше  біраз  қаражат  таппақшы.  Онымен  бірге 

оқитын  Мұхаметжан  Қаратаев  та  сол  ниетте.  Бірақ  ол  бұл  үйде  емес, 

Бейімбет ағанікінде жатады. 

Әдетте  ағаның  үйіне  тауда  да,  қалада  да  қонақ  көп  келеді.  Үй-іші 

келген-кеткен  кісіден  бір  де  жерінбейді,  барын  алдарына  төгіп  салып 

отырғаны. Пейілдің соншалық кеңдігі кім-кімді де өзіне тартпай тұрмайтын 

шығар. Курорт қоймасынан қанша тағам алынбасын, лезде сап болады. Азық-

түлікті тасып жеткізуші – біз Хамза екеуміз, не ағайдың өзі. 

Біразға  дейін  дүмеп  келіп  жатқан  сәлемшілерді  әбден  қонақ  етіп 

болдым-ау  деген  шамада  ғана  жұмысқа  кірістік. Жұмысты  ел  орынға отыра 

бастаймыз. Үйдің іргесіне үш ағаштың басын буып, сыртынан кенеп жауып, 

керосин  шам  өшпестей  ғана  күрке  жасап  аламыз  да,  мен  соның  ішінде 

отырып,  ағаның  қараңғы  даладан  айтқан  сөздерін  стенографиялап  хатқа 

түсіремін. Түнгі жазуларымды күндіз дешифровкалап машинкаға басам. 

Сөйтіп, ісіміз едәуір ене бастады. Аға түнгі жұмысқа тым сергек. Жеті 

қараңғы  түнде  таңның  бір  уағына  дейін  болашақ  кітаптың  материалын 

іркілмей,  хисса оқып  тұрғандай,  хатқа айтып  жаздырады  да,  бір  кезде  сөзін 

доғарып,  бұйра  шашын  бес  саусағымен  тарақтап  қойып,  сызат  жерге 

салқындатып  қойған  түнемел  қымызды  сапырып,  сапырып  жібереді,  одан 

сырлы  аяққа  және  сапырып  құйып,  рақаттана  сіміреді.  Кейде  сол  қалпы 

сусынын толғай тартып, асықпай ұзақ ойланып қалатын. 

Адамсыз,  меймансыз  өткен  бос  күн  санаулы-ақ  шығар.  Міне  бүгін  де 

күтпеген  жерден  кірпі  шаш,  кең  танау,  қапсағай  қара  жігіт  кіріп  келді. 

Москва  ма,  Ленинград  па  –  біреуіндегі  түсті  металл-кендері  институтында 

оқитын Нәби Жақсыбаев деген студент екен. Зерек баланы аға Қонжардағы 

жетімдер үйінен ертіп, оқуға түсірсе керек.  

–Сонау  жаман  аштық  жылдары,  –  дейді  ағай,  –үстінде  қатқан  тон, 

басында  жыртық  тымақ  сірісінен  басқан  кен  етігін  сүйретіп  Ленинградқа 

ертіп  барғанымда,  осы  Нәби  тап  осындай  болып  өсіп  жетіледі  деп  өзім  де 

ойлаған жоқ едім. Өзі тіпті ақ көңіл, мінезі жайдарлы-ақ – деп қуанады.  

Сол  Нәби  кейіннен  Социалистік  Еңбек  Ері,  СССР  Жоғарғы  Советінің 

депутаты, одақтық мәні бар кен комбинатының директоры, ғылым кандидаты 


404 

 

болды. Сонда, оның айтуынша, Ленинградта жүріп оған қара нанын қақ бөліп 



берген адам осы Құдайберген аға болса керек. «Сөйткен ағаның арқасы ғой 

біздің оқып жүргеніміз!» – дейтін Нәби марқұмның өзі де.  

