Құдайберген жөніндегі есімдегілер
Профессор Құдайберген Жұбановпен мен 1933 жылы, жаз айында,
Алматыда таныстым. Оны маған жазушы Бейімбет Майлин таныстырды.
Бейімбет тауда, қазіргі бала-шағасымен дем алып жатыр еді. Бір жексенбі
күні мен сонда қыдырып бардым.
Менен кейін, көп ұзамай-ақ Бейімбеттің үйіне Құдайберген мен Елубай
Өмірзақов келді. Бәріміз де күні бойы сонда бірге болдық: тау аралап,
әңгімелесіп, дойбы ойнап, сөйлесіп отырдық.
Құдайберген жайдары, ашық-жарқын, әңгімешіл адам екен. Іркілмей,
тартынбай неше түрлі қызық әңгіме айтып, мейірімізді қандырып, күлдіріп
отырды.
Кейде Елубай, Құдайберген, Бейімбет – үшеуі кезек-кезек домбыра
тартты. Елубай ән салды, өлең айтты. Кездейсоқ ұшырасуымыз әдейі
ұйымдастырылған ойын- сауықтан кем болмады.
Ұмытпасам, сол жылы күзде болу керек: өлкелік партия комитетінің
үгіт-насихат бөлімі үш кісіге: Құдайбергенге, Молдағали Жолдыбаевқа,
маған қазақша саяси оқулықтарды қарап, тексеріп, пікір жазып беруді
жүктеді.
Осы қызметті орындау үстінде Құдайберген өзінің жұмысқа үлкен
жауапкершілікпен мұқият қарайтынын, іскер адам екенін байқатты. Тиісті
кітаптарды түгел, жіті қарап шықты. Басқаларымыздан да солай істеуді талап
етті. Бізге жетекшілік істеді. Қорытынды жазғанда, келелі пікірлер айтты.
1934 жылы күзді күні мен «Социалистік Қазақстан» газеті
редакторының орынбасары болып істеуші едім. Газет Абай Құнанбаевтың
қайтыс болғанына отыз жыл толуына байланысты бірсыпыра материалдар
берді. Оларды мен жинастырдым, қолымнан өткіздім.
Сонда Құдайберген «Абай және күншығыс әдебиеті» деген тақырыпта
көлемді мақала жазып берді. Мақаласында автор Абайдың түркі текті
халықтардың ерте замандардағы жазба әдебиетімен, әдебиет нұсқаларымен
жете таныс болғанын, олардан көптеген үлгі-өнеге алғанын айқын көрсеткен
еді, Абай творчествосы түркі текті халықтар әдебиетімен тығыз, дәстүрлі
байланыста екенін дәлелдеген еді.
Құдайберген өз мамандығы – тілге, тіл мәселелеріне ғана жетік емес,
сонымен бірге әдебиетті, әдебиет мәселелерін жақсы білетін еді, әсіресе түркі
текті халықтардың, қазақтың бұрынғы жазбаша, ауызша әдебиеттерін көп
білетін еді.
429
Адам, азамат, ақылды ғалым Құдайберген Жұбановты мен жақсы
көретін едім.
(«Қазақ университеті», 1964 ж., 23 декабрь)
Ә.Шәріпов
Аяулы ұстаз еді ол
Отызыншы жылдардың бас кезі еді. Менің Абай атындағы Қазақ
педагогика институтында оқып жүрген кезім. Ленинградтан аспирантураны
бітіріп Құдайберген Жұбанов деген мұғалім келіпті. Ол білімдар кісі екен
дейтін хабар лезде студент қауымының арасында тарап кетті. Өзін бетпе-бет
көрген жоқ едік. Бір күні дәліздің қабырғасына ілінген сабақ кестесін қарасақ
қазақ тілінен профессор Қ.Жұбановтың лекциясы дегенді көргенде біздің ол
кісінің лекциясын тыңдауға қызыққанымыз бұрынғыдан да арта түскені әлі
есімде.
1932 жылдың қыркүйек айының орта кезі болу керек. Біз, қазақ тілі
және әдебиеті бөлімшесінің студенттері, 42-аудиторияда отырмыз. Бөлмеде
тым-тырыс тыныштық. Жұрт үнсіз отыр. Бір мезгілде аудиторияның есігі
ашылды. Орта бойлы, қара торы, қылауланған қара бұйра шашы кең
маңдайдан желкесіне қарай қарсы таралған жас жігіт аудиторияға кіріп келді.