Тағы  бір  күні  аға  екеуміз  ертеңгі  шайдан  кейін  қағаздарымызды 

алдарымызға ала бергенде, сау етіп қаладан бір топ артист келе қалды. Өзім 

білетін  Серке,  Елубайдан  басқа,  бұрын  көрмеген  екі  жас  жігіт  бар.  Біреуі 

соншалық биязы, сыпайы да, екіншісі тап бір ағаның кенже баласынша үйді 

баса-көктеп  бара  жатқан  дөкір,  тіпті  бейбастақ  десе  де  болғандай.  Біресе 

өлеңдетіп,  біресе  тақпақтатып  құтырынып  отыр.  Домбыраны  қолынан 

түсірмейді, біреу бірдеңе десе, екі көзі қызарып, жағаласа кетуге дайын. Бір 

ғажабы  –  жасы  үлкен  артистер  де,  басқалар  да  үндемейді.  Аға  болса,  жас 

жігіттің  қылуасын  қызықтаған  адамдай  уылжи  қарап  отырғаны.  Соңынан 

білдім,  биязы  жас  артист  Шәкен  Айманов  екен  де,  «арқасы  бары» 

режиссерлікке оқып жүрген Асқар Тоқпанов екен.  

–Бұл  бала,  –  деді  ағай,  –көп  оқығаннан  миы  шаршап,  толықсып  жүр. 

Көктемде осы  хабарды  естіп  Қазақстанның  Москвадағы  тұрақты өкілдігінің 

атынан Театр институтының директоры Анна Ильинична Фурмановаға (Дм. 

Фурмановтың  қарындасы)  барып  жолығып,  бір  жылға  академиялық  үзіліс 

сұрап, өзім алып қайтып едім. Қазір драма театрының жанында стажировкада 

жүр. Ештеңе етпес, біраз тынығып, оқуын жалғастырады ғой, – деп қояды. 

Кейін  сол  Асқар  жүрерде  осы  үйден  аттанатын,  келсе  –  осы  үйге 

түсетін ағаның «көп балаларының» бірі болып кетті. 

Құдайберген  ағаның  үйінен  менің  көрген  адамдарым  –  өз  қатарлары 

ішінде  Сәкен,  Ілияс,  Бейімбет,  Ілияс  Қабылов,  жеңгей  «өкімет  мүшесі»  деп 

атайтын  Құрамысов  атты  кісі  т.б.  азаматтар.  Көңілдері  өте  жақын,  бірақ 

алыстан сыйласып жүретін адамдары Асфендияров, Алманов, Мұхтар Әуезов 

болатын.  Шамғали  Сарыбаевпен  медресе  «Хұсайнияда»  бірге  оқыған, 

«школьный  товарищім»  деп  араласатын,  бірақ  өзінің  жасы  Шәкеннен  біраз 

кіші болса керек.  

Ағаның «ақтөбеліктер» деп атайтын бір бөлек бастас, сыйлас адамдары 

да  бар.  Бұлардын  көбі  ағаның  Орынбордан,  Ақтөбе  губерниясы,  Темір 

уезінен  білетін  қызметтес  жолдастары,  ағарту  майданынын  қызметкерлері 

екен.  Ең  жасы  үлкені  Молдағали  Жолдыбаев  Оралдан  екен  (жеңгей  оны 

«қайнаға»  деп,  балалары  «ата»  деп  атайтын),  Нұғыман  Манаев  деген 

жолдасы  Астрахань  жағынан  болар  деп  ойлаймын,  ал  Елемес  Жәрменов 

шымкенттік  еді.  Оны  білетінім,  аға  үйге  Жәрменовтер  келетін  болса, 

жеңгейге  қалжыңдап:  «Шымкенттің  қазағы  келгенде,  етіңнен  гөрі  қамырың 

көп болсын!» – деп жататын. Ал, «нағыз ақтөбеліктер» ағамен Темір уезінің 

атқару комитетінде бірге істеген Жәкен Омарғазин мен сол 30-шы жылдары 

«Робинзон Крузоны» қазақ тіліне аударған Абдолла Құлбеков еді. 

Бұл  адамдармен  күнде  көрісуге  оның  мұршасы  да  болмайтын.  Бірақ 

оқта-санда  жұмыстан  жалығыңқырап  кеткенде:  –«Әлгі  ақтөбеліктерді»  бір 

аралап  қайтайықшы,  көптен  көрмеген  соң  аңсап  кеткенім!  –  дейтін.  Бір 

қызығы – аға жұмысқа беріліп кеткен кезінде күннің, тәуліктің қай шамасы, 


405 

 

сағат  қанша  болды  дегенді  ескермейтін.  «Уақыт  кеш  қой»  деген  кісіге, 



«Қайта сол жақсы, ерте барсаң, ас ішіп кет деп әуре қылады. Одан да қазір 

барып,  амандықтарын  біліп,  мені  әзір  іздемейтіндей  етіп  қайтамыз»  дейтін. 