Жылы жүзді адамға ұқсайды. Қолындағы портфелін алдындағы столға қойды
да қоңыр ғана үнмен: «Сәламатсыздар ма?» – деп, біздермен сыпайы ғана
амандасты. Ол кісі кіріп келе жатқанда апыр-топыр орындарынан тұрған
студенттерге: «Отыруға рұқсат», – деді. Біз орнымызға отырдық.
Құдайбергеннің осындайда екі алақанын кезек-кезек сипай беретін әдеті бар
сияқты. Үлкен көзімен отырған жұртты тегіс бір шолып өтті.
–Қымбатты студент жолдастар! Лекция оқуға кіріспес бұрын мен ең
алдымен өзімді таныстырайын. Менің атым Құдайберген, фамилиям
Жұбанов. Ленинград қаласында жоғарғы білім алдым, сонда аспирантурада
оқыдым, өткен оқу жылының аяғында оқуымды бітірген соң осы институтқа
қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі және қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып
тағайындалдым. Бүгін бірінші лекция оқиын деп тұрмын...
Біздер Құдайбергеннің қарапайым, өте инабатты ұстаз екенін бірден
сезіндік. Дауысын көтермей, баяу ғана сөйлейтін кісі екен. Алғашқы
лекциясы адам өмірінде әр ұлт тілінің маңызы өте жоғары екендігін көптеген
мысал келтіре айтты. Бұл лекцияның қысқаша мазмұны мынадай еді: Қазақ
тілінің сөз құрамы бай. Октябрь революциясынан кейінгі жылдары терминдік
жаңа сөздермен бұрынғысынан да толыға, байи түскенін қазірдің өзінде
байқауға болады. Келешекте жаңа сөз құрамы онан да көбейе түсетіндігінде
күмән болмауға тиіс. Әр халықтың өкілдері өз тілін, ана тілін жетік білуге
бар ынтасын салуға тиіс. Халықтың өзара қарым-қатынасы күшейген сайын,
430
бір заманда бір тайпы елге ғана түсінікті болып келген көптеген сөздер жаңа
мағына-мазмұнға ие болып, барша халықтың сөз құрамының шекарасын
кеңейте түсті.
Қазақ тілінде оқу құралдары жазыла бастады. Мектептерде дербес пән
ретінде ана тілі мен туған әдебиеті оқылатын болды. Бұл совет заманындағы
қазақ халқының ұлт мәдениетінің өсіп-өнуіне үлкен әсер ететіндігін
дәлелдейді. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетінін таңдаулы үлгілерін
баспадан бастырып шығарып, халық игілігіне жаратудың өзі ұлт тіліміздің
өсіп-өркендеуіне де белгілі түрде әсер етеді.
Қазақ ұлтының адамдары дүниежүзі мәдениетін толық меңгеру үшін ең
алдымен көрші отырған орыс халқының тілін үйренуі, оның бай әдебиетін
білуі өте қажет. Сондықтан да қазірдің өзінде орыс тілі мен әдебиеті қазақ
мектептері мен жоғары оқу орындарында дербес пән ретінде оқытылып
жатыр. Орыс тілі мен орыс әдебиетінің оқу құралдары қазақ оқушыларына
арнайы жазылып жатқаны да қуанарлық іс. Өздеріне белгілі қазірдің өзінде
орыс классик жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударылып
басылып жатыр. Александр Сергеевич Пушкиннің, Иван Андреевич
Крыловтың, Лев Николаевич Толстойдың кейбір шығармалары қазақ
халқының классик ақыны әрі жазба әдебиетіміздің басы болған Абай және
демократ-педагог Ыбырай Алтынсариннің аударуымен өткен ғасырдың
екінші жартысында-ақ қазақ халқының арасына таралғанын білетін
боларсыздар. Пушкиннің «Татьянаға хат» атты өлеңіне Абай атамыз ән
шығарғаны да көпшілікке белгілі. Қазіргі кезде марксизм-ленинизм
классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне аударып, көпшіліктің оқып-білуіне
мүмкіншілік туды. Мұның өзі де біздің халқымыздың тілінің өсіп-өркендеп
келе жатқанына үлкен бір айғақ болады. Әр ұлттың туған тілі, оның рухани
азығы екенін дәлелдеп жатудың қажеті болмас. Тіл жоқ жерде жеке ұлт
болып ұзақ өмір сүре алмайды. Өйткені тіл – адам баласының біріне-бірінің
қарым-қатынасына, өзара түсінісуіне қажетті басты құрал.
Қазақстанда баспа орындарының ұйымдасуы, қазақ тілінде газет-
журналдардың көптеп шығуы, революциядан бұрын театр дегенді білмейтін
қазақ халқынын ана тілінде драма театрының ашылуы, ол театрда жұмыс
істеуге кең даламыздың түкпір-түкпірінен Әміре Қашаубаев, Қалибек
Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Күләш Бәйсейітова, Шара Жиенқұлова,
Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Серәлі Қожамқұлов, Қанабек
Байсейітов сияқты, тағы баска талантты да таланты өнер қайраткерлерінің
астанаға келіп, театрдың бұғанасының тез қатып, халқының рухани
азығының өсіп-өркендей түсуіне қалтқысыз қызмет істеп келе жатқаны бүкіл
қазақ халқының қуанышы болды.
Октябрь революциясына дейін тоғандалған ағын судай болып қанатын
кең жая алмай келе жатқан ақын-жазушыларымыз да қазіргі кезде ағытылған
арнадай өз өнерін халыққа таратуға, Октябрь революциясынан кейінгі он бес
жылдың ішінде өзінің туған халқын советтік және коммунистік рухта
тәрбиелеу жолында үлкен қызмет етіп келеді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс
431
Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты
жазушыларымыз көптеген роман, повестер, өлең-жырлар, драмалық
шығармалар берді. Олардың шығармалары халқымыздың рухани азығы
болды. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы, Бейімбеттің повестері мен
романдары, өлең-жырлары, Сәбиттің поэмалары мен өлеңдері, Ілиястің
мазмұны терең өлеңдері мен поэмалары біздің совет қазақ әдебиетінің өрісін
кеңітіп, қазақ халқының рухани азығына айналды. Аға буынның ізін қуа
әдебиетімізге келген Асқар Тоқмағамбетов, Мәжит Дәулетбаев, Тайыр
Жароков, Әбділда Тәжібаев, Өтебай Тұрманжанов, Жұмағали Саин сияқты
талантты жастар туған әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қалыптасуына үлкен
септігін тигізетіндігіне әбден сенеміз. Жазушы қауымының туындыларының
өсіп-өркендеуі біздің туған тіліміздің дамуына, тіл құрамының молая түсуіне,
көптеген әсері болатындығына біз кәміл сенеміз...
Құдайберген әңгімесінің аяқ жағында бөлмедегі оқушыларды үлкен
қарақаттай қара көзімен басын бір шұлғып тастап, жіті шолып өтті де:
«Менің бағанадан бері айтқанымның бәрі – қазақ халқының мәдениетінің
совет тұсында мейлінше өркендеп-өсіп келе жатқанын, халқымыздың тілінің
өсіп-жетілуіне, тіл қорының қарыштап молаюына, мәдениетінің жетілуіне
бірден-бір әсер ететіндігін сендерге түсіндіру еді», – деді. Дәл осы кезде
коңырау соғылды...
Үзіліс кезінде оқушылардың өзара әңгімесі Құдайбергеннің
лекциясынан алған әсері болды. Біреулер:
–Өзі жылы жүзді кісі екен, – дейді. Енді біреу:
–Әр сөзін ой елегінен өткізіп, баяу сөйлейтін адам екен.
–Сөз саптасы білімді адамға ұқсайды.
–Әңгімені бірден тіл мәселесінен бастамай, қазақ халқының Октябрь
революциясынан кейінгі жылдары мәдениет саласында қол жеткен
табыстарынан бастауы да білгір адамның сөз толғауына ұқсайды екен.
–Қалай болса да, Ленинград сияқты үлкен қаладағы білімді
ғалымдардан тәлім-тәрбие алған адам, мәдениетті адам кішіпейіл болады, –
деп жастар өз ойларын, алған әсерін айтып дәлізде ерсілі-қарсылы жүрді де
қойды.
Сөйтіп, Құдайберген Жұбановтың алғашқы әңгімесі студент жастарға
үлкен әсер қалдырды. Ұстаздың талапты да талантты ғалым екендігін
студент қауымы бірден байқады. Әрбірі өздерінше тұжырымдап, ойларын
ортаға салып жүр.
Құдайберген бір әңгімесінде өзінің 1928 жылы Ленинград қаласындағы
Шығыс тілдері институтын бітіргенін, онда орыс ғалымдары Мещаниновтан,
Маловтан, Жирмунскийден, Виноградовтан тағы да басқа ғалымдардан
тәлім-тәрбие алғанын, олардан оқығанын айтып берген болатын. 1932 жылы
СССР
Ғылым
академиясының
Тіл
және
ойлау
институтының
аспирантурасында оқығанын, онда тіл мәселесі жөнінде тиянақты да терең
білім алғанын мақтан ететіндігін, ол жердегі ғалымдарға ризалық пейілін
жасырмай айтушы еді. Ол кісінің әңгімелерін біздер ұйып тыңдаушы едік.
432
Құдайбергенді біздер ол кезде жасы біразға келген қартаң мұғалім деп
жүрсек, бізге алғаш сабақ беріп жүрген кезінде 32-33 жаста ғана екен. Ұстаз
ағамыз лекциясында Маррдың яфет тілдері хақындағы теориясы жөнінде кең
айтатын еді. Өзінің үлкен ұстазы – академик Мещанинов екендігін әр
уақытта айтып отыратын. Профессор Жұбановтың лекциясы болады деген
күні бірде-бір студент оқудан қалмай келетін. Ол кісінің лекциясын бәр-бәрі
ұйып тыңдаушы еді. Оның лекциясының бірде-бір сөзін қалдырмай конспект
жазып, қағаз бетіне түсіріп алуға тырысушы едік. Өйткені ол кезде жалпы тіл
білімі жөнінде қазақ тілінде басылып шыққан оқулық болмайтын. Бір күні
лекция оқып тұрып, Құдайберген партаның шет жағында отырған менің
қасыма келіп, менің жазған конспектіме үңіле қарап: «Әди, сен лекцияны өте
ұқыпты жазып алады екенсің. Оқулық жоқ болғандықтан, мұғалімнің
лекциясын қалдырмай жазып алу іждиһаттыққа жатады», – деген ұстаздың
бір ауыз сөзі мені қанаттандырды. Мен басқа ұстаздардың да оқыған
лекцияларын толық жазып алатын болдым. Бірақ студенттер талғамды
болады ғой. Кейбір нашар, мазмұнсыз оқылған басқа бір ұстаздардың
лекциясын жазбаушы едік. Өйткені ол кезде дәптердің өзі де тапшы болатын.
Болған күнде сатып алуға ақша да табыла бермейді.
Құдайбергеннің басқа мұғалімдерден ерекшелігі – лекция оқығанда
аспай-саспай ақырын ғана, өзіне тән қоңыр даусымен оқушыларының
көңіліне қонатындай етіп оқитын. Грамматиканың кейбір тақырыптарын
түсіндіргенде, ол кісі көптеген мысалдарды тақтаға жазып, бөлшек-бөлшек
етіп, ауызға шайнап жұттырғандан түсіндіретін еді. Кейбір жағдайларда бор
ұстаған оң қолымен бетін сыйпаймын деп, байқамай маңдайуна аппақ етіп,
бор жағып алатын. Бір күні студенттердің бірі Құдайбергенге қарап,
қарқылдап күліп жібергені бар. Сол кезде ұстаз лекциясын тоқтатты да, әлгі
күлген жігітке қарап: «Сен бір нәрсеге қуанып күлдің бе, болмаса, біреуді
мазақтап күлдің бе?» – дегені. Студент ұстазға қарап, не айтарын білмей,
орнынан тұрып, Құдайбергеннің бетіне қарай берді. Сол кезде Әділ Ермеков
дейтін студент күлген жігітке қарап:
–Сен неге күлдің? Дұрыстап айтып бермейсің бе? – деді.
–Мінеки, мына бала дұрыс айтып тұр, – деді Құдайберген ағамыз.
–Аға, – деді Әділ Ермеков, –мұның күлгені, менің түсінігімше, сіз
байқамай қолыңызға жұққан бормен маңдайыңызды сипаған болуыңыз
керек. Маңдайыңыздағы борды сүртіп тастаңызшы, – деп орнына отырды.
–Міне, осыны айтпайсың ба? Босқа күлгенше, – деді Құдайберген
қалтасынан қол орамалын алып, маңдайына жұққан борды сүртіп тастады.
Бұл жерде айта кететін бір жай, сол Құдайбергеннің жақсы көретін
оқушысының бірі Әділ Ермеков кейін ғылым кандидаты, доцент, институт
директоры, кафедра бастығы, орта мектептерге арналған оқулықтардың
авторы болды. Әділ – Құдайбергеннің жолын қуған, білгір ұстаз болған еді.