Бала  бастылау  жеңгей  ғана:  «Мезгілсіз  емес  пе,  үйлерінде  жоқ  шығар» 

дегендей болмашы наразылық айтатын. Бірақ, өзі де қонақшыл адам, ағаның 

ырқына  кәнігі,  кейде  «жылап  қалады-ау»  деген  баланы  көтеріп,  не  шанаға 

салып,  «түнгі  жорыққа»  шығатынбыз.  Ағаның  достарында  қалытқы  жоқ 

қашан келсе де құшақ жайып қарсы алатын.  

Кейде,  осылайша,  түнгі  сағат  екі  немесе  үштің  кезінде  аға  кенет 

«Ахметті  көргісі  келіп  кетеді».  Ошарылып  онда  бара  саламыз.  Ағасының 

«қолы  тиіп»  есігін  ашқанға  Ахаң  да,  оның  әйелі  Науат  та  мәз  болысып, 

балаларды  ысырып  тастап,  көрпе  салып,  дастархан  жайып,  түн  іші  демей 

«міндетті  түрде»  самаурын  қойып,  қаужаңдасады  да  қалады.  Мен  болсам, 

бірер  кесе  шайдан  кейін  бір  жастыққа  қисая  салып,  бұл  ағалы-інілі  екі 

адамның  бірін-бірі  бүгін  көргендей  ұзақ  таңға  әңгімелесіп,  қимас  сезіммен 

отыратындарына қайран қалушы едім.  

Аға өмірге ғашық адам еді. Оның еліне, халқына деген мол махаббаты, 

жолдас-жораға,  дос-жаранға,  жақын-жуыққа  деген  құштарлық  сезімінен  де 

көрініс беретін. Түрлі жұмыстармен Ленинград, Москваға жиі барып жүретін 

ағаның жолға аттану рәсімі өзінше болатын. Ол сапарға шығады деген күні 

«шығарып  салушы»  бірталай  көңіл  жақын  адам  сол,  үйде  бас  қосатын. 

Әңгіме-дүкен  қызып,  келген  жұрт  дуылдасып  отырғанда,  аға  өзінің  жол 

жүретінін  ұмытып  кетіп,  поезға  шығатын  уақытын  өткізіп  алатын.  Жеңгей 

сәл  сабырсыздық  танытып:  «Уақытты  өзін  шамалап  отырмадың  ба,  мен 

келген қонақтың жайын ойлап жүргенде сағатты да байқамаппын, жолыңнан 

қалып  қойғаның  ұят  болды  ғой!»  –  деп  сөйлей  бастаса,  аға  тұрып:  «Жол 

жүретін  мен  ғой,  сен  несіне  абыржисың?  Келген  жолдастарды  қимай отыра 

беріппін,  қайтер  дейсің,  ертең  де  поезд  болады  ғой!»  –  деп  саспай  жауап 

беретін. Ағаның осы мінезін оның көзін көргендердің бәрі біледі... 

Бұл  кісінің  сабырлылығы,  ісіне  мұқияттылығы  мені  қайран 

қалдыратын. Күнімен әдемілеп машинкаға басып қойған жұмысты таңертең 

келсем  танымай  қалам:  түнімен  аударып-төңкеріп,  кесіп-құрап,  асты-үстін 

жазып-сызып  қобыратады  да  қояды.  Мен  қынжылыңқырап:  «Неғып 

тастағансыз?»  –  деп,  қолыма  ала  бастасам,  «Тимей-ақ  қой,  әлі  ана 

мысалдарды  тәптіштеу  керек  сияқты.  Ілиясты  тағы  да  біраз  қарап  едім, 

Горькийдің  «Дауылпазын»  өзіндей-ақ  сөйлеткен  екен.  Сірә,  мысалдың 

бірсыпырасын жаңарту керек шығар» деп отырғаны. 