Бүкіл көпшілік қауымға танымал ғалым, Қазақ ССР Ғылым
академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы
Ғайниден Мұсабаев үздік оқыған шәкірт еді. Ол Құдайбергеннің сөйлеген
433
кездегі сәл басын шұлғып тұратын, екі алақанын ұқалайтын әдетін де,
ұстазының баяу ғана қағазға қарамай сөйлейтін мәнерін де бұлжытпай
салатын. Ғайниден бір күні тіл үйірмесінде қазақ тіліндегі жазулардың мәні
жөнінде баяндама жасап тұрған кезде, аудиторияның есігі ашылды. Ар
жағынан Құдайбергеннің кіріп келе жатқанын байқаған Ғайниден өз мәнеріне
бірден кешті. Дәл осы кезде жұрт ду күлді. Артқы парталардың бірінде
отырған студенттің бірі: «Жаңағы мәнеріңнен айрылып қалдың ғой», –
дегенде, жұрттың қайта күлгені. Ол күлкіге түсінбеген Құдайберген сәл
ыңғайсызданып, аң-таң болып тұрып қалды да:
–Неменеге күлесіңдер? Ескертпей келген маған күлгеннен амансыңдар
ма? – деді.
–Жоқ, жоқ, Ғайниденге күліп отырмыз, – деп студенттердің бірі жуып-
шайып жатты.
–Е, олай болса, жақсы болды. Мен бүгін сендердің тіл үйірмелеріңнің
болатынын білген едім. Бір жұмысқа айналып, сәл кешігіп қалдым.
Ғайниден, баяндамаңды жалғастыра бер. Мен де тыңдайын, – деп ұстаз
алдағы стол басындағы орындыққа отырды.
Ғайниденнің баяндамасын пейіл салып тыңдады. Баяндама бітісімен
тыңдаушы жұрт әр түрлі сұрақтар қойды. Ол сұрақтарға Ғайниден
мүдірместен жауап берді. Оның баяндама тақырыбын жақсы меңгеріп, дұрыс
жауап бергеніне ұстазымыз да риза болды. Ақырын ғана орнынан тұрған
Құдайберген:
–Баяндама өте мазмұнды, бәріміздің де көңілімізден шықты, – деп,
Ғайнекенді көңілдендіріп тастағаны.
Адам баласының күнкөрісіне, қарым-қатынасының дамып, ілгерілей
түсуіне тілдің үлкен мәні барлығын көптеген дәлелдер келтіріп тағы да
айтты. Ол кісі лекциясында, жиналыста сөйлеген сөзінде қағазға қарамай
жатқа айта беретінін жоғарыда айттық. Бүгін де солай болды. Терең ойлы
шешендік, мәнерлі сөйлеу – үй салатын шебердің қолымен қаланған
кірпіштей түзу болса, тыңдаушысын ұйытып, риза етеді. Ұстаз үйірмеде
әнгімеленген мәселе туралы терең де мазмұнды қорытынды жасады.
Жазғытұрғы жылы күндердің бірі еді. Ол кезде Федерация паркі деп
аталатын, қазіргі Панфиловшылар паркінің ағаштары жапырақ жайып, баяу
соққан самал желге сыбдыр қағып тұр. Кәдімгі мамыр айының жайма-шуақ
күндерінің бірі. Мен түс ауа жатақханадан шығып, паркте серуендеп келе
жатыр едім. Парктегі үлкен шіркеудің шығысындағы қанатын кең жайған
қарағайдың көлеңкесіндегі орындықта Құдайберген мен жеңгеміз салқындап
отыр екен. Мен әдейі бұрылып барып, ұстазыма сәлем бердім. Ол кісі
кішіпейілділік ізетпен орнынан тұрып, менің қолымды алып амандасты. Мен
үлкен кісіні қозғадым ба деп ыңғайсызданып қалдым. Менің абдырап
тұрғанымды сезген ұстаз:
–Қысылып қалдың ғой. Менің жасым сенен үлкен болса да орнымнан
тұрып сәлем беру – менің бала шағымнан әдеттенген машығым. Өзің киноға
434
барайып деп шықтың ба? – деп, оң жақтағы жалғыз қабат үйге қарай, иек
қаққандай болды.
–Жоқ, киноға бармаймын. Бағанадан бері жатақханада сабаққа
дайындалып отырған едім. Басым ауырып кеткені. Далада біраз серуендеп
қайтуға шыққан бетім еді, – дедім.
–Ертең, жұма күні, кешкі сағат жетіде Пушкин көшесі мен М.Горький
көшесінің қиылысындағы, анау тұрған клубта үлкен концерт болатын
көрінеді. Қазір билет сатып жатыр екен. Мен жаңа ғана барып екі билет
алдым. Концерт көргің келсе, ертерек билет сатып алмайсың ба? Концертте
ән шырқайтындар Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Қанабек
Байсейітов, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, тағы
да басқа өнер қайраткерлері көрінеді, – деп маған тәптіштеп түсіндірді.
«Ұстаз айтты, болды!» – дегендей, мен ол кісіге сәл қарап тұрдым да:
–Мен билетке барып келе қояйын, – деп жүгіре басып төмен қарай
Пушкин көшесімен билет кассасына бардым. Билет алуға тұрған адамдар көп
емес екен. Мен де кезекке тұрдым. Менің қалтамда 6-7 сом ғана ақша бар еді.
«Алдыңғы жағына ұмтылмай-ақ қояйын» деген ой түйдім. Өйткені
қабырғаға жапсырылған баға көрсеткішті байқап қарасам, алдыңғы жақтың
билеті бес сом екен. Сондықтан кассаға жақындап келісімен арт жағынан бір
билет беріңіз деп екі сом ақша ұсындым. Кассада отырған орта бойлы,
семізше келген қара торы қазақ әйелі:
–Ең соңғы қатардың бағасы бір сом, – деп қолына ұстатқан екі сомның
бір сомын қайтарып берді де, бір билет берді.
Мен арзан билет алғаныма қуанып, жүгіре басып, жаңағы Құдайберген
отырған қарағайдың астындағы орындыққа келсем, ол кісі де, жұбайы да
көрінбеді. Жан-жаққа көз жіберіп қарасам, ашық алаңдағы орындықтарға
барып отырған екен. Біреулерден сұрасам ашық алаңда консерваторияны
жаңа бітіріп келген Ришат және Мүслім Абдуллиндер концерт береді дегені.
Мен де ән тыңдайын деп, «алдыңғы жақтағы бір бос орынға отырайын» деген
оймен кілт бұрылып, алға қарай жүрдім. Ұзын орындықтың шет жағында
отырған Құдайберген қоңыр даусымен:
–Әди, біздің жанымызға отыр, – дегені.
–Рақмет, аға, – деп мен үнсіз келіп қасындағы бос орынға отырдым.
–Билет алдың ба?
–Алдым.
–Е, жақсы болды. Елден оқу сағынып келгеннен кейін қаланың
мәдениет ошағының бәрін де көріп, білген жөн. Жуықта ғана менің інім
Ахмет Жұбанов түпкір-түпкірден күйші-домбырашы, сыбызғышы адамдарды
жинап, үлкен домбыра оркестрін құрған. Мүмкін сол оркестр де өз өнерін
көрсетіп қалар. Онда, екеуіміз екі жеп биге шығамыз. Бір жағынан, әнші
ағаларыңның өнерін, екінші жағынан, оркестрдің тартқан күйлерін
тыңдайтын боламыз.
–Ол оркестрде қобыз да болатын болар?
435
–Әрине, болады. Қазақ ән-күйлерін жинаған А.В.Затаевич дейтін кісіні
естуің бар ма? Ол батыс, орталық, оңтүстік Қазақстанды жаяу-жалпы жүріп
аралап, қазақ халқының 1500 ән-күйін жинап, бастырған. Біздің қазақ
халқының ауыз әдебиеті де өте бай ғой. Батырлар жыры, лироэпос, ертегілер,
айтыс ақындарының шығармалары, малдың төрт түлігіне байланысты
әңгімелер тағы да басқадай әдебиет байлығымыз мол ғой. Өткен ғасырда
орыс ғалымы Радлов, одан кейін Диваев сияқты өнер иелері жинап
бастырғанын білетін боларсың. Ел-елге арнайы экспедиция жіберіліп,
осындай байлықтарды жинатса, қандай абзал болар еді. Халқымыздың әлі
күнге дейін жиналмай жатқан фольклор байлығы талай ұрпаққа жетеді.
«Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», тағы сол сияқты халық
жырларын пьеса етіп сахнаға шығаруға әрекет етіп жатқан кісілер де
баршылық. Соларға мен әр күні ақ тілек тілеп жүрмін.
–Ондай пьеса жазып жүрген кім екен?
–Мұхтар Әуезов ағаңды білесің бе? Сол кісіге жуықта жолыққанымда,
ол өз ойын менен жасырмай айтқан еді.
–Мұхтар ағайды жақсы білемін. Ол кісі бізге қазақ фольклорынан сабақ
береді. Өзі өте шешен, білгір аға көрінеді.
Білсең болды. Ол кісі – екі айтпайтын адам. Өзі өте білімді, Ленинград
университетін бітірген, қазақ тіліне де, орыс тіліне де бірдей жетік адам.
Әттең бағы ашылмай жүр, – деп одан әрі бармай, үнсіз отыра берді.
Бір мезгіл терең ойға шомып кеткендей болған Құдайберген маған
бүкіл денесімен бұрылып:
–Әди, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Бейімбеттің
«Раушан – коммунисін», Сәбит ағаңның «Сұлушашын» оқыдың ба? – деп
маған сынағандай көзін тіге қарады.
–Оқыдым, – деп мен ұстазыма қысқа ғана жауап бердім.
–Е, оқысаң болды. Оны сұрап отырғаным, адам баласының тілінің
дамуына көркем әдебиеттің көптеген көмегі болады. Әр уақытта жаңа пайда
болған көркем сөз кітаптарын оқып отырсаң, өзіңнің де сөз құрамын
молайып, сөйлеу тілін байи түседі. Келешекте халқымыздың өткен тарихына
барып, көркем туындылар жазатын кісілердің де саны көбейе түседі. Өйткені
қазірдің өзінде жоғары дәрежелі мектептерде оқып жүрген жастарға үлкен
аманат артамыз. Қазіргі заман өмірінен туған жаңа шығармалар пайда бола
бастағанына өзіміз куә болып отырмыз. Менің ойымша, әдебиетіміздің
негізін салған Сәкен, Бейімбет, Ілияс сияқты ардагер аға буын жазушылардан
басқа Асқар, Тайыр, Әбділда, Жұмағали, Саттар сияқты бір толқын жастар
әдебиетімізге келді. Бұлардың ішіне Ғабитті қоспай отырмын, оның кейінгі
жылдары шыққан бірнеше әңгіме, повестерін оқып көрген едім. Оның тілі
бай, алысқа шабатын бәйге атындай келешегі зор, үлкен үміт күттіретін
жазушы екендігіне менің көзім жетті...
Дәл осы жерге келгенде сахнаға екі жас жігіт шықты. Оған қоса жас
әйел шығып, микрофонға жақын келіп:
436
–Ришат және Мүслім Абдуллиндер ән шырқайды, – деп екі жас жігітті
оң қолын созып тыңдаушы жұртқа таныстырды.
Ұстазымның әңгімесін бар пейіліммен қызыға тыңдап отырған мен
концерттің басталып кеткеніне, әңгіменің үзіліп қалғанына өкініш
білдіргендей болдым.
Амал жоқ, қос Абдуллиндердің қосарлана салған әндерін тыңдадық.
Олар қазақша да, орысша да, шетел тілінде де құйқылжыта, сан түрлі ән
шырқады. Дәл сол кезде бүкіл қаланың іші де, өзіміз отырған парктің түпкір-
түпкірі де толқындата салған ағайынды Абдуллиндердің әніне толып
кеткендей сезіндім. Өзіме-өзім іштей: «Мына екі жігіттің екеуі де күміс
көмей, келешекте үлкен үміт күттіретін, халқымыздың ішінен қайнап
шыққан жас таланттар екен», – деп ойладым. Қасымда отырған Құдайберген
ұстазыма көз жіберіп, ұрлана қарасам, ол кісі де, қасындағы жеңгеміз де
барлық көңілімен әнге құлақ қойып тыңдап отыр екен. Мен сол күнгі
ұстазбен кездескен шағымды, аз да болса, сұхбаттасқанымды осы күнге дейін
есіме аламын. Құдайберген ағаның қуаныш сезімі, шаттанған кейпі бет
келбетінен, сөйлеген сөзінен, күлімдеген көзінен, көңіл сырынан сырт
қараған адамға көрініп-ақ тұратын. Ұстаздың көңіл-күйі менің де төбемді
көкке жеткізгендей болды.
Құдайберген концерт бітісімен жеңгемізді қолтықтап, Красин көшесі
мен Совет көшесінің қиылысындағы екі қабат ағаш үйге қарай жүріп кетті.
Мен де ол кісімен қоштасып, жатақханаға беттедім.
Ертеңінде Құдайбергеннің сабағы кесте бойынша бірінші еді. Ол
сабаққа бір минут кешікпей, дәл мезгілінде аудиторияға кіріп келетін.
Сондықтан біз бес-он минут бұрын келіп, орын-орынымызға отыра
қалатынбыз. Бір мезгілде есік ашылды. Кіріп келе жатқан кісі Құдайбергенге
ұқсамайды. Зер салыңқырап қарасақ, жас ассистент Сәрсен Аманжолов екен.
Ол оқушылармен амандасты да, арт жақтағы бос партаға барып отырды. Ол
Құдайбергеннің лекциясына ылғи қатынасып отыратын болды. Көп ұзамай
сағат дәл сегізді соққанда Құдайберген ағамыз күлімсіреп аудиторияға кіріп
келді. Оқушылармен бас иіп амандасты да, лекциясына кірісіп кетті. Бүгінгі
лекцияның тақырыбы: «Сөз таптары» жөнінде деді де, сөзін бастап кетті.
Құдайберген толып жатқан мысалдарды келтіріп, түсіндіріп жатты. Кейбір
мысалдарды тақтаға жазып көрсетіп те берді. Мен бұл жерде көпшілікке
белгілі сөз таптарын айтып жатпаймын. Тек ұстаздың білгірлігін, өз ойын
студенттерге түсіндіру қабілетінің күшті екенін айтқым келеді. Сондықтан
да студенттер жым-жырт отырып тыңдайтын.
Құдайберген, менің білуімше, көп сөйлемейтін, жібек мінезді кісі еді.
Бірде-бір адам жөнінде жақсы адам дегеннен басқа, жаман сөз айтпайтын.
Оқушылармен сұхбаттасқанда да жайдары мінезімен, жымиып күлген
күлкісімен өзіне қаратып алатын. Ол өзінен кіші адамға да «сен» демейтін,
«сіз» деп сөйлесетін. Жұрт алдында көкірегін көтеріп тұрмайтын.
Қарапайым, жұмсақ мінезді адам екендігін көрген адам бірден сезетін.
Қарамағындағы кісілерге дауыс көтермейтін.
437
Бір күні, 1937 жылдың қай айы екені есімде жоқ, таңертең
Құдайбергеннің сабағы болатын еді. Ол келмеді. Лекция оқылмай қалды.
Біздер аң-таң болдық та қалдық. Ол жылы күн сайын бір-екі адамды НКВД
алып кетіп жатқан кез болатын. Біздер сезіктене бастадық. Ашықтан-ашық
айтуға студенттердің өзі бірінен бірі қорқатын заман. Тіл қатыспайтын
болдық. Тек күннің екінші жартысында Құдайбергенді «халық жауы» ретінде
абақтыға жауыпты деген суық хабар жетті. Электр тогы соққандай, біздер
мең-зең болдық та қалдық. Менің жүрегіме найза қадалғандай сезіндім.
«Апыр-ау, Құдайберген ағайдың жау болатындай мінезі жоқ еді ғой.
Студенттерге білім гүлінің шоғын таратқаннан басқа ол кісінің не жазығы
болды? Өз басым ұстазымды жау дегенге сенбедім. Көп жылдар осы ойда
болдым. Бірақ біздің қолымыздан не келеді? Егер ол жау емес деп ашық
айтсаң өзіңді халық жауымен байланысы бар деп жазалайды. Сөйтіп, көп
жыл бойы үнсіз жүре бердік.
Ол өзінің сүттен ақ, судан таза екенін біле алмай кетті. Менің өзбасым
қырқыншы жылдары оқу министрінің орынбасары кезімде, Құдайбергеннің
баласы Есеттің Солтүстік Қазақстаннан Алматыға келіп, «Қазақстан
мұғалімі» газетіне қызметке орналасуына, Фурманов көшесі мен Киров
көшесінің қиылысындағы жалғыз қабатты, еңсесі төмен үйден пәтер алуына
жәрдемдестім.
Басқадай көмек беру ол кезде менің қолымнан келмейтін болды.
Егерде Құдайберген осы уаққа дейін тірі болса, білім төріне талмастан,
қажымастан самғайтын еді. Биікке қарай өрлей беретін жан еді-ау. Марқұмды
жеке басқа табынған кездегі мейірімсіздік пен зұлымдық өмірден ерте алып
кетті. Енді біз ұстазымыздың адамгершілігіне, парасаттылығына, көлдей
терең біліміне басымызды иеміз.
О.Хаимулдин
Достарыңызбен бөлісу: |