Құдайберген  ағаның  қарапайымдылығы,  ізгілігі  әулиеге  пара-пар  еді. 

Ешкімнен  ештеме  дәме  етпейтіні,  бірдеңені  пайда  қыла  қояйын  демейтіні 

оны  періштедей-ақ  көрсететін.  Мен  Құдайберген  ағамен  алғаш  қызметтес 

болған он тоғыз жасымда оның білімімен ақыл-парасатына баға бере қоярлық 

халде  емесім  белгілі.  Дегенмен  ағаның  абзал  жаратылған  жан  екенін,  өңге 

жұрттан  жеке-дара  оқшаулығын  сол  кезде-ақ  аңғаратынмын.  Оның 



406 

 

білімдарлығына,  арабтың  тілін  орыстың  тіліндей  меңгергендігіне  менің  еш 



күмәным болмайтын. 

Мынадай  бір  фактіні  көзім  көрді.  Калинин  ақсақалдың  келуімен 

байланысты  1935  жылы  Алматыға  халық  өнершілері  шақырылды.  Соның 

ішінде  Сатыбалды  ишаннын  Файзолласы  дейтін  зергер  де  келді.  Бұл  өзі 

кезінде  медресе  «Ғалияны»  бітірген,  одан  кейін  біраз  уақыт  Түркияда  білім 

жалғастырған Торғай қазағы еді. Құдайберген аға осы адаммен екеуден-екеу, 

ас  піскенше  тек  араб  тілінде  сұхбаттасып  отырды.  Кейін  Файзолла  қажы 

Құдайберген  ағаның  арабша  еркін  сөйлейтініне  таң  қалып,  басын  шайқап 

отырды. 

Қазіргі  қаламгерлердің  көбі  жазу  столы,  оңаша  кабинеті  болмаса 

«толғана» алмай, бап тілеп жүреді ғой. Құдайберген аға қолына қажетті кітап 

түсіп, ойына ой саларлық сәт түсе қалса, басқаны қойып, іске беріліп кірісіп 

кететін.  Бұндай  кезде  ол  отырған  жері  кухня  ма,  балалардың  төсегі  ме, 

біреудің  үйі  ме,  әлде  тіпті  театрдың  іші  ме  –  бәрібір,  маңайдағы  тіршілікті 

ұмытып кететін. Оның сырын жақсы білетін жеңгей бұндай халде отырғанда 

ағаның маңынан шыбын ұшырмайтын. 

Мен  стенографиска  бола  жүріп  талай  ғалымдардың  лекцияларын, 

жазушылардың  шығармаларын  стенографиялап  жүрдім.  Әдебиетшілердің 

ішінде Қажым Жұмалиевтың лекциясын жұрт селт етпей отырып тыңдайтын. 

Бірақ тіл білімінен оқылатын сабақтардың бәрі бірден тартымды болмайтын. 

Ал,  Құдайберген  аға  тілден  лекция  оқығанда,  оның  сөздерін  тыңдауға  тек 

филология  емес,  ҚазПИ-дің  бүкіл  басқа  факультеттерінің  студенттері 

жиналып қалатын, тіпті басқа пәндердің оқытушылары да келіп отырушы еді. 

Мен ағаның лекцияларына тек жазып алу үшін ғана емес, білім алу үшін де 

келетінмін. Менің қазақ тілінен алған бар білімім стенографистер курсы бола 

тұрса  да,  ағаның  лекцияларын  жаза  жүріп,  өзім  үшін  де  біраз  мәлімет 

жинадым. 

Қазір  өзі  жоқ  болса  да,  еңбегі  еш  кетпеген  Құдайберген  ағаны  мен 

бақытты  жан  деп  санаймын.  Өніп-өскен  бала-шағасын,  үрім-бұтағын  былай 

қойғанда,  кейінгі  мәдениетті  қауым,  оның  шәкірттері,  тіл  білімінің  кейінгі 

толқын жас буындары оның отын өшірмей, шырағын қайта маздатып жағып, 

еңбегін жарыққа шығарып, профессор Құдайберген Жұбановтың өмірін одан 

әрі жалғастырғаны деп түсінемін. 

Замана перзентіне одан артық қандай бақыт керек! 

 

 

Ж.Жулаев 



 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет